24) 126-бапта:
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутектерді өндіру салдарын жою жөніндегі міндеттемені орындауы банктік салым кепілімен қамтамасыз етіледі.
Жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутектерді барлау салдарын жою жөніндегі міндеттемені орындауы осы Кодекстің 55-бабының 4-тармағында көрсетілген тәсілдердің бірімен қамтамасыз етіледі.»;
мынадай мазмұндағы 6-1, 6-2, 6-3 және 6-4-тармақтармен толықтырылсын:
«6-1. Күрделі жоба бойынша барлауға және өндіруге арналған келісімшарт бойынша барлау кезеңінде жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемені орындауын қамтамасыз ету тәсілі ретінде шетелдік банктің кепілдігі берілген жағдайда, мұндай банктің Standard and Poor’s рейтингтік агенттігінің «BBB-»-тен төмен емес немесе Moody’s, FіtchRatіngs рейтингтік агенттіктерінің шәкілдері бойынша ұқсас деңгейдегі ең төменгі кредиттік рейтингі болуға тиіс.
Күрделі жоба бойынша барлауға және өндіруге арналған келісімшарт бойынша барлау кезеңінде жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемені орындауын қамтамасыз ету тәсілі ретінде қазақстандық банктің кепілдігі берілген жағдайда, мұндай банктің Standard and Poor’s рейтингтік агенттігінің «BB-»-тен төмен емес немесе Moody’s, FіtchRatіngs рейтингтік агенттіктерінің шәкілдері бойынша ұқсас деңгейдегі ең төменгі кредиттік рейтингі болуға тиіс.
6-2. Шетелдік банк берген кепілдік қазақ және орыс тілдеріне аудармасын жер қойнауын пайдаланушының міндетті түрде ұсынуы арқылы шет тілінде жасалуы мүмкін, аударманың дұрыстығын нотариус куәландыруға тиіс.
6-3. Күрделі жоба бойынша келісімшарт бойынша шетелдік банк берген кепілдік құзыретті орган бекіткен үлгілік нысан бойынша жасалмауы мүмкін.
Күрделі жоба бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша шетелдік банк үлгілік нысансыз берген кепілдік мынадай шарттарды қамтуға тиіс:
1) банк кепілдігі осы Кодекске сәйкес жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемесі ретінде айқындалған барлық ақшалай соманы жабады;
2) банк кепілдігі толық, шартсыз және кері қайтарып алынбайтын кепілдік болып табылады;
3) банк кепілдігі осы Кодекстің талаптарына сәйкес жер қойнауын пайдалану салдарын жою аяқталғанға дейінгі мерзімге беріледі.
Шетелдік банк кепілдігінің осы баптың талаптарына сәйкес келмеуі күрделі жоба бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша қамтамасыз ету ретінде осындай кепілдікті қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылады.
6-4. Банк болып табылмайтын кез келген заңды тұлға күрделі жобалар бойынша көмірсутектерді барлау салдарын жою жөніндегі міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ететін кепілдіктер бойынша кепілгер бола алады, мұндай кепілгердің Standard and Poor’s рейтингтік агенттігінің «BBB»-ден төмен емес немесе Moody’s, FіtchRatіngs рейтингтік агенттіктерінің шәкілдері бойынша ұқсас деңгейдегі ең төменгі кредиттік рейтингі болуға тиіс.
Егер мұндай кепілгер шетелдік заңды тұлға болса, онда кепілдік қазақ және орыс тілдеріне аудармасы міндетті түрде ұсыныла отырып, ағылшын тілінде жасалуы мүмкін, аударманың дұрыстығын нотариус куәландыруға тиіс. Шетелдік заңды тұлға берген кепілдікті оның берілген жері бойынша нотариат куәландыруға тиіс.
