Қазақстан Республикасының
Заңы
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы
(2024.05.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2024 жылғы 16 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
3-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы заңнамасы
4-бап. Шекаралық саясат
5-бап. Мемлекеттік шекараны қорғау қағидаттары
6-бап. Мемлекеттік шекараны қорғау
7-бап. Мемлекеттік шекараны күзету
8-бап. Мемлекеттік шекараны қорғау жөніндегі шаралар
2-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРАНЫ ОРНАТУ, БЕЛГІЛЕУ ЖӘНЕ ЖАЙЛАСТЫРУ
9-бап. Мемлекеттік шекараны орнату
10-бап. Мемлекеттік шекараны белгілеу
11-бап. Мемлекеттік шекараны жайластыру
3-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРА РЕЖИМІ
12-бап. Мемлекеттік шекара режимі
13-бап. Мемлекеттік шекараны күтіп-ұстау
14-бап. Мемлекеттік шекараны кесіп өту
15-бап. Теңізде, өзендерде, көлдерде және өзге де су айдындарында Мемлекеттік шекараны кесіп өту
16-бап. Кәсіпшілік жүргізуші қазақстандық кемелердің теңізде, өзендерде, көлдерде және өзге де су айдындарында
16-1-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға тартылатын қазақстандық және шетелдік кемелердің
17-бап. Әуе кеңістігінде Мемлекеттік шекараны кесіп өту
18-бап. Мемлекеттік шекараны мәжбүрлі түрде кесіп өту
19-бап. Мемлекеттік шекара арқылы адамдарды, көлiк құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу. Өткізу пункттері
20-бап. Мемлекеттік шекара арқылы өткізудің оңайлатылған тәртібі.
21-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде Мемлекеттік шекара арқылы өткізу
22-бап. Ерекше жағдайларда Мемлекеттік шекара арқылы кемелерді өткізу
22-1-бап. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындарда өткізу
23-бап. Өткізу пункттеріндегі шекаралық бақылау
24-бап. Шекаралық белдеуге кіру, онда уақытша болу, тұру немесе жүріп-тұру және шекаралық белдеудің үстімен ұшуды жүзеге асыру
25-бап. Мемлекеттік шекарада және шекаралық белдеуде шаруашылық, кәсіпшілік немесе өзге де қызметті жүргізу, қоғамдық-саяси, мәдени немесе өзге де іс-шараларды өткізу
26-бап. Карантин белдеуі
27-бап. Шекарадағы тосын оқиғаларды шешу
28-бап. Шекара өкілдері
29-бап. Мемлекеттік шекара режимін бұзу
30-бап. Мемлекеттік шекараны бұзушылар
4-тарау. ӨТКІЗУ ПУНКТТЕРІНДЕГІ РЕЖИМ
31-бап. Өткізу пункттеріндегі режим
32-бап. Өткізу пункттерінде адамдар мен көлік құралдарының кіру, шығу, жүктер мен тауарларды әкелу, әкету тәртібі
33-бап. Өткізу пункттерінде адамдар мен көлік құралдарының болу, жүріп-тұру, жүктер мен тауарларды орналастыру және өткізу тәртібі
34-бап. Көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды тексеріп қарау
35-бап. Адамдардың жекелеген санаттарын өткізу пункттеріне жіберу
36-бап. Өткізу пункттерінде қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік кіріс органдарының және өзге де органдардың, көлік ұйымдарының белгіленген режимді ұстап тұру мәселелері жөніндегі міндеттері
37-бап. Өткізу пункттердегі шаруашылық және өзге де қызмет
38-бап. Өткізу пункттеріндегі режимді бұзу
5-тарау. ШЕКАРА РЕЖИМІ
39-бап. Шекаралық аймақ
40-бап. Шекаралық аймаққа кіру
41-бап. Шекаралық аймақта уақытша болу, тұру және жүріп-тұру
42-бап. Шекаралық аймақта қоғамдық-саяси, мәдени немесе өзге де іс-шараларды өткізу
43-бап. Шекара режимін бұзу
6-тарау. АУМАҚТЫҚ СУЛАР (ТЕҢІЗ) ЖӘНЕ ІШКІ СУЛАР РЕЖИМІ
44-бап. Аумақтық сулар (теңіз) және ішкі сулар режимі
45-бап. Шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелерді (құралдарды) және мұз үстімен жылжитын құралдарды есепке алу
46-бап. Шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелерді (құралдарды) және мұз үстімен жылжитын құралдарды күтіп-ұстау
47-бап. Шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелердің (құралдардың) және мұз үстімен жылжитын құралдардың кемежайлары, айлақтары және орналасу пункттері
48-бап. Қазақстандық шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелердің (құралдардың) және мұз үстімен жылжитын құралдардың аумақтық суларға (теңізге) және ішкі суларға шығуы
