2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 13) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
13) жылжымайтын және жылжитын мүлікті сатып алу-сату, кепіл, сыйға тарту шарттарын, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 157-1-бабының үшінші бөлігінде белгіленген тәртіппен мәмілелер бойынша барлық алынған мүлікті кейіннен қайтаруға байланысты өзге де шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап қоюларда - мүліктің сотқа талап қою берілген күнгі нарықтық құнымен айқындалады. Кепіл туралы шартқа дау айту кезінде талап қою бағасы шартта көрсетілген мүлік құнынан аспауға тиіс;
14) бірнеше дербес талаптардан тұратын талап қоюларда - барлық талаптардың жалпы сомасымен айқындалады.
2. Талап қою бағасын талап қоюшы көрсетеді. Көрсетілген баға ізделінетін мүліктің нақты құнының бағасына анық сәйкес келмеген жағдайда талап қою бағасын судья айқындайды.
105-бап. Мемлекеттік бажды қосымша төлеу
1. Талап қою берілген кезде оның бағасын анықтау қиын болған жағдайда судья мемлекеттік баж мөлшерін істі сот талқылауына дайындау сатысында алдын ала анықтайды, бұл туралы істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымда көрсетіледі.
2. Сот толық төленбеген мемлекеттік баж сомасын өндіріп алу туралы істі қарау және шешу кезінде талап қою бағасын анықтаған жағдайда, толық төленуге жататын мемлекеттік баж мөлшері сот шешімінде көрсетіледі.
3. Талап қою талаптарының мөлшері ұлғайған кезде істі ұлғайған талаптар бөлігінде қарау талап қоюшы сот белгілеген мерзімде мемлекеттік баждың төленгені туралы дәлелдеме ұсынғаннан кейін жалғастырылады.
Мемлекеттік баждың төленгендігі туралы құжат ұсынылмаған жағдайда іс бұл туралы соттың шешімінде көрсетіле отырып, бастапқы мәлімделген талаптар шегінде қаралады және шешіледі. Талап қою талаптарын ұлғайту туралы арыз қаралмай, талап қоюшыға кері қайтарылады. Мемлекеттік бажды қосымша төлеу мәселесі бойынша соттың түйіндерімен келіспеу туралы дәлелдер апелляциялық шағымға енгізілуі мүмкін.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 4-бөлікпен толықтырылды
4. Егер бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда тараптар арасында татуластыру рәсімі шеңберінде жасалған келісімдердің шарттарында талап қою талаптарының мөлшері ұлғайтылса не даудың нысанасы өзгертілсе, мемлекеттік бажды қосымша төлеу жүргізілмейді. Сот шығыстарын бөлу осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
106-бап. Мемлекеттік баж төлеуден босату. Мемлекеттік баж төлеуді кейінге қалдыру
2023.12.12. № 46-VIII ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Талап қоюшыны сотқа берілетін талап қоюдан мемлекеттік баж төлеуден босату немесе мемлекеттік баж төлеу бойынша кейінге қалдыруды беру «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген негіздер бойынша жүзеге асырылады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Осы Кодекстің 54 және 55-баптарында көрсетілген тұлғалар өздері берген талап қоюдан бас тартқан жағдайда, өзінің мүддесінде осы талап қойған талап қоюшы, егер ол талап қоюды қарауды талап етсе және мемлекеттік бажды төлеуден босатылмаса, сот белгілеген мерзімде мемлекеттік бажды жалпы тәртіппен төлеуге міндетті. Мұндай жағдайда сот істі қарауды кейінге қалдырады.
Мемлекеттік баж төленбеген кезде талап қою қараусыз қалдырылады және талап қоюшыға қайтарылады. Соттың ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2023.12.12. № 46-VIII ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы азамат берген талап қоюлар бойынша сот мемлекеттік баж төлеу бойынша тиісті шешім қабылданғанға дейін кейінге қалдырады, бұл жөнінде ұйғарым шығарылады. Ұйғарым шағым жасауға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды. Ұйғарыммен келіспеу туралы дәлелдер апелляциялық шағымға, прокурордың өтінішхатына енгізілуі мүмкін. Шешім қабылданған кезде сот мемлекеттік баж төлеуге байланысты шығыстарды шешім пайдасына шығарылмаған тарапқа артады.
