66. Жөнелтілген құжаттардың төлнұсқаларын не олардың екінші даналарын қызметтік хат-хабар секторының жөнелтуге жауапты қызметкері есептік деректерді электрондық құжат айналымы жүйесі тіркеу-бақылау карточкаларының дерекқорына енгізе отырып, тіркеу-бақылау карточкасында және/немесе тарату көрсеткішінде жөнелту туралы белгімен Кеңсенің жөнелтілетін құжаттарда қозғалатын мәселелер құзыретіне жататын құрылымдық бөлімшесінің арнайы стеллажының мекен-жай жәшігіне орналастыру жолымен жөнелтеді.
67. Электрондық құжат айналымы жүйесін және электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 17 сәуірдегі № 430 қаулысымен бекітілген тиісті Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының электрондық құжат айналымы ережесінде анықталады.
68. Құжатты жөнелту туралы белгі жөнелту күні мен қызметтік хат-хабар секторының жөнелтуді жүзеге асыратын қызметкерінің қолын көрсете отырып, осы құжаттың екінші данасында «Жөнелтілді» деген сөзді жазып жүргізіледі.
69. Үкімет пен Кеңсе Басшылығының, Кеңсенің құрылымдық бөлімшелері басшыларының бір адресатқа жолданатын хаттары, әдетте, төлнұсқада жөнелтіледі, ал екінші данасы есептік деректерді электрондық құжат айналымы жүйесі тіркеу-бақылау карточкаларының дерекқорына бір уақытта енгізе отырып, Кеңсенің тиісті бөлімшесіне қайтарылады. Егер адресаттар бірнешеу болса, онда оларға Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің нөмірлік дөңгелек мөрімен куәландырылған құжаттардың көшірмелері таратылады немесе көшірмелер электрондық құжаттар форматында берілуі мүмкін, ал жөнелтілгені туралы белгісі бар төлнұсқа тіркеу-бақылау карточкасының бірінші данасымен бірге есептік деректерді электрондық құжат айналымы жүйесі тіркеу-бақылау карточкаларының дерекқорына бір уақытта енгізе отырып, тиісті құрылымдық бөлімшеге қайтарылады.
70. Премьер-Министрдің, оның орынбасарларының, Кеңсе Басшысының (оның міндетін атқарушы тұлғаның) қарарлары Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің нөмірлік дөңгелек мөрімен куәландырылған түрде ғана таратылады, ал олардың төлнұсқалары өздерінің құзыретіне сәйкес Кеңсенің тиісті құрылымдық бөлімшелерінде қалады. Қолмен жазылған қарарлардың (тапсырмалардың, нұсқаулардың) көшірмелерін жөнелтуге жол берілмейді.
71. Үкімет қаулылары адресаттарға тиісті бланкілерде орындалған, мөрмен куәландырылған көшірмелер түрінде ғана таратылады, ал олардың төлнұсқалары үкіметтік шешімдерді шығару секторында қалады. Адресаттарға таратылатын мемлекеттік және орыс тілдеріндегі қаулылардың ресми көшірмелері Қазақстан Республикасы Үкіметінің көгілдір немесе қызыл түсті бедері бар елтаңбалық мөрімен куәландырылады.
72. Қаулыларды таратқаннан кейін үкіметтік шешімдерді шығару секторының шығаруға жауапты қызметкері істе бар құжаттардың тізбесін жасайды, оған қол қояды, істің парақтарын нөмірлейді, тарату көрсеткішінде жөнелтілім данасының саны (тиражы) және күні туралы белгілердің болуын тексереді, одан кейін істі ағымдағы мұрағатқа сақтауға орналастырады және есептік деректерді электрондық құжат айналымы жүйесі тіркеу-бақылау карточкаларының дерекқорына енгізеді.
