Қазақстан Республикасының
Заңы
Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы
(2015.27.04. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2015 жылғы 1 маусымға дейін қолданылды
Осы Заңға өзгерістер енгізу туралы:
ҚР 2012.13.01. № 542-IV Заңын қараңыз (2015 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі)
ҚР 2014.29.12. № 271-V Заңын қараңыз (күшіне енетін мерзімін қараңыз)
Осы Заң жер қойнауын пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және Қазақстан Республикасының мүдделерін қорғауға, жер қойнауын ұтымды әрі кешенді зерттеу мен пайдалануға бағытталған.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) авторлық қадағалау - жер қойнауын пайдаланушының жобалау құжаттарының ережелерін сақтауына жобалау жұмыстарына арналған мердігерлік шартқа сәйкес жобалау құжатын жасаған жобалаушы ұйым жүзеге асыратын мониторинг;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) аз зерттелген жер қойнауы учаскелері - болжамды ресурстарының перспективалары алдын ала бағаланған жер қойнауы учаскелері;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) айналыстан шыққан қорлар - өндiру процесiнде түзiлетiн іс жүзіндегі ысыраптарды қоса алғанда, өндiрiлген және мемлекеттік баланстан шығарылатын пайдалы қазбалар қорларының көлемі;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды
2-1) аукцион - аукционға қатысуға өтінім берген конкурсқа қатысушылар арасынан жеңімпазды айқындаудың оңайлатылған рәсімі;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 3), 4) және 5) тармақшалар жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) бағалау жұмыстары - табылған кен орнын бағалау, қорларды өнеркәсіптік санаттар бойынша есептеу және оны өнеркәсіптік игеруге тартудың орындылығын техникалық-экономикалық негiздеу мақсатында жүргiзiлетiн геологиялық-барлау жұмыстарының сатысы;
4) бағалау жұмыстарының жобасы - пайдалы қазбалардың перспективті учаскелері мен көрініс-белгілері табылған жағдайда барлау жүргізу кезінде жасалатын, анықталған кен орнының өнеркәсiптiк маңызын геологиялық-экономикалық бағалау, қорларды есептеу және оны өнеркәсiптiк игеруге тартудың орындылығын техникалық-экономикалық негiздеу үшiн қажетті және жеткілікті ақпарат алуға бағытталған геологиялық-барлау жұмыстарының әдiстемесiн, түрлері мен көлемiн белгiлейтiн жобалау құжаты;
5) барлау - пайдалы қазбалар кен орындарының өнеркәсіптік маңызын бағалай отырып, оларды іздеумен және геологиялық зерттеумен байланысты жұмыстар (операциялар);
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 5-1) және 5-2) тармақшалармен толықтырылды
5-1) барлауға арналған үлгілік келісімшарт - барлау құқығы осы Заңға сәйкес оңайлатылған тәртіппен берілетін тұлғамен құзыретті орган бекітетін нысан бойынша жасалатын келісімшарт;
5-2) барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты жерасты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану - барлау және (немесе) өндіру жөніндегі жұмыстардың нәтижесінде түзілетін, барлауға және (немесе) өндіруге арналып бекітілген жобалау құжатына сәйкес өндірістік қалдықтарды көмуге және жиып қоюға арналған жерасты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жұмыстар;
6) барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану - мұнай мен газды сақтау үшін жерасты немесе топырақ қабатынан төмен тереңдіктегі құрылыстар, тоннельдер, метрополитендер, қорларды жасанды толтыру үшін жер қойнауына жерасты суларын айдауға арналған құрылыстар, қатты, сұйық және радиоактивті қалдықтарды, зиянды улы заттарды көму мен жиып қою және сарқынды әрі өнеркәсіптік суларды жер қойнауына ағызу үшін өңделген қазба қалдықтарының қоймаларын, шөгінді қоймаларын салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жұмыстар;
7) газды технологиялық тұрғыдан еріксіз жағу - газды жақпай жүргізілетін операцияларды жүзеге асырудың техникалық мүмкіндігі жоқтығына байланысты газ өңдеудің технологиялық процестері кезінде газды жағу;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 8) және 9) тармақшалар жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8) геологиялық ақпарат - жер қойнауы мен олардың учаскелерінің, кен орындары мен пайдалы қазбалар денелерінің заттай құрамы, геологиялық құрылысы және тарихы, геологиялық, геохимиялық, геофизикалық, гидрогеологиялық, геоморфологиялық және тектоникалық ерекшеліктері туралы табиғи және жасанды (қағаз, электрондық) және басқа да жеткізгіштердегі ақпаратты қамтитын материалдардың жиынтығы, келісімшарттық аумақтағы геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері туралы мәтіндік, картографиялық және техникалық құжаттама түріндегі мәлiметтер;
9) геологиялық бөлу - барлауға, өндіруге, бiрлескен барлау мен өндiруге арналған келiсiмшарттың ажырамас бөлiгi болып табылатын, жер қойнауын пайдаланушы барлау жүргiзуге құқылы жер қойнауы учаскесiн схемалық және сипаттамалық тұрғыдан айқындайтын қосымша;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 9-1) тармақшамен толықтырылды
9-1) есепке алудың бақылау аспаптары - мұнайды өндіру, шығару, дайындау, өңдеу, тасымалдау, сақтау, өткізу, тиеп-жөнелту, оның ысырабы, оны Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету көлемдерін өлшеуді, сондай-ақ мұнайды есепке алу ақпараттық жүйесінің операторына ақпаратты нақты уақыт режимінде беруді қамтамасыз ететін, Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнамасына сәйкес қолдануға рұқсат етілген техникалық құрылғылар кешені;
