845-бап. Пайдалы қазбаларды өндіру салығын төлеушілер бойынша өтпелі ережелер
846-бап. Кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсыну жөніндегі өтпелі ережелер
847-бап. Жеке табыс салығы бойынша асып кетуді есепке жатқызу және (немесе) қайтару тәртібі туралы өтпелі ережелер
848-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тəртібі
ЖАЛПЫ БӨЛІК
1-БӨЛІМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Кодекспен реттелетін сала
Осы Кодекс салық салудың негіз құраушы қағидаттарын белгілейді, салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді белгілеу, енгізу, өзгерту, олардың күшін жою, есептеу мен төлеу тәртібі жөніндегі билік қатынастарын, сондай-ақ салықтық міндеттемені орындауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-параграф. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар
2-бап. Салық салу мақсаттары үшін пайдаланылатын негізгі ұғымдар жөніндегі жалпы ережелер
1. Осы Кодексте салық салу мақсаттары үшін негізгі ұғымдар осы параграфта айқындалатын мағыналарында пайдаланылады.
Қазақстан Республикасы салық заңнамасының басқа да арнаулы ұғымдары мен терминдері осы Кодекстің тиісті баптарында айқындалатын мағыналарында пайдаланылады.
2. Осы Кодекстің мақсаттарында екінші деңгейдегі банктер, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру брокерлері үшін көзделген ережелер Қазақстан Республикасының аумағында ашылған және қызметін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы негізінде жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдарына, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдарына, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерлерінің филиалдарына қолданылады.
3. Осы Кодекстің мақсаттары үшін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органда немесе оның аумақтық бөлімшелерінде ашылған шот банктік шотқа теңестіріледі, ал бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелері банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға теңестіріледі.
4. Осы Кодексте пайдаланылатын Қазақстан Республикасының азаматтық және басқа да заңнамасы салаларындағы ұғымдар, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы заңнамасының сол салаларында пайдаланылатын мағыналарында қолданылады.
5. Нормативтік құқықтық актілерде қолданылатын «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі (Салық кодексі)» деген атау «Қазақстан Республикасының Салық кодексі» деген атаумен бірдей болады.
3-бап. Салықтық құқықтық қатынастар субъектілеріне байланысты ұғымдар
Салықтық құқықтық қатынастар субъектілеріне байланысты ұғымдар:
1) «Астана» халықаралық қаржы орталығы органының ұйымы - «Астана» халықаралық қаржы орталығының (бұдан әрі - АХҚО) қолданыстағы құқығына сәйкес тіркелген, қатысу үлестерінің (дауыс беретін акцияларының) 50 және одан көп пайызы АХҚО органына тікелей немесе жанама түрде тиесілі болатын заңды тұлға.
Жанама иелену АХҚО органына тікелей тиесілі басқа заңды тұлға арқылы АХҚО органының иеленуін білдіреді;
2) банк ұйымы - Қазақстан Республикасында құрылған екінші деңгейдегі банк, Қазақстанның Даму Банкі және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым;
3) бейрезидент-заңды тұлға - тиімді басқару орны (нақты басқару органы тұрған жер) Қазақстан Республикасында орналасқан ұйымды қоспағанда, шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған ұйым.