49-бап. Аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда қазақстандық өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелердің (құралдардың) және мұз үстімен жылжитын құралдардың жүзу (пайдаланылу) тәртібі
50-бап. Шетелдік кемелердің (құралдардың) және мұз үстімен жылжитын құралдардың, шетелдік әскери корабльдердің жүзу (пайдаланылу) тәртібі
51-бап. Аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда кәсіпшілік, зерттеу, іздестіру немесе өзге де қызметті, оның ішінде континенттік қайраңның минералды және жанды ресурстарын сақтауға бағытталған қызметті жүргізу
52-бап. Аумақтық сулар (теңіз) және ішкі сулар режимін бұзу
7-тарау. КОНТИНЕНТТІК ҚАЙРАҢ РЕЖИМІ
53-бап. Континенттік қайраң режимі
54-бап. Континенттік қайраң режимін бұзу
8-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКІМЕТІНІҢ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӨЗГЕ ДЕ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРАНЫ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰЗЫРЕТІ
55-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
56-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзыреті
57-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттік кіріс органдарының құзыреті
58-бап. Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлігінің құзыреті Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі:
59-бап. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің құзыреті
60-бап. Көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті органның құзыреті
61-бап. Геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы уәкілетті органның құзыреті
62-бап. Қазақстан Республикасы жергілікті атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының құзыреті
63-бап. Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын уәкілетті органдардың өзара іс-қимыл жасауы
9-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНІҢ ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ
64-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің
65-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің іс-әрекеті
66-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті
67-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi
67-1-бап. Шекара кеңістігі шегінде байланыс желілерін салу
68-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнің кадрлары. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнің Шекара қызметiнде әскери қызмет өткеру ерекшеліктері
68-1-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін мұнай өнімдерімен жабдықтау ерекшеліктері
10-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІНІҢ ҚҰЗЫРЕТІ
69-бап. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құзыреті
70-бап. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері
71-бап. Мемлекеттік шекараны қорғау үшін қолданылған кезде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Әскери-теңіз Күштерінің құзыреті
11-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРАНЫ ҚОРҒАУ КЕЗІНДЕ ҚАРУ-ЖАРАҚ ПЕН ӘСКЕРИ ТЕХНИКАНЫ, АРНАЙЫ ҚҰРАЛДАРДЫ, ҚЫЗМЕТТІК ЖАНУАРЛАРДЫ ЖӘНЕ ДЕНЕ КҮШІН ҚОЛДАНУ
72-бап. Қару-жарақ пен әскери техниканы, арнайы құралдарды, қызметтік жануарларды және дене күшін қолданудың шарттары мен шектері
73-бап. Қару-жарақ пен әскери техниканы қолдану
74-бап. Арнайы құралдарды қолдану
75-бап. Қызметтік жануарларды және дене күшін қолдану
12-тарау. АЗАМАТТАРДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРАНЫ ҚОРҒАУҒА ҚАТЫСУЫ, ОЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОРҒАЛУЫ
76-бап. Азаматтардың Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысуы
77-бап. Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын азаматтардың құқықтары мен міндеттері
13-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
78-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау саласындағы заңдылықтың сақталуын қадағалау
79-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
80-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы (бұдан әрі - Мемлекеттік шекара) - Қазақстан Республикасы аумағының (құрлығының, суларының, жер қойнауының, әуе кеңістігінің) шектерін айқындайтын сызық пен осы сызық бойынша тiгiнен өтетiн жазықтық және Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі қолданылатын кеңістік шегі.
