2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу барысында прокурордың келісуі немесе нұсқауы бойынша таңдалған бұлтартпау шарасының күші прокурордың келісуімен ғана жойылуы немесе ол өзгертілуі мүмкін.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Қылмыстық қудалау органының бұлтартпау шарасын өзгерту не оның күшін жою туралы қаулысына шағым жасау, оны прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарау осы Кодекстің 100-106-баптарында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 5-бөлік жаңа редакцияда
5. Тергеу судьясы санкциялаған бұлтартпау шарасының күшін жою немесе оны өзгерту, осы Кодекстің 145-бабының сегізінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, тергеу судьясының санкциясымен жүргізіледі.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қылмыстық істі немесе қылмыстық қудалауды тоқтату туралы шешім қабылдаған кезде бұлтартпау шарасының күшін жою прокурордың келісуімен жүргізіледі.
6. Кепіл, күзетпен ұстау немесе үйқамақ түріндегі бұлтартпау шараларының күшін жою туралы қаулыға шағым жасау осы Кодекстің 106-бабында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
154-бап. Қамқоршылыққа және мүлкінің қаралуына құқық
1. Ата-анасының немесе асыраушысының күзетпен ұсталуының, сол сияқты қылмыстық процесті жүргізетін органның басқа да әрекеттерiнiң нәтижесiнде қараусыз, күтусiз және күнкөріс қаражатынсыз қалған кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ еңбекке қабiлетсiз адамдардың өздеріне қамқоршылық жасалуына құқығы бар, оны көрсетілген орган бюджет қаражаты есебiнен қамтамасыз етуге мiндеттi. Қылмыстық процестi жүргізетін органның еңбекке қабiлетсiз адамдарды қарау, күту және мемлекеттiк әлеуметтiк көмек органдарына немесе медициналық ұйымға уақытша орналастыру жөнiндегi тапсырмасы қорғаншы және қамқоршы орган, сондай-ақ аталған ұйымдардың басшылары үшiн мiндеттi. Қылмыстық процестi жүргізетін орган кәмелетке толмаған және еңбекке қабiлетсiз адамдарға қамқоршылық жасауды осы адамдардың келiсiмiмен олардың туыстарына сенiп тапсыруға құқылы.
2. Күзетпен ұсталуының, сол сияқты қылмыстық процестi жүргізетін органның басқа да әрекеттерiнiң нәтижесiнде мүлкi қараусыз қалған адамның өз мүлкiнің және өзіне тиесiлi жануарлардың қарауда болуына құқығы бар, оны көрсетілген лауазымды адам осы адамға оның өтiнуi бойынша және оның есебiнен қамтамасыз етуге мiндеттi. Қылмыстық процестi жүргізетін органның адамның мүлкi мен оған тиесiлi жануарларға қарауды ұйымдастыру жөніндегі тапсырмасы тиiстi мемлекеттiк органдар мен ұйымдар үшiн мiндеттi.
3. Қылмыстық процестi жүргізетін орган бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау қолданылған адамға немесе басқа да мүдделi адамға осы бапқа сәйкес қолданылған шаралар туралы дереу хабарлайды.
19-тарау. ӨЗГЕ ДЕ ПРОЦЕСТІК МӘЖБҮРЛЕУ ШАРАЛАРЫ
155-бап. Өзге де процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану үшін негіздер
1. Қылмыстық процесті жүргізетін орган осы Кодексте көзделген қылмыстық істер бойынша тергеп-тексерудің, сот талқылауының тәртібін, үкімнің тиісті түрде орындалуын қамтамасыз ету мақсатында күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға осы Кодекстің 18-тарауында көзделген бұлтартпау шараларының орнына немесе солармен қатар өзге де процестік мәжбүрлеу шараларын: келу туралы міндеттемені, күштеп әкелуді, лауазымынан уақытша шеттетуді, мүлкіне тыйым салуды, жақындауға тыйым салуды қолдануға құқылы.
