Егер баланың тууын мемлекеттік тіркеуге ата-анасы емес, басқа адамдар өтініш жасаса, онда осы адамдар өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжатты, сондай-ақ баланың тууын тіркеуге оның өкілеттігін растайтын құжатты ұсынуы тиіс.
Екі немесе одан да көп баланы мемлекеттік тіркеу кезінде өтініш әрқайсысына қатысты бөлек беріледі.
Баланың тууын мемлекеттік тіркеу «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өтініш берушінің таңдауы бойынша проактивті көрсетілетін қызмет арқылы жүзеге асырылған кезде баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті ұсыну талап етілмейді.
Басқа мемлекеттің аумағында тұрақты тұратын шетелдік, азаматтығы жоқ адам жеке басын куәландыратын құжаттарды көрсетумен қатар, олардың мәтінінің нотариат куәландырған қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасын ұсынады.
Шетелдіктің, азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжаттары мәтіні аудармасының дұрыстығы шетелдік азаматы болып табылатын мемлекеттің немесе азаматтығы жоқ адам тұрақты тұратын мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінде немесе консулдық мекемесінде не сыртқы саяси ведомствосында куәландырылуы мүмкін.
2015.17.11. № 408-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына не «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы өтініш жасаған кезде баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы өтініш мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіге сәйкес беріледі.
191-бап. Әкесі қайтыс болғаннан кейін немесе неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғаннан кейін не неке жарамсыз деп танылғаннан кейін туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу
Некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезде бойға біткен және әкесі қайтыс болғаннан кейін немесе неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғаннан кейін не неке (ерлі-зайыптылық) жарамсыз деп танылғаннан кейін туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу, егер әкесі қайтыс болған немесе неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған не ол жарамсыз деп танылған күннен бастап екі жүз сексен күннен аспаса, жалпы негізде жүргізіледі.
192-бап. Баланың туу туралы акт жазбасына ата-аналары туралы мәліметтерді енгізу тәртібі
1. Бір-бірімен некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) әкесі мен анасы туу туралы жазбалар кітабына олардың кез келгенінің өтініші бойынша баланың ата-аналары болып жазылады. Мұндай жазбаға неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәлік негіз болып табылады.
2. Некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) және қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдануға өз келісімін жазбаша нысанда берген адамдар, осы әдістерді қолдану нәтижесінде өздерінде бала туылған жағдайда туу туралы актілер жазбасының кітабына оның ата-аналары болып жазылады.
Суррогат ана болу шартына сәйкес бала туылған жағдайда, ерлі-зайыптылар туу туралы актілер жазбасының кітабына оның ата-аналары болып жазылады.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Бала тууды тіркеу кезінде, егер ата-аналарының арасында неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған, оны сот жарамсыз деп таныған немесе жұбайы қайтыс болған жағдайда, бірақ неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған, оны жарамсыз деп таныған немесе жұбайы қайтыс болған кезден бастап екі жүз сексен күннен аспаса, анасы туралы мәлімет осы Кодекстің 187-бабында көрсетілген құжаттардың негізінде, баланың әкесі туралы мәлімет неке қию немесе некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы куәліктің немесе акт жазбасының, әкесінің қайтыс болуы туралы куәліктің немесе акт жазбасының негізінде енгізіледі.
Егер бала неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған, оны жарамсыз деп таныған күннен бастап екі жүз сексен күн өткеннен кейін туса, бұрынғы жұбайы әке болуды анықтау негізінде ғана баланың әкесі болып жазылуы мүмкін.
Босанған әйелдің жұбайы болып табылмайтын адам жазбаша мойындаған жағдайда және оның күйеуінің жазбаша келісімі болған кезде тууды тіркеу кезінде баланың әкесі болып осы адам жазылады.
Босанған әйелдің жұбайының немесе бұрынғы жұбайының басқа адамның әке болуын анықтауға келісімі ішкі істер органы берген, жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілгені туралы немесе соттың оны хабар-ошарсыз кеткен немесе әрекетке қабілетсіз деп танығаны туралы заңды күшіне енген шешімі туралы растайтын құжат болған кезде міндетті емес.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Егер баланың ата-анасы бір-бірімен некеде тұрмаса (ерлі-зайыпты болмаса), анасы туралы мәлімет осы Кодекстің 187-бабында көрсетілген құжаттардың негізінде енгізіледі.