73. Құжаттарды факсимильдік байланыс арқылы жөнелту кезінде орындаушы адресаттың факсимильдік байланыс аппаратының дәл нөмірін көрсетуі және құжаттың төлнұсқасы мен көшірмесін тиісті құрылымдық бөлімшенің басшысы қабылдау бөлмесінің қызметкеріне немесе Үкімет немесе Кеңсе Басшылығының тиісті қабылдау бөлмесінің қызметкеріне (көмекшіге, кеңесшіге) не қызметтік хат-хабар секторына тапсыруы тиіс. Жөнелтілгеннен кейін құжаттың факсимильдік байланыс арқылы жөнелтілгендігі туралы белгісі бар көшірмесі және төлнұсқасы Кеңсенің құжатты дайындаған құрылымдық бөлімшесіне қайтарылады, одан кейін төлнұсқа осы Нұсқаулыққа сәйкес почтамен дереу адресатқа жөнелтіледі.
74. Парламенттің Мәжілісі қайтаратын заң жобаларын фельдъегерлік қызмет тіркеусіз Кеңсе Басшысының қабылдау бөлмесіне жеткізеді және Үкімет Регламентіне сәйкес шешім қабылдау үшін кеңесші (қабылдау бөлмесінің қызметкері) арқылы Кеңсе Басшысына баяндалады. Бұл ретте көрсетілген заң жобаларына ілеспе хаттардың көшірмелерін Кеңсе Басшысының кеңесшісі (қабылдау бөлмесінің қызметкері) Үкіметтің Парламент Мәжілісіндегі Өкілдігіне береді.
__________________
* Құжаттар Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Мұрағаттарды басқару және құжаттама комитеті төрағасының 2003 жылғы 29 сәуірдегі № 33 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымдарында құжаттау мен құжаттаманы басқарудың үлгілік ережесіне сәйкес ресімделуі тиіс.
5. «Қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгісі бар
құжаттармен жұмыс істеу
75. «Қызмет бабында пайдалану үшін» (бұдан әрі - «ҚПҮ») деген белгісі бар құжаттардағы, істер мен басылымдардағы таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа тартылуына шектеулер қызметтік қажеттіліктен туындаған, Кеңсенің немесе басқа да мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты мәліметтер жатады.
Ашық баспасөзде жариялауға, радио мен теледидар бойынша, ашық электрондық байланыс және Интернет желілерінде таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты беруге тыйым салынады.
76. Кеңсеге келіп түскен «ҚПҮ» деген белгісі бар құжаттар қызметтік хат-хабар секторында қабылданады, тіркеледі және есепке алынады. Бұл ретте карточкалардағы тіркеу нөмірлеріне «ҚПҮ» деген белгі қосылады және дананың нөмірі қойылады.
77. Кеңсе бөлімшелерінде таратылуы шектелген мәліметі бар құжаттарды дайындау және ресімдеу кезінде оларға «ҚПҮ» деген белгісі мен дананың нөмірі қойылады.
«ҚПҮ» деген белгіні қоюдың қажеттілігін орындаушы және/немесе құжатқа қол қойған басшы айқындайды.
78. Кеңсе Басшысының, оның орынбасарларының және Кеңсенің құрылымдық бөлімшелері басшыларының, егер алған құжаттағы мәліметтер таратылуы шектеулі мәліметтердің тізбесіне кірмейтін болса, одан «ҚПҮ» деген белгіні алып тастауға құқығы бар. Олар осы Нұсқаулықта көзделген тәртіппен бұл құжаттардың көшірмелерін жасауға рұқсат бере алады. «ҚПҮ» деген белгісі бар ксерокөшірме құжаттар есебін жүргізу әр данасы бойынша жүзеге асырылады. «ҚПҮ» деген белгісі бар құжаттар басқа құпия емес құжаттардан бөлек, металл сейфтер мен шкафтарда сақталуы тиіс.
79. «ҚПҮ» деген белгісі бар құжаттарды қызметтік хат-хабар секторына жөнелтуге тапсырар алдында оларға даналарының нөмірлері қойылады. Мұндай құжаттарды бірнеше мекен-жайға жөнелту кезінде құжаттармен бірге жөнелтілетін даналардың нөмірлері көрсетіле отырып, Кеңсенің құжатты дайындаған құрылымдық бөлімшесінің меңгерушісі немесе оның орынбасары қол қойған тарату көрсеткіші қоса беріледі. «ҚПҮ» деген белгісі бар құжаттар пакеттеріне де «ҚПҮ» деген белгі қойылады.