Осы тармақтың талаптары көмірсутектер саласындағы ұлттық компания беретін кепілдікке қатысты қолданылмайды.»;
7-тармақта:
бірінші бөліктегі «міндеттемені орындауды қамтамасыз ететін, кепіл нысанасы болып табылатын банктік салым,» деген сөздер «міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету» деген сөздермен ауыстырылсын;
екінші бөліктегі «тиісті қосымша сома» деген сөздер «таңдап алынған қамтамасыз ету тәсілінің тиісті қосымша сомасы» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы үшінші және төртінші бөліктермен толықтырылсын:
«Күрделі жобалар бойынша барлау кезеңіне берілген, барлау салдарын жою жөніндегі міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету келесі басталған күндердің неғұрлым ерте күнінде қолданысын тоқтатады:
1) барлау салдарын жою аяқталған күн;
2) көмірсутектер кен орнын әзірлеу жобасы бекітілген күн.
Күрделі жоба бойынша өндіру кезеңіне өткеннен кейін жер қойнауын пайдаланушы өндіру кезеңі басталған күннен бастап алты ай ішінде, барлау кезеңін жою жөніндегі міндеттемелерді ескере отырып, осы баптың 6-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес қамтамасыз етудің жаңа тәсілін ұсынады. Талап етілетін қамтамасыз ету көрсетілген мерзімде ұсынылмаған жағдайда, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт осы Кодекстің 133-бабында көзделген тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатылады.»;
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«9. Өндіру салдарын жою жөніндегі міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету сомасы көмірсутектерді өндіру салдарын жою жөніндегі жұмыстардың нарықтық құны негізінде кен орнын әзірлеу жобасында айқындалады және әзірлеуді талдау шеңберінде үш жылда кемінде бір рет түзетілуге жатады.
Қамтамасыз ету ұлттық валютада немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ұлттық валютаның ресми бағамын белгілейтін шетел валютасында ұсынылады.
Түзету нәтижелері бойынша не көмірсутектерді өндіру салдарын жою жөніндегі жұмыстарды жүргізу процесінде қамтамасыз ету сомасы көмірсутектерді өндіру салдарын жою жөніндегі жұмыстардың нарықтық құнына не жер қойнауы учаскесінде іс жүзінде орындалған жою жұмыстарының құнына сәйкес нақтыланады.»;
25) 130-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы үшінші және төртінші бөліктермен толықтырылсын:
«Осы тармақтың талаптары осы Кодекстің 36-бабы 1-2-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көрсетілген, күрделі жобалар бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарттар бойынша өндіру кезеңінде қолданылмайды.
Осы Кодекстің 36-бабы 1-2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген, күрделі жобалар бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарттар бойынша өндіру кезеңінде өндірілген мұнайды Қазақстан Республикасының аумағында қайта өңдеу үшін беру графиктеріне сәйкес беру жөніндегі міндеттемені есептік беру айында, өз мұқтаждарына пайдаланылатын көмірсутектер көлемдерін ескермегенде, осындай келісімшарт бойынша жоспарланатын жалпы мұнай өндіру көлемінің жиырма бес пайызынан асыруға болмайды.»;
26) 131-бап мынадай мазмұндағы 8-тармақпен толықтырылсын:
«8. Осы баптың ережелері жер қойнауын пайдаланушы күрделі жобалар бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарттар бойынша қызметті жүзеге асырған кезде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қолданылмайды. Мұндай келісімшарттар бойынша сатып алу жер қойнауын пайдаланушы айқындаған тәртіпке сәйкес жүргізіледі. Бұл ретте мұндай тәртіп мыналарды:
1) өндіру кезеңінде жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және құзыретті органмен келісілген, тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жергілікті берушілерінің даму бағдарламаларының орындалуын;
2) тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің барлық мүдделі берушілеріне тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арналған конкурсқа қатысу үшін толық және әділ мүмкіндіктердің берілуін;
3) тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің әлеуетті берушілерін алдын ала іріктеудің объективті өлшемшарттарының қолданылуын;
4) барлық мүдделі тұлғалар үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жоспарланған сатып алу туралы ақпаратқа, сондай-ақ әлеуетті өнім берушілерге қойылатын талаптарға, оның ішінде жер қойнауын пайдаланушының интернет-ресурстарында орналастыру арқылы ашық қолжетімділікті қамтамасыз етуге тиіс.»;
27) 278-бап мынадай мазмұндағы 33-1, 39 және 40-тармақтармен толықтырылсын:
«33-1. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған және осы баптың 32 немесе 33-тармағына сәйкес осы Кодексте көзделген жер қойнауын пайдалану шарттарына өткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауы учаскесін азайтуға осы Кодекстің 114-бабының 1-тармағы 2) тармақшасының талаптары сақталмай жол беріледі.
