3. Салық төлеуші:
1) бақылау-касса машиналарын қолданған кезде қойылатын талаптарды сақтауға;
2) бақылау-касса машинасының тауар чектерінің кітаптарын осындай кітаптар толығымен толтырылған күннен бастап талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде сақтауға;
3) деректерді беру функциясы жоқ бақылау-касса машинасы қолданылған кезде ауыспалы есептерді, қолма-қол ақшаны есепке алу кітаптарын, сондай-ақ жою, қайтару чектерін және жою мен қайтару операциялары жүргізілген чектерді талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде сақтауға;
4) осы Кодексте белгіленген жағдайларда биометриялық сәйкестендіруден өтуге міндетті.
4. Қоғамдық тамақтандыру және сауда салаларында қызметін жүзеге асыратын салық төлеуші халықты хабардар ету үшін салық төлеушінің паспортын тікелей бақылау-касса машиналары тұрған және жалпыға бірдей қолжетімді жерлерге орналастыруға міндетті.
Осы баптың мақсатында салық органы қалыптастыратын, салықтық құпия болып табылмайтын және штрих-кодта қамтылған кәсіпкерлік субъектісінің ақпараттық картасы салық төлеушінің паспорты болып табылады.
Салық төлеушінің паспорты уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
Салық төлеушінің паспортындағы мәліметтердің тізбесін, оны қалыптастыру және интернет-ресурста орналастыру тәртібі мен мерзімдерін уәкілетті орган белгілейді.
5. Салық төлеушінің (салық агентінің) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген өзге де құқықтары болады және ол өзге де міндеттерді орындайды.
37-бап. Салық төлеушінің (салық агентінің) құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау
1. Салық төлеушіге (салық агентіне) оның құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына кепілдік беріледі.
2. Салық төлеушінің (салық агентінің) құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Салық органы мен салық органының лауазымды адамының салық төлеушіден (салық агентінен) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделмеген міндеттерді орындауын талап етуіне тыйым салынады.
2-параграф. Салықтық қатынастарда өкілдік ету
38-бап. Салықтық қатынастарда өкілдік ету
1. Салық төлеуші (салық агенті) Қазақстан Республикасының салық заңнамасымен реттелетін қатынастарға:
1) жеке тұлғаның заңды өкілі;
2) уәкілетті өкіл, оның ішінде оператор арқылы қатысуға құқылы.
2. Қазақстан Республикасының салық заңнамасымен реттелетін қатынастарға салық төлеушінің (салық агентінің) жеке өзінің қатысуы оны өкілінің болуы құқығынан айырмайды, сол сияқты өкілдің қатысуы салық төлеушіні (салық агентін) көрсетілген қатынастарға жеке өзінің қатысу құқығынан айырмайды.
39-бап. Жеке тұлғаның заңды өкілі
Жеке тұлғаның заңды өкілі - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке тұлғаның атынан өкілдік етуге уәкілеттік берілген адам.
Жеке тұлғаның заңды өкілінің осы жеке тұлғаның атынан жасаған әрекеттері (әрекетсіздігі) жеке тұлғаның заңды өкілінің әрекеттері (әрекетсіздігі) деп танылады.
40-бап. Салық төлеушінің (салық агентінің) уәкілетті өкілі
1. Салық төлеушінің (салық агентінің) уәкілетті өкілі - салық органымен және осы Кодекспен реттелетін қатынастарға өзге де қатысушылармен қарым-қатынастарда:
1) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес берілген, нотариат куәландырған немесе оған теңестірілген, өкілдің тиісті өкілеттіктері көрсетілетін сенімхаттың негізінде - жеке тұлға, оның ішінде дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам;
2) құрылтай құжаттарының және (немесе) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес берілген, өкілдің тиісті өкілеттіктері көрсетілетін сенімхаттың негізінде - заңды тұлға не оның құрылымдық бөлімшесі болып табылатын салық төлеушінің (салық агентінің) мүдделерін білдіруге уәкілеттік берілген тұлға.
