154-бап. Мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру кезiндегi құқықтары мен мiндеттерi
1. Мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының тексерiлетiн субъектiлерге бақылау және қадағалау жүргiзу кезiнде:
1) осы Кодекстің 147-бабының 3-тармағында көрсетiлген құжаттарды көрсеткен кезде тексерiлетiн объектiнiң аумағына және үй-жайына кедергiсiз кiруге;
2) қағаз және электрондық жеткiзгiштердегi құжаттарды (мәлiметтердi) не олардың көшiрмелерiн тексеру нәтижелерi туралы актiге қоса тіркеу үшiн алуға, сондай-ақ тексерудiң мiндеттерi мен нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорға (ақпараттық жүйелерге) қол жеткiзуге;
3) мемлекеттiк органдардың және ведомстволық бағынысты ұйымдардың мамандарын, консультанттарын және сарапшыларын тартуға құқығы бар.
2. Бақылау және қадағалау органдарының тексерудi жүзеге асыратын лауазымды адамдарына тексеру нысанасына жатпайтын талаптар қоюға және өтiнiш жасауға тыйым салынады.
3. Бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдары бақылау және қадағалау жүргiзу кезiнде:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, тексерiлетiн субъектiлердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн сақтауға;
2) тексерудi осы Кодексте және (немесе) Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген негiзде және тәртiппен қатаң сәйкестiкте жүргiзуге;
3) тексерiлетiн субъектiлердiң белгiленген жұмыс режимiне тексеру жүргiзу кезеңiнде кедергi келтірмеуге;
4) осы Кодекстің 132-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарды бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берiлген өкiлеттiктердi уақтылы және толық көлемде орындауға;
5) тексеру жүргiзу кезiнде тексерiлетiн субъектiнiң қатысуына кедергi келтiрмеуге, тексеру нысанасына жатқызылған мәселелер бойынша түсiнiктер беруге;
6) тексерiлетiн субъектiге тексеру жүргiзу кезiнде оның нысанасына қатысты қажеттi ақпарат беруге;
7) тексеру аяқталған күнi не «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде жүргiзiлген тексерудiң нәтижелерi туралы актiнi тексерiлетiн субъектiге тапсыруға;
8) тексеру жүргiзу нәтижесiнде алынған құжаттардың және мәлiметтердiң сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
155-бап. Тексерiлетiн субъектiнiң не оның уәкілетті өкілінің бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру кезiндегi құқықтары мен мiндеттерi
1. Бақылау және қадағалау жүзеге асырылу кезiндегі тексерiлетiн субъектiлер не олардың уәкілеттік берілген өкілдері:
1) тексеру жүргiзу үшiн келген бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарын объектiге тексеруге жiбермеуге:
Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінде көрсетілген, осы Кодекстің 141-бабына сәйкес бекітілген тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі бойынша тексерулер және ішінара тексерулер жүргізу мерзімділігі сақталмаған;
осы Кодексте белгiленген мерзiмдерге сәйкес келмейтін тексеру тағайындау туралы актiде көрсетiлген мерзiмдер асып кеткен не өтiп кеткен;
осы Кодекстің 144-бабы 3-тармағының 2), 8), 9) және 10) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, бақылау және қадағалау органы сол бiр кезеңде сол бiр мәселе бойынша бұрын тексеру жүргiзiлген тексерiлетiн субъектiге (объектіге) тексеру тағайындаған;
егер алдыңғы тексеру кезiнде бұзушылықтар анықталмаған болса, осы Кодекстің 144-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес жоспардан тыс тексеру тағайындалған;
осы Кодекстің 141, 143-баптарында және 146-бабының 1-тармағында көзделген ақпарат пен құжаттар болмаған;
егер «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) өзгеше көзделмесе, жасалған не әзірленіп жатқан қылмыстық бұзушылықтар туралы арызда немесе хабарда, жеке, заңды тұлғалардың және мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерiнің бұзылуы туралы өзге де өтiнiштерде көрсетiлген уақыт аралығы шеңберiнен шығатын кезеңде тексеру тағайындалған;
тиiстi өкiлеттiктерi жоқ адамдарға тексеру жүргiзу тапсырылған;
осы Кодекстің 144-бабының 2-тармағында көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, тексерудi тағайындау туралы бiр актiде тексеруге тартылатын бiрнеше тексерiлетiн субъект көрсетiлген;
тексеру мерзiмдерi осы Кодексте белгiленген мерзiмнен асырып ұзартылған;
осы Кодекстің 156-бабының 2-тармағына сәйкес осы Кодекстің талаптары өрескел бұзылған жағдайларда;
2) егер жүргiзiлетiн тексерудiң нысанасына жатқызылмаған немесе актiде көрсетiлген кезеңге жатқызылмаған болса, мәлiметтер бермеуге;
3) тексерудi тағайындау туралы актiге, тексерудiң нәтижелерi туралы актiге және мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасауға;
4) бақылау және қадағалау органдарының немесе лауазымды адамдардың тексерiлетiн субъектiлердiң қызметiн шектейтiн, заңға негiзделмеген тыйым салуларын орындамауға;
5) тексерудi жүзеге асыру процесiн, сондай-ақ лауазымды адамның қызметiне кедергi келтiрместен, аудио- және бейнетехника құралдарының көмегiмен лауазымды адамның тексеру шеңберiнде жүргізген жекелеген әрекеттерiн тiркеуге;
6) өз мүдделерi мен құқықтарын бiлдiруі, сондай-ақ үшiншi тұлғалардың осы тармақтың 5) тармақшасында көзделген әрекеттердi жүзеге асыруы мақсатында үшiншi тұлғаларды тексеруге қатысуға тартуға құқылы.
