7. Бөлек салықтық есепке алуды жүргізу мақсатында жер қойнауын пайдалану жөніндегі ұлттық компанияның немесе акциялары (қатысу үлестері) тікелей немесе жанама түрде осындай жер қойнауын пайдалану жөніндегі ұлттық компанияға тиесілі заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес инвестициялық қаржыландыру (оның ішінде сыйақы жөніндегі) бойынша мiндеттемесiн стратегиялық әріптестің есептен шығаруынан түсетін кіріс те келісімшарттық қызмет бойынша кіріс болып табылады.
8. Осы бөлімнің мақсаттары үшін мынадай ұғымдар:
1) тікелей кірістер мен шығыстар - жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған нақты келісімшартпен немесе келісімшарттан тыс қызметпен тікелей себеп-салдарлық байланысы бар тіркелген активтер бойынша кірістері мен шығыстарын қоса алғанда, есепті салықтық кезеңдегі кірістері мен шығыстарын;
2) жанама кірістер мен шығыстар - жер қойнауын пайдаланушының есепті салықтық кезеңдегі кірістері мен шығыстары, оның ішінде жер қойнауын пайдалануға арналған бірнеше келісімшартпен тікелей себеп-салдарлық байланысы бар және жер қойнауын пайдалануға арналған осындай келісімшарттар арасында ғана тиісті үлес бойынша бөлінуге жататын тіркелген активтер бойынша кірістері мен шығыстарын;
3) жалпы кірістер мен шығыстар - жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттық және келісімшарттан тыс қызметті жүзеге асырумен байланысты және жер қойнауын пайдалануға арналған нақты келісімшартпен және (немесе) келісімшарттан тыс қызметпен тікелей себеп-салдарлық байланысты емес және олардың арасында тиісті үлес бойынша бөлуді талап ететін жалпы тіркелген активтер бойынша кірістері мен шығыстарын қоса алғанда, есепті салықтық кезеңдегі кірістері мен шығыстарын;
4) жалпы тіркелген активтер - келісімшарттық және келісімшарттан тыс қызметті жүзеге асырумен байланысты және пайдалану ерекшелігіне қарай жер қойнауын пайдалануға арналған нақты келісімшартпен және (немесе) келісімшарттан тыс қызметпен тікелей себеп-салдарлық байланысты емес тіркелген активтерді;
5) жанама тіркелген активтер - пайдаланылу ерекшелігіне қарай жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттармен ғана тікелей себеп-салдарлық байланысы бар тіркелген активтерді;
6) минералды шикізатты өндірудің, бастапқы қайта өңдеудің, көмірсутекті дайындаудың өзіндік өндірістік құны - халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын, мыналарды:
пайдалы қазбаларды сақтау, тасымалдау, өткізу бойынша шығындарды;
минералды шикізатты өндірумен, бастапқы қайта өңдеумен, көмірсутекті дайындаумен тікелей байланысты емес өзге де шығындарды;
халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес қорлардың өзіндік құнына қосуға жатпайтын жалпы әкімшілік шығыстарды;
қарыздар бойынша шығындарды қоспағанда, минералды шикізатты өндірумен, бастапқы қайта өңдеумен, көмірсутекті дайындаумен тікелей байланысты өндіріске жұмсалатын шығындарды білдіреді.
9. Салық салу объектілерін және (немесе) салық салумен байланысты объектілерді бөлек салықтық есепке алуды жүргізу мақсатында жер қойнауын пайдаланушының барлық кірістері мен шығыстары тікелей, жанама және жалпы болып бөлінеді.
Жер қойнауын пайдаланушы кірістер мен шығыстарды тікелей, жанама және жалпы деп сыныптауды қызмет ерекшелігінің негізінде дербес жүзеге асырады.
Тікелей кірістер мен шығыстар тікелей себеп-салдарлық байланысы бар келісімшарттық немесе келісімшарттан тыс қызметке ғана толық көлемде жатқызылуға тиіс.
