1) өткелдерді, қара жолдарды және магистральдық құбыр трассасы мен оның күзет аймағын өзге де уақытша немесе тұрақты көлікпен кесіп өтудің орналасу орындарын, салу, жайластыру және пайдалану тәртібін магистральдық құбырдың меншік иесімен келіспей, орнатуға;
2) бағбандыққа және орман өсіруге, сондай-ақ жер жырту тереңдігі отыз бес сантиметрден аспайтын далалық ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру үшін агротехникалық жұмыстар кешенінен басқа, магистральдық құбырдың меншік иесімен келісілмеген кез келген жұмысты орындауға;
3) магистральдық құбырдың меншік иесі не оператор жайластырған, магистральдық құбырға қызмет көрсету мен оның физикалық қорғалуын қамтамасыз етуге арналған жолдарды рекультивациялауға, сондай-ақ магистральдық құбырда өртке қарсы және күзет функцияларын орындайтын қызметкерлердің осы жолдармен қозғалысына, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, кедергі келтіруге;
4) кез келген құрылыстар мен ғимараттар салуға;
5) автомобиль көлігі құралдарының, тракторлар мен механизмдердің тұрақтарын ұйымдастыруға;
6) мелиоративтік жер жұмыстарын жүргізуге, суару және құрғату жүйелерін салуға;
7) магистральдық құбырдың меншік иесінің келісімінсіз тау-кен, құрылыс салу, монтаждау және жару жұмыстарын жүргізуге, жерді тегістеуге;
8) ұңғымалар, тікқазбалар орнатуға және топырақ сынамаларын (топырақ үлгілерінен басқа) алуға байланысты геологиялық түсіру, іздеу, геодезиялық және басқа да іздестіру жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады.
6. Магистральдық құбырдың меншік иесіне не операторға магистральдық құбырдың күзет аймағы шекараларының шегіндегі жер және су учаскелерін меншікке немесе пайдалануға сатып алу міндетін жүктеуге жол берілмейді.
7. Оператордың магистральдық құбырдың күзет аймақтары шегінде магистральдық құбырды жөндеу және оған қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды, сондай-ақ жердің меншік иелерін (жер пайдаланушыларды) алдын ала хабардар етіп және оларға келтірілген залалдың орнын кейіннен толтыра отырып, ал төтенше жағдайды жою кезінде - алдын ала хабарлаусыз, келтірілген залалдың орнын кейіннен толтыра отырып, төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге құқығы бар.
8. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында магистральдық құбырға жатпайтын кез келген объектіні құрылыс нормалары мен қағидаларында белгіленген ең аз қашықтық шегінде салуға тыйым салынады.
4-тарау. МАГИСТРАЛЬДЫҚ ҚҰБЫРДЫ ЖОБАЛАУ, САЛУ, ПАЙДАЛАНУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУДАН ШЫҒАРУ
15-бап. Магистральдық құбырды жобалау, салу және пайдалану
1. Магистральдық құбырды жобалау, салу, реконструкциялау, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделі жөндеу, авторлық қадағалау және техникалық қадағалау, магистральдық құбырды пайдалануға қабылдау осы Заңда белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қазіргі бар магистральдық құбырларды кеңейту жағдайларын қоспағанда, жаңа магистральдық құбырды салу уәкілетті органның осы Заңның 16-бабының 6-тармағында көзделген жазбаша хабарламасы алынғаннан кейін не осы Заңның 16-бабының 3-тармағында көзделген коммерциялық ұсынысты уәкілетті орган алған күннен бастап қырық бес жұмыс күні өткеннен кейін жүзеге асырылады.
Жаңа магистральдық құбыр салу жобасын келісу қағидаларын қараңыз
3. Іске қосу-жөндеу жұмыстары басталғанға дейін жобалау ұйымы магистральдық құбыр салуға арналған жобалық құжаттаманың құрамына кірмейтін магистральдық құбырды пайдалану жөніндегі нұсқаулықты әзірлейді.
4. Салынған магистральдық құбырды және (немесе) оның бөліктерін пайдалануға қабылдау алдында мамандандырылған ұйым бекітілген нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес құбырішілік диагностикалауды жүргізеді.