2. Қылмыстық процесті жүргізетін орган осы Кодексте көзделген жағдайларда жәбірленушіге, куәға және іске қатысатын басқа да адамдарға процестік мәжбүрлеу шараларын: келу туралы міндеттемені, күштеп әкелуді, ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.
156-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға және сотқа келу туралы мiндеттеме
1. Бұлтартпау шарасын қолдануға қажеттік болмаған, бұлтартпау шарасы қолданылмаған күдікті, айыпталушы тергеу әрекеттеріне немесе сот талқылауына қатысудан жалтаруы мүмкін деп пайымдауға жеткілікті негіздер болған кезде не олар шақыру бойынша дәлелді себептерсіз іс жүзінде келмеген кезде аталған адамдардан шақыру бойынша қылмыстық қудалау органына немесе сотқа уақтылы келу, ал тұрғылықты жерін өзгерткен жағдайда ол туралы дереу хабарлау жөнінде жазбаша міндеттеме алып қойылуы мүмкін. Келу туралы міндеттеме алып қойылған кезде күдіктіге, айыпталушыға оны орындамаудың осы Кодекстің 140-бабының төртінші бөлігінде көзделген салдарлары туралы ескертіледі.
2. Қылмыстық қудалау органына не сотқа келу туралы жазбаша міндеттеме жәбірленушіден де және куәдан да алынуы мүмкін.
3. Келу туралы міндеттеме орындалмаған кезде осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдарға осы Кодекстің 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы және бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкін.
4. Келу туралы міндеттеме орындалмаған кезде осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген адамдарға осы Кодекстің 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін.
157-бап. Күштеп әкелу
1. Күдікті, айыпталушы, сотталушы, сондай-ақ куә, жәбiрленушi шақыру бойынша дәлелді себептерсіз келмеген жағдайда, олар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның, соттың уәждi қаулысы бойынша күштеп әкелінуі (мәжбүрлеп жеткізілуі) мүмкін.
2. Шақырту туралы тиiсті түрде хабарланған адамның келмеуiнiң дәлелдi себептерi болып: адамды келу мүмкiндiгiнен айырған ауруы, жақын туыстарының қайтыс болуы, дүлей зілзала, адамды белгіленген уақытта келу мүмкiндiгiнен айыратын өзге де себептер танылады. Күдікті, айыпталушы, сотталушы, сондай-ақ куә және жәбiрленушi шақыру бойынша белгіленген мерзiмде келуге кедергi келтiретiн дәлелдi себептер туралы өздерiн шақырған органға хабарлауға мiндеттi.
3. Күштеп әкелу туралы қаулы күдіктіге, айыпталушыға, сондай-ақ куәға және жәбiрленушiге оны орындаудың алдында хабарланады, бұл олардың қаулыға қол қоюымен куәландырылады.
4. Күштеп әкелуді түнгi уақытта жүргiзуге болмайды.
5. Он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар, ал он сегiз жасқа толмаған адамдар - олардың заңды өкiлiне хабарланбастан, жүктi әйелдер, сондай-ақ дәрiгердiң куәландыруына жататын денсаулық жағдайы бойынша өзiнiң жатқан орнынан кете алмайтын немесе кетпеуге тиiс науқастар күштеп әкелінуге жатпайды.
6. Соттың күштеп әкелу туралы қаулысын - сот приставы немесе iшкi iстер органы; прокурордың, анықтаушының, тергеушiнiң қаулысын анықтау, алдын ала тергеу жүргiзетiн орган немесе iшкi iстер органы орындайды.
158-бап. Лауазымынан уақытша шеттету
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде - тергеу судьясы немесе сот ісін жүргізу кезінде сот, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау үшін негіздер болмаған кезде күдікті, айыпталушы, сотталушы осы лауазымда қала отырып, істі тергеп-тексеруге және сотта талқылауға, қылмыспен келтiрiлген залалды өтеуге кедергi келтіреді немесе осы лауазымда болуымен байланысты қылмыстық іс-әрекетпен айналысуды жалғастырады деп пайымдауға жеткiлiктi негiздер болған кезде, күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулы шығарылғаннан кейін күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны лауазымынан шеттетуге құқылы.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар болған кезде, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам сот алдында лауазымынан уақытша шеттету жөнінде өтінішхат қозғау туралы қаулы шығарады және оны тергеу судьясына жібереді.