2. Бақылау және қадағалау органдары тексерулер немесе тексерілетін объектіге бару арқылы бақылаудың және қадағалаудың өзге нысандарын жүргiзген кезде тексерiлетiн субъектiлер не олардың уәкілетті өкілдері:
1) осы Кодекстің 146-бабы 1-тармағының талаптары сақталған кезде, тексерiлетiн субъектiнiң аумағына және үй-жайына бақылау және қадағалау органдары лауазымды адамдарының кедергiсiз кiруiн қамтамасыз етуге;
2) коммерциялық, салықтық не өзге де құпияны қорғау талаптарын сақтай отырып, бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарына қағаз және электрондық жеткiзгiштердегi құжаттарды (мәлiметтердi) не тексерудiң нәтижелерi туралы актiге қоса тiркеу үшiн олардың көшiрмелерiн ұсынуға, сондай-ақ тексерудiң мiндеттерi мен нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділік беруге;
3) тексерудi тағайындау туралы актiнiң екiншi данасында алғаны туралы белгi қоюға;
4) жүргiзiлген тексерудің нәтижелерi туралы актiнiң екiншi данасында ол аяқталған күні алғаны туралы белгi қоюға;
5) егер осы Кодексте не Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше көзделмесе, тексерудi жүзеге асыру кезеңiнде тексерiлетiн құжаттарға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге жол бермеуге;
6) объектiге тексеру жүргiзу үшiн келген адамдардың осы объект үшiн белгiленген нормативтерге сәйкес зиянды және қауiптi өндiрiстiк факторлардың әсерiнен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге;
7) хабарлама алған жағдайда, тексеру тағайындалған мерзімде тексерілетін объект тұрған жерде болуға мiндеттi.
156-бап. Осы Кодекстің талаптарын өрескел бұза отырып жүргiзiлген тексерудiң жарамсыздығы
1. Егер бақылау және қадағалау органы жүргізген тексеру осы Кодексте белгiленген тексерулердi ұйымдастыру мен жүргiзуге қойылатын талаптар өрескел бұзыла отырып жүзеге асырылса, тексеру жарамсыз деп танылады.
Жарамсыз деп танылған тексеру актiсi осы Кодекстің 132-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарды тексерiлетiн субъектiлердiң бұзуының дәлелдемесі болып табылмайды.
Тексерудiң жарамсыз деп танылуы жоғары тұрған мемлекеттiк органның немесе соттың осы тексеру актісінің күшiн жоюына негiз болып табылады.
Жоғары тұрған мемлекеттiк органның тексерудiң жарамсыздығына байланысты актiнiң күшiн жою туралы тексерiлетiн субъектiнiң өтiнiшiн қарауы өтiнiш берiлген кезден бастап он жұмыс күнi iшiнде жүзеге асырылады.
Мұндай өтiнiштi қараудың белгiленген мерзiмiн бұзу тексерiлетiн субъектiнiң пайдасына шешiледi.