2013.04.07. № 130-V ҚР Заңымен 2-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) автоматтандырылған электрондық кезек жүйесі (бұдан әрі - электрондық кезек жүйесі) - автомобиль көлігі құралдарының Қазақстан Республикасынан шығу кезінде автомобиль өткізу пункттеріне кіру уақытын броньдауға арналған бағдарламалық-аппараттық кешен;
2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды; 2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 1-1) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1-1) арнаулы құралдар - құқыққа қайшы әрекеттердің жолын кесу не әскери қызметшілерді, уәкілетті органдардың қызметкерлерін және Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын азаматтарды жеке қорғау және бүркемелеу мақсатында құқық бұзушыларға, олар пайдаланатын көлік пен объектілерге дене күшімен, жарақаттау арқылы, химиялық, электрлік, психологиялық, назарын басқа жаққа аудару жолымен немесе өзге де әсер етуге арналған құралдар;
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 1-2) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-2) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды қамтамасыз ету - пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге тартылған және арналған адамдарды, багажды және жүктерді кемелермен тасымалдау жөніндегі қызмет, сондай-ақ пайдалы қазбаларды барлау мен өндіру жөніндегі операцияларды қолдап отыру үшін пайдаланылатын Қазақстан Республикасының порттарына, теңіз терминалдарына, айлақтық құрылысжайларына және арналарға қызмет көрсетуге және оларды пайдалануға кемелерді пайдаланумен байланысты қызмет;
2) инженерлік құрылыстар мен бөгеуіштер шебі - Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әрекетін қамтамасыз етуге арналған, Қазақстан Республикасының шекаралық кеңістігі шегінде тұрақты пайдалануға бөлінген жер белдеуі;
3) инспекциялық тексеріп қарау кешені - интрузивтік емес (жанасусыз) тексеріп қарау әдісімен теміржол және автокөлік құралдарын, көлік құралдарының жүк салатын бөліктерін, контейнерлерді ашпай, оларды көзбен шолып тексеру үшін уәкілетті органдар пайдаланатын, кескіндерді өңдеу мен талдау жүйелерімен жарақтандырылған тексеріп қарайтын интраскопиялық техника (интрузивтік емес тексеріп қарайтын стационарлық, тасымалданатын және ұтқыр техникалық құралдар);
4) Каспий теңізіндегі Қазақстан Республикасы аумақтық суларының (теңізінің) енін есептеуге арналған негізге алынатын сызықтар - Қазақстан Республикасының құрлықтық бөлігінде және оның аралдарында орналасқан, орташа көпжылдық деңгейлі (Кронштадт футштогының нөліне қатысты биіктіктердің Балтық жүйесінің минус 28,0 метр белгісінде) сызықтар, сондай-ақ Қазақстан Республикасына тиесілі шығанақтардағы, бухталардағы, құйылыстар мен жайылмалардағы Қазақстан Республикасы ішкі суларының шектерін шектейтін түзу сызықтар;
5) Қазақстан Республикасының аумақтық сулары (теңізі) (бұдан әрі - аумақтық сулар (теңіз) - Каспий теңізіндегі негізге алынатын сызықтардан халықаралық құқық нормаларына және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өлшенетін, ені он екі теңіз милі болатын, Қазақстан Республикасының егемендігі қолданылатын теңіз белдеуі, ал оның сыртқы шегі Мемлекеттік шекара болып табылады;
6) Қазақстан Республикасының континенттік қайраңы (бұдан әрі - континенттік қайраң) - Мемлекеттік шекарадан (аумақтық сулардың (теңіздің) сыртқы шегінен) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген шектерге дейін өлшенетін теңіз түбінің және жер қойнауының учаскесі;
