90-бап. Сотталғандарды жазасын өтеу үшін жiберу
1. Сотталған адам қауіпсіздігі аралас мекеменің әкiмшiлiгi заңды күшіне енген үкімді орындау туралы сот өкімін алған күннен бастап он күннен кешіктірілмей жазасын өтеуге жіберіледі.
Осы мерзiм iшiнде сотталған адамның:
1) адвокатпен саны, ұзақтығы шектеусіз және құпиялылығы қамтамасыз етілген жағдайларда кездесуге;
2) жұбайымен (зайыбымен), туыстарымен немесе өзге де адамдармен қысқа мерзiмдi кездесуге;
3) өзінің жеке қаражатынан не өзге адамдардың қаражатынан ақысы төленетін, ұзақтығы он бес минут телефон арқылы сөйлесуге құқығы бар.
2. Қауіпсіздігі аралас мекеменің әкiмшiлiгi сотталған адамның таңдауы бойынша жұбайына (зайыбына) не туыстарының бiрiне, не өзге де адамға оның жазасын өтеу үшiн қайда жiберілетіндігі туралы жазбаша хабарламаны екі жұмыс күні ішінде жіберуге мiндеттi.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 3-бөлікпен толықтырылды
3. Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру туралы мәселені қарау үшін сотқа өтінішхат беру құқығы туындаған жағдайда, қауіпсіздігі аралас мекеменің әкімшілігі осы Кодекстің 162-бабының бірінші және тоғызыншы бөліктерінде көзделген іс-шараларды орындауға міндетті.
91-бап. Сотталғандардың орнын ауыстыру
1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандар жазасын өтеу орнына жiберiледi және жазаны өтейтін бір орыннан екiншiсiне айдауылмен ауыстырылады.
2021.29.12. № 89-VII ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Сотталғандардың айдауылмен орнын ауыстыру ұстау қағидалары сақтала отырып: ерлер - әйелдерден, кәмелетке толмағандар - ересектерден жеке; бiр қылмыстық iс бойынша өтетін тергеудегі сотталғандар - бөлек; туберкулезбен ауыратындар немесе жыныстық жолмен берілетін инфекциядан емделудiң толық курсын өтпегендер, психикалық ауытқулары бар науқастар - өзара бөлек және денi саулардан жеке, қажет болған кезде, дәрiгердiң қорытындысы бойынша - медицина қызметкерлерiнiң ерiп жүруiмен жүзеге асырылады.
3. Сотталғандардың айдауылмен орны ауыстырылған кезде олар қажетті тұрмыстық және санитариялық-гигиеналық жағдайлармен қамтамасыз етiледi.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Сотталғандардың орнын ауыстырған кезде олар бас бостандығынан айыруға сотталғандардың жазасын өтеу кезеңінде орнын ауыстыру қағидаларына сәйкес маусым бойынша киіммен, аяқкиіммен, сондай-ақ сотталғандар үшін белгіленген нормалар бойынша тамақпен қамтамасыз етіледі.
5. Сотталғандардың орнын ауыстыру бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
6. Сотталған адамды жазасын өтеу орнына жiберу немесе басқа мекемеге ауыстыру кезiнде ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы ақшасы сотталған адам жiберiлген не ауыстырылған мекеменің ақшаны уақытша орналастыратын қолма-қол ақшаны бақылау шотына аударылады.
7. Уәкілетті лауазымды адамдар сотталғандардың орнын ауыстырған кезде құпиялылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қолданады.
2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 8-бөлікпен толықтырылды
8. Белгіленген тәртіппен әлеуметтік, табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар жарияланған не сотталғандардың мекемеде болу мүмкіндігін жоққа шығаратын ерекше жағдайлар режимін енгізген жағдайда олар қылмыстық-атқару жүйесі уәкілетті органының шешімі бойынша төтенше жағдайдың салдары жойылғанға не ерекше жағдайлар режимінің мерзімі аяқталғанға дейін басқа мекемелерге ауыстырылады.
Төтенше жағдай салдарларын жою немесе ерекше жағдайлар режимін енгізуге негіз болған жағдайларды жою мүмкін болмаған кезде сотталғандар осы немесе басқа облыстағы тиісті түрдегі мекемеге жіберіледі.
