5. Мемлекеттік мүлікті сақтау мерзімі Қазақстан Республикасының заңдарында немесе мемлекеттік мүлікті сақтау шарттарында не сақтауға қабылдау туралы шарттарда айқындалады. Сақтау мерзімі өткеннен соң мемлекеттік мүлікті сақтау немесе сақтауға қабылдау туралы шарттар, егер Қазақстан Республикасының заңдарында, тиісті шарттарда өзгеше көзделмесе немесе мемлекеттік мүліктің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелердің мәнінен туындамаса, сол мерзімге жасалған деп есептеледі.
Жүк беруші болып табылатын немесе оның жазбаша тапсырмасы бойынша өкілдік ететін уәкілетті мемлекеттік орган кез келген уақытта сақтаушыдан мүлікті (затты) талап етуге құқылы. Бұл жағдайда, егер мемлекеттік мүлікті сақтау немесе сақтауға қабылдау туралы шарттарда өзгеше көзделмесе, жүк беруші міндеттеменің мерзімінен бұрын тоқтатылуынан туындаған залалдарды сақтаушыға өтеуге міндетті.
6. Мемлекеттік мүлікті сақтау шарты және сақтауға қабылдау туралы шарт өтеулі болып табылады. Сақтаушыға берілетін сыйақының мөлшері тараптардың келісімімен, ал Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда, ставкалар мен тарифтерге сәйкес айқындалады.
7. Егер сақтау шартында өзгеше көзделмесе, сақтаушы жүк берушінің келісімінсіз затты үшінші тұлғаның сақтауына беруге құқылы емес, жүк берушінің мүдделерінде мән-жайларға байланысты ол осыған мәжбүр болған және оның келісімін алуға мүмкіндігі болмаған жағдайлар бұған кірмейді. Сақтаушы заттың үшінші тұлғаға сақтауға берілгендігі туралы жүк берушіні дереу хабардар етуге міндетті. Сақтаушы өзі затты сақтауға берген үшінші тұлғаның іс-әрекеті үшін өзінің іс-әрекетіндей жауап береді.
8. Сақтаушы өзіне берілген мемлекеттік мүліктің сақталуын қамтамасыз ету үшін шартта көзделген барлық шараны, сондай-ақ басқа да қажетті шараларды қабылдауға міндетті. Мемлекеттік мүліктің сақталуы техникалық нормативтер мен сақтау және (немесе) қорғау шарттары жөніндегі талаптарға сәйкес қамтамасыз етілуге тиіс.
Сақтаушы сақтауға қабылдаған мемлекеттік мүліктің жоғалғаны, жетіспеушілігі немесе бүлінгені үшін жауап береді. Ол, егер заттың жоғалуы, жетіспеушілігі немесе бүлінуі өзінің кінәсінен болмағанын дәлелдейтін болса, жауаптылықтан босатылады.
Сақтаушы сақтауға берілген мемлекеттік мүлік жетіспеген кезде мемлекеттік мүлікті сақтау немесе сақтауға қабылдау туралы шарттарда, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқандалған мерзімде жетіспейтін мүлікті заттай өтеуге, ал ондай мүмкіндік болмаған кезде - жоғалған немесе жетіспейтін мемлекеттік мүліктің құны мөлшерінде өтеуге міндеттенеді.
9. Осы баптың қағидалары, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мүлікті сақтаудың жекелеген түрлеріне қолданылады.
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 10-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10. Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтары мемлекеттік материалдық резерв жүйесінің ведомстволық бағынысты ұйымдарында, мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтау пункттерінде және жұмылдыру тапсырыстары белгіленген ұйымдарда сақталады.
Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтаумен байланысты қатынастар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен және «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
82-бап. Жалпы пайдаланудағы мемлекеттік мүлікті пайдалану құқықтарын жүзеге асыру
1. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жалпы пайдаланудағы мемлекеттік мүлікке:
1) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және Қазақстан Республикасының заңдарымен жалпы пайдаланудағы мүлікке жатқызылған өсімдіктер мен жануарлар әлемі, өзге де табиғи ресурстар;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасымен ені белгіленген жағалау белдеулері бар кеме жүзетін және сал ағызылатын өзендердің арналары, сондай-ақ көлдер, қойнау-қолаттар мен өзге де табиғи су айдындары;
3) порттар, айлақтар, шығанақтар, рейдтер мен қойнаулар, сондай-ақ бөгеттер, молдар, толқын бөгеттері мен өзге де жағалау құрылыстары;
4) иеліктен шығарылған белдеулері және қосымша құрылыстары мен қызметтері бар жалпы пайдаланудағы жолдар, тас жолдар мен көпірлер;
5) жер суландыру, мелиорациялау мақсатында және өзге де қоғамдық пайдалы мақсаттарда салынған орлар, тоғандар, су қоймалары, каналдар, үймелер мен шұңқырлар;
6) алаңдар, тротуарлар, көшелер, қоғамдық саябақтар мен демалыс орындары, зираттар және өзге де қоғамдық құрылыстар мен үйлер;
7) храмдар мен қоғамдық мақсаттағы өзге де ғибадатханалар;
8) көркем, тарихи және археологиялық ескерткіштер;
9) ұлттық саябақтар, қорықтар, қаумалдар, резерваттар;
10) ұлттық өнер бұйымдары;
11) мұрағаттар, мұражай экспонаттары, көркем және ғылыми коллекциялар, оның ішінде ғылыми және мәдени құндылықтарға жататын жекелеген құжаттар, қолжазбалар, жарияланымдар, карталар мен басқа да жылжымалы заттар;
12) жалпы пайдаланудағы сервитуттар (көпшілік сервитуттар);
13) Қазақстан Республикасының заңдарымен жалпы пайдаланатын мүлікке жатқызылған өзге де мүлік жатқызылуы мүмкін.
Жалпы пайдаланудағы мүлікті пайдалану қағидаларын Қазақстан Республикасының жалпы пайдаланудағы мүліктің жекелеген түрлері туралы заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі және тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің жергілікті өкілді немесе атқарушы органдары белгілейді.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары Қазақстан Республикасының жалпы пайдаланудағы мүлкінің жекелеген түрлері туралы заңнамасында белгіленген өз құзыреті шегінде жалпы пайдаланудағы мүлікті басқаруды және пайдалануды ұйымдастырады.
4-бөлім. Мемлекеттің мүліктік құқықтарының тоқтатылуы
9-тарау. Мемлекеттің мүліктік құқықтарының тоқтатылу негіздері
83-бап. Мемлекеттің мүліктік құқықтарының тоқтатылу негіздерінің тізбесі
1. Мемлекеттің (Қазақстан Республикасының немесе әкімшілік-аумақтық бөліністің) мүліктік құқықтарының тоқтатылу негіздері:
1) мемлекеттік (республикалық немесе коммуналдық) мүлікті жекешелендіру немесе өзге де иеліктен шығару;
2) мемлекеттік заңды тұлғалардың өздері өндірген тауарларды немесе негізгі құралдарға жатпайтын және жекешелендіру объектісі болып табылмайтын өзге де мүлікті жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға иеліктен шығарып беруі;
3) жер учаскелерін жеке меншікке беру;
4) республикалық немесе коммуналдық мүлікке жататын мемлекеттік заттай грантты жеке меншікке беру;
5) мемлекеттік мүліктің бұзылуы немесе жойылуы;
6) мемлекеттік мүлікті өндіріп алу;
7) шартты бұзған немесе өзгерткен кезге дейін міндеттемелері бойынша мемлекет пайдасына контрагенттің орындағанын қайтару;
8) жарамсыз деп танылған мәміле бойынша алынған мүлікті қайтару;
9) мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды пайдалану немесе шығару;
10) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де негіздер болып табылады.
2015.21.07. № 337-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.11.07. № 89-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ жаңа редакцияда
2. Осы Заңның 119-1, 119-2, 120 және 214-баптарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару өтеулі болып табылады.