107-бап. Мемлекеттік бажды қайтару
Мемлекеттік бажды қайтару тәртібі «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) айқындалады.
108-бап. Іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар
Іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындарға:
1) куәларға, сарапшыларға және мамандарға төленуге тиісті сомалар;
2) тиісті орында қарап-тексеруді жүргізуге байланысты шығыстар;
3) заттай дәлелдемелерді сақтауға байланысты шығыстар;
4) жауапкерді және (немесе) баланы іздестіру бойынша шығыстар;
5) іс бойынша жарияланым мен хабарландыруларға байланысты шығыстар;
6) тараптарға және іске қатысатын басқа да тұлғаларға хабарлау және оларды сотқа шақыру бойынша шығыстар;
7) тараптар мен үшінші тұлғалардың жол жүру және тұрғын үй-жайларды жалдау бойынша, олардың сотқа келуіне байланысты жұмсаған шығыстары;
8) өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша шығыстар;
9) сот өтелуге жатады деп таныған, оның ішінде тараптардың кейіннен сотқа жүгінген кезде дауды міндетті түрде сотқа дейін реттеу рәсімдерінде жұмсаған басқа да шығыстары жатады.
109-бап. Сот шығыстарын тараптардың арасында бөлу
1. Сот, өзінің пайдасына шешім шығарылған тарапқа іс бойынша жұмсалған барлық сот шығыстарын басқа тараптан алып береді. Егер т лап қою ішінара қанағаттандырылса, онда шығыстар талап қоюшыға - талап қою талаптарының сот қанағаттандырған мөлшеріне пропорционалды, ал жауапкерге талап қоюшының талап қою талаптарынан бас тартылған бөлікке пропорционалды түрде алып беріледі.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Егер іске қатысатын адамның заңда немесе шартта көзделген дауды реттеудің наразылық немесе сотқа дейінге өзге де тәртібін бұзуы, оның ішінде наразылыққа жауап беру мерзімін бұзуы, наразылықты жауапсыз қалдыруы, сондай-ақ заңда белгіленген дауды реттеудің соттан тыс тәртібін бұзуы салдарынан дау туындаса, сот істі қараудың нәтижелеріне қарамастан, сот шығыстарын осы тұлғаға жүктейді.
Сот, процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға, оның ішінде дәлелдемелер сот белгілеген мерзімді және дәлелдемелерді дәлелді себептерсіз ұсынудың осы Кодексте белгіленген тәртібін бұза отырып ұсынылған жағдайда, егер бұл сот процесінің созылуына, істі қарауға және заңды әрі негізді сот актісін қабылдауға кедергі келтіруге әкеп соқса, іс бойынша барлық сот шығыстарын жүктеуге құқылы.
3. Егер апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттар істі жаңадан қарауға бермей, жасалған шешімді өзгертсе немесе жаңа шешім шығарса, олар тарап тиісті сот сатыларында жұмсаған шығыстары туралы дәлелдемелерді ұсынған кезінде тиісінше сот шығыстарын бөлуді де өзгертеді.
4. Бірінші сатыдағы сот тараптың арызы бойынша апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда істі қарау барысында жұмсаған сот шығыстарын, егер өтінішхат сот сатыларында істі қарау кезінде талқыланса, бірақ сот шығындары ұсынылған құжаттардың анықтығын тексеру қажеттігіне байланысты өндіріп алынбаған және бұл туралы тиісті сот сатысындағы соттың қаулысында көрсетілсе, өндіріп алу туралы ұйғарым шығарады.
5. Сот шығындарын өндіріп алу туралы арыз тараптарды хабарландыра отырып, соттың сот отырысында қарауына жатады. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған тараптардың келмеуі арызды қарауға кедергі болып табылмайды. Арыз соңғы сот актісінің қабылдануымен істі мәні бойынша қарау аяқталған соңғы сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде берілуі мүмкін.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 6-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Сот актісінің көшірмесін сот ол заңды күшіне енген кезден бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей (азаматтың) тіркелу орны немесе көрсетілген қызметтеріне ақы төлеу бойынша шығыстарына сот өтем жасаған (заңды тұлғаның) сот өкілінің орналасқан жері бойынша салық органына жібереді.
