3. Сот тараптар мен іске қатысатын басқа да тұлғаларға істі дұрыс шешу үшін қажетті қосымша дәлелдемелер беруді ұсынуға құқылы.
4. Іске қатысатын тараптар мен басқа да тұлғалар үшін дәлелдемелерді беру қиын болған жағдайда, бірінші сатыдағы сот олардың өтінішхаты бойынша оларға дәлелдемелерді талап етіп алдыруға жәрдем көрсетеді.
Бірінші сатыдағы сот қанағаттандырусыз қалдырған, тарапқа қажетті дәлелдемелерді талап етіп алдыруға жәрдем көрсету туралы өтінішхат апелляциялық сатыдағы соттың алдында апелляциялық шағымда немесе сот отырысында мәлімделуі мүмкін.
5. Дәлелдемелерді талап етіп алдыруға жәрдем көрсету туралы өтінішхатта дәлелдеме, сондай-ақ іс үшін маңызы бар қандай мән-жайлар осы дәлелдемемен анықталатыны немесе теріске шығарылатыны, дәлелдемелерді өз бетінше алуға кедергі келтіретін себептер және оның тұрған жері көрсетілуге тиіс.
6. Қажет болған кезде сот іске қатысатын адамға дәлелдемені алу үшін сұрау салуды береді. Сот талап еткен дәлелдемесі бар тұлға оны тікелей сотқа жібереді немесе сотқа дәлелдемені ұсыну үшін соттың тиісті сұрау салуы бар тұлғаның қолына береді. Корпоративтік даулар бойынша дәлелдемелерді тек қана сот талап етуге және тікелей сотқа жіберілуге тиіс.
7. Талап етілген дәлелдемелерді ұсынбаудың себептері туралы сотқа хабарланбаған, сондай-ақ сот дәлелсіз деп таныған себептер бойынша сот белгілеген мерзімде дәлелдемелер ұсынылмаған жағдайда, кінәлі лауазымды немесе іске қатыспайтын өзге де тұлғалар осы Кодекстің 9-тарауында белгіленген қағидалар бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жазаға тартылады.
8. Әкімшілік жаза қолдану сот талап еткен дәлелдемені иеленген тұлғаны дәлелдемені сотқа ұсыну міндетінен босатпайды. Соттың талабын қасақана орындамаған жағдайда көрсетілген тұлғалар қылмыстық жауаптылықта болады.
9. Егер тарап сот талап еткен дәлелдемені өзінде ұстап қалса және оны соттың сұрау салуы бойынша сот белгілеген мерзімде ұсынбаса, онда қамтылған мәліметтер осы тараптың мүдделеріне қарсы бағытталған деп болжанады және ол мойындады деп есептеледі.
10. Төрелік талқылау тараптары төреліктің келісімімен дәлелдемелерді алуға жәрдемдесу туралы өтінішхатпен сотқа жүгіне алады, ол осы баптың төртінші бөлігінің бірінші абзацына сәйкес қаралады.
74-бап. Сот тапсырмалары
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Істі қарайтын сот өз бастамасы бойынша немесе іске қатысатын адамның басқа қаладағы немесе аудандағы дәлелдемелерді қамтамасыз етудің (жинаудың, зерттеудің) қажеттігі туралы өтінішхаты қанағаттандырылған жағдайда, тиісті сотқа белгілі бір процестік әрекеттерді жүргізуді тапсырады.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Істі қарайтын сот өз бастамасы бойынша немесе іске қатысатын адамдардың Қазақстан Республикасының азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шарты бар басқа мемлекеттегі дәлелдемелерді қамтамасыз етудің (жинаудың, зерттеудің) қажеттігі туралы өтінішхаттары қанағаттандырылған жағдайда, осы шарттың ережелеріне сәйкес сот тапсырмасын жібереді.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Сот тапсырмасы туралы ұйғарымда қаралатын істің мәні, тараптар туралы мәліметтер қысқаша жазылады, анықтауға жататын мән-жайлар, тапсырманы орындаушы сот жинауға тиіс дәлелдемелер көрсетіледі. Бұл ұйғарым ол жолданған сот үшін міндетті. Сот тапсырмасы туралы ұйғарым шағым жасауға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды.