2023.17.03. № 212-VІІ ҚР Заңымен 92-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 20 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
92-бап. Сотталғандарды қауіпсіздігі аралас мекемеде қалдыру және төтенше немесе толық қауіпсіз мекемеге жіберу
1. Қауіпсіздігі аралас, төтенше немесе толық қауіпсіз мекемелерде шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды орындауға жазасын орташа қауіпсіз мекемеде өтеуі тағайындалған, бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған адамдар тартылады. Қалдыру және еңбекке тарту туралы шешім олардың келісімімен, мекеме комиссиясы материалдарының негізінде қауіпсіздігі аралас мекеме бастығының қаулысы бойынша жүзеге асырылады.
Сотталған адамды төтенше немесе толық қауіпсіз мекемеге жіберу олардың бастықтарымен келісу бойынша жүзеге асырылады.
Сотталған адамды қауіпсіздігі аралас мекемеде қалдыру не төтенше немесе толық қауіпсіз мекемеге жіберу туралы қаулының көшірмесі келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей прокурорға жіберіледі.
2. Шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды орындау үшін қауіпсіздігі аралас мекемеде қалдырылған немесе төтенше немесе толық қауіпсіз мекемелерге жіберілген сотталғандар орташа қауіпсіз мекемелер үшін осы Кодексте көзделген жағдайларда, өзге адамдардан оқшауланып ұсталады.
2023.27.03. № 216-VІІ ҚР Заңымен 3-бөлікпен толықтырылды (2023 ж. 28 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді)
3. Басқа адам жасаған қылмыс туралы іс бойынша тергеу әрекеттерін жүргізу қажет болған кезде жазасын мекемелерде өтеу белгіленіп, бас бостандығынан айыруға сотталған адам қауіпсіздігі аралас мекемеде қалдырылуы, сондай-ақ прокурордың санкциясымен Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде белгіленген мерзімге басқа мекемеден ауыстырылуы мүмкін.
2023.27.03. № 216-VІІ ҚР Заңымен 4-бөлікпен толықтырылды (2023 ж. 28 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді)
4. Басқа адам жасаған қылмыс туралы іс бойынша сот талқылауына қатысу қажет болған кезде, сотталған адам орташа қауіпсіз мекемелер үшін осы Кодексте көзделген жағдайларда, істі сотта қарау уақытына сот қаулысымен қауіпсіздігі аралас мекемеде қалдырылуы мүмкін.
2023.27.03. № 216-VІІ ҚР Заңымен 5-бөлікпен толықтырылды (2023 ж. 28 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді)
5. Егер сотталған адам басқа іс бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылса және оған қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалса, оны қауіпсіздігі аралас мекемеде ұстау мерзімдері Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес айқындалады.
2023.27.03. № 216-VІІ ҚР Заңымен 6-бөлікпен толықтырылды (2023 ж. 28 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді)
6. Сотталған адам осы баптың үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген негіздер бойынша, сондай-ақ құқықтық тәртіпті ұстап тұру үшін қауіпсіздігі аралас мекемеге ауыстырылуы мүмкін.
Осы баптың үшінші және төртінші бөліктерінде көзделген негіздер бойынша қауіпсіздігі аралас мекемелерге жіберілген сотталғандар басқа адамдардан оқшауланып камераларда ұсталады және оларға түрін сот тағайындаған мекеме үшін осы Кодексте белгіленген шарттар қолданылады.
2023.27.03. № 216-VІІ ҚР Заңымен 7-бөлікпен толықтырылды (2023 ж. 28 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді)
7. Мекемелерде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қауіпсіздігі аралас мекемеге ауыстырылған сотталғандар:
1) ай сайын ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы, екі айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшердегі қаражатты тамақ өнімдері мен бірінші кезекте қажетті заттарды сатып алуға жұмсауға;
2) бір жыл ішінде екі қысқа мерзімді және екі ұзақ мерзімді кездесу алуға;
3) күн сайын ұзақтығы бір жарым сағаттық сейілдеуді пайдалануға құқылы.
Сотталғандар камераларда және қауіпсіздігі аралас мекемеде ұсталатын барлық санаттағы адамдардан оқшауланып ұсталады.
