98-бап. Сот талқылауына қатысатын адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету
1. Төрағалық етушi сот талқылауына қатысушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн соттың жабық отырысын өткiзедi, сондай-ақ осы Кодекстiң 97-бабының бiрiншi, екiншi, үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде көзделген шараларды қолданады.
2. Сот қорғалатын адамның, айыптаушы тараптың өтiнiшхаты бойынша, сондай-ақ адамның, оның отбасы мүшелері мен жақын туыстарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында өз бастамасы бойынша куәдан:
1) қорғалатын адамның жеке басы туралы деректердi жарияламастан, бүркеншiк атты пайдалана отырып;
2) қалған қатысушылардың қорғалатын адамды дауысы, акценті және сыртқы белгілері: жынысы, ұлты, жасы, бойы, дене бітімі, мүсіні, жүрісі бойынша тануы мүмкін болмайтын жағдайларда;
3) оны сот талқылауына басқа қатысушылардың көзiне көрсетпей, оның ішінде бейнебайланыс арқылы да, жауап алу туралы қаулы шығаруға құқылы.
Судья қорғалатын адамның негізгі іс жүргізуден бөлектелген сауалнамалық деректерін және жеке басын куәландыратын құжаттарын жария етпестен, сот отырысының өзге қатысушыларына, оның ішінде сот отырысының хатшысына ұсынбастан және сот отырысының хаттамасында және (немесе) сот актілерінде көрсетпестен, олармен танысу арқылы жауап алынатын адамның жеке басына жеке өзі көз жеткізеді.
3. Төрағалық етуші:
1) бейне-, дыбыс жазуды жүргізуге және жауап алуды түсіріп алудың өзге тәсілдерін жүргізуге тыйым салуға;
2) сот отырысы залынан адвокатты қоспағанда, сотталушыны, қорғаушы тараптың өкілдерін шығарып жіберуге құқылы.
4. Сот процеске қатысушылардың қандай да бiреуi болмағанда немесе олардың көзбен көрiп отыруынан тыс жауап алған қорғалатын адамның айғағын төрағалық етушi осы қорғалатын адам туралы мәлiметтерді көрсетпестен, сотта барлық қатысушылар қатысып отырған кезде хабарлайды.
5. Қажет болған жағдайларда, сот процеске қатысушылардың және заңда көзделген өзге де адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде басқа да шараларды қолданады.
6. Сот талқылауына қатысушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету туралы сот қаулысын орындау қылмыстық қудалау органдарына, жазаны орындайтын мекемеге немесе органға, сондай-ақ сот приставына жүктеледi.
13-тарау. ӨТІНІШХАТТАР. ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР МЕН ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАРДЫҢ ӘРЕКЕТТЕРІ (ӘРЕКЕТСІЗДІГІ) МЕН ШЕШІМДЕРІНЕ ШАҒЫМ ЖАСАУ
99-бап. Қылмыстық процеске қатысушылардың өтiнiшхаттарын қараудың мiндеттiлiгi
1. Қылмыстық процеске қатысушылар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, прокурорға, судьяға (сотқа) қылмыстық процесс барысында маңызы бар мән-жайларды анықтау, өтiнiшхатпен жүгінген тұлғаның немесе өздері өкілдік ететін тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету үшiн процестік әрекеттерді жүргiзу немесе процестік шешiмдерді қабылдау туралы өтiнiшхаттармен жүгінуге құқылы.
2. Өтiнiшхаттар процестiң кез келген сатысында мәлiмделуi мүмкiн. Өтiнiшхатты мәлімдеген тұлға қандай мән-жайларды анықтау үшiн әрекет жүргiзудi немесе шешiм қабылдауды өтінетінін көрсетуге тиiс. Жазбаша өтiнiшхаттар қылмыстық істің материалдарына қоса тiгiледi, ауызша өтiнiшхаттар тергеу әрекетiнiң немесе сот отырысының хаттамасына енгізiледi.
