2. Салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау үшін:
1) жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 722-бабында көрсетілген, өнімді бөлу туралы келісімде (келісімшартта) және (немесе) Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта не осындай келісімде және (немесе) келісімшартта көзделген өзге де құжатта белгіленген тәртіппен және мерзімдерде пайдалы қазбаларды мемлекет атынан алушыға береді;
2) мемлекет атынан алушы Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасының сақталуын ескере отырып, пайдалы қазбаларды дербес немесе осындай өткізуді жүзеге асыруға мемлекет атынан алушы уәкілеттік берген тұлға арқылы өткізеді.
Жер қойнауын пайдаланушы міндеттемені заттай нысанда орындау есебіне алынған пайдалы қазбаларды өткізуді мынадай:
заңдылық;
ашықтық;
айқындық;
адалдық;
әділдік;
барынша көп пайда алу;
ілеспе шығыстарды барынша азайту қағидаттарын сақтай отырып, жүзеге асырады;
3) мемлекет атынан алушы немесе осындай өткізуді жүзеге асыруға мемлекет атынан алушы уәкілеттік берген тұлға Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған міндеттемені заттай нысанда орындау тәртібіне сәйкес есептелген мөлшерде ағымдағы төлемдерді айқындайды және бюджетке аударады;
4) жер қойнауын пайдаланушы, мемлекет атынан алушы салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау бойынша декларацияны (ағымдағы төлемдердің есеп-қисабын) тұрған жеріндегі салық органдарына осы Кодексте айқындалған тәртіппен және уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша тапсырады.
3. Салықтар бойынша жер қойнауын пайдаланушының салықтық міндеттемені заттай нысанда орындауы үшін салықтық кезең күнтізбелік тоқсан болып табылады.
Салықтар бойынша жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда беретін пайдалы қазбаларды іс жүзінде өткізуден алынған ақшаны төлеу бөлігінде мемлекет атынан алушы үшін салықтық кезең күнтізбелік жыл болып табылады.
4. Салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда берілетін пайдалы қазбалардың көлемін айқындау, оны ақшалай мәнде есептеу, сондай-ақ оларды өткізу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, міндеттемені заттай нысанда орындау тәртібімен жүзеге асырылады.
5. Жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау туралы декларацияны тұрған жеріндегі салық органына салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірмей тапсырады.
6. Мемлекет атынан алушы тұрған жеріндегі салық органына:
1) салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау бойынша ағымдағы төлемдердің есеп-қисабын салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірмей ұсынады.
Осы Кодекстің 210-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау бойынша ағымдағы төлемдердің есеп-қисабын ұсынуға, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізуге, сондай-ақ осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген декларацияны тапсыру үшін белгіленген мерзімнен кейін оны қайтарып алуға жол берілмейді;
2) күнтізбелік жыл үшін салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау туралы декларацияны есепті күнтізбелік жылдан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей тапсырады.
Мемлекет атынан алушы салықтық міндеттемені заттай нысанда орындауға байланысты қызметке қатысты корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығы бойынша декларацияны тапсырмайды.
7. Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген ағымдағы төлемдерді қоспағанда, салықтық кезең ішінде мемлекет атынан алушы тоқсан сайын салықтарды заттай нысанда төлеу есебіне ағымдағы төлемдерді айқындайды және оларды салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 25-күнінен кешіктірмей бюджетке аударады.
Алдыңғы салықтық кезеңдер үшін алынған, бірінші тоқсанда өткізілген пайдалы қазбалар бойынша ағымдағы төлемдер алдыңғы күнтізбелік жылдың төртінші тоқсаны үшін заттай нысандағы ағымдағы төлемдердің қосымша есеп-қисабында көрсетілуге жатады және осы баптың 8-тармағында белгіленген мерзімде бюджетке аударылады.
Ағымдағы төлемдер Қазақстан Республикасының Үкіметі
айқындаған міндеттемені заттай нысанда орындау тәртібіне сәйкес
өтелуге жататын, осындай өткізу бойынша шығыстар азайтыла
отырып, тиісті салықтық кезеңде пайдалы қазбаларды өткізуден алынған ақша мөлшерінде бюджетке аударылады.
8. Салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау туралы
декларацияны тапсыру үшін белгіленген мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмейтін мерзімде жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені орындау есебіне алдыңғы күнтізбелік жыл ішінде заттай нысанда берген пайдалы қазбаларды өткізуден алынған ақшаны төлеуді мемлекет атынан алушы жүзеге асырады. Мұндай төлеу өнімді бөлу туралы тиісті келісімде (келісімшартта) және (немесе) осы Кодекстің 722-бабында көрсетілген Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген валютада жүзеге асырылады.
Заттай нысандағы салықтық міндеттеменің күнтізбелік жыл үшін мөлшері Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, міндеттемені заттай нысанда орындау тәртібіне сәйкес айқындалады.
9. Төлеу (аудару) кезінде төлем құжаттарында мемлекет атынан алушының атауы мен сәйкестендіру нөмірі де көрсетіледі.
10. Мерзімінде орындалмаған салықтық міндеттеме мерзімінде орындалмаған салықтық міндеттеме бойынша пайдалы қазбалардың физикалық көлемінің ақшалай мәнге аударылғандағы мөлшерінде айқындалады.
11. Мерзімінде орындалмаған салықтық міндеттеме бойынша пайдалы қазбалардың физикалық көлемі жер қойнауын пайдаланушы үшін салықтық кезең үшін берілуге жататын пайдалы қазбалардың физикалық көлемі мен салықтық кезең үшін іс жүзінде берілген пайдалы қазбалардың физикалық көлемі арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Пайдалы қазбалардың физикалық көлемі осы Кодекстің 722-бабында көзделген, өнімді бөлу туралы келісімдерге (келісімшарттарға), Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа сәйкес айқындалған шартты бағалар қолданыла отырып, ақшалай мәнге аударылады.
Осы Кодекстің 722-бабында көзделген, өнімді бөлу туралы келісімдерде (келісімшарттарда), Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта шартты бағаларды айқындау тәртібі болмаған жағдайда мұндай шартты бағалар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған міндеттемені заттай нысанда орындау тәртібіне сәйкес айқындалады.
12. Күнтізбелік жыл бойынша мерзімінде орындалмаған салықтық міндеттеме бойынша пайдалы қазбалардың физикалық көлемі мемлекет атынан алушы үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған міндеттемені заттай нысанда орындау тәртібіне сәйкес есептелетін салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда алынған пайдалы қазбалардың есепті күнтізбелік жыл үшін өткізуге жататын физикалық көлемі мен есепті күнтізбелік жылда іс жүзінде өткізілген пайдалы қазбалардың физикалық көлемі арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Күнтізбелік жыл бойынша мерзімінде орындалмаған салықтық міндеттеме бойынша пайдалы қазбалардың физикалық көлемі мемлекет атынан алушы үшін есепті күнтізбелік жыл үшін орташа өлшемді нақты баға, бірақ осы баптың 11-тармағында көзделген орташа өлшемді шартты бағадан төмен емес баға қолданыла отырып, ақшалай мәнге аударылады.
773-бап. Пайдалы қазбаларды өндіру салығын, көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығын заттай нысанда төлеу тәртiбi
1. Осы Кодекстің 715-бабының 2-тармағында және 737-бабының 2-тармағында белгіленген жағдайларда салық төлеуші пайдалы қазбаларды өндіру салығын, көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығын төлеу есебіне пайдалы қазбаларды заттай нысанда Қазақстан Республикасына беруді жүргізуге міндетті.
2. Осы Кодексте белгіленген пайдалы қазбаларды өндіру салығын және көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығын төлеудің ақшалай нысанын ауыстыру уақытша, толық немесе iшiнара жүргізілуі мүмкін.
3. Заттай нысанда төленетін, осы Кодексте белгіленген пайдалы қазбаларды өндіру салығының және көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығының мөлшері осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мөлшерлерде ақшалай мәнде есептелген осы салықтар мен төлемдердің сомасына барабар болуға тиіс.
Жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда беретін пайдалы қазбалардың көлемін айқындау, оны ақшалай мәнде есептеу, сондай-ақ мұндай пайдалы қазбаларды өткізу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған міндеттемені заттай нысанда орындау тәртібімен жүзеге асырылады.
4. Салық төлеушінің осы Кодексте белгіленген пайдалы қазбаларды өндіру салығын және көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығын заттай нысанда төлеуі көзделетін қосымша келісім жасасқан кезде, онда:
1) салық төлеуші пайдалы қазбаларды өндіру салығы, көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығы түрінде Қазақстан Республикасына заттай нысанда беретін пайдалы қазбалардың көлемдерін мемлекет атынан алушы;
2) салық төлеуші пайдалы қазбаларды өндіру салығы, көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығы түрінде Қазақстан Республикасына заттай нысанда беретін пайдалы қазбалардың көлемдерін беру пункті, шарттары мен мерзімдері міндетті түрде көрсетіледі.
5. Осы Кодексте белгіленген пайдалы қазбаларды өндіру салығын және көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығын төлеу есебіне заттай нысанда берілетін пайдалы қазбаларды салық төлеушінің беру мерзімдері көрсетілген салықтар мен төлемдерді бюджетке ақшалай нысанда төлеудің осы Кодексте белгіленген мерзімдеріне сәйкес келуге тиіс.
6. Мемлекет атынан алушы пайдалы қазбаларды өндіру салығының, көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығының тиесілі сомасын көрсетілген салықтар мен төлемдерді төлеудің осы Кодексте белгіленген мерзімдерінде ақшалай нысанда бюджетке аударады.
7. Мемлекет атынан алушы салық төлеушінің пайдалы қазбалардың тиiстi көлемін өзіне уақтылы әрі толық беруiн бақылауды дербес жүзеге асырады.
Салық төлеуші Қазақстан Республикасына заттай нысанда беретін, осы Кодексте белгіленген пайдалы қазбаларды өндіру салығының және көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығының бюджетке толық әрі уақтылы аударылуы үшін салық төлеуші пайдалы қазбалардың тиісті көлемдерін іс жүзінде тиеп жөнелткен күннен бастап мемлекет атынан алушы жауаптылықта болады.
8. Салық төлеуші және мемлекет атынан алушы тұрған жеріндегі салық органдарына осы Кодексте белгіленген пайдалы қазбаларды өндіру салығының және шикі мұнай, газ конденсаты бойынша экспортқа рента салығының мөлшерлері және оларды заттай нысанда төлеу (беру) мерзімдері туралы есептілікті осы Кодексте белгіленген мерзімдерде және уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша ұсынады.
24-бөлім. 2018.26.12. № 203-VІ ҚР Заңына сәйкес 2019 ж. 1 қаңтардан бастап 2024 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 24-1-бөліммен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
24-1-бөлім. Бірыңғай төлем
89-1-тарау. Бірыңғай төлем
776-1-бап. Жалпы ережелер
1. Салық агенті тиісті декларацияда осы тараудың ережелеріне немесе осы Кодекстің 8-бөлімінің ережелеріне сәйкес жұмыскерлердің төлем көзінен салық салынуға жататын кірістеріне салық салудың бірыңғай тәртібін дербес өзі айқындайды.
2023.20.03. № 213-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Микро- және шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын, осы Кодекстің 77-тарауының 3-параграфында, 77-2 және 78-тарауларында көзделген арнаулы салық режимдерін қолданатын, бейрезидент - жеке тұлғаны қоспағанда, жеке тұлғаға жалақы түрінде кіріс төлейтін және бірыңғай төлем құрамында осындай кірістерден жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және аудару жөніндегі міндеттемелерді орындауды таңдаған дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар осы тараудың мақсаттары үшін салық агенттері деп танылады.
