2. Орта, аға және жоғары басшы құрам лауазымдарына тағайындалатын адамдар оларға арнаулы атақ, сыныптық шен берiлгенге, біліктілік сыныбы белгіленгенге немесе құқық қорғау органдарының кадрларына қабылданғанға дейiн атқаратын лауазымы бойынша қызметтiк мiндеттерiн атқарады.
3. Адам мансаптық өсудің барлық кезеңдерінен міндетті түрде өтіп, қойылатын біліктілік талаптарына қатаң сәйкес келген жағдайда лауазымға тағайындауды, қызметi бойынша жоспарлы ауыстыруды құқық қорғау органының басшысы немесе уәкiлеттi басшы жүргiзедi. Мансаптық өсу жүйесі мен өлшемшартын құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
Конкурстық негiзде орналасатын құқық қорғау органдары лауазымдарының тiзбесiн, құқық қорғау органдарында конкурс және тағылымдама өткізу шарттары мен тәртiбiн, сондай-ақ құқық қорғау органдарының лауазымдары санаттарына қойылатын бiлiктiлiк талаптарын мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен келiсу бойынша құқық қорғау органының басшысы бекітеді.
4. Лауазымға тағайындау және қызмет бойынша ауыстыру қызметкердің кәсіби құзыреттері және бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші ескеріле отырып жүзеге асырылады.
5. Орта және аға басшы құрамдағы адамдарды лауазымға тағайындау және қызметі бойынша ауыстыру кезiнде оларды негiзгi мамандығы бойынша не бар тәжiрибесiне сәйкес пайдалану қамтамасыз етiледi, ал олар үшін жаңа мамандықтағы лауазымдарға пайдалану қажет болған кезде олар тағайындау алдында тиiстi курстарда (жиындарда) қайта даярлықтан өтуге тиiс.
6. Бос басшылық лауазымдар туралы мәліметтер және оларға орналасуға кандидаттарға қойылатын талаптар құқық қорғау органының басшысы айқындайтын тәртіппен ведомстволық ақпараттық-анықтамалық жүйелерде орналастырылады.
7. Құқық қорғау органын уақтылы және толық жасақтау үшін кадр қызметі құқық қорғау органының басшысы бекітетін әдістемеге сәйкес кадрлық болжамды жүзеге асырады.
8. Құқық қорғау қызметінің учаскелерінде, бағыттарында іс-қимылдарды ретке келтірудің ұтымды дәрежесіне қол жеткізу мақсатында құқық қорғау органының басшысы айқындайтын тәртіппен жұмыс стандарттары (қызметкердің нақты жұмыс учаскесіндегі қызмет нәтижелеріне қойылатын алгоритм, қағидалар және талаптар) белгіленеді.»;
18) 30-бапта:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Орта, аға және жоғары басшы құрамдағы адамдар Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының білім беру ұйымына басшылыққа және арнайы пәндер бойынша педагогтік қызметке тағайындалған кезде олардың білім беру ұйымына тағайындалғанға дейiнгi негiзгi соңғы лауазымы бойынша лауазымдық айлықақысы сақталады. Әрбiр нақты жағдайда лауазымдық айлықақыны сақтау туралы шешiмдi лауазымға тағайындалғанға дейiн білім беру ұйымы басшылығының ұсынуы және құқық қорғау органы орталық аппаратының кадр қызметінің қорытындысы бойынша құқық қорғау органының басшысы қабылдайды.
Сақталған лауазымдық айлықақыны төлеу лауазымы төмендетiлген кезде тоқтатылады.»;
мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
«4-1. Орта, аға және жоғары басшы құрамдағы адамдарды басқа лауазымдарға, сондай-ақ басқа жерге ауыстыру қажет болған кезде бұл туралы шешімді осы адамдардың даярлығы мен қызмет тәжірибесін, сондай-ақ олардың және олардың отбасы мүшелерінің денсаулық жағдайы бойынша қарсы көрсетілімдердің болмауын ескере отырып, олардың келісімімен тиісті уәкілетті басшылар қабылдайды.»;
19) 31 және 33-1-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«31-бап. Ротация
1. Құқық қорғау органдарында қызмет өткеру кезінде кәсіби әлеуетін анағұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау органының басшылық лауазымдарын атқаратын қызметкерлерін ротациялау жүзеге асырылады.
