8) минералды шикізатты бастапқы қайта өңдеу (байыту) - тау-кен өнеркәсібі қызметінің түрі, ол:
өндірілген жерінде жинауды, бөлшектеуді немесе ұсақтауды, сыныптауды (сұрыптауды), брикеттеуді, агломерациялауды және физикалық-химиялық әдістермен байытуды (пайдалы қазбалардың минералды нысандарын, олардың агрегаттық-фазалық жай-күйін, кристалдық-химиялық құрылымын сапалық жағынан өзгертпестен) қамтиды;
пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі жұмыстардың арнаулы түрлері (жерасты газдандыру және балқыту, химиялық және бактериялық сілтісіздендіру, ұсақ тау-кен жынысы бар кен орындарын түйіршіктеу және гидравликалық жолмен игеру) болып табылатын өңдеу технологияларын қамтуы мүмкін;
9) оператор - өнімдерді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жай серіктестік (консорциум) құрамында жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құратын немесе айқындайтын заңды тұлға;
10) өндіру - көмірсутектерді, минералды шикізатты немесе пайдалы қатты қазбаларды жер қойнауынан жер бетіне шығарумен және (немесе) пайдалы қазбалар жатқан жерлерден, оның ішінде техногендік минералды түзілімдерден оларды бөліп алумен тікелей байланысты, сондай-ақ жерасты суларын алумен байланысты жұмыстардың (операциялардың) бүкіл кешені;
11) пайдалы қазбалар - химиялық құрамы мен физикалық қасиеттері оларды материалдық өндіру және (немесе) тұтыну саласында және (немесе) өзге де мұқтаждықтарға тікелей немесе өңдеуден кейін пайдалануға мүмкіндік беретін жер қойнауындағы табиғи минералды түзілімдер, көмірсутектер мен жерасты сулары, сондай-ақ құрамында пайдалы құрауыштар бар табиғи минералды түзілімдер мен органикалық заттар.
11-бап. Салық төлеушінің (салық агентінің) тұрған жеріне байланысты ұғымдар
Салық төлеушінің (салық агентінің) тұрған жері (бұдан әрі - тұрған жері) деп салық төлеуші (салық агенті) жатқызылған субъектінің санаттарына байланысты мынадай жерлер танылады:
1) жеке тұлғаның тұрғылықты жері - Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасына сәйкес азаматтың тіркелген жері;
2) Қазақстан Республикасында тіркелген жері жоқ, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде тұратын Қазақстан Республикасы азаматының тұрғылықты жері - Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасына сәйкес азаматтың Қазақстан Республикасында соңғы тіркелген жері;
3) дара кәсіпкердің және жеке практикамен айналысатын адамның тұрған жері - Қазақстан Республикасында салықтық тіркелу кезінде мәлімделген, олардың қызметі басым түрде жүзеге асырылатын жер;
4) резидент-заңды тұлғаның, оның құрылымдық бөлімшесінің, бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің тұрған жері - Қазақстан Республикасында тіркелу кезінде Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізілген, оның тұрақты жұмыс істейтін органының орналасқан жері;
5) қызметін құрылымдық бөлімше ашпай, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаның тұрған жері - Қазақстан Республикасында салықтық тіркелу кезінде мәлімделген, қызметті Қазақстан Республикасында жүзеге асыратын жер;
6) тиімді басқару орны Қазақстан Республикасында орналасқан, шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғаның тұрған жері - Қазақстан Республикасында салықтық тіркелу кезінде мәлімделген және басқару органының тиісті хаттамасында көрсетілген, директорлар кеңесінің жиналысы немесе осыған ұқсас басқару органы айқындаған Қазақстан Республикасындағы нақты басқару органының тұрған жері;
7) шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның болатын жері - Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркелу кезінде мәлімделген, шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның уақытша болатын жері;
8) Қазақстан Республикасында болмайтын, салық агенті болып табылмайтын адамнан Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістерден жеке табыс салығын төлеу бойынша салықтық міндеттемесі туындайтын шетелдік немесе азаматтығы жоқ адамның болатын жері - Қазақстан Республикасындағы көздерден осындай шетелдікке немесе азаматтығы жоқ адамға кіріс төлейтін адамның тұрғылықты (тұрған) жері.