Мұндай жағдайда тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына әкесі туралы мәліметтер:
1) егер әке болу баланың тууын мемлекеттік тіркеумен бір мезгілде анықталатын болса, осы Кодекстің 192-1-бабының 1-тармағында көрсетілген негіздер бойынша;
2) егер әкесі анықталмаса, некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) анасының өтініші бойынша енгізіледі.
Тууды жазу кiтабында баланың әкесiнің тегі - анасының тегi бойынша, баланың аты мен әкесiнiң аты оның көрсетуі бойынша жазылады. Енгізілген мәліметтер әке болуды анықтау туралы мәселені шешуге кедергі болып табылмайды.
Баланың әкесі туралы мәліметтер анасының тілегі бойынша туу туралы актілер жазбасына енгізілмеуі мүмкін;
3) өзін баланың әкесімін деп мойындаған адамның өтініші бойынша, оған баланың анасының келісімі болған кезде енгізіледі.
Анасы туралы мәліметтер осы Кодекстің 187-бабында көрсетілген құжаттардың негізінде енгізіледі, әкесі туралы мәліметтер осы адамның көрсетуі бойынша жазылады.
Бұдан әрі баланың анасы туу туралы акт жазбасына енгізілген баланың әкесі туралы мәліметтермен келіспеген кезде түзетулер белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 192-1-баппен толықтырылды
192-1-бап. Әке болуды анықтау кезінде баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына өзгерістер, толықтырулар енгізу
1. Әке болуды анықтау кезінде баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына өзгерістер, толықтырулар:
1) ата-анасының әке болуды анықтау туралы бірлескен өтініші;
2) анасы қайтыс болған, анасы қайтыс болды деп жарияланған, анасы хабар-ошарсыз кетті деп танылған, анасы әрекетке қабілетсіз деп танылған, анасы ата-ана құқықтарынан айырылған не оның ата-ана құқықтары шектелген, анасының тұрғылықты жерін анықтау мүмкін болмаған жағдайларда әкесінің өтініші;
3) соттың әке болуды анықтау, сондай-ақ әке болуды тану фактісін және әке болу фактісін анықтау туралы шешімі негізінде енгізіледі.
2. Егер сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адам, сондай-ақ осы әрекетке қабілетсіз адамның қорғаншысы өтініш беруші болып табылса, баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына өзгерістер, толықтырулар енгізуден бас тартылады.
2013.29.01. № 74-V ҚР Заңымен 193-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
193-бап. Бала ата-анасының қай ұлтқа жататынын жазу тәртібі
Егер тууды тіркеу кезінде өтініш беруші ата-анасының қай ұлтқа жататынын көрсетуге тілек білдірсе, онда баланың туу туралы акт жазбасында ата-анасының - Қазақстан Республикасы азаматтарының ұлты Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген ұлтына сәйкес көрсетіледі.
Шетелдік болып табылатын ата-ананың қай ұлтқа жататыны туралы мәлімет оның шетелдік паспортына сәйкес көрсетіледі.
Шетелдіктің шетелдік паспортында ұлты туралы мәлімет болмаған кезде оның ұлты өзі азаматы болып табылатын шет мемлекеттің құзыретті органы берген құжатқа сәйкес айқындалуы мүмкін.
194-бап. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу кезінде оған тегін, атын, әкесінің атын беру тәртібі
1. Тууды мемлекеттік тіркеу кезінде баланың тегі ата-аналарының тегімен айқындалады. Ата-аналарының тегі әртүрлі болған кезде балаға ата-анасының келісімі бойынша әкесінің немесе анасының тегі беріледі. Ата-аналарының тілегі бойынша баланың тегі ұлттық дәстүрлер ескеріле отырып, баланың әкесінің немесе атасының атымен жазылады. Баланың тегіне қатысты ата-аналарының арасында туындаған келіспеушіліктер сот тәртібімен шешіледі.
2. Азаматтардың тілегі бойынша ұлты қазақ адамдардың тегі мен әкесінің атын жазуда қазақ тіліне тән емес: -ов, -ев, -ова, -ева, -ин, -н, -ины, -на, - овна, - евна, - ович, - евич аффикстері алып тасталады, ал олардың орнына әкесінің атына: - ұлы, - қызы деген сөздер қосылып бірге жазылады.