Жер қойнауы учаскесін осындай азайту кезінде бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде:
жер қойнауын пайдаланушы қайтарылатын жер қойнауы учаскесінде сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізсе;
жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауы учаскесін азайту және қайтарылатын жер қойнауы учаскесінде бұрғылау үшін құрылымдардың болмауы көзделетін, осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған барлау жұмыстарының жобасына толықтыруды бекітсе, қайтарылатын жер қойнауы учаскесіне байланысты жұмыс түрлері мен көлемдері бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген жұмыстардың бағдарламасын өзгертуге жол беріледі.
Бұл жағдайда жер қойнауы учаскесін азайту туралы өтінішке жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған, жер қойнауы учаскесін азайтуға байланысты барлау жұмыстарының жобасына толықтыру да қоса беріледі.»;
«39. Осы Кодекстің күрделі жобалар және күрделі жобалар бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарттар бойынша ережелері:
1) осы Кодекстің 120-бабына сәйкес жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға (жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға толықтыруларға);
2) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен өнімді бөлу туралы келісімдерге (келісімшарттарға) және Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа қолданылмайды.
40. 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушының бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде:
жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 36-бабы 1-2-тармағының 1) немесе 2) тармақшасында көрсетілген бір немесе бірнеше өлшемшарттарға сәйкес келетін жер қойнауы учаскесі бойынша барлау кезеңінде болса не жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 36-бабы 1-2-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген өлшемшартқа сәйкес келетін жер қойнауы учаскесі бойынша барлау және (немесе) өндіру кезеңінде болса;
жер қойнауын пайдаланушыда өтініш беру кезінде құзыретті органның хабарламасында көрсетілген, бастапқы келісімшарт бойынша міндеттемелерді жойылмаған бұзушылықтар болмаса;
жер қойнауын пайдаланушы өтініш берілген жылдың алдындағы кезеңде жұмыс бағдарламасында көзделген жұмыстардың іс жүзіндегі көлемін толық орындаса немесе барлау кезеңі жұмыстарының бағдарламасын толық көлемде орындаса, осы Кодекстің 36-бабының 1-2-тармағында көзделген күрделі жоба (жобалар) өлшемшарттарының кем дегенде біреуіне сәйкес келетін жер қойнауы учаскелеріне қатысты осы Кодекстің 36-бабы 1-1-тармағының 1) немесе 2) тармақшаларында көзделген шарттарға сәйкес күрделі жоба бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшарттың талаптарына өтуге құқығы бар.
Күрделі жоба бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшарттың талаптарына өту жер қойнауын пайдаланушының құзыретті органға беретін өтініші бойынша жүзеге асырылады.
Өтініште жер қойнауын пайдаланушы туралы мәліметтерден басқа, күрделі жоба бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшарттың талаптарына өту негіздері көрсетіледі.
Өтінішке мыналар қоса беріледі:
күрделі жоба бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшарттың талаптарына сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың жаңа редакцияда жазылуы көзделетін осындай келісімшартқа толықтырудың жобасы;
осы Кодекстің 36-бабының 5-1-тармағына сәйкес өтініш иесі айқындаған, күрделі жоба бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартқа енгізілуге жататын, кадрлардағы елішілік құндылық бойынша ең төменгі міндеттемелер;
осы Кодекстің 36-бабы 1-2-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген күрделі жобаларға қатысты - осы Кодекстің 36-бабы 1-3-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген құжаттардың кез келгені.
Осы тармаққа сәйкес күрделі жоба бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған үлгілік келісімшарттың талаптарына өту кезінде барлау мерзімі (кезеңі) осындай келісімшарт бойынша барлаудың іс жүзінде пайдаланылған мерзімі шегеріле отырып, осы Кодекстің 116 және 117-баптарының ережелері ескеріліп айқындалатын барлаудың ең көп мерзімі шегінде айқындалады.
