3. Ғылыми құқықтық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ ғылыми құқықтық сарапшыларды іріктеу қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
33-3-бап. Ғылыми құқықтық сарапшының құқықтары мен міндеттері
1. Ғылыми құқықтық сарапшы:
1) ғылыми құқықтық сараптаманы жүзеге асыру үшін, оның ішінде ғылыми сараптама қызметін жүргізу барысында туындайтын мәселелер бойынша материалдарды қорытынды беруге қажетті көлемде алуға;
2) орындалған жұмыс үшін сыйақы алуға;
3) сараптама қызметін жазбаша өтініш негізінде алты айдан аспайтын мерзімге тоқтата тұруға құқылы.
Сараптама қызметін тоқтата тұру сарапшыны бұрын берген қорытынды бойынша жоғарыда көрсетілген құқықтарды пайдалану мүмкіндігінен айырмайды.
2. Ғылыми құқықтық сарапшы:
1) ғылыми құқықтық сараптама процесіне тартылмаған өзге де тұлғалармен сараптама жүргізуге байланысты мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуге;
2) ғылыми құқықтық сараптаманы жүзеге асыруға үшінші тұлғаларды тартуға;
3) ғылыми құқықтық сараптама нысанасын құрайтын материалдарды және өзіне ғылыми құқықтық сараптаманы жүзеге асыруға байланысты белгілі болған өзге де мәліметтерді жария етуге;
4) ғылыми құқықтық сараптама жүргізілетін нормативтік құқықтық акт жобасының атауы мен мазмұнын, сондай-ақ ғылыми құқықтық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ ғылыми құқықтық сарапшыларды іріктеу қағидаларына сәйкес ресми жарияланған кезіне дейін сараптама қорытындысының мазмұнын жария етуге құқылы емес.
3. Ғылыми құқықтық сарапшы:
1) өзіне берілген ақпарат пен материалдар негізінде жан-жақты, толық және объективті ғылыми құқықтық сараптама жүргізуге, сараптама қорытындысына қойылатын талаптарға сәйкес қойылған мәселелер бойынша ғылыми негізделген тәуелсіз және объективті жазбаша қорытынды беруге;
2) ғылыми құқықтық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ ғылыми құқықтық сарапшыларды іріктеу қағидаларында көзделген жағдайларда ғылыми құқықтық сараптама жүргізуден бас тартуға;
3) бұрын берілген қорытындыға байланысты мәселелер бойынша консультациялар мен түсініктер беруге;
4) бұрын өзі берген қорытындыны түсіндіру үшін заң жобасын Қазақстан Республикасының Парламентінде талқылауға қатысуға міндетті.
Ғылыми құқықтық сарапшының заң жобасын Қазақстан Республикасының Парламентінде талқылауға қатысуы ол жүрген не тұратын жермен бейнеконференцбайланыс құралдарын пайдалана отырып жүргізілуі мүмкін. Бейнеконференцбайланыс құралдарын техникалық қолдану тәртібін Қазақстан Республикасы Парламентінің қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын орган айқындайды.
33-4-бап. Ғылыми құқықтық сарапшының қарсылық білдіруі
1. Ғылыми құқықтық сарапшының ғылыми құқықтық сараптама жүргізуге қатысуын болғызбайтын мән-жайлар болған кезде ғылыми құқықтық сарапшы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын уәкілетті ұйымды ғылыми құқықтық сараптама жүргізу үшін материалдар ғылыми құқықтық сарапшыға жіберілген кезден бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде хабардар етіп, оны жүргізуден бас тартуға міндетті.
2. Ғылыми құқықтық сарапшы, егер:
1) өзіне ғылыми құқықтық сараптамаға жіберілген заң жобасы тұжырымдамасының жобасын және заң жобасын келісу процесіне бұрын қатысса;
2) әзірлеуші органның қызметкері болып табылса;
3) ғылыми құқықтық сараптама жүргізу нысанасы ғылыми білімінің шегінен тыс болса не өзіне ұсынылған материалдар қорытынды беру үшін жеткіліксіз болса не өзінің ғылыми құқықтық сараптаманың объективті және тәуелсіз сараптама қорытындысын беруін болғызбайтын өзге де мән-жайлар болса, ғылыми құқықтық сараптама жүргізуге қатыса алмайды.
33-5-бап. Ғылыми құқықтық сарапшымен шартты бұзу негіздері
1. Ғылыми құқықтық сарапшымен шартты бұзуға мыналар негіз болып табылады:
1) ғылыми құқықтық сарапшының міндеттемелерді орындамауы не бірнеше рет (үш және одан көп рет) тиісінше орындамауы;
2) ғылыми құқықтық сарапшының Қазақстан Республикасы Парламенті депутатының, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі мүшесінің, мәслихат депутатының өкілеттіктерін атқаруы;
3) ғылыми құқықтық сарапшының өтініші;
4) шартта көзделген өзге де негіздер.