Салық төлеуші (салық агенті) салық органының ақпараттандыру объектісі арқылы өкілдің тиісті өкілеттіктері көрсетілетін салық төлеушінің (салық агентінің) электрондық құжатын ресімдеу жолымен уәкілетті өкілді айқындауға құқылы.
2. Салық төлеушінің (салық агентінің) уәкілетті өкілінің салық төлеушінің (салық агентінің) атынан жасаған әрекеттері (әрекетсіздігі) салық төлеушінің (салық агентінің) әрекеттері (әрекетсіздігі) деп танылады.
41-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияны жасау кезіндегі өкілдік етудің ерекшеліктері
1. Өнімдерді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жай серіктестік (консорциум) құрамында жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар Қазақстан Республикасының салық заңнамасымен реттелетін қатынастарға оператор арқылы қатысуға құқылы.
Қазақстан Республикасының салық заңнамасымен реттелетін қатынастардағы оператордың өкілеттіктері осы Кодекске қайшы келмейтін бөлігінде өнімдерді бөлу туралы келісімге (келісімшартқа) сәйкес айқындалады.
Осы Кодекстің 755-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес салықтық міндеттемелерді орындаған кезде оператор салық төлеушілер (салық агенттері) үшін осы Кодексте көзделген барлық құқықтар мен міндеттерге ие болады.
Операторға осы Кодексте салық төлеушілер (салық агенттері) үшін көзделген салықтық әкімшілендіру тәртібі қолданылады.
2. Жер қойнауын пайдаланушылардың атынан және (немесе) тапсырмасы бойынша жасалған оператордың әрекеттері (әрекетсіздігі) осындай жер қойнауын пайдаланушылардың және олардың атынан және (немесе) олардың тапсырмасы бойынша әрекет ететін оператордың әрекеттері (әрекетсіздігі) деп танылады.
3-тарау. САЛЫҚ ОРГАНДАРЫ. САЛЫҚТЫҚ ҚАТЫНАСТАРДАҒЫ ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ
1-параграф. Салық органдары, олардың міндеттері, жүйесі, құқықтары мен міндеттері
42-бап. Салық органдары, олардың міндеттері мен жүйесі
1. Салық органдары мынадай міндеттерді орындайды:
1) Қазақстан Республикасы салық заңнамасының және сақталуын бақылау салық органдарына жүктелген Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету;
2) Қазақстан Республикасының салық саясатын іске асыруға қатысу;
3) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
4) салық органының ақпараттандыру объектілерін қалыптастыру, олардың дамуын және салық төлеушілер үшін электрондық көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді орындау.
Мемлекеттік кіріс органы - өз құзыреті шегінде салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз етуді, Қазақстан Республикасында кедендік реттеуді, Қазақстан Республикасының заңнамасында осы органның қарауына жатқызылған әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу және ашу жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайтын мемлекеттік орган салық органы болып табылады.
2. Салық органдарының жүйесі:
1) уәкілетті органнан;
2) облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана, аудандар, қалалар мен қалалардағы аудандар бойынша аумақтық бөлімшелерден;
3) ауданаралық аумақтық бөлімшелерден;
4) арнайы экономикалық аймақтар аумақтарындағы аумақтық бөлімшелерден;
5) мамандандырылған мемлекеттік мекемеден тұрады.
Мамандандырылған мемлекеттік мекеме - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, салық органының лауазымды адамдарын даярлауды, қайта даярлауды және олардың кәсіби біліктілігін арттыруды, сондай-ақ халықтың салық мәдениетін арттыруға байланысты функцияларды жүзеге асыратын оқу-әдістемелік орталық.
Уәкілетті орган салық органдарына басшылықты жүзеге асырады.
3. Салық органдарының уәкілетті орган бекіткен кодтары болады.