75-бап. Сот тапсырмасын орындау тәртібі
1. Соттың тапсырмасын орындау осы Кодексте белгіленген қағидалар бойынша сот отырысында жүргізіледі. Іске қатысатын адамдар отырыстың уақыты мен орны туралы хабарландырылады, алайда олардың келмеуі тапсырманы орындауға кедергі болып табылмайды.
2. Сот тапсырмасын өзіне жолданған сот ол келіп түскен күнінен бастап бір ай мерзімде орындайды.
3. Хаттамалар мен сот тапсырмасын орындау кезінде жиналған барлық материалдар істі қарап жатқан сотқа дереу жіберіледі.
4. Егер іске қатысатын адамдар немесе тапсырманы орындаған сотқа түсініктеме немесе айғақ берген куәлар істі қарайтын сотқа келсе, олар жалпы тәртіппен түсініктеме мен айғақ береді.
76-бап. Дәлелдеуден босатудың негіздері
1. Сот жалпыға бірдей белгілі деп таныған мән-жайлар дәлелдеуді қажет етпейді.
Белгілі бір аумақта, оның ішінде сотқа және іске қатысатын адамдарға кеңінен танымал болуына орай іс бойынша дәлелдеу нысанасына кірмейтін мән-жайлар жалпыға бірдей белгілі деп танылады.
2. Соттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен немесе қаулысымен анықталған мән-жайлар сот үшін міндетті. Мұндай мән-жайлар тап сол тұлғалар қатысатын басқа да азаматтық істерді талқылау кезінде қайта дәлелденбейді.
3. Соттың қылмыстық іс бойынша заңды күшіне енген, талап қоюды қанағаттандыру құқығы танылатын үкімі өзіне қатысты сот үкімі шығарылған адам әрекеттерінің азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарайтын сот үшін міндетті. Заңды күшіне енген сот үкімі мұндай азаматтық істі қарайтын сот үшін осы іс-әрекеттер орын алды ма және оларды осы адам жасады ма деген мәселелер бойынша да, сондай-ақ үкіммен белгіленген басқа да мән-жайларға және олардың құқықтық бағасына қатысты міндетті.
4. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10), 11) және 12) тармақшаларында және 36-бабында көзделген негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған тұлға жасаған іс-әрекеттің азаматтық-құқықтық салдары азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен талап қою кезінде қайта дәлелденбейді.
5. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша соттың заңды күшіне енген қаулысымен анықталған әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғаның кінәсі осы тұлға жасаған нақ осы құқық бұзушылықтың азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарау кезінде қайта дәлелденбейді.
6. Заңға сәйкес анықталған деп болжанған фактілер азаматтық істі талқылау кезінде дәлелденбейді.
7. Егер тиісті құқықтық рәсім шеңберінде керісінше дәлелденбесе, мына мән-жайлар:
1) қазіргі заманғы ғылымда, техникада, өнерде, кәсіпшілікте жалпыға бірдей қабылданған зерттеу әдістерінің дұрыстығы;
2) адамның заңды білуі;
3) адамның өзінің қызметтік және кәсіби міндеттерін білуі;
4) арнайы даярлықтың немесе білімінің бар екенін растайтын құжатты ұсынбаған және арнайы даярлық немесе білім алған оқу орнын немесе басқа мекемені көрсетпеген тұлғада олардың болмауы дәлелдемелерсіз анықталған мән-жайлар болып есептеледі.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 8-бөлікпен толықтырылды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
8. Әкімшілік іс бойынша соттың заңды күшіне енген шешімімен белгіленген әкімшілік актінің заңсыздығы осы акт заңсыздығының азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарау кезінде қайтадан дәлелденбейді.