2. Сот талап қоюды қанағаттандыру немесе ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған жағдайларды қоспағанда, ғылыми құқықтық сарапшымен шарт осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіз бойынша бұзылғаннан кейін онымен шарт бір жыл бойы жасалмайды.»;
22) 34-баптың 2-тармағында:
6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«6) Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін, сондай-ақ кірмейтін орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдардың және орталық мемлекеттік органдар ведомстволарының, оның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің нормативтік құқықтық актілері үшін - Қазақстан Республикасының Үкіметі және осындай органдар туралы заңнамалық актілерде, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында, Қазақстан Республикасы Үкіметінің осындай органдардың қызметін реттейтін қаулыларында;»;
мынадай мазмұндағы екінші, үшінші және төртінші бөліктермен толықтырылсын:
«Осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген нормативтік құқықтық актілерді қабылдау кезінде нормативтік құқықтық актіні әзірлеуші орган қабылданған заңды ақпараттық сүйемелдеу және түсіндіру бағдарламасын бекітеді.
Ақпараттық сүйемелдеу және түсіндіру бағдарламасы деп азаматтарға Қазақстан Республикасының заңнамасындағы өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын өзгерістер туралы хабар беру және оларды түсіндіру, сондай-ақ қабылданған заңның тиімді іске асырылуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар тізбесі түсініледі.
Ақпараттық сүйемелдеу және түсіндіру бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару қызметінің қағидаларында айқындалатын тәртіппен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігімен және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органмен міндетті түрде келісіледі.»;
23) мынадай мазмұндағы 35-1-баппен толықтырылсын:
«35-1-бап. Орталық мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволарының, сондай-ақ мәслихаттардың, әкімдіктердің, әкімдердің және облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық актілерін олардың күшіне енуінің шарты ретінде мемлекеттік тіркеу
1. Осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген нормативтік құқықтық актілер әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жатады. Мұндай тіркеу олардың күшіне енуінің қажетті шарты болып табылады.
2. Нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу:
1) осы Заңның 18-бабының 6-тармағына сәйкес әділет органдары бұрын келіскен нормативтік құқықтық актіге қатысты әділет органдарының заң сараптамасын жүргізуін;
2) мемлекеттік тіркеу нөмірін бере отырып, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне нормативтік құқықтық акт туралы мәліметтер енгізуді қамтиды.
3. Осы баптың 1-тармағының талаптары:
1) мемлекеттік құпияларды қамтитын нормативтік құқықтық актілерге;
2) уәкілетті органдардың басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау тәртібін реттейтін және үшінші тұлғаларға қолданылмайтын нормативтік құқықтық актілерге;
3) мемлекеттік органның мәртебесі мен өкілеттігін айқындайтын нормативтік құқықтық актілерге;
4) үлгілік нормативтік құқықтық актілер негізінде әзірленген және қосымша құқық нормаларын қамтымайтын нормативтік құқықтық актілерге;
5) тізбесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ұсыныстары негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін нормативтік құқықтық актілерге қолданылмайды.
4. Мемлекеттік тіркеуден бас тарту үшін мыналар негіз болып табылады:
1) мемлекеттік тіркеуге жататын нормативтік құқықтық актіні осындай тіркеуге нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидаларының талаптарын бұза отырып ұсыну;
2) заң сараптамасы жүргізілгеннен кейінгі кезеңде қабылданған немесе күшіне енген жоғары тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерге қайшылықтың анықталуы;
3) осы Заңда белгіленген талаптардың сақталмауы.
Нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеуден бас тартуға мүдделі мемлекеттік орган сот тәртібімен шағым жасай алады.
5. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген, мемлекеттік тіркеуге жататын нормативтік құқықтық актілердің күшін оларды шығарған орган жоюға тиіс.
6. Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.»;
24) 37-баптың 1-тармағының екінші бөлігіндегі «басылымдар» деген сөз «баспасөз басылымдары» деген сөздермен ауыстырылсын;
25) 38, 39 және 41-баптар алып тасталсын;
26) 42-бапта:
1-тармақтың екінші бөлігіндегі «44» деген цифрлар «35-1» деген цифрлармен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
«4-1. Нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізу мерзімдері реттеу субъектілеріне қызметін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленетін талаптарға сәйкес жүзеге асыруға дайындалу үшін қажетті мерзімдерді негізге ала отырып белгіленуге тиіс.
Мемлекеттік органдар мен ұйымдарды қоспағанда, реттеу субъектілерінің жаңа міндеттерін белгілейтін заңдарды немесе олардың жекелеген нормаларын қолданысқа енгізу мерзімдері міндеттерді орындауға дайындалу үшін қажетті мерзімдерді негізге ала отырып айқындалады және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күннен кем болмайды.