4. Салық органының нышаны болады, оның сипаттамасы мен пайдаланылу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
43-бап. Салық органының құқықтары мен міндеттері
1. Салық органы:
1) салық салу мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға, оның ішінде шет мемлекеттердің уәкілетті органдарымен ақпарат алмасуға;
2) осы Кодексте көзделген жағдайларда салық төлеушіден (салық агентінен):
салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді төлеу бойынша салықтық міндеттемелерді, сондай-ақ әлеуметтік міндеттемені есептеудің дұрыстығын және төлеудің (ұстап қалудың және аударудың) уақтылылығын растайтын құжаттарды ұсынуды;
салық төлеуші (салық агенті) жасаған салықтық нысандар бойынша жазбаша түсініктерді, сондай-ақ оның қаржылық есептілігін, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерде орналасқан оның еншілес ұйымдарының қаржылық есептілігін қоса алғанда, егер осындай тұлға үшін Қазақстан Республикасының заңдарында міндетті түрде аудит жүргізу белгіленсе, аудиторлық есепті қоса бере отырып, шоғырландырылған қаржылық есептілікті талап етуге;
3) уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардан, Мемлекеттік корпорациядан, қаржы және төлем ұйымдарынан, коллекторлық агенттіктерден, банк ұйымдарынан, сондай-ақ өзге де тұлғалардан осы Кодексте айқындалған тәртіппен және мақсаттарда мәліметтерді сұратуға және (немесе) алуға;
4) жеке тұлғаның салықтық есептілігінде көрсетілген кірістер мен мүлік туралы мәліметтерінің анықтығы бөлігінде жеке тұлғаны салықтық міндеттемелерді орындауының толықтығы фактісіне тексеруді жүзеге асыруға;
5) салықтық тексерулерге және өзге де бақылау нысандарына мамандарды тартуға;
6) осы Кодексте белгіленген жағдайларда фото және бейнетүсірілімді, үшінші тұлғаларға сауалнама жүргізуді жүзеге асыруға;
7) Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 49-бабы 2-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша соттарға мәмілелерді жарамсыз деп тану, заңды тұлғаны тарату туралы талап қоюлар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті мен міндеттеріне сәйкес өзге де талап қоюлар беруге;
8) Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес салық төлеушіні банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге;
9) салық органдарының лауазымды адамдарын даярлауды, қайта даярлауды және олардың кәсіби біліктілігін арттыруды жүргізуге;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы салық төлеушілерінің салық мәдениетін арттыру үшін оқу және баспа қызметін жүзеге асыруға;
11) осы Кодекске сәйкес қабылданатын шешімдерді салық органының ақпараттық жүйесінің электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландыруға;
12) салықтық әкімшілендіру кезінде салық органдарының ақпараттық жүйелерінде биометриялық сәйкестендіру құралын қолдануға;
13) салық мәдениетін арттыруға және салық тәртібін күшейтуге бағытталған іс-шараларды жүргізуге құқылы.
2. Салық органы:
1) салық төлеушінің (салық агентінің) құқықтарын сақтауға;
2) мемлекеттің мүдделерін қорғауға;
3) салық төлеушіге (салық агентіне) қолданыстағы салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер туралы, Қазақстан Республикасының салық заңнамасындағы өзгерістер туралы ақпарат беруге;
4) өз құзыреті шегінде салық төлеуші (салық агенті) ұсынған мәліметтер мен құжаттар шегінде оның салықтық міндеттемесінің туындауы, орындалуы және тоқтатылуы бойынша түсіндірмені жүзеге асыруға және комментарийлер беруге міндетті.
Деңгейлес мониторингке қатысушы үшін осы тармақшаның бірінші бөлігінде көзделген түсіндірмелерді жүзеге асыру мен комментарийлер беруді, сондай-ақ жоспарланатын мәмілелерге (операцияларға) қатысты алдын ала түсіндірме беруді уәкілетті орган жүргізеді.
5) талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді төлеу фактісін растайтын мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етуге;
6) салық төлеушінің (салық агентінің) салық органдары лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымын қарауға;
7) салықтық бақылау барысында анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау фактісі бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген шараларды қабылдауға немесе осындай факт бойынша материалдарды ведомстволық бағыныстылығы бойынша тиісті органға беруге;
8) салықтық бақылау барысында анықталған қылмыстық құқық бұзушылық белгілеріне нұсқайтын салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді төлеуден жалтару және (немесе) әдейі банкроттық фактілері бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес процестік шешім қабылдау үшін материалдарды тергелуі бойынша құқық қорғау органына жіберуге;
9) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қаржылық мониторингті жүзеге асыратын және кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) қарсы іс-қимыл жасау бойынша өзге де шараларды қабылдайтын уәкілетті мемлекеттік органға, активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына салық органының ақпараттық жүйесіне қолжетімділік беруге;
10) салықтық міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдерін қолдануға және салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық берешегін мәжбүрлеу тәртібімен өндіріп алуға міндетті.
3. Салық органы:
1) салықтық берешегі бар;
2) салық органы мүлік салығы, жер салығы бойынша салықтық міндеттемелерінің сомаларын есептеген жеке тұлға;
3) әрекет етпейтін салық төлеушілер тізіліміне енгізілген;
4) электрондық шот-фактураларды жазып беру тоқтатыла тұрған;
5) тіркелуі заңды күшіне енген сот актісі негізінде жарамсыз деп танылған;
6) қызметін Қазақстан Республикасының аумағында интернет-алаңдар арқылы жүзеге асыратын, қосылған құн салығын төлеуші-шетелдік компаниялардың тізіліміне енгізілген;
7) тұрған жерінде оның жоқ екені салықтық зерттеп-қарау актісімен анықталған;
8) дара кәсіпкердің немесе жеке практикамен айналысатын және осындай есептен шығарудан бас тартылған адамның тіркеу есебінен шығарылған;
9) таратылуына немесе қызметін тоқтатуына байланысты таратудың салықтық есептілігін ұсынған;
10) кірістер мен мүлік туралы және активтер мен міндеттемелер туралы салықтық есептілікті ұсынған;
11) салық төлеушінің паспортында қамтылған;
12) шет мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден, азаматтығы жоқ адамдардан алынған ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті алған және жұмсаған тұлғалар мен заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелері туралы дерекқорға енгізілген;
13) оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданудың басталу және (немесе) тоқтатылу күндері көрсетіле отырып, осындай режимді қолданатын (қолданған) салық төлеуші (салық агенті) туралы мәліметтерді осы Кодексте айқындалған тәртіппен және жағдайларда уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.
4. Салық органы тоқсан сайын масс-медиада:
1) салықтық берешектің шекті мөлшерінен асқан сомада салықтық берешегі бар дара кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, заңды тұлғалар және заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелері;
2) қызметін Қазақстан Республикасының аумағында интернет-алаңдар арқылы жүзеге асыратын және салық органында тіркеу есебіне қою туралы хабарламаны орындамаған шетелдік компаниялар туралы мәліметтерді жариялауға міндетті.
Масс-медиада жариялануға жататын мәліметтердің тізбесі, сондай-ақ оларды жариялау тәртібі мен мерзімдері тиісінше:
1) салық органының осы Кодекстің 183-бабында көзделген салық төлеушіден (салық агентінен) салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу тәртібінде;
2) осы Кодекстің 102-бабында көзделген қосылған құн салығын төлеушіні тіркеу есебіне шартты түрде қоюды жүзеге асыру тәртібінде белгіленеді.
5. Салық органының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де құқықтары болады және ол өзге де міндеттерді орындайды.
44-бап. Салық органының лауазымды адамын материалдық қамтамасыз ету, құқықтық және әлеуметтік қорғау
1. Салық органының лауазымды адамы қызметтік міндеттерін орындау кезінде заңмен қорғалады.