3. Өтiнiшхаттың қабылданбауы оны қылмыстық сот iсiн жүргiзудiң келесi кезеңдерiнде қайталап мәлімдеуге немесе қылмыстық процестi жүргізетін басқа орган алдында мәлімдеуге кедергi келтiрмейдi.
4. Өтiнiшхат ол мәлiмделген бойда қаралуға және шешілуге жатады. Өтiнiшхат бойынша шешiмдi дереу қабылдау мүмкiн болмаған жағдайларда, ол мәлiмделген күннен бастап үш тәулiктен кешiктiрiлмей шешiлуге тиiс.
5. Егер өтінішхат iстiң мән-жайларын жан-жақты, толық және объективтi зерттеуге, процеске қатысушылардың немесе басқа да тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз етуге ықпал ететін болса, ол қанағаттандырылуға тиiс. Өзге жағдайларда өтiнiшхатты қанағаттандырудан бас тартылуы мүмкiн. Қылмыстық процесті жүргізетін орган келуін тараптар қамтамасыз еткен адамдардан мамандар немесе куәлар ретінде жауап алу туралы өтінішхаттарды қанағаттандырудан бас тартуға құқылы емес. Қылмыстық процесті жүргізетін орган тараптың көрсеткен адамдарының жауап алуға келуін қамтамасыз етуіне жәрдем көрсетуге, оның ішінде заңда көзделген процестік мәжбүрлеу шараларын қолдана отырып, жәрдем көрсетуге міндетті.
6. Қылмыстық процестi жүргізетін орган өтiнiшхатты қанағаттандырудан толық немесе iшiнара бас тарту туралы уәждi қаулы шығарып, ол өтiнiшхатты мәлімдеген тұлғаға жеткiзiледi. Өтiнiшхат жөнiндегi шешiмге осы Кодексте белгiленген шағым беру мен оны қараудың жалпы қағидалары бойынша шағым жасалуы мүмкiн.
100-бап. Органдар мен лауазымды адамдардың шешiмдерi мен әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) шағым жасау
1. Егер жүргiзiлген процестік әрекеттер процеске қатысушылардың, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың мүдделерiн қозғайтын болса, олар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның, прокурордың, соттың немесе судьяның шешiмдерi мен әрекеттерiне осы Кодексте белгiленген тәртiппен шағым жасауы мүмкiн.
2. Шағымдар осы қылмыстық iс бойынша шағымдарды қарауға және шешiм қабылдауға заңмен уәкiлеттік берiлген мемлекеттiк органға немесе лауазымды адамға берiледi.
3. Шағымдар ауызша және жазбаша болуы мүмкiн. Ауызша шағымдар арыз иесі және шағымды қабылдап алған лауазымды адам қол қоятын хаттамаға кiргiзiледi. Тиiстi лауазымды адамдардың қабылдауында азаматтар ауызша айтқан шағымдар жазбаша түрде ұсынылатын шағымдармен бірдей жалпы негiзде шешiледi. Шағымға қосымша материалдар қоса тiркелуi мүмкiн.
4. Қылмыстық процесс жүргiзiлетiн тiлдi бiлмейтiн адамның шағымды ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде беру құқығы қамтамасыз етiледi.
5. Шағым берген тұлға оны кері қайтарып алуға құқылы. Күдікті, айыпталушы қорғаушының шағымын кері қайтарып алуға құқылы; азаматтық талапкер, жәбiрленушi (жекеше айыптаушы), азаматтық жауапкер өзінің заңды өкiлден басқа өкiлiнiң шағымын кері қайтарып алуға құқылы. Күдіктінің, айыпталушының мүддесінде берiлген шағым тек солардың келiсуiмен ғана кері қайтарылып алынуы мүмкiн. Шағымды кері қайтарып алу, осы Кодексте тiкелей көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстiң 102-бабында көрсетiлген мерзiмдер өткенге дейiн оны қайтадан беруге кедергi келтiрмейдi.
