Жерлерді сақтап қою қағидаларын бекiту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 29 қыркүйектегі № 993 Қаулысы
(2021.23.12. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2023 жылғы 8 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
ҚР Үкіметінің 2020.02.03. № 91 Қаулысымен тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
ҚР Үкіметінің 2020.02.03. № 91 Қаулысымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қоса беріліп отырған Жерлерді сақтап қою қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігімен, Денсаулық сақтау министрлігімен, Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Қазақстан Республикасының Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттiгiмен, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінiң Атом энергетикасы жөніндегі комитетiмен бiрлесiп, құзыретi шегiнде үш ай мерзiмде топырақты ластайтын зиянды заттардың, зиянды микроорганизмдер мен басқа да биологиялық заттардың шектi жол берiлетiн шоғырлануының нормативтерiн бекiтсiн.
3. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
1) «Азып-тозған, ластанған және бүлiнген жерлердi алудың, қорғаудың, пайдаланудың және консервациялаудың тәртібі туралы ереженi бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1997 жылғы 16 маусымдағы № 976 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1997 ж., № 27, 242-құжат);
2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне жер қатынастарын реттеу бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2001 жылғы 29 тамыздағы № 1123 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне енгiзілген өзгерістер мен толықтырулардың 4-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., № 30, 339-құжат).
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
ҚР Үкіметінің 2020.02.03. № 91 Қаулысымен ереже жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2003 жылғы 29 қыркүйектегі
№ 993 қаулысымен
бекітілген
Жерлердi сақтап қою қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Жерлердi сақтап қою қағидалары (бұдан әрi - Қағидалар) топырақ құнарлылығын сақтау және қалпына келтiру, қоршаған ортаны жақсарту және халықтың денсаулығын қорғау мақсатында ауыл шаруашылығының тозған алқаптарын, шектi жол берiлетiн шоғырлануының және шектi жол берiлетiн әсер ету деңгейiнiң белгiленген нормативтерiнен тыс химиялық, биологиялық, радиоактивтi және басқа да зиянды заттармен, өндiрiс және тұтыну қалдықтарымен, сарқынды сулармен ластанған жерлердi, карантиндiк объектілермен, бөтен текті түрлер мен аса қауіпті зиянды организмдермен залалданған жерлердi (бұдан әрі - бүлінген жерлер) сақтап қою, сондай-ақ ядролық қару сынақтары жүргiзiлген жер учаскелерiн алып қою және қорғау тәртiбiн белгiлейдi.
2. Осы Қағидаларда қолданылатын ұғымдар:
аса қауiптi зиянды организмдер - кезең-кезеңмен жаппай көбеюге және таралуға бейiм, экономикалық, экологиялық залал келтiретiн және уәкілетті орган бекiтетiн аса қауiптi зиянды организмдер тiзбесiне енгiзiлген зиянкестер мен өсiмдiктер аурулары;
биологиялық ластану - жерлердiң бактериологиялық, гельминтологиялық, энтомологиялық және карантиндiк ластануы;
бөтен текті түр - Қазақстан Республикасының флорасы мен фаунасында жоқ, пайда бола қалған жағдайда елеулі экономикалық және экологиялық залал келтіруі мүмкін, өсімдіктің және арамшөптің ауруын қоздырушы жәндіктің түрі;
жерлердi сақтап қою - жерлердi шаруашылық айналымнан уақытша шығару;
жерлердiң ластануы - антропогендiк қызметтiң нәтижесiнде жерде шектi рұқсат етiлетiн зиянды заттар нормативтерiнен асып түсетiн, жердiң құндылығын төмендететiн, ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң сапасын, қоршаған ортаның басқа да объектiлерiн, халықтың тұру жағдайын нашарлататын мөлшерде әртүрлi заттар мен организмдердiң жинақталуы;
жерлердiң тозуы - жердiң табиғи ортаның элементi ретiндегi функциясының өзгеруiне, оның сандық және сапалық жағдайының нашарлауына, табиғи-шаруашылық мәнiнiң төмендеуiне әкелiп соқтыратын процестер жиынтығы;
зиянды организмдер - топыраққа, өсiмдiкке және ауыл шаруашылығы өнiмiне терiс әсер ететiн зиянкестер, арамшөптер және өсiмдiктердiң аурулары;