2. Осы Кодекстің талаптарын өрескел бұзушылыққа:
1) тексеру жүргiзу негiздерінiң болмауы;
2) тексеру тағайындау туралы актiнiң болмауы;
3) тексеру жүргiзу туралы хабарлама мерзiмдерiнiң сақталмауы;
4) осы Кодекстің 151-бабының талаптарын бұзу;
5) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көрсетілген, осы Кодекстің 141-бабына сәйкес бекітілген тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі бойынша тексерулер және ішінара тексерулер жүргізу мерзімділігін бұзу;
6) тексерiлетiн субъектiге тексеруді тағайындау туралы актiнi ұсынбау;
7) мемлекеттiк органдардың өздерiнiң құзыретiне кiрмейтiн мәселелер бойынша тексерулер тағайындауы;
8) тексерудi тағайындау туралы актiнi тiркеу мiндеттi болғанда, оны құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi органдарда тiркеместен, тексеру жүргiзу;
9) осы Кодекстің 148-бабында көзделген тексерулер жүргізу мерзімдерін бұзу жатады.
157-бап. Бақылау және қадағалау органдары мен олардың лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау тәртібі
1. Бақылау және қадағалауды жүзеге асыру кезінде тексерілетін субъектінің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, тексерiлетiн субъект бақылау және қадағалау органдары мен олардың лауазымды адамдарының шешімдеріне әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) осы Кодекстің 29-тарауында көзделген тәртіппен жоғары тұрған мемлекеттiк органға не Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен сотқа шағым жасауға құқылы.
2. Тексерiлетiн субъект мемлекеттiк органдардың және лауазымды адамдардың қылмыстық iстi тергеп-тексеруге байланысты шешімдеріне, әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) шағым жасауды Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде белгiленген тәртiппен жүзеге асырады.
3-параграф. Инвестициялық келiсiмшарттар талаптарының сақталуын бақылау
158-бап. Инвестициялық келiсiмшарттар талаптарының сақталуын бақылау нысандары
Инвестициялық келiсiмшарттар талаптарының сақталуын бақылауды инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган мынадай:
1) осы Кодекстің 159-бабының 1-тармағына сәйкес ұсынылған есептердi зерделеу және талдау негiзiнде жүзеге асырылатын камералдық бақылау;
2) инвестициялық қызмет объектiсiне бару, оның iшiнде жұмыс бағдарламасын және инвестициялық келiсiмшарт талаптарын орындау жөнiндегi құжаттарды қарау нысандарында жүзеге асырады.
159-бап. Инвестициялық келісімшарттар талаптарының сақталуын бақылауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібі
1. Инвестициялық келiсiмшарт жасасқаннан кейiн Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган белгілейтін нысан бойынша инвестициялық келісімшарттың орындалуы туралы жартыжылдық есептерді жиырма бесінші шілдеден және жиырма бесінші қаңтардан кешіктірмей тіркелген активтердің пайдалануға берілуін, технологиялық жабдықтың қосалқы бөлшектерінің, шикізаттың және (немесе) материалдардың жеткізілуі мен пайдаланылуын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жұмыс бағдарламасында көзделген шығындардың баптары бойынша таратып жазып ұсынады.
2. Жұмыс бағдарламасына өзгерiстер тараптардың келiсуi бойынша жылына бiр рет енгiзiлуі мүмкін.
3. Инвестициялық қызмет объектісіне барып тексеру:
1) жұмыс бағдарламасы аяқталған жағдайда, инвестициялық келісімшарттың қолданылу мерзімі аяқталуына үш ай қалғанда өтетін алты ай кезеңінде;
2) кедендік баждар салудан босатылатын технологиялық жабдықтың қосалқы бөлшектері, шикізат және (немесе) материалдар импорты жүзеге асырылған жылдан кейінгі жылдан бастап, жыл сайын жүргізіледі.
4. Тексеру нәтижелерi бойынша инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органның өкiлi мен инвестициялық келiсiмшарт жасасқан заңды тұлғаның басшысы инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша инвестициялық келiсiмшарттың жұмыс бағдарламасын орындаудың ағымдағы жай-күйі туралы актіге қол қояды.
5. Инвестициялық келiсiмшарттың жұмыс бағдарламасы орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда, инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган инвестициялық келiсiмшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына бұзушылықтарды көрсете отырып, жазбаша нысанда хабарлама жiбередi және бұзушылықтарды жою үшiн үш ай мерзiм белгiлейдi.