84-бап. Мемлекеттік мүлікке құқықтардан бас тартуға тыйым салу
1. Мемлекет өзіне тиесілі мүлікке құқықтардан бас тарта алмайды. Мемлекеттік органдардың, олардың өкілдері мен лауазымды адамдарының мемлекеттік мүлікке мемлекеттің құқықтарынан бас тартуы заңсыз болып табылады.
2. Мемлекеттік органдардың, олардың өкілдері мен лауазымды адамдарының мемлекеттік меншік құқықтарын және мемлекеттің өзге де мүліктік құқықтарын жүзеге асырудан бас тартуын айқын білдіретін іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіптік және өзге де жауаптылыққа әкеп соғады.
85-бап. Мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлікті иеліктен шығаруы
Мемлекеттік заңды тұлғалардың өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру кезінде, өздері өндірген өнімді, шикізатты, тауарлық-материалдық құндылықтарды және негізгі құралдарға жатпайтын және жекешелендіру объектісі болып табылмайтын өзге де мүлікті қоса алғанда, мемлекеттік емес заңды тұлғаларға және жеке тұлғаларға мүлікті иеліктен шығарып беруі иеліктен шығарылған мемлекеттік мүлікке мемлекеттің құқықтарын тоқтатуға әкеп соғады және жекешелендіру болып табылмайды.
86-бап. Жеке меншікке табыстау (беру) нәтижесінде жер учаскесіне және өзге де мүлікке мемлекеттің құқықтарын тоқтату
1. Жер учаскелері Қазақстан Республикасының Жер кодексінде көзделген жағдайларда және тәртіппен жеке меншікке табысталуы мүмкін.
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік заттай грант түрінде табысталған жер учаскесін қоса алғанда, мемлекеттік мүлікке мемлекеттің құқықтары грант алушының инвестициялық міндеттемелерін орындауы кезінде Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген жағдайларда және тәртіппен тоқтатылуы мүмкін.
87-бап. Мемлекеттік мүліктің бұзылуы немесе жойылуы
1. Мемлекеттік мүліктің бұзылуы және жойылуы мемлекеттің осы мүлікке құқықтарының тоқтатылуына әкеп соғады.
2. Дүлей зілзалалар мен авариялар салдарынан физикалық немесе моральдық тозуынан жарамсыз болған мемлекеттік мүліктің жекелеген түрлерінің бұзылуы және жойылуы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен ресімделеді.
3. Осы баптың қағидалары заттарға қолданылады.
88-бап. Мемлекеттің міндеттемелері бойынша мемлекеттік мүлікті өндіріп алу
1. Қазақстан Республикасының және әкімшілік-аумақтық бөліністің міндеттемелері бойынша мемлекеттік мүлікті өндіріп алу сот тәртібімен жүргізіледі.
2. Бюджет қаражаттарын қоспағанда, мемлекеттік немесе жергілікті қазынаны құрайтын мүлік өндіріп алынбайды. Қазақстан Республикасының заңдарында өндіріп алынбайтын мемлекеттік мүліктің өзге де түрлері белгіленуі мүмкін. Бұл жағдайларда Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс өндіріп алуға болмайтын мүлік құнының шегінде бюджет қаражаттарымен жауаптылықта болады.
3. Қазақстан Республикасының және әкімшілік-аумақтық бөліністің өндіріп алынатын мемлекеттік мүлікке құқықтары мемлекеттік мүлікті өндіріп алу кезінде құқықтар өтетін тұлға осы мүлікке құқықтарға ие болған кезден бастап тоқтатылады.
89-бап. Реквизициялау нәтижесінде алынған мемлекеттік мүлікке құқықтарды тоқтату
1. Тұлға бұрын өзіне тиесілі болған, реквизициялау кезінде мемлекет ие болған мүлікті осы Заңның 44-бабының қағидалары бойынша талап еткен кезде, осы мүлікке мемлекеттің құқықтары тоқтатылады.