Бейрезидент-заңды тұлға деп шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған компания, әріптестік, ұйым немесе басқа корпоративтік құрылым да түсініледі, олар өздері құрылған шет мемлекеттің заңды тұлғасы мәртебесіне ие не ие емес екендігіне қарамастан, дербес заңды тұлғалар ретінде қаралады;
4) билік ету шектелген (кепілге салынған) мүлікті өткізу жөніндегі функциялары бар ұйым - уәкілетті орган айқындаған, салық төлеушінің (салық агентінің) және (немесе) үшінші тұлғаның осы Кодекске сәйкес билік етуі шектелген және (немесе) кепілге салынған мүлкін өткізу саласындағы заңды тұлға;
5) бұрын банк болған заңды тұлға - сот актісі бойынша өзіне қатысты қайта құрылымдау жүргізілген, 2013 жылғы 31 желтоқсанда дауыс беретін акцияларының 90 пайыздан астамы ұлттық басқарушы холдингке тиесілі болған, бұрын банк болып табылған заңды тұлға;
6) жеке практикамен айналысатын адам - жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіпқой медиатор;
7) жеке тұлға - Қазақстан Республикасының азаматы, шетелдік, қандас немесе азаматтығы жоқ адам;
8) жұмыскер:
жұмыс берушімен еңбек қатынастарында тұратын және еңбек шарты (келісімшарт) бойынша жұмысты тікелей орындайтын жеке тұлға;
мемлекеттік қызметші;
мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, директорлар кеңесінің немесе салық төлеушінің жоғары басқару органы болып табылмайтын өзге де басқару органының мүшесі;
қызметі тұрақты мекеме құрмайтын бейрезиденттің резидентке немесе қызметін Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын өзге бейрезидентке персоналды беруіне арналған келісімшарт бойынша жұмыс істеу үшін ұсынылған шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;
9) заңды тұлға - резидент-заңды тұлға, бейрезидент-заңды тұлға;
10) заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі - филиал, өкілдік;
11) қызметін Қазақстан Республикасының аумағында интернет-алаң арқылы жүзеге асыратын шетелдік компания - Қазақстан Республикасының аумағында интернет-алаң арқылы тауарларды өткізуді жүзеге асыратын және (немесе) қызметтерді көрсететін бейрезидент-заңды тұлға;
12) резидент-заңды тұлға - мыналардың:
Қазақстан Республикасының;
тиімді басқару орны (нақты басқару органы орналасқан жер) Қазақстан Республикасында орналасқан шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған ұйым;
13) салық агенті - осы Кодексте белгіленген жағдайларда және тәртіппен салық агенті деп танылатын жеке тұлға, дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам, заңды тұлға, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі, интернет-платформа операторы;
14) салық төлеуші - салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуші болып табылатын тұлға, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі;
15) салықтық мониторингте тұрған салық төлеуші - деңгейлес мониторингке қатысушы, ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушы;
16) тұлға - жеке тұлға, заңды тұлға;
17) тіркеуші орган - заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді (қайта тіркеуді) және олардың филиалдары мен өкілдіктерін және (немесе) салық салу объектілерін және салық салуға байланысты объектілерді, оның ішінде:
жылжымайтын мүлікке құқықтарды;
жылжымалы мүлік кепілі мен кеме ипотекасын;
радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды;
ғарыш объектілері мен оларға құқықтарды;
көлік құралдарын;
дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды;
туындылар мен сабақтас құқықтар объектілеріне құқықтарды, туындылар мен сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануға арналған лицензиялық шарттарды;
сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарын есепке қоюды есептік тіркеуді (қайта тіркеуді) жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдар және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация);
18) уәкілетті мемлекеттік органдар - салық органдары мен жергілікті атқарушы органдарды қоспағанда, жекелеген салада немесе мемлекеттік басқару саласында басшылықты, оның ішінде бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеуді және (немесе) жинауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары;
19) уәкілетті орган - салықтар мен бюджетке төленетін басқа да төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
20) ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушы - уәкілетті орган бекіткен ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушылар тізбесіне енгізілген салық төлеуші.
4-бап. Салықтарға және басқа да төлемдерге байланысты ұғымдар
Салықтарға және басқа да төлемдерге байланысты ұғымдар:
1) әлеуметтік төлемдер - Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес төленетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар мен жарналар;
2) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер (бұдан әрі - бюджетке төленетін төлемдер) - осы Кодексте белгіленген мөлшерлерде және жағдайларда жүргізілетін кедендік төлемдерді қоспағанда, бюджетке төлемақылар, алымдар, баждар түріндегі міндетті ақша аударымдары;
3) салық - осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекет біржақты тәртіппен заң жүзінде белгілеген, белгілі бір мөлшерде жүргізілетін, қайтарымсыз және өтеусіз сипатқа ие, бюджетке төленетін міндетті ақшалай төлем.
