7. Жалған пестицидтердi (улы химикаттарды) өндiру (формуляциялау), тасымалдау, сақтау, өткiзу және қолдану, сондай-ақ жалған дәрiлiк заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы өндiру, сатып алу, тасымалдау, сақтау, өткiзу мәселелерi бойынша жоспардан тыс тексерулер тексерiлетiн субъектiні алдын ала хабардар етпестен жүргiзiледi.
8. Бақылау және қадағалау органдары және құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi орган орналасқан жерден едәуір шалғайдағы объектiлерде немесе субъектiлерде жоспардан тыс тексеру жүргiзу үшiн негiздер анықталған жағдайда, жоспардан тыс тексеру тексерілетін субъектіні алдын ала хабардар етпестен және тексерудi тағайындау туралы актiнi тiркеместен, оны кейiннен құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органға келесi бес жұмыс күнi iшiнде ұсына отырып жүзеге асырылады.
Тексерудi тағайындау туралы акт тiркелетiн жерден тексеру жүргiзiлетiн жерге дейiн жүз километрден асатын арақашықтық бақылаушы және тiркеушi органдар орналасқан жерден едәуiр шалғайда орналасу деп есептеледi.
9. Жоспардан тыс тексеру жүргiзу үшiн тізбеленген негiздер мемлекеттiк органдардың, заңды тұлғалардың құрылымдық бөлiмшелерiне, бейрезидент заңды тұлғалардың құрылымдық бөлiмшелерiне, қызметiн әдiлет органдарында тiркеместен жүзеге асыратын бейрезидент заңды тұлғаларға қатысты қолданылады.
10. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген тексерулердi қоспағанда, осы Кодексте белгiленбеген өзге де тексеру түрлерiн жүргiзуге тыйым салынады.
145-бап. Тексеру тағайындау туралы акт
1. Тексеру мемлекеттiк органның тексерудi тағайындау туралы актiсi негiзiнде жүргiзiледi.
2. Тексеру тағайындау туралы актiде:
1) актiнiң нөмiрi мен күнi;
2) мемлекеттiк органның атауы;
3) тексеру жүргiзуге уәкiлеттiк берілген адамның (адамдардың) тегi, аты, әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
4) тексеру жүргiзу үшiн тартылатын мамандар, консультанттар және сарапшылар туралы мәлiметтер;
5) тексерiлетiн субъектiнiң атауы немесе өзiне қатысты тексеру жүргізу тағайындалған жеке тұлғаның тегi, аты, әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), оның тұрған жерi, сәйкестендiру нөмiрi, аумағының учаскесi көрсетiледi.
Заңды тұлғаның филиалын және (немесе) өкiлдiгiн тексерген жағдайда тексеру тағайындау туралы актiде оның атауы және тұрған жерi көрсетiледi;
6) тағайындалған тексерудiң нысанасы;
7) тексеру жүргiзу мерзiмi;
8) тексеру жүргiзудiң құқықтық негiздерi, оның iшiнде мiндеттi талаптары тексерілуге жататын нормативтiк құқықтық актiлер;
9) тексерiлетiн кезең;
10) тексерiлетiн субъектiнiң осы Кодекстің 155-бабында көзделген құқықтары мен мiндеттерi;
11) актiге қол қоюға уәкiлеттiк берілген адамның қолы және мемлекеттiк органның мөрi көрсетiледi.
146-бап. Тексеру тағайындау туралы актiнi тiркеу
1. Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайда мемлекеттік еңбек инспекциясының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы талаптардың сақталуы бойынша жоспардан тыс тексерулерді, мемлекеттік кіріс органдары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес жүзеге асыратын қарсы тексерулердi қоспағанда, тексеру тағайындау туралы акт құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органда мiндеттi түрде тiркеледi.
Тексеру тағайындау туралы актiнi тiркеу есепке алу сипатында болады және тәуекелдерді басқарудың ведомстволық жүйелерін қалыптастыру мен жетілдіру үшін пайдаланылады.