10) жағалау жиегі - судың барынша көтерілуі (судың толуы) салдарынан пайда болатын су объектісі жағалауының жиегі;
11) жерасты сулары - жер қойнауында болатын және осы Заң мен Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес пайдаланылатын сулар жиналымы;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 12) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
12) жер қойнауы - топырақ қабатынан төмен орналасқан, ал топырақ қабаты жоқ кезде - жер бетінен және теңіздердің, көлдердің, өзендердің және басқа да су айдындарының түбінен төмен орналасқан, ғылыми-техникалық прогресті ескере отырып, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге болатын тереңдікке дейін созылып жатқан жер қыртысының бөлігі;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 13) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
13) пайдалы қазбалардың нормаланған ысыраптары - деңгейі техникалық-экономикалық есептеулермен негізделген пайдалы қазбаларды өндіру кезінде игерудің қабылданған тәсілдерімен және жүйелерімен технологиялық жағынан байланысты ысыраптар;
14) жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган - жер қойнауын геологиялық зерттеу, ұтымды әрі кешенді пайдалану саласында мемлекеттік саясатты іске асыру және бақылау жөніндегі функцияларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жер қойнауын пайдалану саласындағы өзге де функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
15) жер қойнауын қауіпсіз пайдалану - жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізген кезде экологиялық, санитариялық-эпидемиологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 16) және 17) тармақшалар жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
16) жер қойнауын қорғау - Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында көзделген, жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалануға, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргiзу кезiнде олардың ластануын болғызбауға, осы операциялардың қоршаған ортаға зиянды әсерiн азайтуға, сондай-ақ жер қойнауын заңсыз пайдалануды анықтауға және оның жолын кесуге бағытталған іс-шаралар, оның ішінде бақылау iс-шаралары жүйесi;
17) жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерттеу - кешенді геологиялық ақпарат алу және жер қойнауын пайдаланудың ақпараттық негізін құрайтын мемлекеттік геологиялық карталар жасау мақсатында жүйелі өңірлік геологиялық зерттеулер, геологиялық-түсіру жұмыстары; iздеу, iздеу-бағалау және іздеу-барлау жұмыстары; жер қойнауын зерттеу мен пайдалану саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулер; жер қойнауы жай-күйiнiң мониторингi; өздігінен ағып жататын гидрогеологиялық және мұнай ұңғымаларын жою мен консервациялау;
18) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар - жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге, пайдалы қазбаларды барлауға және (немесе) өндіруге қатысты, оның ішінде жерасты суларын, емдік балшықты барлаумен және өндірумен, жер қойнауын сарқынды суларды ағызу үшін барлаумен байланысты, сондай-ақ барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес, жерасты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жұмыстар;
19) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге құқықтарды шоғырландыру - Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделеріне қауіп төндіруі мүмкін немесе қауіп төндіретін, бір тұлғаның немесе бір елден шыққан тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының аумағындағы келісімшарттарда осындай үлестерді немесе Қазақстан Республикасындағы жер қойнауын пайдаланушылар болып табылатын ұйымдардың жарғылық капиталдарында (акциялар санымен) осындай қатысу үлестерін иеленуі;
20) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімі - жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды және оларды өндірушілерді бақылауға және оның мониторингіне, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді электрондық сатып алуды өткізуге және олардың тізбесін түзуге арналған мемлекеттік ақпараттық жүйе;
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 21) тармақша өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2012.12.01. № 538-ІV ҚР Заңымен 21) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
21) жер қойнауын пайдалану жөніндегі ұлттық компания (бұдан әрі - ұлттық компания) - Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарының шешiмi бойынша құрылған, акцияларының бақылау пакеті мемлекетке немесе ұлттық басқарушы холдингке тиесілі, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шарттарда жер қойнауын пайдаланудың белгілі бір салаларындағы қызметті жүзеге асыратын акционерлік қоғам;
22) жер қойнауын пайдалану құқығы - жер қойнауын пайдаланушының осы Заңға сәйкес сатып алған жер қойнауын иелену және пайдалану құқығы;
23) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер - жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғадағы, сондай-ақ егер осы заңды тұлғаның негізгі қызметі Қазақстан Республикасындағы жер қойнауын пайдаланумен байланысты болса, осындай жер қойнауын пайдаланушы қабылдайтын шешімдерді тікелей және (немесе) жанама түрде айқындау және (немесе) шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі бар заңды тұлғадағы қатысу үлестері (акциялар пакеттері).
Жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерге сондай-ақ акцияларға меншік құқығын растайтын не жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғаның, сондай-ақ егер осы заңды тұлғаның негізгі қызметі Қазақстан Республикасындағы жер қойнауын пайдаланумен байланысты болса, осындай жер қойнауын пайдаланушы қабылдайтын шешімдерді тікелей және (немесе) жанама түрде айқындау және (немесе) шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі бар заңды тұлғаның акцияларына айырбасталатын бағалы қағаздар да жатады;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 24) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
24) Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстарды өткізу жөніндегі комиссия - конкурс өткізу және оның жеңімпазын айқындау мақсатында құзыретті орган құратын, тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган;
25) жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сарапшылық комиссия - құзыретті орган құратын, осы Заңның 24-бабында айқындалған мәселелер бойынша құзыретті органға ұсыныстар әзірлеуді жүзеге асыратын консультативтік-кеңесші орган;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 26) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
26) жер қойнауын пайдалану саласындағы техникалық-экономикалық негіздеме - тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді қазақстандық өндірушілердің мүмкіндіктері мен ұсыныстары міндетті түрде ескеріле отырып, кен орнын игеру жобасының геологиялық, техникалық және экономикалық параметрлерін және оны іске асырудың экономикалық тұрғыдан орындылығын бағалауды қамтитын құжат;
27) жер қойнауын пайдаланушы - осы Заңға сәйкес жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу құқығына ие жеке немесе заңды тұлға;
28) жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану - кен орындарын игерудің озық технологияларын пайдалану мен оң іс-тәжірибесі негізінде жер қойнауы ресурстарының барлық түрлерін экономикалық тұрғыдан тиімді игеру;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 29) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
29) жер қойнауының мемлекеттік сараптамасы - пайдалы қазбалардың қорлары туралы, сондай-ақ жер қойнауының басқа да қасиеттері туралы ақпаратқа оларды жер қойнауын пайдалану және пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансына қою кезінде қолдану мүмкіндігіне арналған кешенді сараптама;
30) жер қойнауы учаскесі - жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін тұйықталған шекараларда бөліп көрсетілетін жер қойнауының геометрияланған бөлігі;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 31) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
31) жобалау құжаттары - экологиялық, санитариялық-эпидемиологиялық талаптар және өнеркәсiптiк қауiпсiздiк талаптары ескерiле отырып, геологиялық-барлау жұмыстарының, пайдалы қазбалар кен орындарын бағалаудың және игерудiң әдістемесін, техникалық жағдайлары мен технологиялық көрсеткiштерiн қамтитын құжаттар;
32) жоғары технологиялар - Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген өнімді әлемдік нарыққа интеграциялау мақсатында қолданылатын жаңа және жетілдірілген өнім мен барынша экологиялық таза технология түрінде өткізуге шығарылған техника мен технологиялық процестердегі жалпы жұрт мойындаған жаңа жетістіктер;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 33) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
33) жұмыс бағдарламасы - жер қойнауын пайдаланушының келiсiмшарттың қолданылу мерзiмi шегінде инвестициялық жобалау көрсеткіштерін орындау жөніндегі міндеттемелерін қамтитын құжат;
2012.09.01. № 535-IV ҚР Заңымен 34) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
34) жұмыстағы (көрсетілетін қызметтегі) жергілікті қамту - жұмысты орындау кезінде пайдаланылатын тауарлардың құны және қосалқы мердігерлік шарттарының бағалары шегеріле отырып, жұмысты орындау кезінде пайдаланылатын тауарлардағы, шарттың және (немесе) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеу бағасындағы, жұмысты орындауға немесе қызмет көрсетуге арналған шарт бойынша жұмыс орындаушының еңбегіне (қызмет көрсетуге) ақы төлеу қорындағы жергілікті қамту құнының жалпы жиынтық үлесі;