2. Салық органы лауазымды адамының заң талаптарын орындамау, қызметтік жұмысына байланысты оны немесе оның отбасы мүшелерін қорлау, қорқыту, оларға зорлық-зомбылық көрсету немесе олардың өміріне, денсаулығына, мүлкіне қолсұғушылық, оның қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіретін басқа да әрекеттер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
3. Салық органы лауазымды адамының қызметтік жұмысты жүзеге асыруына байланысты денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтірілген кезде оған бюджет қаражатынан бес ең төмен жалақы мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.
4. Салық органы лауазымды адамының қызметтік жұмысты жүзеге асыруына байланысты оның денсаулығына кәсіптік қызметпен айналысуына одан әрі мүмкіндік бермейтіндей ауыр зиян келтірілген кезде салық органының лауазымды адамына бюджет қаражатынан бес жылдық ақшалай қамтылым мөлшерінде біржолғы өтемақы, сондай-ақ оның лауазымдық айлықақысы мен зейнетақысының мөлшерлері арасындағы айырма (өмір бойы) төленеді.
5. Салық органының лауазымды адамы қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан жағдайда, қаза тапқан адамның отбасына немесе оның асырауындағы адамдарға (мұрагерлеріне):
1) қаза тапқан адамның соңғы атқарған лауазымы бойынша бюджет қаражатынан он жылдық ақшалай қамтылым мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді;
2) Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында белгіленген мөлшерлерде және тәртіппен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады.
6. Салық органы лауазымды адамының қызметтік міндеттерді орындауына байланысты оның, сондай-ақ оның отбасы мүшелері мен жақын туыстарының өмірі мен денсаулығына және мүлкіне келтірілген нұқсан Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтеледі.
45-бап. Салықтық құпия
1. Салықтық құпия - егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, салық төлеуші (салық агенті) туралы салық органы алған кез келген мәліметтер.
2. Салық төлеуші (салық агенті) - заңды тұлға, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі, қызметін Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент, дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам туралы мынадай:
1) салық төлеуші (салық агенті) төлеген (аударған), салық төлеушінің (салық агентінің) есебіне жазылған салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің сомасы туралы;
2) есепке жатқызылған қосылған құн салығы сомасының есепке жазылған қосылған құн салығы сомасынан асып кетуінің салық төлеушіге бюджеттен қайтарылатын сомасы туралы;
3) салықтық берешек сомасы туралы;
4) мынадай тіркеу мәліметтері:
сәйкестендіру нөмірі;
басшының тегі, аты және әкесінің аты;
атауы;
салық төлеушілер базасына осындай салық төлеуші немесе оны тіркеу есебіне қою туралы мәліметтер енгізілген күн;
салық төлеушілер базасынан осындай салық төлеуші туралы мәліметтер алып тасталған және тіркеу есебінен шығарылған күн және олардың негіздемесі;
қызмет түрі;
салықтық есептілікті ұсыну мерзімін тоқтата тұру басталған және аяқталған күн;
резиденттігі;
бақылау-касса машинасының салық органында тіркелу нөмірі;
бақылау-касса машинасы пайдаланылатын орын;
салық салудың қолданылатын тәртібі туралы;
5) салықтық есептілікте көрсетілген жалдамалы жұмыскерлердің саны туралы;
6) салық төлеуші есептеген салықтық кезеңдегі салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің жалпы сомасының, сыйақылар мен амортизациялық аударымдар бойынша шығыстарды есепке алмағанда, салық салынатын кіріс сомасымен арақатынасы түрінде айқындалатын, талдамалық мақсаттар үшін пайдаланылатын салықтық жүктеменің коэффициентін қоса алғанда, уәкілетті орган айқындаған тәртіппен есептелетін салықтық жүктеменің коэффициенті туралы;
7) Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзғаны үшін қолданылған жауаптылық шаралары туралы;
8) салықтық жеңілдіктер туралы;
9) осы Кодексте көзделген жағдайларда уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылуға жататын;
10) Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес құпия ақпарат болып табылмайтын мәліметтер салықтық құпия болып табылмайды.