Тексеру тағайындау туралы актiнiң тiркелуi осындай тексерудiң заңдылығына дәлелдеме болып табылмайды.
Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайда мемлекеттік еңбек инспекциясының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы талаптардың сақталуы бойынша жоспардан тыс тексерулерді, мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асыратын қарсы тексерулерді тағайындау туралы актілер жөніндегі жалпы мәліметтер кәсіпкерлік субъектілері бойынша тоқсан сайын құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органға жіберiледі.
2. Бақылау және қадағалау органының тексерудi тағайындау туралы актiсi тексеру басталғанға дейiн құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органда, оны тексерiлетiн субъектiнiң орналасқан жерi бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiне ұсыну, оның iшiнде электрондық нысанда ұсыну арқылы тiркеледi.
Тексерудi тағайындау туралы актiлердi, тексерудi тоқтата тұру, қайта бастау, оның мерзiмдерiн ұзарту туралы, қатысушылар құрамын өзгерту және тексеру мен оның нәтижелерi туралы ақпараттық есепке алу құжаттарын ұсыну туралы хабарламаларды тiркеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы айқындайды.
3. Тексерудi жүргiзу қажеттiлігi қоғамдық тәртiпке, халықтың денсаулығына және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiне төнген қатерді дереу жоюды талап ететiн, қалыптасқан әлеуметтiк-экономикалық ахуалға байланысты туындаған жағдайда, сондай-ақ бұзушылықтар жасалған кезде тiкелей олардың жолын кесу қажеттiлігiне қарай және дәлелдемелерді бекiту үшiн кезек күтірмейтін iс-қимылдар жүргізуге байланысты тексеру жұмыстан тыс уақытта (түнде, демалыс немесе мереке күндерi) жүргiзілген кезде тексеру тағайындау туралы актiлердi тiркеу құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органда тексеру басталғаннан кейiнгi келесi жұмыс күнi iшiнде жүргiзiледi.
147-бап. Тексерудi жүргiзу тәртiбi
1. Бақылау және қадағалау органы тексеру жүргiзудiң мерзiмдерi мен нысанасын көрсете отырып, тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі бойынша тексеру, ішінара тексеру жүргiзудiң басталатыны туралы осы тексеру басталғанға дейiн кемiнде күнтiзбелiк отыз күн бұрын тексерiлетiн субъектiге жазбаша түрде хабарлауға мiндеттi.
Жоспардан тыс тексеру жүргiзу кезiнде, осы Кодекстің 144-бабы 3-тармағының 2), 7), 9) және 10) тармақшаларында, 6 және 7-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, бақылау және қадағалау органы тексеру жүргiзу нысанасын көрсете отырып, тексерiлетiн субъектiге жоспардан тыс тексеру жүргiзудiң басталатыны туралы осы тексеру басталғанға дейiн кемiнде бiр тәулiк бұрын хабарлауға мiндеттi.
2. Тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі бойынша тексерулер, ішінара және жоспардан тыс тексерулер, егер осы тармақтың екінші бөлігінде өзгеше белгіленбесе, тексерілетін субъектінің (объектінің) ішкі еңбек тәртіптемесі қағидаларында белгіленген жұмыс уақытында жүзеге асырылады.
Жоспардан тыс тексеру бұзушылықтар жасалған кезде тікелей олардың жолын кесу қажеттілігі болған жағдайларда, жұмыстан тыс уақытта (түнде, демалыс немесе мереке күндері) жүргізілуі мүмкін.
3. Мемлекеттiк органдардың объектiге тексеру үшiн келген лауазымды адамдары:
1) құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органда тiркелгенi туралы белгi қойылған тексерудi тағайындау туралы актiнi;
2) қызметтiк куәлiгiн;
3) қажет болған кезде режимдi объектiлерге баруға арналған құзыреттi органның рұқсатын;
4) денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен берiлген, объектiлерге бару үшiн қажет болатын медициналық рұқсаттаманы;
5) тексерілуге жататын талаптардың тармақтары көрсетілген тексеру парағын көрсетуге мiндеттi.