Жеке адамның тегіне «тегі», «ұрпағы», «немересі», «шөбересі», «келіні» деген және басқа да сөздерді қосып жазуға жол берілмейді.
3. Ұлты қазақ адамдардың әкесінің аты тегін ауыстырған кезде оның міндетті түрде бірінші болып тұруына, одан кейін атының жазылуына жол беріледі, ал әкесінің аты жазылмайды.
4. Басқа ұлт адамдарының тілегі бойынша олардың тегін, атын және әкесінің атын жазу олардың ұлттық ерекшеліктеріне сәйкес жүргізілуі мүмкін.
195-бап. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу келген елдің аумағында орналасқан Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінде не басқа елде қызметін қоса атқаратын Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінде жүргізіледі.
196-бап. Тауып алынған, тастанды (бас тартылған) баланың тууын мемлекеттік тіркеу тәртібі
1. Тауып алынған, тастанды (бас тартылған) баланың тууы ішкі істер органдарының, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның, білім беру ұйымдары әкімшілігінің немесе бала орналастырылған медициналық ұйымның өтініші бойынша тауып алынған, бас тартылған немесе қалдырылған күннен бастап жеті тәуліктен кешіктірілмей тіркелуге тиіс.
Өтінішке бала тауып алынған кездегі уақыт, орын және мән-жайлар көрсетіле отырып, ішкі істер органы немесе қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган жасаған хаттама немесе акт; тауып алынған баланың жасы мен жынысын растайтын медициналық ұйым берген құжат және басқа да бала туралы дербес мәліметтер қоса тіркеледі.
2. Медициналық ұйымда баладан бас тартылған жағдайда, осы ұйымның әкімшілігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нысан бойынша анасының жазбаша өтінішін ресімдеу жөнінде шаралар қолданады.
3. Баланы белгісіз ана қалдырып кеткен жағдайда медициналық ұйымның әкімшілігі екі куәгердің қатысуымен хаттама жасайды. Тууды мемлекеттік тіркеу кезінде хаттамалар тастанды (ата-анасы бас тартқан) баланы тіркеу туралы медициналық ұйымның лауазымды адамының өтінішіне қоса беріледі.
197-бап. Өлі туған немесе өмірінің алғашқы аптасында шетінеген баланы мемлекеттік тіркеу
1. Өлі туған баланы және өмірінің алғашқы аптасында шетінеген баланы мемлекеттік тіркеу тіркеуші органда бала туған немесе шетінеген кезден бастап бес тәуліктен кешіктірілмей жүргізіледі.
2. Баланың өлі тууы медициналық ұйым немесе жеке дәрігерлік практикамен айналысатын дәрiгер берген перинатальдық қайтыс болуы туралы медициналық куәліктің негізінде тіркеледі.
Өлі туған баланың туу туралы куәлігі берілмейді. Ата-анасының өтініші бойынша өлі туған баланы мемлекеттік тіркеу фактісін растайтын құжат беріледі.
3. Бала өмірінің алғашқы аптасында қайтыс болған жағдайда оның тууын мемлекеттік тіркеу - туу туралы медициналық анықтаманың негізінде, ал қайтыс болған жағдайда перинатальдық қайтыс болуы туралы куәліктің негізінде жүргізіледі.
Туу және қайтыс болу туралы жасалған актілер жазбаларының негізінде тек қайтыс болуы туралы куәлік қана беріледі. Ата-анасының өтініші бойынша баланың тууын мемлекеттік тіркеу фактісін растайтын құжат беріледі.
Одан әрі қайтыс болу туралы куәлік қана қайтадан беріледі.
4. Тіркеуші органға баланың өлі тууы туралы немесе баланың тууы және өмірінің алғашқы аптасында қайтыс болғандығы туралы мәлімдеу міндеті:
1) бала туылған немесе бала шетінеген медициналық ұйымның басшысына;
2) дәрігері баланың өлі тууы, баланың өмірінің алғашқы аптасында қайтыс болуы фактісін анықтаған медициналық ұйымның басшысына;
3) медициналық ұйымнан тыс жерде туған жағдайда жеке дәрігерлік практикамен айналысатын дәрiгерге жүктеледі.