2. Реквизициялау кезінде алып қойылған мүлікті қайтару осы Заңның 44-бабының қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
90-бап. Тәркілеу нәтижесінде алынған мемлекеттік мүлікке құқықтарды тоқтату
Соттың мүлікті мемлекет меншігіне тәркілеуге негіз болған актінің күшін жоюы (тиісті бөлігіне өзгеріс енгізуі) мемлекеттің тәркіленген мүлікке мүліктік құқықтарын тоқтатуға негіз болып табылады.
Тәркіленген мүлікті қайтару немесе оның құнын өтеу осы Заңның 213-бабы 5-тармағының қағидалары бойынша жүргізіледі.
91-бап. Мемлекеттік материалдық резервтегі материалдық құндылықтарды пайдалану немесе одан шығару жолымен мемлекеттік мүлікке құқықтарды тоқтату
1. Мемлекеттік материалдық резервтегі материалдық құндылықтарға мемлекеттің құқықтары мемлекеттік материалдық резервтегі материалдық құндылықтарды пайдалану немесе одан шығару нәтижесінде тоқтатылады.
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару:
1) жаңарту;
2) қарызға алу;
3) броньнан шығару тәртібімен жүзеге асырылуы мүмкін.
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік материалдық резервтегі материалдық құндылықтарды иеліктен шығару олардың құны толық төленген немесе аккредитив ашылған не екінші деңгейдегі банктер кепілдік берген жағдайда жүргізіледі.
5. Мемлекеттік материалдық резервтен шығару кезінде материалдық құндылықтарды өткізуден алынған қаражат бюджет есебіне жатқызылады.
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою жөніндегі шараларды қабылдау, нарыққа реттеушілік ықпал ету, босқындарға көмек көрсету және гуманитарлық көмек көрсету кезінде пайдаланылған мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтары бюджет қаражаты есебінен өтелуге жатады.
7. Дағдарысты құбылыстар және ішкі нарықтағы сұраныс пен ұсыныс арасында үйлесімсіздік қаупі туындаған жағдайда мемлекеттік материалдық резервтің ресурстары Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес нарыққа реттеушілік ықпал ету үшін пайдаланылуы мүмкін.
92-бап. Мемлекеттік мүлікті акционерлік қоғамдардың акцияларын төлеуге және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына беру
Мемлекеттік мүлікті акционерлік қоғамдардың акцияларын төлеуге және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына беру осы Заңның 114-бабының қағидалары бойынша жүргізіледі.
10-тарау. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару
1-параграф. Жалпы ережелер
93-бап. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару субъектiлерi
1. Сатушы (мүлікті иеліктен шығаруды жүргізуші тұлға) және сатып алушы (ие болушы) мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару субъектiлерi болып табылады.
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылатын 2-тармақтың редакциясын қараңыз
2. Сатушы (мүлікті иеліктен шығаруды жүргізуші тұлға) - мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты.
3. Сатып алушы (ие болушы) - мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару процесінде мүлiктi сатып алатын жеке тұлға немесе мемлекеттік емес заңды тұлға.
Сатып алушы (ие болушы) жағына бірнеше тұлға қатысқан кезде олар ынтымақтаса әрекет етеді.
4. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару кезінде Қазақстан Республикасының заңдарына немесе құрылтай құжаттарына сәйкес жүзеге асырылуы мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару объектісін сатудың (иеліктен шығарудың) шарты болып табылатын қызмет түрлерімен айналысуға құқығы жоқ заңды тұлғалар сатып алушылар (ие болушылар) бола алмайды.
5. Сатушы (мүлікті иеліктен шығаруды жүргізуші тұлға) мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару процесін ұйымдастыру үшін делдал тартуға құқылы.