Реттеушілік құралдардың енгізілуіне немесе пайдаланылуына байланысты кәсіпкерлік субъектілеріне қосымша талаптарды, міндеттерді немесе жүктемені өзгеше ұлғайтуды белгілейтін жекелеген нормалар, оның ішінде кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің нысандары мен құралдары оларға міндеттерді орындауға дайындалу үшін қажетті, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күннен бұрын қолданысқа енгізілмейді.
Осы тармақтың үшінші бөлігінің талаптары орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ қаржы ұйымдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерлері филиалдарының және сақтандыру топтары мен банк конгломераттары құрамына кіретін тұлғалардың қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің жобаларына қолданылмайды.
Нормативтік құқықтық актілерді қолданысқа енгізу тәртібі мен мерзімдері реттеу субъектілеріне нұқсан келтірмеуге тиіс.»;
5 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Бұрын заңдық жауаптылыққа алып келмеген әрекеттер (әрекетсіздік) үшін заңдық жауаптылықты көздейтін не бұрынғымен салыстырғанда анағұрлым қатаң жауаптылықты белгілейтін заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткенге дейін қолданысқа енгізілмейді.
6. Жекелеген қызмет түрлеріне (кіші түрлеріне) қойылатын біліктілік немесе рұқсат беру талаптарын және біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесін, сондай-ақ экспорты мен импорты лицензиялауға жататын жекелеген тауарлар тізбелерін бекітетін нормативтік құқықтық актілер алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткенге дейін қолданысқа енгізілмейді.»;
27) 43-баптың 3 және 4-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Азаматтарға жаңа міндеттерді жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды.
4. Жауаптылықты белгілейтін немесе күшейтетін заңдардың кері күші болмайды.»;
28) 44-бап алып тасталсын;
29) 49-бапта:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Әділет органдарында тіркелген нормативтік құқықтық актіде әділет органдары осы Заңның 35-1-бабы 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген бұзушылықтарды анықтаған кезде әділет органдары тиісті нормативтік құқықтық актіні қабылдаған уәкілетті органды бұзушылықтарды жою қажеттілігі туралы хабардар етеді.
Уәкілетті орган хабарламада белгіленген мерзімдерде осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актіні Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келтіру жөніндегі шараларды қабылдамаған жағдайда, әділет органдары осындай нормативтік құқықтық актіні заңсыз деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінеді.»;
4-тармақ алып тасталсын;
30) 50-баптың 1 және 3-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Құқықтық мониторинг қабылданған нормативтік құқықтық актілерде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшылықтарды, қайталануларды, олқылықтарды, тиімсіз іске асырылатын, ескірген және сыбайлас жемқорлықтық құқық нормаларын анықтау және қабылданған нормативтік құқықтық актілерді іске асыру тиімділігін болжау, талдау, бағалау арқылы оларды жетілдіру жөнінде ұсыныстарды тұжырымдау мақсатында жүргізіледі.»;
«3. Мемлекеттік органдар құқықтық мониторингті қоғамдық және ғылыми ұйымдардың, азаматтардың ұсынымдарын ескере отырып жүргізеді.»;
31) 51-бапта:
мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Қоғамдық кеңестер азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерге қоғамдық мониторинг жүргізуге құқылы.»;
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Қоғамдық мониторинг нәтижелері тиісті мемлекеттік органның және Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми интернет-ресурстарында жыл сайын орналастырылады.»;
мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
«3. Нормативтік құқықтық актілерге қоғамдық мониторингті өзге де мүдделі тұлғалар жүргізуі мүмкін.»;
32) 53-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«53-бап. Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік есепке алу
1. Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік есепке алу Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізуді Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын уәкілетті ұйым жүзеге асырады.
3. Уәкілетті органдар Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін осы Заңның 35-бабына сәйкес нормативтік құқықтық актілерге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталған нормативтік құқықтық актілердің көшірмелерін оларды жүргізуге жауапты уәкілетті ұйымға қағаз түрінде және электрондық түрде жібереді.
Осы Заңның 35-1-бабына сәйкес әділет органдары электрондық түрде тіркеген нормативтік құқықтық акт Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін уәкілетті ұйымға автоматты түрде жіберіледі.
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне осы Заңның 35-бабына сәйкес оған қол қоюға уәкілеттік берілген адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталған нормативтік құқықтық акт қағаз түрінде және (немесе) электрондық түрде енгізіледі.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізу тәртібін айқындайды.
5. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесін құрады, орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарға анықтамалық-ақпараттық жұмыста көмек көрсетеді.»;
33) 59-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің мәні оларды түсіндіру кезінде Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарға және заңнамалық реттеу қағидаттарына толық сәйкестікте ашылуға тиіс.»;
мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
«2-1. Заң нормаларын түсіндіру оларда баянды етілген заңнамалық реттеу қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылады.».
2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2021 жылғы 12 наурыз
№ 15-VІІ ҚРЗ