1) қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін ауыр орны толмас салдарға алып келуі мүмкін жағдайлар;
2) қабылданған қаулы белгіленбеген адамдар тобының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын жағдайлар;
3) қабылданған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануындағы бірізділікті бұзатын жағдайлар.
170-бап. Жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша сот актілерін қайта қарау жөнінде іс жүргізу
Жаңадан ашылған және жаңа мән-жайлар бойынша іс жүргізу Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
28-тарау. СОТ БАҚЫЛАУЫ
171-бап. Соттың шешімін орындауға жіберу
1. Соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оны үш жұмыс күні ішінде сот орындау үшін жауапкерге жібереді.
2. Жауапкер әкімшілік іс бойынша соттың шешімін заңды күшіне енген күнінен бастап бір ай мерзімде орындауға міндетті, ол туралы сотқа хабарлауға тиіс.
3. Егер соттың шешімінде белгіленген мерзімде ол ерікті түрде орындалмаған жағдайда, бірінші сатыдағы сот осы Кодекстің 127-бабында белгіленген мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолданады.
4. Соттың шешімін, ақшалай өндіріп алу туралы соттың ұйғарымын орындамау даусыз тәртіппен осы Кодекстің 127-бабының тоғызыншы бөлігінде белгіленген мөлшерде қайталап ақшалай өндіріп алуға алып келеді.
172-бап. Соттың ақша сомасын өндіріп алу туралы шешімін мәжбүрлеп орындату
1. Жауапкерді ақша сомасын төлеуге міндеттейтін, ерікті түрде орындалмаған соттың шешімі атқару парағының негізінде мәжбүрлі түрде орындалады, ол талап қоюшының арызы бойынша жазып беріледі.
2. Атқару парағының мазмұны, оны жазып беру мен беру, сот орындаушысының қаулыларын санкциялау тәртібі осы тарауда белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің қағидаларында айқындалады.
173-бап. Сот актісін дереу орындау
1. Сот әкімшілік процеске қатысушылардың негізді өтінішхаты бойынша, сондай-ақ өз бастамасы бойынша, егер анағұрлым кеш орындау әкімшілік процеске қатысушының құқықтарына елеулі зиян келтіретін болса не қиындататын болса немесе мүмкін болмаса, соттың шешімін дереу орындауға жіберуге құқылы.
Сот актісі дереу орындауға жіберілген кезде сот әкімшілік процеске басқа қатысушылардың да құқықтары мен жария мүдделерін де ескереді.
2. Сот кез келген уақытта әкімшілік процеске қатысушының өтінішхаты негізінде дереу орындауға жіберілген сот актісінің орындалуын тоқтата тұруы мүмкін.
3. Дереу орындауға жіберілген сот актілері, егер жоғары тұрған сатының заңды күшіне енбеген сот актісімен күші жойылса немесе өзгертілсе, орындауға жатпайды.
29-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
174-бап. Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасын және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасын және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
175-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Кодекс 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
2. Мемлекеттік органдар осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін әкімшілік рәсімдерді регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді осы Кодекске сәйкес келтіру жөніндегі жұмысты жүргізуі қажет.
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 2-1-бөлікпен толықтырылды (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
2-1. 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін мыналардың:
1) осы Кодекстің 4-бабы бірінші бөлігінің 12) және 16) тармақшаларының қолданысы тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөліктің 16) тармақшасы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«16) жолданым - әкімшілік органға немесе лауазымды адамға жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) немесе ауызша нысанда, сондай-ақ бейнеконференцбайланыс нысанында жіберілген өтініш немесе шағым;»;
2) осы Кодекстің 64-бабының бесінші бөлігінің қолданысы тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөлік мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«5. Әкімшілік рәсімге қатысушылардың мемлекеттік органдардың басшыларына және олардың орынбасарларына бейнеконференцбайланыс арқылы жүгіну тәртібін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.».
3. 2021 жылғы 1 шілдеден бастап:
1) «Әкімшілік рәсімдер туралы» 2000 жылғы 27 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2000 ж., № 20, 379-құжат; 2004 ж., № 5, 29-құжат; 2007 ж., № 12, 86-құжат; № 19, 147-құжат; 2008 ж., № 21, 97-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 29-құжат; № 17-18, 111-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 7, 54-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 15, 118-құжат; 2012 ж., № 8, 64-құжат; № 13, 91-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 1, 3-құжат; № 5-6, 30-құжат; № 14, 72-құжат; 2014 ж., № 10, 52-құжат; № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; № 24, 144-құжат; 2015 ж., № 20-ІV, 113-құжат; № 21-ІІ, 130-құжат; № 22-І, 141-құжат; № 22-ІІ, 145-құжат; № 22-V, 156-құжат; 2016 ж., № 7-І, 47-құжат; 2017 ж., № 14, 51-құжат; 2019 ж., № 8, 46-құжат; № 21-22, 90-құжат);
2) «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., № 2, 17-құжат; 2011 ж., № 3, 32-құжат; № 14, 117-құжат; 2013 ж., № 5-6, 30-құжат; № 14, 72-құжат; 2014 ж., № 14, 84-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 20-ІV, 113-құжат; № 22-І, 141-құжат; № 22-V, 156-құжат; № 23-ІІ, 172-құжат; 2016 ж., № 22, 116-құжат; 2018 ж., № 9, 31-құжат; № 22, 82-құжат) күші жойылды деп танылсын.
4. Соттарда жатқан, осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін іс жүргізуге қабылданған істерді қарау осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін қолданыста болған Қазақстан Республикасының процестік заңнамасының қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
5. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін қозғалған, бірақ осы Кодекс қолданысқа енгізілгеннен кейін аяқталмаған әкімшілік рәсім Қазақстан Республикасының осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін қолданыста болатын заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін қозғалған, бірақ осы Кодекс қолданысқа енгізілгеннен кейін аяқталмаған әкімшілік рәсім, егер арыз иесі бұл туралы тиісті әкімшілік орган, лауазымды адам алдында жазбаша нысанда өтінішхат берсе, аяқталмаған бөлігінде осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2020 жылғы 29 маусым
№ 350-VІ