101-бап. Ұстап алынған немесе күзетпен ұсталатын адамдардың шағым жолдау тәртiбi
1. Алдын ала қамауға алу орындарының әкiмшiлiгi қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынған немесе бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұсталатын адамдардың қылмыстық процестi жүргізетін органға жолданған шағымдарын оған дереу беруге мiндеттi.
2. Ұстап алынған немесе күзетпен ұсталатын адамдардың азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас түрлеріне, сондай-ақ тергеушiнiң, анықтаушының, анықтау органы бастығының әрекеттерiне немесе шешiмдерiне шағымдарын қамауға алу орындарының әкiмшiлiгi - дереу прокурорға, ал прокурордың әрекеттерi мен шешiмдеріне шағымдарды жоғары тұрған прокурорға беруге мiндеттi. Өзге шағымдарды қамауға алу орындарының әкiмшiлiгi олар келiп түскен кезден бастап бiр тәулiктен кешiктiрмей іс жүргізуінде іс жатқан адамға немесе органға бередi.
102-бап. Шағымдарды берудiң мерзiмдерi
Анықтаушының, анықтау органының, тергеушiнiң, прокурордың, судьяның немесе соттың әрекеттерiне және шешiмдерiне шағымдар сотқа дейінгі бүкіл тергеп-тексеру және сот талқылауы барысында берілуі мүмкін. Қылмыстық істі сотқа дейінгі сатыда тоқтату туралы шешімге шағымдар қылмыстық қудалау органының тиісті қаулысы шығарылған не оны прокурор бекіткен кезден бастап бір жыл ішінде берілуі мүмкін. Бiрiншi, апелляциялық немесе кассациялық сатылардағы соттар шығарған сот актілеріне шағымдар осы Кодексте белгiленген мерзiмдерде берiледi.
103-бап. Шағым берiлуiне байланысты шешiмнiң орындалуын тоқтата тұру
Осы Кодексте көзделген жағдайларда шағым беру шағым жасалған шешiмнiң орындалуын тоқтата тұрады. Өзге жағдайларда шағым келтіру, егер шағымды қараушы адам осыны қажет деп тапса, шағым жасалған шешiмнiң орындалуын тоқтата тұруға әкеп соғуы мүмкiн.
104-бап. Шағымдарды қараудың жалпы тәртiбi
1. Шағымды қарауды өздерінің әрекеттерiне шағым жасалған анықтаушыға, тергеушiге, прокурорға немесе судьяға, сол сияқты шағым жасалған шешiмдi бекiткен лауазымды адамға тапсыруға тыйым салынады.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Тергеу бөлімінің бастығы, анықтау органының бастығы, прокурор немесе судья шағымды қарай отырып, онда жазылған барлық дәлелдердi тексеруге, қажет болған кезде қосымша материалдарды талап етіп алдыруға, тиiстi лауазымды адамдардан, жеке немесе заңды тұлғалардан шағым жасалған әрекеттер мен шешiмдерге қатысты жазбаша түсiнiктемелер алуға мiндеттi.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Шағымды қараушы тергеу бөлімінің бастығы, анықтау органының бастығы, прокурор немесе судья өз өкiлеттiктерi шегiнде қылмыстық процеске қатысушылардың, сондай-ақ өзге де жеке немесе заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерiн қалпына келтiруге дереу шара қолдануға мiндеттi.
4. Егер шағым жасалған, құқыққа сыйымсыз iс-әрекеттермен немесе шешiмдермен жеке немесе заңды тұлғаға моральдық, дене немесе мүлiктiк зиян келтiрiлсе, оған осы Кодекстiң 4-тарауында көзделген зиянның өтелуіне немесе жойылуына құқығы және сол құқықты жүзеге асырудың тәртiбi түсiндiрiлуге тиiс.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 105-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
105-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамдардың, тергеу бөлімі бастығының, анықтау органы бастығының, прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне өздерінің құқықтары мен мүдделерін немесе өздері білдіретін құқықтар мен мүдделерді қорғайтын тұлғалар берген шағымдарды қарау тәртібі
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешiмдерiне өздерінің құқықтары мен мүдделерін немесе өздері білдіретін құқықтар мен мүдделерді қорғайтын тұлғалар берген шағымдар тергеу бөлімінің бастығына, анықтау органының бастығына, прокурорға немесе сотқа беріледi.