5-бап. Салықтық берешекке байланысты ұғымдар
Салықтық берешекке байланысты ұғымдар:
1) бересі - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалу кезеңінде шағым жасалатын бөлігінде салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламада көрсетілген сомаларды қоспағанда, салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің, сондай-ақ олар бойынша аванстық және ағымдағы төлемдердің есептелген және есепке жазылған, мерзімінде төленбеген сомалары;
2) өсімпұлдар - мерзімі өткен әрбір күнге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі - Ұлттық Банк) қолданыста болатын базалық мөлшерлемесіне еселенген мөлшерде есептелетін және мыналарға:
бюджетке төлеу күнін қоса алғанда, төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімінен кейінгі күннен бастап салықтың және бюджетке төленетін төлемнің, оның ішінде аванстық және (немесе) ағымдағы төлемнің салық төлеушінің (салық агентінің) мерзімінде төлемеген сомасына;
төленген және (немесе) артық төленген салықтың, бюджетке төленетін төлемнің сомасына және (немесе) қайтару күнін қоса алғанда, есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды жүргізу мерзімі аяқталған күннен кейінгі күннен бастап салық төлеушінің салықтық өтініші бойынша есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды жүргізу мерзімін салық органы бұзған қосылған құн салығының асып кеткен сомасына есепке жазылатын ақшалай сомалар.
Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесінің осы тармақшада көзделген еселенуі:
деңгейлес мониторингке қатысушы үшін - 0,65;
өзге салық төлеушілер (салық агенттері) үшін - 1,25 құрайды.
3) салықтық берешек - бересі сомасы, өсімпұлдар мен айыппұлдардың төленбеген сомалары.
Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен шағым жасалу кезеңінде шағым жасалатын бөлігінде салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламада көрсетілген өсімпұлдар сомасы, сондай-ақ әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыда көрсетілген айыппұлдар сомасы салықтық берешекке қосылмайды;
4) салықтық берешектің шекті мөлшері - уәкілетті орган айқындаған салықтық берешектің мөлшері, ол асып кеткен кезде салық органы салық төлеуші заңды тұлғаға, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесіне, қызметін Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентке, дара кәсіпкерге, жеке практикамен айналысатын адамға осы Кодекстің 86 және 87-баптарында және 185, 186, 187, 188 және 189-баптарында көзделген салықтық міндеттемені қамтамасыз ету тәсілін және (немесе) салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шарасын қолданады.
Салықтық берешектің шекті мөлшері салықтық міндеттемені қамтамасыз етудің әрбір тәсілі және (немесе) салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алудың әрбір шарасы үшін жеке-жеке тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің кемінде 20 еселенген мөлшерінде айқындалады.
6-бап. Салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есептеу, төлеу тәртібіне байланысты ұғымдар
Салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есептеу, төлеу тәртібіне байланысты ұғымдар:
1) арнаулы салық режимі - салық төлеуші осы Кодексте белгіленген шарттарды сақтаған кезде салық төлеушілердің жекелеген санаттары үшін жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібінен өзгеше, жекелеген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есептеу, төлеу, сондай-ақ олар бойынша салықтық есептілікті ұсыну тәртібі;
2) жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібі - осы Кодекстің Ерекше бөлігінде белгіленген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есептеудің, төлеудің базалық тәртібі.
