Қылмыстық сот ісін жүргізудің қисынды мерзімін айқындаған кезде қылмыстық істің құқықтық және нақты күрделілігі, сотқа дейінгі іс жүргізуге қатысушылардың процестік құқықтарды іске асыруы, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның өз өкілеттіктерін сотқа дейінгі іс жүргізуді уақтылы жүзеге асыру мақсатында іске асыру тәсілі сияқты мән-жайлар ескеріледі.
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі арыз бен хабарды Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркеген кезден бастап қылмыстық іс қылмыстық істі тоқтату туралы қаулымен, айыптау актісімен, бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулымен, қылмыстық теріс қылық туралы қаулымен немесе істі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселені қарау үшін сотқа беру туралы қаулымен прокурорға жіберілген күнге дейін не прокурор істі сотқа жібере отырып, кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісім жасасқан күнге дейін есептеледі.
Анықтау істері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру бір айдан және алдын ала тергеу істері бойынша екі айдан аспауға тиіс.
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген мерзімге:
1) қылмыстық процеске қатысушылардың осы Кодекстің 296-бабында көзделген тәртіппен қылмыстық істің материалдарымен танысқан;
2) қылмыстық істің күдіктінің, жәбірленушінің шағымы бойынша сотта және прокуратурада болған;
3) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның процестік шешімдерін және (немесе) әрекеттерін бекіту не келісу туралы мәселені қарауға байланысты қылмыстық істің прокурорда болған;
4) процестік келісім жасасу туралы өтінішхатты қарауға байланысты қылмыстық істің прокурорда болған уақыты кірмейді.
4. Осы баптың екінші бөлігінде белгіленген сотқа дейiнгі тергеп-тексеру мерзімін тергеушінің, анықтау органы бастығының уәжді өтінішхаты бойынша:
істің күрделілігіне байланысты аудандық және оған теңестірілген прокурор - қисынды, бірақ үш айдан аспайтын мерзімге;
істің ерекше күрделілігіне байланысты немесе қылмыстық істің материалдарын қылмыстық қудалауды жалғастыру үшін шет мемлекетке жіберу туралы мәселені шешу кезінде - облыс прокуроры мен оған теңестірілген прокурор және олардың орынбасарлары қисынды, бірақ он екі айдан аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін.
5. Сотқа дейiнгi тергеп-тексеру мерзiмiн одан әрi ұзартуға айрықша жағдайларда ғана жол берiледi және оны Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, оның орынбасарлары қисынды, бірақ осы баптың бірінші бөлігінде белгіленгеннен аспайтын мерзімге жүзеге асыра алады.
6. Сотқа дейiнгi тергеп-тексерудiң мерзiмiн ұзарту туралы қаулыны тергеу бөлімінің, анықтаудың бастығы, прокурор ауданның, облыстың прокурорына және оларға теңестiрiлген прокурорларға сотқа дейiнгi тергеп-тексеру мерзiмi аяқталардан - бес тәулiктен кешіктірмей, Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына, оның орынбасарларына - он тәулiктен кешіктірмей ұсынуға мiндеттi.
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 7-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Прокурор істі қосымша тергеп-тексеру үшін қайтарған не сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдерін үзу туралы қаулыны немесе қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыны келісуден бас тартқан кезде сотқа дейiнгi тергеп-тексеру прокурор белгілеген, бірақ іс қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын адамға келіп түскен кезден бастап бір айдан аспайтын мерзімде жүргізіледі. Мерзімді одан әрі ұзарту жалпы негіздерде және осы бапта көзделген тәртіппен жүргізіледі.
8. Күдікті, жәбірленуші тергеп-тексерудің негізсіз созылуына шағым жасауға және қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын адамның оның барысында істі тергеп-тексеруді толық көлемінде аяқтауына қажетті белгілі бір мерзімді белгілеу туралы өтінішхатты прокурорға мәлімдеуге немесе осы Кодексте көзделген тәртіппен сотқа шағым жасауға құқылы.