Тексерудi тағайындау туралы акт тексерiлетiн субъектiге тапсырылған күн - тексеру жүргiзудің басталғаны деп есептеледi.
4. Тексерудi тағайындау туралы актiнi қабылдаудан бас тартқан немесе тексерудi жүзеге асыратын бақылау және қадағалау органы лауазымды адамының тексеру жүргiзуге қажеттi материалдарға қол жеткiзуiне кедергi келтiрiлген жағдайда, хаттама жасалады. Хаттамаға тексерудi жүзеге асыратын бақылау және қадағалау органының лауазымды адамы және тексерiлетiн субъектiнiң уәкiлеттi адамы қол қояды.
Тексерiлетiн субъектiнiң уәкiлеттi адамы бас тарту себебi туралы жазбаша түсiнiктеме берiп, хаттамаға қол қоюдан бас тартуға құқылы. Тексерудi тағайындау туралы актiнi алудан бас тарту тексерудi жүргізбеу үшін негiз болып табылмайды.
5. Тексерудi тағайындау туралы актiде көрсетiлген лауазымды адам (адамдар) ғана тексеру жүргiзе алады. Бұл ретте, тексеру жүргiзетін лауазымды адамдардың құрамы бақылау және қадағалау органының шешiмi бойынша өзгеруi мүмкiн, бұл туралы тексерiлетiн субъект және құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi орган тексеруді тағайындау туралы актiде көрсетiлмеген адамдардың тексеруге қатысуы басталғанға дейiн ауыстыру себебi көрсетiле отырып хабардар етiледi.
6. Тексерілетін субъектіге (объектіге) бір мезгілде бірнеше бақылау және қадағалау органдарының тексеру жүргізуі қажет болған кезде, осы органдардың әрқайсысы тексеруді тағайындау туралы актіні ресімдеуге және оны құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда тіркеуге міндетті.
Сол бір мәселелер шеңбері бойынша бірнеше тексерілетін субъектіге (объектіге) бір мезгілде бір бақылау және қадағалау органының тексеру жүргізуі қажет болған кезде мынадай:
1) салық органдарында тіркеу есебіне қою;
2) бақылау-кассалық машиналардың болуы;
3) акциздік және есептік-бақылау маркаларының болуы және олардың төлнұсқалылығы;
4) алкоголь өніміне, мұнай өнімдеріне және биоотынға ілеспе жүкқұжаттарының болуы және олардың төлнұсқалылығы;
5) лицензияның болуы;
6) төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықтың (құрылғының) болуы;
7) көліктік бақылау немесе жол полициясы бекеттерінде автокөлік құралдарын тексеру кезінде импортталатын тауарларға тауар-көлік жүкқұжаттарының болуы және тауарлар атауының тауар-көлік жүкқұжаттарында көрсетілген мәліметтерге сәйкестігі мәселелерi бойынша жүргiзiлетiн салықтық тексерудi қоспағанда, осы орган әрбiр тексерiлетiн субъектiге (объектіге) тексерудi тағайындау туралы актiнi ресiмдеуге және оны құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органда тiркеуге мiндеттi.
2016.22.12. № 28-VI ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды
7. Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымына мемлекеттік бақылау жасау саласында ішкі істер органдары жүзеге асыратын тексерулерді жүргізу тәртібінің ерекшеліктері «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» Қазақстан Республикасы Заңында айқындалады.