7-бап. Роялти
1. Егер осы баптың 2-тармағында өзгеше белгіленбесе, роялти - мыналар:
1) пайдалы қазбаларды өндіру және техногендік түзілімдерді қайта өңдеу процесінде жер қойнауын пайдалану құқығы үшін;
2) авторлық құқықтарды, сызбаларды немесе модельдерді пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін;
3) патенттерді, тауар белгілерін немесе басқа да осыған ұқсас құқықтарды пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін;
4) бағдарламалық қамтылымды дамытуға қатысы жоқ қателерді, ақауларды түзетуге, осындай бағдарламалық қамтылымды пысықтап жетілдіруді жүзеге асыруға арналған нұсқаларды қоспағанда, осындай бағдарламалық қамтылымның нұсқасын жаңарту бойынша көрсетілетін қызметтерді қоса алғанда, бағдарламалық қамтылымды пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін;
5) «ноу-хауды» пайдаланғаны үшін төленетін төлем.
«Ноу-хау» - коммерциялық құндылығы бар және кәсіби немесе кәсіпкерлік қызметте пайдаланылатын техникалық, технологиялық, ұйымдастырушылық немесе өзге де сипаттағы құпия ақпарат;
6) кинофильмдерді, бейнефильмдерді, дыбыстық жазбаны немесе өзге де жазу құралдарын пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін;
7) сауда, ғылыми-зерттеу және (немесе) өнеркәсіптік жабдықтарды, оның ішінде теңіз кемелерін немесе әуе кемелерін (экипажсыз жалға алынатын кемелерді қоспағанда) пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін төленетін төлем.
2. Зияткерлік меншік объектісіне мүліктік (айрықша) құқықтарды толық іске асырғаны үшін төленетін төлем роялти болып танылмайды.
8-бап. Көрсетілетін қызметтер мен операциялардың кейбір түрлеріне байланысты ұғымдар
Көрсетілетін қызметтер мен операциялардың кейбір түрлеріне байланысты ұғымдар:
1) ақпаратты өңдеу бойынша көрсетілетін қызметтер - ақпаратты жинауды жүзеге асыру және қорыту, ақпараттық массивтерді (деректерді) жүйеге келтіру және (немесе) ақпаратты өңдеу нәтижелерін пайдаланушының билік етуіне беру бойынша көрсетілетін қызметтер, оның ішінде рейтингтік көрсетілетін қызметтер.
Бұл ретте рейтингтік көрсетілетін қызметтер деп белгілі бір объектінің немесе құбылыстың маңыздылығының немесе мәнділігінің сандық немесе реттік көрсеткішін көрсететін талдау мен бағалаудың көрсетілетін қызметтері түсініледі;
2) дизайнерлік көрсетілетін қызметтер - көркемдік нысандарды, бұйымдардың сыртқы түрін, ғимараттардың қасбеттерін, үй-жайлардың интерьерлерін жобалау бойынша көрсетілетін қызметтер; көркемдік конструкциялау;
3) инжинирингтік көрсетілетін қызметтер - инженерлік-консультациялық көрсетілетін қызметтер, зерттеу, жобалау-конструкторлық, есептеу-талдау сипатындағы жұмыстар, жобалардың техникалық-экономикалық негіздемелерін дайындау, өндірісті ұйымдастыру және басқару, өнімдерді өткізу саласында ұсынымдар әзірлеу;
4) интернет-алаң - ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісі мен Интернет арқылы тауарлар сатуға, қызметтер көрсетуге, қызметтер көрсету туралы ұсыныстарға, оның ішінде интернет-дүкенге және (немесе) сауда алаңына қолжетімділік беру арқылы өзге тұлғаларға көрсетілетін қызметтерді сату және көрсету, тапсырысты ресімдеу және төлем жасау үшін мүмкіндік беру бойынша делдалдық қызметтер көрсетуге арналған интернет-дүкен және (немесе) сауда алаңы;
5) консультациялық көрсетілетін қызметтер - басқарушылық, экономикалық, қаржылық, инвестициялық мәселелерді, оның ішінде стратегиялық жоспарлау, кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру мен жүзеге асыру, персоналды басқару мәселелерін шешу мақсатында адамның проблемаларын және (немесе) мүмкіндіктерін айқындауды және (немесе) бағалауды қоса алғанда, түсіндірмелер, ұсынымдар, кеңестер және консультациялардың өзге де нысандарын ұсыну бойынша көрсетілетін қызметтер;