193-бап. Прокурордың сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысындағы өкiлеттiктерi
1. Прокурор, сотқа дейiнгi тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалауды, сондай-ақ қылмыстық қудалауды жүзеге асыра отырып:
1) қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызды тіркейді және оны қылмыстық қудалау органына береді не өзінің іс жүргізуіне қабылдайды және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асырады;
2) қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызды және қылмыстық қудалаудың бір органынан келіп түскен, қолдағы материалдарды тергеулігі және соттылығы бойынша береді;
3) қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арыздарды және хабарларды қабылдау және тiркеу кезiнде заңдылықтың сақталуын тексереді;
4) оқиға орнын қарап-тексеруге қатысуға құқылы, сондай-ақ осы Кодексте көзделген өз өкілеттіктері шеңберінде басқа да әрекеттерді жүзеге асырады;
5) қандай да бір тергеу әрекеттерін жүргізу туралы жазбаша нұсқаулар береді;
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
6) осы Кодексте көзделген жағдайларда сотқа дейiнгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның әрекеттерін және (немесе) шешімдерін келіседі, бекітеді;
Прокурордың келісуі мен бекітуі - қаулыны электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландыру арқылы, ал қағаз түрінде ресімделген, оның ішінде құпиялылықты сақтауды талап ететін процестік шешімдер мен әрекеттер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қаулысына өзінің қолымен расталатын «Келісемін», «Бекітемін» белгілерін қою арқылы жүзеге асырылады;
7) осы Кодексте белгіленген жағдайларда және тәртіппен жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарына іске қосып тігу туралы жазбаша нұсқаулар береді;
8) қылмыстық қудалаудан иммунитетi мен артықшылықтары бар адамдарды қол сұғылмаушылығынан айыруға және қылмыстық жауаптылыққа тартуға келісім алу үшін ұсыну енгізеді;
2016.28.12. № 36-VI ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9) қылмыстық қудалау органдарынан қылмыстық істерді, құжаттарды, материалдарды, оның ішінде жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларының және жасырын тергеу іс-қимылдарының нәтижелерін тексеру үшін алады, мерзімдері үзілген қылмыстық істерді одан әрі тергеп-тексеру жүргізу үшін жібереді;
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 9-1) тармақшамен толықтырылды
9-1) осы Кодекстің 231-бабының 7) және 9) тармақтарында көзделген заңсыз жасырын тергеу әрекеттерін тоқтатады;
10) тергеушiнiң, анықтаушының, анықтау органының заңсыз қаулыларының, сондай-ақ тергеу бөлімі мен анықтау органы бастықтарының, төмен тұрған прокурордың қаулылары мен нұсқауларының күшiн жояды;
11) қылмыстық iсті қосымша тергеп-тексеру жүргізу үшін қайтарады не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді толық көлемде немесе нақты адамдарға қатысты тоқтатады;
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 12) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
12) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органнан істі алып қояды және осы Кодексте белгіленген тергеулігіне сәйкес оны басқа сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына береді; тергеп-тексерудің объективті және жеткілікті болуын қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты ерекше жағдайларда, қылмыстық қудалау органының не қылмыстық процеске қатысушының жазбаша өтінішхаты бойынша істі бір органнан екінші органға береді не өзінің іс жүргізуіне қабылдайды және оларды осы Кодексте белгіленген тергеулігіне қарамастан тергеп-тексереді;
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 12-1) тармақшамен толықтырылды
12-1) азаптаулар, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 17-тарауында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыруға құқылы.
Бас Прокурор ерекше жағдайларда өз бастамасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуді осы Кодексте белгіленген тергеулігіне қарамастан прокурорға тапсыруға құқылы;
13) осы Кодексте белгіленген жағдайларда және тәртіппен сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдерін ұзартады, сондай-ақ осы Кодекстің 192-бабының жетінші және сегізінші бөліктерінде көзделген жағдайларда тергеп-тексеру мерзімін белгілейді;
14) осы Кодексте тергеу судьясының кұзыретіне жатқызылған мәселелер қаралған кезде сот отырыстарына қатысады;
15) күзетілудегі адамдарды ұстаудың заңнамада белгiленген тәртiбi мен шарттарының сақталуын тексереді;
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 16) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 16) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
16) айыптау актісін, қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы, бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны бекітеді, айыпталушыны сотқа береді және қылмыстық істі мәні бойынша қарау үшін сотқа жібереді;
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 17) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
17) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қылмыстық істі не қылмыстық қудалауды толық көлемде немесе бір бөлігінде тоқтату туралы қаулысын бекітеді;
18) сот қаулысы бойынша нәтижелерін сот прокурордың өтінішхаты бойынша іс материалдарына қоса тігетін тергеу әрекеттерін жүргізуді ұйымдастырады;
19) процестік келісімге бастамашылық етеді және оны жасасады;
20) осы Кодексте көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2018.12.07. № 180-VІ Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-бөлік өзгертілді
2. Прокурорлардың сотқа дейiнгi тергеп-тексеру сатысындағы өкiлеттiктерiнiң аражiгiн ажыратуды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайды.