Өзiнiң жеке әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) немесе шешiмдерiне шағым түскен, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам шағымды өзiнiң түсiндірмелерiмен бiрге тергеу бөлімінің бастығына, анықтау органының бастығына дереу жіберуге мiндеттi.
Тергеу бөлімі бастығының, анықтау органы бастығының әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) және шешiмдерiне шағымдар прокурорға берiледi. Өзiнiң жеке әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) немесе шешiмдерiне шағым түскен тергеу бөлімінің бастығы немесе анықтау органының бастығы шағымды өзiнiң түсiндірмелерiмен бiрге тиiстi прокурорға дереу жіберуге мiндеттi.
Прокурордың әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) және шешiмдерiне шағымдар жоғары тұрған прокурорға берiледi. Осы Кодекстің 106-бабында көрсетілген мәселелер бойынша шағымдар сотқа беріледі және осы бапта көзделген тәртіппен қаралады.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 1-1-бөлікпен толықтырылды
1-1. Шағымды қабылдаудан және тіркеуден бас тартуға жол берілмейді және ол заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Өзінің құқықтары мен мүдделерін немесе өзі білдіретін құқықтар мен мүдделерді қорғайтын адамның тергелетін қылмыстық істің мәні жөніндегі шағымдары, сондай-ақ оған жауап және шағымды қарау нәтижелері бойынша қабылданған шешім қылмыстық іс материалдарына қосып тігіледі.
2. Прокурор, тергеу бөлімінің бастығы, анықтау органының бастығы шағымды алған кезден бастап жеті тәулiк iшiнде оны қарауға және шағым берген тұлғаны қабылданған шешім туралы хабардар етуге мiндеттi. Ұстап алу, күдікті деп тану, күдіктінің іс-әрекетін саралау, лауазымнан шеттету кезiндегі заңды бұзушылық туралы шағымдар алынған кезден бастап үш тәулiк iшiнде қарауға жатады. Шағымды тексеру үшiн қосымша материалдарды талап етіп алдыру не өзге де шаралар қолдану қажет болатын айрықша жағдайларда, шағым берген тұлғаға бұл жөнінде хабарлай отырып, шағымды он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмде қарауға жол берiледi.
3. Шағымды қарау нәтижесінде тергеу бөлімінің бастығы, анықтау органының бастығы прокурордың алдында шағым жасалған шешiмнің күшін жою немесе оны өзгерту туралы өтінішхат беруге, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның орындауы үшін міндетті нұсқаулар, анықтау органына тапсырмалар беруге құқылы.
Шағымды қарау нәтижесiнде шағым жасалған шешiмнің күшін жойып немесе оны өзгертіп, шағымды толық немесе iшiнара қанағаттандыру туралы не шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешiм қабылдануы мүмкiн.
Бұл ретте, бұрын шығарылған шешiм, егер бұл шағым берген тұлғаның немесе соның мүддесіне орай шағым берiлген тұлғаның жағдайын нашарлатуға алып келетін болса, өзгертілмейді.
4. Шағым берген тұлға шағым бойынша қабылданған шешiм және одан әрi шағым жасау тәртiбi туралы хабардар етілуге тиіс. Шағымды қанағаттандырудан бас тарту уәжді болуға тиiс.