6) маркетингтік көрсетілетін қызмет - мыналарға:
үздік экономикалық жағдайлар жасау жөніндегі шараларды айқындау мақсатында тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің өндірісі және (немесе) айналысы саласындағы зерттеуге, талдауға, жоспарлауға және болжауға;
тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді немесе брендті ілгерілетуге, нысаналы аудиторияны тартуға, сатуды арттыруға, сату саласында белгіленген көрсеткіштерге және (немесе) мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған іс-шаралар мен шешімдер кешеніне байланысты кез келген өтеулі көрсетілетін қызмет;
7) өткізу:
сату, айырбастау, өтеусіз беру мақсатында тауарларды не өзге де мүлікті тиеп-жөнелту және (немесе) беру, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету;
лизинг шарты бойынша мүлікті беру;
борышкер кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындамаған кезде кепілге салынған тауарларды кепіл ұстаушыға беру;
8) тауарлардың электрондық саудасы - интернет-алаң арқылы жүзеге асырылатын, жеке тұлғаларға тауарларды өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;
9) тауарлар импорты - тауарларды:
Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі - ЕАЭО) кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын, ЕАЭО-ның кедендік аумағына;
ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына әкелу;
10) электрондық нысанда көрсетілетін қызметтер - интернет-алаң арқылы көрсетілетін қызметтер.
9-бап. Мүлікті өтеусіз беруге байланысты ұғымдар
Мүлікті өтеусіз беруге байланысты ұғымдар:
1) грант - белгілі бір мақсаттарға (міндеттерге) қол жеткізу үшін өтеусіз негізде:
мемлекеттер, мемлекеттердің үкіметтері - Қазақстан Республикасына, Қазақстан Республикасының Үкіметіне, жеке, сондай-ақ заңды тұлғаларға беретін;
қызметі қайырымдылық және (немесе) халықаралық сипатқа ие және Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келмейтін, мемлекеттік органдардың қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тізбеге енгізілген халықаралық және мемлекеттік ұйымдар, шетелдік және қазақстандық үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар мен қорлар - Қазақстан Республикасына, Қазақстан Республикасының Үкіметіне, жеке, сондай-ақ заңды тұлғаларға беретін;
шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар - Қазақстан Республикасына және Қазақстан Республикасының Үкіметіне беретін мүлік;
2) гуманитарлық көмек - халықтың өмірі мен тұрмыс жағдайларын жақсарту, сондай-ақ әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою үшін шет елдерден және халықаралық ұйымдардан жіберілген азық-түлік, халық тұтынатын тауарлар, техника, жарақтар, жабдықтар, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар, өзге де мүлік түрінде Қазақстан Республикасына өтеусіз негізде берілетін, Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілетті ұйымдар арқылы бөлетін мүлік;
3) демеушілік көмек - осы көмекті көрсететін тұлға туралы ақпаратты тарату мақсатында өтеусіз негізде:
жарыстарға, конкурстарға, көрмелерге, байқауларға қатысу және шығармашылық, ғылыми, ғылыми-техникалық, өнертапқыштық қызметті дамыту, білім мен спорт шеберлігі деңгейін арттыру үшін жеке тұлғаларға қаржылай қолдау (әлеуметтік қолдаудан басқа) түрінде;
өздерінің жарғылық мақсаттарын іске асыру үшін коммерциялық емес ұйымдарға берілетін мүлік;
4) жеке тұлғаны әлеуметтік қолдау - салық агентінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік қорғалуға құқығы бар осындай тұлғалардың жекелеген санатына жатқызылған жеке тұлғаға тиісті қаржы жылының басына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 647 еселенген мөлшері шегінде мүлікті бір жыл ішінде өтеусіз беруі.