110-бап. Сарапшыларға, мамандарға, куәларға, аудармашыларға төленуге тиісті сомалар
1. Куәларға, сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға сотқа келуге байланысты жұмсалған жол жүру, үй-жай жалдау бойынша шығыстары өтеледі және іссапарға жіберілген адамдар үшін белгіленген мөлшерде тәулікақы төленеді. Сарапшы мен маманға тапсырылған жұмысты орындау кезінде олар жұмсаған, оларға тиесілі химиялық реактивтердің және басқа да шығыс материалдарының құны, сондай-ақ олардың жұмысты орындау үшін құрал-жабдықтарды, коммуналдық қызметтерді пайдаланғаны үшін төлеген ақысы да өтеледі.
2. Сотқа куә ретінде шақырылатын, жұмыс істейтін адамдарға сотқа келуге байланысты олардың болмаған уақыты үшін жұмыс істейтін орны бойынша орташа жалақысы сақталады. Еңбек қатынастарында тұрмаған куәлар өздерін әдеттегі айналысып жүрген істерінен алаңдатқаны үшін іс жүзіндегі уақыт шығындары ескеріле отырып және заңда белгіленген ең төменгі айлық жалақы мөлшері негізге алына отырып өтемақы алады.
3. Біржолғы тәртіппен тартылған сарапшылардың, сондай-ақ мамандардың қызметтік міндеттерінің аясына кірмейтін, соттың тапсырмасы бойынша орындаған жұмысы ақы төленуге жатады. Сот ақы мөлшерін тараптармен келісім бойынша айқындайды және өтінішхатты мәлімдеген тарап Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен ашылған шотқа алдын ала енгізеді.
4. Куәларға, сарапшыларға, мамандарға сомаларды, сондай-ақ сот сараптамасы органдары жүргізген сараптамаға төлемді өтінішхатты мәлімдеген тарап төлейді. Егер өтінішхатты екі тарап та берсе не куәны шақырту, сараптаманы тағайындау, маманды тарту соттың бастамасы бойынша жүргізілсе, талап етілетін соманы тараптар тең бөліктермен төлейді.
5. Өтінішхатты мәлімдеген тарап (тараптар) не өзіне сот осындай міндетті жүктеген тарап сот сараптамасы органының сараптама жүргізгені үшін төленуге тиісті сомаларды алдын ала төлеу нысанында тиісті бюджетке енгізеді. Сот белгілеген мерзімдерде сома енгізілмеген жағдайда, сараптама жүргізуге байланысты шығындар істің осы Кодекстің 109-бабының екінші бөлігіне сәйкес қаралу нәтижелеріне қарамастан, соттың шешімі бойынша төлемді жүзеге асырмаған (уақтылы жүзеге асырмаған) тұлғаға жүктеледі.
6. Бір тарап немесе екі тарап та шығындарды төлеуден босатылған жағдайда сарапшылар мен мамандарға тиесілі сомаларды төлеу соттың шешімінің негізінде істі қарау нәтижелері бойынша бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
Сарапшылар мен мамандарға тиесілі сомаларды төлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
111-бап. Куәларға, сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға сомаларды төлеу
1. Сот куәларға, сарапшыларға және мамандарға тиесілі сомаларды олар өз міндеттерін орындағаннан кейін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес ашылған шоттан төлейді.
2. Аудармашыларға тиесілі сомаларды төлеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен республикалық бюджет есебінен жүргізіледі.
2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 112-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
112-бап. Тегін заң көмегін көрсету
1. Судья істі сот талқылауына дайындаған кезде немесе сот істі қараған кезде мына адамдардың:
1) асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу туралы даулар бойынша талап қоюшылардың;
2) жұмысына байланысты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу туралы даулар бойынша талап қоюшылардың;
3) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге және қорғауға байланысты даулар бойынша талап қоюшылар мен жауапкерлердің;
4) алименттерді өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізу шеңберінде өндіріп алушылар болып табылатын көпбалалы отбасылардағы балаларды күтіп-бағуға алименттерді өндіріп алу туралы даулар бойынша талап қоюшылар мен жауапкерлердің;
5) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбірленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге және қорғауға байланысты даулар бойынша талап қоюшылар мен жауапкерлердің;
6) кәсіпкерлік қызметке байланысты емес даулар бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушылар, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар, жасына байланысты зейнеткерлер болып табылатын талап қоюшылар мен жауапкерлердің;
7) заңға сәйкес ақталған адамдарға зиянды өтеу туралы даулар бойынша талап қоюшылардың істерін қараған кезде оларды заң көмегіне ақы төлеуден және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден толық босатуға және оларды бюджет қаражаты есебіне жатқызуға міндетті.