3. Салық төлеуші (салық агенті)-жеке тұлға туралы мынадай:
1) салықтық берешек сомасы туралы;
2) мынадай тіркеу мәліметтері:
жеке тұлғаның тегі, аты және әкесінің аты;
сәйкестендіру нөмірі;
салық төлеушілер базасына осындай салық төлеуші туралы мәліметтер енгізілген күн;
салық төлеушілер базасынан осындай салық төлеуші туралы мәліметтер алып тасталған күн және оның негіздемесі;
резиденттігі туралы;
3) Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзғаны үшін қолданылған жауаптылық шаралары туралы;
4) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жариялануға жататын;
5) салықтық жеңілдіктер туралы;
6) осы Кодексте көзделген жағдайларда уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылуға жататын;
7) Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құпия ақпарат болып табылмайтын мәліметтер салықтық құпия болып табылмайды.
4. Салықтық жеңілдіктерді, оның ішінде Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде көзделген салықтық шығыстар туралы талдамалық есепті қалыптастыру мен ұсыну мақсаттары үшін қолданатын салық төлеуші (салық агенті) туралы мәліметтер де салық құпиясы болып табылмайды.
5. Осы баптың 4 және 6-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, салық органы салық төлеуші (салық агенті) туралы салықтық құпия болып табылатын мәліметтерді, сондай-ақ осындай мәліметтерді қамтитын құжаттарды салық төлеушінің (салық агентінің) келісімінсіз басқа тұлғаға ұсына алмайды.
6. Салық органы салық төлеуші (салық агенті) туралы салықтық құпияны құрайтын мәліметтерді салық төлеушінің (салық агентінің) келісімін алмастан:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреттері шегінде Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары мен Мемлекеттік күзет қызметіне ұсынады.
Мәліметтер тергеу судьясы, прокурор санкциялаған уәжді сұрау салудың негізінде ұсынылады. Мұндай мәліметтерді тергеу судьясы, прокурор сұратқан кезде санкция талап етілмейді.
Сұрау салу қағаз жеткізгіште не электрондық құжат нысанында жіберіледі;
2) егер салық төлеуші қаралатын істің тарапы болып табылса, сот төрелігін іске асыру кезінде жіберілген жолданымдарының (өкімі, талабы, тапсырмасы, сұрау салуы) негізінде сотқа және судьяларға;
3) жеке сот орындаушысының не аумақтық бөлімнің мөрімен расталған қаулының негізінде іс жүргізуіндегі атқарушылық іс жүргізу істері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде сот орындаушысына;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға, қаржылық мониторингті жүзеге асыратын және кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) қарсы іс-қимыл жасау бойынша өзге де шараларды қабылдайтын уәкілетті органға, активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға, сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жөніндегі уәкілетті органға, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органға және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органына ұсынады.
Осы тармақшаның бірінші бөлігінде көрсетілген уәкілетті мемлекеттік органдар осындай мәліметтерге қол жеткізе алатын лауазымды адамдардың тізбесін бекітеді;
5) Қазақстан Республикасының заңдарымен өздеріне жүктелген міндеттерді орындау және функцияларды жүзеге асыру үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға, Ұлттық Банкке ұсынады.
Салықтық құпияны құрайтын мәліметтердің тізбесі және оларды ұсыну тәртібі уәкілетті органмен бірлескен актімен бекітілген өзара іс-қимыл жасау қағидаларында белгіленеді;
6) Қазақстан Республикасының заңдарымен өздеріне жүктелген міндеттерді орындау және функцияларды жүзеге асыру үшін банк ұйымдарына, төлем ұйымдарына, жергілікті атқарушы органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, Мемлекеттік корпорацияға ұсынады.