Жерді сақтап қою ережесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 2003 жылғы 29 қыркүйектегі № 993 қаулысы
(2006.06.06. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2020 жылғы 2 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса берiлiп отырған Жердi сақтап қою ережесi бекітілсiн.
2. Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігімен, Денсаулық сақтау министрлігімен, Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Қазақстан Республикасының Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттiгiмен, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінiң Атом энергетикасы жөніндегі комитетiмен бiрлесiп, құзыретi шегiнде үш ай мерзiмде топырақты ластайтын зиянды заттардың, зиянды микроорганизмдер мен басқа да биологиялық заттардың шектi жол берiлетiн шоғырлануының нормативтерiн бекiтсiн.
3. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
1) "Азып-тозған, ластанған және бүлiнген жерлердi алудың, қорғаудың, пайдаланудың және консервациялаудың тәртібі туралы ереженi бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1997 жылғы 16 маусымдағы № 976 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1997 ж., № 27, 242-құжат);
2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне жер қатынастарын реттеу бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2001 жылғы 29 тамыздағы № 1123 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне енгiзілген өзгерістер мен толықтырулардың 4-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., № 30, 339-құжат).
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2003 жылғы 29 қыркүйектегі № 993 қаулысымен
бекітілген
Жердi сақтап қою ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы Жердi сақтап қою ережесi (бұдан әрi - Ереже) топырақ құнарлылығын сақтау және қалпына келтiру, қоршаған ортаны жақсарту және халықтың денсаулығын қорғау мақсатында ауыл шаруашылығының тозған алқаптарын, шектi жол берiлетiн шоғырлануының және шектi жол берiлетiн әсер ету деңгейiнiң белгiленген нормативтерiнен тыс химиялық, биологиялық, радиоактивтi және басқа да зиянды заттармен, өндiрiс және тұтыну қалдықтарымен, сарқынды сулармен ластанған жердi, бүлiнген жердi, сондай-ақ карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк аурулары жұққан жердi сақтап қою тәртібін белгiлейдi.
2. Осы Ережеде қолданылатын ұғымдар:
жердiң тозуы - жердiң табиғи ортаның элементi ретіндегі функциясының өзгеруiне, оның сандық және сапалық жағдайының нашарлауына, табиғи-шаруашылық мәнiнiң төмендеуiне әкелiп соқтыратын процестер жиынтығы;
жердiң ластануы - антропогендiк қызметтiң нәтижесiнде жерде шектi рұқсат етiлетiн зиянды заттар нормативтерiнен асып түсетiн, жердiң құндылығын төмендететiн, ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң сапасын, қоршаған ортаның басқа да объектілерін, халықтың тұру жағдайын нашарлататын мөлшерде әртүрлi заттар мен организмдердiң жинақталуы;
радиоактивтi ластану - жердiң радионуклидтермен, оның iшiнде ядролық қаруды сынаудың, радиациялық авариялардың, ядролық қондырғылардың жұмыс iстеуiнiң, иондаушы сәулелену көздерiн, радиоактивтi заттар мен қалдықтарды сақтау және көму пункттерiн пайдаланудың, сондай-ақ атом энергиясын пайдалануға байланысты өзге де қызметтiң нәтижесiнде ластануы; химиялық ластану - топырақтың химиялық құрамының адамдардың өндiрiстiк, ауыл шаруашылық, тұрмыстық немесе өзге де қызметiнiң салдарынан оның құнарлылығы мен сапасының төмендеуiн тудыратын өзгеруi;
биологиялық ластану - жердiң бактериологиялық, гельминтологиялық, энтомологиялық және карантиндiк ластануы;
шаруашылық-тұрмыстық ластану - жердiң, топырақтың физикалық және химиялық қасиеттерiнiң жағымсыз өзгеруiн тудыратын өндiрiстiк қалдықтармен және сарқынды сулармен ластануы;
бүлiнген жер - шаруашылық қызметтiң нәтижесiнде өсiмдiктерi жойылған, топырақ қабаты бұзылған, жердiң гидрологиялық режимi мен бедерi өзгерген жер учаскелерi;
жердi сақтап қою - жердi шаруашылық айналымнан уақытша шығару.
