10-бап. Баланың өмiр сүруге, жеке басының бостандығына, қадiр-қасиетiне және жеке өмiрiне қол сұғылмауға құқығы
1. Әрбiр баланың өмiр сүруге, жеке басының бостандығына, қадiр-қасиетiне және жеке өмiрiне қол сұғылмауға құқығы бар.
2. Мемлекет баланың жеке басына ешкiмнiң тиiспеуiн қамтамасыз етедi, оны тәнiн және (немесе) жанын жәбiрлеуден, адамдық қадiр-қасиетiн қатыгездiкпен, дөрекiлiкпен қорлаудан, кемсiтуден, жыныстық қатынас сипатындағы әрекеттерден, баланы қылмыстық iс-әрекетке және қоғамға жат әрекеттер жасауға тартудан, және оны адам мен азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтары мен бостандығына қысым жасаудың өзге де түрлерiнен қорғауды жүзеге асырады.
11-бап. Баланың сөз және ар-ождан бостандығына, ақпаратқа, қоғамдық өмiрге араласуға құқығы
1. Әрбiр баланың сөз бостандығына және өз пiкiрiн айтуға, ар-ождан бостандығына, өзiнiң қоғамдық белсендiлiгiн дамытуға, жасына сәйкес ақпарат алуға және оны таратуға, қоғамдық бiрлестiктерге, сондай-ақ басқа да коммерциялық емес ұйымдардың нысандарына және Қазақстан Республикасының заңдарымен рұқсат етiлген бейбiт жиналыстарға өз еркiмен қатысуға құқығы бар.
2015.16.11. № 403-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік органдар балалардың жеке адами тұлғасын, олардың шығармашылық бейiмдiлiгiн, әлеуметтiк белсендiлiгiн, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылығын дамытуды, олардың интеллектуалдық меншiгiн қорғауды, балалардың өмiрi мен денсаулығын сақтауды, қоршаған табиғи ортаны, тарих пен мәдениет ескерткiштерiн қорғауды өзiне мақсат тұтатын, қайырымдылықты жүзеге асыратын, мәдени және спорттық өмiрге қатысуға тартатын, демалысты ұйымдастыратын қоғамдық ұйымдарға жәрдемдеседi.
12-бап. Баланың қажеттi тұрмыс деңгейiне құқығы
1. Әрбiр баланың дене бiтiмінің, психикасы мен жан дүниесiнің толымды дамуы үшiн қажеттi тұрмыс деңгейi мен жағдайы болуға құқығы бар.
2. Мемлекет бұл жағдайлардың жасалуын әлеуметтік және экономикалық шаралар жүйесi арқылы қамтамасыз етедi.
13-бап. Баланың мүлiктiк құқықтары
1. Әрбiр баланың заңмен белгiленген тәртiппен және мөлшерде өз ата-анасынан және отбасының басқа да мүшелерiнен қаражат алуға құқығы бар. Балаға алименттер, жәрдемақылар және басқа да әлеуметтiк төлемдер ретіндегі тиесiлi сомалар ата-анасының (олардың орнындағы адамдардың) билiк етуiне келiп түседi және олар баланы күтiп-бағуға, оған білім беруге және оны тәрбиелеуге жұмсалады.
2. Әрбiр баланың заңдарда белгiленген тәртiппен өз бетiнше немесе өзiнiң заңды өкілдері арқылы мәмiлелер жасауға, банктерде салымы болуға және жалақысына, стипендиясына немесе өзге де кiрiстерiне және интеллектуалдық меншiк құқығы объектiлерiне билiк етуге, өзге де мүлiктiк құқықтарды иемденiп aлуға және оларды жүзеге асыруға құқығы бар.
Ата-аналар немесе заңды өкілдер баланың жәрдемақысын немесе материалдық көмек ретiнде мемлекет бөлген ақшалай қаражатты баланың атына банкке салуға құқылы.
3. Әрбiр баланың өзi тапқан табысқа, өзi сыйға немесе мұра ретiнде алған мүлiкке, сондай-ақ баланың қаражатына сатып алынған басқа да кез келген мүлiкке меншiк құқығы бар.
Өз еңбегiмен табыс табатын бала, егер ол ата-анасымен бiрге тұратын болса, отбасын асырауға жұмсалатын шығындарды бөлiсуге қатысуға құқылы.
Баланың өзiне меншiк құқығымен тиесілі мүлiкке билiк ету құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарымен айқындалады.
2010.23.11. № 354-IV ҚР Заңымен 14-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2013.04.07. № 126-V ҚР Заңымен 14-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
14-бап. Баланың тұрғын үйге құқығы
1. Әрбiр баланың Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үйге құқығы бар.