198-бап. Бір жасқа толған және одан үлкен баланың тууын мемлекеттік тіркеу
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Бір жасқа толған және одан үлкен баланың тууын мемлекеттік тіркеу осы Кодекстің 187-бабында көрсетілген тууды мемлекеттік тіркеу үшін негіздер болған кезде ата-аналарының немесе өзге де мүдделі адамдардың жазбаша өтініші бойынша жүргізіледі.
Бала кәмелетке толғаннан кейін тууын мемлекеттік тіркеу оның жазбаша өтініші бойынша жүргізіледі.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Бір жасқа толған және одан асқан баланың тууын мемлекеттік тіркеуді тіркеуші органның қорытындысы негізінде ауданның, қаланың тіркеуші органы жүргізеді.
199-бап. Шетелдіктердің балаларының тууын мемлекеттік тіркеу
Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын шетелдіктердің балаларының тууын мемлекеттік тіркеу Қазақстанның аумағында орналасқан тиісті шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінде немесе консулдық мекемелерінде не, егер Қазақстан Республикасында мұндай жоқ болса, қызметін қоса атқаратын шетелдегі мекемелерде жүргізіледі.
Шетелдіктердің балаларының тууын мемлекеттік тіркеу ол жөнінде Жеке адамдар туралы мемлекеттік дерекқорға мәліметтер енгізілместен және балаға жеке сәйкестендіру нөмірі берілместен, олардың тілегі бойынша өздерінің тұрақты немесе уақытша тұратын жеріндегі тіркеуші органдарда жүргізіледі.
200-бап. Баланың тууын салтанатты жағдайда мемлекеттік тіркеу
Ата-аналардың тілегі бойынша тіркеуші орган баланың тууын салтанатты жағдайда мемлекеттік тіркеуді өз үй-жайында не арнайы осыған арналған мемлекеттік неке сарайларында қамтамасыз етеді.
201-бап. Баланың туу туралы жазбалар кітабына енгізілетін мәліметтер
Баланың туу туралы акт жазбасына мынадай деректер:
1) баланың тууын мемлекеттік тіркеу күні;
2) балаға берілген жеке сәйкестендіру нөмірі;
3) баланың туу туралы акт жазбасының нөмірі;
4) тегі, аты, қалауы бойынша - әкесінің аты, баланың жынысы, туған күні, айы, жылы, туған жері;
5) туған балалардың саны (біреу, егіз немесе одан да көп бала);
6) баланың тірі туғандығы туралы немесе баланың өлі туғандығы туралы белгі;
7) баланың туу фактісін растайтын құжат туралы мәліметтер;
8) 2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
9) ата-аналарының тегі, аты, әкесінің аты (егер бар болса), туған күні, айы, жылы, жасы, тұрақты тұрғылықты жері, заңды мекенжайы, азаматтығы, табыс көзі немесе жұмыс орны, білімі және, егер жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген болса, олардың ұлты;
10) соның негізінде баланың әкесі туралы мәліметтер енгізілген құжат туралы мәліметтер;
11) өтініш беруші туралы мәліметтер;
12) берілген туу туралы куәліктің сериясы мен нөмірі енгізіледі.
202-бап. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беру
Баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасының негізінде белгіленген үлгідегі туу туралы куәлік беріледі.
Туу туралы куәлік жаңа туған баланың ата-аналарына, басқа уәкілетті адамдарға немесе бала тұратын ұйымның өкілдеріне беріледі.
Екі немесе одан да көп бала туған жағдайда туу туралы куәлік әрбір балаға беріледі.
203-бап. Баланың туу туралы куәлігі
Баланың туу туралы куәлігі мынадай мәліметтерді:
1) баланың тегін, атын, әкесінің атын (егер бар болса), туған күні, айы, жылы мен туған жерін;
2) акт жазбасының жасалған күнін және нөмірін;
3) жеке сәйкестендіру нөмірін;
4) ата-аналарының тектерін, аттарын, әкелерінің аттарын (егер бар болса), егер жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген болса, ұлтын;
5) ата-аналарының азаматтығын;
6) мемлекеттік тіркеу орнын (тіркеуші органның атауын);
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) туу туралы куәліктің берілген күнін;
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды
8) құжат берген тіркеуші органның атауын қамтиды.
26-тарау. 2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
27-тарау. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу
220-бап. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу үшін негіз
Тіркеуші органдар неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеуді Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы бірлескен жазбаша өтініштің негізінде жүргізеді.