12-бап. Сыйақы
1. Сыйақы деп мыналар танылады:
1) кредиттер (қарыздар, микрокредиттер) бойынша сыйақы;
2) қаржы лизингі шарты бойынша сыйақы;
3) салым (депозит) бойынша сыйақы;
4) жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша сыйақы;
5) вексель бойынша сыйақы;
6) репо операциялары бойынша сыйақы;
7) борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақы;
8) исламдық жалдау сертификаттары бойынша сыйақы;
9) банктік шот шарты бойынша сыйақы.
2. Кредитке (қарызға, микрокредитке) байланысты барлық төлемдер:
1) қарыз берушіге;
2) кредит (қарыз, микрокредит) бойынша талап ету құқығы берілген, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында көрсетілген заңды тұлғаға;
3) қарыз алушы үшін өзара байланысты тарап болып табылатын тұлғаға жүзеге асырылған жағдайларда, мұндай төлемдер кредиттер (қарыздар, микрокредиттер) бойынша сыйақы болып табылады.
Бұл ретте кредиттер (қарыздар, микрокредиттер) бойынша мыналар сыйақы болып табылмайды:
1) кредиттің (қарыздың, микрокредиттің) төленуге жататын (алынған) сомасы;
2) валюта бағамының өзгеруіне байланысты теңгемен төленуге жататын (алынған) кредит (қарыз, микрокредит) сомасын түзету (индекстеу);
3) екінші деңгейдегі банктердің ақша аударғаны үшін комиссия.
3. Қаржы лизингі шарты бойынша мүлікті беруге байланысты барлық төлемдер:
1) лизинг берушіге;
2) лизинг алушы үшін өзара байланысты тарап болып табылатын тұлғаға жүзеге асырылған жағдайларда, мұндай төлемдер қаржы лизингі шарты бойынша сыйақы болып табылады.
Бұл ретте қаржы лизингі шарты бойынша мыналар сыйақы болып табылмайды:
1) осындай мүлік қаржы лизингіне алынған (берілген) құн;
2) қаржы лизингі шартының талаптарына сәйкес коэффициентті (индексті) қолдану кезінде лизингтік төлемдер мөлшерінің өзгеруіне байланысты төлемдер.
4. Салым (депозит) бойынша барлық төлемдер:
1) салымшыға (депозиторға);
2) салымды (депозитті) қабылдаған тұлға үшін өзара байланысты тарап болып табылатын тұлғаға жүзеге асырылған жағдайларда, мұндай төлемдер салым (депозит) бойынша сыйақы болып табылады.
Бұл ретте салым (депозит) сомасы салым (депозит) бойынша сыйақы болып табылмайды.
5. Жинақтаушы сақтандыру шартына байланысты барлық төлемдер:
1) сақтандырушыға;
2) сақтанушы үшін өзара байланысты тарап болып табылатын тұлғаға жүзеге асырылған жағдайларда, мұндай төлемдер жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша сыйақы болып табылады.
Бұл ретте сақтандыру сомасының мөлшері жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша сыйақы болып табылмайды.
6. Борыштық бағалы қағаздар бойынша дисконт не борыштық бағалы қағаздар бойынша купон түріндегі төлемдер (борыштық бағалы қағаздар бойынша дисконтты не бастапқы орналастыру құнынан және (немесе) сатып алу құнынан сыйлықақыны ескере отырып):
1) борыштық бағалы қағаздарды ұстаушыға;
2) сыйақы төлейтін тұлға үшін өзара байланысты тарап болып табылатын тұлғаға жүзеге асырылған жағдайларда, мұндай төлемдер борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақы болып табылады.
7. Вексель бойынша барлық төлемдер:
1) вексельдерді ұстаушыға;
2) вексель беруші үшін өзара байланысты тарап болып табылатын тұлғаға жүзеге асырылған жағдайларда, мұндай төлемдер вексель бойынша сыйақы болып табылады.
Бұл ретте вексельде көрсетілген сома вексель бойынша сыйақы болып табылмайды.
8. Репоны жабу бағасы мен ашу бағасы арасындағы айырма түріндегі төлемдер репо операциялары бойынша сыйақы болып табылады.
9. Исламдық жалдау сертификаттары бойынша барлық төлемдер исламдық жалдау сертификаттары бойынша сыйақы болып табылады.
10. Банктің банктік шот шартында көзделген кірісті төлеу жөніндегі шығыстары банктік шот шарты бойынша төленетін сыйақы болып табылады.
11. Сыйақының осы бапта белгіленген анықтамасы қай мемлекеттің заңнамасына сәйкес туындайтынына қарамастан қолданылады.