2017.05.05. № 59-VI ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7) Қазақстан Республикасының шекаралық кеңістігі (бұдан әрі - шекаралық кеңістік) - Мемлекеттік шекара және Қазақстан Республикасының аумақтық сулары (теңізі) және ішкі сулары бар шекаралық аймақтың сыртқы шектеріне дейін оған шектесіп жатқан Қазақстан Республикасының аумағы, сондай-ақ Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінің және Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындардың аумағы, шектерінде уәкілетті органдар шекаралық қызметті жүзеге асыратын континенттік қайраң және олардың үстіндегі әуе кеңістігі;
8) Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерін физикалық қорғау (бұдан әрі - шет елдердегі мекемелерді физикалық қорғау) - Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінде объектішілік және өткізу режимдерін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері мен олардың персоналының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің құрамдас бөлігі;
9) Қазақстан Республикасының ішкі сулары (бұдан әрі - ішкі сулар) - Қазақстан Республикасы аумағының құрамдас бөлігі, ол:
Каспий теңізіндегі негізге алынатын сызықтардан бастап жағалау жағына қарай орналасқан суды;
көпжылдық орташа деңгейлі жердегі жағадан жағаға жүргізілген түзу сызықпен шектелген шығанақтардың, бухталардың, құйылыстардың және жайылмалардың суын;
порттардың гидротехникалық және өзге де тұрақты құрылыстарының теңіз жаққа қарай неғұрлым қашық орналасқан нүктесі арқылы өтетін сызықпен шектелген Қазақстан Республикасы порттарының суын;
Мемлекеттік шекарадан Берг бұғазындағы Ақлақ гидроқұрылысына дейінгі (Үлкен Арал теңізінің қазақстандық бөлігі шегіндегі) Қазақстан Республикасының жағалауы жағына қарай орналасқан Арал теңізінің суын;
жағалары Қазақстан Республикасына тиесілі шекаралық өзендердің, көлдер мен өзге де су айдындарының суын қамтиды;
10) қайта шегендеу - жоғалған шекаралық белгілерді қалпына келтіру және ескіргендерін жөндеу, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта ресімделген қосымша шекара белгілерін орнату;
11) қызметтік жануарлар - шекаралық кеңістікте құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды айқындау, анықтау және жолын кесу мақсатында шекара нарядтарын күшейтуге, сондай-ақ құқық бұзушыларға дене күшімен, психологиялық, құрсаулау жолымен және өзге де әсер етуге арналған иттер мен жылқылар;
12) межелеу - Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта ресімделген және осы халықаралық шартқа қоса берілетін карталарда графика түрінде бейнеленген, Мемлекеттік шекараның жағдайы мен бағытын шектес мемлекеттер арасындағы келісім бойынша айқындау;
13) Мемлекеттік шекара арқылы адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу - адамдардың, көлік құралдарының Мемлекеттік шекараны кесіп өту (кесіп өтуге рұқсат алу), жүктер мен тауарлардың Мемлекеттік шекара арқылы өткізілу заңдылығын тану;
2017.05.05. № 59-VI ҚР Заңымен 13-1) тармақшамен толықтырылды
13-1) Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орын - айрықша жағдайларда адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын, өткізу пункті болып табылмайтын аумақ (акватория);
14) Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункті (бұдан әрі - өткізу пункті) - теміржол, автомобиль вокзалы немесе станциясы, теңіз немесе өзен порты, халықаралық әуежай немесе әуеайлақ шектеріндегі аумақ (акватория), сондай-ақ адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу жүзеге асырылатын тиісті инфрақұрылымы бар, Мемлекеттік шекараға тікелей жақын жерде арнайы бөлінген өзге де жергілікті жер учаскесі;
15) Мемлекеттік шекара арқылы өткізілетін жүктер мен тауарлар (бұдан әрі - жүктер мен тауарлар) - Мемлекеттік шекара арқылы өткізілетін коммерциялық және коммерциялық емес жүктер, тауарлар, нәрселер, материалдар, құралдар, заттар, қол жүгі (багаж) және көлік құралдары;