80. Кеңсе қызметкерлері «ҚПҮ» деген белгісі бар құжаттарды жоғалтқаны, таратылуы шектеулі ақпараттарды жариялағаны немесе таратылуы шектеулі мәліметтерді қамтитын ақпараты бар құжаттармен жұмыс істеу ережесін бұзғаны үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады.
6. Үкімет мәжілістерін және Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі мен оның орынбасарлары өткізетін
кеңестерді дайындау және өткізу тәртібі
81. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мәжілістерінде қаралуға жататын мәселелердің тізбесі тоқсан сайын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімімен бекітіледі.
82. Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі мәжіліске дейін 5 күн бұрын мемлекеттік және орыс тілдерінде белгіленген нысан бойынша Үкімет мәжілісі күн тәртібінің жобасын, шақырылғандардың алдын ала тізімін жасайды және оларды Кеңсе Басшысына қол қоюға береді.
83. Кеңсе Басшысы қол қойған Үкімет мәжілісінің күн тәртібін Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі дереу 1 жұмыс күні ішінде онда баяндамашылар ретінде көрсетілген мемлекеттік органдардың және ұйымдардың басшыларына, сондай-ақ Кеңсенің күн тәртібіне енгізілген мәселелер құзыретіне жататын құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына жібереді. Телефонограмма Үкімет мәжілістеріне қатысушылардың көмекшілері мен қабылдау бөлмелерінің қызметкерлеріне беріледі.
84. Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі Үкімет мүшелерінің, агенттіктер төрағаларының, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар басшыларының және Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдар өкілдерінің, құрылымдық бөлімшелер басшыларының мәжіліске келуіне жауап береді.
Басқа да шақырылған тұлғалардың келуін Кеңсенің құрылымдық бөлімшесі қамтамасыз етеді.
85. Мәжіліс залын техникалық дайындауды (дыбыс күшейткішті, дыбыс жазбаны және микрофондарды, электрондық дауыс беру пульттерін, бейнепроекторды, экранды, сусынды, жазу керек-жарақтарын, тиісті жарық беруді және кондиционерлеуді, слайдтар көрсетуге дайындықты қамтамасыз ету және т.б.) Қаржы-шаруашылық бөлімі жүзеге асырады.
86. Үкімет мәжілісінде қарауға дайындалған мемлекеттік және орыс тілдеріндегі материалдарды, Үкімет мәжілісіне шақырылғандардың тізімін анықтау немесе нақтылау жөніндегі ұсыныстарды мәселені дайындауға жауапты мемлекеттік орган мәжіліске дейінгі 5 күнтізбелік күннен кешіктірмей, ал таныстырулардың электрондық нұсқаларын мәжіліс болатын күннің алдындағы күнгі сағат 17.00-ден кешіктірмей енгізеді.
87. Үкімет мәжілістері Премьер-Министрдің не Премьер-Министрдің міндетін атқарушы тұлғаның тапсырмасы бойынша жедел тәртіппен өткізілетін ерекше жағдайларда материалдар Кеңсеге ол өткізілетін күні енгізілуі және Үкімет мәжілісіне қатысушыларға тікелей мәжілісте жеткізілуі мүмкін.
88. Кеңседе материалдардың уақтылы енгізілуі жөніндегі бақылау үшін мәжілісте қаралатын мәселелер құзыретіне жататын құрылымдық бөлімше жауапты болып табылады.
89. Үкімет мәжілісіне материалдар уақтылы тапсырылмаған, сондай-ақ олар толық емес көлемде және сапасыз пысықталған түрде ұсынылған жағдайда Премьер-Министр не оның келісімі бойынша Кеңсе Басшысы жоспарланған мәселені қараудан алу немесе оны қарауды басқа мерзімге ауыстыру туралы шешім қабылдайды.
90. Үкімет мәжілісіне материалдар хаттамалық шешімнің жобасын, көлемі 5 беттен аспайтын анықтамаларды, салыстырма кестелерді, слайдтарды, ақпараттық (талдамалық) және Үкімет мәжілісінде қаралатын мәселелер бойынша басқа да материалдарды қамтуы және мемлекеттік және орыс тілдерінде енгізілуі тиіс.