2. Білім беру ұйымдарындағы, медициналық және басқа да ұйымдардағы, оның ішінде қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін ұйымдардағы, қорғаншылықтағы немесе қамқоршылықтағы, патронаттық тәрбиедегі жетiм бала, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тұрғын үйге меншiк құқығын немесе тұрғын үйді пайдалану құқығын caқтайды, ал құқығы болмаған жағдайда олардың Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй алуға құқығы бар.
Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй жетiм балаларда, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларда олар білім беру ұйымдарында, медициналық және басқа да ұйымдарда, оның ішінде қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін ұйымдарда, қорғаншылықта немесе қамқоршылықта, патронаттық тәрбиеде болған кезеңде олар кәмелетке толғанға дейін сақталады.
3. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, оның iшiнде жетiм балаларды оларға басқа тұрғын үй берiлмейiнше, тұрып жатқан тұрғын үйінен шығаруға болмайды.
4. Осы баптың 2-тармағында аталған балалардың тұрғын үйге меншiк құқығын немесе тұрғын үйді пайдалану құқығын сақтауды жергiлiктi атқарушы органдар қамтамасыз етедi.
5. Он төрт жасқа толмаған жетім баланың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың тұрғын үйін иеліктен шығару, оның ішінде айырбастау немесе сыйға тарту бойынша мәмілелер жасауға немесе олардың атынан кепілгерлік шартын, тұрғын үйді өтеусіз пайдалануға тапсыру немесе кепілге қою бойынша мәмілелер, заң жүзінде, өсиет бойынша оларға тиесілі мұрагерлік құқықтардан бас тартуына, олардың тұрғын үйін бөлуге немесе одан үлес бөліп алуға әкеп соқтыратын мәмілелер жасасуға жол берілмейді.
2013.04.07. № 126-V ҚР Заңымен 14-1-баппен толықтырылды
14-1-бап. Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтауды қамтамасыз ету
1. Жергiлiктi атқарушы органдар:
1) жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін есепке алуды жүргізеді және оның сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
2) жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронаттық тәрбиелеуге, білім беру ұйымдарына, медициналық және басқа да ұйымдарға орналастырылғанға дейін олардың тұрғын үйін сақтауды қамтамасыз етеді;
3) жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйіне қорғаншылық белгiлейдi.
2. Баланың заңды өкілдері жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтауды қамтамасыз етеді.
Баланың заңды өкілдері қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның келісімімен, жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін үлгі шарт негізінде жалдауға (қосымша жалдауға) бере алады.
Тұрғын үйді жалдау (жалға алу) шарты бойынша алынған ақша жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың банктік шотына есептелуге жатады.
Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтау қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтау қағидалары:
1) жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін есепке алу;
2) жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйіне қорғаншылық белгілеу;
3) жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін жалдауға (жалға) тапсыру;
4) баланың заңды өкілдерінің жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтау жөніндегі міндеттерді орындауын бақылауды жүзеге асыру тәртібін қамтиды.
3. Жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдары және баланың заңды өкілдері жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
15-бап. Баланың білім алуға құқығы
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Әрбiр баланың білім алуға құқығы бар және Қазақстан Республикасының білім туралы заңдарына сәйкес оған тегiн бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім және конкурстық негiзде тегiн техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім алуға кепiлдiк берiледi.
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Тегiн жалпы орта білім немесе техникалық және кәсіптік білім алғанға дейiн баланы мемлекеттік білім беру мекемесiнен шығару, шығарудың жалпы тәртібін сақтаумен қатар тек қорғаншы және қамқоршы органдарды хабардар ете отырып қана жүргiзiлуi мүмкiн.
2021.26.06. № 56-VII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалауға сәйкес арнаулы педагогикалық тәрбиенi қажет ететiн мүмкіндігі шектеулі балаларға мемлекеттік бюджеттен белгiленген стандарттар деңгейiнде олардың білім алуына кепiлдiк беретiн қосымша қаражат бөлінеді.
4. Мемлекет балалардың білім алу кезеңiнде әлеуметтiк қорғауды қажет ететiндерiнің күтiп-бағу шығынын толық немесе iшiнара көтередi. Олардың білім алу кезеңiнде әлеуметтiк көмектің мөлшерлерi мен көздерiн Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейдi.
16-бап. Баланың еңбек бостандығына құқығы
1. Әрбiр баланың еңбек бостандығына, қызмет және кәсiп түрлерiн еркiн таңдауға құқығы бар.