13-бап. Дивидендтер
1. Дивидендтер деп дивидендтердің мынадай түрлері танылады:
1) кірісті бөлуден түсетін дивидендтер;
2) конструктивтік дивидендтер.
2. Мынадай:
1) акциялар бойынша, оның ішінде депозитарлық қолхаттардың базалық активтері болып табылатын акциялар бойынша төленуге жататын таза кіріс немесе оның бір бөлігі түріндегі;
2) қордың басқарушы компаниясы сатып алған кездегі пайлар бойынша кірісті қоспағанда, инвестициялық пай қорының пайлары бойынша төленуге жататын;
3) заңды тұлға өзінің құрылтайшылары, қатысушылары арасында бөлетін таза кіріс немесе оның бір бөлігі түріндегі;
4) исламдық қатысу сертификаттары бойынша төленуге жататын;
5) заңды тұлға таратылған немесе жарғылық капиталы азайтылған кезде, сондай-ақ заңды тұлғаның құрылтайшыдан, қатысушыдан осы заңды тұлғадағы қатысу үлесін немесе оның бір бөлігін сатып алуы, эмитент-заңды тұлғаның осы эмитент шығарған акцияларды акционерден сатып алуы кезінде, адвокаттық кеңсе әріптесі болып табылатын адвокаттың осындай адвокаттық кеңседен шығуы кезіндегі, осындай адвокаттық кеңсе арқылы адвокаттық қызметті тоқтатуы не адвокаттық кеңсені тарату кезінде мүлікті бөлуден түскен кіріс;
6) мыналардан:
эмитент өзі шығарған акцияларды орналастырудан алған мүлік құнының осындай акциялардың номиналды құнынан асып кетуі түріндегі қосымша төленген капиталдан;
заңды тұлға қатысушысының осындай заңды тұлғаның мүлкіне қосымша жарналарынан;
қайта бағалауға байланысты құнның өсуінен басқа, заңды тұлғаның меншікті капиталы есебінен осындай заңды тұлғаның жарғылық капиталының мөлшерін ұлғайту арқылы заңды тұлғаның жарғылық капиталына салымды ұлғайту түріндегі кіріс кірісті бөлуден түскен дивиденд болып табылады.
3. Мынадай:
1) акционер, қатысушы, құрылтайшы немесе өзара байланысты тарап заңды тұлғадан алатын, Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен жүргізілетін салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді түзету кезінде туындайтын кіріс конструктивтік дивиденд болып табылады.
Осы кірісті есептеу кезінде өзара байланысты тараптар Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасына сәйкес айқындалады;
2) акционер, қатысушы, құрылтайшы немесе олардың өзара байланысты тарапы заңды тұлғадан:
заңды тұлғаның кәсіпкерлік қызметіне байланысты емес, оның акционерінде, қатысушысында, құрылтайшысында немесе олардың өзара байланысты тарапында үшінші тұлға алдында туындайтын шығыстардың немесе міндеттемелердің, заңды тұлғаға акционер, құрылтайшы, қатысушы немесе олардың өзара байланысты тарапы өтемей, заңды тұлға өтейтін құны;
жұмыскердің кірістері мен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізуден түскен кірістерді қоспағанда, заңды тұлға өзінің акционеріне, қатысушысына, құрылтайшысына немесе олардың өзара байланысты тарапына беретін кез келген мүлік пен материалдық пайда түрінде алатын кіріс конструктивтік дивиденд болып табылады.
Осы тармақшаның бірінші бөлігінің мақсаттары үшін өзара байланысты тараптар осы Кодекстің 14-бабына сәйкес айқындалады.
Акционер, қатысушы, құрылтайшы немесе олардың өзара байланысты тарапы патенттелген өнеркәсіптік меншік объектілерін коммерциялық қызметте пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін роялти түрінде заңды тұлғадан алатын кіріс конструктивтік дивиденд деп танылмайды.