Қаулыға қылмыстық істің лауазымынан шеттету қажеттігін растайтын материалдарының куәландырылған көшірмелері қоса беріледі.
Қаулының көшірмесі бір мезгілде прокурорға жіберіледі.
3. 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Лауазымнан уақытша шеттетуді санкциялау туралы өтінішхатты тергеу судьясы өтінішхат сотқа келіп түскен кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде тараптардың қатысуынсыз жеке-дара қарайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Тергеу судьясы өтінішхатты және істің ұсынылған материалдарын қарап шығып, лауазымнан уақытша шеттетуді санкциялау не санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарады. Лауазымнан уақытша шеттетуді санкциялау немесе одан бас тарту туралы қаулыға осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы, ол прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.
6. Күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны лауазымынан уақытша шеттету туралы қаулы оның жұмыс орны бойынша ұйым басшысына жiберiледi, ол қаулыны алғаннан кейiн үш тәулiк iшiнде оны орындауға және лауазымынан шеттету туралы өтінішхат мәлімдеген адамға ол туралы хабарлауға мiндеттi.
7. Лауазымынан шеттетiлген күдіктінің, айыпталушының, сотталушының, егер олар өздеріне байланысты емес мән-жайлар бойынша басқа лауазымда iстей алмаса немесе басқа жұмысқа кiре алмаса, ең төмен бір жалақы мөлшерiнен кем емес ай сайынғы мемлекеттiк жәрдемақыға құқығы бар.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 8-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Лауазымынан уақытша шеттетудің күшін жоюды осы шараға қажеттілік жойылған кезде - тергеу судьясының санкциясы бойынша қылмыстық қудалау органының уәжді қаулысымен, не қылмыстық істі сотта қарау барысында сот жүзеге асырады.
159-бап. Ақшалай өндіріп алу
Осы Кодекстiң 71, 78, 80, 81, 82, 90, 142, 144, 156 және 165-баптарында көзделген процестік мiндеттерді орындамағаны және сот отырысында тәртiп бұзғаны үшiн, адвокатты, прокурор мен сотталушыны қоспағанда, жәбiрленушiге, куәға, маманға, аудармашыға және өзге де адамдарға осы Кодекстің 160-бабында белгіленген мөлшерде және тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін.
160-бап. Ақшалай өндіріп алуды қолдану тәртібі
1. Осы Кодекстің 159-бабында аталған жағдайларда сот ақшалай өндіріп алуды қолданады.
2. Егер тиісті бұзушылыққа сот отырысы барысында жол берілсе, онда сот өндіріп алуды осы бұзушылық анықталған сол бір сот отырысында қолданады, соттың ол туралы қаулысы шығарылады.
3. Тиісті бұзушылыққа сотқа дейінгі іс жүргізу барысында жол берілген болса, онда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам немесе прокурор бұзушылық туралы хаттама жасап, оны тергеу судьясына жібереді, ол оны сотқа келіп түскен кезден бастап бір тәулік ішінде қарайды. Сот отырысына өзіне ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін тұлға шақыртылады. Бұзушылық жасаған адамның дәлелді себептерсіз келмей қалуы хаттаманы қарауға кедергі болмайды.
4. Судья хаттаманы қарау нәтижесі бойынша елу айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолдану немесе оны қолданудан бас тарту туралы қаулы шығарады. Қаулының көшірмесі хаттаманы жасаған адамға және ақшалай өндіріп алу қолданылған адамға жіберіледі.
5. Сот ақшалай өндіріп алу қолданылған кезде қаулының орындалуын үш айға дейінгі мерзімге кейінге қалдыруға немесе ұзартуға құқылы.
161-бап. Мүлiкке тыйым салу
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам үкiмнің азаматтық талап қою, басқа да мүлiктiк өндіріп алулар немесе мүлiктi ықтимал тәркiлеу бөлiгiнде орындалуын қамтамасыз ету мақсатында мүлікке тыйым салуды қолдану шараларын қабылдауға міндетті.