106-бап. Прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне жасалған шағымдарды сотта қарау тәртібі
1. Құқықтары мен бостандықтарын прокурордың, тергеу және анықтау органдарының әрекеті (әрекетсіздігі) және шешімі тікелей қозғайтын тұлға қылмыстық құқық бұзушылық туралы, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуында, тергеп-тексеру мерзімдерін үзуде, қылмыстық істі тоқтатуда, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруда, тінтуді және (немесе) алуды жүргізуде, өзге де әрекеттерді (әрекетсіздіктерді) жасауда және шешімдерді қабылдауда заңның бұзылуы туралы арызды қабылдаудан бас тартуға шағыммен сотқа жүгінуге құқылы. Шағымды осы баптың тәртібімен қарау кезінде сот осы Кодекске сәйкес қылмыстық істі мәні бойынша шешкен кезде сот қарауының нысанасы болып табылуы мүмкін мәселелерді алдын ала шешпеуге тиіс.
2. Сот шағымды қараған кезде істегі бар дәлелдемелерге баға бермей, арыз иесі өз шағымында көрсеткен барлық мән-жайларды анықтаушының, тергеушінің, прокурордың тексергенін және ескергенін анықтауға тиіс. Бұл ретте сот кінәнің дәлелденгені немесе дәлелденбегені, жиналған дәлелдемелердің жол берілетіндігі немесе жол берілмейтіндігі туралы түйін жасамай, іс бойынша шешім қабылдау үшін материалдық-құқықтық және процестік негіздердің бар екенін не жоқ екенін тексеруге тиіс.
3. Сот тексеруінің шектері осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген әрекеттерді жасау (әрекетсіздік) және шешімдерді қабылдау кезінде заң нормаларының сақталуын анықтаумен шектеледі.
4. Шағым келтіру шағым жасалып отырған әрекеттің жүргізілуін және шағым жасалып отырған шешімнің орындалуын тоқтата тұрмайды.
5. Шағым қылмыстық процесті жүргізетін орган тұрған жердегі аудандық сотқа, тұлғаның келіспеген шешіммен танысқан күнінен бастап он бес тәулік ішінде не прокурордың өз атына берілген шағымды қанағаттандырудан бас тартатыны туралы хабарламасы алынғаннан кейін дәл сол мерзімде немесе, егер прокурорға берілген шағымға жауап алынбаған болса, шағым берілгеннен кейін он бес тәулік өткен күннен бастап берілуі мүмкін.
6. Шағымды тергеу судьясы үш тәулік ішінде сот отырысын өткізбей жеке-дара қарайды. Егер заңды және негізді шешім қабылдау үшін маңызы бар мән-жайларды зерттеу қажет болса, тергеу судьясы шағымды он тәулік ішінде жабық сот отырысында тиісті тұлғалар мен прокурордың қатысуымен қарайды, олардың келмеуі шағымды қарауға кедергі келтірмейді. Тергеу судьясының өкімі бойынша сот отырысы бейнебайланыс режимінде өткізілуі мүмкін. Сот отырысының барысында хаттама жүргізіледі. Қажет болған кезде тергеу судьясы қосымша материалдарды талап етіп алдырып, тиісті тұлғаларды шақыруға және олардан сұрақ алуға құқылы. Әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағым жасалып отырған лауазымды адамдар соттың сұрау салуы бойынша үш тәулік ішінде мұндай әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасауға және шешімдерге негіз болған материалдарды сотқа ұсынуға міндетті.
7. Сот отырысын өткізу кезінде тергеу судьясы қандай шағымның қаралуға жататынын хабарлайды, осыдан кейін, егер арыз иесі сот отырысына қатысып отырған болса, ол шағымды негіздейді, содан соң басқа да келген адамдар тыңдалады, олар сотқа дәлелдемелер беруге құқылы. Шағым жасалған әрекеттердің (әрекетсіздіктің) немесе шешімдердің заңдылығын дәлелдеу ауыртпалығы оларды жасаған немесе қабылдаған тұлғаға жүктеледі.