2023.12.12. № 45-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Бірыңғай төлемге төлем көзінен салық салынуға жататын кірістерден алынатын жеке табыс салығының төленуге жататын сомалары, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес төленетін міндетті зейнетақы жарналары және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес төленетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар мен аударымдар енгізіледі.
4. Бастапқы немесе кезекті декларацияда жұмыскерлердің төлем көзінен салық салынуға жататын кірістеріне салық салудың таңдалған тәртібі салықтық кезең ішінде өзгертілуге жатпайды.
2023.20.03. № 213-VІІ ҚР Заңымен 776-2-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
776-2-бап. Бірыңғай төлемді салық салу объектісі
Бейрезидент-жұмыскерді қоспағанда, осы Кодекстің 322-бабында көзделген, микро- және шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын, осы Кодекстің 77-тарауының 3-параграфында, 77-2 және 78-тарауларында көзделген арнаулы салық режимдерін қолданатын жұмыс беруші есепке жазған жұмыскердің табысы бірыңғай төлемді салық салу объектісі болып табылады.
776-3-бап. Бірыңғай төлемнің мөлшерлемесі және ондағы төлем көзінен салық салынатын кірістерден алынатын жеке табыс салығының үлесі
1. Салық салу объектісіне қолданылатын бірыңғай төлем мөлшерлемесі:
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап - 20,0 пайызды;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 21,5 пайызды;
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 23,8 пайызды;
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 24,8 пайызды;
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 25,8 пайызды;
2028 жылғы 1 қаңтардан бастап - 26,3 пайызды құрайды.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әлеуметтік төлемдерді (міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын қоспағанда) төлеуден босатылған жұмыскерлер үшін, сондай-ақ «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабы 1-тармағының 1), 7), 8), 9), 11), 12) және 13) тармақшаларына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға арналған жарналарды мемлекет төлейтін жұмыскерлер үшін бірыңғай төлемнің мөлшерлемесі әлеуметтік төлемдердің (міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын қоспағанда) тиісті үлесіне төмендетіледі.
2. Бірыңғай төлем төлеушінің жеке табыс салығының бірыңғай төлем мөлшерлемесіндегі үлесі:
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап - 9,0 пайызды;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 8,4 пайызды;
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 7,6 пайызды;
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 7,3 пайызды;
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 7,0 пайызды;
2028 жылғы 1 қаңтардан бастап - 6,9 пайызды құрайды.
776-4-бап. Бірыңғай төлемді есептеу, төлеу және ол бойынша міндеттемелерді тиісті салықтық есептілікте көрсету тәртібі
1. Салық агенті бірыңғай төлемнің тиісті үлестерін есептеуді, ұстап қалуды және оны аударуды, сондай-ақ ол бойынша міндеттемелерді тиісті салықтық есептілікте көрсетуді осы тарауда белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүргізеді.
2. Салық агенті салық салу объектісін есепке жазу кезінде бірыңғай төлемді есептеуді жүргізеді.
3. Салық агенті төлем көзінен салық салынуға жататын кіріс төленетін күннен кешіктірмей, бірыңғай төлемнің жеке табыс салығына, міндетті зейнетақы жарналарына, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарына тиесілі тиісті үлестерінің сомаларын ұстап қалуды жүргізеді.
4. Салық агенттері жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, әлеуметтік аударымдарды және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдарды өз қаражаты есебінен жұмыскерлердің пайдасына жүзеге асырады.
5. Салық агенті есепке жазылған кірістер бойынша бірыңғай төлемді екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы жалпы сомамен ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмей, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының банктік шотына осындай бірыңғай төлем аударылатын айды көрсете отырып аударады.
2023.20.03. № 213-VІІ ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Бірыңғай төлемді, бірыңғай төлем бойынша өсімпұлды төлеу, аудару және оларды жеке табыс салығы және әлеуметтік төлемдер (міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын қоспағанда), өсімпұл түрінде бөлу, сондай-ақ оларды қайтару Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен, уәкілетті органмен келісу бойынша әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау, денсаулық сақтау саласындағы және цифрлық даму саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
7. Бірыңғай төлем сомалары осы Кодекстің 358, 688 және 707-баптарында көзделген тәртіппен тиісті декларацияларда көрсетіледі.