35) жұмыстар - тауарларды шығару (өндіру), жабдықтарды монтаждау, құрылыстарды және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тікелей пайдалану үшін де, келісімшартта ілеспе ретінде көзделген қызмет үшін де өзге қажетті объектілерді салу жөніндегі қызметті ақылы негізде жүзеге асыру;
36) жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді қазақстандық өндіруші - Қазақстан Республикасының азаматтары және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, қызметкерлерінің жалпы санында Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде тоқсан бес пайызын пайдаланатын заңды тұлғалар;
2012.09.01. № 535-IV ҚР Заңымен 37) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
37) кадрлардағы жергілікті қамту - жұмысшылар мен қызметшілерді әрбір санаты бойынша бөле отырып, келісімшартты орындау кезінде жұмысқа тартылған персоналдың жалпы санына пайызбен алғандағы қазақстандық кадрлардың саны;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 37-1) тармақшамен толықтырылды
37-1) кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары - қауіпті өндірістік объектілері бар жер қойнауын пайдаланушыларға ұдайы, тәулік бойы қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін, қызмет көрсетілетін объектілерде авариялық-құтқару жұмыстарын, сондай-ақ аварияларды және олардың салдарларын оқшаулау және жою жөніндегі жұмыстарды жүргізу үшін өз бөлімшелерінің дереу баруын жүзеге асыратын қызметтер және (немесе) ұйымдар;
38) келісімшарт - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыретке сәйкес құзыретті орган немесе жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы мен жеке және (немесе) заңды тұлға арасындағы пайдалы қазбаларды барлауды, өндіруді, бірлескен барлау мен өндіруді жүргізуге не барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға не жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге арналған шарт;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 39) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
39) келiсiмшарттық аумақ - жер қойнауын пайдаланушы келiсiмшартқа сәйкес келетін жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргiзуге құқылы болатын, геологиялық және (немесе) тау-кендiк бөлумен айқындалатын аумақ;
40) келісімшарт шеңберінде құқықтардың шоғырлануы - жер қойнауын пайдалану құқығының бірлескен иегерлерінің бірінің келісімшартқа сәйкес осы қатысушыға жер қойнауын пайдаланушының қызметі бойынша шешімдерді айқындауға мүмкіндік беретін Қазақстан Республикасымен жасалған келісімшарттағы үлесінің шамасы;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 41) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
41) кен орны - қорлары барлау жүргізу нәтижесінде есептелген және (немесе) бағаланған, құрамында табиғи шоғырланған пайдалы қазбасы (пайдалы қазбалары) бар жер қойнауының бөлігі;
42) кен орнын игерудің технологиялық схемасы - кен орнын өнеркәсіптік игеруге қосу мақсатында жасалған және мұнай қабаттарының негізгі параметрлерін, пайдалану объектілерін игерудің ұтымды жүйесінің критерийлерін анықтау үшін кен орнын игерудің технологиялық шешімдері мен көрсеткіштерін, игеру жүйесін талдау әдістемесін көздейтін жобалау құжаты;
43) кен орнын игеруді талдау - пайдалану объектісін игеру процесінде ұңғымалар мен қаттарды геологиялық-кәсіпшілік, геофизикалық, гидродинамикалық және басқа да зерттеулер нәтижелерін, сондай-ақ мұнай өндіруді оңтайландыру мен оны алу коэффициентін ұлғайту мақсатында мұнай мен газ қорларының ағымдағы орналасуын және өнімділік қаттарда жүріп жатқан процестерді анықтау үшін және осының негізінде игеруді реттеу жөніндегі ұсынымдарды әзірлей отырып, игеру көрсеткіштерінің динамикасын кешенді зерделеу;
44) кен орнын өнеркәсіптік игеру жобасы - берілген өнімділікті және өндіруге ілеспелі басқа да өндірістік операцияларды қамтамасыз ететін техникалық шешімдерді айқындайтын, тиісті кен орнында пайдалы қазбалар өндіру тәсілін, жер қойнауынан пайдалы қазбаларды алу параметрлерін реттейтін жобалау құжаты;