93-бап. Сотталғандарды мекемелерге қабылдау
1. Сотталғандарды мекемелерге қабылдауды мекемелердің ішкi тәртiптеме қағидаларында белгiленген тәртiппен әкімшілік жүргізеді. Бұл ретте:
1) сотталған адамның жеке басы туралы деректер және оны мекемеге жіберу негіздері;
2) мекеме жауаптылықпен сақтауға қабылдайтын, сотталған адамға тиесілі мүліктің тізімі;
3) сотталған адамның кез келген дене зақымы және оның дене бітіміне немесе психикалық жай-күйіне қатысы бар, денсаулығы туралы мәліметтер;
4) сотталған адамның шағымдары тіркеледі.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 1-1-бөлікпен толықтырылды
1-1. Әрбір сотталған адамға жеке іс арналады.
Бұл ретте жеке істерді есепке алу жазбалары жариялануға жатпайды және кәсіптік міндеттері осындай есепке алу деректеріне қолжетімділіктің болуын талап ететін адамдарға ғана беріледі.
2. Мекемелерге келген сотталғандар он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге карантин бөлiмшесіне орналастырылады. Сотталғандар карантин бөлiмшесінде болған кезеңде жазаны өтеудің дағдылы жағдайларында болады.
3. Карантин бөлімшесінде болудың мақсаты:
1) мекеме әкімшілігінің жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын айқындау үшін маңызы бар, сотталғандардың жеке басы туралы мәліметтерді зерделеу;
2) сотталғандарды жазаны өтеу тәртібімен және шарттарымен таныстыру;
3) сотталғандардың инфекциялық ауруларын анықтау және олардың таралуын алдын алу болып табылады.
94-бап. Сотталғандарды мекемелерде бөлек ұстау
1. Мекемелерде сотталған ерлер мен әйелдердi, кәмелетке толмағандар мен ересектердi бөлек ұстау белгiленеді.
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.29.12. № 89-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2023.17.03. № 212-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 20 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-бөлік өзгертілді
2. Осы баптың бесінші бөлігінде аталған адамдарды қоспағанда, бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталғандар бас бостандығынан айыруды бұрыннан өтеп жүрген сотталғандардан жеке ұсталады. Осы баптың қолданысы қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерге қолданылмайды.
Бір мекемеде бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған және бұл жазаны бұрыннан өтеп жүрген әйелдер, оның ішінде соттардың, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың бұрынғы қызметкерлері, сотталғандардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті адамдар бөлек ұсталуы мүмкін.
Басқа сотталғандардан оқшауланып, сондай-ақ бөлек: қылмыстардың қауiптi қайталануы жағдайында сотталғандар; өмiр бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандар; өмiр бойына бас бостандығынан айыру кешiрiм жасау тәртiбiмен белгiлi бiр мерзiмге бас бостандығынан айыруға ауыстырылған сотталғандар; өлiм жазасы түріндегі жазасы кешiрiм жасау тәртiбiмен немесе өлім жазасын жоятын заңның қолданылуына байланысты бас бостандығынан айыруға ауыстырылған сотталғандар ұсталады.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара); 2023.17.03. № 212-VІІ ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (2023 ж. 20 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Жекелеген мекемелерде, сотталғандығының санына қарамастан, сотталғандар - соттардың, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың бұрынғы қызметкерлері, сотталғандардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті адамдар ұсталады.
Сотталған әйелдерді - соттардың, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың бұрынғы қызметкерлерін, сотталғандардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті адамдарды жеке ұстау мүмкін болмаған жағдайда, олар мекемелерде басқа сотталғандардан бөлек ұсталуы мүмкін.
Осы бөліктің күші қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерге қолданылмайды.
4. Сотталғандарды бөлек ұстаудың осы бапта белгiленген талаптары балалар үйi бар мекемелерге қолданылмайды.
5. Әртүрлi инфекциялық аурулармен ауыратын сотталғандар бөлек және денi сау сотталғандардан жеке ұсталады. Емдеу-профилактикалық мекемелерде (ауруханаларда, мамандандырылған психиатриялық және туберкулезге қарсы ауруханаларда) сотталған ерлер сот айқындаған режим түрiне қарамастан, бiрге ұсталады. Туберкулезге қарсы ауруханаларда сотталғандарды бөлек ұстау медициналық көрсетімдермен айқындалады.
95-бап. Сотталған адамның жазасын даралау мақсатында оның мінез-құлқын бағалау
1. Жазаны орындау кезеңінде оны даралау мақсатында сотталған адамның мінез-құлқы дәрежесін айқындау арқылы оның мінез-құлқын бағалау жүзеге асырылады.
