16) мелиорацияланған жерлер - мелиорациялық (агроорман-мелиорациялық, агротехникалық, гидромелиорациялық, химиялық) іс-шаралар жүргізілген жерлер;
17) минералды жерасты сулары - өзінің құрамы және (немесе) кейбір ерекше компоненттерінің мөлшері бойынша оң бальнеологиялық әсер ететін жерасты сулары;
18) өзендерге теңестірілген каналдар - суды бір бассейннен екіншісіне, сондай-ақ бір өзен жүйесінен екіншісіне ауыстыруға арналған жасанды құрылыстар;
19) өндірістік-техникалық жерасты сулары - өзінің сапасы мен физикалық қасиеттері бойынша өндірістік-техникалық сумен жабдықтау үшін пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкін жерасты сулары;
2015.15.06. № 322-V ҚР Заңымен 19-1) тармақшамен толықтырылды
19-1) пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасы - тараптардың келісімімен белгіленетін, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің элементтерін міндеттер (оларды пайдаланғаны үшін жауапкершілік) белгісі бойынша бөлу орны. Мұндай келісім болмаған кезде, пайдалану жауапкершілігінің шекарасы баланстық тиесілікті бөлу шекарасы бойынша белгіленеді;
20) санитарлық қорғау аймағы - су сапасы нашарлауының алдын алу үшін сумен жабдықтау көзін (ашық және жер асты), су құбыры құрылыстарын және оларды қоршаған аумақты қорғау мақсатында белгіленген режим сақталуға тиіс сумен жабдықтау көзі мен су құбыры құрылыстарының төңірегінде арнайы бөлінетін аумақ;
21) сарқынды сулар - адамның шаруашылық қызметі нәтижесінде пайда болатын немесе табиғи немесе жасанды су объектілеріне немесе жер бедеріне ағызып жіберілетін ластанған аумақтағы сулар;
2015.15.06. № 322-V ҚР Заңымен 21-1) тармақшамен толықтырылды
21-1) сарқынды суларды тазартқыш құрылыстар кешендері - сарқынды суларды табиғи биологиялық тазартуға арналған жасанды су объектілерін қоса алғанда, химиялық реагенттерді қолданып немесе қолданбай, елді мекендердің сарқынды суларын механикалық және биологиялық тазарту құрылыстары;
2015.15.06. № 322-V ҚР Заңымен 21-2) тармақшамен толықтырылды
21-2) сарқынды суларды табиғи биологиялық тазартуға арналған жасанды су объектілері - жинағыш тоғандар, буландырғыш тоғандар, биологиялық тоғандар, сүзгі алқаптары, суару алқаптары;
22) суару каналы - суару көздерінен суаруды қажет ететін учаскелерге су тасымалдауға арналған жасанды құрылыс;
23) су бұру - сарқынды суларды жинауды, тасымалдауды, тазартуды және су бұру жүйелері арқылы су объектілеріне және (немесе) жер бедеріне бұруды қамтамасыз ететін іс-шаралардың жиынтығы;
2015.15.06. № 322-V ҚР Заңымен 23-1) тармақшамен толықтырылды
23-1) су бұрудың оқшау тазартқыш құрылыстары - су тұтынушының өзінің сарқынды суларын тазартуға арналған құрылыстары мен құрылғыларының жиынтығы;
24) су бұру жүйесі - сарқынды суларды жинауға, тасымалдауға, тазартуға және бұруға бағытталған инженерлік желілер мен құрылыстардың кешені;
25) су бөлу орны - су пайдаланушы су көзінен су алатын орын, сондай-ақ, су пайдаланушы су тұтынушыға су ресурстарын беретін орындағы гидробекет;
2015.15.06. № 322-V ҚР Заңымен 25-1) тармақшамен толықтырылды
25-1) суды есепке алу аспабы - нормаланған метрологиялық сипаттамалары бар, белгілі бір уақыт аралығы ішінде физикалық шама бірлігін жаңғыртатын және сақтайтын, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен суды коммерциялық есепке алу үшін қолдануға рұқсат етілген, судың (ауызсу, техникалық, сарқынды және сулардың басқа да түрлерінің) көлемін өлшеуге арналған техникалық құрал;
2015.15.06. № 322-V ҚР Заңымен 25-2) тармақшамен толықтырылды
25-2) суды коммерциялық есепке алу - сумен жабдықтауға және (немесе) су бұруға арналған шарт бойынша тараптар арасында өзара есеп айырысу үшін қажетті су көлемін есепке алу;
26) су жинау алаңы - шекарасы шегінде су объектісінің су ресурстары қалыптастырылатын аумақ;