4. Осы баптың 2-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген мүлікті бөлуден түскен кіріс мынадай тәртіппен айқындалады:
К = Қа - Қк,
мұнда:
К - мүлікті бөлуден түсетін кіріс;
Қа - мүлікті бөлу кезінде акционер, қатысушы, құрылтайшы, адвокаттық кеңсе әріптесі алатын (алған), оның ішінде бұрын енгізілгеннің орнына алатын (алған) мүліктің қайта бағалау мен құнсыздануын есепке алмағанда, беретін тұлғаның бухгалтерлік есебінде көрсетілуге жататын (көрсетілген) беру күнгі баланстық құны;
Қк:
эмитент өзі шығарған акцияларды орналастырудан алған мүлік құнының осындай акциялардың номиналды құнынан асып кетуі түріндегі қосымша төленген капиталды ескере отырып, төленген жарғылық капиталдың мүлікті бөлу жүзеге асырылатын акциялар санына тиесілі мөлшері;
заңды тұлға қатысушысының осындай заңды тұлғаның мүлкіне қосымша жарналарын және заңды тұлғаның меншікті капиталы есебінен жарғылық капиталдың мөлшерін ұлғайтуды ескере отырып, пайдасына мүлікті бөлу жүзеге асырылатын қатысушыда төленген жарғылық капиталдың мүлікті бөлу жүзеге асырылатын қатысу үлесіне тиесілі, бірақ осы Кодексте айқындалатын тәртіппен осындай қатысу үлесінің бастапқы құнынан аспайтын мөлшері;
адвокаттық кеңсе әріптесі болып табылатын адвокат осындай адвокаттық кеңсенің меншігіне берген мүліктің құны.
14-бап. Өзара байланысты тараптар
1. Өзара байланысты тараптар деп өзара қатынастары бар, мынадай шарттардың біреуіне не бірнешеуіне сәйкес келетін жеке және (немесе) заңды тұлғалар танылады:
1) бір тұлға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқа тұлғаның үлестес тұлғасы болып танылады;
2) бір тұлға басқа тұлғаның ірі қатысушысы болып табылады;
3) тұлғалар шартпен байланысты болады, оған сәйкес олардың біреуі екіншісі қабылдайтын шешімдерді айқындауға құқылы болады;
4) заңды тұлға басқа заңды тұлғаның ірі қатысушысының немесе лауазымды адамының бақылауында болады;
5) бір заңды тұлғаның ірі акционері, ірі қатысушысы немесе лауазымды адамы басқа заңды тұлғаның ірі акционері, ірі қатысушысы не лауазымды адамы болып табылады;
6) заңды тұлға басқа заңды тұлғамен бірлесіп, үшінші тұлғаның бақылауында болады;
7) тұлға өзінің үлестес тұлғаларымен бірлесіп, заңды тұлғаның не осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) - 6) тармақшаларында көрсетілген заңды тұлғалардың қатысу үлестерінің он және одан көп пайызын иеленеді, пайдаланады, оған билік етеді;
8) акционерлік қоғамның тәуелсіз директорын қоспағанда, жеке тұлға осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) - 7) тармақшаларында көрсетілген заңды тұлғаның лауазымды адамы болып табылады;
9) жеке тұлға заңды тұлғаның ірі қатысушысының не лауазымды адамының жұбайы (зайыбы), жақын туысы не жекжаты (жұбайының (зайыбының) аға-інісі, әпке-сіңлісі (қарындасы), ата-анасы, ұлы немесе қызы) болып табылады.
Осы тармақтың мақсатында ірі қатысушы деп, акционерлік қоғамдарды қоспағанда, заңды тұлғаның мүлкіндегі үлесі он және одан көп пайызды құрайтын қатысушы түсініледі.
Заңды тұлғаны бақылау деп заңды тұлға қабылдайтын шешімдерді айқындау мүмкіндігі түсініледі.
2. Трансферлік баға белгілеу шеңберінде салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді түзету кезінде өзара байланысты тараптар Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.
15-бап. Әлеуметтік саладағы қызметті жүзеге асыратын ұйым
1. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген әлеуметтік саладағы қызметтің бір немесе бірнеше түрін жүзеге асырудан түсетін кірістері, осы баптың 3-тармағында көзделген кірістер ескеріле отырып, жылдық жиынтық кірістің кемінде 90 пайызын құрайтын заңды тұлға әлеуметтік саладағы қызметті жүзеге асыратын ұйым деп танылады.
2. Әлеуметтік саладағы қызметке мынадай қызмет түрлері жатады:
1) медициналық қызметке лицензиясы бар денсаулық сақтау субъектісінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес медициналық қызметтер көрсетуі, оның ішінде кешенді түрде медициналық қызметтер көрсетуі;
2) білім беру саласында:
білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензиялар бойынша жүзеге асырылатын қызметтерді көрсету;
мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту;
білім беру қызметімен айналысуға лицензиясы бар білім беру ұйымы жүзеге асыратын қосымша білім беру;
3) ғылым саласындағы уәкілетті орган аккредиттеген ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері жүзеге асыратын ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет (ғылыми зерттеулер жүргізуді, зияткерлік меншік объектілерін пайдалануды, оның ішінде өткізуді қоса алғанда).