94-бап. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығарудың түрлері
1. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару мынадай:
1) мемлекеттік мүлікті аукцион және тендер нысанындағы сауда-саттықта сату, қор биржасындағы сауда-саттық, екі кезеңді рәсiмдер жолымен өтетін конкурс, туынды бағалы қағаздарды сату арқылы жекешелендіру;
2) мемлекеттік мүлікті тiкелей атаулы сату арқылы жекешелендіру;
3) осы тараудың 3-параграфында көзделген тәртіппен және жағдайларда мемлекеттік мүлікті сауда-саттық жүргізбестен иеліктен шығарудың өзге де тәсілдері түрлерінде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік мүлiктi сатуға тiкелей алып келмейтін, бірақ оның кейiннен сатылуын көздейтiн іс-әрекеттер (мемлекеттік мүлiктi мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) тапсыру не оны тиiсiнше жалдаушының (жалға алушының) не сенімгерлікпен басқарушының кейiннен сатып алу құқығымен сенімгерлікпен басқаруға беру) жекешелендiрудiң түрлерi ретiнде емес, оның алдын ала жүргізілетін сатылары ретiнде қарастырылады.
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тек қана мемлекетке тиесілі мемлекеттік мүлік, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес иеліктен шығаруға жатпайтын мемлекеттік мүлік иеліктен шығару объектісі болмайды.
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi); 2017.03.07. № 86-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Иеліктен шығаруға жатпайтын, мемлекеттік меншіктегі және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің меншігіндегі объектілердің, оның ішінде стратегиялық объектілердің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Президентімен келісу бойынша бекітеді.
2-параграф. Мемлекеттік мүлікті жекешелендіру
95-бап. Жекешелендiру жүргiзудiң негiзгi принциптері
Жекешелендiру жүргiзудің негiзгi принциптері жариялылық, бәсекелестiк, құқықтық мұрагерлік, лауазымды тұлғалардың жекешелендiру жүргiзудiң заңдылығы үшін жауапкершiлiгi және жекешелендiру объектiлері туралы ұсынылған деректердің дәйектілігі болып табылады.
96-бап. Жекешелендiру объектiсi
1. Мемлекеттік мүлiктiң мынадай түрлерi:
1) мүлiктiк кешен ретіндегі кәсіпорын;
2) жекешелендiрілуі тұйық технологиялық тiзбекті бұзбайтын мүлiктiк кешен ретіндегі кәсiпорынның өндiрiстiк және өндiрiстiк емес бөлiмшелерi мен құрылымдық бірлiктерi;
3) осы Заңның 85, 135, 145, 153, 161-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкі;
4) акционерлік қоғамдардың акциялары;
5) жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктердiң жарғылық капиталындағы қатысу үлестері;
6) мемлекетке тиесiлi акционерлік қоғамдардың акцияларына құқықты куәландыратын туынды бағалы қағаздар жекешелендiру объектілерi болып табылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
Халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылатын 2-тармақтың редакциясын қараңыз
2. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты мемлекеттік мүлікті жекешелендiру туралы шешiм шығарған күннен бастап мемлекеттік мүлік жекешелендiру объектiсi болады.
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жекешелендіруге жатпайтын тек мемлекеттік меншікте ғана болатын мемлекеттік мүлік, сондай-ақ мемлекеттік меншікте болатын және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес иеліктен шығаруға жатпайтын мүлік жекешелендіру объектілері бола алмайды.
97-бап. Мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынды жекешелендіру
1. Мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынды жекешелендіруге осы баптың 2-тармағында және осы Заңның 93, 95, 96, 99-101, 103, 107-112-баптарында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 25-тарауы 6-параграфының қағидалары қолданылады.
2. Жекешелендіруге жататын мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынның құрамына мемлекеттік материалдық резервтің онда сақталатын материалдық құндылықтары енгізілмейді.
3. Мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынның құрамына әлеуметтік-мәдени және коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы объектілер енгізілуі мүмкін.
4. Егер осы Заңда және сатып алу-сату шартында өзгеше көзделмесе, сатып алушы мүліктік кешен ретінде жекешелендірілген кәсіпорынның азаматтық құқықтары мен міндеттерінің құқықтық мұрагері болады.
2015.22.04. № 308-V ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды; 2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
5. Егер өткізілген үш сауда-саттық нәтижесі бойынша мемлекеттік кәсіпорын мүліктік кешен ретінде өткізілмесе, бұл мемлекеттік кәсіпорын таратылуға жатады.