776-5-бап. Салықтық кезең
Салық агенттерінің бірыңғай төлемді есептеуі үшін күнтізбелік ай салықтық кезең болып табылады.
776-6-бап. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бірыңғай төлем шеңберіндегі құзыреті
1. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бірыңғай төлем шеңберінде мемлекеттік монополияға жататын мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:
1) жеке сәйкестендіру нөмірі базасында бірыңғай төлем төлеушілерді дербестендіріп есепке алуды жүргізеді;
2) бірыңғай төлем төлеушілерді дербестендіріп есепке алуды жаңартып отырады;
3) бірыңғай төлемнің сомасын Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына және салық агентінің тұратын жері бойынша тиісті бюджетке бөледі және аударады;
4) бірыңғай төлемнің қате (артық) төленген сомаларын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен, уәкілетті органмен, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау жөніндегі, денсаулық сақтау саласындағы және цифрлық даму саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу бойынша әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен қайтаруды жүзеге асырады.
2. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы өндіретін және (немесе) өткізетін жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бағаларын орталық мемлекеттік органдар арасынан Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалатын уәкілетті орган монополияға қарсы органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша белгілейді.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 25-бөліммен толықтырылды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
25-бөлім. ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРҒА ТАУАРЛАРМЕН ЭЛЕКТРОНДЫҚ САУДАНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ, ЭЛЕКТРОНДЫҚ НЫСАНДА ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ КЕЗІНДЕ ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯЛАРҒА САЛЫҚ САЛУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
90-тарау. Жеке тұлғаларға тауарлармен электрондық сауданы жүзеге асыру, электрондық нысанда қызметтер көрсету кезінде шетелдік компанияға салық салу ерекшеліктері
777-бап. Осы бөлімде пайдаланылатын негізгі ұғымдар
1. Осы бөлімде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) интернет-алаң - тауарлардың электрондық саудасын ұйымдастыру үшін Интернетте орналастырылған ақпараттық жүйе;
2021.20.12. № 85-VII ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
2) мерчент ІD - төлем жүйелерін пайдалана отырып, шетелдік компанияны төлем және (немесе) ақша аударымын алушы ретінде сәйкестендіретін символдардың бірегей жиынтығы;
2021.20.12. № 85-VII ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3) тауарлармен электрондық сауда - тауарларды жеке тұлғаларға өткізу бойынша интернет - алаң арқылы жүзеге асырылатын кәсіпкерлік қызмет;
2021.20.12. № 85-VII ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4) шетелдік компания - бейрезидент-заңды тұлға немесе заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметтің шетелдік ұйымының өзге нысаны;
2021.20.12. № 85-VII ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
5) электрондық нысандағы көрсетілетін қызметтер - жеке тұлғаларға телекоммуникациялар желісі және Интернет арқылы көрсетілетін қызметтер.
778-бап. Шетелдік компанияны шартты тіркеу
1. Салық төлеуші ретінде шартты тіркеу үшін шетелдік компания мыналарды:
1) шетелдік компанияның толық атауын;
2) инкорпорация елінде немесе бейрезиденттің резиденттік елінде салықтық тіркеу нөмірі болған кезде осындай нөмірді (немесе оның аналогын);
3) бейрезиденттің инкорпорация еліндегі немесе бейрезиденттің резиденттік еліндегі мемлекеттік тіркеу нөмірін (немесе оның аналогын);
4) жеке тұлғаларға тауарлармен электрондық сауданы жүзеге асыру, электрондық нысанда қызметтер көрсету кезінде қосылған құн салығын төлеу жүргізілетін банктік деректемелерді;
2021.20.12. № 85-VII ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4-1) төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын қабылдау үшін қолданылатын деректемелер тізбесін, оның ішінде мерчент ІD деректерін;
5) пошталық деректемелерді (ресми электрондық мекенжайды, инкорпорация елінде немесе бейрезиденттің резиденттік елінде орналасқан мекенжайын) көрсете отырып, растау хатты пошта арқылы қағаз жеткізгіште салық органына жібереді.