2. Адвокат, заң консультанты көрсететін заң көмегіне ақы төлеу және қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеу мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Адвокат, заң консультанты көрсететін заң көмегіне ақы төлеу және қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеу тәртібі Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекіткен заң көмегіне ақы төлеу қағидаларында белгіленеді.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда, адамның заң көмегіне ақы төлеуден және өзінің атынан өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден босату туралы өтінішхатына осы адамның бюджет қаражаты есебінен заң көмегін алу құқығын растайтын құжаттар мен басқа да дәлелдемелер қоса тіркелуге тиіс.
4. Сот адамды заң көмегіне ақы төлеуден және оның атынан өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден босату туралы немесе өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарады, ол шағым жасалуға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуға жатпайды. Шығарылған ұйғарыммен келіспейтіні туралы дәлелдер апелляциялық шағымға, прокурордың өтінішхатына енгізілуі мүмкін.
5. Адамды заң көмегіне ақы төлеуден және оның атынан өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден босату туралы сот ұйғарымы азаматтық істі қарайтын соттың тұрған жеріндегі аумақтық адвокаттар алқасына және тиісті заң консультанттары палатасына жазбаша түрде немесе заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы электрондық құжат нысанында дереу жіберіледі, олар сот белгілеген мерзімде адвокаттың немесе заң консультантының сотқа қатысуын қамтамасыз етуге міндетті.
113-бап. Өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеу
1. Сот пайдасына шешім шығарылған тараптың өтінішхаты бойынша процеске қатысқан және осы тараппен еңбек қатынастарында тұрмаған өкілдің (бірнеше өкілдің) көмегіне ақы төлеу бойынша шығыстарын тараптың іс жүзінде жұмсаған шығыстары мөлшерінде басқа тараптан алып береді. Мүліктік талаптар бойынша осы шығыстардың жалпы сомасы талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігінің он пайызынан аспауға тиіс. Мүліктік емес сипаттағы талаптар бойынша шығыстар сомасы ақылға қонымды шектерде өндіріліп алынады, бірақ ол үш жүз айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс.
2. Заңда белгіленген тәртіппен және негіздер бойынша бюджет қаражаты есебінен адвокаттың білікті заң көмегі көрсетілген тараптың пайдасына сот шешім шығарған жағдайда, көрсетілген шығыстар мемлекеттік бюджеттің кірісіне басқа тараптан өндіріліп алынады.
114-бап. Уақыт ысырабынан келтірілген залалдарды өндіріп алу
1. Іске қатысатын адамның арызы бойынша, көрінеу теріс пиғылымен негізсіз талап қою берген немесе негізделген талап қоюға қарсы дауласқан (адам білген не білуге тиіс болған) не істің дұрыс әрі тез қаралуына және шешілуіне үнемі қарсы әрекет жасаған тараптан сот іске қатысатын екінші адамның пайдасына іс жүзінде уақыт ысырабынан келтірілген залалдар үшін өтемақыны өндіріп алуы мүмкін.
2. Залалдар мөлшерін нақты мән-жайларды ескере отырып, оның ішінде тиісті еңбекақы төлеудің осы жерде қолданылып жүрген нормаларын негізге ала отырып, сот белгілейді.
3. Тараптан залалдарды өндіріп алу туралы уәжді арыз істі мәні бойынша қарау аяқталғанға дейін беріледі және сот оны негізгі талаппен бір мезгілде қарайды. Залалдарды өндіріп алу туралы арызға «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) белгіленген тәртіппен мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат қоса берілуге тиіс.
