1) орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі - су тұтынушыларға ауызсу алуға, дайындауға, сақтауға, тасуға, беруге жəне таратуға арналған инженерлік желілер мен құрылысжайлар кешені;
2) орталықтандырылмаған сумен жабдықтау жүйесі - ауызсуды құбыржолдар арқылы тасымай алуға, дайындауға, сақтауға жəне беруге арналған су тарту жəне су тазарту құрылысжайлары.
2. Елді мекеннің сумен жабдықтау жүйесінің құрамдас элементтері мыналар болып табылады:
1) су тарту құрылысжайлары;
2) су құбыржолы тазарту құрылысжайлары;
3) реттегіш науалар;
4) сорғы станциялары;
5) сутартқыштар;
6) тарату желілері;
7) ғимараттарға кіргізу орындары;
8) ішкі сумен жабдықтау жүйелері;
9) суды есепке алу тораптары.
3. Орталықтандырылған ауызсумен жабдықтау халықты, тамақ өнеркəсібі ұйымдарын, əлеуметтік мақсаттағы, денсаулық сақтау жəне елді мекеннің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету объектілерін ауызсумен бірінші кезекте қамтамасыз етуге арналған.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде аталмаған тұтынушыларды ауызсумен қамтамасыз етуге тұрғын үй қатынастары жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уəкілетті орган бекіткен елді мекендердің сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелерін техникалық пайдалану қағидаларына сəйкес сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйым айқындайтын жеткілікті су қорлары, сумен жабдықтау жүйесінің қуаты жəне техникалық мүмкіндігі болған кезде жəне инженерлік жəне коммуналдық қамтамасыз ету көздеріне қосылуға техникалық шарттардың талаптары орындалған кезде жол беріледі.
4. Инженерлік жəне коммуналдық қамтамасыз ету көздеріне қосылуға техникалық шарттарсыз ауызсумен жабдықтау жүйелеріне өз бетінше қосылуға тыйым салынады.
Жергілікті атқарушы органдар орталықтандырылмаған ауызсумен жабдықтау жүйелерін есепке алуды жүргізеді жəне су сапасының санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сəйкестігіне іс-шаралар жүргізуді ұйымдастырады.
95-бап. Елді мекендердің сумен жабдықтау жəне су бұру жүйесі
1. Жергілікті атқарушы органдар елді мекендерде сумен жабдықтау мен су бұруды ұйымдастырады.
2. Елді мекендердің сумен жабдықтау жəне су бұру жүйесі елді мекендердің тыныс-тіршілігін қамтамасыз етудің ажырамас кешені болып табылады.
3. Елді мекендердің сумен жабдықтау жəне су бұру жүйесінің меншік иесі (иеленушісі) халықты ауызсумен жəне шаруашылық-тұрмыстық сарқынды суларды бұрумен қамтамасыз етуге міндетті.
96-бап. Елді мекендердің техникалық сумен жабдықтау жүйесі
1. Елді мекендердің техникалық сумен жабдықтау жүйесі ауызсуды үнемдеу, су тұтынушыларды ішуге, тамақ дайындауға немесе тамақ өнімдерін өндіруге арналмаған техникалық сумен қамтамасыз ету үшін құрылады.
2. Елді мекендердің техникалық сумен жабдықтау жүйелерінен алынған су жеке жəне заңды тұлғалардың өндірістік мұқтаждықтарын қамтамасыз ету, өрт сөндіру, жасыл желектерді суару, жолдарға су шашу жəне басқа да техникалық мақсаттар үшін пайдаланылады.
3. Елді мекендердің техникалық сумен жабдықтау жүйелерінде су объектілерінен немесе су тұтынушылардың талаптарын қанағаттандыратын, орталықтандырылған су бұру жүйелерінің сарқынды суларды жинақтағыштарынан алынған су пайдаланылады.
4. Техникалық сумен жабдықтау жүйесін жобалау елді мекендердің бас жоспарларына немесе шағын елді мекендерді дамыту жəне құрылыс салу схемаларына сəйкес жүзеге асырылады.