Басшылық лауазымдардың тізбесін құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
Құқық қорғау органының басшылық лауазымдарын атқаратын, ротацияланатын қызметкерлерге лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде жекешелендіру құқығынсыз қызметтік тұрғын үй беріледі.
2. Ротация құқық қорғау органы басшысының шешімімен жоспарлы негізде бес жылда бір рет жүзеге асырылады. Қабылданған шешім бұйрықпен ресімделеді. Қызметке басқа жерге ротацияға - қызметкердің жазбаша келісімімен, ал қызмет мүддесі үшін - лауазымда болу мерзіміне қарамастан және қызметкердің келісімінсіз жол беріледі.
Ротация мынадай схемалардың бірі бойынша жүргізіледі:
1) деңгейаралық («орталық-өңір», «өңір-орталық»);
2) өңіраралық («өңір-өңір»);
3) сектораралық («орталық-орталық»).
3. Мүгедек балалары, оның ішінде асырап алған балалары (қорғаншы болып табылатын) немесе асырауында қарт ата-анасы не онымен тұрақты бірге тұратын және 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар отбасы мүшелері бар лауазымды адамдар басқа жерге көшумен байланысты ротацияға жатпайды. Көрсетілген мән-жайлар құжат түрінде расталуға тиіс.
4. Ротацияға жататын басшылық лауазымдардың тізбесін және оларды ауыстыру тәртібін құқық қорғау органының басшысы айқындайды.»;
«33-1-бап. Құқық қорғау органдары басшылығының президенттік резерві
1. Құқық қорғау органдары басшылығының президенттік резерві құқық қорғау органдарының жоғары тұрған бос басшы лауазымдарына орналастыру үшін қызметкерлерді сапалы іріктеу мақсатында қалыптастырылады.
Құқық қорғау органдары басшылығының президенттік резервін қалыптастыру тәртібін және оның лауазымдар тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
2. Құқық қорғау органдары басшылығының Президенттік резервінде тұратын қызметкерлер прокуратураның білім беру ұйымында кәсіби қайта даярлықтан өтеді және біліктілігін арттырады.»;
20) 34-баптың 2, 5, 6, 9 және 10-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Құқық қорғау органының кадр резерві кейіннен бос басшы лауазымдарға орналастыру үшін жоспарлы негізде қалыптастырылады.»;
«5. Кадр резервін қалыптастыру және онымен жұмысты ұйымдастыру жауапкершілігі құқық қорғау органының басшысына немесе уәкiлеттi басшыға және кадр қызметіне жүктеледі. Құқық қорғау органдарында кадр резерві кадрлардың сапалық құрамы және тиісті лауазымдарға орналастыру қажеттілігі ескеріле отырып қалыптастырылады.
6. Кадр резервіне қоюды құқық қорғау органының басшысы немесе уәкiлеттi басшы қызметкердің бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткішін ескере отырып жүзеге асырады.»;
«9. Құқық қорғау органының кадр қызметі кадр резервіне қойылған қызметкерлердің тізімін және ведомстволық деректер банкін жүргізеді.
10. Кадр резервін қалыптастыру тәртібін, кадр резервіне қойылатын қызметкерлердің біліктілігіне қойылатын талаптарды және кадр резервіне қойылған қызметкерлердің ведомстволық деректер банкімен жұмысты құқық қорғау органының басшысы айқындайды.»;
21) 36-баптың 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Қызметкерлерді кәсіби даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдары мен ғылыми мекемелерінде, құқық қорғау органдарының қызметкерлерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру жөніндегі мамандандырылған мекемелерінде, сондай-ақ, басқа да білім беру ұйымдары мен мекемелерінде жүзеге асырылады.
Қызметкерлерді кәсіби даярлаудың, қайта даярлаудың және олардың біліктілігін арттырудың мазмұны және жүзеге асырылу тәртібі құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.»;
22) 37-баптың 1 және 4-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Кадр резервіне қою үшін кандидаттарды іріктеу қызметкерлердің жеке басының және кәсіби қасиеттерін, олардың қызметінің нәтижелерін зерделеу және бағалау, сондай-ақ аттестаттау комиссиясының шешімі негізінде жүргізіледі.
