2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
4. Оқу-тәрбие процесі білім алушылардың, тәрбиеленушілердің, педагог жұмыскерлердің адамгершілік қадір-қасиетін өзара құрметтеу және мүгедектердің құқықтарына білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде құрметпен қарау негізінде жүзеге асырылады.
Білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қатысты күш көрсету, моральдық және психикалық қысым жасау әдістерін қолдануға жол берілмейді.
5. Азаматтарды күндізгі бөлімдерінде оқыту уақыты мерзімді әскери қызметті өткеруге теңестірілетін білім беру ұйымдарындағы білім беру қызметін ұйымдастыру тәртібін олардың мемлекеттік басқару органдары айқындайды.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Әскерге шақырылуға дейінгі және шақырылу жасындағы білім алушылардың негізгі орта білім беру базасындағы алғашқы әскери даярлығы - жалпы орта білімнің жалпы орта білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында (арнаулы білім беру ұйымдарынан басқа), ал жоғары білім білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әскери кафедраларда жүзеге асырылады.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Білім беру ұйымдары білім алушылардың білім беру бағдарламаларын игеруін бақылау мақсатында білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылауды жүзеге асырады және оларға аралық аттестаттау жүргізеді.
Білім беру ұйымдары білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды жүзеге асыру және оларға аралық аттестаттау жүргізу нысандарын, тәртібін және мерзімділігін таңдауда дербес болады.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын меңгеру білім алушыларды міндетті қорытынды аттестаттаумен аяқталады.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 9-тармақ жаңа редакцияда
9. Орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттау мемлекеттік оқу бітіру емтихандары нысанында жүзеге асырылады.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 10-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10. Техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын бiлiм беру ұйымдарында бiлiм алушыларды қорытынды аттестаттау:
1) бiлiм беру ұйымдарында бiлiм алушыларды қорытынды аттестаттауды;
2) кәсiптiк даярлығының деңгейiн бағалауды және бiлiктiлiктi берудi қамтиды.
Жоғары оқу орнынан кейiнгi білімнің білім беру бағдарламаларын меңгерген бiлiм алушыларды қорытынды аттестаттау ерекшелiктерiн бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган айқындайды.
11. Білім беру ұйымдары кәмелетке толмаған білім алушылардың, тәрбиеленушілердің ата-аналарына және өзге де заңды өкілдеріне оқу-тәрбие процесінің барысымен және мазмұнымен, сондай-ақ білім алушылардың үлгерімімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 29-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
29-бап. Оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Білім мен ғылымды интеграциялау, оқу-тәрбие процесін қамтамасыз ету және жетілдіру, оқытудың жаңа технологияларын әзірлеу және енгізу, білім беру ұйымдарында және тиісті инфрақұрылымда педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмыс жүзеге асырылады.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмысқа басшылық жасау:
орта білім беру ұйымдарында - облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әдістемелік кабинеттеріне және аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің әдістемелік кабинеттеріне;
техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында - облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың білім беруді басқару органдарының әдістемелік кабинеттеріне жүктеледі.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Білім беру ұйымдарында және тиісті инфрақұрылымда, оның ішінде оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету ұйымдарында оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қызметті үйлестіру білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 30-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
30-бап. Мектепке дейiнгi тәрбие мен оқыту
1. Алты (жеті) жасқа дейiнгi балаларды мектепке дейiнгi тәрбиелеу отбасында немесе бiр жастан бастап мектеп жасына жеткенге дейін мектепке дейiнгi ұйымдарда жүзеге асырылады.
2. Мектепке дейiнгi оқыту балаларды мектепте оқытуға мектепалды даярлық түрiнде бес жастан бастап жүзеге асырылады.
Мектепалды даярлық мiндеттi және отбасында, мектепке дейiнгi ұйымдарда, жалпы бiлiм беретiн мектептердiң, лицейлердiң және гимназиялардың мектепалды сыныптарында жүзеге асырылады.
Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарындағы мектепалды даярлық тегiн болып табылады.
31-бап. Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. 1-сыныпқа оқуға балалар алты (жеті) жастан қабылданады.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Орта бiлiм беру ұйымдарының негiзгi түрлерi жалпы білім беретін мектеп, шағын жинақталған мектеп, гимназия, лицей, бейiндiк мектеп болып табылады.