98-бап. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесiлi акциялары және мемлекеттiң жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктердiң жарғылық капиталына қатысу үлестерi
1. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесiлi акцияларын және жауапкершілiгi шектеулi серiктестiктердiң жарғылық капиталына мемлекеттiң қатысу үлестерiн сату «Акционерлік қоғамдар туралы», «Жауапкершiлiгi шектеулi және қосымша жауапкершілігі бар серiктестiктер туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген талаптар сақтала отырып жүргiзiлуге тиiс.
2. Шығарылуы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен тiркелмеген акцияларды сатуға жол берiлмейдi.
3. Мемлекетке тиесілі акцияларды сату кезінде сатып алушы - акционерлік қоғам, егер ол сатып алушының акцияларын иеленген болса, акционерлік қоғам акцияларының жиырма бес пайыздан астамын сатып ала алмайды.
2015.22.04. № 308-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды; 2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
4. Егер өткізілген үш сауда-саттық нәтижесі бойынша мемлекеттің қатысуы жүз пайызды құрайтын акционерлік қоғамдардың акциялары және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталдарына қатысу үлестері өткізілмеген болса, бұл заңды тұлғалар таратылуға жатады.
99-бап. Жекешелендіру және жер учаскесіне құқық
Жылжымайтын мүлікті жекешелендіру кезінде жер учаскесіне құқық Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес сатып алушыға өтеді.
100-бап. Сауда-саттықты жүргізу шарттары
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Неғұрлым жоғары баға ұсынған тұлға аукционда немесе тендерде ұтып алушы болып танылады.
Аукциондарда ұсыныстар жария түрде мәлімделеді, тендерлерде ұсыныстар жабық конвертте мәлімделеді.
Мүліктік кешендер ретінде мемлекеттік кәсіпорындар, жарғылық капиталындағы акцияларының бақылау пакеті (жарғылық капиталға қатысу үлесі) мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) акциялары (жарғылық капиталға қатысу үлестері) тендерде сатылған жағдайда, қызмет бейінін сақтау тендердің шарты болып табылады.
Мемлекеттік кәсіпорындардың, жарғылық капиталындағы акциялардың бақылау пакеті (жарғылық капиталға қатысу үлесі) мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) қызмет бейінін сақтау мерзімін сатушы айқындайды.
Пайдаланылмайтын қару-жарақ пен əскери техниканы өткізу жөніндегі жабық тендерлерді қоспағанда, аукцион мен тендер мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы пайдаланыла отырып, электрондық нысанда өткізіледі.
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2. Сауда-саттық ашық болуға тиіс. Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын, Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгін, қоршаған табиғи ортасын қорғауды, сыртқы экономикалық жағдайын қозғайтын ерекше жағдайларда тендер жабық болуы мүмкiн.
Жекешелендіру объектілерін сату тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Заңның 101 - 105-баптарына сәйкес белгілейді.
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3. Бір қатысушы ғана қатысқан аукциондар мен тендерлер, жекешелендiру объектiсi оны сатып алуға тілек білдірген қатысушыға сатылуы мүмкiн үшiншi сауда-саттықтарды қоспағанда, өткiзiлмеген деп танылады.
4. Сатып алушы сауда-саттық өткiзiлгенге дейiн өзi сатып алатын объектiнiң экологиялық жай-күйiне тексеру жүргiзуге құқылы.
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 100-1-баппен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
100-1-бап. Жекешелендіру объектісінің құны
1. Жекешелендіру объектісін сату жекешелендіру объектісінің нарықтық құны бойынша жүзеге асырылады.
Мәміле тараптары бағалау объектісі туралы барлық қолжетімді ақпаратқа ие бола отырып, есеппен және мәжбүрлеусіз әрекет ететін бәсекелестік жағдайларында, мәміле негізінде жекешелендіру объектісі иеліктен шығарылуы мүмкін есептік ақшалай сома жекешелендіру объектісінің нарықтық құны болып табылады.