Кадр резервіне қою үшін кандидаттардың кәсіби қасиеттерін бағалау бәсекеге қабілеттіліктің көрсеткіші ескеріле отырып жүргізіледі.»;
«4. Кадр резервіне қоюға кандидаттарды іріктеуді кадр қызметтері жүзеге асырады. Кадр резервіне қойылғандардың тізімін құқық қорғау органының басшысы немесе уәкiлеттi басшы бекітеді және ол ведомстволық деректер банкіне енгізіледі. Тиісті лауазымға ұсыну үшін кадр резервіне қойылатын қызметкерлердің саны екі адамнан кем болмауға тиіс.»;
23) 38-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Қызметкерді қызметтік міндеттерін атқарудан уақытша шеттету туралы құқық қорғау органы басшысының немесе уәкiлеттi басшының бұйрығы шығарылады. Қызметкер қызметтік міндеттерін атқарудан уақытша шеттету туралы бұйрықпен шығарылған күнінен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей таныстырылуға тиіс. Бұйрықпен танысуы қызметкердің қол қоюымен куәландырылады.
Қызметкерді қызметтік міндеттерін атқарудан уақытша шеттету туралы бұйрықпен жеке таныстыру мүмкін болмаған жағдайда, құқық қорғау органының кадр қызметі оған тұрғылықты жері бойынша қызметтік міндеттерін атқарудан уақытша шеттету туралы бұйрықтың көшірмесін хабарламасы бар хатпен жіберуге міндетті.»;
24) 43-бапта:
1-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Құқық қорғау органының штаты қысқартылған кезде қысқартылатын лауазымды атқарып отырған қызметкермен құқықтық қатынастар:»;
мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Құқық қорғау органы қайта ұйымдастырылған жағдайда, жаңадан құрылған органның басшылығы қайта ұйымдастырылған органның қызметкеріне оның біліктілігіне сәйкес лауазымды ұсынады.
Қызметкер ұсынылып отырған лауазымнан бас тартқан жағдайда, осы Заңда белгіленген тәртіппен қызметтен босатылады.»;
25) 46-1-баптың 8-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«8. Қызметкер ұсынылған лауазыммен келіспейтінін жазбаша баяндаудан бас тартқан кезде құқық қорғау органының кадр қызметі акт ресімдейді, ол қызметкердің жеке ісіне қоса тіркеледі.
Қызметкер ұсынылатын лауазымға орналасудан бас тартқан жағдайда ол қызметтен босатылуға жатады.»;
26) мынадай мазмұндағы 46-2-баппен толықтырылсын:
«46-2-бап. Қызметті бағалау
1. Қызметкерлер жұмысының тиімділігі мен сапасын айқындау үшін олардың қызметіне жыл сайынғы бағалау жүргізіледі.
2. Қызметкерлердің қызметін жыл сайынғы бағалау нәтижелері сыйлықақы беру, көтермелеу, оқыту, мансаптық өсу, ротация, сондай-ақ сараланған еңбекақы белгілеу жөнінде шешімдер қабылдау үшін негіз болып табылады. Еңбекақы төлеуді саралау әрбір лауазым бойынша разрядтарға сәйкес жүргізіледі.
Қызметкерлердің қызметін бағалау нәтижелері оларды аттестаттаудан өткізу жөнінде шешімдер қабылдау үшін үш жыл бойы негіз болып табылады.
3. Қызметкерлердің қызметін бағалау тәртібін, разрядтар беру тәртібі мен шарттарын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.»;
27) 47-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Бәсекеге қабілеттіліктің көрсеткіші ескеріле отырып, қызметкердің кәсіби құзыреттерге сәйкестігі аттестаттау кезінде бағалаудың негізгі өлшемшарты болып табылады.»;
28) 48-баптың 1, 2, 3, 4, 5, 6, 9 және 10-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Аттестаттауды өткізу мерзімі келген кезде құқық қорғау органы басшысының немесе уәкiлеттi басшының тапсырмасы бойынша тиісті кадр қызметтері аттестаттау өткізуге дайындықты ұйымдастырады.
2. Дайындық:
1) аттестаттау өткізудің кестесін әзірлеуді;
2) аттестаттау өткізудің мақсаты мен тәртібі туралы түсіндіру жұмысын ұйымдастыруды;
3) тестен өткізу мерзімдерін және орнын айқындауды;
4) аттестатталушы қызметкерлердің қажетті құжаттарын дайындауды қамтиды.