27) су жіберу - ағын судың төменгі учаскесіндегі су шығынын немесе деңгейін немесе су қоймасының өзіндегі судың деңгейін реттеу үшін су қоймасынан суды кезең-кезеңмен немесе мезгілдеп беру;
28) су қорғау аймағы - судың ластануын, қоқыстануын және сарқылуын болғызбау үшін шаруашылық қызметінің арнайы режимі белгіленетін су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарына іргелес аумақ;
29) су қорғау белдеуі - шектеулі шаруашылық қызметі режимі белгіленетін, су объектісіне іргелес жатқан су қорғау аймағы шегіндегі ені кемінде отыз бес метр аумақ;
30) су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) елді мекендер шегінен тыс жерлерде - су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы басқару мен бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
31) су қорының жерлері:
су объектілері (өзендер және соларға теңестірілген каналдар, көлдер, су қоймалары, тоғандар және басқа да ішкі су айдындары, аумақтық сулар, мұздықтар, батпақтар) және су көздеріндегі ағысты реттеуге арналған су шаруашылығы құрылыстары алып жатқан жерлер;
су объектілерінің су қорғау белдеулеріне бөлініп берілген жерлер;
ауыз сумен жабдықтаудың су тарту жүйелерінің санитарлық қорғау аймақтарына бөлініп берілген жерлер;
2015.15.06. № 322-V ҚР Заңымен 31-1) тармақшамен толықтырылды
31-1) су құбырын енгізу - қосылу нүктесіндегі бекіту арматурасы бар құдықты қоса алғанда, сумен жабдықтаудың тарату желісінен ғимараттағы бірінші ысырмаға дейінгі құбыржол;
32) сулар - су объектілерінде жинақталған барлық сулардың жиынтығы;
33) сулардың зиянды әсері - су тасу, су басу, топан су басу мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындауына немесе олардың пайда болуы қатеріне негіз болған сулардың өзге де теріс әсер етуі;
34) сулы-батпақты алқап - батпақты, фенді, шымтезекті пайдаланатын жерлер ауданы немесе тереңдігі судың қайтуы кезінде алты метрден аспайтын теңіз акваторияларын қоса алғанда, табиғи немесе жасанды, тұрақты немесе уақытша, ағынсыз немесе ағынды, тұщы, тұздылау немесе тұзды су қоймалары;
35) сумен жабдықтау - суды жинауды, сақтауды, дайындауды, беруді және сумен жабдықтау жүйесі арқылы су тұтынушыларға таратуды қамтамасыз ететін іс-шаралар жиынтығы;
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 36) тармақша өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
36) сумен жабдықтаудың ерекше маңызды топтық және оқшау жүйелері - басымдылығы мен әлеуметтік маңыздылығы бар және уәкілетті орган сумен жабдықтаудың ерекше маңызды жүйелерінің санаттарына жатқызған ауыз сумен жабдықтаудың топтық және оқшау жүйелері;
2015.15.06. № 322-V ҚР Заңымен 36-1) тармақшамен толықтырылды
36-1) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жөніндегі ұйым - елді мекендердегі сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалануды жүзеге асыратын су шаруашылығы ұйымы;
37) сумен жабдықтау жүйесі - суды жинауға, сақтауға, дайындауға, беруге және оны тұтыну орындарына таратуға арналған инженерлік желілер мен құрылыстар кешені;
38) cу объектілерін қорғау - су объектілерін сақтауға, қалпына келтіруге және ұдайы молайтуға, сондай-ақ судың зиянды әсеріне жол бермеуге бағытталған қызмет;
39) су объектілерін пайдалану - жеке және заңды тұлғалардың материалдық немесе өзге де қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін су объектілерінің пайдалы табиғи қасиеттерін алу;
40) су объектісінің бассейні - гидравликалық жағынан байланысты су айдындары мен ағын сулардың су жинау алаңдарын қамтитын аумақ;
41) су пайдалану - жеке және заңды тұлғалардың өз мұқтаждарын және (немесе) коммерциялық мүдделерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен су ресурстарын пайдалану;