8. Тергеу судьясы шағымды қарау нәтижелері бойынша:
1) заңсыз деп танылған процестік шешімнің күшін жою туралы;
2) тиісті лауазымды адамның әрекеттерін (әрекетсіздігін) заңсыз немесе негізсіз деп және оның жол берілген бұзушылықты жою міндетін тану туралы;
3) прокурорға азаматтың немесе ұйымның құқықтары мен заңды мүдделерінің жол берілген бұзылуын жою міндетін жүктеу туралы;
4) шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы тиісті қаулы шығарады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 107-баптың тақырыбы жаңа редакцияда
107-бап. Тергеу судьясының қаулыларына, санкцияларына шағым жасау, прокурордың өтінішхатын келтіру
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдікті, оның қорғаушысы, заңды өкілі, жәбірленуші, оның заңды өкілі, өкілі, тергеу судьясының актісімен құқықтары мен бостандықтары тікелей қозғалатын адам тергеу судьясының мынадай:
1) күдіктіні күзетпен ұстау, экстрадициялық қамақ, үйқамақ, кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау немесе күзетпен ұстау, үйқамақ мерзімін ұзарту туралы;
2) күдіктіні күзетпен ұстауға, экстрадициялық қамаққа, үйқамаққа, кепілге санкция беруден бас тарту немесе күзетпен ұстау, үйқамақ мерзімін ұзартудан бас тарту туралы;
3) санкцияланған бұлтартпау шарасының күшін жою немесе күшін жоюдан бас тарту туралы;
4) мүлікке тыйым салу не тыйым салудан бас тарту туралы;
5) эксгумациялау не одан бас тарту туралы;
6) халықаралық іздестіру жариялау не одан бас тарту туралы;
7) сот-медициналық және (немесе) сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін адамды медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру не одан бас тарту туралы;
8) кепіл нысанасын мемлекет кірісіне айналдыру немесе одан бас тарту туралы;
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 9) тармақша өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
9) прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағымдарды қарау жөніндегі;
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 10) тармақшамен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi); 2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 10) тармақша жаңа редакцияда; 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 10) тармақша өзгертілді
10) қарап-тексеруді, тінтуді, алуды, жеке тінтуді, мәжбүрлеп куәландыруды, үлгілерді мәжбүрлеп алуды санкциялау не санкциялаудан бас тарту туралы;
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 11) тармақпен толықтырылды
11) сараптама тағайындау не тағайындаудан бас тарту, не жасырын тергеу әрекеттерін қоспағанда, қылмыстық қудалау органының өзге де тергеу әрекеттерін жүргізуі туралы қаулысына, санкциясына шағым жасауға, ал прокурор өтінішхат келтіруге құқылы.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 1-1-бөлікпен толықтырылды (тергеу судьясының жасырын тергеу әрекеттерін санкциялау не санкциялаудан бас тарту не жасырын тергеу әрекеттерінің мерзімдерін ұзартудан бас тарту туралы қаулысына өтінішхат келтіру бөлігі 2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 1-1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1-1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында прокурор тергеу судьясының:
1) жасырын тергеу әрекеттерін санкциялау не санкциялаудан бас тарту туралы;
2) жасырын тергеу әрекеттерінің мерзімдерін ұзарту не ұзартудан бас тарту туралы;
3) адамды оған қатысты жүргізілген жасырын тергеу әрекеттері туралы хабардар ету мерзімдерін ұзарту не ұзартудан бас тарту туралы;
4) сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының адамды оған қатысты жүргізілген жасырын тергеу әрекеттері туралы хабардар етпеуіне келісетіні туралы не сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына мұндай келісім беруден бас тарту туралы;
