44. Қажет болған кезде тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы сарапшыны немесе бейінді мамандардан құрылған сарапшыларды тартады.
45. Сарапшы әлеуетті өнім берушілер ұсынып отырған тауарлардың және фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің сатып алынатын тауарларға және фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерге қойылатын талаптарға, тендерлік құжаттаманың ережелеріне сәйкестігіне тауарлардың техникалық ерекшелігі (сипаттамасы) бойынша сараптамалық қорытынды береді.
46. Сарапшы тендерлік комиссия шешім қабылдаған кезде дауыс беруге қатыспайды. Сараптамалық қорытынды жазбаша түрде ресімделеді, сарапшы қол қояды және комиссия отырысының хаттамасына қоса беріледі.
47. Сараптамалық қорытындыны комиссия тендерлік өтінімдерді бағалау және салыстыру, жеңімпазды айқындау кезінде қарайды.
48. Тендерлік комиссияның отырысы оның жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда өткізіледі. Тендерлік комиссияның шешімі ашық дауыс берумен қабылданады және егер отырысқа қатысып отырған тендерлік комиссия мүшелерінің жалпы санының басым бөлігі ол үшін дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда тендерлік комиссия төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
49. Тендерлік комиссия мүшелерінің бірі қатыспаған жағдайда отырыс хаттамасында оның болмау себебі және осы фактіні растайтын актіге сілтеме көрсетіледі.
50. Егер тендерлік комиссия отырысы кворумның болмау себебінен белгіленген күні мен уақытында тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу жөніндегі тендерлік комиссия отырысы өткізілмегенде, тендерлік комиссияның хатшысы тендерге ұсынылған тендерлік өтінімдер салынған конверттердің сақталуын қамтамасыз етеді және комиссия отырысы өткізілмеген күннен бастап 24 сағаттан кешіктірілмейтін мерзімде белгіленетін конверттерді ашуды өткізудің жаңа күні мен уақыты туралы хабарлайды.
51. Егер белгіленген уақытта тендерлік комиссия мүшелерінің қажетті саны қамтамасыз етілмесе, онда тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы тендерлік комиссияның құрамына өзгерістер енгізеді.
52. Тендерлік комиссия отырысының хаттамасына оның барлық мүшелері, тендерлік комиссияның төрағасы, оның орынбасары және комиссия хатшысы қол қояды және әрбір парағына қол қояды.
53. Тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы осы Қағидаларға сәйкес тауарларды немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуға тендерлік құжаттаманы бекітеді, бұл оның интернет-ресурсында орналастырылады және мыналарды қамтиды (сатып алу нысанасына қарай):
1) осы Қағидалардың 3 және 4-тарауларының талаптарына олардың сәйкестігін растайтын әлеуетті өнім беруші ұсынуға тиіс тендерлік құжаттаманың құрамы, құжаттар тізбесі;
2) техникалық ерекшеліктерін қоса алғанда, сатып алынатын тауарлардың, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің техникалық және сапалық сипаттамалары;
3) сатып алынатын тауарлардың, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің көлемі және әрбір лот бойынша оларды сатып алу үшін бөлінген сомалар.