42) су пайдаланушы - өз мұқтаждарын және (немесе) коммерциялық мүдделерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен су ресурстарын пайдалану құқығы берілген жеке немесе заңды тұлға;
43) су режимі - су объектілері мен топырақ қабатындағы су деңгейінің, шығыстары мен көлемінің уақытқа қарай өзгеруі;
44) су сервитуты - су объектісін шектеулі пайдалану құқығы;
45) су тарту құрылысы - су объектілерінен су алуға арналған құрылыстар мен құрылғылар кешені;
46) су торабы - бір тұстамада орналасқан әртүрлі мақсаттағы технологиялық байланысқан гидротехникалық құрылыстар тобы;
47) су тұтынушы - су объектілерінен су тұтынушы немесе су шаруашылығы ұйымдарының қызметтерін пайдаланушы және сумен жабдықтау жүйелерінен су алушы жеке немесе заңды тұлға;
48) су үнемдеу - су ресурстарының ұтымды және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ететін шаралар жүйесі;
49) су шаруашылығы - су объектілерін пайдалануға, қорғауға және ұдайы молайтуға байланысты экономика саласы;
50) су шаруашылығы жүйесі - өзара байланысты су объектілері мен гидротехникалық құрылыстар кешені;
51) су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігі - су шаруашылығы жүйелері, құрылыстары элементтерінің адамдардың өмірін, денсаулығын және заңды мүдделерін, қоршаған табиғи орта мен шаруашылық объектілерін қорғауды қамтамасыз ететін өзіндік ерекшеліктері;
52) су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету - су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстары авариялары туындауының алдын алу жөніндегі шараларды әзірлеу және жүзеге асыру;
53) су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстары қауіпсіздігінің өлшемдері - су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстары аварияларының туындау қатерінің жол берілетін деңгейіне сәйкес келетін су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстары жай-күйінің техникалық көрсеткіштерінің және оларды пайдалану шарттарының шекті мәні;
54) су шаруашылығы құрылыстары - су ресурстарының пайдаланылуы мен қорғалуын реттеу, сумен жабдықтау, су бұру және судың зиянды әсерін жою мақсатында жасанды түрде құрылған гидротехникалық құрылыстар мен қондырғылар;
55) су шаруашылығы ұйымдары - қызметі суларды реттеумен, жеткізумен, ұдайы молайтумен, сумен жабдықтаумен, су бұрумен және су объектілерін пайдаланумен байланысты заңды тұлғалар;
56) тау-кен жыныстарының су тұтқыш аймақтары, жиектері мен кешендері - тау-кен жыныстарының жарықтары мен кеуек қуыстарында жинақталған және гидравликалық байланыстағы сулар;
57) трансшекаралық әсер - табиғи көзі шектес мемлекеттің немесе көршілес мемлекеттердің аумағында толық немесе ішінара орналасқан трансшекаралық сулардың адамның қызметінен туындайтын сандық немесе сапалық жағынан өзгеруі нәтижесінде пайда болатын зиянды зардаптар;
2015.15.06. № 322-V ҚР Заңымен 57-1) тармақшамен толықтырылды
57-1) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту жөніндегі ұйым - қызметі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға және дамытуға бағытталған, мемлекет жүз пайыз қатысатын акционерлік қоғам;
58) тұстама - су торабының құрылыстары орналасқан өзен учаскесі;
59) шахта құдығы - сумен жабдықтау, тау-кен жыныстарын құрғату және жер бетінен атмосфералық және жер үсті суларын бұру мақсатында жерасты суларын алу үшін құрылған тереңдігі көлденең кесігінен үлкенірек тік тау-кен қазындысы;
60) шегендеу құрылысы - табиғи жолмен шығып жатқан жерасты суларының ашылуын және пайдалану мақсатында олардың жер бетіне шығарылуын қамтамасыз ететін инженерлік-техникалық құрылыс.
2-бап. Қазақстан Республикасының су заңдары
1. Қазақстан Республикасының су заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда осы Кодекстегiден өзгеше ережелер белгiленген болса, халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады.