148-бап. Тексеру жүргiзу мерзiмдерi
Тексеру жүргізу мерзімі алдағы жұмыстардың көлемі, сондай-ақ алға қойылған міндеттер ескеріле отырып белгіленеді және микрокәсіпкерлік субъектілері үшін - бес жұмыс күнінен, шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілері болып табылмайтын тексерілетін субъектілер үшін отыз жұмыс күнінен аспауға тиіс, оған Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген, салықтық тексеруді жүргізу кезіндегі жекелеген жағдайлар, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында, ветеринария, өсімдіктер карантині және оларды қорғау, тұқым шаруашылығы, астық және мақта нарығы, құрылыс объектілеріндегі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлігінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын сақтау саласында жүргізілетін тексерулер кірмейді, олар үшін салалық ерекшеліктер ескеріле отырып, тексерулер жүргізудің мынадай:
1) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы тексерулер - он бес жұмыс күніне дейін болатын және он бес жұмыс күніне дейін ұзартылатын;
2) ветеринария, өсімдіктер карантині және оларды қорғау, тұқым шаруашылығы, астық және мақта нарығы саласында - бес жұмыс күнінен аспайтын және бес жұмыс күніне дейін ұзартылатын;
3) құрылыс объектілеріндегі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлігінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын сақтау саласында олардың техникалық күрделілігін ескере отырып:
техникалық жағынан күрделі объектілерге жатқызылатындарға - бес жұмыс күнінен аспайтын және бес жұмыс күніне дейін ұзартылатын;
техникалық жағынан күрделі объектілерге жатқызылмайтындарға - жұмыс күнінің төрт сағатынан аспайтын және жұмыс күнінің сегіз сағатына дейін ұзартылатын мерзімдер белгіленеді.
Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген салықтық тексерудi жүргiзу кезiндегi жекелеген жағдайларды және осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, арнайы зерттеулер, сынақтар, сараптамалар жүргiзу қажет болған кезде, сондай-ақ тексеру көлемiнiң едәуір болуына байланысты тексеру жүргiзудiң мерзiмiн бақылау және қадағалау органының басшысы (не оны алмастыратын адам) отыз жұмыс күнiнен аспайтын мерзiмге бiр рет қана ұзарта алады.
Тексеру мерзiмдерi ұзартылған жағдайда, мемлекеттiк орган мiндеттi түрде құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органда тiркей отырып, тексерудi ұзарту туралы қосымша акт ресiмдейдi, онда тексерудi тағайындау туралы алдыңғы актiнiң тiркеу нөмiрi мен тіркелген күнi және ұзарту себебi көрсетiледi.
Тексеру бiр айдан аспайтын мерзiмге бiр рет тоқтатыла тұруы мүмкiн.
Тексеру жүргізу шеңберінде шет мемлекеттерден елеулi мәнi бар мәлiметтер мен құжаттарды алу, осы бапта көрсетілгеннен асатын мерзiмдерде арнайы зерттеулер, сынақтар, сараптамалар жүргiзу қажет болған жағдайларда, тексеру жүргiзу мерзiмi оларды алғанға не орындағанға дейiн тоқтатыла тұрады.
Тексерiлетiн субъектiнi тексерудi тоқтата тұру не қайта бастау туралы хабардар ету құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органды хабардар ете отырып, тексерудi тоқтата тұруға не қайта бастауға дейiн бiр күн бұрын жүргiзiледi.
Тексерудi тоқтата тұру немесе қайта бастау кезiнде тексерудi тоқтата тұру не қайта бастау туралы акт шығарылады.
Тоқтатыла тұрған тексерудi жүргiзу мерзiмiн есептеу ол қайта басталған күннен бастап жалғасады.
Тоқтатыла тұрған және осы бапта белгiленген мерзiмдерде қайта басталмаған тексеру бойынша тексерiлетiн субъектiнi тексерудi қайта жүргiзуге жол берiлмейдi.
Мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асыратын тексерулердi жүргiзудiң, ұзартудың және тоқтата тұрудың тәртiбi мен мерзiмдерiнiң ерекшелiктерi «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) айқындалады.
149-бап. Сараптама (талдау, сынақтан өткiзу) үшiн өнiм үлгiлерiн iрiктеу тәртiбi
1. Бақылау және қадағалау жүргiзу үшiн өнiм үлгiлерiн iрiктеу, оның iшiнде iрiктеп алынатын үлгiлердiң саны Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерінiң және нормативтiк құжаттарының өнiмге және өнiмдердi сынақтан өткiзу әдiстерiне қойылатын талаптарына сәйкес айқындалады.