Жалпы кірістер мен шығыстар келісімшарттық қызмет пен келісімшарттан тыс қызмет арасында бөлінуге жатады және тиісті үлесімен тікелей себеп-салдарлық байланысы бар сол келісімшарттың және келісімшарттан тыс қызметтің кірістері мен шығыстарына жатады.
Жанама кірістер мен шығыстар жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар арасында ғана бөлінуге жатады және тиісті үлесімен себеп-салдарлық байланысы бар сол келісімшарттың кірістері мен шығыстарына жатады.
Жалпы және жанама кірістер мен шығыстарды бөлу осы баптың 11-тармағында белгіленген әдістерге сәйкес және осы баптың 10-тармағының ережелері ескеріле отырып жүзеге асырылады.
10. Жалпы және жанама тіркелген активтер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт (келісімшарттар) пен келісімшарттан тыс қызмет арасында жер қойнауын пайдаланушының осы тіркелген активтер бойынша шеккен шығыстары, оның ішінде амортизация бойынша шығыстары және бұдан кейінгі шығыстары бөлінуге жатады.
Сыйақылар жөніндегі жалпы және жанама шығыстар бойынша осы Кодекстің 246-бабына сәйкес айқындалған осындай сыйақылар жөніндегі шегерімнің жалпы сомасы бөлінуге жатады.
Егер бағамдық айырма тікелей себеп-салдарлық байланыс бойынша жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттық және (немесе) келісімшарттан тыс қызметіне жатқызылмайтын болса, бағамдық айырма бойынша салықтық кезең үшін алынған жиынтық (сальдоланған) нәтиже оң бағамдық айырма сомасының теріс бағамдық айырма сомасынан асып кетуі немесе теріс бағамдық айырма сомасының оң бағамдық айырма сомасынан асып кетуі түрінде бөлінуге жатады.
Жалпы және жанама салық салу объектілері және (немесе) салық салумен байланысты объектілер бойынша шегерімге жатқызылуға тиіс салықтар сол салық салу объектілері және (немесе) салық салумен байланысты объектілердің өздері тиісінше бөлінбей, осы баптың 11-тармағында белгіленген әдістерге сәйкес бөлінуге жатады.
11. Жер қойнауын пайдаланушы әрбір келісімшарттық қызмет үшін жалпы және жанама кірістер мен шығыстарды бөлуді қызметтің ерекшелігін немесе жер қойнауын пайдаланушының салықтық есепке алу саясатында қабылдаған бөлек салықтық есепке алуды жүргізудің бір немесе бірнеше әдістерінің негізінде жер қойнауын пайдалану бойынша операциялар жүргізуді, оның ішінде:
1) жер қойнауын пайдаланушы салықтық кезең үшін алған тікелей кірістердің жалпы сомасындағы жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір нақты келісімшартқа және келісімшарттан тыс қызметке келетін тікелей кірістердің үлес салмағы бойынша;
2) салық төлеушінің жер қойнауын пайдалануға арналған барлық келісімшарттары бойынша пайдалы қазбаларды өндірудің жалпы көлеміндегі жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір нақты келісімшарт бойынша пайдалы қазбаларды өндіру көлемінің үлес салмағы бойынша;
3) жер қойнауын пайдаланушы салықтық кезең үшін жүргізген тікелей шығыстардың жалпы сомасындағы жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір нақты келісімшартқа және келісімшарттан тыс қызметке келетін тікелей шығыстардың үлес салмағы бойынша;
4) мына баптардың бірі бойынша: жер қойнауын пайдаланушы салықтық кезең үшін осы бап бойынша жүргізген шығыстардың жалпы сомасындағы жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір нақты келісімшартқа және келісімшарттан тыс қызметке келетін тікелей өндірістік шығыстар, еңбекақы төлеу қоры немесе тіркелген активтердің құны бойынша шеккен шығыстардың үлес салмағы бойынша;
5) жер қойнауын пайдаланушы жұмыскерлерінің жалпы орташа тізімдік санына келісімшарттық қызметке қатысатын жұмыскерлердің орташа тізімдік санының үлес салмағы бойынша;
6) өзге де әдістердің негізінде дербес жүргізеді.
