ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері
бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне:
1) 103-баптың бірінші абзацы «оны төлеуден босату» деген сөздерден кейін «немесе оны төлеу бойынша кейінге қалдыруды беру» деген сөздермен толықтырылсын;
2) 106-бапта:
бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Талап қоюшыны сотқа берілетін талап қоюдан мемлекеттік баж төлеуден босату немесе мемлекеттік баж төлеу бойынша кейінге қалдыруды беру «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген негіздер бойынша жүзеге асырылады.»;
үшінші бөліктегі «төлеуді» деген сөз «төлеу бойынша» деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 149-баптың бірінші бөлігінің 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат не «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген негіздер бойынша мемлекеттік баж төлеу бойынша кейінге қалдыру туралы өтінішхат;».
2. 2020 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне:
131-баптың сегізінші бөлігінің 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат не «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген негіздер бойынша мемлекеттік баж төлеу бойынша кейінге қалдыру туралы өтінішхат;».
3. «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» 2019 жылғы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:
51-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«51-бап. Арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары мен басқарушы компанияларына, индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларына салық салу
1. Арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары мен басқарушы компаниялары, индустриялық аймақтардың басқарушы компаниялары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес салықтық преференцияларды қолданады.
2. Арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары жобаның құнына байланысты мынадай санаттар:
1) жобаның құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 3 000 000 еселенген мөлшеріне дейін - А санаты;
2) жобаның құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 3 000 000 еселенген мөлшерінен бастап 14 500 000 еселенген мөлшеріне дейін - B санаты;
3) жобаның құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 14 500 000 еселенген мөлшерінен бастап - С санаты бойынша салықтық преференцияларды қолданады.
Бұл ретте тамақ өнімдерін, тоқыма бұйымдарын, киім-кешек, былғары және оған жататын өнімдерді шығару, компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар жасау, электр жабдықтарын жасау салаларында қызметті жүзеге асыратын арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларына жобаның құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1 000 000 еселенген мөлшерінен бастап 14 500 000 еселенген мөлшеріне дейін болған кезде B санаты беріледі.».
2-бап. Осы Заң 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2023 жылғы 12 желтоқсан
№ 46-VIІІ ҚРЗ