2. Өнiм үлгiлерiн iрiктеудi бақылау және қадағалау органының лауазымды адамы тексерiлетiн субъекті басшысының немесе өкiлiнiң және тексерiлетiн субъектiнiң уәкiлеттi адамының қатысуымен жүргiзедi және өнiм үлгiлерiн iрiктеу актiсiмен куәландырылады.
Ірiктеп алынған өнiм үлгiлерi жинақталған, буып-түйiлген және пломбыланған (мөр басылған) болуға тиiс.
3. Өнiм үлгiлерiн iрiктеу актiсi үш данада жасалады. Актiнiң барлық даналарына өнiм үлгiлерiн iрiктеп алған лауазымды адам және тексерiлетiн субъектiнiң басшысы не өкiлi қол қояды.
Iрiктеу актiсiнiң бiр данасы жолдамамен және тиiстi түрде iрiктеп алынған өнiм үлгiлерiмен бiрге сараптама жүргізу (талдау, сынақтан өткiзу) үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасымен уәкiлеттiк берiлген ұйымға жiберiледi.
Өнiмнің үлгiлерiн iрiктеу актiсiнiң екiншi данасы тексерiлетiн субъектiде қалады.
Өнiм үлгiлерiн iрiктеу актiсiнiң үшiншi данасы өнiм үлгiлерiн iрiктеудi жүзеге асырған бақылау және қадағалау органының лауазымды адамында сақталады.
4. Iрiктеп алынған өнiм үлгiлерiн сақтау және тасымалдау шарттары осы үлгiлердiң сараптамасы (талдау, сынақ) жүргізілетін өлшемдерді өзгертпеуге тиiс.
Сараптама (талдау, сынақтан өткiзу) үшiн өнiм үлгiлерiн iрiктеп алатын бақылау және қадағалау органының лауазымды адамы олардың сақталуын және сараптаманы (талдауды, сынақты) жүзеге асыру орнына уақтылы жеткiзiлуiн қамтамасыз етедi.
5. Өнiм үлгiлерiн iрiктеумен байланысты шығыстар бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылады.
6. Сараптама нәтижелерiмен тексерiлетiн субъектiнiң осы Кодекстің 132-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мiндеттi талаптарды бұзу фактiсi расталған жағдайда, ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сараптама жүргiзу жөнiндегi шығыстарды өтеуге мiндеттi.
7. Тексерiлетiн субъект өзiнде қалған үлгiге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сараптама (талдау, сынақ) жүргiзуге уәкiлеттiк берілген ұйымда өз бастамасы бойынша сараптама (талдау, сынақ) жүргiзе алады.
Бақылау және қадағалау органы және тексерiлетiн субъект жүргiзген сараптама (талдау, сынақ) нәтижелерiнiң алшақтықтары туралы дау сот тәртiбiмен шешiледi.
150-бап. Өнiм үлгiлерiн iрiктеу актiсi
Өнiм үлгiлерiн iрiктеу актiсiнде:
1) жасалу орны және күнi;
2) өнiм үлгiлерiн iрiктеуді жүзеге асыруда негізге алынатын бақылау және қадағалау органы басшысы шешiмiнiң нөмiрi және күнi;
3) өнiм үлгiлерiн iрiктеудi жүзеге асыратын лауазымды адамдардың лауазымы, тегi, аты және әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе);
4) өнiм үлгiлерiн iрiктеу жүргiзiлетiн тексерiлетiн субъектiнiң атауы және тұрған жерi;
5) тексерiлетiн субъектінің уәкiлеттi адамының лауазымы және тегi, аты, әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе);
6) өндiрушiнi, өндiрілген күнiн, партияның сериясын (нөмiрiн), үлгiлердiң жалпы құнын көрсете отырып, iрiктеп алынған өнiм үлгiлерiнiң тiзбесi және саны;
7) буып-түю түрi және мөрдiң (пломбының) нөмiрi көрсетiледi.