Прокуратура органы басшысының айрықша өкiлеттiктерiне:
1) ынтымақтастық туралы процестiк келiсiм жасасу;
2) тергеушiнiң, анықтаушының, анықтау органының заңсыз қаулыларының, сондай-ақ тергеу бөлiмi мен анықтау органы бастықтарының, төмен тұрған (бағынышты) прокурордың қаулылары мен нұсқауларының күшiн жою;
3) сотқа дейiнгi тергеп-тексерудi жүзеге асыратын адамнан не органнан қылмыстық iстi алып қою және оны сотқа дейiнгi тергеп-тексерудi жүргiзу үшiн басқа адамға не органға беру;
4) қылмыстық қудалаудан артықшылықтары бар адамдарды қол сұғылмаушылығынан айыруға және қылмыстық жауаптылыққа тартуға келiсiм алу үшiн ұсыну енгiзу;
5) қылмыстық iстердi тергеп-тексеру мерзiмдерiн ұзарту;
6) тергеушiнiң, анықтаушының, анықтау органының, тергеу бөлiмi және анықтау органы бастықтарының, сондай-ақ төмен тұрған прокурордың әрекеттерi мен шешiмдерiне шағымдарды қарау;
7) заңдылық бұзылған кезде тергеушiні, анықтаушыны қылмыстық iс бойынша сотқа дейiнгi тергеп-тексеру жүргiзуден шеттету;
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
8) процесс прокурорының қылмыстық iстi қосымша тергеп-тексеру жүргiзу үшiн қайтару туралы қаулысын бекіту;
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды
9) айыптау актісін, бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны, қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы бекіту, айыпталушыны сотқа беру және қылмыстық істі мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберу;
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 10) тармақшамен толықтырылды
10) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қылмыстық істі не қылмыстық қудалауды толық көлемде немесе бір бөлігінде тоқтату туралы қаулысын бекіту;
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 11) тармақшамен толықтырылды
11) осы Кодексте көзделген жағдайларда адамды күдікті деп тану туралы және күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыларды келісу жатады.
Прокуратура басшысының осы бөліктің 2), 3), 6), 7), 8), 9) және 10) тармақтарында санамаланған өкілеттіктерін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, олардың орынбасарлары, облыстар прокуратураларының және оларға теңестірілген прокуратуралардың қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысының заңдылығын қадағалауды қамтамасыз ететін басшылары жүзеге асыруы мүмкін.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-бөлік өзгертілді
3. Прокуратура басшысы нақты қылмыстық iс бойынша осы бапқа сәйкес қадағалауды жүзеге асыратын прокурорды (процесс прокуроры) айқындауға құқылы.
Процесс прокуроры қылмыстық іс бойынша қадағалауды сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған кезден бастап жүзеге асырады, осы баптың екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы баптың бірінші бөлігінде көзделген өкілеттіктерді пайдаланады және бірінші сатыдағы сотқа мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысады.
Процесс прокуроры алмастырылмайды, бірақ Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда, прокуратура басшысының шешімі бойынша басқа процесс прокурорымен ауыстырылуы мүмкін.
4. Прокурордың сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, қылмыстық қудалау органының бастығына осы Кодексте көзделген тәртіппен берген нұсқаулары міндетті болып табылады, бірақ оларға жоғары тұрған прокурорға шағым жасалуы мүмкін. Алынған нұсқауларға жоғары тұрған прокурорға шағым жасау олардың орындалуын тоқтата тұрмайды.
194-бап. Тергеу, жедел-тергеу тобының сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуі
1. Іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру ол күрделi немесе үлкен көлемді болған жағдайда тергеушiлер және анықтау органының қызметкерлері тобына (тергеу, жедел-тергеу тобына) тапсырылуы мүмкiн, бұл туралы қаулы шығарылады. Бұл туралы шешiмдi тергеу бөлімінің немесе анықтау органының бастығы қабылдауға құқылы. Қаулыда тергеп-тексеру жүргiзу тапсырылған барлық тергеушiлер, анықтау органының қызметкерлері, оның iшiнде топ жетекшiсі - тергеушi көрсетiлуге тиiс.