77-бап. Маманды процестік әрекеттерге қатысуға тарту
1. Сот ғылыми-техникалық құралдарды қолдануға консультациялар (түсiндiрмелер) беру және көмектесу арқылы дәлелдемелердi жинауға, зерттеуге және бағалауға жәрдем көрсету мақсатында сот отырысына немесе процестік әрекеттерге қатысу үшiн iстiң нәтижесiне мүдделi емес, арнаулы білiмi бар кәмелетке толған адамды маман ретiнде тартуы мүмкiн.
Сот мамандарды тараптың өтінішхаты бойынша да тартуға құқылы. Iске қатысатын тұлғалар сотқа арнаулы бiлiмi бар нақты адамды маман ретiнде тарту туралы өтiнiш жасай алады.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Маманды тағайындау туралы - істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымда, ал сот отырысы барысында сот отырысының хаттамасында көрсетіледі.
3. Маман ретінде шақырылған адамның: өзінің шақырылу мақсатын білуге; егер тиісті арнаулы білімі мен дағдысы болмаса, іс бойынша іс жүргізуге қатысудан бас тартуға; соттың рұқсатымен процестік әрекетке қатысушыларға сұрақтар қоюға; процестік әрекетке қатысушылардың назарын дәлелдемелердi жинауға, зерттеуге және бағалауға жәрдем көрсету кезіндегі, ғылыми-техникалық құралдарды қолдану, сараптама тағайындау үшін материалдарды дайындау кезіндегі өзінің әрекетіне байланысты мән-жайларға аударуға; өзі қатысқан процестік әрекеттің хаттамасымен, сондай-ақ сот отырысы хаттамасының тиісті бөлігімен танысуға және өзінің қатысуымен жүргізілген әрекеттердің барысы мен нәтижелерін толық әрі дұрыс тіркеп қоюға қатысты хаттамаға енгізілуге тиісті мәлімдемелер мен ескертпелер жасауға; процестік әрекеттерді жүргізуге қатысуына байланысты өзіне жұмсаған шығыстардың өтемін және егер іс бойынша іс жүргізуге қатысу оның лауазымдық міндеттерінің шеңберіне кірмесе, орындаған жұмысы үшін сыйақы алуға құқығы бар.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Маман болып тағайындалған адам: соттың шақыруы бойынша келуге; арнайы білімін, дағдылары мен ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, процестік әрекеттерді жүргізуге және сот талқылауына қатысуға; консультациялар беруге; өзі орындайтын әрекеттер бойынша, оның ішінде техникалық байланыс құралдарын пайдалана отырып түсініктер беруге міндетті. Барлық туындаған мәселелер бойынша маманның қорытындысы сотқа жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында ұсынылуға тиіс.
5. Он жасқа толған кәмелетке толмаған баланың даудың нысанасы бойынша пікірін анықтау жөніндегі процестік әрекеттерді жүргізу кезінде педагогтың және (немесе) психологтың қатысуы міндетті.
6. Педагог және (немесе) психолог кәмелетке толмаған адамның жеке басын сипаттайтын азаматтық іс материалдарымен одан сұрау басталғанға дейін танысуға, кәмелетке толмаған адамның даудың нысанасы бойынша пікірін нақтылау үшін төрағалық етушінің рұқсатымен оған сұрақ қоюға, ал процестік әрекет аяқталғаннан кейін сот отырысы хаттамасымен оның сот отырысына қатысуын көрсететін бөлігімен танысуға құқылы.
7. Он жастан асқан балаға сауал қою педагогтың және (немесе) психологтың қатысуымен жүргізіледі. Балаға сауал қою уақытында оның заңды өкілдері соттың хаттамалық ұйғарымы бойынша сот отырысы залынан шығарылуы мүмкін. Заңды өкілдері отырыс залына қайта оралғаннан кейін оларға баланың пікірінің мазмұны хабарлануға және оған сұрақтар қоюға мүмкіндік берілуге тиіс. Даудың нысанасы бойынша баланың пікірі анықталғаннан кейін ол сот отырысы залынан шығарылады.
8. Инвестициялық дауларды қараған кезде сот Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Халықаралық кеңес мамандарының қорытындысын сұратуға құқылы.
78-бап. Дәлелдеу процесіндегі ғылыми-техникалық құралдар
1. Іс бойынша дәлелдеу процесіндегі ғылыми-техникалық құралдарды сот, тараптар, сондай-ақ сарапшы және маман өздерінің осы Кодексте көзделген процестік міндеттерін атқаруы кезінде пайдалана алады.
2. Ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану кезінде жәрдем көрсету үшін сот маманды шақыруы мүмкін.
3. Ғылыми-техникалық құралдарды пайдалануға, егер ол:
1) заңда тікелей көзделсе немесе оның нормалары мен қағидаттарына қайшы келмесе;
2) ғылыми негізделген болса;
3) іс бойынша іс жүргізудің тиімділігін қамтамасыз ететін болса;
4) қауіпсіз болса, жол беріледі деп танылады.
4. Ғылыми-техникалық құралдарды жасырын пайдаланудың нәтижелері, мұндай пайдалануға заңда жол берілген және (немесе) бұл дәлелдемелер өздеріне қарсы бағытталған тарап оларды мойындаған және дау айтпаған жағдайларды қоспағанда, азаматтық сот ісін жүргізуде дәлелдемелер ретінде пайдаланылмайды.
5. Ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану тарап ұсынатын анықтамамен немесе тиісті процестік әрекеттің хаттамасымен не сот отырысының хаттамасымен тіркеп қойылады. Анықтамада немесе хаттамада ғылыми-техникалық құралдардың атауы, оларды қолданудың шарттары мен тәртібі, осы құралдар қолданылған объектілер және оларды пайдалану нәтижелері көрсетіледі.
6. Ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен алынған құжаттар мен басқа да материалдарды зерттеу, сақтау және оларға иелік ету осы Кодекстің 96 және 98-баптарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
79-бап. Іске қатысатын адамдардың түсініктемелері
1. Іске қатысатын адамдардың іс үшін маңызы бар өздеріне белгілі мән-жайлар туралы түсініктемелері іс бойынша жиналған басқа да дәлелдемелермен қатар тексеруге және бағалауға жатады.
Көрсетілген тұлғалардың түсініктемелері ауызша және жазбаша болуы мүмкін.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Бір тараптың өзінің талаптарын немесе қарсылықтарын негіздейтін фактілерді екінші тараптың мойындауы алдыңғы тарапты осы фактілерді одан әрі дәлелдеу қажеттігінен босатады. Тарап мойындаған факті сот отырысының хаттамасына енгізіледі. Егер фактіні мойындау жазбаша арызда не электрондық құжат нысанында баяндалған болса, ол іске қоса тіркеледі.
3. Сот фактілерді мойындауды, егер олар істің шындығында болған мән-жайларын жасыру мақсатында не алдаудың, күш қолданудың, қорқытудың немесе жаңылдырудың әсерінен жасалғандығына күдігі болса, оларды қабылдамайды, бұл туралы сот шешімінде көрсетіледі. Мұндай жағдайда осы фактілер жалпы негіздерде дәлелденуге тиіс.
80-бап. Куәның айғақтары
1. Іс үшін маңызы бар мән-жайлар туралы қандай да болмасын мәліметтер өзіне белгілі болған кез келген адам куә бола алады. Адамның айғағы, егер ол өзінің хабардар болу көзін көрсете алмаса, дәлелдеме деп танылмайды.
2. Куәны шақыру туралы өтінішхат берген адам сотқа оның тегін, атын, әкесінің атын және тұрғылықты жерін немесе жұмыс орнын хабарлауға, осы куәдан жауап алу қажеттілігін негіздеуге міндетті.