Тестен өтудің тәртібі мен шарттары, кәсіби жарамдылығын айқындау жөніндегі нормативтер, сондай-ақ лауазымдардың санаттары үшін шекті мәндер (бұдан әрі - шекті мәндер) құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
3. Құқық қорғау органының кадр қызметі осы Заңға сәйкес аттестатталуға жататын қызметкерлерді алты ай ішінде бір рет айқындайды.
4. Басшы аттестатталуға жататын қызметкерлердің тізімін және оны өткізу мерзімдерін кадр қызметінің ұсынуы бойынша бекітеді.
5. Кадр қызметі аттестаттауды өткізу мерзімдері туралы өткізу басталардан кемінде бір ай бұрын қызметкерлерді жазбаша хабардар етеді.
6. Аттестатталуға жататын қызметкерге қызметтік мінездемесі ресімделеді және аттестаттау комиссиясының отырысына дейінгі үш аптадан кешіктірілмейтін мерзімде кадр қызметіне жіберіледі.»;
«9. Қызметкер өзіне берілген қызметтік мінездемемен келіспейтіні туралы мәлімдеуге және кадр қызметіне өзін сипаттайтын қосымша ақпаратты беруге құқылы.
10. Кадр қызметі жиналған аттестаттау материалдарын аттестаттау комиссиясына оның отырысына дейінгі бір аптадан кешіктірілмейтін мерзімде жібереді.»;
29) 49-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Басшы аттестаттау комиссиясының құрамын және оның жұмыс кестесін кадр қызметінің ұсынуы бойынша бекітеді.»;
3-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Кадр қызметінің өкілі аттестаттау комиссиясының хатшысы болып табылады, оны комиссия басшысы айқындайды.»;
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Аттестаттау комиссиясының құрамына құрылымдық бөлімшелердің басшылары, кадр қызметтерінің өкілдері (не осы бөлімшелер есеп беретін адамдар), сондай-ақ аттестаттаудан өтетін қызметкерлерді қоспағанда, құқық қорғау органының, құқық қорғау органы білім беру ұйымының немесе құқық қорғау органы мемлекеттік мекемесінің өзге де қызметкерлері кіреді.»;
30) 50-баптың 8-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«8. Кадр қызметі аттестаттау комиссиясының шешімін қызметкердің аттестаттау парағына енгізеді, қызметкер шешіммен ол қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қолын қоя отырып, танысады.»;
31) мынадай мазмұндағы 53-1-баппен толықтырылсын:
«53-1-бап. Қызметкерді аттестаттаудан кейінгі кезеңде дамыту
1. Аттестаттаудан өткен қызметкерге қатысты қызметкердің кәсіби құзыретінің деңгейін арттыруға бағытталған аттестаттаудан кейінгі дамыту бағдарламасы жасалады.
2. Бағдарлама осы Заңда айқындалған мерзімдерге сәйкес қызметкерді келесі аттестаттауға дейін қолданыста болады және оны құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшысы бекітеді.»;
32) 7-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«7-тарау. Құқық қорғау органының бөлімшелеріндегі қызметтік тәртіп және моральдық-психологиялық ахуал»;
33) 54-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
«4. Тәртіптік теріс қылықтардың ауырлығын бағалау жүйесі мен тәртіптік жауаптылықты қалыптастыру тәртібін (тәртіптік практикадағы профилактикалық функцияларды күшейту) Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.»;
34) мынадай мазмұндағы 54-1-баппен толықтырылсын:
«54-1-бап. Құқық қорғау органының бөлімшелеріндегі моральдық-психологиялық ахуал
1. Құқық қорғау органының бөлімшелеріндегі моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін зерделеу мақсатында жыл сайынғы социологиялық мониторинг жүргізіледі.
Құқық қорғау органының бөлімшелеріндегі моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне жыл сайынғы социологиялық мониторинг жүргізудің тәртібі мен әдістемесін құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
2. Құқық қорғау органының басшысы, құқық қорғау органының уәкілетті басшысы және басшылық лауазымдарды атқаратын қызметкерлер өздеріне сеніп тапсырылған бөлімшелердегі моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне дербес жауапты болады.»;
35) 55-баптың 1-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Қызметкерге осы бапта көзделген көтермелеулерді қолдану тәртібі құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.»;
36) 57-баптың 9, 14 және 15-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«9. Тәртiптiк жаза қолдану туралы бұйрықпен танысудан бас тарту құқық қорғау органының кадр қызметі жасайтын актiде ресiмделедi және арнайы журналда тiркеледi.