3. Осы Ереженiң қолданысы, белгiленген тәртiппен пайдаланылуы олардың бүлiнуiне байланысты болатын пайдалы қазбалар кен орындарын өңдеу, минералдық шикiзаттың қалдықтарын, шлам жинақтауыштарды, күл-қож үйiндiлерiн жинап қою, геологиялық барлау, iздестiру, құрылыс және өзге де жұмыстарды орындау үшiн берілген, бүлiнген (бүлiнетiн) жер учаскелерiне қолданылмайды.
2. Тозған, ластанған және бүлiнген жердi,
сондай-ақ карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк
аурулары жұққан жердi анықтау, зерттеу және сақтап қою
4. Тозған, ластанған және бүлiнген жердi, сондай-ақ карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк аурулары жұққан жердi анықтау жөніндегі жұмыстарды жүргiзу үшiн жер учаскесi меншiк иесiнiң немесе жердi пайдаланушының қолдаухаты, жергiлiктi атқарушы немесе өзге де құзыреттi органның бастамасы негiз болып табылады.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 5 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Тозған, ластанған және бүлiнген жердi, сондай-ақ карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк аурулары жұққан жердi анықтауды белгiленген өкiлеттiктерi шегiнде олардың жердiң пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруы тәртібімен немесе арнайы далалық зерттеу нәтижесiнде жергiлiктi атқарушы органдар, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумақтық жер ресурстарын басқару қоршаған ортаны қорғау жөніндегі органдар және басқа да уәкiлеттi органдар жүргiзедi.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 6 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
6. Облыстық (Астана және Алматы қалалары) атқарушы орган жердiң ластану деңгейi мен бүлiну дәрежесiн, сондай-ақ карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк аурулары жұққан жердi анықтау, келтiрiлген залалды айқындау, жердiң ластануынан, карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк ауруларының жұғуынан және бүлiнуiнен болған зардаптарды жоқ мақсатында арнайы комиссия құрады.
Комиссияның құрамына облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдарының, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумақтық жер ресурстарын басқару, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, ауыл шаруашылығы органдарының және басқа да құзыреттi органдар мен ұйымдардың мамандары кiредi.
7. Комиссия жер ресурстарын басқару, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі органдардың және басқа да уәкілеттi органдардың нормативтiк-нұсқаулық құжаттары мен әдiстемелiк нұсқамаларына сәйкес тозған, ластанған және бүлiнген жерге, сондай-ақ карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк аурулары жұққан жерге кешендi зерттеу жүргiзедi.
8. Жердiң ластану деңгейi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiлеген тәртiппен бекітілген топырақты ластайтын зиянды заттардың, зиянды микроорганизмдердiң және басқа да биологиялық заттардың шектi жол берiлетiн шоғырлануының нормативтерiне сәйкес анықталады.
9. Арнайы комиссияның зерттеу материалдары комиссияның барлық мүшелерi қол қойған қорытындыда қорытылуы тиiс.
Қорытындыда:
меншiгiнде немесе пайдалануында тозған, ластанған, бүлiнген, сондай-ақ карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк аурулары жұққан жер учаскесi бар тұлғаның деректерi;
жердiң тозуын, ластануын, бүлiнуiн карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк ауруларының жұғуын тудыратын объектілер;
егер ол анықталса, жердi ластаған, бүлдiрген, ауру жұқтырған тұлғаның деректерi;
тозған, ластанған, бүлiнген, сондай-ақ карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк аурулары жұққан жердiң түрi мен алаңы;
жердiң тозу, ластану, бүлiну, сондай-ақ карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк ауруларының жұғу дәрежесi бойынша сапалық жай-күйi;
жер ресурстарына келтiрiлген залалдың бағасы;
тозған, ластанған және бүлiнген жердi, сондай-ақ карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк аурулары жұққан жердi қалпына келтiру жөніндегі iс-шаралар, пайдаланудың арнаулы мақсатын өзгерту немесе пайдаланудың арнайы режимiн белгiлеу, сақтап қоюды жүзеге асыруға не шаруашылық айналымынан толық шығаруға ұсынылатын жер учаскелерiн бөле отырып, тозған, ластанған, бүлiнген жердi одан әрi шаруашылыққа пайдалану жөніндегі ұсынылатын iс-шаралар көрсетіледi.