115-бап. Талап қоюдан бас тарту, татуласу келісімі немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім, арызды қараусыз қалдыру кезінде сот шығыстарын бөлу
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Талап қоюшы талап қоюдан бас тартқан кезде ол жұмсаған сот шығыстарын жауапкер өтемейді. Талап қоюшы жауапкерге істі жүргізуге байланысты, оның ішінде дауды сотқа дейін реттеу сатысында оның жұмсаған сот шығыстарын өтейді.
Егер талап қоюшы талап қою берілгеннен кейін жауапкердің оларды ерікті түрде қанағаттандыруы салдарынан өз талаптарын қолдаудан бас тартса, сот талап қоюшының өтінішхаты бойынша жауапкерден барлық жұмсаған сот шығыстарын өндіріп алады. Егер талап қою жауапкердің кінәлі мінез-құлқынан туындамаса, онда сотта жауапкер талап қоюды мойындаған жағдайда сот шығыстары талап қоюшыға жүктеледі.
2. Тараптар бірінші, апелляциялық сатылардағы соттар бекіткен татуласу келісімін немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасқан кезде, төленген мемлекеттік баж толық көлемде бюджеттен қайтарылуға жатады.
Кассациялық сатыдағы сотта татуласу келісімі, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасалған кезде, төленген мемлекеттік баж кассациялық сатыдағы сотқа жүгіну кезінде төленген соманың елу пайызы мөлшерінде бюджеттен қайтарылуға жатады.
Басқа сот шығыстарын сот татуласу келісімінің, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімнің немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімнің шарттарына сәйкес тараптар арасында бөледі. Келісімдерде мұндай нұсқау болмаған жағдайда, олар өзара өтелген деп есептеледі.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Осы Кодекстің 279-бабының 6), 8) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша талап қою қараусыз қалдырылған кезде талап қоюшының жұмсаған сот шығыстарын жауапкер өтемейді. Мұндай жағдайда талап қоюшы жауапкерге іс жүргізуге байланысты, оның ішінде дауды сотқа дейін реттеу сатысында оның жұмсаған сот шығындарын өтейді.
116-бап. Тараптарға сот шығыстарын өтеу
1. Осы Кодексте көзделген жағдайларда сотқа басқа тұлғалар мен мемлекеттің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау туралы арыздармен жүгінген адамдарға талап қоюдан толық немесе бір бөлігінде бас тартылған кезде (осы Кодекстің 54 және 55-баптары) жауапкер жұмсаған сот шығындары бюджет қаражатынан толық немесе талап қоюшыға бас тартылған талап қою талаптарының бір бөлігіне пропорционалды өтеледі.
2. Мұндай талап қою қанағаттандырылған жағдайда жауапкер сот шығыстарын осы Кодекстің 8-тарауында көзделген тәртіппен өтейді.
117-бап. Мемлекетке сот шығыстарын өтеу
1. Талап қоюшы төлеуден босатылған мемлекеттік баж, сондай-ақ іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар сот мемлекет кірісіне шығыстарын төлеуден босатылмаған жауапкерден толық немесе талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігіне пропорционалды өндіріліп алынады.
2. Егер талап қою бір бөлігінде қанағаттандырылса, ал жауапкер сот шығыстарын төлеуден босатылса, іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар мемлекеттің кірісіне сот шығыстарын төлеуден босатылмаған талап қоюшыдан талап қою талаптарының қанағаттандырылудан бас тартылған бөлігіне пропорционалды өндіріліп алынады.
3. Егер тараптардың екеуі де сот шығыстарын төлеуден босатылса, онда іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар бюджет қаражаты есебіне жатқызылады.
4. Талап қоюдан бас тартылған жағдайда іс бойынша іс жүргізуге байланысты сот шығындары талап қоюшыдан мемлекет кірісіне өндіріліп алынады.
5. Өзіне тиесілі төлемдерді төлеуден жалтарған адамға іздестіру жарияланған жағдайда іздестіруді жүргізу бойынша шығыстар сол адамнан мемлекет кірісіне өндіріліп алынады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 118-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
118-бап. Сот шығыстарына байланысты мәселелер бойынша сот актілеріне жеке шағым беру, прокурордың өтінішхат келтіруі
Сот шығыстарына байланысты мәселелер бойынша сот актілеріне осы тарауда көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін.