Егер азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету негіздері сот тергеуі сатысында туындаса, сот үкім заңды күшіне енгенге дейін оны қамтамасыз ету шараларын қабылдауға құқылы.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда прокурордың келісуімен, егер мүліктің меншік иесінің жеке басы анықталса, оны жиырма төрт сағат ішінде хабардар ете отырып, мүлікке билік етуге он тәуліктен аспайтын мерзімге уақытша шектеу белгілеуге құқылы.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам мүлікке билік етуге шектеу белгіленген мерзім өткен соң осы Кодекстің 162-бабында көзделген тәртіппен сот алдында мүлікке тыйым салуды қолдану жөнінде өтінішхат қозғау туралы қаулы шығаруға не белгіленген шектеуді алып тастауға міндетті.
Мүліктің меншік иесін оған тиесілі мүлікке билік етуге уақытша шектеу белгіленгені туралы хабардар ету мына жағдайларда:
1) террористік немесе экстремистік қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша;
2) қылмыстық топ жасаған қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша;
3) егер мүліктің меншік иесін мүлікке билік етуге уақытша шектеу белгіленгені туралы хабардар ету қылмыстық іс бойынша жүргізіліп жатқан жасырын тергеу іс-шаралары туралы ақпараттың ашылу қаупін туғызса, жүргізілмейді.
2. Мүлiкке тыйым салу оның меншiк иесiне немесе иеленушiсiне арналған, осы мүлікке билiк етуге, ал қажет болған жағдайларда оны пайдалануға тыйым салудан не мүлiктi алып қоюдан және оны сақтауға беруден тұрады.
3. Тәркіленуге жататын мүлікті қарап-тексеру және сақтау тәртібі осы Кодекстің 221-бабында айқындалады.
4. Үкімді күдіктінің, айыпталушының немесе олардың әрекеттері үшін заң бойынша материалдық жауаптылықта болатын, Қазақстан Республикасының қаржы ұйымдарының қызметін реттейтін заңдарында көзделген жағдайларда міндеттемелері қайта құрылымдануға жататын, қаржы ұйымдарының кредиторлары болып табылатын тұлғалардың мүлкіне тыйым салу туралы азаматтық талап қою бөлігінде орындауды қамтамасыз ету шараларын қолдануға жол берілмейді.
5. Азаматтық талапкер немесе прокурор қойған азаматтық талапты қамтамасыз ету үшін тыйым салынған мүлiктiң құны талап қоюдың бағасынан аса алмайды.
6. Бiрнеше күдіктінің, айыпталушының немесе олардың әрекеттерi үшін жауап беретiн тұлғалардың әрқайсысынан тыйым салынуға жататын мүлiктiң үлесiн айқындау кезiнде күдіктіге, айыпталушыға таңылған қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға қатысу дәрежесi ескерiледi, алайда, егер басқаларда мүлік болмаса, азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету үшiн тиiстi тұлғалардың бiрiнiң мүлкiне де толық мөлшерде тыйым салынуы мүмкiн.
2016.26.07. № 12-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.05.07. № 88-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 7-бөлік жаңа редакцияда; 2017.12.12. № 114-VI ҚР Заңымен (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2018.28.12. № 208-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен (2020 ж. 16 желтоқсаннан, 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 7-бөлік өзгертілді
7. Бiрiншi қажеттiлiк заттары болып табылатын мүлікке және тізбесі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын өзге де заттарға тыйым салынбайды.