Осы тармақшаның бірінші бөлігінде көзделген жеке тұлғалардың жекелеген санаттарының тізбесін уәкілетті органмен және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық атқарушы органмен келісу бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітеді;
5) қайырымдылық көмек - өтеусіз негізде:
демеушілік көмек түрінде;
жеке тұлғаны әлеуметтік қолдау түрінде;
төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен жеке тұлғаға;
коммерциялық емес ұйымның жарғылық қызметін қолдау мақсатында осы ұйымға;
әлеуметтік салада қызметін жүзеге асыратын ұйымға;
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес мүгедектігі бар адамдардың мамандандырылған ұйымына берілетін мүлік.
10-бап. Жер қойнауын пайдалануға байланысты ұғымдар
Жер қойнауын пайдалануға байланысты ұғымдар:
1) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт - Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында белгіленген құзыретке сәйкес құзыретті орган немесе жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы мен жеке және (немесе) заңды тұлға арасындағы пайдалы қазбаларды барлауды, өндіруді, бірлескен барлау мен өндіруді жүргізуге не барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жерасты құрылысжайларын салуға және (немесе) пайдалануға арналған не жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге арналған шарт.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған лицензиялар мен жер қойнауын пайдалану және (немесе) су пайдалану құқығын берудің басқа түрлері де жатады.
Бұл ретте осы Кодексте пайдаланылатын «барлауға арналған келісімшарт», «өндіруге арналған келісімшарт», «бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт» және «барлауға немесе өндіруге арналған лицензия» деген терминдер «жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт» деген ұғымға сәйкес келеді, «барлау мен өндіруге арналған келісімшарт» деген термин «бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт» деген ұғымға сәйкес келеді;
2) жер қойнауын пайдаланушылар - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында мұнай операцияларын қоса алғанда, жер қойнауын пайдалану және (немесе) су пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу құқығына ие жеке немесе заңды тұлғалар.
Бұл ретте:
жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар деп жер қойнауын геологиялық зерттеуге, пайдалы қазбаларды барлауға және (немесе) өндіруге қатысты, оның ішінде жерасты суларын, емдік балшықтарды барлауға және өндіруге, жер қойнауын ағынды суларды ағызу үшін барлауға байланысты, сондай-ақ барлауға және (немесе) өндіруге байланысты емес жерасты құрылысжайларын салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жұмыстар танылады;
мұнай операциялары деп көмірсутектерді барлау, өндіру, қажетті технологиялық және өндірістік объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жұмыстар танылады;
3) келісімшарттан тыс қызмет - жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың ережелерінде тікелей көзделмеген қызметі, кез келген өзге де қызмет;
4) келісімшарттық қызмет - жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт ережелеріне сәйкес жүзеге асырылатын қызметі;
5) көмірсутектерді дайындау - көмірсутектерді дайындайтын технологиялық процестер кешені, оның ішінде ұңғыма сұйықтығын жинау, оны дайындауға жеткізу, оның өлшегіш қондырғыларына түсуі, газсыздандыру, сусыздандыру, тұзсыздандыру, тұрақтандыру, меркаптансыздандыру;
6) мемлекет атынан алушы - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында және (немесе) осы Кодекстің 755-бабында көзделген, өнімдерді бөлу туралы келісімдерде (келісімшарттарда), Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген салықтық міндеттемені орындау есебіне жер қойнауын пайдаланушы заттай нысанда беретін пайдалы қазбаларды алушы ретінде мемлекет атынан әрекет ететін заңды тұлға;
7) минералды шикізат - құнарсыздануды есепке алмағанда, жер қойнауының жер үстіне шығарылған, құрамында пайдалы қазба (пайдалы қазбалар) бар бір бөлігі (тау-кен жынысы, кен шикізаты және басқалар);