221-бап. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу орны
Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың тілегі бойынша Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген тіркеуші органда жүргізіледі.
222-бап. Некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш беру мерзімі және неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу мерзімі
1. Некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш тіркеуші органға некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркегенге дейін бір ай бұрын беріледі.
2. Некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеуді некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы бірлескен өтініш берілген күннен бастап бір ай мерзім өткен соң тіркеуші орган жүргізеді.
Мерзімнің өтуі өтініш берілгеннен кейінгі келесі күннен басталады және келесі айдың тиісті күні бітеді. Егер осы күн жұмыс күні болмаса, онда одан кейінгі жұмыс күні мерзімнің аяқталған күні болып есептеледі.
Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу уақытын тіркеуші орган некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек білдірген адамдардың келісімі бойынша тағайындайды. Мемлекеттік тiркеу уақыты сол үй-жайда қайтыс болуды және некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тiркеген уақытпен сәйкес келмейтiндей есеппен тағайындалуға тиіс.
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3. Егер неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш берген кезде некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың екеуінің бірдей тіркеуші органда болуы мүмкін болмаса немесе оған қатысуы тым қиын болса (бір-бірінен алыста тұруы, ауыр науқастануы, жүріп-тұру қиындығымен байланысты мүгедектігі, әскери қызмет өткеруі және басқалары), белгіленген нысан бойынша толтырылған және некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың екеуі бірдей қол қойған неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы өтінішті олардың біреуі бере алады.
Жоқ адамның қолтаңбасын тіркеуші органның бастығы куәландыруы және азаматтың тұрған жері бойынша тіркеуші органның, нотариустың немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес нотариаттық іс-әрекеттер жасауға құқық берілген өзге де лауазымды адамның мөрімен бекітілуі мүмкін, сондай-ақ мынадай тәртіппен:
1) әскери қызметшілерді - тиісті әскери бөлімнің командирі;
2) жүзу уақытында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туымен жүретін теңіз кемелерінде немесе ішкі жүзу кемелерінде болатын Қазақстан Республикасының азаматтарын - осы кемелердің капитандары;
3) экспедицияларда болатын адамдарды - осы экспедициялардың бастықтары;
4) стационарлық медициналық ұйымдарда болатын адамдарды - осы ұйымдардың бас дәрігерлері;
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) қамауға алу және бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындайтын мекемелерде отырған адамдарды - тиісті мекемелердің бастықтары;
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
6) жүріп-тұруы қиын мүгедектерді дәрігерлік-консультативтік комиссияның төрағасы куәландыруы мүмкін.
223-бап. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу мерзімдерін қысқарту және ұзарту
1. Некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың бірлескен өтініші бойынша тиісті құжаттармен расталған (дәрігерлік-біліктілік комиссиясының жүктілік туралы анықтамасы, денсаулық жағдайы туралы анықтама, басқа да ерекше мән-жайларды растайтын анықтамалар) дәлелді себептер (жүктілік, баланың тууы, тараптардың бірінің өміріне тікелей қатер төнуі және басқа да ерекше мән-жайлар) болған кезде тіркеуші органның бастығы неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу орны бойынша бiр ай өткенге дейін некенi қиюға (ерлі-зайыпты болуға) рұқсат етеді не бұл мерзiмдi ұзартады, бірақ ол бір айдан аспауға тиіс.
Мерзiмдi қысқарту уақыты әрбiр жеке жағдайда нақты мән-жайларға байланысты айқындалады.
2. Жекелеген жағдайларда неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тiркеудi күту мерзiмi неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тiркеуге кедергi келтіретін мән-жайлар болған кезде ғана тіркеуші органның бастамасы бойынша ұзартылуы мүмкiн. Неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы жазба жасалғанға дейiн лауазымды адам жазбаны тоқтата тұруға және өтініш берушiден бiр айдан асыруға болмайтын белгiленген мерзiмде тиiстi деректі айғақтар беруді талап етуге міндеттi.
Тіркеуші орган мүдделi адамдардың өтініші бойынша немесе өз бастамасымен қажеттi тексеруді жүргiзеді. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тiркеудi кейінге қалдыру туралы некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш берген адамдар хабардар етіледі. Неке қиюға (ерлі-зайыпты болуға) заңды кедергiлер болған кезде тіркеуші орган оны мемлекеттік тiркеуден бас тартады.