Күдіктi, жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкiлдерi тергеушiлер, анықтау органының қызметкерлері тобының тергеп-тексеретіні туралы қаулымен танысуға тиiс және оларға осы топ жетекшісіне, сондай-ақ топ құрамындағы кез келген тергеушiге, анықтау органының қызметкеріне қарсылық білдіру құқығы түсiндiрiледi.
2. Топқа сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын бірнеше органның тергеушілері, анықтау органының қызметкерлері кіруi мүмкiн. Мұндай топты құру туралы шешiм прокурордың нұсқауы бойынша да, тергеу бөлімі немесе анықтау органы бастықтарының бастамасы бойынша да қабылдануы мүмкiн. Мұндай шешiм осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген талаптарды сақтай отырып шығарылатын бiрлескен қаулымен ресiмделедi.
3. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, оның орынбасары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар айрықша жағдайларда тергеп-тексерудің толық және объективті болмау фактілері, істің күрделілігі мен маңыздылығы анықталған кезде прокурорлар, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын бір немесе бірнеше органның тергеушілері мен жедел қызметкерлері арасынан топ құра алады, бұл ретте прокурорды осы топтың жетекшісі етіп тағайындап, бұл шешімді өз қаулысымен ресімдейді.
195-бап. Топ жетекшiсiнiң өкiлеттiктерi
1. Топ жетекшiсi өз қаулысымен iсті өзінің іс жүргiзуiне қабылдайды, топтың жұмысын ұйымдастырады, басқа тергеушiлер мен анықтау органдары қызметкерлерінің әрекеттерiне басшылық жасайды.
2. Қылмыстық қудалауды, қылмыстық істі толықтай немесе оның бір бөлігін тоқтату, қылмыстық істерді бiрiктiру және бөлу, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімін ұзарту туралы өтінішхат қозғау туралы, сот санкциялайтын бұлтартпау шараларын қолдану және оларды ұзарту туралы шешiмдердi топ жетекшiсi ғана қабылдайды.
3. Айыптау актісін, істі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселені қарау үшін сотқа беру туралы қаулыны, іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулыны топ жетекшісі жасайды және оларға қол қояды.
4. Топ жетекшiсi осы Кодексте белгіленген тәртіппен қылмыстық іс бойынша басқа тергеушiлер жүргiзетiн тергеу әрекеттеріне қатысуға, тергеу әрекеттерін жеке өзi жүргiзуге және шешімдер қабылдауға құқылы.
5. Жетекшi болып тағайындалған прокурор тергеушiнiң осы Кодексте көзделген барлық өкiлеттiктерiн пайдаланады.
196-бап. Анықтау органдарының алдын ала тергеу жүзеге асырылатын iстер бойынша қызметi
1. Алдын ала тергеудің жүзеге асырылуы қажет қылмыс белгiлерi болған жағдайда, анықтау органы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауға және қылмыс iздерiн анықтау және бекiту бойынша кезек күттірмейтін тергеу әрекеттерін: қарап-тексеруді, тiнтудi, алуды, куәландыруды, күдіктілерді ұстап алу мен олардан жауап алуды, жәбiрленушiлер мен куәлардан жауап алуды және басқа да тергеу әрекеттерін жүргізуге құқылы. Анықтау органы анықталған қылмыстық құқық бұзушылық және сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталғаны туралы прокурорды дереу хабардар етеді.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Кезек күттірмейтін тергеу әрекеттері орындалған соң, бiрақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған күннен бастап бес тәулiктен кешiктiрмей анықтау органы тергеулігі туралы мәселелер болмаған кезде бұл туралы жиырма төрт сағат iшiнде прокурорды жазбаша хабардар ете отырып, iстi дәл осы органның тергеушiсіне беруге мiндеттi. Іс бойынша іс жүргізуді болдырмайтын мән-жайлар анықталған жағдайда, анықтау органы қылмыстық істі тоқтатуға құқылы. Қалған жағдайларда қылмыстық іс тергеулігін айқындау үшін прокурорға беріледі.