Жалпы және жанама кірістер мен шығыстардың әр түріне қатысты оларды бөлудің осы тармақта белгіленген әртүрлі әдістері қолданылуы мүмкін.
Тиісті салықтық кезеңнің соңында жалпы және жанама кірістер мен шығыстарды бөлудің қолданылған әдістері көрсетілген салықтық кезең үшін өзгертуге жатпайды.
Жалпы және (немесе) жанама кірістер мен шығыстарды неғұрлым дәл бөлу үшін жер қойнауын пайдаланушы жоғарыда көрсетілген әдістердің бірін қолдану нәтижесінде алынған үлес салмағының мәнін үлестің жүзден бірге дейінгі пайызымен (0,01%) айқындайды.
12. Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жекелеген келісімшарт бойынша келісімшарттық қызметтің корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде бөлек салықтық есепке алуды жүргізу мақсатында, өндірілген көмірсутектерді (көмірсутектерді дайындауды қоса алғанда) және (немесе) көмірсутектерді дайындау немесе минералды шикізатты бастапқы қайта өңдеуден (байытудан) ғана өткен минералды шикізатты өткізуден түскен кіріс Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасының сақталуы ескеріле отырып, оларды өткізу бағасының негізінде, бірақ өндірілген көмірсутектердің, минералды шикізаттың және (немесе) бастапқы қайта өңдеу (байыту) нәтижесінде алынған, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын тауар өнімінің өзіндік өндірістік құнынан төмендетілмей айқындалады.
Егер Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасына сәйкес ұлттық оператор шикі газды мемлекеттің басым құқығы шеңберінде сатып алса, онда жер қойнауын пайдаланушы мұндай шикі газды өткізуден түскен кірісті осы Кодекстің 227-бабына сәйкес айқындайды.
Жер қойнауын пайдаланушы экспортқа өндірілген мұнайды өткізген кезде, егер мұнайдың әлемдік бағасы осындай мұнайды өткізетін күнге осы мұнайды өндірудің өндірістік өзіндік құнынан төмен болған жағдайда, осындай мұнайды өткізуден түскен кіріс осы Кодекстің 227-бабына сәйкес айқындалады.
Өндірілген көмірсутектерді және (немесе) бастапқы қайта өңдеуден (байытудан) өткен минералды шикізатты кейіннен қайта өңдеу үшін басқа заңды тұлғаға (меншік құқығын ауыстырмай) және (немесе) бір заңды тұлға шеңберінде құрылымдық немесе өзге де технологиялық бөлімшеге берген немесе өзінің өндірістік қажеттеріне пайдаланған жағдайда жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді дайындауды немесе минералды шикізатты бастапқы қайта өңдеуді (байытуды) қоса алғанда, осындай операция бойынша кірісті өндіру мен бастапқы қайта өңдеудің (байытудың) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын, 20 пайызға ұлғайтылған нақты өзіндік өндірістік құны бойынша айқындайды.
