3. Сенім бiлдiрiлген өкiл барлық талап етiлген iс-әрекеттердi тиiстi түрде атқарғанын, бiрақ тапсырма оның кiнәсiнсiз орындалмай қалғанын дәлелдеген кезде сыйақы төленуге тиiс.
851-бап. Сенім ауысуы
1. Сенім бiлдiрiлген өкiл, егер бұл шартта көзделген болса не сенім бiлдiрiлген өкiл осыған сенім бiлдiрушiнiң мүдделерiн қорғау мақсатындағы мән-жайлармен мәжбүр болса, тапсырманы орындауды басқа адамға (орынбасарға) беруге құқылы.
2. Орындау сенімiн басқа адамға ауыстырған бойда сенім бiлдiрiлген өкiл бұл туралы сенім бiлдiрушiге дереу хабарлауға тиiс. Сенім бiлдiрушi, шартта мұндай орынбасар атап көрсетiлетiн жағдайларды қоспағанда, сенім бiлдiрiлген өкiл таңдаған орынбасардан бас тартуға құқылы.
3. Егер сенім бiлдiрiлген өкiлдiң орынбасары шартта атап айтылған болса, сенім бiлдiрiлген өкiл өзiнiң орынбасары жүргiзген iс үшiн жауап бермейдi.
4. Егер орынбасардың iс жүргiзуi шартта көзделсе, бiрақ онда орынбасардың аты атап көрсетiлмесе, сенім бiлдiрiлген өкiл өзiнiң орынбасарының кiнәлi iс-әрекетi үшiн жауап бермейдi.
5. Егер орынбасардың iс жүргiзуi шартта көзделмесе, сенім бiлдiрiлген өкiл өз орынбасарының кез келген iс-әрекетi үшiн жауап береді.
852-бап. Тапсырма шартын тоқтату
1. Тапсырма шарты міндеттердi тоқтатудың жалпы негiздерiмен қатар:
1) сенім бiлдiрушiнiң тапсырманы ауыстыруы;
2) сенім бiлдiрiлген өкiлдiң бас тартуы;
3) сенім бiлдiрушiнiң немесе сенім бiлдiрiлген өкiлдiң қайтыс болуы, олардың бiреуiн әрекетке қабiлетсiз, әрекетке қабiлетi шектеулi немесе хабарсыз кеттi деп танудың салдарынан тоқтатылады.
2. Егер сенім бiлдiрiлген өкiл тапсырма шартының тоқталғаны туралы бiлмесе және бiлуге тиiс болмаса, онда сенім бiлдiрушiнiң нұсқауы бойынша жасалған оның iс-әрекетi сенім бiлдiрушiнi (оның құқықтық мирасқорын) үшiншi тұлғаға және сенім бiлдiрiлген өкiлге қатысты мiндеттейдi.
3. Сенім бiлдiрiлген өкiлмен жасалған шарттан бас тартқан, кәсiптер ретiнде iс-әрекет жасайтын тарап, егер шартта бұдан да ұзақ мерзiм көзделмесе, екiншi тарапқа шарттың тоқтатылғаны туралы бiр ай көлемiнде хабарлауы тиiс.
853-бап. Тапсырма шартын тоқтатудың зардабы
1. Егер тапсырма шарты сенім бiлдiрiлген өкiл тапсырманы толық орындағанға дейiн тоқтатылған болса, сенім бiлдiрушi сенім бiлдiрiлген өкiлдiң тапсырманы орындау кезiнде шыққан шығынын төлеуге, сенім бiлдiрiлген өкiлге сыйақы тиесiлi болған жағдайда, оның орындаған жұмысының көлемiне мөлшерлес сыйақы төлеуге мiндеттi. Сенім бiлдiрiлген өкiл тапсырманы оның тоқтатылғаны туралы бiлген соң немесе бiлуi тиiс болғанда орындаған болса, бұл ереже қолданылмайды.