2. Балалар он төрт жастан бастап, ата-аналарының рұқсатымен оқудан бос кезiнде денсаулығына және өсіп-жетiлуiне оңтайлы, баланың дене бiтiмiне, имандылығына және психикалық жай-күйiне зиян келтiрмейтiн қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға, сондай-ақ мамандық алуға құқығы бар. Бұл құқықты халықты еңбекпен қамту қызметi мен жергiлiктi мемлекеттік басқару органдары қамтамасыз етедi.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2010.23.11. № 354-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлермен еңбек шартын жасасу және оны бұзу тәртібі және олардың еңбегін реттеудің басқа да ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленедi.
2010.23.11. № 354-IV ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Баланы оның денсаулығына қауіп төндіруі немесе білім алуына кедергі келтіруі не оның денсаулығына және дене бітімі, ақыл-ойы, рухани, моральдық және әлеуметтік жағынан дамуына нұқсан келтіруі мүмкін кез келген жұмысты орындауға қабылдауға немесе тартуға тыйым салынады.
2010.23.11. № 354-IV ҚР Заңымен 16-1-баппен толықтырылды
16-1-бап. Баланың экономикалық қанаудан қорғалу құқығы
Әрбір баланың экономикалық қанаудан қорғалуға құқығы бар.
17-бап. Баланың мемлекеттік көмекке құқығы
1. Мемлекеттік көмек оны алуға құқығы бар әрбiр балаға тағайындалады. Мемлекеттік көмектің мөлшерi және оны көрсетудің шарты мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
2. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оның iшiнде жетiм балалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес толық мемлекеттік қамсыздандырылуда болады.
3. Мемлекеттік органдар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған әрбiр балаға, қорғаншылық немесе қамқоршылық нысанына қарамастан, бiрдей материалдық және өзге де жағдайларды қамтамасыз етедi.
18-бап. Мемлекеттік ең төменгi әлеуметтiк стандарттарды белгiлеу
1. Балалардың мүддесiн көздейтiн мемлекеттік саясат мемлекеттік ең төменгi әлеуметтiк стандарттар негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік ең төменгi әлеуметтiк стандарттар әлеуметтiк қызмет көрсетулер бойынша белгiленген ең төменгi көлемде мыналарды:
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес кепiлдiк берiлген, жалпыға бiрдей қолжетiмдi тегiн бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім мен конкурстық негiзде тегiн техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім берудi;
2) балаларға тегiн медициналық қызмет көрсетудi, оларды тамақтандырудың ең төменгi нормаларына сәйкес тамақтандыруды қамтамасыз етудi;
3) он бес жасқа толған балалардың кәсiби бағдарлау, қызмет саласын таңдау, жұмысқа орналасу, еңбегiнің қорғалу, еңбегiне ақы төлену құқығын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен кепілдi қамтамасыз етудi;
4) балаларға әлеуметтiк қызмет көрсету, оларды әлеуметтiк қорғау, соның iшiнде туылуы мен тәрбиеленуiне байланысты, балалары бар азаматтарға мемлекеттік жәрдемақы төлеу жолымен кепiлдi материалдық қолдауды қамтамасыз ету, сондай-ақ өмiрлiк қиын ахуалға тап болған балаларды әлеуметтiк бейiмдеу және әлеуметтiк оңалту жөніндегі шараларды;
5) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдарына сәйкес тұрғын үйге құқығын қамтамасыз етудi;
6) балаларды сауықтыру мен олардың демалысын ұйымдастыруды, соның iшiнде төтенше жағдайларда, сондай-ақ экологиялық жағынан қолайсыз және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сондай деп танылған аумақтарда тұратын балаларды сауықтыруды ұйымдастыруды;
7) біліктi заң көмегiн көрсетудi қамтиды.
3. Мемлекеттік ең төменгi әлеуметтiк стандарттар олардың өмiр сүру жағдайларындағы аймақтық айырмашылықтар ескерiле отырып айқындалады. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергiлiктi мемлекеттік басқарудың органдары қосымша әлеуметтiк стандарттар белгiлей алады.
4. Тиiстi білім беру ұйымдарындағы, арнаулы оқу-тәрбие ұйымдарындағы, денсаулық сақтау, әлеуметтiк қызмет көрсету ұйымдарындағы немесе өзге де мекемелер мен ұйымдардағы балалардың өздерiне ұсынылған қызмет көрсетулердiң мемлекеттік ең төменгi әлеуметтiк стандарттарға сәйкестiгін мезгiл-мезгiл бағалап отыруға құқығы бар.