2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Он алты жасқа дейінгі балаларды орта білім беретін мемлекеттік ұйымдардан шығаруға құқыққа қарсы әрекеттер жасағаны, білім беру ұйымдарының жарғысын өрескел және бірнеше рет бұзғаны үшін білім беру ұйымы мемлекеттік басқару органының шешімі бойынша ерекше жағдайларда рұқсат етіледі.
Жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды шығару туралы шешім қорғаншы және қамқоршы ұйымдардың келісімімен қабылданады.
Пробация қызметінің есебінде тұрған кәмелетке толмағандарды орта білім беретін мемлекеттік ұйымдардан шығару туралы шешім пробация қызметінің келісімімен қабылданады.
32-бап. Техникалық және кәсіптік білім беру
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Техникалық және кәсіптік білім беру негізгі орта және (немесе) жалпы орта білім беру базасында училищелерде, колледждерде және жоғары колледждерде жүзеге асырылады.
Техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы оқу процесі теориялық сабақтарды және оқу-өндірістік шеберханаларында, оқу шаруашылықтары мен оқу полигондарында өндірістік оқыту шеберінің басшылығымен орындалатын, сондай-ақ тікелей өндірістегі және тиісті бейіндегі ұйымдардағы өндірістік оқытуды қамтиды.
2. 2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары оқу-өндірістік шеберханаларда, оқу шаруашылықтарында және оқу полигондарында шығарылатын өз өндірісі өнімдерін өткізеді.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 32-1-баппен толықтырылды
32-1-бап. Кәсіптік даярлық
1. Кәсіптік даярлық белгілі бір жұмыс түрін орындау үшін қажетті жаңа немесе өзгерген кәсіптік дағдыларды білім алушылардың жедел меңгеруіне бағытталған. Кәсіптік даярлық білім алушының білім деңгейін арттырумен байланысты емес.
2. Қызметкерлердің немесе жұмыс берушімен еңбек қатынастарында тұрмайтын өзге де адамдардың кәсіптік даярлығын жұмыс беруші тікелей ұйымдарда, оқу орталықтарында, курстарда, сондай-ақ заңды тұлғалардың әр түрлі оқу-өндірістік құрылымдарында немесе техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жүргізеді.
3. Кәсіптік даярлық оқыту шартына сәйкес жұмыс берушінің қаражаты немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаражат есебінен жүзеге асырылады.
Кәсіптік даярлықтың нысанын, мазмұны мен көлемін жұмыс беруші тиісті кәсіп бойынша қолданыстағы білім беретін оқу бағдарламаларының негізінде айқындайды.
Кәсіптік даярлық нысандарына кәсіпорындарда оқыту, басқа мамандыққа қайта оқыту, корпоративтік жауапкершілік және оқушылық негізінде кооперативтік оқыту жатады.
4. Кәсіптік даярлық деңгейін бағалау бойынша біліктілік емтиханынан табысты өткен адамдарға нақты мамандық бойынша тиісті біліктілік деңгейі беріледі және біліктілікті беру туралы белгіленген үлгідегі куәлік (сертификат) беріледі.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 33-бап өзгертілді
33-бап. Орта білімнен кейінгі білім беру
Орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары колледждерде және жоғары колледждерде іске асырылады.
Орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша мамандарды даярлау, тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін мамандықтар бойынша жүзеге асырылады.
34-бап. 2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
35-бап. Жоғары білім беру
1. Жоғары білімді жалпы орта немесе техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білімі бар азаматтар алады. Азаматтың конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқығы бар.
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Жоғары білімнің білім беру бағдарламалары жоғары оқу орындарында iске асырылады.
Ұлттық зерттеу университеті, ұлттық жоғары оқу орны, зерттеу университеті, университет, академия, институт және оларға теңестiрiлгендер (консерватория, жоғары мектеп, жоғары училище) жоғары оқу орындарының негiзгi түрлерi болып табылады.
Жоғары оқу орындарында тиісті лицензия және материалдық-техникалық база болған кезде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білімнің білім беру бағдарламалары, сондай-ақ мәдениет саласындағы білім беру ұйымдарында бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары іске асырылуы мүмкін.