2. Сенім бiлдiрушiнiң тапсырманы өзгертуi, кәсiпкер ретiнде iс-әрекет жасайтын сенім бiлдiрiлген өкiлмен шарт тоқтатылған жағдайларды қоспағанда, сенім бiлдiрiлген өкiлге шарттың тоқтатылуымен келтiрiлген залалдардың өтелуi үшiн негiз болып табылмайды.
3. Сенім бiлдiрiлген өкiлдiң сенім бiлдiрушiнiң тапсырмасын орындаудан бас тартуы, сенім бiлдiрiлген өкiлдiң сенім бiлдiрушi өз мүдделерiн өзгеше қамтамасыз ету мүмкiндiгiнен айрылған кезде бас тартуы жағдайларын, сондай-ақ кәсiпкер ретiнде қызмет жасайтын сенім бiлдiрiлген өкiлдiң шартты тоқтатуы жағдайларын қоспағанда, шарттың тоқтатылуынан сенім бiлдiрушiге келтiрiлген залалдардың орнын толтыру үшiн негiз болып табылмайды.
854-бап. Тапсырма шартындағы құқықтық мирасқорлық
1. Сенім бiлдiрiлген өкiл қайтыс болған жағдайда оның мұрагерлерi немесе мұрагерлiк мүлiктiң сақталуын қамтамасыз ету жүктелген өзге де тұлғалар сенім бiлдiрушiге тапсырма шартының тоқтатылғандығы туралы хабарлауға және сенім бiлдiрушiнiң мүлкiн қорғау үшiн қажеттi шаралар қолдануға, атап айтқанда, сенім бiлдiрушiнiң заттарын, сондай-ақ құжаттарын сақтауға және бұдан соң оларды өзiне беруге мiндеттi.
Сенім бiлдiрiлген өкiл болып саналатын заңды тұлғаның таратушысына да нақ осындай мiндет жүктеледi.
2. Өкiл ретiнде iс-әрекет ететiн заңды тұлғаны қайта құру кезiнде, сенім бiлдiрушi бұл туралы осы Кодекстiң 48-бабына сәйкес дереу хабардар етiлуге тиiс. Аталған жағдайда мұндай заңды ұйымның құқықтары мен мiндеттерi, егер сенім бiлдiрушi өзiнiң шарттан бас тартқандығы туралы қисынды мерзімде хабарламаса, оның құқықтық мирасқорына ауысады.
42-тарау. Басқаның мүддесіне тапсырмасыз іс-әрекет жасау
855-бап. Басқаның мүддесiне iс-әрекет жасау талаптары
1. Мүдделi тұлғаның тапсырмасынсыз, өзге де нұсқауынсыз немесе алдын ала уәде берiлген келісімiнсiз оның жеке басына немесе мүлкiне зиян келтiрiлуiн болдырмау, оның мiндеттемесiн орындау немесе оның өзге де заңға қарсы емес мүдделерi (басқаның мүддесi үшiн iс-әрекет жасау) мақсатындағы iс-әрекеттер iстiң мән-жайлары бойынша қажеттi қамқорлықпен және сақтықпен, мүдделi тұлғаның айқын олжасына немесе пайдасына және iс жүзіндегі немесе ықтимал ниеттерiне сүйенiп жасалуы тиiс.
2. Осы тарауда көзделген ережелер осындай iс-әрекеттер олардың қызмет мақсаттарының бiрi болып табылатын мемлекеттік органдар басқаның мүддесiне жасайтын iс-әрекеттерге қолданылмайды.
856-бап. Мүдделi тұлғаға оның мүддесiне жасалған iс-әрекеттер туралы хабарлау
1. Басқаның мүддесiне iс-әрекеттер жасайтын тұлға алғашқы мүмкiндiк туған жағдайда мүдделi тұлғаға бұл туралы хабарлауға және, егер күту тек мүдделi тұлғаға айтарлықтай зиян келтiрiлмейтiн болса, қисынды мерзiмнiң iшiнде жасалған iс-әрекеттердi мақұлдайтындығы туралы немесе мақұлдамайтындығы туралы шешiмдi күтуге мiндеттi.
2. Егер бұл iс-әрекеттер оның қатысуымен жасалса, мүдделi азаматқа оның мүддесiне жасалған iс-әрекеттер туралы арнайы хабарлау талап етiлмейдi.
857-бап. Мүдделi тұлғаның өз мүддесiне жасалған iс-әрекеттердi мақұлдауының салдары
Егер оның тапсыруынсыз өзiнiң мүддесiне iс-әрекеттер жасалған тұлға осы iс-әрекеттердi мақұлдаса, тiптi мақұлдау ауызша түрде жасалса да, тараптардың қатынасында бұдан әрi жасалатын iс-әрекеттердiң сипатына сәйкес тапсырма шарты немесе өзге де шарт туралы ережелер қолданылады.
858-бап. Мүдделi тұлғаның өз мүддесi үшiн жасалған iс-әрекеттердi мақұлдамауының салдары
1. Іс-әрекеттер жасаған тұлға оларды мүдделi тұлғаның мақұлдамағандығы белгiлi болған соң жасаған бөтен мүдделердегі iс-әрекеттер осы iс-әрекеттер жасаған тұлғаға қатысты да, үшiншi бiр тұлғаға қатысты да соңғысына мiндеттер жүктемейдi.
2. Қатерге ұшыраған адамның өмiрiне төнген қауiптi жою мақсатындағы iс-қимылға осы адамның еркiне қарсы, ал бiреудi асырау жөніндегі мiндеттердi орындауға - осындай мiндетi бар тұлғаның еркiне қарсы жол берiледi.
859-бап. Басқаның мүддесiне iс-әрекет жасаған адамға залалдарын өтеу
1. Осы тарауда көзделген ережелерге сәйкес басқаның мүддесiне іс-әрекет жасаған тұлғаға келтiрiлген қажеттi шығындар мен өзге де нақты зиянды, осы Кодекстiң 858-бабының 1-тармағында көрсетiлген iс-әрекеттерден туындаған шығындарды қоспағанда, мүдделi адам өтеуге тиiс.
Басқаның мүддесiне жасалған iс-әрекеттер болжанған нәтижеге жеткiзбеген жағдайда да қажеттi шығындар мен өзге де нақты зиянды өтеу құқығы сақталады. Алайда басқа тұлғаның мүлкiне залал келтiрудi болдырмау жағдайында өтеу мөлшерi мүлiктiң құнынан аспауы тиiс.
2. Басқаның мүддесiне iс-әрекеттер жасаған тұлғаға мүдделi тұлғаның мақұлдауын алған соң жасаған iс-әрекеттерге байланысты келтiрiлген шығындары мен өзге де залалдар (осы Кодекстiң 857-бабы) тиiстi түрдегi шарт туралы ережелер бойынша өтеледi.
860-бап. Басқаның мүддесiне жасалған iс-әрекеттер үшiн сыйақы
Егер мұндай құқық заң актілерінде, мүдделi тұлғамен жасалған келісімде немесе іскерлік айналым дағдысында көзделсе, басқаның мүддесiне жасалған iс-әрекеттерi мүдделi тұлға үшiн оң нәтижеге жеткiзген тұлға сыйақы алуға құқылы.
861-бап. Басқаның мүддесiне мәмiле жасау салдары
Басқаның мүддесiне жасалған мәмiле бойынша мiндеттер, ол осы мәмiленi мақұлдаған жағдайда және басқа тарап мұндай ауысуға қарсы болмаса не мәміле жасаған кезде мәміле басқаның мүддесіне жасалғандығын бiлген болса немесе бiлуi тиiс болса, мүддесiне мәмiле жасалған адамға ауысады.
Мәмiле бойынша мiндеттер мүддесiне осы мәмiле жасалған адамға ауысқан кезде, соңғысына осы мәмiле бойынша құқықтар да берiлуге тиiс.
862-бап. Басқаның мүддесiне iс-әрекеттер жасаудың салдарынан негiзсiз баю
Егер басқа адамның мүдделерiн қамтамасыз етуге тiкелей бағытталмаған іс-әрекеттер, оның ішінде оны жасаған адам өз мүддесіне іс-әрекет жасағанын қате болжаған жағдайда да, басқа адамның негiзсiз баюына әкеп соқса, осы Кодекстiң 48-тарауында көзделген ережелер қолданылады.
863-бап. Басқаның мүддесiне жасалған iс-әрекеттермен келтiрiлген зиянды өтеу
Басқаның мүддесiне жасалған iс-әрекеттермен келтiрiлген зиянды мүдделi адамға немесе үшiншi бiр адамдарға өтеу жөніндегі қатынастар осы Кодекстiң 47-тарауында көзделген ережелермен реттеледi.
864-бап. Басқаның мүддесiне iс-әрекеттер жасаған адамның есеп беруi
Басқаның мүддесiне iс-әрекеттер жасаған адам мүддесiне iс-әрекеттер жасалған адамға, түскен кiрiстер мен жасалған шығындарды және өзге де залалдарды көрсетiп есеп беруге мiндеттi.
43-тарау. Комиссия
865-бап. Комиссия шарты
1. Комиссия шарты бойынша бiр тарап (комиссионер) екiншi тараптың (комитент) тапсыруы бойынша сыйақы үшiн комитент есебiнен өз атынан бiр немесе бiрнеше мәмiле жасауға мiндеттенедi.
2. Комиссия шарты жазбаша нысанда жасалуы тиiс.
866-бап. Комиссиялық сыйақы
Комитент комиссионерге сыйақы төлеуге, ал осы тараудың 868-бабының 2-тармағында көзделген жағдайда шартта белгiленген мөлшерде қосымша сыйақы төлеуге де мiндеттi. Егер шартта бұл мөлшер көзделмесе және оның талаптарының негiзiнде оны белгiлеу мүмкiн болмаса, сыйақының мөлшерi осы Кодекстiң 385-бабының 3-тармағына сәйкес белгiленедi.
Егер комиссия шарты комитентке байланысты себептермен орындалмаса, комиссионер комиссиялық сыйақы алу, сондай-ақ шыққан шығындарының орнын толтыру құқығын сақтап қалады.
867-бап. Комиссионердiң үшiншi тұлғамен мәмiле жасау жөніндегі құқықтары мен мiндеттерi
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Комитенттiң мәмiледе аты аталса немесе үшiншi тұлғамен мәмiле бойынша тiкелей қатынастарға кiрсе де, комиссионердiң үшiншi тұлғамен жасаған мәмiлесi бойынша комиссионер құқықтар иеленедi және мiндеттi болады.
Комиссионер үшінші тұлғамен мәміле жасасқаны туралы комитентті хабардар етуге міндетті.
2. Комитенттiң талабы бойынша комиссионер мәмiле жасалған үшiншi тұлғаны құқықтарды бергенi туралы ескерте отырып, осындай мәмiле бойынша оған құқықтар беруге мiндеттi. Соңғысының комиссионерге осы мәмiледен туындайтын өз талаптарының негiзiнде комитент талаптарына қарсылық бiлдiруге құқығы жоқ.
868-бап. Комиссиялық тапсырманы орындау
1. Комиссионер үшiншi адаммен жасаған мәмiледен туындайтын барлық мiндеттерiн орындауға және барлық құқықтарды жүзеге асыруға тиiс.
2. Комиссионер өзiне алған тапсырманы комитенттiң нұсқауларына сәйкес орындауға, ал шартта мұндай нұсқаулар болмаған кезде - іскерлік айналымының дағдыларына немесе әдетте комитент үшiн неғұрлым тиiмдi жағдайларда қойылатын өзге де талаптарға сәйкес орындауға мiндеттi. Егер комиссионер мәмiленi комитент көрсеткеннен гөрi тиiмдi жағдайлар бойынша жасаған болса, түскен олжа, шартта өзгеше көзделмесе, тараптарға тең бөлiнедi.
3. Комиссионер комитент есебiнен жасаған мәмiленi үшiншi тұлғаның орындамағаны үшiн, осы тұлғаны таңдауда комиссионер тиісті сақтық көрсетпеген не мәміленің орындалу кепілдігін өз мойнына алған (делькредере) жағдайларды қоспағанда, комитент алдында жауап бермейдi.
4. Комиссионермен жасалған мәмілені үшінші тұлға бұзған жағдайда комиссионер бұл туралы дереу комитентке хабарлауға және қажеттi дәлелдердi жинау мен қамтамасыз етуге мiндеттi.
5. Комиссионермен жасалған мәмiленi үшiншi тұлғаның бұзғандығы туралы хабарландырылған комитенттiң осындай мәмiле бойынша комиссионердiң ол адамға қойған талаптарын өзiне берудi талап етуге құқығы бар.
869-бап. Қосалқы комиссия
1. Комиссионер қосалқы комиссионердiң iс-әрекетi үшiн комитент алдында жауапты бола отырып, егер шартта өзгеше көзделмесе, басқа тұлғамен қосалқы комиссия шартын жасасуға құқылы.
Қосалқы комиссия шарты бойынша комиссионер, осы Кодекстiң 867-бабының 2-тармағында көзделген құқықтарды қоспағанда, қосалқы комиссионерге қатысты комитенттiң құқықтары мен мiндеттерiн иеленедi.
Заң қандай да бiр мәмiлелердi тек уәкiлдiк берiлген адамдармен ғана жасауға жол беретiн жағдайларда қосалқы комиссия шарты тек осындай тұлғамен жасалуы мүмкiн.
2. Комиссия шарты тоқтағанға дейiн, егер комитент комиссионермен жасаған шартта өзгеше көзделмесе, комитенттiң қосалқы комиссионермен тiкелей қатынас жасауға құқығы жоқ.
870-бап. Комитенттiң нұсқауларынан ауытқу
1. Комиссионердiң осы Кодекстiң 847-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда комитенттiң нұсқауларынан ауытқуға құқығы бар.
2. Мүлiктi комитентпен келiскен бағадан төмен сатқан комиссионер, егер ол мүлiктi келісілген бағамен сатуға мүмкiндiгі болмағанын және неғұрлым төмен бағамен сату бұдан да көп залалдан сақтағанын, сондай-ақ оның нұсқауларынан ауытқуға комитенттiң алдын ала келісімiн алуға мүмкiндiгi болмағанын дәлелдей алмаса, комитентке айырманы өтеуге мiндеттi.
3. Егер комиссионер мүлікті комитентпен келісілгеннен жоғары бағамен сатып алса, мұндай затты қабылдағысы келмейтiн комитент үшiншi тұлғамен мәмiле жасалғандығы туралы хабар алған бойда бұл жөнiнде комиссионерге кешiктiрмей мәлiмдеуге мiндеттi. Олай болмаған жағдайда комитент сатып алынған затты қабылдады деп танылады.
Егер комиссионер баға айырмасын өз есебiне алатынын хабарласа, комитенттің өзі үшін жасалған мәміледен бас тартуға құқығы жоқ.
871-бап. Комиссияның нысанасы болып табылатын мүлiкке құқық
1. Комиссионерге комитенттен келiп түскен не комиссионер комитенттiң есебiнен сатып алған мүлiк комитенттiң меншiгi болып табылады.
2. Комиссионер жасасқан мәмiле бойынша комитентке не үшiншi тұлғаға берiлуге тиiс мүлiктi комиссионер комиссия шарты бойынша өзiне тиесiлi сома төленгенге дейiн ұстап қалуға құқылы.
872-бап. Комиссионердiң өзiне тиесiлi соманы ұстап қалуы
Комиссионер комитенттiң есебiнен түскен барлық соманың iшiнен комиссияның шарты бойынша өзiне тиесiлi соманы ұстап қалуға құқылы.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 873-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
873-бап. Комиссионердiң жауаптылығы
1. Комиссионер өзіндегі комитент мүлкiнiң жоғалуына, кем шығуына немесе бүлiнуiне ұшыратқан әрбiр қателiгi үшiн комитент алдында жауап бередi.
2. Егер комиссионердiң комитент жiберген мүлікті не комитентке арнап комиссионерге келiп түскен мүлiктi қабылдауы кезiнде бұл мүлiктi сырттай қараған кезде бүлiну немесе өзге де ақаулар байқалған болса, сондай-ақ комиссионердегi комитенттiң мүлкiне бiреулер зиян келтiрген жағдайда, комиссионер комитенттiң құқығын қорғау шараларын қолдануға, қажеттi айғақтар жинауға және осылар туралы комитентке дереу хабарлауға мiндеттi. Аталған шарттар орындалған жағдайда комиссионер комитенттiң шеккен залалдары үшiн жауап бермейдi.
3. Комиссионер өз қарауында тұрған комитенттiң мүлкiн сақтандырмаған болса, бұл үшiн комитент оған мүлiктi сақтандыруды тапсырған немесе мүлiктi сақтандыру заң бойынша мiндеттi болған жағдайларда ғана жауап бередi.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Комиссионер үшінші тұлғамен мәміле бойынша міндеттемелерді орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Комиссионердің үшінші тұлғамен мәміле бойынша өз міндеттерін орындамауынан туындаған шығыстар комиссионердің есебінен жабылады.
874-бап. Өзiне мәмiле жасау
1. Егер комитент өзгеше талап қоймаса, комиссия шартын комиссионер оның өзi сатып алуға тиiс тауарды сатушы ретiнде өзi ұсыну немесе өзi сатуға тиiс тауарды сатып алушы ретiнде өзi қабылдау арқылы жүзеге асыруы мүмкiн.
2. Сатушы ретiнде өз бетiнше тауар ұсынған немесе оны сатып алушы ретiнде қабылдаған комиссионердiң жай комиссиялық ақы алуға құқығы бар және комиссиялық мәмiлелерден туындайтын шығындардың орнын толтыру жөнiнде шот ұсына алады.
875-бап. Комитенттiң комиссия шарты бойынша орындалғанды қабылдауы
Комитент:
1) комиссионерден шарт бойынша барлық орындалғанды қабылдауға;
2) өзi үшiн комиссионер сатып алған мүлiктi қарауға және осы мүлiкте байқалған кемшiлiктер туралы оған дереу хабарлауға;
3) комиссионердi комиссиялық тапсырманы орындау жөнiнде үшiншi тұлға алдында қабылдаған мiндеттемелерден босатуға мiндеттi.
876-бап. Комиссиялық тапсырманы орындау жөніндегі шығындардың орнын толтыру
1. Комитент комиссиялық сыйақы, ал тиiстi жағдайларда делькредере үшiн қосымша сыйақы төлеуден басқа, тапсырманы орындау барысында комиссионер жұмсаған сомалардың орнын толтыруға мiндеттi.
2. Егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, комиссионердiң өзіндегі комитент мүлiктерiн сақтау жөніндегі шығындардың орнын толтыруға құқығы жоқ.
877-бап. Комитенттiң тапсырманың күшiн жоюы
Комитент комиссионерге берген тапсырманың кез келген уақытта күшiн жоюға құқылы. Бұл орайда комиссионердiң тапсырманың күшiн жоюдан шеккен залалдары жалпы негiздерде өтеледi.
Тапсырманың күшi жойылған жағдайда комитент тапсырманың күшi жойылған кезден бастап бiр айдың iшiнде, егер шартта өзге мерзiм белгiленбесе, комиссионердегi мүлiкке билiк етуге мiндеттi. Егер комитент бұл мiндеттi орындамаса, комиссионер не мүлiктi сақтау үшiн өткізуге, не оны комитент үшiн неғұрлым тиiмдi бағамен сатуға құқылы.
878-бап. Комиссионердiң тапсырманы орындаудан бас тартуы
1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, комитенттiң өз мiндеттерiн бұзуы тапсырманы комитенттің нұсқауларына сәйкес орындаудың мүмкiн болмауына әкеп соғатын немесе атқарудың мүмкiн болмауы комиссионер жауап бермейтін өзге де жағдайлардың салдарынан туындаған жағдайларды қоспағанда, комиссионердің өзiне алған тапсырманы орындаудан бас тартуға құқығы жоқ.
Комиссионер өзiнiң бас тартуы туралы комитентке жазбаша хабарлауға және өзіндегі комитент мүлкінің сақталуына шаралар қолдануға мiндеттi.
Комиссионердiң тапсырманы орындаудан бас тартқандығы туралы хабардар етiлген комитент, егер шартта өзге мерзiм белгiленбесе, бас тартуды алған күннен бастап бiр айдың iшiнде комиссионердегi мүлiкке билiк етуге мiндеттi. Егер ол бұл мiндеттi орындамаса, комиссионер мүлiктi сақтауға өткізуге не комитент үшiн мүмкiндiгiнше тиiмдi бағамен сатуға құқылы.
2. Комитенттiң өз мiндеттерiн бұзуы салдарынан тапсырманы орындаудан бас тартқан комиссионердiң комиссиялық сыйақыға, сондай-ақ шыққан шығындардың орнын толтыруға құқығы сақталады.
879-бап. Комиссия шартын тоқтату
1. Комитент комиссия шартында көзделген барлық тапсырмалардың күшiн жойған жағдайда, шарт тоқталады.
2. Комиссия шарты жалпы негiздермен қатар:
1) комиссионердiң шартты орындаудан бас тартуының;
2) комиссионердiң қайтыс болуы, оны әрекетке қабiлетсiз, әрекетке қабiлетi шектеулi, хабар-ошарсыз кеткен немесе дәрменсiз (банкрот) деп танудың салдарынан тоқтатылады.
880-бап. Комитенттiң мерзiмi көрсетiлмей жасалған шарттан бас тартуы
Комитенттiң мерзiмi көрсетiлмей жасалған комиссия шартынан, егер шартта хабарлаудың бұдан да ұзақ мерзiмi көзделмесе, бас тарту туралы комиссионерге бiр айдан кешiктiрмей хабарлап, кез келген уақытта бас тартуға құқығы бар.
Бұл жағдайда комитент комиссионерге шарт тоқтатылғанға дейін ол жасаған мәмiлелер үшiн сыйақы төлеуге, сондай-ақ комиссионерге шарт тоқтатылғанға дейін ол шеккен шығындардың орнын толтыруға мiндеттi.
881-бап. Комиссионердiң мерзiмi көрсетiлмей жасалған шарттан бас тартуы
1. Комиссионердiң мерзiмi көрсетiлмей жасалған комиссия шартынан, егер шартта хабарлаудың бұдан да ұзақ мерзiмi көзделмесе, бас тарту туралы комитентке бiр айдан кешiктiрмей хабарлап, кез келген уақытта бас тартуға құқығы бар.
Бұл жағдайда комиссионер өзіндегі комитент мүлкiнiң сақталуына шаралар қолдануға міндетті. Комитент шарт тоқтатылған кезге дейiн комиссионердегi мүлiкке билiк етуге мiндеттi. Егер ол бұл мiндеттi орындамаса, комиссионердiң не мүлiктi сақтауға өткізуге, не комитент үшiн неғұрлым тиiмдi бағамен сатуға құқығы бар.
2. Шарттан бас тартқан комиссионердiң комиссиялық сыйақы алуға және шарт тоқтатылған кезде өзiне тиесiлi шығындардың өтемiн алуға құқығы бар.
882-бап. Комиссия шартындағы құқықтық мирасқорлық
1. Заңды тұлға-комиссионер қайта ұйымдастырылған жағдайда, егер қайта ұйымдастырудың болғаны туралы хабарлама алған күннен бастап бiр айдың iшiнде комитент шартты бұзғаны туралы хабарламаса, оның құқықтары мен мiндеттерi құқықтық мирасқорларына ауысады.
2. Комитент-азамат қайтыс болған, ол әрекетке қабiлетсiз, әрекетке қабiлетi шектеулi, хабар-ошарсыз кеткен деп танылған жағдайда, сондай-ақ заңды тұлға-комитент таратылған жағдайда комиссионер комитенттiң мұрагерлерiнен немесе өкiлдерiнен тиiстi нұсқаулар келiп түскенше өзiне берiлген тапсырманы орындауды жалғастыруға мiндеттi.
44-тарау. Мүлікті сенімгерлікпен басқару
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.04.07. № 131-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.31.10. № 380-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 883-бап өзгертілді
883-бап. Мүлiктi сенімгерлiкпен басқару ұғымы және оның пайда болу негiздерi
1. Мүлiктi сенімгерлiкпен басқаруды белгiлеу кезiнде сенімгер басқарушы, егер шартта немесе заң актілерінде өзгеше көзделмесе, өзiнiң иеленуiне, пайдалануына және билiк етуiне берiлген мүлiктi пайда алушының мүддесі үшін өз атынан басқаруды жүзеге асыруға мiндеттенедi.
2. Мүлiктi сенімгерлiкпен басқару:
1) мәмiле (атап айтқанда, шарт бойынша, өсиеттi орындаушы (сенімгерлікпен басқарушы) тағайындалған өсиет бойынша);
2) сот актiсi (банкроттық немесе оңалту рәсiмдерiнде банкроттықты немесе оңалтуды басқарушы тағайындалған, әрекетке қабiлетсiз, хабарсыз кеткен немесе қайтыс болды деп жарияланған азаматтың мүлкiне қорғаншылық белгiленген кезде және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген басқа да жағдайларда);
3) әкімшілік акт (кәмелетке толмаған, қайтыс болған адамның мүлкiне қорғаншылық белгiлеген; кәсiпкер мемлекеттік қызметке кiрген кезде және заң актілерінде көзделген басқа жағдайларда) негiзiнде пайда болады (белгiленедi).
2009.12.02. № 133-IV ҚР Заңымен бап 3-тармақпен толықтырылды
3. Банк қызметін жүзеге асыру кезінде мүлікті сенімгерлікпен басқару ерекшеліктері Қазақстан Республикасының банк қызметін реттейтін заңнамалық актілерінде белгіленеді.
4. Мемлекеттiк мүлiктi сенiмгерлiк басқару ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк мүлiк, мемлекеттік-жекешелік әріптестік, концессиялар туралы заңнамалық актiлерiнде және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде белгiленедi.
884-бап. Мүлiктi сенімгерлiкпен басқару субъектiлерi
1. Меншiк иесi, сондай-ақ өзге де заттық құқық субъектiсi немесе мүлiктi сенімгерлiкпен басқаруға беруге уәкiлеттi құзыреттi орган құрылтайшы бола алады.
2. Егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, кез келген адам сенімгер басқарушы бола алады.
Сенімгер басқарушы тек оның келісімiмен тағайындалуы мүмкiн.
3. Сенімгер басқарушы болып табылмайтын кез келген адам, сондай-ақ мемлекет немесе әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс пайда алушы (мүддесi үшiн мүлiктi басқару жүзеге асырылатын тұлға) бола алады.
4. Егер заң актілерінде немесе мүлiктi сенімгерлiкпен басқару шартында өзгеше көзделмесе, мүлiктi сенімгерлiкпен басқару құрылтайшысы пайда алушы болып табылады.
2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен 885-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
885-бап. Мүлiктi сенімгерлiкпен басқару объектiлерi
1. Егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, ақшаны, бағалы қағаздарды және мүлiктiк құқықтарды қоса алғанда, кез келген мүлiк сенімгерлiкпен басқару объектiсi бола алады.
2. Сенiп тапсырылған мүлiктi сенімгер басқарушы өзiне меншiк (шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару) құқығымен тиесiлi мүлiктен бөлек есепке алуға тиiс.
3. Өзiне жүктелген мiндеттердi жүзеге асыру процесiнде сенім бiлдiрiлген басқарушы сатып алған және (немесе) алған мүлiк сенiп берiлген мүлiк құрамына енгiзiледi.
4. Осы Кодекстiң 1081-бабында көзделген, сондай-ақ осы тұлғаның банкроттығы жағдайларын қоспағанда, құрылтайшының сенiмгерлiкпен басқаруға берген мүлкiне оның борыштары бойынша өндiрiп алуға жол берiлмейдi.