Осы тармақшаның бірінші бөлігінде көрсетілген кірістерге ғылым саласындағы уәкілетті орган аккредиттеген ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің зерттеу университеттері жанынан ғылыми орталықтар құруға арналған қаржыландыру түріндегі кірістері де жатады;
4) спорт саласындағы қызмет;
5) мәдениет ұйымдары жүзеге асыратын мәдениет саласындағы қызмет;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау бойынша қызметтер көрсету (ақпарат тарату мен насихаттауды қоспағанда);
7) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж деп танылған адамдарға (отбасыларға) көмек көрсету;
8) кітапхананың қызмет көрсетуі;
9) дербес білім беру ұйымдарының:
Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген білім берудің мынадай деңгейлері: бастауыш мектеп (мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды қоса алғанда), негізгі мектеп, жоғары мектеп, орта білімнен кейінгі білім, жоғары білім, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бойынша;
қосымша білім беру жөніндегі қызметі;
ғылыми-техникалық, инновациялық, ғылыми-зерттеу қызметі (іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді қоса алғанда).
3. Осы баптың 1-тармағын қолдану мақсатында кірістердің мынадай түрлері де ескеріледі:
1) өтеусіз алынған мүлік түріндегі кіріс (қайырымдылық және демеушілік көмекті қоса алғанда);
2) құрылтайшыдан, қатысушыдан, мүшеден өтеусіз және қайтарымсыз негізде түсетін кіру жарналары, мүшелік жарналар және өзге де түсімдер;
3) депозиттер бойынша сыйақылар;
4) оң бағамдық айырма сомасының теріс бағамдық айырма сомасынан асып кетуі.
4. Әлеуметтік саладағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға акцизделетін тауарларды өндіру және өткізу жөніндегі қызметтен кірістер алатын ұйымдар жатпайды.
16-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі
1. Ауыл шаруашылығы кооперативі деп Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы заңнамасына сәйкес құрылған, мынадай қызмет түрлерінің бірімен және (немесе) бірнеше түрімен айналысатын заңды тұлға танылады:
1) ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру (акцизделетін өнімдерді қоспағанда) және оны өткізу;
2) осындай кооператив мүшелері өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау, сақтау және өткізу;
3) өз өндірісінің және (немесе) осындай кооператив мүшелері өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерін (акцизделетін өнімдерді қоспағанда) қайта өңдеу, сондай-ақ осындай қайта өңдеу нәтижесінде алынған өнімдерді өткізу;
4) қосалқы жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді қоса алғанда, өз өндірісінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу мақсатында осындай кооператив мүшелері үшін жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету;
5) өз өндірісінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу мақсатында осындай кооператив мүшелеріне тауарларды өткізу.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) және 5) тармақшаларында көзделген тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
2. Осы Кодекстің ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін көзделген ережелері жеке меншік және (немесе) жер пайдалану құқықтарында (қайталама жер пайдалану құқығын қоса алғанда) жер учаскелері болған кезде қолданылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің талабы ара шаруашылығы өнімдерін өндіру, сондай-ақ өз өндірісінің көрсетілген өнімдерін қайта өңдеу мен өткізу саласындағы қызметті жүзеге асыратын ауыл шаруашылығы кооперативтеріне қолданылмайды.
17-бап 2029 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
17-бап. «Астана Хаб» қатысушысы
1. Бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін заңды тұлға «Астана Хаб» қатысушысына жатады:
1) Қазақстан Республикасының инновациялық кластер туралы заңнамасына сәйкес «Астана Хаб» дербес кластерлік қорында қатысушы ретінде тіркелген;
2) осындай заңды тұлғаның жылдық жиынтық кірісінің кемінде 90 пайызын ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы қызметтің басым түрлерін жүзеге асырудан түсетін кірістер құрайтын;
3) тауарларды өндіру және өткізу жағдайында - мұндай тауарлар өз өндірісінің өлшемшарттарына сәйкес келетін заңды тұлға.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген кірісті айқындау кезінде, егер олар ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы қызметтің басым түрлерін жүзеге асырудан кіріс алуға байланысты болса, мына кірістер де ескеріледі:
өтеусіз алынған мүлік түріндегі кіріс,
депозиттер бойынша сыйақы,
оң бағамдық айырма сомасының теріс бағамдық айырма сомасынан асып кетуі,
күмәнді міндеттемелер бойынша өсімпұлдар мен айыппұлдарды қоса алғанда, осындай міндеттемелер бойынша кіріс.
2. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы қызметтің басым түрлерінің тізбесін және өз өндірісінің өлшемшарттарын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен, техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органмен, инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
18-бап. Бағалы қағаздарға байланысты ұғымдар
Бағалы қағаздарға байланысты ұғымдар:
1) борыштық бағалы қағаздар - бағалы қағаздарды шығару шарттарымен эмитенттің (борышкердің) борыштың негізгі сомасын төлеу жөніндегі міндеттемесін куәландыратын осындай бағалы қағаздар, оның ішінде мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар, облигациялар;
2) борыштық бағалы қағаздар бойынша дисконт (бұдан әрі - дисконт) - борыштық бағалы қағаздардың номиналдық құны мен бастапқы орналастырылу (купон есепке алынбаған) құны немесе сатып алыну (купон есепке алынбаған) құны арасындағы оң айырма;
3) борыштық бағалы қағаздар бойынша купон (бұдан әрі - купон) - шығарылым шарттарына сәйкес эмитент борыштық бағалы қағаздардың номиналдық құнының үстінен төлейтін (төленуге жататын) сома;
4) борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйлықақы - шығарылым шарттарымен купон төлеу көзделетін борыштық бағалы қағаздардың бастапқы орналастырылу (купон есепке алынбаған) құны немесе сатып алыну (купон есепке алынбаған) құны мен номиналдық құны арасындағы оң айырма;
5) исламдық бағалы қағаздар - исламдық жалдау сертификаттары мен исламдық қатысу сертификаттары.
19-бап. Ақшалай есеп айырысуларға және бақылау-касса машиналарына байланысты ұғымдар
Ақшалай есеп айырысуларға және бақылау-касса машиналарына байланысты ұғымдар:
1) ақшалай есеп айырысулар - қолма-қол ақша және (немесе) төлем карточкаларын және (немесе) мобильдік төлемдерді пайдалана отырып есеп айырысулар арқылы тауарды сатып алу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету үшін жүзеге асырылатын есеп айырысулар;
2) бақылау-касса машиналарының мемлекеттік тізілімі (бұдан әрі - касса машиналарының тізілімі) - уәкілетті орган Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға рұқсат берген бақылау-касса машиналары модельдерінің тізбесі;
3) бақылау-касса машинасы - ақшалай есеп айырысулар туралы ақпаратты тіркеу мен көрсетуді қамтамасыз ететін, фискалдық жады блогы бар электрондық құрылғы және деректерді беру функциясы жоқ аппараттық-бағдарламалық кешен, деректерді тіркеп-белгілеу және (немесе) беру функциясы бар электрондық құрылғы мен аппараттық-бағдарламалық кешен;
4) бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасы - бақылау-касса машинасының салық органында тіркелу (есептен шығарылу) фактісін растайтын есепке алу құжаты;
5) бақылау-касса машинасының чегі - сатушы (тауарды, жұмысты, көрсетілетін қызметті беруші) мен сатып алушы (клиент) арасындағы ақшалай есеп айырысудың жүзеге асырылу фактісін растайтын, қағаз түрінде не электрондық тәсілмен берілген бақылау-касса машинасының бастапқы есепке алу құжаты;
6) көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу терминалы - көрсетілген қызметтер үшін қолма-қол ақшаны қабылдауға не төлем карточкаларын және (немесе) мобильдік төлемдерді пайдалана отырып есеп айырысуларға арналған электрондық-механикалық құрылғы;
7) сауда автоматы - қолма-қол ақша не төлем карточкаларын және (немесе) мобильдік төлемдерді пайдалана отырып есеп айырысулар арқылы тауарларды өткізуді автоматты режимде жүзеге асыратын электрондық-механикалық құрылғы;
8) тауар чегі - бақылау-касса машинасының техникалық ақауы болған немесе электр энергиясы болмаған жағдайларда пайдаланылатын ақшалай есеп айырысудың жүзеге асырылу фактісін растайтын бастапқы есепке алу құжаты;