2) табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органды алдағы уақытта тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағалардың шекті бағадан жоғары өсетіні және өсу себептерін растайтын негіздемелік материалдарды табыс ете отырып, олардың өсу себептері туралы кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын жазбаша түрде немесе табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы электрондық құжат нысанында хабардар етуге;
3) қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу тәртібін сақтауға;
4) шекті бағаларда ескерілген инвестициялық бағдарламаның (жобаның) іс-шараларын қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу тәртібіне сәйкес орындауға;
5) алынған және шекті бағаларда ескерілген инвестициялық бағдарламаларды (жобаларды) іске асыруға пайдаланылмаған кірісті тікелей тұтынушыларға не тұтынушылардың толық тізбесін белгілеу мүмкін болмаған кезде қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу тәртібіне сәйкес алдағы кезеңге шекті баға деңгейін төмендету жолымен қайтаруға;
6) шекті бағаны негізсіз асырып жіберу нәтижесінде алынған кірісті табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган осындай фактіні анықтаған кезден бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей тікелей тұтынушыларға не тұтынушылардың толық тізбесін белгілеу мүмкін болмаған кезде қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу тәртібіне сәйкес алдағы кезеңге шекті баға деңгейін төмендету жолымен қайтаруға;
7) табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның нұсқамаларын табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган белгілеген, оларды алған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімдерде орындауға міндетті.
124-9-бап. Қоғамдық маңызы бар нарық субъектісінің көрсетілетін қызметтерін (тауарларын, жұмыстарын) тұтынушының құқықтары мен міндеттері
1. Қоғамдық маңызы бар нарық субъектісінің көрсетілетін қызметтерін (тауарларын, жұмыстарын) тұтынушы:
1) қоғамдық маңызы бар нарық субъектісінің көрсетілетін қызметтерін (тауарларын, жұмыстарын) табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және шекті бағалардан (алымдар мөлшерлемелерінен) аспайтын бағалар бойынша сатып алуға;
2) табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ олар қабылдаған шешімдерге сот тәртібімен шағымдануға;
3) қоғамдық маңызы бар нарық субъектісінің Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органға және (немесе) сот тәртібімен шағымдануға;
4) жария тыңдауларға қатысуға;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарының болуына құқылы.
2. Қоғамдық маңызы бар нарық субъектісінің көрсетілетін қызметтерін (тауарларын, жұмыстарын) тұтынушы:
1) қоғамдық маңызы бар нарық субъектісінің көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган белгілеген шекті бағалардан (алымдар мөлшерлемелерінен) аспайтын бағалар бойынша уақтылы және толық көлемде ақы төлеуге;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қоғамдық маңызы бар нарық субъектісі белгілейтін техникалық талаптарды орындауға міндетті.»;
10) 138-бап мынадай мазмұндағы 68-1) тармақшамен толықтырылсын:
«68-1) қоғамдық маңызы бар нарық субъектісінің баға белгілеу тәртібін және осы Кодексте белгіленген міндеттерді сақтауына;»;
11) 160-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«160-бап. Бәсекелестікті мемлекеттік реттеу мақсаттары
Бәсекелестікті қорғау, Қазақстан Республикасының тауар нарықтарындағы адал бәсекелестікті және тауар нарықтарының тиімді жұмыс істеуін қолдау және қолайлы жағдайлар жасау, экономикалық кеңістіктің біртұтастығын, тауарлардың еркін қозғалысын және Қазақстан Республикасындағы экономикалық қызметтің еркіндігін қамтамасыз ету, осы Кодекске сәйкес монополистік қызметті реттеу және шектеу, адал бәсекелестікке жәрдемдесу және Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдардың бәсекелестікке қарсы әрекеттерінің және жосықсыз бәсекелестіктің жолын кесу бәсекелестікті мемлекеттік реттеудің мақсаттары болып табылады.»;