5. Техникалық сумен жабдықтау жүйелерінен берілетін судың сапасы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мен қадағалауға жатады.
97-бап. Кондоминиумдар объектісінің құрамына кіретін сумен жабдықтау жəне су бұру жүйесі
1. Кондоминиумдар объектісі мүлкінің құрамына мыналар кіреді:
1) тұрғын үйлердің (тұрғын ғимараттардың) сыртқы қабырғаларының шекаралары шегіндегі ішкі сумен жабдықтау жүйелері, оның ішінде ауызсуды қосымша тазарту жөніндегі топтық қондырғылар, су тартатын сорғы қондырғылары;
2) елді мекеннің су бұру желісіне қосылған жердегі бірінші құдыққа дейінгі су шығару орындарын қоса алғанда, үй ішіндегі су бұру жүйелері;
3) орталықтандырылмаған су бұру жүйелері.
2. Тұрғын үйлердің (тұрғын ғимараттардың) ішкі сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелерін пайдалануды пəтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері, кондоминиум объектісін басқару органы, сондай-ақ шарттық негізде өзге де жеке жəне заңды тұлғалар жүргізеді.
98-бап. Елді мекендердің су бұру жүйесі
1. Елді мекендердің су бұру жүйесі сарқынды суларды бірлескен жəне (немесе) бөлек үздіксіз бұру үшін қызмет етеді.
2. Елді мекендердің су бұру жүйесі мынадай болып бөлінеді:
1) орталықтандырылған су бұру жүйесі - лай тұнбаларын қайта өңдеуді қоса алғанда, сарқынды суларды жинауға, тазартуға жəне тазартылған сарқынды суларды су объектілеріне, сарқынды суларды жинақтағыштарға ағызуға арналған елді мекеннің инженерлік желілері мен құрылысжайларының кешені;
2) орталықтандырылмаған су бұру жүйесі - елді мекендердің орталықтандырылған су бұру жүйесіне қосылмаған бірлі-жарым су тұтынушының немесе су тұтынушылар тобының су бұру жүйесі (қазба шұңқырлары, септиктер, оқшау тазарту құрылысжайлары).
3. Елді мекендердің су бұру жүйесі мақсаты бойынша шаруашылық-тұрмыстық, нөсерлік, дренаждық болып бөлінеді, олар сарқынды сулардың сапалық құрамы жəне оларды тазартуға қойылатын талаптар бойынша ерекшеленеді.
4. Елді мекендердің су бұру жүйесінің құрамдас элементтері мыналар болып табылады:
1) ғимараттардың ішкі су бұру жүйелері;
2) ғимараттардан су шығару орындары;
3) орамішілік желілер мен көше желілері;
4) коллекторлар;
5) сорғы станциялары;
6) тазартылған сарқынды суларды жинақтағыштарды қоса алғанда, сарқынды суларды тазарту құрылысжайларының кешендері;
7) тазартылған сарқынды суларды су объектілеріне (су жібергішке) немесе жергілікті жер бедеріне ағызуға арналған құрылысжайлар;
8) сарқынды сулардың лай тұнбаларын қайта өңдеу жəне кəдеге жарату жөніндегі құрылысжайлар.
5. Сарқынды суларды өнеркəсіпте, елді мекендердің шаруашылығында жəне ауыл шаруашылығы дақылдарын суару үшін айналымды немесе қайталама сумен жабдықтау жүйелерінде пайдалану шартымен, сүзгілеу алаңдары мен буландырғыш тоғандарды қоспағанда, сарқынды суларды жинақтағыштарды жаңадан құруға немесе жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуге жол беріледі.
6. Жергілікті атқарушы органдар орталықтандырылмаған су бұру жүйелерін есепке алуды жүргізеді.
7. Сарқынды суларды жинақтағыштардан тазартылған сарқынды суларды пайдалану сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйымдар мен су тұтынушылар арасындағы су беру жөніндегі шарттар негізінде жүзеге асырылады.