3-бап. Қазақстан Республикасы су заңдарының мақсаттары мен мiндеттерi
2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Қазақстан Республикасы су заңдарының мақсаттары халықтың және қоршаған ортаның тiршiлiк жағдайларын сақтау мен жақсарту үшiн су пайдалану мен су қорын қорғаудың, сумен жабдықтаудың және су бұрудың экологиялық қауiпсiз және экономикалық оңтайлы деңгейiне қол жеткізу және қолдау болып табылады.
2. Қазақстан Республикасы су заңдарының мiндеттерi:
2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
1) су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізу;
2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
2) су қатынастарын, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы қатынастарды реттеу;
2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
3) тұрақты су пайдалануды және су қорын қорғауды, сумен жабдықтауды және су бұруды қолдау мен дамытудың құқықтық негiздерiн қамтамасыз ету;
2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
4) су қорын пайдаланудың және қорғаудың, сумен жабдықтаудың және су бұрудың негiзгi принциптерi мен бағыттарын айқындау;
2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
5) су ресурстарын зерттеу, барлау, ұтымды және кешенді пайдалану мен қорғау, гидромелиорациялық жүйелер мен су шаруашылығы құрылыстары саласындағы қатынастарды басқару;
2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен тармақ 6) тармақшамен толықтырылды
6) жерді гидромелиорациялауды дамыту бағыттарын айқындау;
2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен тармақ 7) тармақшамен толықтырылды
7) халықты және шаруашылық объектілерін су шаруашылығы құрылыстарындағы төтенше жағдайлардан және олардың зардаптарынан қорғау.
4-бап. Қазақстан Республикасының су қоры
Қазақстан Республикасының су қоры Қазақстан Республикасының аумағы шегіндегі мемлекеттік су кадастрына енгiзiлген немесе енгiзiлуге тиiс барлық су объектiлерiнiң жиынтығын қамтиды.
5-бап. Су объектiлерi
Шекарасы, көлемi мен су режимi бар құрлық бетi бедерлеріндегі және жер қойнауындағы су шоғырланымдары Қазақстан Республикасының су объектiлерiне жатады. Олар: теңiздер, өзендер, соларға теңестiрiлген каналдар, көлдер, мұздықтар және басқа да жер үстi су объектiлерi, жер асты сулары бар жер қойнауының бөлiктерi.
6-бап. Су ресурстары
Қазақстан Республикасының су ресурстары су объектiлерiнде жиналған, пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкiн жер үстi және жер асты суларының қорлары болып табылады.
7-бап. Су қорының жерлерi
2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 1 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Су қорының жері мемлекет меншігінде болады.
2. Ауданаралық (облыстық) және шаруашылықаралық (аудандық) маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары (суару және сорғыту жүйелерi) орналасқан су қорының құрамындағы жер учаскелерi, сондай-ақ бiр шаруашылық жүргiзушi субъектiнiң жер учаскесiне қызмет көрсететiн ирригациялық құрылғылар, аталған құрылыстар жекешелендiрiлген жағдайда, азаматтардың және Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғаларының жеке меншiгiнде болуы мүмкiн.
3. Осы баптың 2-тармағында аталған екi немесе одан көп жер учаскелерiн меншiктенушiлерге немесе жер пайдаланушыларға қызмет көрсететiн жер учаскелерi оларға ортақ меншiк немесе жалпы жер пайдалану құқығымен табысталады.
4. Су қорының жерiн меншiкке немесе жер пайдалануға беру тәртібі Қазақстан Республикасының жер туралы заң актiсiмен реттеледi.
8-бап. Қазақстан Республикасының су қорына меншiк құқығы
1. Қазақстан Республикасының су қоры айрықша мемлекеттік меншiкте болады.
2. Су қорын иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығын Қазақстан Республикасының Yкіметі жүзеге асырады.
3. Су объектiлерiне мемлекеттік меншiк құқығын бұзған жеке және заңды тұлғалардың iс-әрекеттерiнiң күшi болмайды және ол Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершiлiкке әкеп соғады.
