2. Осы Кодексте белгіленген пайдалы қазбаларды өндіру салығын және көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығын төлеудің ақшалай нысанын ауыстыру уақытша, толық немесе iшiнара жүргізілуі мүмкін.
3. Заттай нысанда төленетін, осы Кодексте белгіленген пайдалы қазбаларды өндіру салығының және көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығының мөлшері осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мөлшерлерде ақшалай мәнде есептелген осы салықтар мен төлемдердің сомасына барабар болуға тиіс.
Жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда беретін пайдалы қазбалардың көлемін айқындау, оны ақшалай мәнде есептеу, сондай-ақ мұндай пайдалы қазбаларды өткізу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған міндеттемені заттай нысанда орындау тәртібімен жүзеге асырылады.
4. Салық төлеушінің осы Кодексте белгіленген пайдалы қазбаларды өндіру салығын және көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығын заттай нысанда төлеуі көзделетін қосымша келісім жасасқан кезде, онда:
1) салық төлеуші пайдалы қазбаларды өндіру салығы, көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығы түрінде Қазақстан Республикасына заттай нысанда беретін пайдалы қазбалардың көлемдерін мемлекет атынан алушы;
2) салық төлеуші пайдалы қазбаларды өндіру салығы, көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығы түрінде Қазақстан Республикасына заттай нысанда беретін пайдалы қазбалардың көлемдерін беру пункті, шарттары мен мерзімдері міндетті түрде көрсетіледі.
5. Осы Кодексте белгіленген пайдалы қазбаларды өндіру салығын және көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығын төлеу есебіне заттай нысанда берілетін пайдалы қазбаларды салық төлеушінің беру мерзімдері көрсетілген салықтар мен төлемдерді бюджетке ақшалай нысанда төлеудің осы Кодексте белгіленген мерзімдеріне сәйкес келуге тиіс.
6. Мемлекет атынан алушы пайдалы қазбаларды өндіру салығының, көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығының тиесілі сомасын көрсетілген салықтар мен төлемдерді төлеудің осы Кодексте белгіленген мерзімдерінде ақшалай нысанда бюджетке аударады.
7. Мемлекет атынан алушы салық төлеушінің пайдалы қазбалардың тиiстi көлемін өзіне уақтылы әрі толық беруiн бақылауды дербес жүзеге асырады.
Салық төлеуші Қазақстан Республикасына заттай нысанда беретін, осы Кодексте белгіленген пайдалы қазбаларды өндіру салығының және көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығының бюджетке толық әрі уақтылы аударылуы үшін салық төлеуші пайдалы қазбалардың тиісті көлемдерін іс жүзінде тиеп жөнелткен күннен бастап мемлекет атынан алушы жауаптылықта болады.
8. Салық төлеуші және мемлекет атынан алушы тұрған жеріндегі салық органдарына осы Кодексте белгіленген пайдалы қазбаларды өндіру салығының және шикі мұнай, газ конденсаты бойынша экспортқа рента салығының мөлшерлері және оларды заттай нысанда төлеу (беру) мерзімдері туралы есептілікті осы Кодексте белгіленген мерзімдерде және уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша ұсынады.
2018.26.12. № 203-VІ ҚР Заңымен Кодекс 24-бөліммен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді, 2024 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады)
24-бөлім. Бірыңғай жиынтық төлем
89-тарау. Бірыңғай жиынтық төлем
774-бап. Бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер
1. Дара кәсіпкер ретінде тіркелмей кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, бір мезгілде мынадай шарттарға сай келетін:
1) бірыңғай жиынтық төлемді төлеген;
2) жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын;
3) қызметтерді салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғаларға ғана көрсететін және (немесе) акцизделетін өнімдерді қоспағанда, жеке қосалқы шаруашылықтың өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнімін салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғаларға ғана өткізетін жеке тұлғалар бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер деп танылады.
2. Бірыңғай жиынтық төлемді төлеушінің осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыру нәтижесінде алатын кірісінің күнтізбелік жылдағы мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1175 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
3. Мыналар бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер ретінде танылмайды:
1) коммерциялық жылжымайтын мүлік объектілерінің, сондай-ақ сауда объектілерінің, оның ішінде меншік, жалдау, пайдалану, сенімгерлік басқару құқығындағы объектілердің аумағында осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар;
2) тұрғынжайды қоспағанда, мүлікті мүліктік жалға (жалдауға) беретін адамдар;
3) жеке практикамен айналысатын адамдар;
4) оралмандарды қоспағанда, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
5) дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген адамдар.
4. Жеке тұлғалар бірыңғай жиынтық төлемді төлеу жүргізілген күннен бастап мұндай төлемді төлеу жүргізілген айдың соңғы күніне дейін бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер деп танылады.
775-бап. Бірыңғай жиынтық төлемді есептеу мен төлеу тәртібі
1. Жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдердің төленуге жататын сомалары бірыңғай жиынтық төлемге қосылады.
2. Бір айдағы бірыңғай жиынтық төлем сомасы республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда, астанада - айлық есептік көрсеткіштің 1 еселенген мөлшерін және басқа елді мекендерде айлық есептік көрсеткіштің 0,5 еселенген мөлшерін құрайды.
Бұл ретте республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің мөлшері қолданылады.
3. Бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші осы Кодекстің 774-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асырудан алған (алуға жататын) кірістер бойынша оның жеке табыс салығы бірыңғай жиынтық төлем сомасының 10 пайызын құрайды.
4. Бірыңғай жиынтық төлем екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының банктік шотына аудару жолымен жалпы сомамен төленуге жатады.
Жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдер түрінде бірыңғай жиынтық төлемді төлеу, бөлу және аудару, сондай-ақ оларды қайтару Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
776-бап. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бірыңғай жиынтық төлем шеңберіндегі құзыреті
1. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бірыңғай жиынтық төлем шеңберінде мемлекеттік монополияға жататын мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:
1) жеке сәйкестендіру нөмірі базасында бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілерді дербестендірілген есепке алуды жүргізеді;
2) бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілерді дербестендірілген есепке алуды жаңартып отырады;
3) бірыңғай жиынтық төлемнің сомасын бөледі және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына және төлеушінің тұрғылықты жері бойынша тиісті бюджетке аударады;
4) бірыңғай жиынтық төлемнің қате (артық) төленген сомаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен қайтаруды жүзеге асырады.
2. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы өндіретін және (немесе) өткізетін жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бағаларын орталық мемлекеттік органдар қатарынан Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалатын уәкілетті орган монополияға қарсы органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша белгілейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2017 жылғы 25 желтоқсан
№ 120-VI ҚРЗ