3. Куә ретінде:
1) балаларды тәрбиелеу туралы даулар бойынша істерді қоспағанда, өзінің жастығына, дене немесе психикалық кемістіктеріне байланысты фактілерді дұрыс қабылдауға және олар туралы дұрыс айғақтар беруге қабілетсіз адамдар;
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) өкілдің немесе қорғаушының міндеттерін атқаруына байланысты өздеріне белгілі болған мән-жайлар туралы - азаматтық, әкімшілік істер бойынша өкілдер немесе қылмыстық іс, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша өкілдер, қорғаушылар;
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) шешім немесе үкім шығару кезінде істің мән-жайларын талқылау барысында кеңесу құпиясын сақтау мәселелері бойынша - судья;
4) өзінің мiндеттерiн орындауға байланысты өзіне белгiлi болған мән-жайлар туралы - төрешi, алқаби;
5) заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, медиацияны жүргізуге байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы - медиатор, медиацияны жүргізген судья;
6) тәубаға келу үстінде өздеріне сырын ашқан адамдардан оларға белгілі болған мән-жайлар туралы - діни қызметшілер;
7) заңда көрсетілген басқа да тұлғалар жауап алуға жатпайды.
2021.29.12. № 91-VII ҚР Заңымен 3-1-бөлікпен толықтырылды
3-1. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымдық міндеттерін атқаруына байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы айғақтар беруге міндетті емес. Ол айғақтар беруден бас тартуға құқылы және бұл үшін оны қандай да бір жауаптылыққа тартуға болмайды.
4. Адам сотта өзіне, жұбайына (зайыбына) және қатары заңмен айқындалатын жақын туыстарына қарсы куә айғақтарын беруден бас тартуға құқылы.
81-бап. Куәның міндеттері мен құқықтары
1. Куә ретінде шақырылған адам сотқа тағайындалған уақытта келуге және шынайы айғақтар беруге міндетті.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Егер куә ауруының, қарттығының, мүгедектігінің, тұратын жерінің алыстығының немесе басқа да дәлелді себептерінің салдарынан соттың шақыруы бойынша келуге жағдайы болмаса, сот одан оның болған жерінде не техникалық байланыс құралдарын пайдалана отырып жауап алуы мүмкін.
3. Көрінеу жалған айғақ бергені және заңда көзделмеген негіздер бойынша айғақтар беруден бас тартқаны үшін куә Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген жауаптылықта болады.
4. Куәның сотқа шақырылуына байланысты шығыстарды өтеттіруге және уақытын жоғалтуына байланысты ақшалай өтемақы алуға құқығы бар. Шығыстар мен өтемақылардың мөлшері Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалады.
82-бап. Сот сараптамасын тағайындау
1. Сот сараптамасы іс үшін маңызы бар мән-жайлар сарапшы арнайы ғылыми білімдер негізінде жүргізетін оның объектілерін зерттеу нәтижесінде анықталуы мүмкін жағдайларда тағайындалады. Азаматтық сот ісін жүргізуге қатысатын өзге де адамдардың мұндай білімінің болуы сотты тиісті жағдайларда сараптама тағайындау қажеттігінен босатпайды.
2. Істе ревизиялар, тексерулер актілерінің, ведомстволық инспекциялар қорытындыларының, сондай-ақ мамандардың жазбаша консультацияларының, бағалаушылар есептерінің болуы сарапшының қорытындысын ауыстырмайды және сол мәселелер бойынша сот сараптамасын тағайындау мүмкіндігін жоққа шығармайды.
3. Сот сараптамасын сот тараптың өтінішхаты бойынша немесе өз бастамасы бойынша тағайындайды.
4. Тараптың және іске қатысатын басқа да тұлғалардың жазбаша дәлелдеменің бұрмалануы туралы арызы бойынша сот тиісті сараптама тағайындауға құқылы.
5. Сарапшы ретінде арнайы ғылыми білімі бар іске мүдделі емес адам шақырылуы мүмкін. Сот сараптамасын жүргізу:
1) сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне;
2017.10.02. № 45-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) лицензия негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын жеке тұлғаларға;
2017.10.02. № 45-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) «Сот-сараптама қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес арнайы ғылыми білімді иеленген өзге де адамдарға біржолғы тәртіппен тапсырылуы мүмкін.
6. Іске қатысатын адамдар соттан сот сараптамасы ісін жүргізуді қажетті арнайы ғылыми білімі бар нақты адамға тапсыру туралы сұрай алады.