91. Қаралатын мәселелер құзыретіне жататын құрылымдық бөлімшелер материалдарды талдауды жүргізеді, жүргізу тәртібінің жобасы бойынша ұсыныстар және қажет болған кезде материалдар бойынша анықтама жасайды және егер Кеңсе Басшысы өзге мерзім белгілемеген болса, мәжіліске дейін 4 күнтізбелік күннен кешіктірмей Кеңсе Басшысының қарауына енгізеді.
92. Жүргізу тәртібінің жобасы, материалдар бойынша анықтама, егер Кеңсе Басшысы өзге мерзім белгілемеген болса, мәжіліске дейін кемінде 3 күнтізбелік күннен кешіктірмей қаралатын мәселе құзыретіне жататын құрылымдық бөлімшемен, Кеңсе Басшысымен келісіледі.
93. Кеңсе Басшысымен келісілген және құрылымдық бөлімшенің басшысы бұрыштама қойған жүргізу тәртібінің жобасы, ақпараттың қағаз және электрондық жеткізгіштердегі анықтамасы, сондай-ақ олардың электрондық нұсқасы пысықтау үшін Премьер-Министрдің кеңесшісіне жіберіледі.
94. Үкімет мәжілісіне шақырылғандар тізімінің түпкілікті нұсқасын жасау үшін мәжіліс алдындағы күні Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі шақырылғандардың тізімін нақтылайды.
95. Мәжіліске қатысушылардың құрамындағы барлық өзгерістер туралы Кеңсе Басшысына баяндалады. Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі анықтама жасайды, онда Үкімет мәжілісінің кворумын және себептерін көрсете отырып, қатыспаған Үкімет мүшелерінің тізімін анықтайды.
96. Үкімет мәжілісіне шақырылғандардың түпкілікті тізіміне Кеңсе Басшысы қол қояды.
97. Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі мәжіліс алдындағы күні Кеңсе Басшысы қол қойған шақырылғандар тізімінің түпкілікті нұсқасын көбейтеді:
1) отырғызуды жүзеге асыру үшін бір данасын Сыртқы байланыстар және хаттама бөліміне береді;
2) нөмірлік мөртабан қойғаннан кейін бір данасын Премьер-Министрдің күзет қызметіне және үш данасын әкімшілік ғимараттың күзетіне береді;
3) Премьер-Министрдің (түпнұсқа), оның орынбасарларының және Кеңсе Басшысының атаулы папкаларына салады не көрсетілген папкаларға салу үшін тиісінше Хатшылыққа және Кеңсе Басшысының көмекшісіне береді;
4) Кеңсе Басшысына кворум туралы баяндайды.
98. Әдетте, Үкімет мәжілістерінің кейіннен фонограммаларды толық жазып және оларды қағазға басып шығарып, дыбысжазбасы жүргізіледі. Қажет болған кезде Кеңсе Басшысының нұсқауы бойынша мәжілістің бейнежазбасы жүргізілуі мүмкін.
Хаттаманың шынайылығын қамтамасыз ету мақсатында мәжіліс барысында Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің қызметкері баяндамашылар мен сөз сөйлеушілердің тегін, Үкімет мүшелері және қатысушылар айтқан ескертулер мен ұсыныстарды жұмыс бабында жазуды, сондай-ақ мәжіліс фонограммасының толық жазылуымен (егер мұндай жүргізілсе) салыстырылатын талқыланатын мәселелер бойынша төрағалық етуші берген тапсырмаларды есепке алуды жүргізеді.
99. Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі ілеспе аударма (мемлекеттік және орыс тілдері) үшін жауапты болып табылады.
100. Баяндамашылардың таныстыруларын (слайдтарын) көрсетуді тексеруді мәжіліс өткізілер алдындағы күні құзыретіне таныстыратын мәселелер кіретін Кеңсенің құрылымдық бөлімшелері Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі мен Қаржы-шаруашылық бөлімі баяндамашы мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесіп жүргізеді. Таныстыруларды (слайдтарды) көрсету тәртібі мен оған қойылатын талаптарды Кеңсе Басшысы анықтайды.