Мүлікке билік етуге уақытша шектеу, мүлікпен мәмілелер және өзге де операциялар жасауға шектеулер белгілеуге, мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді, тұрғын үй төлемдерін, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының банктік шоттардағы активтеріне, тұрғын үй төлемдерін пайдалану есебінен жинақталған тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі тұрғын үй құрылысы жинақ банктеріндегі банктік шоттардағы ақшаға, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу мақсатында жасалатын шарттар бойынша міндеттемелердің орындалмауы туралы істер бойынша сот шешімдері негізінде өндіріп алуларды қоспағанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған жинақтар түріндегі екінші деңгейдегі банктердегі банктік шоттардағы ақшаға, нотариус депозиті шарттарында енгізілген, «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша банктік шоттардағы ақшаға, уәкілетті мемлекеттік орган лицензиядан айырған және (немесе) мәжбүрлеп тарату (қызметін мәжбүрлеп тоқтату) процесінде тұрған банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының ақшасына, жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шотындағы ақшаға тыйым салуға жол берілмейді.
Осы бөліктің екінші абзацының ережесі атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган, оның аумақтық органдары лицензиясының қолданысы тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған не лицензиясынан айырылған жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған көрсетілген ағымдағы шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру бойынша қоятын шектеулерге қолданылмайды.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 8-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Егер басқа тұлғалардағы мүлік күдіктінің, айыпталушының қылмыстық әрекеттері нәтижесінде алынған не қылмыстық құқық бұзушылық қаруы немесе құралы ретінде не экстремизмді, терроризмді, ұйымдасқан топты, заңсыз әскери құралымды, қылмыстық қоғамдастықты қаржыландыру үшін пайдаланылған немесе пайдалануға арналған деп пайымдауға жеткілікті негіздер болса, ол мүлікке тыйым салу қолданылуы мүмкін.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 9-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Тыйым салынуға жататын мүлік жасырылуы немесе жоғалтылуы мүмкін деп пайымдауға негіз болған жағдайларда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам соттың санкциясы алынғанға дейін мүлікпен мәмілелер және өзге де операциялар жасасуды тоқтата тұруға не прокурорды және сотты жиырма төрт сағат ішінде хабардар ете отырып, мүлікті алып қоюға құқылы.
162-бап. Мүлікке тыйым салу тәртібі
1. Мүлікке тыйым салу қажет болған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам сот алдында күдіктінің немесе олардың әрекеттері үшін заң бойынша материалдық жауаптылықта болатын тұлғалардың мүлкіне тыйым салу туралы өтінішхатты қозғау туралы қаулы шығарады.
Қаулыға өтінішхаттың негізділігін растайтын, қылмыстық істің куәландырылған көшірмелері қоса беріледі.
Қаулыда қылмыстық құқық бұзушылықтың қысқаша фабуласы, саралануы, күдікті, айыпталушы немесе қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес адамның Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінде тыйым салынған іс-әрекетімен келтірілген зиян үшін жауапты тұлға туралы деректер, қойылған талап болған кезде тыйым салу ұсынылатын мүліктің құны, оның тұрған жері және мүлікке тыйым салу қажеттігі туралы түйіндер қамтылады.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның мүлікке тыйым салуды қолдану жөнінде өтінішхат қозғау туралы қаулысы және оның материалдары тыйым салынуға жататын мүлік анықталған кезден бастап қырық сегіз сағаттан кешіктірілмей тергеу судьясына ұсынылуға тиіс. Қаулының көшірмесі бір мезгілде прокурорға жіберіледі.
3. 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4. 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5. 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
163-бап. Мүлікке тыйым салуды санкциялау тәртібі
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мүлікке тыйым салуды санкциялау құқығы - тергеу судьясына, ал осы Кодекстің 107-бабы жетінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында көзделген жағдайларда облыстық және оған теңестірілген соттың судьяларына тиесілі.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның мүлiкке тыйым салуды қолдану жөнінде өтінішхат қозғау туралы қаулысы материалдар сотқа келіп түскен кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген жер бойынша не күдіктінің, айыпталушының мүлкі табылған жер бойынша тергеу судьясының жеке-дара қарауына жатады.
3. 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Тергеу судьясы мүлікке тыйым салуды санкциялау туралы өтінішхатты қарап, мүлікке тыйым салуды санкциялау туралы не санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
Мүліктің ықтимал тәркіленуін қамтамасыз ету үшін мүлікке тыйым салу туралы мәселені шешу кезінде тергеу судьясы мүліктің күдіктіге, айыпталушыға тиесілі екенін және оның қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезінде пайдаланылғанын не қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынғанын куәландыратын нақты мән-жайларды көрсетуге тиіс.