Егер шикі газ мұнаймен ілеспе түрде өндірілетін болса, мұндай шикі газды өндірудің өндірістік өзіндік құны мына формула бойынша айқындалады:
(GP1 х 0,857)
GF х ------------------------- х r
OP + (GP1 х 0,857)
CP = ----------------------------------------, мұнда:
GP1
СР - бір мың текше метр үшін теңгемен ағымдағы салықтық кезеңде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде шикі мұнаймен ілеспе өндірілетін шикі газды өндірудің өндірістік өзіндік құны;
СF - теңгемен ағымдағы салықтық кезеңде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын көмірсутектер өндірудің өндірістік өзіндік құны;
GР1 - ол бойынша халықаралық қаржылық есептілік стандарттарында және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарында өзіндік құнды айқындау бір мың текше метрмен көзделетін, ағымдағы салықтық кезеңде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде мұнаймен ілеспе түрде өндірілетін шикі газдың өндірілу көлемі;
OР - ағымдағы салықтық кезеңде жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарт шеңберінде шикі мұнайдың тоннамен өндірілу көлемі;
0,857 - мұнаймен ілеспе түрде өндірілетін шикі газдың бір мың текше метрін тоннаға ауыстыру коэффициенті;
r - мына формула бойынша айқындалатын құндық коэффициент:
GP2 х AEPG
r = --------------------, мұнда:
OP х AEPO
GР2 - ағымдағы салықтық кезеңде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде мұнаймен ілеспе түрде өндірілетін шикі газдың бір мың текше метрмен өндірілу көлемі;
OР - ағымдағы салықтық кезеңде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде шикі мұнайдың тоннамен өндірілу көлемі;
AEPG - бір мың текше метр үшін теңгемен сыртқы сауда кедендік статистикасын және өзара сауда статистикасын жүргізу жөніндегі уәкілетті органдардың деректері бойынша есептелетін, тауарлы газды жер қойнауын пайдаланушыдан Қазақстан Республикасының шекарасына дейін тасымалдау бойынша тарифтер негізінде айқындалатын шығыстар шегеріле отырып, тиісті салықтық кезең үшін Қазақстан Республикасының шекарасындағы тауарлы газдың орташа өлшемді экспорттық бағасы;
AEPО - тоннасына теңгемен сыртқы сауда кедендік статистикасын және өзара сауда статистикасын жүргізу жөніндегі уәкілетті органдардың деректері бойынша есептелетін, мұнайды жер қойнауын пайдаланушыдан Қазақстан Республикасының шекарасына дейін тасымалдау бойынша тарифтер негізінде айқындалатын шығыстар шегеріле отырып, тиісті салықтық кезең үшін Қазақстан Республикасының шекарасындағы мұнайдың орташа өлшемді экспорттық бағасы.
Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттан тыс қызметі бойынша жиынтық жылдық кірісіне осындай кейіннен қайта өңдеу нәтижесінде алынған өнімді өткізуден нақты алынған кіріс пен жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттық қызметі бойынша жылдық жиынтық кірісіне қосылатын, осы тармаққа сәйкес есептелген кіріс сомасы арасындағы айырмаға тең сома қосуға жатады.
Осы бөлімнің мақсаттары үшін байыту фабрикасы, қайта өңдеу, өндiріс немесе металлургия цехы (зауыты) заңды тұлғаның өзге де технологиялық бөлімшесі деп танылады.
83-тарау. ҚОЛ ҚОЮ БОНУСЫ
724-бап. Жалпы ережелер
Қол қою бонусы жер қойнауын пайдаланушының келісімшарт аумағында (жер қойнауы учаскесінде), сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен келісімшарт аумағы (жер қойнауы учаскесі) кеңейтілген кезде жер қойнауын пайдалану құқығын иелену үшін біржолғы тіркелген төлемі болып табылады.
725-бап. Төлеушiлер
Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын алу конкурсының жеңiмпазы болған немесе жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тiкелей келiссөздер негiзiнде жер қойнауын пайдалану құқығын алған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртiппен жер қойнауын пайдалануға арналған мынадай келісімшарттардың біреуiн:
1) барлауға арналған келісімшартты;
2) пайдалы қазбаларды өндiруге арналған келісімшартты;
3) бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшартты;
4) геологиялық зерделеуге арналған лицензияны;
5) жер қойнауының кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны;
6) кен іздеушілікке арналған лицензияны жасасқан (алған) жеке немесе заңды тұлға қол қою бонусын төлеуші болып табылады.
Осы баптың бірiншi бөлiгi 2) тармақшасының ережесi тиiстi келісімшарт аумағында (жер қойнауы учаскесінде) барлауға арналған келісімшарттың шеңберiнде коммерциялық табуға байланысты өндiруге құқық алуға айрықша құқығының негiзiнде келісімшарт жасасқан жер қойнауын пайдаланушыларға қолданылмайды.
Осы бөлімнің мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес өткізілетін «конкурс» ұғымы, осы заңнамаға сәйкес өткізілетін «аукцион» ұғымымен бірдей.