101. Мәжіліске қатысушыларды тіркеуді Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі жүзеге асырады.
102. Мәжіліске қатысушыларды тіркеу мәжіліс басталғанға дейін кемінде 30 минут бұрын, ал кеңейтілген мәжілістерде - мәжіліс басталғанға дейін 1 сағат бұрын басталады.
103. Мәжіліске қатысушыларды тіркеу, әдетте, мәжіліске дейін 5 минут бұрын аяқталады.
104. Үкімет мүшелері, агенттіктердің төрағалары, ұлттық холдингтердің, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдардың басшылары, баяндамашылар келмеген жағдайда Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің тіркеуді жүзеге асыратын қызметкері келмеген қатысушының көмекшісімен немесе қабылдау бөлмесінің басшысымен дереу хабарласады, келмеудің себептерін нақтылайды және бұл туралы Премьер-Министр Кеңсесінің Басшысына хабарлайды.
105. Тіркеу аяқталғаннан кейін мәжіліске нақты қатысатындардың тізімі және Үкімет мәжілісінің кворумы айқындалған түпкілікті анықтама және себептерін көрсете отырып, Үкіметтің келмеген мүшелерінің тізімі Премьер-Министр Кеңсесінің Басшысына беріледі.
106. Премьер-Министр, Премьер-Министрдің орынбасарлары, Кеңсе Басшысы үшін материалдар 1:1 ауқымда (А4 форматында) тираждалады, мәжіліске басқа да қатысушылар үшін материалдар әдетте, азайтылып (А5 форматы) көбейтіліп таратылады және әрбір мәселе бойынша жеке-жеке брошюраланады.
107. Премьер-Министрге, оның орынбасарларына, Кеңсе Басшысына арналған материалдар арнайы тыстарда реттік нөмірін көрсете отырып, атаулы папкаларға жинақталады және мәжіліске дейін 2 күн бұрын Хатшылыққа, тиісті қабылдау бөлмелеріне беріледі.
Материалдарға қосымша Премьер-Министрдің және Кеңсе Басшысының папкілеріне қаралатын мәселелер (болған жағдайда) құзыретіне жататын құрылымдық бөлімшелердің анықтамалары қоса салынады.
Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі Премьер-Министрге, оның орынбасарларына, Кеңсе Басшысына арналған материалдарды жинақтауға жауапты болып табылады. Үкімет мәжілісінде қаралатын мәселе құзыретіне жататын құрылымдық бөлімше:
Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөліміне - Кеңсе Басшысымен келісілген шақырылғандардың тізімі (Үкімет мүшелерінен және Үкіметтің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың бірінші басшыларынан басқа);
Хатшылыққа - Кеңсе Басшысы белгілеген тәртіппен ресімделген және Кеңсе Басшысының тиісті орынбасарымен келісілген қаралатын мәселе бойынша Үкімет мәжілісін жүргізу тәртібінің жобасы, сондай-ақ Үкімет мәжілісінің қарауына енгізілген құжаттар бойынша анықтама дайындайды және мәжіліске дейін 3 күнтізбелік күн бұрын ұсынады. Бұл ретте Хатшылық мәжіліске арналған материалдар салынған папкаларды Премьер-Министр үшін жинақтауды жүзеге асырады, ал жүргізу тәртібінің түпкілікті көшірмесін Кеңсе Басшысының қабылдау бөлмесіне береді.
Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі мәжіліске шақырылғандардың жалпы тізімін жасайды, оған Кеңсе Басшысы қол қояды.
108. Кюверттік карточкаларды қоюды және мәжіліске қатысушыларды отырғызуды Кеңсенің Сыртқы байланыстар және хаттама бөлімі жүзеге асырады.
109. Үкіметтің мәжілістерінде Премьер-Министр, ал ол болмағанда - Премьер-Министр белгілеген тәртіппен Премьер-Министрдің орынбасары не Премьер-Министрдің міндетін атқарушы төрағалық етеді.
110. Мәжілістерге Президент қатысқан кезде Қазақстан Республикасының Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Премьер-Министр төрағалық етеді.
111. Үкімет мәжілістері ашық болып табылады және мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі. Қазақстан Республикасы Президентінің не Премьер-Министрінің бастамасы бойынша Үкіметтің жабық отырыстары өткізілуі мүмкін.
112. Егер мәжіліске Үкімет мүшелерінің кемінде үштен екі бөлігі қатысса, ол заңды болып есептеледі. Үкімет мүшелері мәжілістерге алмастыру құқығынсыз қатысады.
113. Қаулылардың жобаларын қарау мәжілістің күн тәртібіне енгізіледі және осы Нұсқаулықта көрсетілген тәртіпке сәйкес Үкімет мүшелерінің назарына жеткізіледі.
114. Үкіметтің мәжілістерінде қаулы жобасы бойынша әзірлеуші мемлекеттік органның басшысы баяндайды. Қолда бар ескертулер мен ұсыныстар бойынша жоба жөнінде Кеңсе Басшысы баяндайды.
115. Үкімет қаулыларының әрбір жобасы бойынша Үкімет мүшелерінің дауыс беру нәтижелерін көрсете отырып, хаттамалық шешім қабылданады.
116. Үкімет қаулылары Үкімет мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады.
117. Үкіметтің мәжілісі барысында Кеңсенің құзыретіне қаралатын мәселе жататын құрылымдық бөлімшесінің қатысып отырған қызметкері не осы бөлімшенің басшысы хаттамалық жазбалар жүргізеді.
118. Үкімет мәжілісінде қабылданған шешімдер хаттамамен ресімделеді.
119. Фонограмманы толық жазу және оларды басып шығару мәжілістен кейін бір күн мерзімде жүзеге асырылады. Қағазға басып шығарылған фонограмма көбейтіліп таратылады және Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі мәселелері Үкімет мәжілісінде қаралған құрылымдық бөлімшелерге береді.
120. Хаттамалар Үкімет мәжілісінің стенограммасы негізінде және соған сәйкес дайындалады. Премьер-Министрдегі кеңестердің хаттамаларын дайындау кезінде осындай тәртіп қолданылады.
121. Мәжілісте қаралған мәселелер құзыретіне жататын құрылымдық бөлімшелер құрылымдық бөлімшелердің басшылары бұрыштама қойған хаттамалық шешімнің жобасын, сондай-ақ ақпаратты электрондық жеткізгіштегі хаттаманың жобасын дайындайды және мәжілістен кейін екі күн мерзімде Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөліміне табыс етеді.
122. Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі Үкімет мәжілісінің хаттамасын Кеңсенің мәжілісте қаралған мәселелер құзыретіне жататын құрылымдық бөлімшелері дайындаған хаттамалық шешімдер жобаларының негізінде Үкіметтің елтаңбалық бланкісінде жасайды.
123. Елтаңбалық бланкіге ауыстырғаннан кейін хаттамаға орындаушы және Кеңсенің құрылымдық бөлімшелерінің меңгерушілері (өздерінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша), Кеңсе Басшысының орынбасарлары (міндеттерді бөлуге байланысты), Премьер-Министрдің орынбасарлары, Кеңсе Басшысы бұрыштама қояды және мәжілістен кейін үш күні мерзімде Премьер-Министрге қол қоюға беріледі.
124. Хаттамаға қол қойылғаннан кейін Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі бір күн мерзімде Үкімет мүшелеріне, агенттіктердің төрағаларына және хаттамада өздеріне қатысты бөлігінде тапсырмалар берілген адресаттарға хаттамадан үзінді көшірме дайындайды, мемлекеттік тілге аударуды, мәтіндердің дәлме-дәлдігін тексеруді, бақылауға қоюды және таратуды қамтамасыз етеді.
125. Кеңсенің қаралатын мәселе құзыретіне жататын құрылымдық бөлімшесі кеңеске материалдарды, шақырылғандардың тізімін, хаттаманың жобасын дайындауды ұйымдастыруға жауапты болып табылады.
126. Премьер-Министрдегі кеңеске шақырылғандардың тізімін Кеңсе Басшысы бекітеді.