Құбырішілік диагностикалау процесінде табылған ақауларды жоюды магистральдық құбыр салуды жүзеге асырған құрылыс-монтаж ұйымы жүргізеді.
5. Құрылыс-монтаж ұйымдары кепілдік мерзімі, бірақ магистральдық құбыр пайдаланылуға берілгеннен кейін кемінде үш жыл ішінде пайдалану процесінде табылған құрылыс-монтаж жұмыстарының кемшіліктерін өз қаражаты есебінен жоюға тиіс.
6. Магистральдық құбырды пайдалану сенімділік пен қауіпсіздіктің нормативтік критерийлерін сақтап, өнімнің қажетті көлемде тасымалдануын қамтамасыз етуді ескере отырып, жүзеге асырылуға тиіс.
16-бап. Жаңадан салынатын магистральдық құбыр жобасына қатысуға мемлекеттің басым құқығын іске асыру тәртібі
1. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы жаңадан салынатын магистральдық құбыр жобасына елу бір пайыздан кем емес мөлшерде қатысудың басым құқығына (бұдан әрі - мемлекеттің басым құқығы) ие болады.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының атынан мемлекеттің басым құқығын іске асырады.
3. Магистральдық құбыр салуды жүзеге асыру ниеті бар тұлға уәкілетті органға магистральдық құбыр салу жобасына мемлекеттің қатысуына коммерциялық ұсыныс (бұдан әрі - коммерциялық ұсыныс) жолдайды.
Уәкілетті орган коммерциялық ұсынысты алған кезден бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына береді.
4. Коммерциялық ұсыныста:
1) магистральдық құбыр салудың негізделген есептерін қамтитын, іске асырылатын жобаның құны туралы мәліметтер;
2) салынуға жататын магистральдық құбырдың техникалық сипаттамалары қамтылуға тиіс.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілетті органның коммерциялық ұсынысы берілген кезден бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімде мемлекеттің басым құқығын іске асыру немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
6. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің қабылдаған шешімі туралы магистральдық құбыр салуды жүзеге асыру ниеті бар тұлғаны шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жазбаша түрде хабардар етеді.
7. Егер Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттің басым құқығынан бас тартқан не уәкілетті орган осы баптың 6-тармағында белгіленген мерзімде жазбаша хабарлама жібермеген жағдайда, магистральдық құбыр салуды жүзеге асыру ниеті бар тұлға өзге тұлғаларға жаңадан салынатын магистральдық құбыр жобасына қатысуды ұсынуға не магистральдық құбыр салуды өз бетінше жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте өзге тұлғалардың магистральдық құбыр салуға қатысу шарттары оның Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынған шарттарынан неғұрлым тиімді бола алмайды.
8. Қазақстан Республикасының Үкіметі жаңадан салынатын магистральдық құбыр жобасына елу бір пайыздан кем мөлшерде қатысу туралы шешім қабылдауға құқылы.
9. Осы баптың ережелері қазіргі бар магистральдық құбырды кеңейту жағдайларына қолданылмайды.
17-бап. Құбырды жұмыс істеп тұрған магистральдық құбырға жалғау
1. Құбырды жұмыс істеп тұрған магистральдық құбырға жалғау магистральдық құбырдың меншік иесі мен жалғанатын құбырдың меншік иесі арасындағы шарт негізінде жүзеге асырылады. Егер магистральдық құбыр оператордың басқаруында болған жағдайда, оператор магистральдық құбырдың меншік иесінің келісімімен осындай шарттың тарапы бола алады.
2. Құбырды магистральдық құбырға жалғауға байланысты шығыстарды жалғанатын құбырдың меншік иесі көтереді.
3. Жалғанған құбырды жедел-диспетчерлік басқаруды оның меншік нысанына қарамастан, ол жалғанған магистральдық құбырдың операторы орталықтандырылған түрде жүзеге асырады.
4. Жалғанған құбырдың меншік иесі оны пайдаланудан шығару немесе оның жұмыс режимін өзгерту қажет болған жағдайда, магистральдық құбырдың меншік иесін бұл туралы кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын алдын ала жазбаша хабардар етуге міндетті.
5. Магистральдық құбырдың меншік иесінің немесе осы баптың 1-тармағына сәйкес ол уәкілеттік берген оператордың, егер:
1) магистральдық құбырдың өткізу қабілеті жалғанатын құбырдың меншік иесі мәлімдеген өзінің сапа параметрлері бойынша пайдалану талаптарына сәйкес келетін өнім көлемін тасымалдауға мүмкіндік берсе;
2) тасымалдануға жататын өнім техникалық регламенттер талаптарына сай келсе;
3) жалғанатын құбырдың меншік иесі тасымалданатын өнімді есепке алу және бақылау талаптарының, сондай-ақ осындай жалғану үшін магистральдық құбырдың меншік иесі белгілеген техникалық талаптардың орындалуын қамтамасыз етуге міндеттенсе, құбырды жалғау туралы шарт жасасудан бас тартуына жол берілмейді.
18-бап. Жедел-диспетчерлік басқару
1. Жедел-диспетчерлік басқаруды оператор жүзеге асырады.
2. Трансшекаралық магистральдық құбырды жедел-диспетчерлік басқару Қазақстан Республикасының халықаралық шартының және (немесе) трансшекаралық магистральдық құбырдың меншік иелері арасында жасалған шарттың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
19-бап. Магистральдық құбырды пайдаланудан шығару
1. Магистральдық құбырды пайдаланудан шығару магистральдық құбырды күрделі жөндеу, консервациялау немесе жою мақсатында оны пайдалануды тоқтату жөніндегі іс-шаралар кешенін білдіреді.
2. Пайдаланудан шығару кезінде магистральдық құбырдың меншік иесі оны қауіпсіз күйге келтіруге міндетті.
20-бап. Магистральдық құбырды жобалау және салу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету
1. Магистральдық құбырды жобалау, салу, реконструкциялау, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделі жөндеу кезінде мынадай талаптар сақталуы қажет:
1) магистральдық құбыр конструкцияларының өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
2) магистральдық құбыр салу және оның жұмыс істеуі бойынша жоспарланатын қызметтің қоршаған ортаға әсерін бағалауды жүргізу;
3) экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау, экологиялық мониторинг жүргізу жөніндегі шараларды әзірлеу;
4) магистральдық құбырды жобалауға қажетті материалдық, қаржылық және еңбек ресурстары бар жобалау ұйымдарын конкурстық негізде тарту;
5) магистральдық құбырды пайдалану барысында жобалық шешімдерді өзгерту мақсатында жобалау ұйымдарын тарту кезінде, оның ішінде магистральдық құбырды реконструкциялау, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделі жөндеу кезінде бірінші кезекте магистральдық құбыр жобасының авторы болып табылатын жобалау ұйымын тарту;
6) авторлық және техникалық қадағалауды жүзеге асыру;
7) трассаны аумақтың табиғи ерекшеліктерін, елді мекендердің орналасуын, топырақтың құрылымдық-механикалық қасиеттерін және коррозиялық белсенділігін, сондай-ақ магистральдық құбырға оң немесе теріс ықпал етуі мүмкін көлік жолдарын және коммуникацияларды ескере отырып таңдау;
8) магистральдық құбырды пайдаланудың қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз ететін сертификатталған технологиялық жабдықты қолдану;
9) құбырды коррозиядан қорғау жөніндегі іс-шараларды жүргізу;
10) жобаның құрамы бойынша жүйелер мен жабдықтардың ықтимал істен шығуының және олардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі ұсынылатын іс-қимылдардың тізбесін жасау;
11) магистральдық құбырдың физикалық қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі, сондай-ақ техникалық нығайту және инженерлік-техникалық құралдармен және қауіпсіздік жүйелерімен жарақтандыру жөніндегі шараларды әзірлеу;
12) магистральдық құбырды сыртқа ағып кетуге және үшінші тұлғалардың құқыққа қарсы іс-әрекеттеріне байланысты зақымданулардан қорғау үшін жобалық техникалық шешімдерді қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзірлеу;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де талаптар.
2. Елді мекендерде, мемлекеттік табиғи қорықтарда, мемлекеттік қорық аймақтарында, мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде, ауыз сумен қамтамасыз ету көздерінің санитариялық қорғау аймақтарында магистральдық құбыр салуға тыйым салынады.
3. Инженерлік-техникалық басқару, қорғау және олардың өнеркәсіптік, өрт, экологиялық және физикалық қауіпсіздігін бақылау құралдарымен жабдықталмаған магистральдық құбырды пайдалануға қабылдауға тыйым салынады.
21-бап. Магистральдық құбырды пайдалану, консервациялау және жою кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету
1. Магистральдық құбырды пайдалану басталғанға дейін оның меншік иесі ықтимал аварияларды жоюдың авариялық-құтқару қызметтерімен және құралымдарымен келісілген жоспарын әзірлейді және бекітеді.
2. Магистральдық құбырдың авариялық қызметтерінің қызметкерлерін, авариялық және арнаулы техникасын авариялар мен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі жұмыстардан бөлек, басқа да жұмыстарға тартуға жол берілмейді.
3. Магистральдық құбыр салуға арналған жобалық және атқарушылық құжаттама, сынақ актілері, техникалық қызмет көрсетуге арналған жұмыс құжаттамасы, сондай-ақ авариялар мен оқыс оқиғаларды тергеу материалдары магистральдық құбырдың меншік иесінде оны пайдаланудың барлық мерзімі ішінде сақталуға тиіс.
Магистральдық құбырды пайдалану мерзімі жобалық құжаттамада айқындалады. Диагностикалық тексерулер нәтижелері бойынша мамандандырылған ұйымдардың қорытындылары негізінде магистральдық құбырды пайдалану мерзімін ұзартуға жол беріледі.
4. Теңіз айдынында тартылған магистральдық құбырда авариялардың алдын алу құралдары, сондай-ақ авария болған жағдайда немесе жөндеу жұмыстары кезінде теңіз айдыны арқылы тартылған магистральдық құбырды өнімді теңізде өндіру объектілерінен ажыратуға мүмкіндік беретін бекіткіш арматура орнатылуға тиіс.
5. Магистральдық құбыр объектілері Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес электр энергиясымен қамтамасыз ету жүзеге асырылатын, авариялық броні бар үздіксіз энергиямен жабдықтау объектілері болып табылады.
6. Үшінші тұлғалардың құқыққа қарсы іс-әрекеттерін болдырмау, аварияларды, төтенше жағдайларды жою жөнінде шұғыл шаралар жүргізу мақсатында магистральдық құбырдың меншік иесінің не оператордың оған іргелес жер учаскелерін Қазақстан Республикасының азаматтық және жер заңнамасына сәйкес белгіленген қауымдық сервитут негізінде, келтірілген залалды кейіннен өтей отырып, пайдалануына жол беріледі.
7. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары магистральдық құбырдағы авариялар мен төтенше жағдайлар орнына арнайы көлік құралдарының кедергісіз өтуін және техниканың жеткізілуін қамтамасыз етеді.
8. Магистральдық құбыр немесе оның объектілері жойылған жағдайда, магистральдық құбырдың меншік иесі қоршаған ортаны қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды, оның ішінде жерді рекультивациялау жөніндегі іс-шараларды жүргізеді.
5-тарау. МАГИСТРАЛЬДЫҚ ҚҰБЫРДЫҢ МЕНШІК ИЕСІНІҢ ЖӘНЕ ОПЕРАТОРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
22-бап. Магистральдық құбырды өз бетінше пайдалануды жүзеге асыратын магистральдық құбырдың меншік иесінің құқықтары мен міндеттері
1. Магистральдық құбырды өз бетінше пайдалану кезінде, сондай-ақ оны консервациялаудың барлық кезеңі ішінде магистральдық құбырдың меншік иесі:
1) магистральдық құбырға техникалық қызмет көрсету, оны жөндеу, қорғау, техникалық диагностикалау және тексеру бойынша жұмыстардың орындалуын бақылауға;
2) жобалау ұйымдарын қате жобалық шешімдері үшін жауапкершілікке тартуға бастамашылық жасауға;
3) құрылыс ұйымдарынан магистральдық құбырда іске қосу алдындағы диагностикалау мен атқарушылық суретке түсіру жүргізуді талап етуге;
4) жөнелтуші беретін өнімді магистральдық құбырмен тасымалдауға дайындау туралы мәліметтердің анықтығын, оның сапасының белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруге құқылы.