9-бап. Қазақстан Республикасы су заңдарының принциптерi
Қазақстан Республикасының су заңдары мынадай принциптерге негiзделедi:
1) халықтың өмiрi мен қызметiнiң негiзi болып табылатын сулардың мемлекеттік маңызын мойындау;
2) халықты ауыз судың қажеттi мөлшерiмен және кепiлдi сапасымен бiрiншi кезекте қамтамасыз ету;
3) халықтың суға әдiл және теңдей қол жеткізуi;
4) су алуды азайтуға және судың зиянды әсерiн кемiтуге мүмкiндiк беретiн қазiргi заманғы технологияларды игерiп, кешендi және ұтымды су пайдалану;
5) су объектiлерiн оларды қорғаумен қоса кешендi пайдалану;
6) арнайы су пайдаланудың ақылылығы;
7) Қазақстан Республикасының су заңдарын бұзудан келтiрiлген залалды өтеу;
8) Қазақстан Республикасының cу заңдарын бұзғандық үшiн жауапкершiлiктiң бұлтартпастығы;
9) су қорын пайдалану мен қорғау жөніндегі мiндеттердi шешудегi жариялылық және оларға жұртшылықты тарту;
10) Қазақстан Республикасы су қорының жай-күйi туралы ақпараттың қолжетiмдiлiгi;
11) халықаралық нормалар мен Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардың негiзiнде трансшекаралық суларды пайдалану;
2015.15.06. № 322-V ҚР Заңымен 12) және 13) тармақшалармен толықтырылды
12) жобалау және құрылыс кезінде сумен жабдықтаудың және су бұрудың ажырамастығы мен өзара байланыстылығы;
13) сумен жабдықтаудың және (немесе) су бұрудың көрсетілетін қызметтерінің ақылы болуы.
2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен 10-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
10-бап. Қазақстан Республикасының су және өзге де заңдарымен реттелетiн су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы қатынастар
2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Қазақстан Республикасының су заңнамасы су қорын пайдалану мен қорғау, су қорын және су шаруашылығы жүйелерiн басқару, сумен жабдықтау және су бұру, бөгеттердің қауіпсіздігі, гидромелиорациялық жұмыстарды жүргiзу саласындағы қатынастарды және өзге де су қатынастарын реттейдi.
2. Су объектiлерiн пайдалану мен қорғау кезiнде туындайтын жерге, орманға, өсiмдiк пен жануарлар дүниесiне қатысты қатынастар арнайы заңдармен және осы Кодекспен реттеледi.
2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Су объектiлерiнiң экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мен табиғи су экологиялық жүйелерiне шаруашылық және өзге де қызметтiң зиянды әсерiн болғызбау кезiнде туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасымен және Қазақстан Республикасының халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы заңнамасымен, сондай-ақ осы Кодекспен реттеледi.
2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара); 2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
4. Жep қойнауын геологиялық зерттеу, барлау және кешендi игеру, жерасты сулары мен жерасты құрылыстарын судың зиянды әсерiнен қорғау саласында туындайтын қатынастар жер қойнауы режимiне бағындырылады және осы Кодекстiң 66-бабының 3 және 4-тармақтарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану саласындағы, азаматтық қорғау туралы тиiстi заңнамасымен реттеледi.
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
5. Бөгеттердің қауіпсіздігіне байланысты мәселелерді қоспағанда, су объектiлерiндегi табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мәселелері бойынша туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасымен реттеледi.
6. Кеме қатынасы мен теңiзде жүзу саласында туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының су көлiгi саласындағы заңдарымен реттеледi.
7. Теңiз суларын пайдалану саласындағы қатынастар осы Кодекспен және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен реттеледi.
8. Трансшекаралық суларды пайдалану мен қорғауға байланысты қатынастар осы Кодекспен, Қазақстан Республикасының заңдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен реттеледi.
2-тарау. Су қатынастары объектілері
11-бап. Су қатынастары объектiлерi
1. Су объектiлерi, су шаруашылығы құрылыстары және су қорының жерлерi су қатынастарының объектiлерi болып табылады.
2. Су объектiлерi:
1) жер үстi су объектiлерi;
2) жер асты су объектiлерi;
3) Қазақстан Республикасының теңiз сулары;
4) трансшекаралық сулар болып бөлiнедi.