5) прокурордың жасырын тергеу әрекеттерін тоқтату туралы өтінішхатын қанағаттандырудан бас тарту туралы;
6) осы Кодекстің 235-бабында белгіленген тәртіппен жүргізілген жасырын тергеу әрекеттерін тоқтату және алынған нәтижелерді дәлелдемелер ретінде пайдалануға жол бермеу туралы қаулысына, санкциясына өтінішхат келтіруге құқылы.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Тергеу судьясының осы баптың қағидаларына сәйкес шығарған қаулысына жария етілген кезінен бастап үш тәулік ішінде тергеу судьясы қаулы шығарған сот арқылы облыстық және оған теңестірілген сотқа осы баптың бірінші бөлігінде аталған тұлғалар шағым жасауы, сондай-ақ оған прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін. Дәлелді себеппен өткізіліп алынған мерзім мүдделі тұлғаның өтінішхаты бойынша осы Кодекстің 50-бабына сәйкес қалпына келтірілуі мүмкін.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-бөлік жаңа редакцияда
3. Шағым беру немесе прокурордың өтінішхатын келтіру осы Кодекстің 55-бабы бірінші бөлігінің 8) және 10) тармақтарында және осы баптың бірінші бөлігінің 1), 2), 7) және 10) тармақтарында көрсетілген мәселелер бойынша қаулыда көрсетілген шешімдердің орындалуын тоқтата тұрмайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Шағым жасауға, прокурордың өтінішхатын келтіруге арналған мерзім өткеннен кейін материалдар шағыммен, прокурордың өтінішхатымен бірге облыстық немесе оған теңестірілген сотқа жіберіліп, бұл жөнінде арыз иесіне және әрекеттері мен шешімдеріне шағым жасалған тұлғаға және прокурорға хабарланады. Облыстық немесе оған теңестірілген соттың шағымды, прокурордың өтінішхатын қарау нәтижелері бойынша қабылдаған шешімі түпкілікті болып табылады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 5-бөлік жаңа редакцияда
5. Облыстық немесе оған теңестірілген соттың судьясы осы баптың екінші және үшінші бөліктерінде көзделген қағидалар мен мерзімдерді сақтай отырып, шағым, прокурордың өтінішхаты сотқа келіп түскен кезден бастап үш тәуліктен кешіктірмей тергеу судьясы қаулысының, санкциясының заңдылығын және негізділігін тексеруді жүзеге асырады.
Облыстық немесе оған теңестірілген сот судьясының шағымды, прокурордың өтінішхатын қарау нәтижелері бойынша шығарылған қаулысы жария етілген кезінен бастап заңды күшіне енеді.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 6-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара); 2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 6-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Осы баптың бірінші бөлігінің 1), 2) және 11) тармақтарында көрсетілген, егер тергеу судьясы оларды ашық сот отырысында қараған болса, ашық сот отырысында қаралуға тиіс мәселелерді қоспағанда, қарау жабық сот отырысында өтеді.
Сот отырысына прокурор және күдіктінің қорғаушысы қатысады. Отырысқа күдікті, оның заңды өкілі, жәбірленуші, оның заңды өкілі, өкілі және шағым жасалған шешімде құқықтары мен мүдделері қозғалатын басқа адамдар да қатыса алады, шағымды, прокурордың өтінішхатын қарау уақыты мен орны туралы уақтылы хабарланған кезде олардың келмей қалуы бұлардың сотта қаралуына кедергі болмайды.
Осы баптың бірінші бөлігінің 10) тармағында көзделген жағдайда, жабық сот отырысына қатысатын адамдар тізбесін шағымды, өтінішхатты қарайтын судья айқындайды.
Осы баптың 1-1-бөлігінде көзделген мәселелерді қарау осы Кодекстің 234-бабына сәйкес жүргізіледі.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 7-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Сот тараптардың дәлелдерін тыңдап, ұсынылған материалдарды қарап шығып, мынадай:
1) тергеу судьясының қаулысын, санкциясын өзгеріссіз қалдыру туралы;
2) тергеу судьясының қаулысын, санкциясын өзгерту туралы;
3) тергеу судьясы қаулысының, санкциясының күшін жою және жаңа қаулы шығару туралы уәжді қаулылардың бірін шығарады.