Егер мұндай кедергiлер туралы мәлiметтер расталмаған болса, некенi (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тiркеу жалпы негiздерде жүргiзiледi. Аталған мән-жайларды тексеру бiр ай мерзiмде аяқталуға тиiс.
Айлық мерзiмді қысқарту немесе ұзарту туралы рұқсатты тіркеуші органның бастығы, ал ол болмаған кезде оның мiндетiн атқарушы адам некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтінішке қарар түрінде бередi.
Егер некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек бiлдiрушiлер дәлелдi себептер бойынша белгiленген күнi тіркеуші органға келе алмайтын болса, неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тiркеу мерзiмi олардың өтініші бойынша басқа уақытқа ауыстырылады.
224-бап. Некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш
1. Некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш жазбаша түрде жасалуға тиiс. Белгіленген үлгідегі өтініш нысаны болмаған жағдайда, өтініштің мәтінінде көзделген мәліметтердің бәрі еркін түрде қамтылуға тиіс.
Өтініш нысанында қамтылған барлық сұрақтарға толық әрі дәл жауаптар берілуге тиіс.
2. Некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш беру кезінде:
2013.29.01. № 74-V ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын немесе шетелде уақытша болатын Қазақстан Республикасының азаматы жеке куәлiгiн не паспортын; шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматы - оның шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматы ретiнде есепке алынғаны туралы шетелдегi консулдық мекеменiң белгiсi бар Қазақстан Республикасы азаматының паспортын ұсынады; Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдік, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға арналған ықтиярхатын ұсынады. Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдік Қазақстан Республикасының iшкi iстер органы берген Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсат ететін құжатын ұсынады; Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адам тұрғылықты жерi бойынша тiркелгендiгi туралы Қазақстан Республикасы iшкi iстер органдарының белгiсi бар азаматтығы жоқ адамның куәлiгiн ұсынады. Қазақстан Республикасында уақытша болатын азаматтығы жоқ адам оның жеке басын куәландыратын, өзі тұратын елдiң құзыреттi органдары берген және Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдарында белгiленген тәртiппен тiркелген құжатын ұсынады.
Басқа мемлекеттің аумағында тұрақты тұратын шетелдiк, азаматтығы жоқ адам жеке басын куәландыратын құжаттарды ұсынумен қатар олардың мәтiнiнiң нотариатта куәландырылған қазақ тiлiндегi немесе орыс тiлiндегi аудармасын беруге тиiс.
Шетелдіктің, азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжаттардың мәтіні аудармасының дұрыстығы шетелдік азаматы болып табылатын мемлекеттiң немесе азаматтығы жоқ адам тұрақты тұратын мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінде немесе консулдық мекемесінде не сыртқы саясат ведомствосында куәландырылуы мүмкiн;
2) осы Кодекстің 10-бабында көрсетілген белгiленген неке жасын азайту қажеттігін растайтын құжаттарды;
3) бұрынғы некелері (ерлі-зайыптылықтары) туралы мәліметтерді;
4) балалары бар екендiгi туралы мәлiметтерді;
5) бір-бірінің денсаулық жағдайы және материалдық жағдайы туралы, сондай-ақ некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) кедергінің жоқтығы туралы хабардар екендігі туралы қолхатты ұсыну қажет.
225-бап. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу кезінде ерлі-зайыптылардың тектерін жазу тәртібі
1. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу кезінде некеге дейінгі тегін екінші жұбайының тегіне өзгертуге тілек білдірген жұбайға неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы акт жазбасында ортақ тек ретінде таңдап алынған тегі көрсетіледі.
2. Неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы акт жазбасын жасаған кезде бұрынғы тектерінде қалуға тілек білдірген ерлі-зайыптылардың тектері өзгертілмейді.
3. Өзінің некеге дейінгі тегіне екінші жұбайының тегін қосып жазуға тілек білдірген жұбайға неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы акт жазбасында қосылатын тегі некеге дейінгі тегінен кейін сызықша арқылы жазылады.
4. Ерлі-зайыптылардың тектерін таңдауы некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы бірлескен жазбаша өтініште көрсетіледі.
226-бап. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу тәртібі
1. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеуді тіркеуші органдар осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүргізеді.