108-бап. Ауызсудың сапасын жəне сарқынды сулардың құрамын өндірістік бақылау
1. Сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйымдар ауызсудың сапасын жəне елді мекендер мен өнеркəсіптік кəсіпорындардың су бұру жүйелерінен елді мекеннің орталықтандырылған су бұру жүйесіне бұрылатын сарқынды сулардың құрамын өндірістік бақылауды жүзеге асырады.
2. Ауызсу мен сарқынды суларды зертханалық зерттеу мен сынауды Қазақстан Республикасының сəйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасында белгіленген тəртіппен аккредиттелген зертханалар жүзеге асырады.
3. Ауызсудың сапасын жəне сарқынды сулардың құрамына өндірістік бақылауды жүзеге асыру тəртібі Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында белгіленеді.
109-бап. Ауызсу сапасын жақсарту жөніндегі талаптар
1. Ауызсу эпидемиологиялық, радиациялық жəне химиялық жағынан қауіпсіз болуға тиіс.
2. Су объектілерінен алынған судың жəне дайындалған ауызсудың құрамына қойылатын талаптар, сондай-ақ талдау жүргізу мерзімдері мен талдау түрлері Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сəйкес айқындалады.
3. Тұрғын үй қатынастары жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уəкілетті орган басқа мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ауызсу сапасын жақсарту жөнінде шаралар қабылдайды, олар:
1) су объектісінің белгілі бір сапасына сай келетін құрылысжайлардың технологиялары мен қуатын жұмысқа қабілетті күйде ұстап тұруды;
2) құрылыс жұмыстарының жоғары сапасын қамтамасыз ете отырып, ұлттық жəне (немесе) мемлекетаралық стандарттарға сəйкес келетін жабдықтар мен материалдарды пайдалануды;
3) ауызсудың нормативтері мен ұлттық стандарттарын жетілдіруді қамтиды.
4. Суды тазарту мен зарарсыздандырудың жеке тұрмыстық жəне топтық техникалық құралдарына, сондай-ақ елді мекендердің ауызсумен жабдықтау жүйелерінде пайдаланылатын материалдарға, реагенттерге, технологиялық процестерге, жабдықтар мен өзге де құралдарға қатысты ұлттық жəне (немесе) мемлекетаралық стандарттардың талаптарына сəйкестігін растау Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сəйкес жүзеге асырылады.
110-бап. Су тұтынушылар елді мекендердің орталықтандырылған су бұру жүйелеріне ағызатын сарқынды суларға қойылатын талаптар
Сарқынды суларды дара кəсіпкерлер мен заңды тұлғалардан елді мекендердің орталықтандырылған су бұру жүйелеріне қабылдауға мынадай жағдайларда:
1) сарқынды сулар тұрғын үй қатынастары жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уəкілетті орган бекіткен елді мекендердің орталықтандырылған су бұру жүйелеріне сарқынды суларды қабылдау қағидаларына сəйкес, сарқынды сулардың құрамындағы зиянды заттардың жол берілген концентрациясы жөніндегі талаптарға сəйкес келгенде жол беріледі. Сарқынды сулар сəйкес келмеген жағдайда, дара кəсіпкерлер мен заңды тұлғалар өздерінің су бұрудың оқшау тазарту құрылысжайларында оларды тазартуды жүзеге асыруға міндетті;
2) сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйымдар белгілеген техникалық шарттардың талаптары орындалғанда жол беріледі.
111-бап. Сумен жабдықтау жəне су бұру саласында су тұтынушылардың құқықтары мен міндеттері
1. Елді мекендерде сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру бойынша көрсетілетін қызметтерді пайдаланатын су тұтынушылардың мынадай құқығы:
1) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекіткен ауызсуды тұтынуға арналған санитариялық қағидаларға сəйкес, сондай-ақ сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйыммен жасалған сумен жабдықтауға жəне (немесе) су бұруға арналған шартқа сай ауызсумен жабдықтау жүйелерінен сумен үздіксіз қамтамасыз етілуге;
2) сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру бойынша қызметтер көрсетілгені үшін ақы төлеуге төлем құжатын алуға;
3) ауызсу сапасы жəне ауызсу берудегі ықтимал іркілістер туралы ақпарат алуға;
4) сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру бойынша көрсетілетін қызметтерге арналған тарифтер жобасын талқылау бойынша жүргізілетін жария тыңдауларға қатысуға;
5) сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйымды бір айдан кешіктірмей шартты бұзу туралы жазбаша хабардар еткен жағдайда, шартты біржақты тəртіппен бұзуға;
6) егер объектілері тұрғын үй қорына жатқызылса, денсаулық сақтау субъектілері пайдаланса, сондай-ақ тамақ өнімін өндіру үшін пайдаланылса, ауызсумен жабдықтау жүйелерінен бірінші кезектегі тəртіппен ауызсумен қамтамасыз етілуге;
7) көрсетілген қызмет ақысын түзету үшін сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйымға өтініш жасауға;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтары бар.
2. Елді мекендерде сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру бойынша көрсетілетін қызметтерді пайдаланатын су тұтынушылар:
1) сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйыммен сумен жабдықтауға жəне (немесе) су бұруға шарт жасасуға;
2) белгіленген талаптарға сəйкес, меншікті сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелерінің, олардағы басқару тораптарының, суды есепке алу аспаптарының сақталуын жəне тиісінше санитариялық жəне техникалық жай-күйінде болуын ұстап тұруға;
3) сумен жабдықтауға жəне (немесе) су бұруға жасалған шартқа жəне белгіленген тарифтерге сəйкес, сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру бойынша көрсетілген қызметтер үшін төлемақыны уақтылы əрі толық көлемде енгізуге;
4) оның ішінде, көппəтерлі тұрғын үйлерде (тұрғын ғимараттарда) тұратын су тұтынушыларды қоспағанда, жеке салынған үйлерде тұратын су тұтынушыларда сумен жабдықтау жəне су бұру желілеріне қосылуға техникалық шарттардың, меншікті сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру желілерінің атқарушылық түсірілімінің болуы;
5) сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелерін пайдалану қағидаларын, ауызсуды тұтынуға арналған санитариялық қағидаларды сақтауға;
6) зиянды заттардың жол берілетін концентрациясынан асып түсетін ластағыш заттар бар сарқынды суларды ағызуға жол бермеуге;
7) шаруашылық-тұрмыстық сарқынды сулардың су бұру жүйесіне нөсер суы мен дренаждық суларды ағызуға жол бермеуге;
8) сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйымның рұқсатынсыз меншікті сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру желілеріне өзге су тұтынушыларды қоспауға;
9) сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйымның техникалық талаптарын орындауға;
10) осы Кодексте жəне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де талаптарды орындауға міндетті.
3. Су тұтынушылар - дара кəсіпкерлер мен заңды тұлғалар осы баптың 2-тармағында көзделген міндеттерден басқа:
1) сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйым өкілдерінің көрсеткіштерді алу жəне жұмыс істейтіндігін тексеру, аумағында орналасқан немесе шаруашылық жүргізуіндегі сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелерінің барлық элементтерінің техникалық жай-күйі мен қауіпсіздігін бақылау үшін, сарқынды сулардың сынамаларын алу үшін, сондай-ақ сумен жабдықтауға жəне (немесе) су бұруға арналған шартқа сəйкес сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру бойынша көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу бойынша сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйымның алдында берешегі болған кезде су тұтынушының желілерін ажырату үшін суды есепке алу аспаптарына кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етуге;
2) су тұтыну жəне (немесе) су бұру көлемдері сумен жабдықтауға жəне (немесе) су бұруға арналған шартта белгіленген көлемнен астам ұлғайтылған кезде сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйымнан техникалық шарттарды немесе техникалық талаптарды сұратуға міндетті.
112-бап. Сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру, сарқынды суларды қабылдау бойынша қызметтер көрсетуді уақытша тоқтату немесе шектеу
Сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйым сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру, сондай-ақ сарқынды суларды қабылдау бойынша қызметтер көрсетуді тоқтатуға немесе шектеуге мынадай жағдайларда:
1) елді мекендердің орталықтандырылған сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелерінде авария туындаған кезде жəне (немесе) авария салдарын жою кезінде;
2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері ауызсу сапасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сəйкес келмеуін анықтаған кезде;
3) өрт сөндіру үшін берілетін су көлемін ұлғайту қажет болған кезде;
4) ағызуға тыйым салынған заттарды, материалдарды, қалдықтарды жəне (немесе) сарқынды суларды орталықтандырылған су бұру жүйесіне ағызу кезінде;
5) су тұтынушылар сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйым өкілдерінің сарқынды сулардың сынамаларын алу үшін бақылау кəріз құдықтарына, сондай-ақ суды есепке алу аспаптарын қарап-тексеру, бақылау, көрсеткіштерін алу үшін су тұтынушылардың суын есепке алу тораптарына баруына кедергі келтірген кезде;
6) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесінің жəне (немесе) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уəкілетті орган ведомствосының ауызсу сапасының, сарқынды сулар құрамының Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сəйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды орындау қажеттігі туралы нұсқамасын немесе тиісті шешімін алған кезде;
7) елді мекендердің орталықтандырылған сумен жабдықтау жəне су бұру жүйелеріне өз бетінше қосылу (технологиялық жалғау) кезінде;
8) Қазақстан Республикасының экология заңнамасында белгіленген, елді мекеннің тазарту құрылысжайларынан сарқынды сулардың шекті жол берілетін төгінділерінің нормативтеріне сəйкес айқындалған зиянды заттардың жол берілетін концентрациясы бірнеше рет үш жəне одан да көп есе асып кеткен кезде;
9) су тұтынушыда Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сəйкес өндірістік бақылау жүйесі болмаған кезде;
10) су тұтынушының немесе сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру жөніндегі ұйымның су құбыржолы жəне (немесе) кəріз желілері авариялық күйде болған кезде;
11) жаңа объектілерді қосу (технологиялық жалғау) жөніндегі жұмыстарды жүргізген кезде;
12) жоспарлы-алдын ала жөндеу жүргізілген кезде;
13) су тұтынушыда сумен жабдықтауға жəне (немесе) су бұруға арналған шартқа сəйкес сумен жабдықтау жəне (немесе) су бұру бойынша көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу бойынша берешегі болған кезде құқылы.
12-тарау. СУ ОБЪЕКТІЛЕРІ МЕН СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚҰРЫЛЫСЖАЙЛАРЫН АУЫЛ
ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА ПАЙДАЛАНУ
113-бап. Су объектілері мен су ресурстарын ауыл шаруашылығы мұқтаждықтары үшін пайдалану
1. Су объектілері мен су ресурстарын ауыл шаруашылығы мұқтаждықтары үшін пайдалану жалпы жəне арнаулы су пайдалану тəртібімен жүзеге асырылады.
2. Жерүсті су объектілерін ауыл шаруашылығы жануарларын суару үшін пайдалануға санитариялық қорғау аймағынан тыс жерде жəне су объектілерінің ластануы мен қоқыстануын болғызбайтын суат алаңдары мен басқа да құрылғылар болған кезде жол беріледі.
3. Су шаруашылығы құрылысжайларын ауыл шаруашылығы мұқтаждықтарына арналған еріген суды, нөсер суын жəне тасқын суды жинақтау үшін пайдалану арнаулы су пайдалану тəртібімен жүзеге асырылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің күші, егер су шаруашылығы құрылысжайларының сыйымдылығы ауыл шаруашылығы дақылдарын суғару жəне ауыл шаруашылығы жануарларын суару мақсатында екі миллион текше метрден аспайтын болса, су объектілерімен байланысты емес жəне су режиміне жағымсыз əсер етпейтін, еріген суды, нөсер суын жəне тасқын суды жинақтауға арналған су шаруашылығы құрылысжайларын құруға жəне пайдалануға, оның ішінде судың зиянды əсерінің алдын алуға қолданылмайды. Бұл су шаруашылығы құрылысжайлары адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтіру, жеке жəне заңды тұлғаларға материалдық залал келтіру қаупін төндірмеуге тиіс жəне олардың құрылуы туралы мəліметтер тізілімге енгізу үшін бассейндік су инспекциясына ұсынылады.
4. Бағбандықпен жəне бақша өсірумен айналысатын жеке жəне заңды тұлғалар су пайдаланудың белгіленген рұқсат етілген көлемдеріне сəйкес не су беру бойынша қызметтер көрсету жөніндегі шарт негізінде арнаулы су пайдалану тəртібімен суды суару үшін пайдаланады.
5. Суару, құрғату, сортаңданған топырақты шаю жəне басқа да мелиорациялық жұмыстар су объектілерін жəне олардың су жинау алаңдарын қорғауды қамтамасыз ететін табиғат қорғау іс-шараларымен кешенді түрде жүзеге асырылуға тиіс.
6. Суару үшін пайдаланылатын су ресурстарының, оның ішінде сарқынды сулардың сапасы Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында жəне халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сəйкес айқындалады.
114-бап. Су объектілері мен су шаруашылығы құрылысжайларын жерді тұрақты суару үшін пайдалану
1. Суаратын суды тұрақты суару жерлеріне жеткізу жəне олардан дренаждық суларды бұру ирригациялық жəне коллекторлық-дренаждық жүйелермен жүргізіледі.
Ирригациялық жəне коллекторлық-дренаждық жүйелер магистральдық, шаруашылықаралық жəне шаруашылықішілік болып бөлінеді.
Мемлекетаралық, өңіраралық жəне ауданаралық маңызы бар магистральдық ирригациялық жəне коллекторлық-дренаждық жүйелер мемлекеттік меншікте болады, шаруашылықаралық ирригациялық жəне коллекторлық-дренаждық жүйелер жеке меншікте болуы мүмкін.
2. Суаратын суды берудің жəне дренаждық суды суармалы жерлерден бұрудың бірыңғай технологиялық процестерімен байланысты шаруашылықішілік ирригациялық жəне коллекторлық-дренаждық жүйелер ауыл шаруашылығы су тұтынушыларының ортақ бірлескен меншігінде болады.
3. Су тұтынушылар қолда бар шаруашылықішілік ирригациялық жəне коллекторлық-дренаждық жүйелерді тиісінше техникалық жағдайда күтіп-ұстауға міндетті.
Шаруашылықішілік ирригациялық жəне коллекторлық-дренаждық жүйелерді пайдалану қағидаларын уəкілетті орган бекітетін ирригациялық жəне коллекторлық-дренаждық жүйелерді пайдаланудың үлгілік қағидалары негізінде жергілікті атқарушы орган əзірлейді жəне бекітеді.
115-бап. Жерлерді суару үшін су пайдалануды жоспарлау
1. Жерлерді суару үшін су беру бойынша қызметтер көрсету су пайдалану жоспарлары (бұдан əрі осы баптың мақсаттары үшін - жоспарлар) мен су пайдаланудың рұқсат етілген көлемдерін негізге алып, Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, ауыл шаруашылығы су тұтынушылары мен су пайдаланушылардың арасында жасалатын су беру бойынша қызметтер көрсету жөніндегі шарт негізінде жүзеге асырылады.
2. Жоспарлар уəкілетті орган бекіткен нысан бойынша, өсірілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының түрлерін, суару алаңын, суару нормаларын міндетті түрде көрсете отырып, айлар мен онкүндіктер бойынша бөлініп жасалады.
Онкүндіктер бойынша бөлінген жоспарды су пайдаланушы өзіне белгіленген су пайдаланудың рұқсат етілген көлемін жəне су беру мен бұру бойынша ирригациялық жəне коллекторлық-дренаждық жүйелердің өткізу қабілетін ескеріп түзетеді.
3. Су тұтынушылар жоспарларды құру кезінде Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленген талаптарға сəйкес əзірленетін ауыл шаруашылығы дақылдарын кезектестіру (ротациялау) схемаларын ескеруге тиіс.
4. Су пайдаланушылар түзетілген жоспар негізінде бассейндік су инспекцияларына су пайдаланудың рұқсат етілген көлемін алуға жыл сайынғы өтінімдер береді. Бассейндік су инспекциялары Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет жасайтын жылдың сулы болу болжамын жəне осы Кодекстің 40-бабының ережелерін, сондай-ақ су пайдаланушының су ысырабын азайту жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындауын ескере отырып, су пайдаланушыға тиісті жылға су пайдаланудың рұқсат етілген көлемін белгілейді.
5. Су пайдаланушыға осы Кодексте көзделген негіздер бойынша белгіленген су пайдаланудың рұқсат етілген көлемі өзгерген жағдайда, су пайдалану жоспарлары түзетіледі жəне су пайдаланудың жаңадан белгіленген рұқсат етілген көлемдеріне сəйкес келтіріледі.
Су пайдаланушылар мен су тұтынушылар түзетілген су пайдалану жоспары негізінде, су тұтынушылардың су ысырабын азайту жөніндегі іс-шаралар жоспарларын орындауына байланысты, су беру бойынша қызметтер көрсету жөніндегі шарттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
6. Су пайдаланушы жоспарларды түзету кезінде əрбір су тұтынушының осы Кодексте көзделген өз міндеттерін орындауға, мемлекеттік бақылау органдарының нұсқамаларын орындауға жəне арнаулы су пайдалануға рұқсатта айқындалған су пайдалану шарттарын сақтауға, сондай-ақ су тұтынушылардың осы баптың 3-тармағының талаптарын сақтауға қосқан үлесін ескеруге құқылы.
116-бап. Ирригациялық кондоминиум
1. Ирригациялық кондоминиум - біртұтас мүліктік кешен ретіндегі жылжымайтын мүлікке меншіктің ерекше нысаны (бұдан əрі - ирригациялық кондоминиум объектісі), бұл ретте жер учаскелеріне заттық құқық жеке жəне (немесе) заңды тұлғаларға тиесілі болады, ал ирригациялық жəне коллекторлық-дренаждық жүйелер оларға ортақ үлестік меншік құқығымен тиесілі болады.
2. Ирригациялық кондоминиум бір суару каналынан немесе оның су бөлу орнынан суаратын сумен қамтамасыз етілетін, екі жəне одан да көп жер пайдаланушыға немесе жер учаскелерінің меншік иелеріне тиесілі суармалы жер учаскелерінде құрылуы мүмкін.
3. Ортақ мүліктегі ирригациялық кондоминиумға қатысушы үлесінің мөлшері осы қатысушы құқықты иеленетін суармалы жер учаскесі ауданының ирригациялық кондоминиумның суармалы жерлерінің жалпы ауданына қатынасымен айқындалады. Ирригациялық кондоминиум мүлкіндегі мұндай үлесті заттай бөлу (мінсіз үлесі) мүмкін емес.
4. Ирригациялық кондоминиумға барлық қатысушылардың келісімімен ортақ мүліктегі үлестің мөлшері айқындалмауы мүмкін, мұндай жағдайда кондоминиум мүлкі бөлуге жатпайтын ортақ меншікте болады.
5. Суармалы жер учаскесіне заттық құқықтың (уақытша жер пайдаланудың қайталама құқығының тоқтатылуын қоспағанда) басқа тұлғаға ауысуы сатып алушыға ирригациялық кондоминиум мүлкіндегі үлестің де ауысуына алып келеді.
6. Ирригациялық кондоминиумға қатысушы ирригациялық кондоминиум мүлкіндегі өз үлесін суармалы жер учаскесіне құқықтан бөлек иеліктен шығаруға құқылы емес.
7. Ирригациялық кондоминиумның ортақ мүлкін кепіл ретінде пайдалану оның барлық қатысушыларының келісімімен мүмкін болады.
8. Ирригациялық кондоминиумның барлық суармалы жер учаскелеріне заттық құқық (уақытша жер пайдаланудың қайталама құқығын қоспағанда) бір тұлғаға ауысқан кезде ирригациялық кондоминиум таратылуы мүмкін.
117-бап. Ирригациялық кондоминиум объектісін тіркеу
1. Ирригациялық кондоминиум объектісі Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы заңнамасына сəйкес біртұтас мүліктік кешен ретінде мемлекеттік тіркелуге жатады.
2. Ирригациялық кондоминиум объектісінің құрамына кіретін жер учаскесіне жер-кадастрлық құжаттаманы нақтылау жəне сəйкестендіру құжатын беру Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес жүзеге асырылады.
118-бап. Ирригациялық кондоминиумға қатысушылардың құқықтары
1. Ирригациялық кондоминиумға барлық қатысушылардың ортақ мүлікті өздерінің ирригациялық кондоминиумға қатысу үлесіне мөлшерлес басқаруға құқығы бар.
2. Ирригациялық кондоминиумға əрбір қатысушының ортақ мүлікті пайдалануға құқығы бар. Ирригациялық кондоминиумның ортақ мүлкін пайдалану тəртібі ирригациялық кондоминиумға қатысушылардың келісімімен айқындалады.
Жер учаскесін басқа тұлғаларға жалға беру жалға берушінің ирригациялық кондоминиумға қатысуын тоқтатуға алып келмейді.
3. Ирригациялық кондоминиумға қатысушылардың Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген басқа да құқықтары болуы мүмкін.
119-бап. Ирригациялық кондоминиумға қатысушылардың міндеттері
1. Ирригациялық кондоминиумға қатысушылар:
1) ортақ мүлікті күтіп-ұстауға жұмсалатын барлық шығыстарға қатысуға;
2) ортақ мүліктің сақталуын жəне қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етуге міндетті.
2. Ирригациялық кондоминиумға қатысушылардың Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген басқа да міндеттері болуы мүмкін.
120-бап. Ирригациялық кондоминиумға қатысу ерекшеліктері
1. Егер ирригациялық кондоминиумға қатысушылардың келісімінде өзгеше көзделмесе, ирригациялық кондоминиумның ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстардың мөлшері қатысушының ортақ мүліктегі үлесіне пропорционалды белгіленеді.
2. Егер ирригациялық кондоминиумдағы суармалы жер учаскесін оның қатысушысы пайдаланбаса, ол ортақ мүлікті күтіп-ұстау бойынша шығыстардан босатылмайды.
3. Суармалы жер учаскелерін жалға алушылардың дауыс беру құқығы болмайды жəне ирригациялық кондоминиум объектісін басқаруға өзгеше түрде қатыса алмайды, бірақ ирригациялық кондоминиумға қатысушыларға ортақ қағидаларды сақтауға міндетті.
4. Ирригациялық кондоминиумға қатысушылардың өз атынан ирригациялық кондоминиумның ортақ мүлкін иеліктен шығаруға құқығы жоқ.
121-бап. Ирригациялық кондоминиум объектісін басқару
1. Ирригациялық кондоминиумға қатысушылар ирригациялық кондоминиум объектісі тіркелгеннен кейін бір ай ішінде оны басқару нысаны туралы мəселені шешуге міндетті.
2. Ирригациялық кондоминиум объектісін басқару нысаны Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес оған қатысушылардың келісімімен айқындалады.
3. Ирригациялық кондоминиум объектісін біртұтас мүліктік кешен ретінде мемлекеттік тіркеу болмаған кезде жергілікті атқарушы органның Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы заңнамасында белгіленген тəртіппен ирригациялық кондоминиум объектісін тіркеуді жүргізуге жəне ирригациялық кондоминиум объектісін сыртқы басқаруды енгізуге құқығы бар.
122-бап. Жерлерді суару үшін пайдаланылатын су ресурстарын есепке алу
1. Егер ирригациялық кондоминиумға қатысушылардың келісімінде өзгеше көзделмесе, суаратын судың көлемін есепке алуды - ирригациялық кондоминиумның басқарушы ұйымы, ал ол болмаған жағдайда, су тұтынушыларға су беретін су пайдаланушы жүзеге асырады.
2. Ирригациялық кондоминиумның құрамына кіретін су тұтынушыларға берілетін суаратын судың көлемдерін есепке алу су тұтынушыға ирригациялық кондоминиумның басқарушы ұйымынан су беру орындарында орнатылған суды есепке алу аспаптарының көрсеткіштері негізінде жүзеге асырылады.
Суды есепке алу аспаптары не ирригациялық кондоминиум болмаған кезде су тұтынушыларға берілетін суаратын судың көлемін есепке алу есептік тəсілмен жүзеге асырылады. Бұл ретте шаруашылықішілік каналдар бойынша су ысырабының көлемі су тұтынушылар арасында олардың суармалы жер учаскелерінің аудандарына пропорционалды түрде бөлінеді.
13-тарау. СУ ОБЪЕКТІЛЕРІ МЕН СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚҰРЫЛЫСЖАЙЛАРЫН
ЭКОНОМИКАНЫҢ ӨЗГЕ ДЕ САЛАЛАРЫНДА ПАЙДАЛАНУ
123-бап. Су объектілері мен су ресурстарын өнеркəсіп пен жылу энергетикасы үшін пайдалану
1. Су объектілері мен су ресурстарын өнеркəсіп пен жылу энергетикасының мұқтаждықтары үшін пайдалану арнаулы су пайдалану тəртібімен жүзеге асырылады.
2. Өнеркəсіптік ұйымдар мен жылу өндіретін субъектілер айналымды жəне (немесе) қайталама сумен жабдықтау жүйелерін ендіру арқылы су ресурстарын ұтымды пайдалануға міндетті.
3. Ауызсу жəне минералды су санатына жатқызылмаған жерасты сулары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жерасты суларын қорғау жəне пайдалану талаптарын сақтай отырып, арнаулы су пайдалану шарттарымен техникалық сумен жабдықтау жəне басқа да өндірістік мұқтаждықтар үшін пайдаланылуы мүмкін.
4. Қабаттық қысымды ұстап тұру мақсатында, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде ілеспе алынған жерасты суларын ағызуға, көмірсутектермен ілеспе өндірілген қабаттық суларды айдауды қоспағанда, оларды жер қойнауына айдауға экологиялық рұқсаттар мен арнаулы су пайдалануға рұқсаттар болған кезде ғана жол беріледі.
5. Технологиялық процесте ауызсуды пайдалану көзделген жағдайларды қоспағанда, өнеркəсіпте басқа сападағы суды пайдалану мүмкіндігі болған кезде ауызсуды пайдалануға жол берілмейді.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары табиғи жəне техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде халықтың ауызсу жəне шаруашылық-тұрмыстық мұқтаждықтарын бірінші кезекте қанағаттандыруды ескере отырып, өнеркəсіптік мақсаттар үшін ауызсуды тұтынуға уақытша рұқсат беруге құқылы. Өнеркəсіптік мұқтаждықтар үшін ауызсуды тұтыну мерзімдері бассейндік су инспекциясымен келісу бойынша белгіленеді.
6. Уəкілетті орган табиғи жəне техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар басталған жағдайларда, өнеркəсіптік жəне жылу энергетикалық кəсіпорындарға су объектілері мен су ресурстарын пайдалануды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тəртіппен шектеуге, тоқтата тұруға немесе тыйым салуға құқылы.