16) Мемлекеттік шекараны жайластыру - уәкілетті органдардың Мемлекеттік шекара инфрақұрылымын құру және дамыту бойынша қолданатын шаралары;
17) Мемлекеттік шекараны қорғаудың инженерлік және техникалық құралдары (бұдан әрі - инженерлік-техникалық құралдар) - шекаралық кеңістіктегі құқық бұзушылықтардың алдын алуға, анықтауға және жолын кесуге арналған құралдар;
18) Мемлекеттік шекараның инфрақұрылымы - Мемлекеттік шекараны қорғау мақсатында уәкілетті органдар тұрғызатын, жабдықтайтын және пайдаланатын шептер, объектілер, гидротехникалық, инженерлік және өзге де құрылыстар мен бөгеуіштер кешені;
19) Мемлекеттік шекараны орнату - Мемлекеттік шекараны халықаралық-құқықтық айқындау, құжаттамалық сипаттау және заңнамалық ресімдеу жөніндегі шаралар кешені;
20) Мемлекеттік шекараны санаттарға бөлу - Мемлекеттік шекара учаскелерінің өзіндік ерекшеліктерінің сипаты (шектес мемлекеттермен өзара қарым-қатынастар, шекара қауіпсіздігіне қатер төнуі, шекара маңы аудандары халқының әлеуметтік-саяси жағдайы мен тығыздығы, жергілікті жер бедері) негізінде олардың жай-күйін және Мемлекеттік шекараның құқықтық жағдайын (мәртебесін) айқындау;
21) өзеннің өзек табаны - өзен түбінің неғұрлым төмен учаскелерін қосатын сызық;
22) радиациялық бақылау - Mемлекеттік шекара арқылы өткізілетін жүктерден, тауарлардан және (немесе) көлік құралдарынан шығатын иондаушы сәуле шығару деңгейін тексеру және оны табиғи фонмен салыстыру;
22-1) сервистік инфрақұрылым - адамдар мен көлік құралдарының жүріп-тұру, жүктердің (тауарлардың) өткізілу жағдайларын жақсартуға және өткізу пункттеріндегі бақылаушы органдардың қызметін қамтамасыз етуге арналған аумақ, ғимараттар мен құрылыстар;
23) уәкілетті органдар - өз құзыреті шегінде Мемлекеттік шекараны қорғауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар;
24) фарватер - навигациялық қоршалым құралдары (буйлар, қадалар, екі жарма белгілер) арқылы белгіленетін кедергілер (аралдар, тайыздар арасында) арасымен кемелердің жүзуіне арналған қауіпсіз жол;
25) шегендеу - Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта ресімделген, жергілікті жерде Мемлекеттік шекараны айқындау және белгілеу;
26) шекарадағы тосын оқиға - Қазақстан Республикасының, онымен шектес бір немесе бірнеше мемлекеттің мүдделерін қозғайтын Мемлекеттік шекара режимінің бұзылуына байланысты Мемлекеттік шекарадағы оқиға;
27) шекара қауіпсіздігі - шекаралық кеңістікте жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің саяси, экономикалық, ақпараттық, гуманитарлық және өзге де мүдделері қорғалуының жай-күйін білдіретін Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі;
28) шекаралық аймақ - әкімшілік-аумақтық бірліктер аумағы шегінде шекаралық белдеуге шектесіп жатқан Қазақстан Республикасы аумағының бір бөлігі;
29) шекаралық белдеу - құрлықтық учаскеде Мемлекеттік шекараға тікелей жапсарлас жатқан, ал Мемлекеттік шекара шекаралық өзендер, көлдер және өзге де су айдындары арқылы өтетін учаскеде - аталған су айдындарының байырғы жағасына тікелей шектесіп жатқан аумақтың, сондай-ақ Мемлекеттік шекара режимі қолданылатын, оларда орналасқан аралдар аумағының бір бөлігі;
30) шекара өкілдері - Мемлекеттік шекараның белгіленген режимін ұстап тұруға байланысты мәселелерді шешу үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің офицерлері қатарынан тағайындалатын уәкілетті лауазымды адамдар;
31) шекара өкілдерінің кездесулер пункті - шекара өкілдерінің отырыстарын, сондай-ақ халықаралық кездесулерді ұйымдастыру және өткізу үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі пайдаланатын арнайы жабдықталған үй-жайлары бар жеке ғимарат.