3. Пайдалану түрлерiне қарай су объектiлерi:
1) ортақ пайдаланудағы су объектiлерi;
2) бiрлесiп пайдаланудағы су объектiлерi;
3) оқшау пайдаланудағы су объектiлерi;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың су объектiлерi;
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілері;
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды
6) мемлекеттік орман қорының су объектілері болып бөлінеді.
12-бап. Жер үстi су объектiлерi
1. Жер үстi су объектiлерi:
1) су айдындары - өзендер және соларға теңестiрiлген каналдар, көлдер, су қоймалары, тоғандар және басқа iшкi су айдындары, аумақтық сулар;
2) мұздықтар, батпақтар болып бөлiнедi.
2. Жер үстi су объектiлерi жер үстi суларынан, олардың түбiнен және жағалауынан тұрады.
13-бап. Жер асты су объектiлерi
Жер асты су объектiлерiне мыналар жатады:
1) су тұтқыш аймақтар, тау-кен жыныстарының жиектерi мен кешендерi;
2) жер асты суларының бассейнi;
3) жер асты сулары орындары мен учаскелерi;
4) жер асты суларының құрлықта немесе су астынан табиғи шығуы;
5) жер қойнауының суландырылған учаскелерi.
14-бап. Теңiз сулары
1. Қазақстан Республикасының теңiз суларына, егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы шегіндегі Каспий және Арал теңiздерiнiң сулары жатады.
2. 2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
15-бап. Трансшекаралық сулар
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын белгiлейтiн және (немесе) қиып өтетiн жер үстi және жер асты сулары трансшекаралық сулар болып табылады.
2. Трансшекаралық суларды пайдалану мен қорғау тәртібі осы Кодекспен, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы заңдарымен және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен белгiленедi.
16-бап. Ортақ пайдаланудағы су объектiлерi
1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, барлық су объектiлерi ортақ пайдаланудағы объектiлер болып табылады.
2. Су объектiлерiнде ортақ су пайдалану осы Кодексте белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда ортақ пайдаланудағы су объектiлерiн пайдалануды шектеуге жол берiледi.
17-бап. Бiрлесiп пайдаланудағы су объектілерi
1. Жеке немесе заңды тұлғаларға толық немесе iшiнара бiрлесiп пайдалануға берiлген су объектiлерi бiрлесiп пайдаланудағы су объектiлерi болып табылады.
2. Бiрлесiп пайдаланудағы су объектiлерiн пайдаланған кезде ағын судың төменгi жағында орналасқан су пайдаланушылардың мүдделерi бiрiншi кезекте қанағаттандырылады.
3. Бiрлесiп пайдаланудағы су объектiлерiн пайдаланатын су пайдаланушылар өзара мүдделерді ескеруге, су пайдалану құқығын жүзеге асыруды қиындатпауға және бiр-бiрiне зиян келтiрмеуге мiндеттi.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Бiрлесiп пайдалану үшiн су объектiлерiн облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органдары уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен бередi.
5. Бiрлесiп пайдаланудағы су объектiлерiнде ортақ су пайдалану осы Кодексте белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
18-бап. Оқшау пайдаланудағы су объектiлерi
1. Жеке немесе заңды тұлғаларға толық немесе iшiнара оқшау пайдалануға берiлген су объектiлерi оқшау пайдаланудағы су объектiлерi болып табылады.
2. Оқшау пайдаланудағы су объектiлерi осы Кодексте белгiленген тәртiппен ортақ пайдаланудағы су объектiлерi ретiнде пайдаланылуы мүмкiн.
19-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың су объектiлерi
Ерекше қорғалатын су объектiлерiн құру тәртібі, қорғау және пайдалану режимi, сондай-ақ оларда қызмет ету жағдайлары Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарымен белгiленедi.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 19-1-баппен толықтырылды
19-1-бап. Мемлекеттік орман қорының су объектілері
1. Мемлекеттік орман қорының су объектілерін құру тәртібі, күзету режимі, сондай-ақ олардағы қызмет шарттары Қазақстан Республикасының су және орман заңнамасында белгіленеді.
2. Су объектілеріне іргелес мемлекеттік орман қоры аумақтарын күзету режимі Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес су объектілерін санитариялық-гигиеналық және экологиялық талаптарға сәйкес күйде сақтап тұруды қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ жер үсті суларының ластануын, қоқыстануы мен сарқылуын болдырмау үшін белгіленеді.