карантиндік объект - өсімдіктерге және өсімдік өніміне айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін, Қазақстан Республикасының аумағында жоқ немесе шектеулі таралған, Еуразиялық экономикалық одақтың карантиндік объектілерінің бірыңғай тізбесіне және (немесе) өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шаралар белгіленетін және жүзеге асырылатын карантиндік объектілер мен бөтен текті түрлердің тізбесіне енгізілген өсімдіктер ауруын қоздырғыш зиянкес немесе арамшөп;
радиоактивтi ластану - жерлердiң радионуклидтермен, оның iшiнде ядролық қаруды сынаудың, радиациялық авариялардың, ядролық қондырғылар жұмысының, иондаушы сәулелену көздерiн, радиоактивтi заттар мен қалдықтарды сақтау және көму пункттерiн пайдаланудың, сондай-ақ атом энергиясын пайдалануға байланысты өзге де қызметтiң нәтижесiнде ластануы;
химиялық ластану - топырақтың химиялық құрамының адамдардың өндiрiстiк, ауыл шаруашылық, тұрмыстық немесе өзге де қызметiнiң салдарынан оның құнарлылығы мен сапасының төмендеуiн тудыратын өзгеруi;
шаруашылық-тұрмыстық ластану - жерлердiң топырақтың физикалық және химиялық қасиеттерiнiң жағымсыз өзгеруiн тудыратын өндiрiстiк қалдықтармен және сарқынды сулармен ластануы.
3. Осы Қағидалар пайдалы қазбалардың кен орындарын игеру, минералдық шикiзаттың өңделген қалдықтарын жинақтау, қоқыс жинақтауыштар, күл-қож үйiндiлерi, геологиялық барлау, iздестiру, құрылыс және өзге де жұмыстарды орындау үшiн белгіленген тәртiппен берілген, пайдаланылуы олардың бүлінуіне байланысты болатын бүлiнген (бүлiнетiн) жер учаскелерiне қолданылмайды.
2-тарау. Бүлінген жерлердi анықтау, зерттеп-қарау және сақтап қою
4. Бүлінген жерлердi анықтау жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу үшiн жер учаскесiнің меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының өтініш хаты, жергiлiктi атқарушы немесе өзге де құзыреттi органның бастамасы негiз болып табылады.
ҚР Үкіметінің 2021.23.12. № 924 Қаулысымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Бүлiнген жерлердi анықтауды белгiленген өкiлеттiктерi шегiнде жергiлiктi атқарушы органдар, жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі - орталық уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері), қоршаған ортаны қорғау жөніндегі уәкілетті орган және басқа да уәкілетті органдар өздері жерлердiң пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыруы тәртібімен жүргізеді немесе ол арнайы далалық зерттеп-қарау нәтижесінде жүргізіледі.
ҚР Үкіметінің 2021.23.12. № 924 Қаулысымен 6-тармақ өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органы жерлердiң ластану деңгейi мен бүлiну дәрежесiн белгілеу, келтiрiлген залалды айқындау, бүлінген жерлерден болған салдарды жою мақсатында арнайы комиссия (бұдан әрі - комиссия) құрады.
Комиссияның құрамына жер қатынастары, қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органдардың, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің, ауыл шаруашылығының, орталық уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерінің және басқа да құзыреттi органдар мен ұйымдардың мамандары кiредi.
7. Комиссия екі ай мерзімде жиналған материалдарды жинап, талдайды және жер ресурстарын басқару, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі органдардың және басқа да уәкілетті органдардың нормативтік-нұсқаулық құжаттары мен әдістемелік нұсқауларына сәйкес бұзылған жерлердің ластану деңгейін анықтау мақсатында аумақты тексереді.
Қолда бар материалдар жеткіліксіз болған жағдайда комиссия тиісті мемлекеттік органға қосымша зерттеулер жүргізу қажеттігі туралы ұсыныс енгізеді.
Комиссияның, денсаулық сақтау, ғылым және ғылыми-техникалық қызмет және білім беру саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың қорытындылары аумақты зерттеу материалдарымен бірге Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және мерзімдерде экологиялық сараптама жүргізу үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға беріледі.
8. Жерлердiң ластану деңгейi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен бекiтiлген топырақты ластайтын зиянды заттардың, зиянды микроорганизмдердiң және басқа да биологиялық заттардың шектi жол берiлетiн шоғырлануының нормативтерiне сәйкес анықталады.