Мәдениет саласындағы жоғары оқу орындарын қоспағанда, жоғары оқу орындары техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқу процесін жоғары оқу орындарының ақылы қызметтер көрсетуден алатын кірістері есебінен қамтамасыз етеді.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын меңгеру бойынша қорытынды аттестаттаудан табысты өткен білім алушыға біліктілік және (немесе) «бакалавр» академиялық дәрежесі беріледі.
4. Білім беру бағдарламаларын іске асыру және ғылыми-қолданбалы зерттеулерді жүргізу үшін жоғары оқу орындары инновациялық-білім беру консорциумын құруға және (немесе) оған кіруге құқылы.
36-бап. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру
1. Жоғары оқу орнынан кейінгі білімді жоғары білімі бар азаматтар алады.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жоғары оқу орындарының магистратурасы мен докторантурасында, жоғары оқу орындарының және ғылыми ұйымдардың резидентурасында, сондай-ақ «Болашақ» халықаралық стипендиясының стипендиаттарын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жыл сайын бекiтiлетiн мамандықтар тiзбесiне сәйкес күндiзгi оқыту нысаны бойынша жетекші шет елдердiң жоғары оқу орындарына оқуға жiберу арқылы жүзеге асырылады.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Кадрларды магистратурада даярлау жоғары білімнің білім беру бағдарламалары базасында:
1) кемінде екі жылдық оқыту мерзімімен ғылыми-педагогтік;
2) кемінде бір жылдық оқыту мерзімімен бейіндік болып екі бағытта жүзеге асырылады.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Кадрларды докторантурада даярлау магистратураның білім беру бағдарламалары базасында:
1) кемінде үш жылдық оқыту мерзімімен ғылыми-педагогтік;
2) кемінде үш жылдық оқыту мерзімімен бейіндік болып екі бағытта жүзеге асырылады.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды
4-1. Әскери мамандықтар бойынша магистр дәрежесін алған немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын меңгерген адамдар философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін алу үшін әскери, арнаулы оқу орындарының докторантурасында кемінде үш жыл даярлықтан өтеді.
5. Жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық және фармацевтік білім беру резидентураны, магистратура мен докторантураны қамтиды.
Резидентурада мамандануына қарай оқыту ұзақтығы екі жылдан төрт жылға дейін клиникалық мамандықтар бойынша тереңдетіле даярлау жүзеге асырылады. Резидентура туралы ережені денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 37-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
37-бап. Қосымша білім беру
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Балаларға қосымша білім беру олардың түрлерін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын білім беру ұйымдарында және мектептен тыс ұйымдарда жүзеге асырылады.
Қосымша білімнің білім беру бағдарламалары бойынша білім беру қызметтерін білім алушыларға бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары көрсетеді және шарттық негізде ұсынады.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Ересектерге (он сегiз жасқа толған адамдарға) бiлiм беру қоғамда болып жатқан әлеуметтiк-экономикалық өзгерiстерге сәйкес бiлiм мен дағдылардың қосымша көлемiн алу үшiн олардың өмiр бойы бiлiм алу қажеттiлiктерiн қанағаттандыруға бағытталған.
Ересектерге бiлiм берудi бiлiм беру ұйымдары, сондай-ақ қосымша білім беру бағдарламаларын iске асыратын құрылымдық бөлiмшелерi бар заңды тұлғалар жүзеге асырады.
2015.21.07. № 337-V ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдерінде оқыту қосымша білім беруге жатады.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Кадрлардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында, ғылыми ұйымдарда, біліктілікті арттыру институттарында, өндірісте және «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша тағылымдамадан өту кезінде жүзеге асырылады.
4. Бiлiм беру ұйымдары басшы кадрларының, педагог және ғылыми қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгiн арттыру бес жылда кемiнде бiр рет жүзеге асырылады.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Медициналық және фармацевтік кадрлардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітетін үлгілік бағдарламаларға сәйкес медициналық білім және ғылым ұйымдарында жүзеге асырылады.
6. Қазақстан Республикасының азаматтары тағылымдамадан өту үшін «Болашақ» халықаралық стипендиясын алуға арналған конкурсқа қатысуға құқылы.
