2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
2. Осы бөлімнің мақсаттары үшін тауарды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді сатып алушының төлемді жүзеге асыру күні жеке тұлғаларға тауарлардың электрондық саудасы және (немесе) электрондық нысанда қызметтер көрсету бойынша айналым жасау күні болып табылады.
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3. Қосылған құн салығының төленген сомалары осы бапқа сәйкес қайтарылуға жатпайды.
2025.15.07. № 208-VIII ҚР Заңымен 26-бөліммен толықтырылды (2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
26-бөлім. Өтпелі ережелер
781-бап. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және төлеу жөніндегі өтпелі ережелер
1. Осы бап 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және оны қолданысқа енгізу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі осы баптың мақсаттары үшін - Заң) қолданысқа енгізілген айдың соңғы күні аралығындағы кезеңде төлем көзінен салық салынатын кірістен және жеке практикамен айналысатын адамдардың салық салынатын кірісінен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және төлеу жөніндегі өтпелі ережелерді белгілейді.
2. Салық агенті жеке тұлғаның салықтық шегерімдерді қолдану туралы өтініші бойынша 2025 жылғы кез келген күнтізбелік айдан бастап күнтізбелік жыл шегінде өзге шегерімдердің алдын ала сомасын қолдануға құқылы.
3. Жеке практикамен айналысатын адам Заң қолданысқа енгізілген айдан кейінгі айдың 5-күнінен кешіктірмей, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Заң қолданысқа енгізілген айдың соңғы күні аралығындағы кезеңде салық салынатын кірістен есептелген жеке табыс салығын төлеуді жүзеге асырады.
782-бап. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін осы Кодекстің 3-бабы 3 және 5-тармақтарының ережелері осы Кодекстің 302-бабының 1-тармағын, 223 және 313-баптарын қолданған кезде салық төлеушілерге қолданылмайды деп белгіленсін.
783-бап. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін:
1) осы Кодекстің 223-бабының қолданысы тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бап мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«223-бап. Салық салу объектілері
Мыналар корпоративтік табыс салығын салу объектілері болып табылады:
1) салық салынатын кіріс;
2) төлем көзінен салық салынатын кіріс;
3) Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент - заңды тұлғаның таза кірісі;
4) жеңілдікті салық салынатын мемлекеттерде тіркелгендерді қоспағанда, бақыланатын шетелдік компаниялардың және бақыланатын шетелдік компаниялардың тұрақты мекемелерінің салық салынатын кірісі;
5) жеңілдікті салық салынатын мемлекеттерде тіркелген бақыланатын шетелдік компаниялардың және бақыланатын шетелдік компаниялар тұрақты мекемелерінің салық салынатын кірісі;
6) 2025 жылдағы мынадай кірістер сомасы түрінде айқындалатын кіріс:
мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды өткізу кезіндегі құн өсімі (мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды өткізуден болатын залалдарға азайтылған),
осы Кодекстің 279-бабына сәйкес айқындалған, бір жылға дейінгі мерзімге жасалған валютамен және пайыздық мөлшерлемелерді айырбастаумен жүргізілетін своп-операциялар бойынша кірістер (бір жылға дейінгі мерзімге жасалған валютамен және пайыздық мөлшерлемелерді айырбастаумен жүргізілетін своп-операциялар бойынша залалдар сомасына азайтылған),
бір жылға дейінгі мерзімге жасасылған репо операциялары бойынша сыйақылар (бір жылға дейінгі мерзімге жасасылған репо операциялары бойынша сыйақы түріндегі шығыстар сомасына азайтылған);
мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша сыйақылар;
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде бір жылға дейінгі мерзімге орналастырылған салымдар (депозиттер) бойынша сыйақылар.»;
2) Салық кодексінің 302-бабы 1-тармағының қолданысы тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«1. Таза кіріске салынатын корпоративтік табыс салығын және төлем көзінен ұсталатын корпоративтік табыс салығын қоспағанда, салықтық кезең үшін корпоративтік табыс салығы мынадай тәртіппен есептеледі:
осы Кодекстің 313-бабының 1 немесе 2-тармағында белгіленген мөлшерлеменің және осы Кодекстің 288-бабында көзделген кірістер мен шығыстар сомасына азайтылған, сондай-ақ осы Кодекстің 300-бабына сәйкес ауыстырылатын залалдар сомасына азайтылған салық салынатын кірістің көбейтіндісі
қосу
осы Кодекстің 313-бабының 1-1-тармағында белгіленген мөлшерлеме мен осы Кодекстің 223-бабының 4) тармақшасында айқындалған, осы Кодекстің 300-бабы 1-тармағының екінші бөлігіне сәйкес ауыстырылатын залалдар сомасына азайтылған салық салу объектісінің көбейтіндісі
қосу
осы Кодекстің 313-бабының 1-1-тармағында белгіленген мөлшерлеме мен осы Кодекстің 223-бабының 5) тармақшасында айқындалған салық салу объектісінің көбейтіндісі
қосу
осы Кодекстің 313-бабының 1-2-тармағында белгіленген мөлшерлеме мен осы Кодекстің 223-бабының 6) тармақшасында айқындалған салық салу объектісінің көбейтіндісі
алу
осы Кодекстің 303-бабына сәйкес есепке жатқызу жүзеге асырылатын корпоративтік табыс салығының сомасы
алу
салықтық кезеңде ұтыс түріндегі кірістен төлем көзінен ұсталған, осы баптың 2-тармағына сәйкес азайту жүзеге асырылатын корпоративтік табыс салығының сомасы
алу
сыйақылар, дивидендтер түріндегі кірістен төлем көзінен ұсталған, осы баптың 3-тармағына сәйкес алдыңғы салықтық кезеңдерден ауыстырылған корпоративтік табыс салығының сомасы
алу
салықтық кезеңде сыйақылар, дивидендтер түріндегі кірістен төлем көзінен ұсталған, осы баптың 2-тармағына сәйкес азайту жүзеге асырылатын корпоративтік табыс салығының сомасы.»;
3) осы Кодекстің 313-бабының қолданысы тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бап мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«313-бап. Салықтық мөлшерлемелер
1. Егер осы баптың 2-тармағында өзгеше белгіленбесе, салық төлеушінің осы Кодекстің 288-бабында көзделген кірістер мен шығыстар сомасына және осы Кодекстің 300-бабында айқындалған тәртіппен ауыстырылатын залалдар сомасына азайтылған салық салынатын кірісі 20 пайыз мөлшерлеме бойынша салық салуға жатады.