2. Сотталған адамның мінез-құлық дәрежесі:
1) осы Кодекстің 96-бабына сәйкес ол жазасын өтеп жүрген мекеме түрін өзгерту;
2) осы Кодекстің 135, 137, 139, 142, 144, 150-баптарына сәйкес оның мекемеде жазасын өтеу жағдайларын өзгерту;
3) осы Кодекстің 128, 130, 152, 154-баптарына сәйкес оның құқықтарын кеңейту не құқықтық шектеулер белгілеу үшін негіз болып табылады.
2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-бөлік өзгертілді
3. Сотталған адамның мінез-құлық дәрежесін мекеме комиссиясы ұсынатын, оның мінез-құлқын сипаттайтын материалдар (мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларын сақтауы; еңбек пен оқуға қатынасы; тәрбиелік іс-шараларға қатысуы; сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге бағытталған бағдарламаларға қатысуы; қылмыстан келтірілген зиянның орнын толтыру бойынша шаралар қолдану) негізінде мекеме бастығының қаулысымен айқындалады.
2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Сотталған адамның мінез-құлық дәрежесін айқындау мақсатында оның мінез-құлқын бағалау сотталған адам мекемеге келген күннен бастап жүзеге асырылады.
Көтермелеулері және жазалаулары жоқ не жазалауы осы Кодексте белгіленген тәртіппен өтелген сотталған адам белгілі бір мінез-құлық дәрежесі жоқ деп танылады.
Сотталған адамды бір түрдегі мекемеден екіншісіне ауыстырған жағдайда мінез-құлық дәрежесінің бұрын қойылған бағалауы оның мінез-құлқын осы Кодексте көзделген мерзімдерде мекеме комиссиясы қараған кезге дейін сақталады.
Сотталғандардың мінез-құлық дәрежелері мынадай критерийлер негізінде айқындалады:
оң сипатталатын сотталғандар үшін:
1) кемінде бір көтермелеуі болған әрі соңғы көтермелеу алған күннен бастап үш және одан көп ай бойы жазалаулары болмаған кезде - дәрежесі бірінші оң мінез-құлық;
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) кемінде бір көтермелеуі, бірінші оң мінез-құлық дәрежесі болған әрі бірінші оң мінез-құлық дәрежесін алған күннен бастап алты және одан көп ай бойы жазалаулары болмаған кезде - дәрежесі екінші оң мінез-құлық;
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) кемінде бір көтермелеуі, екінші оң мінез-құлық дәрежесі болған әрі екінші оң мінез-құлық дәрежесін алған күннен бастап бір және одан көп жыл бойы жазалаулары болмаған кезде - дәрежесі үшінші оң мінез-құлық;
теріс сипатталатын сотталғандар үшін:
1) жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзушы деп танылған кезде - дәрежесі бірінші теріс мінез-құлық;
2) жазаны өтеудің белгіленген тәртібін үнемі бұзушы деп танылған кезде - дәрежесі екінші теріс мінез-құлық;
3) жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушы деп танылған кезде - дәрежесі үшінші теріс мінез-құлық.
Сотталған адамды жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзушы, үнемі бұзушы не қаскөйлікпен бұзушы деп тану осы Кодекстің 130-бабының үшінші бөлігіне және 154-бабының төртінші бөлігіне сәйкес жүзеге асырылады.
96-бап. Мекеме түрiн өзгерту
1. Дәрежесі екінші немесе үшінші оң мінез-құлықты сотталғандар сот алдында мекеменің түрін:
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2023.17.03. № 212-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 20 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1) тармақша жаңа редакцияда
1) сотталғандар сот үкімі, қаулысы бойынша тағайындалған мерзімнің кемінде жартысын толық қауіпсіз мекемеде өтегеннен кейін - толық қауіпсіз мекемеден қауіпсіздігі барынша жоғары немесе орташа қауіпсіз мекемеге;
2) жазаны өтеудің жеңiлдетiлген және жеңілдікті жағдайларындағы сотталғандар онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшiн жаза мерзiмiнiң кемiнде төрттен бiрiн, ауыр қылмыстары үшiн - жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен бiрiн, ал бұрын бас бостандығын айыруды өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылғандар мен жазаның қалған өтелмеген бөлігі кезеңiнде жаңа қылмыстар жасағандар - жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен екiсiн өтегеннен кейін - орташа қауіпсіз немесе қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерден қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерге өзгерту туралы өтінішхат беруге құқылы.