19-бап. Баланың дем алуға және бос уақытын пайдалануға құқығы
1. Әрбiр бала өзiнiң жасына, денсаулығына және қажеттерiне қарай демалуға және бос уақытын пайдалануға құқылы.
2. Ата-анасы немесе олардың орнындағы адамдар өздерiнiң қабiлеттерi мен мүмкiндiктерiне сәйкес баланың күтiлуi мен жан-жақты дамуына қажеттi өмiрлiк жағдайларды қамтамасыз етедi.
3. Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес балалардың сауықтыру, спорт, шығармашылық және бос уақытын пайдаланатын өзге де ұйымдарын, лагерьлер мен санаторийлердi құрады және оларды қолдап отырады.
4. Мемлекет балалардың демалуға, сауығуға және бос уақытын пайдалануға құқығын қамтамасыз ету жөніндегі iс-шараларды жүзеге асырады.
2011.11.10. № 484-IV ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Балалардың сауықтыру, спорт, шығармашылық және бос уақытты өткізетін өзге де ұйымдарында, лагерьлері мен санаторийлерінде құдайға құлшылық етуді, дiни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізуге, сондай-ақ діни ілімдерді таратуға бағытталған іс-әрекеттерге жол берілмейді.
20-бап. Баланың мiндеттерi
Әрбiр бала Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандығын, ар-ожданы мен қадiр-қасиетiн, Республиканың мемлекеттік нышандарын құрметтеуге, еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға, тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қам-қарекет жасауға, тарих және мәдениет ескерткiштерiн сақтауға, табиғатты сақтауға және табиғи байлықтарға ұқыпты қарауға мiндеттi.
4-тарау. Бала және отбасы
2010.23.11. № 354-IV ҚР Заңымен 21-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
21-бап. Баланың отбасында өмiр сүру және тәрбиелену құқығы
Баланың мүдделерiне қайшы келетiн жағдайларды қоспағанда, әрбiр баланың отбасында өмiр сүруге және тәрбиеленуге құқығы, өзiнiң ата-анасын және басқа да жақын туыстарын бiлуге құқығы, олардың қамқорлығы мен тәрбиесiн алуға құқығы бар.
2010.23.11. № 354-IV ҚР Заңымен 22-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
22-бап. Баланың отбасындағы құқықтары
Әрбір бала отбасында Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында белгіленген жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтарға ие.
2010.23.11. № 354-IV ҚР Заңымен 23-баптың орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді
23-бап. Бала тәрбиелеп отырған отбасыларына мемлекеттік қолдау
Мемлекет бала тәрбиелеп отырған отбасыларына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен әлеуметтiк көмек беру арқылы қолдау көрсетедi.
24-бап. Ата-анасының баланы тәрбиелеу, күтiп-бағу және асырау жөніндегi мiндетi
2019.01.04. № 240-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Ата-анасы немесе басқа да заңды өкілдері баланың жан-жақты дамуы үшiн қажеттi өмір сүру жағдайын жасауға мiндеттi.
2. Ата-анасы баланы тәрбиелеуге, оны күтiп-бағуды жүзеге асыруға, материалдық жағынан қолдап, оның әл-ауқатына қамқорлық жасауға, тұрғын үймен қамтамасыз етуге міндеттi.
25-бап. Баланың ата-анасымен бipгe тұру құқығы
1. Баланың өз ата-анасымен немесе басқа да заңды өкілдерiмен бiрге тұруға құқығы бар.
2. Баланың, ата-анасының немесе заңды өкілдерiнiң ықтиярынсыз баланы ата-анасынан немесе заңды өкілдерiнен айыруға тыйым салынады. Оларды айыру туралы шешiмдi ерекше жағдайларда және баланы қорғау мақсатында қандай дәрежеде қажет болуына қарай сот қана қабылдайды.
3. Ата-анасы бiр-бiрiнен бөлек тұрған жағдайда баланың тұратын жерi ата-анасының келісімiмен, ал ол болмаған жағдайда, ата-аналар арасындағы дау сот арқылы шешiледi. Бұл орайда сот бала ата-анасының жеке қасиеттерi мен жағдайларын, сондай-ақ баланың мүдделерi мен пiкiрiн ескередi.
26-бап. Баланың өзiнен бөлек тұратын ата-анасымен қарым-қатынас жасау құқығы
1. Баланың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн жағдайлардың болуын қоспағанда, баланың өзiнен бөлек тұратын ата-анасы туралы ақпарат алуға, олармен кездесiп, араласып тұруға құқығы бар.