151-бап. Тексеру жүргiзу кезiндегi шектеулер
Бақылау және қадағалау органының лауазымды адамдары тексеру жүргiзу кезiнде:
1) осы бақылау және қадағалау органының тексеру парақтарында белгіленбеген, сондай-ақ егер мұндай талаптар мемлекеттiк органның атынан осы лауазымды адамдар әрекет ететiн мемлекеттік органның құзыретiне жатпаса, талаптардың орындалуын тексеруге;
2) егер құжаттар, ақпарат, өнiм үлгiлерi, қоршаған орта объектiлерiн және өндiрiстiк орта объектiлерiн зерттеп-қарау сынамалары тексеру объектiлерi болып табылмаса немесе тексеру нысанасына жатпаса, оларды ұсынуды талап етуге;
3) өнiм үлгiлерiн, қоршаған орта объектiлерiн және өндiрiстiк орта объектiлерiн зерттеп-қарау сынамаларына зерттеу, сынақ, өлшеу жүргiзу үшiн көрсетiлген үлгiлердi, сынамаларды белгiленген нысан бойынша және (немесе) ұлттық стандарттарда, үлгiлердi, сынамаларды iрiктеу қағидаларында және оларды зерттеу, сынақтан өткізу, өлшеу әдiстерiнде, техникалық регламенттерде немесе олар күшiне енетiн күнге дейiн қолданыста болатын өзге де нормативтiк техникалық құжаттарда, зерттеу, сынақтан өткізу, өлшеу қағидаларында және әдiстерiнде белгiленген нормалардан асатын көлемде iрiктеп алу туралы хаттамаларды ресiмдеместен, оларды iрiктеп алуға;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, тексеру жүргiзу нәтижесiнде алынған және коммерциялық, салықтық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жария етуге және (немесе) таратуға;
5) тексеру жүргiзудiң белгiленген мерзiмдерiнен асып кетуге;
6) осы Кодекстің 144-бабы 3-тармағының 2), 8), 9) және 10) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, сол бiр кезең iшiнде сол бiр мәселе бойынша оның жоғары тұрған (төмен тұрған) органы не өзге де мемлекеттік орган бұрын тексеру жүргiзген тексерiлетiн субъектiге (объектіге) тексеру жүргiзуге;
7) мемлекеттiк бақылау мақсатында тексерiлетiн субъектiлердiң есебiнен шығынды сипаттағы iс-шараларды жүргiзуге құқылы емес.
152-бап. Тексерудi ресiмдеу тәртiбi
1. Бақылау және қадағалау органының лауазымды адамы тексерудiң нәтижелерi бойынша екi данада тексеру нәтижелерi туралы акт жасайды.
Тексеру нәтижелерi туралы актiде:
1) актiнiң жасалған күнi, уақыты және орны;
2) бақылау және қадағалау органының атауы;
3) негiзге алынып тексеру жүргiзiлген тексерудi тағайындау туралы актінің жасалған күнi мен нөмiрi;
4) тексеру жүргiзген адамның (адамдардың) тегi, аты, әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
5) тексерiлетiн субъектiнiң атауы немесе тегi, аты, әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), тексерудi жүргiзу кезiнде қатысқан жеке немесе заңды тұлға өкiлiнiң лауазымы;
6) тексерудiң жүргiзiлген күнi, орны және кезеңi;
7) тексерудiң нәтижелерi туралы, оның iшiнде анықталған бұзушылықтар, олардың сипаты туралы мәлiметтер;
8) тексеру парағының атауы және бұзушылық анықталған талаптардың тармақтары;
9) тексерiлетiн субъект өкiлiнiң, сондай-ақ тексерудi жүргiзу кезiнде қатысқан адамардың актiмен танысуы немесе танысудан бас тартуы туралы мәлiметтер, олардың қолтаңбалары немесе қол қоюдан бас тартуы;
10) тексерудi жүргiзген лауазымды адамның (адамдардың) қолтаңбасы көрсетiледi.