Өнеркəсіптік мұқтаждықтар, суландыру, жасыл желектерді суару жəне басқа да коммуналдық мұқтаждықтар үшін пайдаланылатын тазартылған сарқынды сулардың сапасы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сəйкес айқындалады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға сəйкес өндірістік процестің технологиялық талаптары негізге алына отырып айқындалады.
Тазартылған сарқынды суларды тамақ өнімін өндіру үшін пайдалануға тыйым салынады.
99-бап. Елді мекендердің нөсерлік (дренаждық) кəріз жүйесі
1. Елді мекендердің нөсерлік (дренаждық) кəрізі жүйесі елді мекендер мен өнеркəсіптік кəсіпорындардың аумақтарынан ағатын жаңбыр суын, еріген, инфильтрациялық, суаратын-жуатын, дренаждық суларды қабылдауға жəне бұруға, оларды тазартуға жəне кейіннен су объектілеріне, сарқынды суларды жинақтағыштарға немесе жергілікті жер бедеріне ағызуға арналған.
2. Елді мекеннің нөсерлік (дренаждық) кəрізі жүйесінің құрамдас элементтері мыналар болып табылады:
1) орамішілік желілер мен көше желілері;
2) коллекторлар;
3) қар еріту құрылысжайлары;
4) сорғы станциялары;
5) сарқынды суларды жинақтағыштарды қоса алғанда, нөсер сарқынды суларын тазарту құрылысжайларының кешендері;
6) тазартылған сарқынды суларды су объектілеріне (су жібергіштерге) немесе жергілікті жер бедеріне ағызуға арналған құрылысжайлар.
3. Елді мекендердің нөсерлік (дренаждық) кəрізі жүйесі коммуналдық немесе жеке меншікте болады.
4. Заңды тұлғалар мен дара кəсіпкерлер елді мекеннің нөсерлік (дренаждық) кəріз жүйесіне қосылған жəне жаңбыр суын, еріген, инфильтрациялық, суаратын-жуатын, дренаждық суларды оған бұратын меншікті нөсерлік (дренаждық) кəріз жүйелері болған кезде бұрылған жаңбыр суының, еріген, инфильтрациялық, суаратын-жуатын, дренаждық сулардың нақты көлемі үшін ақы төлеуді жүргізеді, ол елді мекеннің нөсерлік (дренаждық) кəріз жүйесіне елді мекендер мен өнеркəсіптік кəсіпорындардың аумақтарынан ағатын жаңбыр суын, еріген, инфильтрациялық, суаратын-жуатын, дренаждық суларды бұру жəне тазарту бойынша көрсетілген қызметтердің құны мен көлемін есептеу əдістемесіне сəйкес айқындалады.
5. Нөсерлік (дренаждық) кəріз жүйелерінің меншік иелері (иеленушілері) олардың техникалық жарамды жай-күйі, оларды пайдалану жəне дамыту үшін жауапты болады.
6. Объектілерді елді мекеннің нөсерлік (дренаждық) кəріз жүйесіне қосу осы жүйе қарамағында болатын тұлға берген техникалық шарттар орындалғаннан жəне онымен шарт жасалғаннан кейін жүргізіледі.
7. Елді мекеннің нөсерлік (дренаждық) кəріз жүйелеріне өз бетінше қосылуға жəне оларға суды санкцияланбаған ағызуға тыйым салынады.
100-бап. Су тұтынушының меншігіндегі сумен жабдықтау жəне су бұру жүйесі
1. Сумен жабдықтау желісіндегі баланстық тиесілікті бөлу шекарасынан су тарату нүктесіне жəне пайдаланылған суды санитариялық-техникалық аспаптардан елді мекеннің су бұру желісіндегі баланстық тиесілікті бөлу шекарасына шейін бұру нүктесіне дейінгі су тұтынушының сумен жабдықтау жəне су бұру жүйесінің элементтері су тұтынушының сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелеріне жатады жəне су тұтынушы оларға өз күшімен немесе бөгде ұйымдарды тарта отырып қызмет көрсетеді.
2. Су тұтынушылар сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелерін жобалау, салу жəне пайдалану кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауға тиіс.
101-бап. Елді мекендердің иесіз қалған сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелері жəне (немесе) олардың құрамдас элементтері
1. Елді мекендердің меншік иесі жоқ немесе меншік иесі белгісіз не меншік құқығынан бас тартқан сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелері жəне (немесе) олардың құрамдас элементтері иесіз қалған болып табылады.
2. Жергілікті атқарушы органдар елді мекендердің иесіз қалған сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелері жəне (немесе) олардың құрамдас элементтері анықталған кезде оларды мемлекеттік меншікке айналдыру бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында жəне «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген рəсімдерді жүргізеді.
3. Жергілікті атқарушы органдар елді мекендердің иесіз қалған сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелерін жəне (немесе) олардың құрамдас элементтерін есепке қою кезеңінде жəне коммуналдық меншікке айналдырғанша оларды сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйымдарға уақытша пайдалануға береді.
4. Сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйым өзіне уақытша пайдалануға берілген иесіз қалған сумен жабдықтау жүйелері жəне (немесе) олардың құрамдас элементтері бойынша су тұтынушыға берілетін ауызсудың сапасын қамтамасыз етеді.
Жергілікті атқарушы орган иесіз қалған сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелеріне жəне (немесе) олардың құрамдас элементтеріне қызмет көрсету жөніндегі шығындарды олар пайдаланушы ұйымның балансына берілгенге дейін немесе иесіз қалған сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелерінің жəне (немесе) олардың құрамдас элементтерінің меншік иесі оларды қайтадан өзінің нақты иелігіне қабылдағанға дейін өтейді.
102-бап. Елді мекендердің сумен жабдықтау жəне су бұру жүйесіндегі судың өндірістік шығыстары мен ысырабы
1. Судың өндірістік шығыстары судың технологиялық жəне ұйымдастырушылық-есепке алу шығыстарын қамтиды.
2. Сумен жабдықтау жүйесіндегі судың өндірістік шығыстарының нормативтері елді мекендердің сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелерінің схемасы мен элементтеріне қарай, соңғы үш жыл ішіндегі орташа пайдалану немесе есептеу деректері бойынша айқындалады.
3. Сумен жабдықтау жүйесіндегі судың ысырабы техникалық жəне коммерциялық ысырапты қамтиды.
Судың техникалық ысырабына су құбыржолы желісінен жəне науалы құрылысжайлардан судың ағуы, құбыржолдарды, арматураларды, құрылысжайларды жөндеу, су құбыржолы желісіне қосуды (жалғауды) жүргізу кезіндегі судың ысырабы, сондай-ақ табиғи кему есебінен болатын судың ысырабы жатады.
Коммерциялық ысырапқа суды өз бетінше пайдалану, суды есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін бұрмалау немесе аспаптарды бүлдіру есебінен болатын ысырап жатады.
4. Судың нормативтік техникалық ысырабы құрылысжайларды, желілерді, жабдықтарды пайдалану мерзіміне, құбыржолдардың материалына байланысты болады.
Сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйымдар жыл сайын судың нормативтік техникалық ысырабын есептейді, есеп-қисап нəтижелерін жүйелейді, өңдейді жəне өз дерекқорларында жинақтайды.
5. Судың нормативтен астам ысырабы су объектісінен алынған су көлемі мен су тұтынушыларға өткізілген су көлемі, судың өндірістік шығыстары мен нормативтік техникалық ысырабы арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Судың нормативтен астам ысырабы су үнемдеу жөніндегі іс-шараларды жүргізу есебінен жойылуға жатады.
6. Сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйымдар елді мекендердің сумен жабдықтау жəне су бұру жүйесін пайдалану кезінде судың өндірістік шығыстары мен техникалық ысырабының нормаларын тұрғын үй қатынастары жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уəкілетті орган бекіткен əдістемеге сəйкес есептейді.
103-бап. Елді мекендердің сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелерін дамыту жоспары
1. Елді мекендердің сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелерін дамыту жоспары - кемінде он жыл ұзақ мерзімді кезеңге жекелеген елді мекеннің сумен жабдықтау жəне су бұру жүйесін дамытуды айқындайтын құжат.
2. Елді мекендердің сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелерін дамыту жоспарларын жергілікті атқарушы органдар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспарларына, елді мекендердің бас жоспарларына немесе шағын елді мекендерді дамыту жəне құрылыс салу схемаларына сəйкес, энергиямен жабдықтау, газбен жабдықтау жəне жылумен жабдықтау схемаларын, халық санының болжамды өсуін жəне ауызсумен жабдықтау көздері мен сарқынды суларды жинақтағыштардың болуын ескере отырып əзірлейді.
Елді мекендердің сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелерін дамыту жоспарын тиісті жергілікті өкілді органдар бекітеді.
3. Елді мекендердің сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелерін дамыту жоспары мыналарды қамтуға тиіс:
1) сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелерінің ағымдағы жай-күйін бағалау;
2) орталықтандырылған жəне орталықтандырылмаған сумен жабдықтау мен су бұрудың бұрыннан бар аймақтары;
3) су тұтынудың əртүрлі сценарийлерін ескере отырып, ауызсу мен техникалық суды тұтынудың болжамды баланстары, сарқынды сулардың көлемі мен құрамы;
4) сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелерін бұрыннан бар жəне жоспарланып отырған орналастыру карталары (схемалары);
5) сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелерін дамытудың негізгі бағыттары, нысаналы индикаторлары мен нəтижелерінің көрсеткіштері;
6) су үнемдеуді ескере отырып, сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелерін салу, реконструкциялау, жаңғырту, күрделі жөндеу жөніндегі іс-шаралар жоспары;
7) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары;
8) қаржыландыру көздері мен көлемдері туралы ақпарат.
4. Елді мекендердің сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелерін дамыту жоспары орталықтандырылған сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелеріне жүргізілген техникалық аудиттің қорытындысы бойынша əзірленеді.
104-бап. Елді мекендердің орталықтандырылған сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелеріне техникалық аудит
1. Елді мекендердің орталықтандырылған сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелеріне техникалық аудит (бұдан əрі - техникалық аудит) - инженерлік инфрақұрылымды жəне (немесе) оның элементтерін пайдалану кезеңінде олардың нақты техникалық жəне технологиялық жай-күйінің сəулет, қала құрылысы жəне құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтерге сай жобалау қуатына сəйкестігін айқындау мақсатында жүргізілетін сараптамалық жұмыстардың түрі.
2. Техникалық аудит:
1) сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелері элементтерінің нақты техникалық жəне технологиялық жай-күйін (ысырап деңгейін, физикалық тозуын, энергетикалық тиімділігін, топологиясының оңтайлылығын, қуатты резервтеу дəрежесін жəне басқа да техникалық параметрлерін);
2) елді мекендердің сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелерінің тазарту құрылысжайларының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілерде жəне Қазақстан Республикасының экология заңнамасында белгіленген талаптарға жету мүмкіндіктерін айқындау мақсатында жүргізіледі.
3. Техникалық аудит нəтижелері олардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар мен стандарттарға сəйкестігі немесе сəйкессіздігі туралы тұжырымдары бар аудиторлық қорытындыда көрсетіледі.
4. Техникалық аудит қорытындысының нəтижелері бойынша:
1) елді мекендердің орталықтандырылған сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелері объектілерінің сенімділігінің, сапасының, энергетикалық тиімділігінің анықталған көрсеткіштерін қолда бар ең үздік технологиялар қолданылатын елді мекендердің орталықтандырылған сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелері объектілерінің ұқсас көрсеткіштерімен салыстыру жүргізіледі;
2) елді мекендердің орталықтандырылған сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелерінде күрделі жөндеу, реконструкциялау, жаңғырту жүргізу қажеттігі жəне (немесе) жаңа технологияларды ендіру туралы шешім қабылданады.
5. Техникалық аудитті Қазақстан Республикасының сəулет, қала құрылысы жəне құрылыс саласындағы заңнамасына сəйкес аккредиттелген ұйым жүргізеді.
Сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйым жергілікті атқарушы органдарға техникалық аудит жүргізу күні жəне мерзімдері, оны жүргізу барысы туралы хабар береді.
6. Техникалық аудит сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйымның меншікті қаражаты есебінен, бірақ Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасына сəйкес сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынуға арналған тарифтер бекітілгенге дейін бес жылда бір реттен сиретпей жүргізіледі.
Табиғи монополиялар субъектісі инвестициялық бағдарламаларды əзірлеген кезде, сондай-ақ елді мекендердің орталықтандырылған сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелерінің иесіз қалған объектілерін пайдалануға қабылдаған кезде сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйым осы Кодекске жəне Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес техникалық аудит жүргізеді.
2-параграф. Елді мекендерде сумен жабдықтау жəне су бұру саласындағы қатынастарды реттеу
105-бап. Елді мекендерде сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру саласындағы шарттар
Сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтер Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасына сəйкес бекітілген үлгілік шарт негізінде жасалған, сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйымдар мен су тұтынушылар арасында жасалған шарттар негізінде ұсынылады.
106-бап. Елді мекендерде сумен жабдықтау жəне су бұру саласындағы суды есепке алудың жалпы ережелері
1. Сумен жабдықтау жүйелерінде тарату желісіне жəне су тұтынушыларға берілген, су объектілерінен алынатын су көлемін есепке алу ұйымдастырылады.
2. Су бұру жүйелерінде дара кəсіпкерлер мен заңды тұлғалардың елді мекеннің су бұру жүйесіне сарқынды суларды ағызу көлемдерін есепке алу ұйымдастырылады.
3. Суды:
1) бірінші, екінші, үшінші жəне одан кейінгі көтерілімдердің сорғы станцияларында;
2) су тұтынушылардың сумен жабдықтау жүйелерімен баланстық тиесілікті немесе пайдалану жауапкершілігін бөлу шекараларында;
3) сумен жабдықтау жүйесін тұрғынжайға (пəтерге) жəне (немесе) тұрғын емес үй-жайға кіргізу орнында жалпы үйге ортақ суды есепке алу аспабы мен жеке есепке алу аспаптары арқылы көппəтерлі тұрғын үйлерде (тұрғын ғимараттарда);
4) жеке тұрғын үйлерде суды есепке алу аспаптары сумен жабдықтау жүйесін кіргізу орындарының барлығына орнатылады;
5) кəріздік сорғы станцияларында, оның ішінде тазарту құрылысжайларына, сарқынды суларды жинақтағыштарға, жергілікті жер бедеріне немесе құрылысжайларға қайта пайдалану үшін су беретін станцияларында;
6) тазартылған сарқынды суларды су объектілеріне, сарқынды суларды жинақтағыштарға немесе жергілікті жер бедеріне су жібергіштерде есепке алу міндетті болып табылады.
4. Су тұтынушыларға берілген суды есепке алу су тұтынушыларда орнатылған жəне суды коммерциялық есепке алу үшін пайдалануға жіберілген суды есепке алу аспаптарының көрсеткіштері негізінде жүзеге асырылады.
5. Суды есепке алу аспаптары болмаған кезде берілген су көлемі тұрғын үй қатынастары жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уəкілетті орган бекіткен, сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру бойынша көрсетілген қызметтердің көлемін есептеу əдістемесіне сəйкес есептеледі.
6. Сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйымдар жыл сайын суды есепке алу жөніндегі деректер негізінде меншікті тарату желілерінде жəне су тұтынушыларда су ысырабын талдауды жүргізеді.
7. Су тұтынушыларда сарқынды суларды есепке алу аспаптары болмаған жағдайда, су тұтынушылар бөлген сарқынды сулардың көлемі қайтарымсыз суды шегергенде, тұтынылған (ауызсу, техникалық, ыстық) судың көлеміне тең қабылданады.
107-бап. Елді мекендердің сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелерінде суды есепке алуды ұйымдастыру
1. Осы Кодексте жəне тұрғын үй қатынастары жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уəкілетті орган бекітетін елді мекендердің сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелерінде суды есепке алу аспаптары мен жүйелерін таңдау, монтаждау жəне пайдалану қағидаларында белгіленбеген, суды есепке алу аспаптарына, суды есепке алу кезінде қолданылатын техникалық құралдарға, суды есепке алуды автоматтандыру, оның ішінде байланыс операторлары мен телекоммуникация желісін иеленушілердің энергия тұтынуын есепке алудың автоматтандырылған жүйелерінің құрамында автоматтандыру тəртібіне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы, ақпараттандыру туралы заңнамасына жəне Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сəйкес айқындалады.
2. Суды жəне сарқынды суларды есепке алу аспаптарын пломбалауды сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйым жүзеге асырады.
3. Су тұтынушыларды елді мекендердің орталықтандырылған сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелеріне суды есепке алу тораптарында суды есепке алу аспаптарын орнатпай қосуға (технологиялық жалғауға) жол берілмейді жəне сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйымдар берген сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру желілеріне қосылуға арналған техникалық шарттарға сəйкес жүзеге асырылады.
4. Суды коммерциялық есепке алуды ұйымдастыру үшін көппəтерлі тұрғын үйлерді (тұрғын ғимараттарды) жəне өзге де объектілерді салу, реконструкциялау, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделі жөндеу жобаларында сезімталдық шегі ең төменгі шығыстың жартысынан аспайтын жəне деректерді қашықтан беретін, жоғары метрологиялық сыныбы салқын су үшін R динамикалық сипаттамасы 100-ден төмен емес жəне ыстық су үшін R динамикалық сипаттамасы 50-ден төмен емес (метрологиялық сыныбы B) болатын жалпы үйге ортақ жəне жеке суды есепке алу аспаптарын міндетті түрде орнату көзделеді.
Бұл талап жұмыс істемейтін немесе пайдалану мерзімі өткен суды есепке алу аспаптарын ауыстырған жағдайларға қолданылады.
5. Жаңадан пайдалануға берілетін көппəтерлі тұрғын үйлерде (тұрғын ғимараттарда) жəне өзге де объектілерде осы баптың 4-тармағында көрсетілген суды есепке алу аспаптары орнатылады.
Елді мекендердің сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру желілеріне қосылған көппəтерлі тұрғын үйлерді (тұрғын ғимараттарды) жəне өзге де объектілерді суды есепке алу аспаптарынсыз пайдалануға қабылдауға жол берілмейді.
6. Су тұтынушы суды есепке алу аспабы істен шыққан кезде күнтізбелік отыз күн ішінде жарамды суды есепке алу аспабын орнатуды қамтамасыз етеді.
Су тұтынушы сарқынды суларды есепке алу аспабы істен шыққан кезде сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйыммен келісілген, бірақ күнтізбелік алпыс күннен аспайтын мерзімде сарқынды суларды жарамды есепке алу аспабын орнатуды қамтамасыз етеді. Бұл мерзім сарқынды суларды есепке алу аспаптарын елдің шегінен тыс жерге түгендеп тексеруге жəне жөндеуге жіберу себебі бойынша ұзартылуы мүмкін.
7. Суды жəне (немесе) сарқынды суларды есепке алу аспаптары жоқ су тұтынушылар үшін сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру бойынша көрсетілген қызметтер көлемін коммерциялық есепке алу тұрғын үй қатынастары жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уəкілетті орган айқындайтын тəртіппен есептік тəсілмен жүзеге асырылады.