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен 10 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
10. Жердi кешендi зерттеу материалдары және арнайы комиссияның қорытындысы негiзiнде облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы аумақтық қоршаған ортаны қорғау, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, ауыл шаруашылығы органдарымен және басқа да уәкiлеттi органдармен келісілген тозған, ластанған және бүлiнген жердi, сондай-ақ карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк аурулары жұққан жердi одан әрi пайдалану (арнаулы мақсатын өзгерту; пайдаланудың арнайы режимiн белгiлеу; жердi сақтап қою; шаруашылық айналымнан толық шығару) туралы шешiмнiң жобасын дайындайды және оны облыстық (Астана және Алматы қалалары) атқарушы органның бекітуiне енгiзедi.
11. Ауыл шаруашылығының тозған алқаптарының, белгiленген нормативтерден тыс химиялық, биологиялық, радиоактивтi және басқа да зиянды заттармен, өндiрiс және тұтыну қалдықтарымен, сарқынды сулармен ластанған, бүлiнген жердiң, сондай-ақ карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк аурулары жұққан жердiң топырақ құнарлылығын қалпына келтiру мүмкiн болмаған жағдайда, жердi сақтап қою жүргiзiледi.
Тозған, ластанған және бүлiнген жердi, сондай-ақ карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк аурулары жұққан жердi сақтап қою мерзiмi көрсетiлген жердiң сапалық жай-күйiне байланысты комиссияның қорытындысы негiзiнде анықталады.
12. Сақтап қоюға жататын жер учаскелерi азаматтық заңнамаға сәйкес оларды сақтап қою кезеңiне жер учаскелерi меншiк иелерiнен немесе жер пайдаланушылардан алынады және тиiстi аудандық атқарушы органдарының босалқы жер құрамына ауыстырылады.
Жер учаскесiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларға жердi сақтап қоюға байланысты келтiрiлген шығындар Жер кодексiнде көзделген тәртiппен өтелуi тиiс.
13. Сақтап қою жағдайындағы жер учаскелерiнiң шекаралары жергiлiктi жерде арнайы белгілермен белгіленедi. Облыстық (Астана және Алматы қалалары) атқарушы орган бұл жер бойынша шаруашылық қызметке жол бермеу мақсатында оларды қорғауды қамтамасыз ететiн режим белгiлейдi.
3. Ядролық қару сынақтары жүргiзiлген жер
учаскелерiн алып қою және қорғау
3. Ядролық қару сынақтары жүргiзiлген
жер учаскелерiн алып қою және қорғау
14. Ядролық қару сынақтары жүргiзiлген жердi босалқы жердiң құрамына ауыстыру туралы материалдарды тиiстi облыстық атқарушы органдардың қолдаухаты бойынша қоршаған ортаны қорғау және атом энергиясын пайдалану жөніндегі мемлекеттік органдармен бiрлесiп, жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган дайындайды және Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қарауына жолданады.
Ядролық қару сынақтары жүргiзілген жер учаскелерi Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмiмен босалқы жер құрамына ауыстырылады.
15. Ядролық қару сынақтары жүргiзiлген жер учаскелерiн ядролық қаруды сынаудың зардаптарын жою және кешендi экологиялық зерттеу жөніндегі барлық iс-шаралар аяқталғаннан кейiн мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде ғана Қазақстан Республикасының Үкіметі жеке меншiкке немесе жер пайдалануға беруi мүмкiн.
Кешендi экологиялық зерттеудiң құрамын, әдiстемесiн, оны жүргiзу жөніндегі жұмыстарды атқарушыны атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган қоршаған ортаны қорғау жөніндегі орталық атқарушы органның келісімi бойынша анықтайды.