6. Егер инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган жүргізген тексеру нәтижелері бойынша инвестициялық жобаны іске асыру үшін әкелінген және кедендік баждар төлеуден босатылған технологиялық жабдық, оның жинақтауыштары, қосалқы бөлшектері, шикізат және (немесе) материалдар пайдалануға берілмегені не пайдаланылмағаны анықталған жағдайда, инвестициялық келісімшарт бойынша ұсынылған инвестициялық преференцияларға байланысты кедендік баждардың сомасын төлемеген Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өсімпұлды есепке жаза отырып, пайдаланылмаған жабдық, оның жинақтауыштары, қосалқы бөлшектері, шикізат және (немесе) материалдар бөлігінде оларды төлейді.
7. Инвестициялық келісімшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы жұмыс бағдарламасын іске асыруды аяқтағаннан кейін инвестициялар жөніндегі уәкілетті органға аудиторлық есеп ұсынады, онда мыналар:
1) жұмыс бағдарламасына сәйкес инвестициялық міндеттемелердің орындалуы туралы ақпарат;
2) жұмыс бағдарламасына сәйкес сатып алынған тіркелген активтер бойынша таратып жазу;
3) жұмыс бағдарламасының орындалғанын растайтын құжаттардың жиынтық тізілімі;
4) инвестициялық келісімшарт талаптарының орындалуы туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
8. Инвестициялық келiсiмшарттың бұзылуы туралы ақпарат мемлекеттiң экономикалық мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету мақсатында:
1) тиiстi шаралар қолдану үшiн мемлекеттік кіріс органдарына және қажет болған кезде өзге де мемлекеттiк органдарға;
2) мемлекеттiк заттай грант берiлген инвестициялық келiсiмшарттар бойынша мемлекеттік кіріс органдарына, мемлекеттiк мүлiктi басқару жөніндегі уәкілетті органға және (немесе) жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органға, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдарға жiберiледi.
9. Инвестициялық келiсiмшарт жасасқан Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының инвестициялық келiсiмшарттың қолданылуы барысында:
1) берiлген мемлекеттiк заттай гранттың, сондай-ақ жұмыс бағдарламасына сәйкес сатып алынған мүлiктiң нысаналы мақсатын өзгертуге;
2) берiлген мемлекеттiк заттай грантты, сондай-ақ жұмыс бағдарламасына сәйкес сатып алынған мүлiктi иеліктен шығаруға құқығы жоқ.
10. Кедендік баждар салудан босату объектілерінің нысаналы пайдаланылуын бақылау Кеден одағы Комиссиясы айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
4-БӨЛІМ. ЭКОНОМИКАЛЫҚ БӘСЕКЕЛЕСТІК
14-тарау. БӘСЕКЕЛЕСТІК
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 160-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
160-бап. Бәсекелестікті мемлекеттік реттеу мақсаттары
Бәсекелестікті қорғау, Қазақстан Республикасының тауар нарықтарындағы адал бәсекелестікті және тауар нарықтарының тиімді жұмыс істеуін қолдау және қолайлы жағдайлар жасау, экономикалық кеңістіктің біртұтастығын, тауарлардың еркін қозғалысын және Қазақстан Республикасындағы экономикалық қызметтің еркіндігін қамтамасыз ету, осы Кодекске сәйкес монополистік қызметті реттеу және шектеу, адал бәсекелестікке жәрдемдесу және Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдардың бәсекелестікке қарсы әрекеттерінің және жосықсыз бәсекелестіктің жолын кесу бәсекелестікті мемлекеттік реттеудің мақсаттары болып табылады.
161-бап. Бәсекелестікті мемлекеттік реттеу саласындағы қатынастар
1. Осы бөлім нарық субъектілері, тұтынушылар, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар қатысатын Қазақстан Республикасының тауар нарықтарындағы бәсекелестікке ықпал ететін немесе ықпал етуі мүмкін қатынастарға қолданылады. Бұл ретте тауарды өз мұқтажы үшін сатып алатын жеке немесе заңды тұлға тұтынушы деп танылады.
2. Осы бөлімнің ережелері, егер Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерде нарық субъектісі жасаған әрекеттер нәтижесінде мынадай шарттардың бірі орындалса:
1) Қазақстан Республикасының аумағындағы негізгі құралдар және (немесе) материалдық емес активтер не нарық субъектілерінің акциялары (жарғылық капиталға қатысу үлестері), Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына қатысты мүліктік немесе мүліктік емес құқықтар тікелей немесе жанама қозғалса;
2) Қазақстан Республикасында бәсекелестік шектелсе, мұндай әрекеттерге де қолданылады.