Мүліктің қылмыстық жолмен алынғаны туралы анық деректер бар болған, бірақ бұл мүлікті анықтау мүмкін болмаған кезде тергеу судьясы оған құны бойынша баламалы басқа мүлікке тыйым салуға құқылы.
5. Мүлiкке тыйым салу туралы қаулыда тыйым салынуға жататын мүлiк, сотқа дейінгі iс жүргiзу барысында оның қаншалықты анықталғаны, сондай-ақ азаматтық талап қоюды қамтамасыз етуде тыйым салу жеткiлiктi болатын мүлiктiң құны, іс бойынша түпкілікті шешім қабылданғанға дейін мүлікті сақтау орны туралы мәлімет көрсетiлуге тиiс.
Қажет болған кезде мүлікке тыйым салу туралы қаулы орындалуы үшін тиісті уәкілетті органға жіберілуі мүмкін.
6. Тергеу судьясының мүлікке тыйым салу туралы қаулысы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, күдіктіге немесе қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес адамның Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде тыйым салынған іс-әрекетімен келтірілген зиян үшін жауаптылықта болатын тұлғаға, сондай-ақ прокурорға, азаматтық талапкерге, жәбірленушіге жіберіледі.
7. Судьяның мүлiкке тыйым салу туралы қаулысын сот орындаушысы орындайды.
8. Сот орындаушысы судьяның мүлiкке тыйым салу туралы қаулысын орындау үшін мүліктің бар-жоғын тексереді, оның тізімдемесін жасайды, билігінде осы мүлік жатқан тұлғаларға мүлікті талан-таражға салуға немесе онымен өзге де әрекеттер жасауға жол берілмейтіні туралы жазбаша түрде ескертеді не тыйым салынуы мүмкін мүліктің жоқ екені туралы акт жасайды.
9. Мүлiкке тыйым салған кезде мүлiктiң құнын айқындайтын маман қатысуы мүмкін.
10. Мүліктің меншiк иесi немесе иеленушiсі қандай нәрселерге бiрiншi кезекте тыйым салу қажеттiгiн ұсынуға құқылы.
11. Тыйым салынған мүлiк алып қойылуы не тергеу судьясының қалауы бойынша жергiлiктi әкiмшiлiктiң, тұрғынжай-пайдалану ұйымының өкiлiне, осы мүлiктiң иеленушiсіне немесе өзге де тұлғаға сақтауға берiлуi мүмкiн, оларға мүлiктiң сақталуына жауапты екендігі ескертiлуге тиiс, бұл туралы қолхат алынады.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 12-бөлік жаңа редакцияда (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
12. Екінші деңгейдегі банктердегi, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдарындағы және кредиттік мекемелердегi шоттар мен салымдардағы ақшаға және өзге де құндылықтарға тыйым салу кезiнде осы шот бойынша шығыс операциялары тыйым салынған қаражат шегiнде тоқтатылады.
13. Мүлікке тыйым салуға қажеттілік жойылған кезде бұл шараның күші жойылады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде тергеу судьясы санкциялаған мүлiкке тыйым салудың күшін жою қылмыстық қудалау органының уәжді қаулысы негізінде прокурордың келісімімен жүргізіледі.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 164-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
164-бап. Тергеу судьясының мүлiкке тыйым салуды санкциялау не санкциялаудан бас тарту туралы қаулысын прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарау және оған шағым жасау
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Тергеу судьясының күдіктінің, айыпталушының, оның әрекеттері үшін заң бойынша материалдық жауаптылықта болатын тұлғаның мүлкіне тыйым салуды санкциялау немесе одан бас тарту туралы қаулысына осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы, сондай-ақ ол прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Тергеу судьясының мүлiкке тыйым салуды санкциялаудан бас тарту туралы қаулысының күші жойылған жағдайда, облыстық немесе оған теңестірілген соттың мүлiкке тыйым салуды санкциялау туралы мәселені қарауы осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.