Егер Каспий немесе Арал теңізінің қазақстандық секторы шегінде толық немесе ішінара орналасқан жер қойнауы учаскелеріндегі келісімшарттарды қоспағанда, осы Кодекс қолданысқа енгізілген күнге дейін жасалған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы күрделі жоба бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшарттың талаптарына өту кезінде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» 2010 жылғы 24 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының ережелеріне сәйкес индустриялық-инновациялық қызмет субъектісі ретінде жер қойнауын пайдаланушыға берілсе, мұндай келісімшартта жер қойнауын пайдаланушының тиісті инвестициялық жобаны іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемесі, сондай-ақ келісімшарттың талаптарында көзделген, осындай инвестициялық жобаны іске асыруға байланысты өзге де ілеспе міндеттемелер, оның ішінде шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелер көзделуге тиіс.
Егер бастапқы келісімшарт бойынша бірнеше жер қойнауы учаскелері (кен орындары) болса, олардың бір бөлігі осы Кодекстің 36-бабының 1-2-тармағында көзделген күрделі жобаның (жобалардың) өлшемшартына сәйкес келмесе, осы тармаққа сәйкес күрделі жобалар бойынша үлгілік келісімшарттың талаптарына өту осы Кодекстің 36-бабының 1-2-тармағында көзделген күрделі жобаның өлшемшартына сәйкес келетін жер қойнауы учаскесіне (кен орнына) қатысты ғана жер қойнауының тиісті учаскесін (жер қойнауы учаскелерін) және (немесе) кен орнын (кен орындарын) күрделі жоба бойынша үлгілік келісімшарт талаптарында жеке келісімшартқа бөліп шығару арқылы жүзеге асырылады.
Өтініш құзыретті органға келіп түскен күнінен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
Егер келісімшартқа толықтыру жобасы бойынша өтінішті қарау нәтижелері бойынша ескертулер болса, құзыретті орган бұл туралы өтініш иесін хабардар етеді. Құзыретті органның ескертулерімен келіскен жағдайда өтініш иесі оларды жоюға және құзыретті органға келісімшартқа толықтырудың пысықталған жобасын жіберуге құқылы. Ескертулерді жою кезеңінде өтінішті қарау мерзімі тоқтатыла тұрады. Өтініш иесі құзыретті органның ескертулерімен келіспеген жағдайда, өтініш иесі оларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен дау айтуға құқылы.
Құзыретті орган өтінішті қарау нәтижелері бойынша келісімшартқа толықтыруға қол қояды және оны өтініш иесіне жібереді не күрделі жоба бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшарттың талаптарына өтуден мынадай:
өтініш және (немесе) оған қоса берілетін құжаттар осы тармақтың талаптарына сәйкес келмеген;
өтініш иесі құзыретті органның осы тармақтың жетінші бөлігіне сәйкес жіберілген ескертулерін жоймаған немесе өтініш иесі жоюдан бас тартқан жағдайларда, бас тартады.
Осы баптың 12, 13, 32, 33, 34 және 35-тармақтарының ережелері осы тармаққа сәйкес күрделі жоба бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшарттың талаптарына өтуге қолданылмайды.».
8-тармақ 2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді
8. «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» 1994 жылғы 21 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 1-баптың 3) тармақшасы «гидротехникалық құрылыстарды» деген сөздерден кейін «(шлюздерді)» деген сөзбен толықтырылсын;
2) 18-бапта:
үшінші бөліктегі «Тасымалдаушының» деген сөз «Егер осы баптың бесінші бөлігінде өзгеше көзделмесе, тасымалдаушының» деген сөздермен ауыстырылсын;
төртінші бөліктегі «Жолаушы» деген сөз «Егер осы баптың алтыншы бөлігінде өзгеше көзделмесе, жолаушы» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы бесінші және алтыншы бөліктермен толықтырылсын:
«Әуе көлігінің тасымалдаушысы жолаушыны межелі пунктіне жеткізу мерзімін өткізіп алғаны үшін, егер мерзімін өткізіп алу еңсерілмейтін күш салдарынан орын алғанын дәлелдей алмаса, жолаушы шеккен шығынды өтеуден басқа, егер бұл осындай мерзімін өткізіп алуға байланысты орын алған болса, мерзімін өткізіп алған әрбір сағат үшін тариф (мерзімін өткізіп алу орын алған ұшу учаскесі тарифі) құнының үш пайызы мөлшерінде айыппұл төлейді.