2. Бала құқығын шектеуге байланысты туындаған, осы бапта көзделген даулар сот тәртібімен шешiледi.
5-тарау. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың құқықтары
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 27-бап жаңа редакцияда (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
27-бап. Қорғаншылық, қамқоршылық, патронат және баланы қабылдайтын отбасы
1. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаға қорғаншылық, қамқоршылық немесе патронат белгіленеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтарының қорғалуы үшін ол баланы қабылдайтын отбасына берілуі мүмкін.
2. Жасы он төртке толмаған балаларға қорғаншылық белгіленеді, ал он төрттен бастап он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандарға қамқоршылық белгіленеді.
3. Жергілікті атқарушы органдар қорғаншылық және қамқоршылық органдары болып табылады.
4. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, оның ішінде тәрбиелеу, емдеу немесе басқа да мекемедегі балаға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес патронат белгіленуі мүмкін.
5. Тәрбиелеу мекемесіндегі жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес баланы қабылдайтын отбасына берілуі мүмкін.
6. Аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары) бар балаға қорғаншылық немесе қамқоршылық белгіленген жағдайда, олардың бірге тұруы үшін жағдай жасалады.
28-бап. Бала асырап алу
Отбасында өсiріп-жетiлдiру мен тәрбиелеу үшiн жағдайлар жасау мақсатында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен асырап алуға берiлуi мүмкін.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 28-1-баппен толықтырылды
28-1-бап. Бала қонақтайтын отбасы
Барлық үлгідегі (білім беру, медициналық және басқа да) ұйымдардағы жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар білім беру процесіне байланысты емес кезеңдерде (каникулдар, демалыс және мереке күндері) бала қонақтайтын отбасыларға берілуі мүмкін.
2009.11.07. № 185-IV ҚР Заңымен 29-бап өзгертілді (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
29-бап. Баланы тәрбиелейтiн, емдейтiн және сол сияқты өзге де мекемелерде күтiп-бағу мен тәрбиелеу
1. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала, оны отбасында тәрбиелеуге беруге мүмкіндiк болмаған жағдайда, тәрбиелейтiн, емдейтiн немесе сол сияқты өзге де балалар мекемелерiне орналастырылуға тиiс.
2. Балаға тиесiн алимент, жәрдемақы және басқа әлеуметтiк төлемдер оның банк шотына аударылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен төленедi.
3. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған тәрбиелейтiн, емдейтiн және сол сияқты өзге де мекемелердегi балаға отбасылық тәрбиеге жақындатылған жағдай жасалады. Баланың күтіп-бағуды пайдалануға, тәрбие, білім алуға, жан-жақты дамуға, ар-ожданы мен қадiр-қасиетінің құрметтелуiне, өз мүдделерiнің қамтамасыз етiлуiне, ана тiлінiң, мәдениетiнiң, ұлттық әдет-ғұрпы мен дәстүрiнің сақталуына құқығы бap.
4. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленетiн, емделетiн және сол сияқты өзге де мекемелердiң аталған мекемелердегi балаларға қатысты педагогикаға жат немесе азғындық әрекеттер жасаған қызметкерлерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
2010.23.11. № 354-IV ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған тәрбиелейтiн, емдейтiн және соған ұқсас басқа да мекемелердегi баланың құқықтары мен мүдделерiн қорғауды, оның жұмысқа орналасуына жәрдемдесудi жергiлiктi атқарушы органдар жүзеге асырады. Ата-анасынан кәмелеттiк жасқа толғанға дейiн айрылған жетiм балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдарына сәйкес пайдалануға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беріледi.
30-бап. Баланың құқықтарын қорғау жөніндегi функцияны жүзеге асыратын ұйымдар
2010.29.12. № 372-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.26.12. № 517-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.18.02. № 175-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді; 2019.01.04. № 240-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Туғаннан үш жасқа дейiнгi жетiм балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, туғаннан төрт жасқа дейiнгi психикасының және дене бiтiмiнiң дамуында кемiстiгi бар балаларға арналған, баладан бас тарту қаупі бар отбасыларды психологиялық-педагогикалық қолдауды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарына туғаннан үш (төрт) жасқа дейiнгi жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қабылданады. Туғаннан үш жасқа дейiнгi жетiм балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, туғаннан төрт жасқа дейiнгi психикасының және дене бiтiмiнiң дамуында кемiстiгi бар балаларға арналған, баладан бас тарту қаупі бар отбасыларды психологиялық-педагогикалық қолдауды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарында балаларды уақытша күтіп-бағу үшін арнаулы бөлімше ашылады.