3. Iстi тергеушiге бергеннен кейiн анықтау органы ол бойынша тергеу әрекеттерін, жасырын тергеу әрекеттерін, сондай-ақ iздестiру шараларын тек тергеушiнiң тапсырмасы бойынша ғана жүргiзе алады. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды табу мүмкiн болмаған iстi тергеушiге берген жағдайда, анықтау органы тергеушiні нәтижелері туралы хабардар ете отырып, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды анықтау үшiн iздестiру шараларын қолдануға мiндеттi.
197-бап. Тергеу әрекеттерін жүргiзудiң жалпы қағидалары
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам заңда көзделген тергеу әрекеттеріне қатысуға адамдарды тарта отырып, олардың жеке басына көз жеткізеді, оларға құқықтары мен мiндеттерiн, сондай-ақ тергеу әрекетін жүргiзу тәртiбiн түсiндiредi.
2. Кейінге қалдырылмайтын жағдайларды қоспағанда, тергеу әрекетін түнгi уақытта жүргiзуге жол берiлмейдi.
3. Тергеу әрекеттерін жүргiзу кезiнде ғылыми-техникалық құралдар қолданылуы және қылмыстық құқық бұзушылықтың iздерi мен заттай дәлелдемелердi анықтаудың, тіркеу мен алудың ғылыми негiзделген тәсілдері пайдаланылуы мүмкiн.
4. Тергеу әрекеттерін жүргiзу кезiнде азаптауға, зорлық-зомбылық көрсетуге, қорқытуға және өзге де заңсыз шараларды, қатыгез қарым-қатынасты қолдануға, сол сияқты оған қатысатын адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндіруге жол берiлмейдi.
5. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тергеу әрекеттеріне қылмыстық қудалау органының басқа да қызметкерлерiн тартуға құқылы.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 6-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Осы Кодекстiң 255-бабы үшiншi бөлiгiнiң 2) тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, 220-бабының он үшiншi және он төртiншi бөлiктерiнде, 252-бабында, 254-бабының төртінші бөлігінде, 255-бабында көзделген тергеу әрекеттерiн жүргiзу кезiнде куәгерлердi тарту мiндеттi болады.
Қалған жағдайларда тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде олардың барысы мен нәтижелерін тіркейтін ғылыми-техникалық құралдар міндетті түрде қолданылады.
Ғылыми-техникалық тіркеу құралдары болмаған немесе оларды қолдану мүмкін болмаған жағдайда, тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде куәгерлер тартылады.
Әрекеттердің барысы мен нәтижелерін тіркейтін ғылыми-техникалық құралдарды қолдану тәртібін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры тиісті мемлекеттік органдармен келісу бойынша айқындайды.
198-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында шығарылатын қаулылар
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру процесiнде осы Кодекске сәйкес қандай да бiр процестік шешiмді қабылдау кезiнде сотқа дейінгі тергеп-тексерудi жүзеге асыратын адам қаулы шығарады, онда оның жасалған орны мен уақыты, осы адамның тегі және лауазымы, қабылданатын шешiмнiң мәнi мен негiздерi, олардың негізінде қаулы шығарылған осы Кодекстiң баптары көрсетiледi.
199-бап. Тергеу әрекетінің хаттамасы
1. Тергеу әрекетінің хаттамасы тергеу әрекетiн жүргiзу барысында немесе ол аяқталған бойда жасалады.
2. Хаттама қолмен жазылуы, машинкамен не компьютермен басу тәсілі арқылы жасалуы мүмкiн. Хаттаманың толық болуын қамтамасыз ету үшiн стенографиялау, киноға түсiру, дыбыс- және бейнежазба немесе өзге де ғылыми-техникалық құралдар қолданылуы мүмкiн. Стенографиялық жазба, дыбыс- және бейнежазба материалдары немесе өзге де ақпарат жеткізгіштер хаттамаға қосып тігіледі және iспен бiрге сақталады.
3. Хаттамада: тергеу әрекетiн жүргiзу орны мен күнi; оның басталу және аяқталу уақыты минутына дейiнгі дәлдікпен; тергеу әрекетін жүргізген адамның лауазымы мен тегі, тергеу әрекетіне қатысқан әрбір адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) көрсетiледi.