726-бап. Қол қою бонусын есептеу тәртібі
1. Қол қою бонусының бастапқы мөлшерi жер қойнауын пайдалануға жасалатын әрбір келісімшарт үшiн мынадай мөлшерде жеке белгiленедi:
1) пайдалы қазбалардың бекітілген қорлары жоқ аумақтағы барлауға арналған келісімшарттар үшiн:
көмірсутектер бойынша - республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және конкурс шарттары жарияланған күнге немесе Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тiкелей келiссөздер хаттамасына қол қойылған күнге қолданыста болатын айлық есептiк көрсеткiштiң 2 800 еселенген мөлшерi;
пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияларды және техногендiк минералдық түзілімдерді игеруге арналған келісімшарттарды қоспағанда, пайдалы қатты қазбалар бойынша - республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және конкурс шарттары жарияланған күнге немесе Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тiкелей келiссөздер хаттамасына қол қойылған күнге қолданыста болатын айлық есептiк көрсеткiштiң 280 еселенген мөлшерi;
кең таралған пайдалы қазбалар, жерасты сулары мен емдiк балшық бойынша келісімшарттар үшiн - республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және конкурс шарттары жарияланған күнге немесе Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тiкелей келiссөздер хаттамасына қол қойылған күнге қолданыста болатын айлық есептiк көрсеткiштiң 40 еселенген мөлшерi;
пайдалы қазбалардың бекітілген қорлары бар аумақта - өндіруге, олар бойынша қорлар бекітілген тиісті пайдалы қазбаларды бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттар үшін қол қою бонусының бастапқы мөлшерін айқындау үшін осы тармақтың 2) тармақшасында айқындалған тәртіппен;
2) көмірсутектерді:
өндiруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттар үшiн:
егер қорлар бекітілмеген болса, - республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және конкурс шарттары жарияланған күнге немесе Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тiкелей келiссөздер хаттамасына қол қойылған күнiне қолданыста болатын айлық есептiк көрсеткiштiң 3000 еселенген мөлшерi белгіленеді. Бұл ретте егер жер қойнауын пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес аумағы блоктарға бөлінген жер қойнауы учаскесіне берілсе, онда қол қою бонусының бастапқы мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және конкурс шарттары жарияланған немесе Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тікелей келіссөздер хаттамасына қол қойылған күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 10 еселенген мөлшеріне, үш жүзіншіден кейінгі әрбір блок үшін ұлғаяды;
егер қорлар бекітілген болса, - (Қ х 0,04%) + (Қа х 0,01%) формуласы бойынша, бірақ республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және конкурс шарттары жарияланған күнге немесе Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тiкелей келiссөздер хаттамасына қол қойылған күнге қолданыста болатын айлық есептiк көрсеткiштiң 10 000 еселенген мөлшерiнен кем емес, мұнда:
Қ - А, В, С1 өнеркәсiптiк санаттары бойынша Қазақстан Республикасының Пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясы бекiткен көмірсутектердің жиынтық қорларының құны;
Қа - әлеуеттi коммерциялық объектiнiң және С3 санатының болжамдық ресурстарының қорларын жедел есептеу үшiн Қазақстан Республикасының Пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясы бекiткен және (немесе) көрсетiлген Комиссия қорытындысында назарға алынған С2 санатындағы көмірсутектердің алдын ала бағаланған қорларының жиынтық құны.
Бұл ретте, егер жер қойнауын пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес аумағы блоктарға бөлінген жер қойнауы учаскесіне берілген жағдайда қол қою бонусының бастапқы мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және конкурс шарттары жарияланған күнге немесе Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тікелей келіссөздер хаттамасына қол қойылған күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 10 еселенген мөлшеріне, үш жүзінші блоктан кейінгі әрбір блок үшін ұлғаяды;
егер жер қойнауын пайдалану құқығы көмірсутектердің бекітілген және бекітілмеген қорлары бір мезгілде болатын аумағы блоктарға бөлінген жер қойнауы учаскесіне берілсе, онда қол қою бонусының бастапқы мөлшері тиісінше көмірсутектердің бекітілген және бекітілмеген қорлары үшін осы тармақшада айқындалған тәртіппен айқындалады. Бұл ретте қол қою бонусының бастапқы мөлшерінің жалпы сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және конкурс шарттары жарияланған күнге немесе Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тікелей келіссөздер хаттамасына қол қойылған күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 10 000 еселенген мөлшерінен кем болмауға тиіс;
техногендiк минералдық түзілімдерді игеруге арналған келісімшарттарды және пайдалы қатты қазбаларды өндіруге, кен іздеушілікке арналған лицензияларды қоспағанда, минералды шикізатты өндіруге және бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттар үшін:
егер қорлар бекітілмеген болса - республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және конкурс шарттары жарияланған күнге немесе Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тiкелей келiссөздер хаттамасына қол қойылған күнге қолданыста болатын айлық есептiк көрсеткiштiң 500 еселенген мөлшерi;
егер қорлар бекітілген болса, - (Қ х 0,01%) + (Қа х 0,005%) формуласы бойынша, бірақ республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және конкурс шарттары жарияланған күнге немесе Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тiкелей келiссөздер хаттамасына қол қойылған күнге қолданыста болатын айлық есептiк көрсеткiштiң 500 еселенген мөлшерiнен кем емес, мұнда:
Қ - А, В, С1 өнеркәсiптiк санаттары бойынша Қазақстан Республикасының Пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясы бекiткен минералды шикізаттың жиынтық қорының құны;
Қа - әлеуеттi коммерциялық объектiнiң және болжамдық ресурстардың қорларын жедел есептеу үшiн Қазақстан Республикасының Пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссия бекiткен және (немесе) көрсетiлген комиссия қорытындысында назарға алынған С2 санатындағы минералды шикізаттың алдын ала бағаланған қорларының жиынтық құны;
кең таралған пайдалы қазбаларға, жерасты сулары мен емдiк балшыққа арналған келісімшарттар үшiн - (Қ х 0,01%) формуласы бойынша, бірақ республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және конкурс шарттары жарияланған күнге немесе Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тiкелей келiссөздер хаттамасына қол қойылған күнге қолданыста болатын айлық есептiк көрсеткiштiң 120 еселенген мөлшерiнен кем емес;
3) техногендiк минералдық түзілімдерді қайта өңдеуге арналған келісімшарттар үшiн - (Қ1 х 0,01%) формуласы бойынша, бірақ республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және конкурс шарттары жарияланған күнге немесе Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тiкелей келiссөздер хаттамасына қол қойылған күнге қолданыста болатын айлық есептiк көрсеткiштiң 300 еселенген мөлшерiнен кем емес;
4) сарқынды суларды ағызу үшiн жер қойнауын барлауға, сондай-ақ барлауға және (немесе) өндiруге байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға арналған келісімшарттар үшiн - республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және конкурс шарттары жарияланған күнге немесе Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тiкелей келiссөздер хаттамасына қол қойылған күнге қолданыста болатын айлық есептiк көрсеткiштiң 400 еселенген мөлшерi.
2. Пайдалы қазбалар қорларының құны:
1) осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген шикі газды қоспағанда, көмірсутектер үшiн - қол қою бонусы төленген күннің алдындағы соңғы жұмыс күні айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамы қолданыла отырып, конкурс шарттары жарияланған күнге немесе Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тiкелей келiссөздер хаттамасына қол қойылған күннiң алдындағы күнге осы Кодекстiң 741-бабына сәйкес көмірсутектердің шетел валютасындағы баға белгіленімінің орташа арифметикалық мәнi негiзiнде айқындалады. Бұл ретте көмірсутектердің Қазақстан Республикасының осы мақсаттар үшін уәкiлеттiк берiлген мемлекеттік органы бекiткен қорларының құнын айқындау үшiн мәнi көрсетiлген күнге ең жоғары болып табылатын, осы Кодекстiң 741-бабының 3-тармағында көрсетiлген мұнайдың стандартты сұрыпының баға белгіленімінің орташа арифметикалық мәнi пайдаланылады;