Қызметкерді тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықпен жеке таныстыру мүмкін болмаған жағдайда, құқық қорғау органының кадр қызметі тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтың көшірмесін қызметкерге хабарламасы бар хатпен жіберуге міндетті.»;
«14. Қызметкер еңбекке уақытша жарамсыз, демалыста немесе iссапарда болған кезеңде, іссапарға жіберу оны тәртіптік жауаптылыққа тартуға байланысты болатын жағдайларды қоспағанда, сондай-ақ егер тәртіптік терiс қылық жасалған күннен бастап алты айдан астам уақыт өтсе, оған тәртiптiк жаза қолданылмайды.
15. Еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңi, демалыста, iссапарда болу, уәкілетті органдардың және лауазымды адамдардың шешімдеріне, актілері мен ұсынымдарына, тәртіптік жаза қолдану үшін негіз болып табылатын қызметтік тексеру актілеріне (қорытындыларына, нәтижелеріне) шағым жасау кезеңінде, егер жасалған тәртіптік терiс қылық туралы осы кезеңде немесе ол басталғанға дейiн белгiлi болса, жаза қолдану мерзімі тоқтатыла тұрады. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің немесе арнайы зерттеулердің (сараптамалардың) нәтижелері болмаған кезде қызметтік тергеп-тексеру және жаза қолдану мерзімінің қолданысы тоқтатыла тұруы мүмкін.»;
37) 60-бапта:
1-тармақта:
7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«7) егер бұл құқық бұзушылықтың жолын кесу, құқық бұзушының жеке басын анықтау, сондай-ақ егер хаттама жасау міндетті болып табылса, оны сол орында жасау мүмкін болмаған кезде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау мақсатында қажет болса, құқық бұзушыларды жеткізу;»;
мынадай мазмұндағы 8) тармақшамен толықтырылсын:
«8) егер жүргізуші қызметкердің тоқтату жөніндегі заңды талаптарына бағынбаса, көлік құралдарына ақау келтіру арқылы оларды тоқтату үшін қолдануға құқығы бар.»;
мынадай мазмұндағы 1-1 және 1-2-тармақтармен толықтырылсын:
«1-1. Қызметкерлердің осы Заңда атыс қаруын және өзге де қаруды қолдану рұқсат етілген барлық жағдайларда дене күшін, оның ішінде жауынгерлік күрес тәсілдерін, сондай-ақ арнайы құралдарды қолдануға құқығы бар.
1-2. Арнайы құралдың түрі, оны қолдану уақытының басталуы мен қарқындылығы орын алған жағдай, құқық бұзушылықтың сипаты және құқық бұзушының жеке басы ескеріле отырып айқындалады.»;
38) 61-баптың 1-тармағында:
мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
«2-1) құқық қорғау органының атыс қаруын және өзге де қаруды, арнайы көлік құралын тартып алу әрекеттерінің жолын кесу;»;
7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«7) қару қолдану ниеті туралы азаматтарға ескерту, дабыл сигналын беру немесе көмекке шақыру үшін;»;
39) 62-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«62-бап. Атыс қаруын және өзге де қаруды, арнайы құралдарды, дене күшін қолдану шарттары
1. Атыс қаруы және өзге де қару, арнайы құралдар, дене күші осы Заңда көзделген жағдайларда қалыптасқан жағдай негізге алына отырып қолданылады.
2. Қызметкерлер атыс қаруын және өзге де қаруды, арнайы құралдарды, дене күшін қолдануға байланысты жағдайларда әрекеттерге жарамдылығына арнайы даярлықтан, мерзімдік тексеруден өтуге міндетті.
3. Қажетті қорғаныс және аса қажеттілік жағдайларында немесе қылмыс жасаған адамды ұстаған кезде қызметкер өзінде қажетті арнайы құралдар немесе қару болмаған кезде қолда бар кез келген құралды пайдалануға, сондай-ақ осы Заңда белгіленген негіздер бойынша және тәртіппен жарақтандыруда тұрмаған өзге де қаруды қолдануға құқылы.