162-бап. Бәсекелестік ұғымы
1. Дербес жасаған әрекеттері тиісті тауар нарығындағы тауарлар айналысының жалпы жағдайына олардың әрқайсысының біржақты ықпал ету мүмкіндігін тиімді шектейтін нарық субъектілерінің жарыспалылығы бәсекелестік деп танылады.
2. Бәсекелестік: жарыспалылық, адалдық, заңдылық, тұтынушылар құқықтарының сақталу бастауларына негізделеді, олар нарық субъектiлерiнiң ұйымдық-құқықтық нысаны мен тiркелген жеріне қарамастан, нарық субъектiлерiнің барлығына бiркелкі түрде, бiрдей шамада және тең жағдайда қолданылады.
163-бап. Бәсекелестік саласындағы мемлекеттік саясат
1. Бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы басшылықты, мемлекеттік монополия саласына жатқызылған қызметті бақылау мен реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган монополияға қарсы орган болып табылады.
2. Монополияға қарсы орган бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдайды.
3. Орталық және жергілікті атқарушы органдар осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында айқындалған өз құзыреті шегінде бәсекелестік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады.
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде тиісті экономика салаларында мемлекеттік саясатты іске асыру кезінде бәсекелестікті дамыту жөнінде шаралар қолдануға және бәсекелестікке теріс ықпал ететін әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасамауға міндетті.
164-бап. Нарық субъектiсi
Нарық субъектісі:
1) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға;
2) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы;
3) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын шетелдiк заңды тұлға (оның филиалы мен өкiлдiгі);
4) кәсіпкерлік қызметті өзінің жарғылық мақсаттарына сәйкес жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым болып табылады.
165-бап. Тұлғалар тобы
1. Мынадай белгілердің біреуіне немесе бірнешеуіне сәйкес келетін жеке тұлғалардың және (немесе) заңды тұлғалардың жиынтығы тұлғалар тобы деп танылады:
1) нарық субъектісі және егер мұндай жеке тұлғаның немесе мұндай осы заңды тұлғаның осы нарық субъектісіне қатысуына орай не басқа тұлғалардан, оның ішінде жазбаша келісім негізінде алынған өкілеттіктерге сәйкес осы нарық субъектісінің жарғылық капиталындағы дауыс беретін акцияларына (жарғылық капиталға қатысу үлестеріне, пайларға) тиесілі дауыстардың жалпы санының елу пайызынан астамына билік ету құқығы болса, жеке тұлға немесе заңды тұлға;
2) нарық субъектісі және егер мұндай жеке тұлға немесе мұндай заңды тұлға осы нарық субъектісінің жеке-дара атқарушы органының функцияларын жүзеге асырса, жеке тұлға немесе заңды тұлға;
3) нарық субъектісі және егер мұндай жеке тұлға немесе мұндай заңды тұлға осы нарық субъектісінің құрылтай құжаттары немесе осы нарық субъектісімен жасалған шарт негізінде осы нарық субъектісіне орындалуы міндетті нұсқаулар беруге құқылы болса, жеке тұлға немесе заңды тұлға;
4) алқалы атқарушы органның және (немесе) директорлар кеңесінің (байқау кеңесінің, қор кеңесінің) сандық құрамының елу пайызынан астамын сол бір жеке тұлғалар құрайтын заңды тұлғалар;
5) нарық субъектісі және егер мұндай жеке тұлғаның немесе мұндай заңды тұлғаның ұсынысы бойынша осы нарық субъектісінің жеке-дара атқарушы органы тағайындалса немесе сайланса, жеке тұлға немесе заңды тұлға;
6) нарық субъектісі және егер мұндай жеке тұлғаның немесе мұндай заңды тұлғаның ұсынысы бойынша осы нарық субъектісінің алқалы атқарушы органының не директорлар кеңесінің (байқау кеңесінің) сандық құрамының елу пайыздан астамы сайланса, жеке тұлға немесе заңды тұлға;
7) жеке тұлға, оның жұбайы, ата-анасы (оның ішінде асырап алған), балалары (оның ішінде асырап алынған), туған және туысқан ағалары-інілері, апалары, қарындастары;
8) әрқайсысы осы тармақтың 1), 2), 3), 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген қандай да бір белгі бойынша сол бір тұлғамен топқа кіретін тұлға, сондай-ақ осы тармақтың 1), 2), 3), 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген қандай да бір белгі бойынша мұндай тұлғалардың кез келгенімен топқа кіретін басқа да тұлғалар;
9) нарық субъектісі, егер мұндай тұлғалардың осы нарық субъектісіне бірлесіп өзінің қатысуына орай немесе басқа тұлғалардан алынған өкілеттіктерге сәйкес осы нарық субъектісінің дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің, пайлардың) елу пайызынан астамына билік ету құқығы болса, осы тармақтың 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген қандай да бір белгілер бойынша тұлғалар тобына кіретін жеке тұлғалар және (немесе) заңды тұлғалар.