2. Магистральдық құбырды өз бетінше пайдалану кезінде, сондай-ақ оны консервациялаудың барлық кезеңі ішінде магистральдық құбырдың меншік иесі:
1) өнімді магистральдық құбырмен тасымалдау мақсатында оның үздіксіз, тиісінше және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге;
2) магистральдық құбырдағы өнімнің сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдауға;
3) авариялар мен оқыс оқиғаларды болдырмау, жою жөнінде шаралар қолдануға;
4) магистральдық құбырды техникалық жарамды күйде ұстау мақсатында оған техникалық диагностикалау мен тексеру жүргізуді қамтамасыз етуге;
5) өндірістік экологиялық бақылауды жүзеге асыруға;
6) пайдаланылатын магистральдық құбырға техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жүргізуді қамтамасыз етуге;
7) төтенше жағдайлардың алдын алу, өнеркәсіптік, экологиялық және өрт қауіпсіздігі, магистральдық құбырды физикалық қорғау жөніндегі талаптардың орындалуын қамтамасыз етуге;
8) аварияларды оқшаулау және олардың зардаптарын жою үшін материалдық және қаржылық ресурстар резервтеріне ие болуға;
9) бірыңғай техникалық дәлізбен өтетін инженерлік коммуникацияларды пайдаланатын ұйымдармен келісілген іс-әрекеттерді жүргізуге;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де іс-шараларды орындауға міндетті.
23-бап. Операторлық қызметтерді көрсететін оператордың құқықтары мен міндеттері
1. Операторлық қызметтерді көрсету кезінде оператор:
1) операторлық қызметтерді көрсету үшін өзіне магистральдық құбырдың меншік иесі берген мүлікті пайдалануға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға;
2) өзіне магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға операторлық қызметтерді көрсетуге арналған шартқа сәйкес берген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
2. Операторлық қызметтерді көрсету кезінде оператор:
1) өнімді магистральдық құбырмен тасымалдау мақсатында оның үздіксіз, тиісінше және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге;
2) өнімді талап етілетін технологиялық параметрлерді сақтай отырып, сенімділік пен қауіпсіздіктің нормативтік критерийлерін ұстанып, қажетті көлемде тасымалдауды жүзеге асыруға;
3) магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға атынан оператор жасасқан шарттардың талаптарына сәйкес жөнелтушілерге өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтер ұсынуды қамтамасыз етуге;
4) магистральдық құбырға техникалық қызмет көрсету, ағымдағы жөндеу және диагностикалық тексеру жүргізуді қамтамасыз етуге;
5) төтенше жағдайлардың алдын алу, өнеркәсіптік, өрт және экологиялық қауіпсіздік жөніндегі талаптардың орындалуын қамтамасыз етуге;
6) бірыңғай техникалық дәлізбен өтетін инженерлік коммуникацияларды пайдаланатын ұйымдармен келісілген іс-әрекеттерді жүргізуге міндетті.
6-тарау. ӨНІМДІ МАГИСТРАЛЬДЫҚ ҚҰБЫРМЕН ТАСЫМАЛДАУ ЖӨНІНДЕГІ ҚЫЗМЕТТЕРДІ ҰСЫНУ
24-бап. Өнімді магистральдық құбырмен тасымалдау жөніндегі қызметтерге қол жеткізу тәртібі
1. Магистральдық құбырдың еркін өткізу қуаты бар кезінде магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға немесе олардың атынан жөнелтушілерге өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсетуге уәкілеттік берілген оператор Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді ескере отырып, барлық жөнелтушілерге өнімді магистральдық құбырмен тасымалдау жөніндегі қызметтерге қолжетімділікті ұсынудың тең жағдайларын қамтамасыз етуге міндетті.