Айыппұл сомасын сатып алынған тариф (мерзімін өткізіп алу орын алған ұшу учаскесі тарифі) құнынан асыруға болмайды.»;
оныншы бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Егер осы баптың он үшінші бөлігінде және Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, тасымалдаушы рейстер сегіз және одан да көп сағатқа кешіктірілген кезде жолаушыларға, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың мұқтажын ескере отырып, өз есебінен қонақүйден орын және тамақ беруге міндетті.»;
мынадай мазмұндағы он бірінші бөлікпен толықтырылсын:
«Әуе көлігінің тасымалдаушысы өз кінәсінен немесе әуе кемесінің кеш келуі салдарынан рейс мәртебесі өзгерген кезде жолаушыларға қонақүйде орналастыру, тамақтандыру бойынша көрсетілетін қызметтерді және «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өзге де көрсетілетін қызметтерді өз есебінен ұсынуға міндетті.»;
3) 25-баптың төртінші бөлігіндегі «уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды» деген сөздер «және қалалық рельсті көліктегі қауіпсіздік қағидаларын уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді» деген сөздермен ауыстырылсын.
9-тармақ 2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді
9. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі туралы» 1995 жылғы 3 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 12-баптың бірінші бөлігінің 8) тармақшасындағы «ұшу аппараттары» деген сөздер «әуе кемелері» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 13-баптың бірінші бөлігінің 6) тармақшасындағы «ұшу аппараттары» деген сөздер «әуе кемелері» деген сөздермен ауыстырылсын.
10-тармақ 2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді
10. «Қазақстан Республикасындағы ұлттық қауіпсіздік органдары туралы» 1995 жылғы 21 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 15-3-баптың 1-тармағының 11) тармақшасындағы «ұшу аппараттарымен бұзудың» деген сөздер «әуе кемелері бұзуының» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 15-4-баптың 1-тармағының 12) тармақшасындағы «ұшу аппараттары» деген сөздер «әуе кемелері» деген сөздермен ауыстырылсын.
11-тармақ 2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді
11. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:
27-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 7-2) тармақшамен толықтырылсын:
«7-2) коммуналдық меншіктегі әуеайлақтарды (әуежайларды) пайдалануды және күтіп-ұстауды қамтамасыз етеді;».
12-тармақ 2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді
12. «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» 2001 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1-баптың 25-1) тармақшасында:
«пайдалануды» деген сөз «пайдалану» деген сөзбен ауыстырылсын;
«қызметін реттейтін» деген сөздер «қызметі туралы» деген сөздермен ауыстырылсын.
13. «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:
13-тармақтың 1) тармақшасы 2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді
1) 68-бап мынадай мазмұндағы 16-тармақпен толықтырылсын:
«16. Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әуеайлақ жабдығының және әуе кемелері ұшуының адамдардың денсаулығы мен жеке және заңды тұлғалардың қызметіне ықтимал теріс әсерлері ескеріле отырып, ұшу қауіпсіздігі талаптарын сақтау үшін әуеайлақ маңындағы аумақта құрылыс салу «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектеулер ескеріле отырып жүзеге асырылады.»;
13-тармақтың 2) тармақшасы 2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
2) 69-бап мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
«2-1. Белгіленген кепілді мерзімі ішінде, қабылданған конструктивтік, инженерлік немесе технологиялық шешімдерге байланысты анықталған сәйкессіздіктер мен бұзушылықтар бойынша жауапкершілік Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен авторлық және техникалық қадағалауға жүктеледі.».