Хаттамада процестік әрекеттер олардың болған ретiмен, оларды жүргiзу кезінде анықталған iс үшiн елеулі мән-жайлар, сондай-ақ тергеу әрекетін жүргiзуге қатысқан адамдардың мәлiмдемелерi жазылады.
4. Осы Кодекстің 97-бабы қолданылған жағдайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тергеу әрекетінің хаттамасында жәбірленушінің, оның өкілінің, сондай-ақ куәлардың (куәгерлердің) жеке басы туралы деректерді келтірмейді, қорғалатын адам өзі қатысатын тергеу әрекеттерінің хаттамаларында таңдайтын адамның бүркеншік аты мен қоятын қолын қолданады.
5. Егер тергеу әрекетін жүргiзу кезiнде фотосуретке түсiру, киноға түсiру, дыбыс- және бейнежазба немесе өзге де ғылыми-техникалық құралдар қолданылса не iздiң баспа-таңбалары мен бедерлері әзірленсе, сызбалар, схемалар, жоспарлар жасалса, онда хаттамада сондай-ақ оны жүргiзу барысында қолданылған ғылыми-техникалық құралдар, оларды пайдалану талаптары мен тәртiбi, осы құралдар қолданылған объектiлер және алынған нәтижелер көрсетiлуге тиiс. Хаттамада бұған басқа ғылыми-техникалық құралдарды қолданудың алдында бұл туралы тергеу әрекетін жүргiзуге қатысқан адамдардың хабардар етiлгенi аталуға тиiс.
6. Хаттама танысу үшiн тергеу әрекетін жүргiзуге қатысқан барлық адамдарға ұсынылады. Оларға хаттамаға енгiзiлуге жататын ескертулер жасау құқығы түсiндiрiледi. Хаттамаға енгiзiлген барлық ескертулер, толықтырулар, түзетулер келісілуге және осы адамдардың қолдарымен куәландырылуға тиiс.
7. Хаттамаға оны жасаған лауазымды адам, жауап алынған адам, аудармашы, маман, куәгерлер және тергеу әрекетін жүргiзуге қатысқан барлық өзге де адамдар қол қояды. Тергеу әрекетінің хаттамасына қол қоюдан бас тартылған немесе қол қою мүмкiн болмаған жағдайда, бұл фактiнi куәландыру осы Кодекстiң 123-бабының жетіншi және оныншы бөлiктерiне сәйкес жүргiзiледi.
8. Хаттамаға тергеу әрекетін жүргiзу кезiнде орындалған фотографиялық негативтер мен суреттер, кинотаспалар, диапозитивтер, фонограммалар, бейнежазба кассеталары, өзге ақпарат жеткізгіштер, сызбалар, жоспарлар, схемалар, iздiң баспа-таңбалары мен бедерлері қоса тiркеледi.
9. Егер тергеу әрекетін жүргiзу барысында маман өз зерттеу нәтижелерi бойынша ресми құжат жасаса, осы құжат хаттамаға қоса тiркеледi, бұл туралы хаттамаға тиiстi жазба жасалады.
200-бап. Қылмыстық құқық бұзушылықтар және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнiндегi ұсыну
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды анықтай отырып, тиiстi мемлекеттiк органдарға, ұйымдарға немесе онда басқарушылық функцияларды орындайтын адамдарға осы мән-жайларды немесе басқа да заң бұзушылықтарды жою жөнiндегі шаралар қолдану туралы ұсыну енгізуге құқылы.
2. Ұсынулар қолданылған шаралар туралы міндетті түрде хабардар етіле отырып бір ай мерзімде қаралуға тиіс.
201-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерi жария етiлмеуге тиіс. Олар, егер бұл тергеп-тексеру мүдделерiне қайшы келмесе және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзуға байланысты болмаса, прокурордың рұқсатымен қандай көлемде жария ету мүмкiн деп танылса, сол көлемде жария етiлуi мүмкiн.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қорғаушыға, куәларға, жәбiрленушiге, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге немесе олардың өкiлдерiне, сарапшыға, маманға, аудармашыға, куәгерлерге және тергеу әрекеттерiн жүргiзу кезiнде қатысқан басқа да адамдарға өзiнiң рұқсатынсыз iстегi мәлiметтердi жария етуге жол берiлмейтiнi туралы ескертедi, бұл туралы көрсетілген адамдардан жауаптылық туралы ескертіле отырып қолхат алынады.