4. Атыс қаруын және өзге де қаруды, арнайы құралдарды, дене күшін қолданған кезде қызметкерлер:
1) атыс қаруын және өзге де қаруды, арнайы құралдарды, дене күшін қолдануды кешіктіру азаматтардың, қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін, өзге де ауыр салдарларға әкеп соқтыруы мүмкін болатын немесе қалыптасқан жағдайда мұндай ескерту орынсыз немесе мүмкін емес болып табылатын жағдайларды қоспағанда, атыс қаруын және өзге де қаруды, арнайы құралдарды, дене күшін қолдану ниеті туралы ескертуге, бұл ретте оларды қолдану көзделіп отырған адамдарға өзінің талаптарын орындау үшін жеткілікті уақыт беруге міндетті.
Атыс қаруын және өзге де қаруды, арнайы құралдарды және дене күшін бөлімшенің (топтың) құрамында қолданған жағдайда, көрсетілген ескертуді бөлімше (топ) басшысы немесе арнаулы атағы, сыныптық шені, біліктілік сыныбы жоғары қызметкер жасайды;
2) жеке тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін қажетті шаралар қолдануға;
3) атыс қаруын және өзге де қаруды, арнайы құралдарды, дене күшін қолданғаны туралы тікелей басшыға дереу баяндауға міндетті.
5. Адамдардың қаза табуына немесе өзге де ауыр салдарға әкеп соққан атыс қаруы және өзге де қару, арнайы құралдар, дене күші қолданылған әрбір оқиға туралы прокурорға дереу хабар беріледі.
6. Қызметкерлердің атыс қаруын және өзге де қаруды, арнайы құралдарды, дене күшін өз өкілеттіктерін асыра пайдалана отырып қолдануы заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.»;
40) 65-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Жиi және ұзақ ауыратын қызметкерлерді, егер еңбекке жарамсыз болған күндерiнiң саны он екі айда сол бiр ауру бойынша үзiлiссiз төрт айға дейiнгі немесе жыл iшiнде әртүрлi аурулар бойынша бес айға дейiнгi уақытты құрайтын болса, қызметтi одан әрi өткеруге жарамдылығын анықтау үшiн құқық қорғау органының кадр қызметі емдеу-профилактика мекемелерінiң ұсынулары бойынша әскери-дәрiгерлiк комиссияға медициналық куәландыруға жiбередi.»;
41) 66-баптың 4-тармағының бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Қызметкерге қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде жарақаттануы, жаралануы (контузия алуы), мертігуі, науқастануы салдарынан немесе қызметкер құқық қорғау қызметінен босатылған күнінен бір жыл өткенге дейін міндеттерін атқару кезінде жарақаттануы, жаралануы (контузия алуы), мертігуі, науқастануы салдарынан болған мүгедектік белгіленгенде біржолғы өтемақы:»;
42) 77-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы екінші және үшінші бөліктермен толықтырылсын:
«Қызметкердің бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыста болған уақыты құқық қорғау қызметiндегi өтiлiне, арнаулы атақ, сыныптық шен немесе біліктілік сыныбын беру үшiн еңбек сiңiрген жылдарына есептеледi.
Құқық қорғау органында атқаратын лауазымының қысқартылуымен ұйымдық-штаттық іс-шаралар жүргізілген жағдайда, қызметкерге біліктік талаптарына сәйкес келген кезде осы жергілікті жерде басқа бос лауазымға орналасуға мүмкіндік беріледі.»;
43) 80-баптың 1-тармағында:
17) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«17) ұсынылған лауазымға орналасудан бас тартуына және құқық қорғау органының қарамағында болу мерзімінің өтуіне байланысты;»;
мынадай мазмұндағы 18) тармақшамен толықтырылсын:
«18) құқық қорғау органының таратылуына байланысты жұмыстан шығарылады.».
3. «Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж., №7, 36-құжат; №19-I, 19-II, 96-құжат; №21, 122-құжат; №23, 143-құжат; 2015 ж., №1, 2-құжат; №15, 78-құжат):
1) 12-баптың 1-тармағында:
6) тармақшадағы «мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары қызметкерлерін» деген сөздер «табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын қызметкерлерді, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерін» деген сөздермен ауыстырылсын;
70-22) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«70-22) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын қызметкерлердің, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары қызметкерлерінің саны нормативтерін бекітеді;»;
70-26) тармақша «уәкілетті органымен келісу бойынша» деген сөздерден кейін «табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын қызметкерлердің,» деген сөздермен толықтырылсын;