127. Кеңеске материалдарды, Премьер-Министрде өтетін кеңесті жүргізу тәртібінің жобасы кеңеске дейін 1 күн бұрын Хатшылыққа жіберіледі.
128. Премьер-Министрдің орынбасарында, Кеңсе Басшылығында өтетін кеңеске материалдар тиісті қабылдау бөлмелеріне кеңестің алдындағы күні жіберіледі.
129. Кеңеске қатысушылардың келуін, оларды тіркеуді Кеңсенің қаралатын мәселе құзыретіне жататын құрылымдық бөлімшесі қамтамасыз етеді.
130. Үкімет (Кеңсе) Басшылығында өтетін кеңестер міндетті түрде хаттамаланады. Хаттамаларға хронологиялық тәртіппен (жыл басынан бері) іс номенклатурасына сәйкес есептік нөмірлер беріледі.
131. Кеңесте жұмыс жазбаларын жүргізуді Кеңсенің мәселені дайындауға жауапты болып табылатын құрылымдық бөлімшесінің оған қатысып отырған қызметкері не төрағалық етуші белгілеген тұлға жүзеге асырады.
132. Хаттаманы ресімдеуді, Кеңсенің мүдделі құрылымдық бөлімшелерінің басшыларымен келісуді және кеңесте төрағалық етушіге қол қоюға ұсынуды кеңес өткізілген күннен бастап 3 күннен кешіктірмей қызметкері хаттаманы жүргізген Кеңсенің бөлімшесі жүргізеді.
133. Премьер-Министрде және оның орынбасарларында өткен кеңестердің хаттамалары міндетті түрде Кеңсенің Басшысымен келісіледі.
7. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары мен
Премьер-Министрінің өкімдері жобаларының Премьер-Министр
Кеңсесінде ресімделу және өту тәртібі
134. Премьер-Министрдің Кеңсесіне енгізілетін Үкімет қаулыларының жобаларын, Қазақстан Республикасының Президенті актілерінің жобаларын, заң жобаларын (бұдан әрі - жобалар) үкіметтік шешімдерді шығару секторы сәрсенбі күні сағат 9.00-ден 19.00-ге дейін қабылдайды.
135. Жобаны енгізген мемлекеттік органның өкілі жобаның төлнұсқасын үкіметтік шешімдерді шығару секторының меңгерушісіне тапсырады, ол жобаның Үкімет Регламенті мен осы Нұсқаулықтың талаптарына сәйкестігін тексереді.
136. Премьер-Министрдің Кеңсесінде Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі жобаны мемлекеттік және орыс тілдері ережелерінің сақталуына, мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндердің дәлме-дәлдігіне және Үкімет Регламентінің, осы Нұсқаулықтың талаптарына сәйкестігіне алдын ала тексеруді, Заң бөлімі заңдық техника ережелерінің сақталуын әрі жобаның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін тексеруді ұйымдастырады. Алдын ала тексеру жүргізуге арналған мерзім жоба түскен сәттен бастап 3 жұмыс күнінен аспауы тиіс.
137. Белгіленген тәртіппен тіркелген, бұрын тіркелген құжатқа келіп түскен (Үкімет немесе Кеңсе Басшылығы бұрын берген тапсырмаларды орындау үшін) Үкімет қаулыларының жобалары олардың құзыретіне сәйкес Кеңсенің құрылымдық бөлімшесіне тікелей жіберіледі.
138. Үкімет қаулыларының жобаларын (заң жобаларын қоспағанда) алдын ала тексерудің нәтижелері туралы Заң бөлімінің және Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушілері Кеңсе Басшысына немесе оның міндетін атқарушы тұлғаға хабарлайды.
Баяндаудың қорытындылары бойынша Кеңсе Басшысы алдын ала тексерілген Үкімет қаулыларының жобалары бойынша бар ескертулерді талқылау үшін орталық атқарушы органдар жауапты хатшыларының (Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша жауапты хатшының өкілеттігін жүзеге асыратын лауазымды тұлғалардың) қатысуымен кеңес еткізу туралы шешім қабылдайды.