Соттың біржолғы тәртіппен сараптама жүргізу тапсырылған адамды шақырту туралы талабы көрсетілген адам жұмыс істейтін ұйымның басшысы үшін міндетті.
7. Іске қатысатын әрбір тұлға сарапшының алдына қойылуға тиіс сұрақтарды сотқа ұсынуға құқылы. Сарапшы қорытынды беруге тиіс сұрақтардың түпкілікті шеңберін сот айқындайды. Сот ұсынылған сұрақтарды қабылдамауды сот сараптамасын тағайындау туралы ұйғарымда уәждеуге міндетті.
8. Егер тарап сараптама жүргізуге қатысудан жалтарса немесе оны өткізуге кедергі келтірсе (сараптамаға келмесе, сарапшыларға зерттеу үшін қажетті материалдарды бермесе, сотқа беру мүмкін емес немесе қиындық келтіретін, өзіне тиесілі объектілерді зерттеуге мүмкіндік бермесе), ал істің мән-жайлары бойынша осы тараптың қатысуынсыз сараптама жүргізу мүмкін болмаса, сот қай тараптың сараптамадан жалтарғанына қарай, анықтау үшін сараптама тағайындалған фактіні анықталған немесе жоққа шығарылған деп тануға құқылы.
2017.10.02. № 45-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 9-бөлік өзгертілді
9. Сот сараптама тағайындау туралы ұйғарым шығарады, сарапшыға осы Кодекстің 91-бабында көзделген құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді және көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескертеді.
Сот сараптамасын тағайындау туралы ұйғарымда соттың атауы; сараптаманы тағайындау уақыты, орны; қаралатын іс бойынша тараптардың атауы; сараптаманың түрі; сараптама тағайындау үшін негіздер; сарапшылар алдына қойылған мәселелер; іс материалдары мен сараптамаға жіберілетін объектілер және олардың шығу тегі туралы ақпарат, объектілерді толық немесе ішінара жою, зерттеу барысында олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгерту мүмкіндігіне рұқсат; сот сараптамасы органының атауы және (немесе) біржолғы тәртіппен сот сараптамасын жүргізу тапсырылған адамның тегі; оны жүргізу үшін ақы төлеуді жүргізуге тиіс тараптың атауы көрсетіледі. Соттың сот сараптамасын тағайындау туралы ұйғарымы ол жіберілген және өз құзыретіне кіретін органдардың немесе адамдардың орындауы үшін міндетті.
Сараптама «Сот-сараптама қызметі туралы» 2017 жылғы 10 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мерзімдерде жүргізіледі. Сараптама тағайындау туралы ұйғарым шағым жасауға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды. Ұйғарыммен келіспеу туралы дәлелдер апелляциялық шағымға, прокурордың өтінішхатына енгізілуі мүмкін.
83-бап. Үлгiлердi алу
1. Судья істі дұрыс қарау және шешу үшін маңызы бар мән-жайларды анықтау мақсатында сараптамалық зерттеу үшін сараптама жасауға қажетті тірі адамның, мәйiттiң, жануардың, заттар мен материалдардың қасиеттерін бейнелейтін үлгілерді алуға құқылы.
Үлгiлерге материалдардың, заттардың, шикiзаттың, дайын өнiмнiң сынамалары да жатады.
2. Үлгiлердi алу туралы уәжді ұйғарым шығарылады, онда үлгiлерді алатын адам; үлгiлер алынуға тиіс адам (ұйым); дәл қандай үлгiлер және қандай санда алынуға тиіс екендігі; одан үлгілерді алу үшін адам қашан және кімге келуге тиіс екендігі; үлгiлер алынғаннан кейін қашан және кімге берілуге тиіс екені көрсетіледі.
3. Үлгілерді, егер бұл үлгiлер алынатын жынысы басқа адамды жалаңаштап шешiндiрумен байланысты болмаса және ерекше кәсiби дағдыны талап етпесе, судья өзі, ал қажет болған кезде маманның қатысуымен алуы мүмкiн. Өзге жағдайларда үлгілердi судьяның тапсырмасы бойынша маман алуы мүмкiн.
4. Үлгiлер тараптардан, сондай-ақ үшінші тұлғалардан алынуы мүмкін.
5. Маман судьяның тапсырмасы бойынша қажетті әрекеттерді жүргізеді және үлгілерді алады. Үлгілер оралады және мөрленеді, одан кейін маман жасаған ресми құжатпен бірге судьяға жіберіледі.
6. Үлгілерді алу сараптамалық зерттеудің бір бөлігі болып табылатын жағдайларда оны сарапшы жүргізуі мүмкін.
7. Yлгiлердi алу хаттамасында жүргiзiлу реттілігiмен үлгiлердi алу үшiн жасалған әрекеттер сипатталады, бұл ретте қолданылған ғылыми зерттеу және басқа да әдiстер мен рәсiмдер, сондай-ақ үлгiлердiң өздері, оларды орау мен сақтау шарттары жазылады.
84-бап. Маманның немесе сарапшының тірі адамнан үлгiлерді алуы
1. Судья өзiнен үлгілер алынуға тиiс адамды, сондай-ақ тиiстi тапсырмасы бар ұйғарымды маманға жiбередi. Ұйғарымда осы процестік әрекетке барлық қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi көрсетiлуге тиiс.
2. Маман судьяның тапсырмасы бойынша қажеттi әрекеттердi жүргізеді және сараптамалық зерттеу үшін талап етілетін үлгілердi алады. Yлгiлер оралады және мөрленеді, одан кейiн маман жасаған ресми құжатпен бiрге судьяға жiберiледi.
3. Сарапшы зерттеу жүргiзгеннен кейiн үлгiлердi оралған және мөрленген түрде өзiнiң қорытындысына қоса тiркейдi.
4. Сарапшы зерттеу процесінде эксперименттік үлгілерді дайындауы мүмкін, бұл туралы ол қорытындыда хабарлайды.
5. Егер үлгілерді судьяның тапсырмасы бойынша маман немесе сарапшы алса, ол ресми құжат жасайды, бұған процестік әрекетке барлық қатысушылар қол қояды және іс материалдарына қоса тіркеу үшін судьяға беріледі.
6. Алынған үлгілер оралған және мөрленген түрде хаттамаға қоса беріледі.
85-бап. Салыстырып зерттеу үшін жазу үлгілерін алу
1. Өзінің атынан орындалған құжаттағы адамның қойған қолының төлнұсқалығына шағым жасалған жағдайда, сот салыстырып зерттеу үшін осы адамның жазуы мен қойған қолының үлгілерін алуға құқылы.
2. Сот адамның жазуы мен қол қою үлгілерін алу туралы ұйғарым шығарады, ол сот отырысының хаттамасына енгізіледі.
3. Тұлғаның салыстырып зерттеу үшін жазуы мен қол қою үлгілерін беруден жалтаруы, тараптың өз талаптарына немесе қарсылықтарына негіз ретінде сілтеме жасаған мән-жайларды осы адамның мойындағаны деп бағаланады.
4. Жазу мен қол қою үлгілерін алу сот отырысында жүргізіледі және хаттамада көрсетіледі.
86-бап. Үлгiлердi алу кезiнде жеке бастың құқықтарын қорғау
1. Үлгілерді алу әдістері мен ғылыми-техникалық құралдары адамның өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіз болуға тиіс.
2. Ауыру сезімін не денсаулық үшін ықтимал теріс салдар тудыратын күрделi медициналық рәсiмдердi немесе әдiстердi қолдануға үлгiлер алынуға тиiстi адамға осындай салдарлар түсіндірілгеннен кейін және осы адамның жазбаша келiсiмімен ғана, ал егер ол кәмелетке толмаса немесе психикалық аурудан зардап шегетін болса, онда оның заңды өкілдерінің де келісімімен жол беріледі.
87-бап. Сараптама жүргізу тәртібі