3-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
4-бап. Шекаралық саясат
1. Шекаралық саясат Қазақстан Республикасы Үкіметінің және уәкілетті органдардың шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, Қазақстан Республикасының егемендігіне, аумағының тұтастығына және қол сұғылмаушылығына нұқсан келтірудің алдын алу мен жолын кесуге, оның Мемлекеттік шекарасын қорғауға бағытталған келісілген, үйлестірілген қызметін білдіреді.
2. Шекаралық саясат:
1) халықаралық ынтымақтастық;
2) шекаралық мәселелелерді бейбіт жолмен шешу;
3) уәкілетті органдардың келісілген іс-қимылдары арқылы іске асырылады.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасының шекаралық саясатын қалыптастыру бойынша ұсыныстар тұжырымдауды Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік шекара комиссиясы жүзеге асырады.
Мемлекеттік шекара комиссиясының құрамы, өкілеттіктері жəне қызмет ету тəртібі Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі бекітетін ережеде айқындалады.
5-бап. Мемлекеттік шекараны қорғау қағидаттары
Мыналар:
1) Мемлекеттік шекараны қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезінде заңдылықты сақтау;
2) Қазақстан Республикасы аумағының тұтастығын, қол сұғылмаушылығын және бөлінбестігін қамтамасыз ету;
3) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау;
4) жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің Мемлекеттік шекараны қорғау кезіндегі өзара жауапкершілігі;
5) халықаралық құқық нормаларын сақтау Мемлекеттік шекараны қорғау қағидаттары болып табылады.
6-бап. Мемлекеттік шекараны қорғау
1. Мемлекеттік шекараны қорғау шекаралық кеңістікте Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуден тұрады және оны Қазақстан Республикасының Үкіметі мен уәкілетті органдар өз құзыреті шегінде саяси, құқықтық, ұйымдастырушылық, экономикалық, шекаралық, әскери және өзге де шараларды қолдану жолымен жүзеге асырады.
Мемлекеттік шекараны қорғауға Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдары қатыса алады.
2. Шекаралық кеңістік шегінде Мемлекеттік шекараны қорғау мақсатында мынадай режимдер:
1) Мемлекеттік шекара режимі;
2) өткізу пункттеріндегі режим;
3) шекара режимі;
4) аумақтық сулар (теңіз) және ішкі сулар режимі;
5) континенттік қайраң режимі енгізіледі.
7-бап. Мемлекеттік шекараны күзету
1. Мемлекеттік шекараны қорғаудың құрамдас бөлігі ретінде Мемлекеттік шекараны күзету уәкілетті органдардың Мемлекеттік шекараның өтуін өзгертуге жол бермеуден, сондай-ақ Мемлекеттік шекара режимін және өткізу пункттеріндегі режимді бұзушылықтардың алғышарттарын, белгілері мен фактілерін анықтау және олардың жолын кесу жөніндегі іс-шаралар кешенін өткізуден тұрады.
2. Құрлықта, аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда (оның ішінде су астындағы ортада) Мемлекеттік шекараны күзетуді Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жүзеге асырады.
3. Әуе кеңістігінде Мемлекеттік шекараны күзетуді Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері жүзеге асырады.
8-бап. Мемлекеттік шекараны қорғау жөніндегі шаралар
1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Мемлекеттік шекараны қорғау жөніндегі іс-шараларды орындау үшін осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес уәкілетті органдардың, ұйымдардың және азаматтардың күштері мен құралдарын тартады.
2. Мемлекеттік шекараны қорғау жөніндегі шаралар оның учаскелерін санаттарға бөлу ескеріле отырып қолданылады.
2-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРАНЫ ОРНАТУ, БЕЛГІЛЕУ ЖӘНЕ ЖАЙЛАСТЫРУ
9-бап. Мемлекеттік шекараны орнату
1. Мемлекеттік шекара межелеу, шегендеу және қайта шегендеу үдерісінде орнатылады.
2. Мемлекеттік шекараны межелеуге, шегендеуге және қайта шегендеуге байланысты іс-әрекеттерді Қазақстан Республикасының және шектес мемлекеттердің өкілдерінен құрылатын бірлескен комиссия жүзеге асырады.