2. Тұлғалар тобы нарықтың біртұтас субъектісі ретінде қаралады. Осы бөлімнің нарық субъектілеріне қатысты ережелері тұлғалар тобына қолданылады.
166-бап. Заңды тұлғалардың үлестес тұлғалары
1. Осы бөлімнің мақсаттары үшін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғалардың үлестес тұлғалары деп акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғаларға акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайызынан астамы тiкелей не жанама түрде тиесiлi болатын заңды тұлғалар түсініледі.
2. Жанама тиесілілік өзге заңды тұлға акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайызынан астамы әрбір келесі үлестес тұлғаға тиесілі болатынын білдіреді.
15-тарау. МОНОПОЛИСТІК ҚЫЗМЕТ
167-бап. Монополистік қызмет ұғымы және оның түрлері
1. Жағдайы тиісті тауар нарығын бақылауға, оның ішінде тиісті тауар нарығындағы тауар айналысының жалпы жағдайына елеулі ықпал етуге мүмкіндік беретін нарық субъектілерінің қызметі монополистік қызмет болып табылады.
2. Осы Кодексте шектелген монополистік қызметке:
1) нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісімдері;
2) нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісілген әрекеттері;
3) үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану жатады.
168-бап. Бәсекелестікке қарсы келісімдер мен келісілген әрекеттердің түрлері
1. Бәсекелестер (бір тауар нарығында тауарлар сатуды не сатып алуды жүзеге асыратын нарық субъектілері) болып табылатын нарық субъектілері арасындағы бәсекелестікке қарсы келісімдер немесе келісілген әрекеттер деңгейлес болып табылады.
Тиісті тауар нарығында нарық субъектiлерiнің тауарына ұқсас не оның тауарымен өзара алмастырылатын тауарды өндіруіне және (немесе) өткiзуіне байланысты тиісті нарықтың басқа субъектiлерiмен жарыспалылық жағдайында болатын нарық субъектiсi бәсекелес болып табылады.
Бәсекелестiң тауарына ұқсас не оның тауарымен өзара алмастырылатын тауарды өндіру және (немесе) өткiзу мүмкiндiгi бар (жабдыққа, технологияларға ие), бiрақ тиiстi тауар нарығында оны өндірмейтін және өткiзбейтiн нарық субъектiсi әлеуеттi бәсекелес болып табылады.
2. Бірі тауарды сатып алатын, ал екіншісі тауарды ұсынатын немесе оның әлеуетті сатушысы (өнім берушісі) болып табылатын бәсекелес емес нарық субъектілері арасындағы бәсекелестікке қарсы келісімдер сатылас болып табылады.
169-бап. Бәсекелестікке қарсы келісімдер
1. Егер нарық субъектілері арасындағы деңгейлес келісімдер:
1) бағаларды (тарифтердi), жеңiлдетулерді, үстеме ақыларды (қосымша ақыларды) және (немесе) үстеме бағаларды белгiлеуге немесе ұстап тұруға;
2) сауда-саттықта бағаларды өсіруге, төмендетуге немесе ұстап тұруға, сауда-саттықтың, аукциондар мен конкурстардың қорытындыларын, оның ішінде лоттар бойынша бөлу жолымен бұрмалауға;
3) тауар нарығын аумақтық қағидат, тауарларды сату немесе сатып алу көлемi, өткiзiлетiн тауарлар ассортиментi не сатушылардың немесе сатып алушылардың (тапсырыс берушiлердiң) құрамы бойынша бөлуге;
4) тауар өндiрiсiн қысқартуға немесе тоқтатуға;
5) белгiлi бiр сатушылармен не сатып алушылармен (тапсырыс берушiлермен) шарт жасасудан бас тартуға әкеп соғатын немесе әкеп соғуы мүмкiн болса, мұндай келісімдер картель деп танылады және оларға тыйым салынады.