1-1. Осы Кодекстің 223-бабының 4) және 5) тармақшаларында айқындалған салық салу объектілері 20 пайыз мөлшерлемесі бойынша салық салуға жатады.
1-2. Осы Кодекстің 223-бабының 6) тармақшасында айқындалған салық салу объектілері 10 пайыз мөлшерлеме бойынша салық салуға жатады.
2. Ауыл шаруашылығы өнімін, аквашаруашылық (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндіруші заңды тұлғалардың осы Кодекстің 288-бабында көзделген кірістер мен шығыстар сомасына және осы Кодекстің 300-бабында айқындалған тәртіппен ауыстырылатын залалдар сомасына азайтылған салық салынатын кірісіне, егер мұндай кіріс ауыл шаруашылығы өнімін, аквашаруашылық (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндіру, өзі өндірген аталған өнімді, сондай-ақ осындай қайта өңдеу өнімдерін қайта өңдеу мен өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асырудан алынса, 10 пайыз мөлшерлеме бойынша салық салынуға жатады.
Осы Кодекстің мақсаттары үшін осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген қызметті жүзеге асырудан алынған кіріс деп ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге мынадай бағыттар бойынша берілген бюджеттік субсидиялар да танылады:
1) агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін ауыл шаруашылығы техникасының, технологиялық жабдықтың лизингі бойынша, сондай-ақ технологиялық жабдыққа кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін арзандату;
2) өсімдіктердің жоғары бағалы сорттары мен ауыл шаруашылығы жануарларының, құстар мен балықтар тұқымдарының тектік қорын сақтау және дамыту;
3) тұқым шаруашылығын дамыту;
4) мал шаруашылығының өнімділігі мен өнімінің сапасын арттыру;
5) аквашаруашылықтың (балық өсіру шаруашылығының) өнімділігі мен өнімінің сапасын арттыру;
6) басым дақылдар өндіруді субсидиялау арқылы өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыру, жанар-жағармай материалдарының және көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін қажетті басқа да тауар-материалдық құндылықтардың құнын арзандату;
7) отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге тыңайтқыштардың (органикалық тыңайтқыштарды қоспағанда) құнын арзандату;
8) өсімдіктерді қорғау мақсатында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеуге арналған гербицидтердің, биоагенттердің (энтомофагтардың) және биопрепараттардың құнын арзандату;
9) асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту;
10) жеміс-жидек дақылдарының және жүзімнің көпжылдық көшеттерін отырғызу және өсіру (оның ішінде қалпына келтіру);
11) ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғалған топырақта өсіру;
12) ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау кезінде көлік шығыстарына жұмсалатын шығындардың құнын арзандату;
13) ауыл шаруашылығы өнімін өндіру үшін жаңа өндірістік қуаттарды құруға немесе жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуге бағытталған инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу.
3. Бейрезиденттердің Қазақстан Республикасындағы көздерден алатын кірістерін қоспағанда, төлем көзінен салық салынатын кірістер төлем көзінен 15 пайыз мөлшерлеме бойынша салық салуға жатады.
4. Бейрезиденттердің осы Кодекстің 644-бабы 1-тармағының 1) - 9), 11) - 34) тармақшаларында айқындалатын Қазақстан Республикасындағы көздерден алатын, осындай бейрезиденттердің тұрақты мекемесімен байланысты емес кірістеріне, сондай-ақ осы Кодекстің 644-бабы 1-тармағының 10) тармақшасында көрсетілген кірістерге осы Кодекстің 646-бабында белгіленген мөлшерлемелер бойынша салық салынады.
5. Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент - заңды тұлғаның таза кірісіне осы Кодекстің 652-бабында белгіленген мөлшерлеме бойынша және тәртіппен корпоративтік табыс салығын салуға жатады.
784-бап 2025.15.07. № 208-VIII ҚР Заңының редакциясында 2025 ж. 15 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді
784-бап. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру және мемлекеттік статистика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілген күннен бастап «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркінің және оның қатысушыларының қызметі, сондай-ақ «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері қатысушыларының қызметі «Астана Хаб» дербес кластерлік қорының, «Астана Хаб» инновациялық кластерінің және оның қатысушыларының қызметі ретінде есептеледі деп белгіленсін.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2017 жылғы 25 желтоқсан
№ 120-VI ҚРЗ