Осы бөлімнің мақсатында шетелдік компанияға осы Кодекстің 9-тарауының ережесі қолданылмайды.
779-бап. Жалпы ережелер
1. Мыналар:
тауарлармен электрондық сауда жүзеге асырылатын интернет-алаң арқылы;
электрондық нысанда қызметтер көрсететін шетелдік компания қосылған құн салығын төлеуші деп танылады.
Осы тармақтың мақсатында осы Кодекстің 82 және 83-баптарына сәйкес қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою жүргізілген тұлға шетелдік компанияға жатпайды.
2. Қосылған құн салығын төлеуші жеке тұлғаларға тауарлармен электрондық сауданы жүзеге асыру, электрондық нысанда қызметтер көрсету кезінде қосылған құн салығын, егер мынадай шарттардың бірі орындалса:
сатып алушы-жеке тұлғаның тұрғылықты жері Қазақстан Республикасы болып табылса;
Қазақстан Республикасының аумағы сатып алушы-жеке тұлға көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу үшін пайдаланатын банктік шот ашылған банктің немесе ол арқылы сатып алушы-жеке тұлға көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуді жүзеге асыратын электрондық ақша операторының тұрған жері болып табылса;
көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде пайдаланылған сатып алушы-жеке тұлғаның желілік мекенжайы Қазақстан Республикасында тіркелсе;
көрсетілетін қызметтерді сатып алу немесе оларға ақы төлеу үшін пайдаланылатын телефон нөмірі (оның ішінде мобильді телефон нөмірі) елінің халықаралық кодын Қазақстан Республикасы берсе, осы бөлімде белгіленген тәртіппен есептейді.
3. Жеке тұлғаларға электрондық нысанда өткізілген тауарлар, көрсетілген қызметтер бойынша қосылған құн салығын төлеушінің шот-фактураларды жазып беруі талап етілмейді.
2021.20.12. № 85-VII ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4. Жеке тұлғаларға тауарлармен электрондық сауданы жүзеге асыру, электрондық нысанда қызметтер көрсету кезінде қосылған құн салығы мынадай жағдайларда:
1) кедендік баждар, салықтар жиынтық кедендік төлем түрінде Қазақстан Республикасында төленген және қайтаруға жатпайтын, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес айқындалатын құндық және (немесе) салмақтық нормадан асып кетуі бөлігінде;
2) егер мұндай тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің құны Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден әкелінетін тауарларға қосылған құн салығы Қазақстан Республикасының бюджетіне төленген және осы Кодекстің 50-тарауына сәйкес қайтаруға жатпайтын, осы Кодекстің 444-бабына сәйкес айқындалатын салық салынатын импорт мөлшеріне енгізілсе, есептелуге және төленуге жатпайды.
780-бап. Жеке тұлғаларға тауарлармен электрондық сауданы жүзеге асыру, электрондық нысанда қызметтер көрсету кезінде қосылған құн салығын есептеу мен төлеу тәртібі
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Жеке тұлғаларға тауарлармен электрондық сауданы жүзеге асыру, электрондық нысанда қызметтер көрсету кезінде қосылған құн салығы электрондық нысанда өткізілген тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің құнына осы Кодекстің 422-бабының 1-тармағында белгіленген салық мөлшерлемесін қолдану арқылы есептеледі.
Жеке тұлғаларға электрондық нысанда өткізілген тауарлардың, көрсетілген қызметтердің шетел валютасындағы құны салық төлеу күнінің алдындағы соңғы жұмыс күні айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамы қолданыла отырып, теңгемен қайта есептеледі.
Шетелдік компания жеке тұлғаларға тауарлармен электрондық сауданы жүзеге асыру, электрондық нысанда қызметтер көрсету кезінде есептелген қосылған құн салығын бюджетке әрбір тоқсан үшін тауарларды өткізу, қызметтерді көрсету жүзеге асырылған тоқсаннан кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірмей төлеуге міндетті.