Тексерудiң нәтижелерi туралы актiге өнiм үлгiлерiн (сынамаларын) iрiктеу, қоршаған орта объектiлерiн зерттеп-қарау туралы актiлер, жүргiзiлген зерттеулердiң (сынақтардың) және сараптамалардың хаттамалары (қорытындылары) және тексеру нәтижелерiмен байланысты басқа да құжаттар немесе олардың көшiрмелерi, олар болған кезде қоса берiледi.
2. Тексерудiң нәтижелерi бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда, заңды тұлғаның басшысы немесе жеке тұлға не олардың өкiлдерi ескертулерді және (немесе) қарсылықтарды жазбаша түрде баяндайды.
Ескертулер және (немесе) қарсылықтар тексеру жүргiзудiң нәтижелерi туралы актiге қоса берiледi, бұл туралы тиiстi белгi жасалады.
3. Тексерiлетiн субъектiде түпнұсқа ретiнде болатын құжаттардың көшiрмелерiн қоспағанда, қосымшаларының көшiрмелерiмен бірге тексерудiң нәтижелерi туралы актiнiң бiр данасы танысу және анықталған бұзушылықтарды жою жөнiнде шаралар қабылдау және басқа да iс-қимылдар үшiн заңды тұлғаның басшысына немесе жеке тұлғаға не олардың өкiлдерiне тапсырылады.
4. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, тексеру нәтижесiнде анықталған бұзушылықтар бойынша қосымша уақыт және (немесе) қаржы шығындары қажет болған жағдайда, қарсылықтар болмаған кезде тексерiлетін субъект тексерудi жүргiзген мемлекеттiк органның басшысымен келiсiлетін мерзiмдердi көрсете отырып, анықталған бұзушылықтарды жою жөнiнде қабылданатын шаралар туралы ақпаратты үш жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынуға құқылы.
5. Тексерiлетiн субъектiлердiң келушiлер мен тексерулердi есепке алу кiтабын жүргiзуге құқығы бар. Бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдары тексерiлетiн субъектiлердiң келушiлер мен тексерулердi есепке алу кiтабында тегiн, лауазымдарын және актiде баяндалған деректердi көрсете отырып, жүргiзiлетін әрекеттер туралы жазба жасауға мiндеттi.
6. Бухгалтерлiк және өзге де төлнұсқа құжаттарды алып қоюға және алуға тыйым салынады.
Төлнұсқа құжаттарды алып қою және алу Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексiнiң нормаларына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнде көзделген жағдайларда жүргiзiледi.
7. Тексеру жүргiзiлген кезде осы Кодекстің 132-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарды бұзушылық болмаған жағдайда, тексеру нәтижелерi жөнiндегi актiге тиiстi жазба жасалады.
8. Тексерудi тағайындау туралы актiде көрсетiлген тексерудi аяқтау мерзiмiнен кешiктiрiлмей тексеру нәтижелерi туралы акт тексерiлетiн субъектiге тапсырылған күн тексеру мерзiмiнiң аяқталуы деп есептеледi.
153-бап. Бақылау және қадағалау органдары лауазымды адамдарының тексеру жүргiзу кезiнде анықталған бұзушылық фактiлерi бойынша қолданатын шаралары
Егер тексеру жүргiзу нәтижесiнде тексерiлетiн субъектiнiң осы Кодекстің 132-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарды бұзу фактiсi анықталған болса, бақылау және қадағалау органының лауазымды адамы (адамдары) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өкiлеттiктер шегiнде анықталған бұзушылықтарды жою, олардың алдын алу, адамдардың өмiрiне, денсаулығына және қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделерiне ықтимал зиян келтiрудi болғызбау жөнiнде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шараларды қабылдауға, сондай-ақ бұзушылыққа жол берген адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа тарту жөнiнде шараларды қолдануға мiндеттi.
Тексерiлетiн субъектiге қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралар қолданылған кезде бақылау және қадағалау органы Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалатын жағдайларда және тәртiппен прокурорды хабардар етедi.