45) кен орнын сынамалы пайдалану - өнеркәсіптік игерудің технологиялық схемасы мен жобасын жасау үшін қаттардың және кен шоғырларының геологиялық-кәсіпшілік сипаттамалары туралы қолда бар ақпаратты нақтылау мен қосымша ақпарат алу, ұңғымаларды кешенді геологиялық-геофизикалық және гидродинамикалық зерттеу мақсатында көмірсутек шикізатының кен орындарында жүргізілетін операциялар. Сынамалы пайдалану барлау ұңғымаларын уақытша пайдалануды көздейді;
46) кен орындарын игерудің оң практикасы - жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде қолданылатын, ұтымды, қауіпсіз, қажетті және экономикалық тиімді болып табылатын жалпы қабылданған халықаралық практика;
47) кен орындарын өнеркәсіптік игеру - жер қойнауын ұтымды әрі кешенді пайдалануды ескере отырып, одан пайдалы қазбалардың бекітілген қорларын алуға бағытталған жұмыстардың (операциялардың) бүкіл кешені;
48) кең таралған пайдалы қазбалар - табиғи күйінде немесе сәл өңделіп және тазартылып, негізінен жергілікті шаруашылық мұқтаждарын қанағаттандыру үшін пайдаланылатын құм, саз, қиыршық тас және басқа да пайдалы қазбалар;
49) кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурстық комиссия - конкурс өткізу және жеңімпазды айқындау мақсатында облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы құратын, тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган;
50) кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сарапшылық комиссия - облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы құратын, осы Заңның 24-бабында айқындалған мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеуді жүзеге асыратын консультативтік-кеңесші орган;
51) кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және игеру жөніндегі өңіраралық комиссия (бұдан әрі - өңіраралық комиссия) - кең таралған пайдалы қазба кен орындарын іздеу, бағалау және игеру жөніндегі жобалау құжаттарын қарау бойынша жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің алқалы органы;
52) кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру - кең таралған пайдалы қазбаларды өз мұқтажы үшін өндіруге қатысы жоқ кең таралған пайдалы қазбаларды кез келген өндіру;
53) кең таралған пайдалы қазбалар мен жерасты суларын өз мұқтажы үшін өндіру - өндірілген кең таралған пайдалы қазбаларға не жерасты суларына қатысты кейіннен мәмілелер жасасу ниетінсіз, меншіктегі не жер пайдалану құқығындағы жер учаскесінде жүзеге асырылатын өндіру;
54) коммерциялық табу - келісімшарттық аумақтағы барлау нәтижесінде коммерциялық мүддені білдіретін, жер қойнауының мемлекеттік сараптамасы растаған бір немесе бірнеше кен орындарын табу;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 54-1) тармақшамен толықтырылды
54-1) конкурс - жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жасасуға құқығы бар жеңімпазды айқындауға арналған тендер немесе аукцион;
55) көрсетілетін қызметтер - жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тікелей пайдалану үшін де, тауарларды немесе басқа да материалдық заттарды шығаруға (өндіруге) бағытталмаған, келісімшартта ілеспе ретінде көзделген қызметтер үшін де қажетті қызметтерді ақылы негізде жүзеге асыру;
56) күрделі геологиялық құрылымы бар жер қойнауы учаскелері - мынадай параметрлердің бірімен: интенсивті тектоникалық бұзылулармен; пайдалы қазбалардың болжамды денелерін қамтитын жыныстардың интенсивті қыртыстануымен; қатты пайдалы қазбалар үшін бес жүз метрден астам және көмірсутек шикізаты үшін перспективті горизонттардың үстіңгі жағына дейін үш мың метрден астам тереңдікте орналасуымен сипатталатын; теңіз акваториясы шектеріндегі жер қойнауы учаскелері;
57) күрделі геологиялық құрылымы бар кен орындары - қорларының жетпіс пайызынан астамы қуатының өзгеріп тұратындығымен не пайдалы қазба денелерінің бұзылып орналасуымен немесе пайдалы қазбаның сақталмаған сапасымен және негізгі құнды компоненттерінің теңдей емес бөлінуімен не коллектордың немесе өнімділік қабаттардың коллекторлық қасиеттерінің біртектес болмауымен не ерекше жоғары қабаттық қысыммен сипатталатын кен орындары;