14. «Автомобиль жолдары туралы» 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 1-бапта:
1) және 1-1) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
14-тармақтың 1) тармақшасының үшінші абзацы 2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді
«1) автоматтандырылған өлшеу станциясы - метрологиялық салыстырып тексеруден өткен, фото- және бейнетүсірілімді жүзеге асыратын, автоматты режимде жұмыс істейтін, автомобиль көлігі құралдарының түрін, маркасын, мемлекеттік тіркеу белгісін, салмақтық және габариттік параметрлерін, осьтік жүктемелерін және жүру жылдамдығын тіркейтін сертификатталған арнаулы бақылау-өлшеу техникалық құралдарының, аспаптар мен жабдықтардың зияткерлік көлік жүйесімен интеграцияланған кешені;
1-1) Автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператор (бұдан әрі - Ұлттық оператор) - осы Заңда белгіленген өкілеттіктерді жүзеге асыратын, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын акционерлік қоғам;»;
мынадай мазмұндағы 1-2) тармақшамен толықтырылсын:
«1-2) автомобиль жолдарын басқарушылар - автомобиль жолдарының меншік иелері болып табылатын немесе мемлекеттік тапсырманы орындау шеңберінде шарттардың, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарының, оның ішінде концессия шарттарының, мүлікті сенімгерлік басқару, жалпыға ортақ пайдаланылатын облыстық немесе аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын немесе олардың учаскелерін өтеусіз пайдалану шарттарының негізінде шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында автомобиль жолдарын басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;»;
13-3) тармақшада:
«автомобиль жолдарын, салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау кезінде» деген сөздер алып тасталсын;
«жалпыға ортақ пайдаланылатын» деген сөздер алып тасталсын;
15-2) тармақшадағы «Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықаралық және республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын» деген сөздер алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 19-1) тармақшамен толықтырылсын:
«19-1) жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама - автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау кезіндегі техникалық зерттеп-қарау жөніндегі сараптама жұмыстарының түрі;»;
2) 3-баптың 7-тармағының үшінші бөлігі «аудандардың» деген сөзден кейін «(облыстық маңызы бар қалалардың)» деген сөздермен толықтырылсын;
3) 4-баптың 7-тармағы «жолдары» деген сөзден кейін «және жол қызметінің объектілері» деген сөздермен толықтырылсын;
4) 5-баптың 4-тармағындағы «кіру пунктін кесіп өткен» деген сөздер «кірген» деген сөзбен ауыстырылсын;
5) 5-2-баптың 1-тармағында:
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«1) қызметтік міндеттерін орындаған кезде:
жедел медициналық жәрдем ұйымдарының;
авариялық-құтқару қызметтерінің;
құқық қорғау органдарының;
көліктік бақылау органдарының;
арнаулы мемлекеттік органдардың;
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың;
жалпыға ортақ пайдаланылатын халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолдарын (учаскелерін) күтіп-ұстауды және оларға техникалық қызмет көрсетуді тікелей жүзеге асыратын Ұлттық оператордың арнаулы автокөлік құралдары;»;
2) тармақшаның төртінші абзацындағы «үшін босатылады.» деген сөздер «үшін;» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:
«3) Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жеңіл автомобильдері босатылады.»;
6) 9-баптың 2-тармағының бірінші бөлігінде:
«кеден органдары» деген сөздер «кедендік» деген сөзбен ауыстырылсын;
14-тармақтың 6) тармақшасының үшінші абзацы 2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді
«тіреуіштерді» деген сөзден кейін «, автоматтандырылған өлшеу станцияларын» деген сөздермен толықтырылсын;
7) 12-баптың 2-тармағында:
36) тармақшадағы «автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау кезінде» деген сөздер алып тасталсын;
36-1) тармақшадағы «жалпыға ортақ пайдаланылатын» деген сөздер алып тасталсын;
36-2) тармақшадағы «халықаралық және республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын» деген сөздер алып тасталсын;
38-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«38-1) жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу жөніндегі жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер құнын айқындау, сондай-ақ автомобиль жолдарының жол активтерін басқару әдістемесін әзірлеу және бекіту;»;
43) тармақшадағы «жалпыға ортақ пайдаланылатын» деген сөздер алып тасталсын;