9. Комиссияның зерттеп-қарау материалдары комиссияның барлық мүшелерi қол қойған қорытындыда жинақталып қорытындылануы тиiс.
Қорытындыда:
меншiгiнде немесе пайдалануында бүлінген жер учаскесi бар тұлғаның деректерi;
жердiң бүлiнуiне әкеп соққан объектілер;
егер жерлердi ластаған, бүлдiрген, ауру жұқтырған тұлға анықталса, оның деректерi;
бүлiнген жерлердің түрi мен алаңы (орналасқан орнын схемада бұрыш координаттарымен нақтылап);
жердін сапалық жай-күйi бойынша бүлінген жерлердiң дәрежесі;
жер ресурстарына келтiрiлген залалды бағалау;
халықтың денсаулығына қауіпті бағалау;
бүлінген жерлердi қалпына келтiру бойынша ұсынылатын iс-шаралар, пайдаланудың нысаналы мақсатын өзгерту немесе пайдаланудың арнайы режимiн белгiлеу не шаруашылық айналымынан толық шығару ұсынылатын жер учаскелерiн бөле отырып, бүлiнген жерлердi одан әрi шаруашылыққа пайдалану жөнiндегi iс-шаралар көрсетіледi.
10. Бүлiнген жерлердiң топырағының құнарлылығын қалпына келтiру мүмкiн болмаған жағдайда, жердi сақтап қою жүргiзiледi.
11. Жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi орган (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) бір айы мерзімде комиссия қорытындысы, экологиялық сараптама және жердi зерттеп-қарау материалдары негiзiнде қоршаған ортаны қорғау жөніндегі, мемлекеттiк санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, ауыл шаруашылығы аумақтық және басқа да уәкiлеттi органдармен келiсiлген бүлінген жерлердi одан әрi пайдалану (нысаналы мақсатын өзгерту; пайдаланудың арнайы режимiн белгiлеу; жерлердi сақтап қою; шаруашылық айналымнан толық шығару) туралы шешiмнiң жобасын дайындайды және оны облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органының бекiтуiне енгiзедi.
Жерді сақтап қою туралы қабылданған шешімнің негізінде жерге орналастыру жобасы әзірленеді, онда жерді сақтап қою мерзімдері, жердің бұзылуының алдын алу, топырақ құнарлылығын және ластанған аумақтарды қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар, оларды жүргізудің кезектілігі, сондай-ақ аталған іс-шаралар аяқталғаннан кейін жерді пайдалану жөніндегі ұсыныстар айқындалады.
12. Сақтап қоюға жататын жер учаскелерi азаматтық заңнамаға сәйкес оларды сақтап қою кезеңiне жер учаскелерiнің меншiк иелерiнен немесе жер пайдаланушылардан алынады және тиiстi аудандық атқарушы органдардың босалқы жерлерінің құрамына ауыстырылады.
Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларға жерлердi сақтап қоюға байланысты келтiрiлген шығындар Жер кодексінде көзделген тәртiппен өтелуге тиiс.
13. Сақтап қою жағдайындағы жер учаскелерiнiң шекаралары жергiлiктi жерде арнайы белгілермен белгіленедi. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органы бұл жерлер бойынша шаруашылық қызметке жол бермеу мақсатында оларды қорғауды қамтамасыз ететiн режим белгiлейдi.
3-тарау. Ядролық қару сынақтары жүргiзiлген жер учаскелерiн алып қою және қорғау
14. Ядролық қару сынақтары жүргiзiлген жерлердi босалқы жерлердiң құрамына ауыстыру туралы материалдарды тиiстi облыстық атқарушы органдардың өтінішхаты бойынша жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган қоршаған ортаны қорғау және атом энергиясын пайдалану жөнiндегi мемлекеттiк органдармен бiрлесiп дайындайды және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарауына жолдайды.
15. Ядролық қару сынақтары жүргiзiлген жер учаскелерiн ядролық қаруды сынаудың зардаптарын жою жөнiндегi барлық iс-шаралар және кешендi экологиялық зерттеп-қарау аяқталғаннан кейiн мемлекеттiк санитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде ғана Қазақстан Республикасының Үкiметi жеке меншiкке немесе жер пайдалануға беруi мүмкiн.
Кешендi экологиялық зерттеп-қарау жұмыстарының құрамын, әдісін, сондай-ақ орындаушысын атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi орталық атқарушы органмен келiсу бойынша айқындайды.