2. Магистральдық құбырдың шектеулі өткізу қуаты кезінде мынадай кезектілік тәртібімен:
1) Қазақстан Республикасының мұнай өңдеу зауыттарында өңдеу үшін тікелей көзделген көлемде оларға мұнай беруді жүзеге асыратын жөнелтушіге;
2) өз өнімін немесе үлестес тұлғалардың өнімін тасымалдау үшін магистральдық құбырдың меншік иесіне не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлғаға;
3) Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімдерінің және (немесе) Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық келісімдер бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін жөнелтушіге;
4) магистральдық құбыр салуды инвестициялау және (немесе) магистральдық құбырдың немесе оның жекелеген объектілерінің өткізу қуатын кеңейту үшін инвестициялар салынған сол магистральдық құбыр учаскесі немесе оның объектісі шегінде тартылған жөнелтушіге;
5) магистральдық құбырдың меншік иесімен не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлғамен жасалған шартқа сәйкес тасымалдау үшін міндетті ең төменгі жылдық көлем шегінде міндетті ең төменгі жылдық мұнай (мұнай өнімдері) көлемін ұсыну міндеттемесін өзіне алған жөнелтушіге;
6) мұнайды басқа мемлекеттердің құбыр жүйелерімен тасымалдау кезінде нормативтік-техникалық құжаттарда белгіленген мұнай сапасы жөніндегі техникалық талаптарға тасымалданатын мұнай қоспасын сәйкес келтіруге мүмкіндік беретін мұнай сапасы мұнайды тасымалдау үшін ұсынатын жөнелтушіге мұнайды және (немесе) мұнай өнімдерін магистральдық құбырмен тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсыну жүзеге асырылады.
3. Осы баптың 2-тармағы 2) тармақшасының күші ұлттық операторға меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде тиесілі магистральдық құбырға қолданылмайды.
4. Осы баптың 2-тармағының 4) тармақшасы жасалған шарт талаптарына сәйкес магистральдық құбырдың меншік иесі инвестицияларды толық өтегенге дейін қолданылады.
5. Бір магистральдық құбырдың (магистральдық құбыр учаскесінің) өткізу қуаты бар болған және екінші магистральдық құбырдың (магистральдық құбыр учаскесінің) еркін өткізу қуаты болмаған кезде, мұнайды Қазақстан Республикасының мұнай өңдеу зауыттарына, сондай-ақ газды Қазақстан Республикасының ішкі нарығына және (немесе) оның шегінен тысқары жерлерге беруді қамтамасыз ету мақсатында жөнелтуші магистральдық құбырдың меншік иесінің не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлғаның және уәкілетті органның жазбаша келісімімен айырбастау-операцияларын (своп) жүзеге асыруы мүмкін.
Осы тармақтың мақсаты үшін айырбастау-операциялары (своп) деп бір жөнелтушінің өнімін екінші жөнелтушінің өніміне олардың арасында жасалған жазбаша келісім негізінде жүзеге асырылатын айырбастау түсініледі.
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Магистральдық газ құбырының еркін өткізу қуаты болмаған кезде газды ол арқылы тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсыну Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
25-бап. Өнімді магистральдық құбырмен тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсыну
2015.05.05. № 312-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының аумағында тұтыну немесе қайта өңдеу, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге экспортқа транзиттеу және тасымалдау үшін өнімді магистральдық құбыржолмен тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсыну магистральдық құбыржолдың меншік иесі не магистральдық құбыржолға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға немесе олардың атынан осындай қызметтер көрсетуге уәкілеттік берілген оператор мен өнімді жөнелтуші арасындағы шартқа сәйкес жүзеге асырылады.
2. Мұнай тасымалдау жөніндегі қызметтер жөнелтушілерге магистральдық құбырлар жүйесінде мұнай тасымалдаудың қолданыстағы маршруттары бойынша мұнайды магистральдық мұнай құбырларымен тасымалдау кестесіне сәйкес ұсынылады.
3. Өнімді магистральдық құбырмен тасымалдау кезінде есепке алу өнім тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартқа, оператордың ішкі құжаттарына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Мұнай тасымалдауға арналған магистралдық құбырлар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес есепке алудың бақылау аспаптарымен жарақтандырылуға тиіс.
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Оператор магистральдық құбырмен тасымалданатын өнімді маршрут соңындағы алушыға өнім тасымалдау кезіндегі техникалық шығындарды шегере отырып тапсырады.