9-тарау. СОТҚА ҚҰРМЕТТЕМЕУШІЛІК БІЛДІРГЕНІ ҮШІН ЖАУАПТЫЛЫҚ ШАРАЛАРЫ
119-бап. Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін жауаптылық шаралары
1. Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін жауаптылық шараларын сот баршаның сот алдында теңдігі конституциялық қағидатын және сот төрелігінің міндеттерін іске асыру мақсатында қолданады.
2. Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін бұған кінәлі адамдар осы тарауда белгіленген ерекшеліктермен Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген тәртіппен әкімшілік жауаптылыққа тартылады.
3. Егер сот отырысында тәртіп бұзушының әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болса, осы адам қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
4. Заңға қарсы жасалған әрекет (әрекетсіздік) үшін бір ғана мәжбүрлеу шарасы және (немесе) бір ғана жауаптылық түрі қолданылады.
120-бап. Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін жауапқа тарту тәртібі
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Сот отырысында сотқа құрметтемеушілік білдіру фактісі анықталғандығы туралы осы бұзушылық анықталған сот отырысының процесін тікелей жүргізуші судья (сот құрамы) құқық бұзушыға дереу сот отырысында жариялайды. Осы факт сот отырысының хаттамасында тіркеледі. Бұл ретте әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалмайды.
2. Өзіне қатысты сотқа құрметтемеушілік білдіру фактісі анықталған адам, сондай-ақ іске қатысатын өзге де адамдар өз түсініктемелерін беруге құқылы.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулыны төрағалық етуші судья азаматтық іс бойынша сот отырысы аяқталғаннан кейін дайындайды, оған судьялар (сот құрамы) қол қояды.
4. Егер сотқа құрметтемеушілік сот отырысында білдірілсе және тәртіп бұзушы сот отырысының залынан шығып кеткен жағдайда, сот отырысынан тыс сотқа құрметтемеушілік білдірілмеген кезде, сондай-ақ егер сот отырысына келуден жалтару белгіленсе, сот приставы немесе соттың өзге жұмыскері сот төрағасының немесе сот отырысына төрағалық етушінің ауызша өкімі бойынша құқық бұзушылық туралы хаттама жасайды, бұл туралы құқық бұзушылық туралы хаттамада көрсетіледі.
5. Құқық бұзушылық туралы хаттама осы баптың төртінші бөлігінде көзделген жағдайларда қажетті материалдармен бірге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген соттылыққа сәйкес қарау үшін сотқа жіберіледі.
6. Егер сот отырысында тәртіп бұзушының әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болса, сот бұл туралы қаулы шығарады, ол өзіне қатысты қаулы шығарылған адамға үш жұмыс күні ішінде тапсырылады және (немесе) жіберіледі және растайтын материалдармен бірге прокурорға сотқа дейінгі іс жүргізуді ұйымдастыру үшін жолданады.
10-тарау. ПРОЦЕСТІК МЕРЗІМДЕР
121-бап. Процестік әрекеттер жасау мерзімдері
1. Процестік әрекеттер осы Кодексте белгіленген процестік мерзімдерде жасалады.
2. Егер процестік әрекеттер жасауға арналған мерзім осы Кодексте белгіленбеген жағдайда, оны сот тағайындайды. Сот тағайындайтын процестік мерзім процестік әрекеттер жасау үшін ақылға қонымды және жеткілікті болуға тиіс.
122-бап. Процестік мерзімдерді есептеу
1. Процестік әрекеттер жасауға арналған мерзімдер сөзсіз болуға тиісті оқиға көрсетіле отырып, дәл күнтізбелік күнмен айқындалады немесе жылдармен, айлармен немесе күндермен есептелетін уақыт кезеңімен айқындалады. Соңғы жағдайда әрекет бүкіл кезең ішінде жасалуы мүмкін.
2. Кезеңмен айқындалатын процестік мерзімнің ағымы оның басталуы айқындалған күнтізбелік күннен немесе оқиға болған күннен кейінгі күні басталады.
123-бап. Процестік мерзімдердің аяқталуы
1. Жылдармен есептелетін мерзім сол мерзімнің соңғы жылының тиісті айында және күнінде бітеді.