12) 163-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде тиісті экономика салаларында мемлекеттік саясатты іске асыру кезінде бәсекелестікті дамыту жөнінде шаралар қолдануға және бәсекелестікке теріс ықпал ететін әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасамауға міндетті.»;
13) 169-баптың 3, 4 және 7-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Нарық субъектiлерiнiң арасындағы кез келген нысанда қол жеткiзiлген, бәсекелестiктi шектеуге алып келетін немесе алып келуі мүмкiн, оның iшiнде:
1) нарықтың басқа субъектiлерiмен мәні бiрдей шарттарға кемсітушілік шарттар белгiлеуге немесе қолдауға, оның iшiнде тауарларды сатып алудың және (немесе) өткiзудiң келiсiлген шарттарын белгiлеуге;
2) нарық субъектілерінің сол бір тауарға түрлі бағаларды (тарифтерді) экономикалық, технологиялық және өзге де түрде негізсіз белгілеуіне;
3) тауарларды өткiзудi негiзсiз шектеуге немесе тоқтатуға;
4) контрагенттердiң өзiнiң мазмұны бойынша немесе iскерлiк айналым дәстүрлерiне сәйкес осы шарттардың нысанасына қатысы жоқ қосымша мiндеттемелер (қаржылай қаражатты және өзге де мүлiктi, мүлiктiк немесе мүлiктiк емес құқықтарды берудi негiзсiз талап ету) қабылдауы кезінде шарттар жасасуға;
5) нарықтың басқа субъектiлерiнiң белгiлi бiр тауарларды сатушылар (берушiлер) немесе оларды сатып алушылар ретiнде тауар нарығына кiруiн шектеуге немесе одан ығыстырып шығаруға қатысты келiсiмдерге тыйым салынады және олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен толығымен немесе iшiнара жарамсыз деп танылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгiленген тыйымдар, егер нарық субъектісінің (субъектiлерiнiң) қаралып отырған тауар нарықтарының біріндегі үлесi жиырма пайыздан аспаса не мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары, оның ішінде концессия, кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) шарттары болып табылатын сатылас келiсiмдерге қолданылмайды.
4. Бәсекелестікке қарсы келісімдер жазбаша және (немесе) ауызша нысанда жасалуы (қол жеткізілуі) мүмкін.»;
«7. Осы баптың талаптары, егер мұндай келісімдер бәсекелестікті шектеуге немесе жоюға алып келмесе немесе алып келуі мүмкін болмаса, зияткерлiк қызметтiң нәтижелерiне айрықша құқықтарды жүзеге асыру туралы келiсiмдерге және соларға теңестiрiлген заңды тұлғаны дараландыру құралдарына, тауарларды дараландыру құралдарына қолданылмайды.»;
14) 170-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Нарық субъектілерінің осы баптың 1-тармағында көрсетілген әрекеттері, егер жиынтығында олар мынадай:
1) осы әрекеттер бәсекелестікті шектеген;
2) мұндай әрекеттердің нәтижесі нарық субъектілерінің әрқайсысының мүддесіне сай келген;
3) нарық субъектілерінің бірі осындай әрекеттерді жасағаны туралы ақпаратты жария түрде мәлімдеуіне немесе олардың бірінің жария түрде орналастыруына байланысты әрекеттері олардың әрқайсысына алдын ала белгілі болған;
4) аталған нарық субъектілерінің әрқайсысының әрекеттері келісілген әрекеттерге қатысатын өзге де нарық субъектілерінің әрекеттерінен туындаған;
5) нарық субъектілерінің әрекеттері осы нарық субъектілеріне тең дәрежеде ықпал ететін мән-жайлардың салдары болып табылмаған (Қазақстан Республикасының салық және өзге де заңнамасын, тұтыну динамикасын, табиғи монополиялар субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне тарифтерді, тауарларды өндіру, өткізу кезінде пайдаланылатын шикізат пен тауарларға бағаларды өзгерту);
6) тиісті тауар нарығындағы нарық субъектілерінің жиынтық үлесі отыз бес және одан да көп пайызды құраған шарттарды қанағаттандырса, келісілген әрекеттер деп танылуы мүмкін. Бұл ретте тиісті тауар нарығындағы бір нарық субъектісінің ең төмен үлес шамасы бес және одан да көп пайызды құрауға тиіс.»;
15) 172-бап мынадай мазмұндағы 8-тармақпен толықтырылсын:
«8. Нарық субъектісі монополияға қарсы органға тауар нарығындағы осы нарық субъектісінің жағдайы үстем деп танылуы мүмкін еместігі туралы дәлелдемені ұсынуға құқылы.
Монополияға қарсы орган ұсынылған дәлелдемелерді келіп түскен күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарайды және нарық субъектісіне жіберілетін тиісті шешімді қабылдайды.»;
16) 174-баптың бірінші абзацы, 2), 5) және 7) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектiлерiнiң тиiстi тауар нарығына кiрудi шектеуге, бәсекелестiктi болғызбауға, шектеуге және жоюға алып келген немесе алып келетін және (немесе) нарық субъектісінің немесе белгілі бір тұтынушылар тобының заңды құқықтарына қысым жасайтын әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне), оның iшiнде:»;
«2) нарық субъектiлерiмен немесе тұтынушылармен жасалған мәні бiрдей келiсiмдерге объективті түрде ақтамайтын себептермен әртүрлi бағаларды не әртүрлi шарттарды қолдану, оның ішінде бұл тауарды өндіруге, өткізуге және жеткізуге жұмсалатын түрлі шығындарға, сату көлемін, төлеу шарттарын, шарттың қолданылу мерзімдерін ескеретін жеңілдіктер жүйесінің кемсітпеушілік қолданылуына байланысты болса;»;
«5) өтініш жасалған кезде тиiстi тауарды өндiру немесе өткiзу мүмкiндiгi болған кезде жекелеген сатып алушылармен шарт жасасудан немесе тауарды өткізуден негiзсiз бас тарту не осындай шарт жасасу туралы ұсынысқа күнтізбелік отыз күннен асатын мерзiмде жауап ұсынбаудан көрінетін жалтару сияқты әрекеттеріне тыйым салынады.
Бұл ретте бас тарту не жалтару, егер сатып алушы өтініш жасаған кезде өндірілетін немесе өткізілетін тауардың талап етілетін көлемі, оның ішінде тиісті тауарды сату туралы шарттар жасалуына байланысты болмаған жағдайда, негізді деп саналады;»;
«7) өндiру немесе беру мүмкiндiгi болған кезде тұтынушылардың, нарық субъектілерінің сұранысы немесе тапсырыстары бар тауарларды өндiру және (немесе) беру көлемдерiн негiзсiз қысқарту немесе өндiруді және (немесе) беруді тоқтату;»;
17) 192-баптың 9-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«9. Осы баптың 4-тармағының бірінші және екінші бөліктерінің, 5, 6, 7 және 8-тармақтарының талаптары осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 5) және 6) тармақшаларында көзделген жағдайларға ғана қолданылады.»;
18) 194-бапта:
тақырып және 1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«194-бап. Мемлекеттiк, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдардың бәсекелестiкке қарсы әрекеттерi (әрекетсіздігі), келiсiмдерi
1. Конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдардың әрекеттерінен (әрекетсіздігінен), актiлер не шешiмдер қабылдаудан көрiнетiн бәсекелестiктi шектеуге немесе жоюға алып келген немесе алып келуі мүмкiн бәсекелестiкке қарсы әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тыйым салынады және олар толығымен немесе iшiнара жарамсыз деп танылады.»;
2-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Мемлекеттiк, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдардың бәсекелестiкке қарсы әрекеттерi (әрекетсіздігі) болып мыналар да танылады:»;
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк, жергілікті атқарушы органдар, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдар арасындағы немесе олар мен нарық субъектiлерi арасындағы келiсiмдерге, егер мұндай келiсiмдер бәсекелестiктi шектеуге немесе жоюға алып келетін немесе алып келуі мүмкiн болса, тыйым салынады.»;
мынадай мазмұндағы 4, 5, 6, 7 және 8-тармақтармен толықтырылсын:
«4. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіне қатысты Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қорытындының жобасы тергеп-тексеру объектісіне тергеп-тексеру аяқталғанға дейін кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын мерзімде тапсырылады немесе хабарламасы бар хатпен жіберіледі.
5. Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қорытынды жобасында келтірілген дәйектермен келіспеген және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі тергеп-тексеру аяқталғанға дейін кемінде күнтізбелік жиырма күн бұрын мерзімде өтініш жасаған жағдайда, монополияға қарсы органның лауазымды адамы (лауазымды адамдары) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қорытындының жобасын келісу комиссиясының қарауына шығарады, оның құрамына Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және монополияға қарсы органның өкілдері кіреді.
6. Келісу комиссиясы енгізілген қорытындының жобасын енгізілген күнінен бастап күнтізбелік бес күннен аспайтын мерзімде тергеп-тексеруге қатысатын адамдарды отырысқа шақыра отырып, оның толықтығы мен Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылық фактілерінің онда келтірілген дәлелдемелерінің сапасы тұрғысында қарайды.
7. Қорытындының жобасын қарау нәтижелері бойынша келісу комиссиясы ескертулерін және ескертулердің болуы (болмауы) туралы ұсынымдарын шығарады.
Қорытындының жобасына ескертулер қабылданған жағдайда монополияға қарсы орган оны пысықтауды жүзеге асырады және күнтізбелік бес күннен кешіктірілмейтін мерзімде келісу комиссиясының қарауына қайта ұсынады.
Монополияға қарсы орган қорытындының жобасына ескертулерді қабылдамаған кезде келісу комиссиясының атына келіспеу себептерінің негіздемелері ұсынылады.
Монополияға қарсы органның қорытындыны бекіту туралы шешімі келісу комиссиясының қорытынды жобасына ескертулері болмаған жағдайда қабылданады және тергеп-тексеру аяқталған күннен бастап күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімде монополияға қарсы органның бұйрығымен ресімделеді.
8. Келісу комиссиясының әрекет ету тәртібін және оның құрамын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкімен келісу бойынша монополияға қарсы орган айқындайды.»;
19) мынадай мазмұндағы 195-1-баппен толықтырылсын:
«195-1-бап. Монополияға қарсы комплаенс
1. Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі шаралар жүйесі монополияға қарсы комплаенс болып табылады.
2. Монополияға қарсы комплаенсті енгізу үшін нарық субъектісі (субъектілері) монополияға қарсы комплаенс актілерін:
1) тиісті тауар нарығындағы нарық субъектісінің (субъектілерінің) саясатын және адал бәсекелестік қағидаларын көздейтін сыртқы актіні;
2) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды жасау тәуекелдерін бағалау әдістерін, тәсілдерін, нарық субъектісінің (субъектілерінің) тәуекелдерді басқару жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруы тәртібін көздейтін ішкі актіні қабылдауға құқылы.
3. Нарық субъектісі (субъектілері) монополияға қарсы органға монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісінің жобасын монополияға қарсы комплаенстің үлгілік сыртқы актісіне оның сәйкестігін анықтау үшін жіберуге құқылы, ол монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісінің жобасы келіп түскен кезден бастап бір ай ішінде қаралуға жатады.
4. Монополияға қарсы орган қараған монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісінің жобасы монополияға қарсы комплаенстің үлгілік сыртқы актісіне оның сәйкестігі анықталған жағдайда нақты нарық субъектісіне (нақты нарық субъектілеріне) қатысты немесе нақты жағдайға қолданылатын Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын түсіндіру актісі болып табылады.»;
20) 196-бапта:
1, 2 және 3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау бәсекелестік деңгейін айқындау, үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерін анықтау, бәсекелестікті қорғау мен дамытуға, монополистік қызметтің алдын алуға, шектеуге және жолын кесуге бағытталған шаралар кешенін әзірлеу мақсатында, оның ішінде мынадай:
1) экономикалық шоғырлануға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
2) бәсекелестікке қарсы келісімдер мен келісілген әрекеттердің, үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдаланудың белгілерін қарау кезінде нарық субъектісінің үстем үлесін айқындау;
3) мемлекеттің кәсіпкерлік ортаға қатысуының орындылығын белгілеу жағдайларында жүргізіледі.
2. Тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау монополияға қарсы орган бекітетін, тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізу жөніндегі әдiстемеге және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкімен келісу бойынша монополияға қарсы орган бекітетін, қаржы ұйымдарына қатысты бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізу жөніндегі әдiстемеге сәйкес жүргізіледі.
Тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізу мерзімі он екі айдан аспайды.
3. Тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау мынадай кезеңдерді қамтиды:
1) тауарлардың өзара алмастырылу өлшемшарттарын айқындау;
2) тауар нарығының шекараларын айқындау;
3) тауар нарығын зерттеудің уақыт аралығын айқындау;
4) тауар нарығында жұмыс істейтін нарық субъектілерінің құрамын айқындау;
5) тауар нарығының көлемі мен нарық субъектілерінің үлестерін есептеу;
6) тауар нарығындағы бәсекелестік ортаның жай-күйін бағалау;
7) бәсекелестіктің дамуына ықпал ететін, нарық субъектілерінің қызметіне кедергілердің, қиындықтардың не өзге де шектеулердің болуын куәландыратын мән-жайларды немесе белгілерді айқындау, оның ішінде тауар нарығына кіру тосқауылдарын айқындау;
8) тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне жүргізілген талдау нәтижелері бойынша қорытындыда көрсетілетін тұжырымдар.»;
4-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Осы Кодекстің 8, 90-6, 120, 160 - 231-баптарында тауар деп азаматтық айналым объектісі болып табылатын тауар, жұмыс, көрсетілетін қызмет түсініледі.»;
6-тармақ алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 11 және 12-тармақтармен толықтырылсын:
«11. Нарық субъектісінің (субъектілерінің) үстем үлесін (үлестерін) айқындау мақсатында экономикалық шоғырлануға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру, сондай-ақ бәсекелестікке қарсы келісімдер мен келісілген әрекеттердің, үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдаланудың белгілерін анықтау кезінде тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне осы баптың 3-тармағының 6) және 7) тармақшаларында көзделген кезеңдерді қамтымайтын талдау жүргізіледі.
Егер үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілерін анықтау кезінде тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау нарық субъектісінің үлесі отыз бес пайыздан асатынын, бірақ елуден кем құрайтынын немесе нарық субъектілерінің жиынтық үстемдігі орын алғанын көрсеткен жағдайда, тауар нарығындағы бәсекелестік ортаның жай-күйін талдау және бағалау осы баптың 3-тармағында көзделген барлық кезеңдер сақталып жүргізіледі.
Мемлекеттің кәсіпкерлік ортаға қатысуының орындылығын анықтау мақсатында талдау осы баптың 3-тармағында көзделген кезеңдердің негізінде жүргізіледі, сондай-ақ тауар нарығына мемлекеттік кәсіпорындардың және акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың және олармен үлестес заңды тұлғалардың, мұндай құру осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларында тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, қатысуының орындылығын бағалауды қамтиды.
12. Тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган, мемлекеттік органдар, нарық субъектілері және олардың бірлестіктері беретін ақпараттың, сондай-ақ осы баптың 9-тармағына сәйкес берілетін ақпараттың негізінде жүзеге асырылады.