Тағылымдамадан өту үшін «Болашақ» халықаралық стипендиясын алуға баллдары теңдей болған кезде Президенттік олимпиада жеңімпазы ғылыми жетекшісінің басым құқығы бар.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы берілген Қазақстан Республикасының азаматтарымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша тағылымдамадан өту туралы шарт жасалады.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды
7. «Болашақ» халықаралық стипендиясын әкімшілендіру жөніндегі іс-шаралар кешенін жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Үкіметі құрған ұйым:
1) «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша іс-шараларды ақпараттық қолдап отыруды жүргізеді;
2) «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға үміткерлердің құжаттарын қабылдауды ұйымдастыруды және жүргізуді жүзеге асырады;
3) үміткерлерді конкурстық негізде іріктеуді ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар кешенін жүзеге асырады;
4) оқыту, кепіл және (немесе) кепілдік шарттарын жасасады;
5) стипендиаттардың академиялық оқытылуы мен тағылымдамадан өтуін ұйымдастыруды және оның мониторингін жүзеге асырады;
6) оқытуды және тағылымдамадан өтуді ұйымдастыруға байланысты шығыстарды қаржыландыруды қамтамасыз етеді;
7) шарттың Қазақстан Республикасының аумағында жұмыспен өтеу бөлігіндегі талаптарын стипендиаттардың орындауына мониторингті жүзеге асырады;
8) халықаралық әріптестермен, шетелдік оқу орындарымен стипендиаттардың оқуын ұйымдастыруға арналған шарттар жасасады.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 37-1-баппен толықтырылды
37-1-бап. Жеке педагогтік қызмет
1. Табыс алумен байланысты жеке педагогтік қызмет кәсіпкерлік қызмет болып табылады. Жеке педагогтік қызметпен айналысатын тұлғаны мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Жеке педагогтік қызмет лицензияланбайды.
38-бап. Білім алушылардың кәсіптік практикасы
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Білім алушылардың кәсіптік практикасы мамандар даярлайтын білім беру бағдарламаларының құрамдас бөлігі болып табылады.
Кәсіптік практика тиісті ұйымдарда жүргізіледі және оқыту процесінде алған білімдерді бекітуге, практикалық дағдыларды игеруге және озық тәжірибені меңгеруге бағытталған.
2. Кәсіптік практиканың түрлері, мерзімдері мен мазмұны жұмыстық оқу бағдарламаларымен және жұмыстық оқу жоспарларымен айқындалады.
3. Кәсіптік практиканы өткізу үшін білім беру ұйымдары шарттық негізде практиканың базасы ретінде ұйымдары айқындайды, олармен практиканы өткізудің келісілген бағдарламалары мен күнтізбелік кестелерін бекітеді.
Шарттарда білім беру ұйымының, практиканың базасы болып табылатын ұйымдардың және білім алушылардың міндеттері мен жауаптылықтары айқындалады.
4. Кәсіптік практикаға кететін шығындар білім беру ұйымдарында және практиканың базасы болып табылатын ұйымдарда көзделеді және жасасылған шарттармен айқындалады.
5. Практиканың базалары болып табылатын ұйымдармен шарттар білім алушылардың кәсіптік практикасын өткізуге арналған шарттардың үлгілік нысаны негізінде жасасылады.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқудың екінші курсынан бастап кәсіптік практикадан өту міндетті. Кәсіптік практиканың мазмұны мен базасы мамандықтың бейіні мен білім беру бағдарламасының мазмұнына сәйкес айқындалады.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды
7. Осы баптың талаптары әскери, арнаулы оқу орындарында білім алушылардың кәсіптік практикасына қолданылмайды.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 39-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
39-бап. Білім туралы құжаттар
1. Қазақстан Республикасында білімі туралы құжаттардың мына түрлері қолданылады:
1) білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттар;
2) дербес білім беру ұйымдарының білім туралы құжаттары;
3) білім туралы өзіндік үлгідегі құжаттар.
Дербес білім беру ұйымдарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы білім беру ұйымдарының білім туралы құжаттары білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарға теңестіріледі.
Білім туралы құжаттардың барлық түрлерінің қорғаныш белгілері болады.
2. Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттың не дербес білім беру ұйымының білім туралы құжатының не білім туралы өзіндік үлгідегі құжаттың болуы келесі деңгейдегі білім беру ұйымдарында білім алуды жалғастыру үшін қажетті талап болып табылады.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 3-тармақ 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды. Тоқтата тұру кезеңінде 3-тармақ 2015 ж. 29 қарашадан 2017 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды, 2017 ж. 1 қаңтардан 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады, 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданылатын редакциясын қараңыз
3. Қорытынды аттестаттаудан өткен білім алушыларға мемлекеттік үлгідегі білім туралы құжатты:
1) негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары, сондай-ақ әскери, арнаулы оқу орындарында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша білім беру қызметімен айналысуға лицензиясы бар және мемлекеттік аттестаттаудан өткен білім беру ұйымдары;
1-1) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары бойынша білім беру қызметімен айналысуға лицензиясы бар, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік аттестаттаудан немесе аккредиттеуден өткен халықаралық мектептер;
2) әскери және арнаулы жоғары оқу орындарын қоспағанда, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша білім беру қызметімен айналысуға лицензиясы бар және білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық еуропалық желілердің толық құқылы мүшелері болып табылатын шетелдік немесе ұлттық аккредиттеу органдарында халықаралық аккредиттеуден өткен және білім саласындағы уәкілетті органның тізіліміне енгізілген білім беру ұйымдары береді.
Мемлекеттік үлгідегі білім туралы құжаттарды толтыруға қойылатын талаптарды білім саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
4. Дербес білім беру ұйымдарының білім туралы құжаттарын дербес білім беру ұйымдары береді.
Дербес білім беру ұйымының білім туралы құжаттарының нысаны мен оларды толтыруға қойылатын талаптарды дербес білім беру ұйымы айқындайды.
39-баптың 5-тармағы 2015 ж. 29 қарашадан 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
5-тармақтың 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданылатын редакциясын қараңыз
5. Білім туралы өзіндік үлгідегі құжатты:
1) ерекше мәртебесі бар білім беру ұйымы;
2) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша білім беру қызметімен айналысуға лицензиясы бар білім беру ұйымы беруге құқылы.
Білім туралы өзіндік үлгідегі құжаттардың нысаны мен оларды толтыруға қойылатын талаптарды білім беру ұйымы айқындайды.
6. Білім алуды аяқтамаған не қорытынды аттестаттаудан өтпеген білім алушыларға белгіленген үлгідегі анықтама беріледі.
7. Шетелдік білім беру ұйымдары берген білім туралы құжаттар Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттар (келісімдер) негізінде танылады.
Халықаралық шарттар (келісімдер) болмаған кезде Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдік білім беру ұйымдарында алған білімі туралы құжаттарын нострификациялау және оларға тиісті куәліктер беру білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
8. «Болашақ» халықаралық стипендиясын иеленуші Қазақстан Республикасының азаматтарына шетелдік жоғары оқу орындары, ғылыми орталықтары мен зертханалары берген білім туралы құжаттар тану немесе нострификациялау рәсімдерінен өтпей-ақ Қазақстан Республикасында танылады.
6-тарау. Білім беру қызметінің субъектілері
40-бап. Білім беру ұйымдары
2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.21.07. № 337-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда; 2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Меншік нысанына және ұйымдық құқықтық нысанына қарамастан, бір немесе бірнеше білім беру бағдарламаларын іске асыратын және (немесе) білім алушыларды, тәрбиеленушілерді бағып-күтуді және тәрбиелеуді қамтамасыз ететін заңды тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлғалардың халықаралық мектептер мәртебесі бар филиалдары, заңды тұлға құрмай, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын дара кәсіпкерлер білім беру ұйымдары болып табылады.`
2011.19.01. № 395-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Білім беру ұйымдарында бiлiм беру қызметiмен айналысу құқығы:
1) лицензиялауды талап ететін білім беру қызметінің кіші түрлері үшін - егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, лицензия алған сәттен бастап және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен лицензиядан айыру немесе оны жарамсыз деп тану туралы соттың шешімі заңды күшіне енген сәттен бастап;
2) лицензиялауды талап етпейтін білім беру қызметінің кіші түрлері үшін - заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеген сәттен бастап туындайды;