2. Мыналар:
1) қылмыстардың қауіптi қайталануы кезінде;
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 15-тарауында көзделген қылмыстар жасағаны үшін, қылмыспен келтірілген залалды өтемегендер;
2) аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ террористік немесе экстремистік қылмыстар жасағаны үшін;
3) өмiр бойына бас бостандығынан айыруға, сондай-ақ өмiр бойына бас бостандығынан айыру кешiрiм жасау тәртiбiмен белгiлi бiр мерзiмге бас бостандығынан айырумен ауыстырылған сотталғандар;
2021.29.12. № 89-VII ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) өлім жазасы түріндегі жазасы кешірім жасау тәртібімен немесе өлім жазасын жоятын заңның қолданылуына байланысты бас бостандығынан айыруға ауыстырылған;
5) мiндеттi емделуден өтпеген, сондай-ақ емдеу-профилактикалық мекемелерiнде мамандандырылған емдеудi қажет ететiн;
6) дәрежесі теріс мінез-құлықты сотталғандар қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерге ауыстырылуға жатпайды.
2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Дәрежесі үшінші теріс мінез-құлықты және жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушылық жасаған сотталғандарға қатысты сотқа:
1) қауіпсіздігі барынша төмен мекемеден - түрі бұрын сот үкімімен айқындаған мекемеге;
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) олар сот үкімімен жіберілген қауіпсіздігі барынша төмен мекемеден - орташа қауіпсіз мекемеге ауыстыру туралы ұсыну енгізіледі.
3) 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 3-1-бөлікпен толықтырылды; 2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2023.17.03. № 212-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 20 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-1-бөлік өзгертілді
3-1. Дәрежесі үшінші теріс мінез-құлыққа ие және осы Кодекстің 130-бабы екінші бөлігінің 1), 2), 7), 9), 11) және 12) тармақшаларында көзделген жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушылық жасаған сотталғандарға қатысты сотқа орташа, барынша жоғары қауіпсіз мекемеден - олар толық қауіпсіз мекемеге қайдан жiберiлсе, сол қауіпсіздік түрiндегi мекемеде жазаның қалған мерзiмiн өтей отырып, үш жылдан аспайтын мерзiмге толық қауіпсіз мекемеге ауыстыру туралы ұсыну енгізіледі.
Бұл ретте сотқа ұсыну сотталған адам жазаны өтеудің белгіленген тәртібін алдыңғы қаскөйлікпен бұзушылығы үшін өзіне жеке адамдық камераға ауыстыру түріндегі жазалау шарасы қолданылғаннан кейін жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушылықты жасаған жағдайда енгізіледі.
Сотталған жүкті әйелдерге және жанында жас балалары бар сотталған әйелдерге, сондай-ақ мүгедектігі бар сотталғандарға қатысты мекеме түрін толық қауіпсіз мекемеге өзгертуге жол берілмейді.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 3-2-бөлікпен толықтырылды
3-2. Мекеме әкімшілігі осы баптың үшінші және 3-1-бөліктерінде көзделген мекеменің түрін өзгерту туралы ұсынумен сотқа жүгінген жағдайда, мұндай ұсыну мен материалдардың көшірмелері келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей прокурорға жіберіледі.
2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Сотталған адам жаза мерзімінің осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген бір бөлігін өтеген кезде мекеме әкімшілігі дәрежесі екінші немесе үшінші оң мінез-құлықты сотталған адамды мекеме түрін өзгерту туралы мәселені қарау үшін сотқа өтінішхат беру құқығының басталғаны туралы бес күн мерзімде жазбаша хабардар етуге міндетті.
5. Сотталған адам мекеме түрін өзгерту туралы өтінішхатпен жүгінген жағдайда, әкімшілік өтінішхатты сотталған адамның жеке басына, жазасын өтеу уақытындағы мінез-құлқына, еңбек пен оқуға деген көзқарасына мінездеме беретін материалдарды және сотталған адамның жеке ісін қоса бере отырып, он күн ішінде сотқа жіберуге, сондай-ақ көрсетілген өтінішхатты жібергені туралы прокурорды жазбаша нысанда хабардар етуге міндетті.
6. Сот мекеменің түрін өзгертуден бас тартқан жағдайда, өтінішхат енгізу сот қаулысы шығарылған күннен бастап кемінде алты ай өткеннен кейін қайтадан орын ала алады.