Нарық субъектісі монополияға қарсы органға өзінде бар маркетингтік зерттеулер нәтижелерін ұсынуға құқылы, оларды да монополияға қарсы орган талдау жүргізу барысында пайдалануы мүмкін.»;
21) 199-бапта:
1-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Осы Кодекстің 174-бабының 1) тармақшасында көрсетілген белгілерді қоспағанда, нарық субъектісінің әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) жосықсыз бәсекелестік белгілері, сондай-ақ үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілері болған кезде монополияға қарсы орган нарық субъектісіне оның әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылық белгілерінің бар екені туралы хабарламаны тергеп-тексеру жүргізбестен жібереді.»;
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Егер хабарлама шығарылған кезден бастап күнтізбелік бір жыл ішінде монополияға қарсы орган сол бір нарық субъектісінің әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) осы баптың 1-тармағында санамаланған Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын сол бір бұзушылық белгілерін анықтаса, монополияға қарсы орган хабарлама жіберместен, тергеп-тексеру жүргізу туралы шешім шығарады.»;
22) 200-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Монополияға қарсы орган монополиялық жағдайдың туындауын және (немесе) бәсекелестікті шектеуді болғызбау мақсатында осы Кодекстің 201-бабы 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген мәмілелерді (әрекеттерді) жүзеге асыруға монополияға қарсы органның келісімін алдын ала алу не осы Кодекстің 201-бабы 1-тармағының 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген мәмілелер туралы оны хабардар ету түрінде экономикалық шоғырлануға мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.»;
6-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Монополияға қарсы органның келiсiмiнсiз жасалып, нарық субъектiсiнiң немесе тұлғалар тобының монополиялық жағдайын орнықтыруға және (немесе) бәсекелестiктi шектеуге алып келген экономикалық шоғырлануды сот монополияға қарсы органның талап қоюы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.»;
23) 201-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Егер қайта ұйымдастырылатын нарық субъектiлерiнiң (тұлғалар тобының) немесе сатып алушының (тұлғалар тобының), сондай-ақ өзiнiң дауыс беру құқығы бар акциялары (жарғылық капиталға қатысу үлестері, пайлары) сатып алынатын нарық субъектiсi активтерiнiң жиынтық баланстық құны немесе олардың соңғы қаржы жылында тауарлар өткiзуiнiң жиынтық көлемi өтінішхат (хабарлама) берiлген күнге белгіленген айлық есептiк көрсеткiштiң он миллион еселенген мөлшерiнен асатын жағдайларда, монополияға қарсы органның осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген мәмiлелердi (әрекеттерді) жүзеге асыруға келiсiмi не оның осы баптың 1-тармағының 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген мәмiлелер туралы хабарламасы талап етiледi.»;
24) 204-баптың 6-тармағы алып тасталсын;
25) 205-баптың 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Қосымша мәліметтерді және (немесе) құжаттарды ұсыну кезеңiнде, сондай-ақ тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізу кезінде өтiнiшхатты қарау мерзiмi тоқтатыла тұрады, бұл туралы монополияға қарсы орган өтiнiшхат берген тұлғаны мұндай шешiм қабылданған кезден бастап үш жұмыс күнi iшiнде жазбаша түрде хабардар етуге мiндеттi.
Экономикалық шоғырлануды жасау кезінде тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізу, егер мәмілеге қатысушы тұлғалар (тұлғалар тобы) ұқсас немесе өзара алмастырылатын тауарларды өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асырған және (немесе) бәсекелестікті шектеу белгілері болған жағдайда, талап етіледі.»;
26) 209-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Егер жасалған экономикалық шоғырлану туралы хабарлама монополияға қарсы органға келiп түскеннен кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң монополияға қарсы орган хабарламаны жiберген тұлғаға мәмiленiң күшiн жою қажеттiгi туралы нұсқама жiбермеген жағдайда, экономикалық шоғырлану жүзеге асырылды деп есептеледі.»;