7. Өзіне қатысты сот қауіпсіздігі барынша төмен мекемеден түрі бұрын сот үкімімен айқындалған мекемеге немесе орташа қауіпсіз мекемеге қайтару туралы қаулы шығарған сотталған адам сот қаулысы заңды күшіне енгенге дейін қауіпсіздігі аралас мекемеде ұсталады.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 8-бөлікпен толықтырылды
8. Егер сотталған адамды мекемеден осы баптың үшінші және 3-1-бөліктерінің тәртібімен ауыстыруға негіз болған тәртіптік жазаның күшін прокурор немесе сот жойса, мекеме әкімшілігі мекеменің түрін сотталған адам ауыстырылған қауіпсіздік түріндегі мекемеге өзгерту туралы мәселені қарау үшін сотқа өтінішхатпен жүгінуге міндетті, ал сотталушы құқылы.
17-тарау. МЕКЕМЕЛЕРДЕ ЖАЗАНЫ ӨТЕУ РЕЖИМІ ЖӘНЕ ОНЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҚҰРАЛДАРЫ
97-бап. Жазаны өтеу режимінiң негiзгi талаптары
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторларында ұсталатын адамдарға қатысты - 2022 ж. 1 шілдеден, қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдарға қатысты 2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Сотталғандарды күзету мен оқшаулауды, оларды үнемі қадағалауды; оларға жүктелген міндеттердің орындалуын, олардың құқықтары мен заңды мүдделерінің іске асырылуын; сотталғандардың, персоналдың және медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін; сотталғандардың белгілі бір санаттарын бөлек ұстауды, мекеме түріне қарай әртүрлі ұстау жағдайларын; жазаны өтеу жағдайларын өзгертуді қамтамасыз ететін, Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамасында белгіленген жазаны орындау және өтеу тәртібі мекемелерде жазаны өтеу режимі болып табылады.
2. Жазаны өтеу режимі жазаны орындау мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз ететін жағдайлар жасайды.
3. Мекемелерде мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидалары қолданылады.
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда, барлық мекемелерде сотталғандар белгіленген нысандағы киімді киеді.
5. Сотталғандардың өзімен бірге алып жүруіне рұқсат етілетін заттар мен нәрселердің тізбесі мен саны мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында белгіленеді.
6. Сотталғандарға мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында көзделмеген ақша мен бағалы қағаздарды, сондай-ақ өзге де нәрселерді, құжаттарды, заттарды, бұйымдарды, заттектерді, тамақ өнімдерін сақтауға және пайдалануға тыйым салынады. Мұндайлар табылған жағдайда, оларды мекеме әкімшілігі алып қояды.
7. Сотталғандар заңда белгіленген тәртіппен иемденген ақшаны, бағалы қағаздарды, сондай-ақ нәрселерді, құжаттарды, заттарды, бұйымдарды, заттектер мен тамақ өнімдерін сақтауды мекеме әкімшілігі қамтамасыз етеді.
8. Мекемеге іргелес жатқан аумақтың шекарасын, сондай-ақ оны пайдалану режимін оның әкімшілігімен келісу бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары белгілейді.
9. Байланыс операторлары мен желілерді иеленушілер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) радиосигналды бұғаттау не абоненттік құрылғыларды санкциясыз пайдалануды анықтау және (немесе) оның жол кесу үшін арнаулы техникалық жабдықты мекеме аумағына орнату кезінде ішкі істер органдарына консультациялық-техникалық жәрдемдесуді;
2) мекемелер аумағында радиосигналдың таралуын азайту мақсатында уақтылы ден қоюды және шаралар қолдануды қоса алғанда, меншікті байланыс желілерін оңтайландыруды қамтамасыз етуге міндетті.
10. Жазаны өтеу режимін сақтауды және құқықтық тәртіпті ұстап тұруды қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері мен олардың иелігіндегі күштер мен құралдар қамтамасыз етеді.
98-бап. Жете тексеру мен тінту жүргізу
1. Мекеме қызметкерлері, сотталғандардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті адамдар мекеме аумағындағы және режимдік талаптар орнатылған, оған іргелес жатқан аумақтардағы адамдарға, олардың заттарына, көлік құралдарына жете тексеру жүргізеді және мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында көзделмеген нәрселерді, құжаттарды, заттарды, бұйымдарды, заттектерді, тамақ өнімдерін алып қояды.
2. Жедел қызметкерлердің баянаты бойынша мекемелердің қызметкерлері мен сотталғандардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті адамдар мекемеге келген адамдарға тінту жүргізеді.