Бұл ретте халықты бірыңғай дистрибьютор жеткізетін дәрілік заттармен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету үшін фармацевтикалық көрсетілетін қызметтер көлеміне өткізу және есепке алу ғана қосылады және фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуға бөлінген сома бірыңғай дистрибьютордың 9 % мөлшеріндегі үстеме бағасын шегергенде денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген фармацевтикалық көрсетілетін қызметке үстеме бағадан аспауға тиіс;
4) тауарды жеткізу немесе фармацевтикалық қызметтерді көрсету орны, мерзімдері және басқа да шарттары;
5) төлем шарттары және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша тауарларды сатып алу шартының немесе фармацевтикалық қызметтерді көрсету шартының жобасы;
6) тендерлік өтінімнің бағасы көрсетілуі тиіс валюта немесе валюталар және бағаны бірыңғай баламаға келтіру үшін қолданылатын курс;
7) тендерлік өтінімнің, сатып алу шартының немесе фармацевтикалық қызметтерді көрсету шартының тіліне қойылатын талаптар;
8) тендерлік өтінімді ресімдеуге қойылатын талаптар;
9) тендерлік өтінімді кепілдікті қамтамасыз етуді енгізу тәртібі, нысаны және мерзімдері;
10) тендерлік өтінімді қайтарып алу мүмкіндігі мен тәртібін көрсету;
11) тендерлік өтінімдерді қабылдау орны мен соңғы мерзімі және олардың қолданылу мерзімі;
12) әлеуетті өнім берушілердің тендерлік құжаттаманың мазмұны бойынша түсініктеме алу үшін жүгіну, қажет болған кезде олармен кездесу өткізу тәртібінің нысандары;
13) тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу орны, күні, уақыты және рәсімі;
14) тендерлік өтінімдерді қарау рәсімі;
15) Қағидаларда айқындалған әлеуетті өнім берушілерге - отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету шарттары;
16) сатып алу шарты немесе фармацевтикалық қызметтерді көрсету шартын кепілдікті қамтамасыз етуді енгізу шарты, нысаны, көлемі және тәсілі;
17) халықаралық патенттелмеген атауы немесе дәрілік заттардың құрамы, сондай-ақ әрбір лот бойынша сауда атауының техникалық сипаттамалары және шекті бағалары көрсетілген (фармацевтикалық көрсетілетін қызметті сатып алу кезінде), тегін және (немесе) жеңілдікті негізде босатылатын дәрілік заттардың, профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізбесі және саны;
Пациенттің жеке өзіне жақпаған жағдайда сауда атауы, сондай-ақ әрбір лот бойынша (фармацевтикалық көрсетілетін қызметті сатып алу кезінде) сауда атауының техникалық сипаттамалары және шекті бағалары көрсетілген, тегін және (немесе) жеңілдікті негізде босатылатын дәрілік заттардың, профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізбесін және саны;
18) медициналық техниканың тізбесі мен көлемі;
19) әрбір лот бойынша (фармацевтикалық көрсетілетін қызметті сатып алу кезінде) облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың денсаулық сақтау органдары айқындаған фармацевтикалық қызмет көрсетілуге тиіс елді мекендердің тізбесі;
20) осы Қағидалардың 3-тарауында белгіленген фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің әлеуетті өнім берушілеріне, сондай-ақ олардың бірлесіп орындаушыларына қойылатын талаптар (фармацевтикалық көрсетілетін қызметті сатып алу кезінде);
21) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысанға сәйкес біліктілік туралы мәліметтер;
22) осы Қағидалардың 4-тарауында белгіленген тауарларға қойылатын талаптар.
54. Тапсырыс берушіге немесе сатып алуды ұйымдастырушыға біртекті тауарларды оларды жеткізу орны бойынша лоттарға, ал біртекті тауарлардың бірнеше түрін сатып алуды жүзеге асыру кезінде оларды біртекті түрлері және (немесе) жеткізу орны бойынша лоттарға бөлуге жол беріледі.
55. Тендерлік өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей әлеуетті өнім беруші қажет болған кезде тапсырыс берушіге, сатып алуды ұйымдастырушыға тендерлік құжаттама бойынша жүгіне алады, оған тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы сұратуды алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей сұрату авторын көрсетпей, сұрату түскен күніне тендерлік құжаттама алған барлық әлеуетті өнім берушілерге жіберілетін түсініктеме береді.
56. Тендерлік өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткенге дейін күнтізбелік жеті күннен кешіктірмей тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы қажеттілігіне қарай өзінің жеке бастамасымен немесе әлеуетті өнім берушілердің сұратуына жауапқа тендерлік құжаттамаға өзгерістер енгізеді, бұл туралы тендерлік өтінімдер берген немесе тендерлік құжаттаманы алған барлық әлеуетті өнім берушілерге дереу хабарланады. Бұл ретте тендерлік өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі кемінде күнтізбелік бес күнге ұзартылады.
57. Тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы қажеттілігіне қарай белгілі бір жерде және белгілі бір уақытта тендерлік құжаттамада айқындалған тендер шарттарын түсіндіру үшін әлеуетті өнім берушілермен кездесу өткізеді, бұл туралы кездесудің барысы және мазмұны туралы мәліметтерді қамтитын хаттама жасалады, ол тендерлік өтінімдер ұсынған немесе тендерлік құжаттама алған барлық әлеуетті өнім берушілерге жіберіледі.
2-параграф. Тендерлік өтінімдердің қолданылу мерзімі,
мазмұны, оларды ұсыну және қайтарып алу
58. Тендерге қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім беруші тендерлік өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткенге дейін тендерлік құжаттама ережелеріне сәйкес жасалған тендерлік өтінімді мөрленген түрде тапсырыс берушіге немесе сатып алуды ұйымдастырушыға ұсынады.
59. Тендерлік өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткеннен кейін түскен тендерлік өтінім ашылмайды және әлеуетті өнім берушіге қайтарылады.
60. Тендерлік өтінімнің қолданылу мерзімі тендерлік өтінімдерді қабылдаудың соңғы күнінен бастап есептелетін кемінде күнтізбелік қырық бес күнді құрайды. Қолданылуы мерзімі ең қысқа тендерлік өтінім қабылданбауы тиіс.
61. Тендерлік өтінім негізгі бөліктен, техникалық бөліктен және кепілдікті қамтамасыз етуден тұрады. Бірлесіп орындаушы тартылған жағдайда әлеуетті өнім беруші тендерлік өтінімге рұқсат беру органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лицензиялау немесе рұқсат беру рәсімі арқылы жүзеге асыратын қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыруға бірлесіп орындаушының құқығын растайтын рұқсатты да, әлеуетті өнім беруші мен ол тартып отырған бірлесіп орындаушы арасында жасалған шартты да ұсынады.
62. Тендерлік өтінімнің негізгі бөлігі мыналарды қамтиды:
1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша тендерге қатысуға өтінім. Электрондық жеткізгіште денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша өтінімге қоса берілетін құжаттар тізімдемесі ұсынылады;
2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмесі не заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманың көшірмесі;
3) заңды тұлға үшін жарғының көшірмесі (егер жарғыда құрылтайшылардың, қатысушылардың немесе акционерлердің құрамы көрсетілмесе, сондай-ақ құрылтайшылардың, қатысушылардың құрамы туралы үзінді немесе құрылтай шартының көшірмесі немесе хабарландыру күнінен кейін жұмыс істеп тұрған акцияларды ұстаушылардың тізілімінен үзінді ұсынылады);
4) заңды тұлға құрмастан кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқық беретін тиісті мемлекеттік орган берген құжаттың көшірмесі, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмелері;
5) рұқсаттардың (хабарламалардың) не мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде расталатын Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес алынған (жолданған) электрондық құжат түріндегі рұқсаттардың (хабарламалардың) көшірмелері. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтер болмаған жағдайда әлеуетті өнім беруші Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес алынған (жолданған) тиісті рұқсаттың (хабарламаның) нотариат куәландырған көшірмесін ұсынады;
6) конверттерді ашу күнінің алдындағы бір айдан ерте емес «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы алынған салық төлеушінің салықтық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер;
7) конверттерді ашу күнінің алдында бір айдан ерте емес берілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының қаулысымен бекітілген (егер әлеуетті өнім беруші бірнеше банктің немесе шетел банкінің клиенті болып табылса, онда әлеуетті өнім берушінің шетелде орналасқан филиалдары мен өкілдіктерін қоспағанда, осындай банктердің әрқайсысынан анықтама ұсынылады) әлеуетті өнім берушіге қызмет көрсететін банктің екінші деңгейдегі банктердегі, ипотекалық ұйымдардағы және «Қазақстанның даму банкі» акционерлік қоғамындағы бухгалтерлік есепке алу шоттарының үлгі жоспарына сәйкес үш айдан астам созылатын міндеттемелерінің барлық түрлері бойынша мерзімі өткен берешегінің жоқ екендігі туралы әлеуетті өнім беруші қызмет алатын банктің қол қойылған анықтамасының түпнұсқасы;
8) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша біліктілік туралы мәліметтер;
9) егер әлеуетті өнім беруші басым құқыққа үміткер болса, тиісті өндірістік практика талаптарына (GMP) немесе халықаралық стандартқа (дәрілік заттарды сатып алу үшін) және (немесе) тиісті дистрибьюторлық практика (дәрілік заттарды сатып алу үшін) (GDP) және тиісті дистрибьюторлық практика (GPP) талаптарына объектінің сәйкестігі туралы сертификаттың көшірмесі (фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін);
10) егер әлеуетті өнім беруші Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмаса және Қазақстан Республикасында салық төлеуші ретінде тіркелмесе, онда оларға Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органының осы әлеуетті өнім беруші Қазақстан Республикасының бейрезиденті және салықтық есепте тұрмайтыны туралы хаттың түпнұсқасын немесе көшірмесін ұсынады;
11) әлеуметті өнім беруші мәлімдеген дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың және медициналық техниканың және (немесе) фармацевтикалық көрсетілетін қызметтің, қосалқы көрсетілетін қызметтердің бағасын қоса алғандағы соңғы бағасы қалыптасатын, әлеуетті өнім берушінің нақты шығындарын қамтитын денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша әлеуетті өнім беруші мәлімдеген бағалар кестесі;
12) қосалқы көрсетілетін қызметтер;
13) тендерлік өтінімді кепілдікті қамтамасыз етуді енгізуді растайтын құжаттың түпнұсқасы;
14) дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сақтау және тасымалдау үшін жағдайлардың болуын тексеру актісінің, қажет болған кезде «салқындату тізбегінің» болуы туралы санитариялық-эпидемиологиялық зерттеу актісінің көшірмесін (актілер өтінімдері бар конверттер ашылған күнге дейін бір жылдан кешіктірілмей берілуге тиіс). Әлеуетті өнім беруші тиісті дистрибьюторлық практика сертификатын (GDP) ұсынған жағдайда жоғарыда көрсетілген актілер ұсынылмайды;
15) тендерлік құжаттамада көзделген басқа да құжаттар.
63. Тендерлік өтінімнің техникалық бөлігі мыналарды қамтиды:
1) мәлімделген тауардың, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтің нақты техникалық сипаттамалары көрсетілген қағаз жеткізгіштегі техникалық ерекшелік (медициналық техниканы мәлімдеген кезде *doc форматында электрондық жеткізгіште де);
2) осы Қағидалардың талаптарына және тендерлік құжаттамаға ұсынылатын тауарлардың және фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің сәйкестігін растайтын құжаттар.
64. Әлеуетті өнім беруші тендерлік өтініммен бірге тауарларды немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген сомадан бір пайыз мөлшерінде кепілдікті қамтамасыз етуді енгізеді.
65. Тендерлік өтінімді кепілдікті қамтамасыз ету (бұдан әрі - кепілдікті қамтамасыз ету) мынадай:
1) тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының банк шотына не мемлекеттік органдар және мемлекеттік мекемелер болып табылатын сатып алуды ұйымдастырушылар үшін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген шотқа енгізілетін кепілдікті ақшалай жарна;
2) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша банк кепілдігі түрінде ұсынылады.
66. Кепілдікті қамтамасыз етудің қолданылу мерзімі тендерлік өтінімнің қолданылу мерзімінен кем болмайды.
67. Кепілдікті қамтамасыз ету әлеуетті өнім берушіге бес жұмыс күні ішінде мынадай жағдайларда қайтарылады:
1) тендерлік өтінімнің мерзімі өткен (тендер жеңімпазының тендерлік өтінімін қоспағанда);
2) тендерлік өтінімді қабылдаудың соңғы мерзімі өткенге дейін әлеуетті өнім беруші оны қайтарып алғанда;
3) тендерлік құжаттаманың ережелеріне сәйкес келмеу негіздемесі бойынша тендерлік өтінім қабылданбағанда;
4) басқа әлеуетті өнім беруші тендердің жеңімпазы деп танылғанда;
5) тендердің жеңімпазын айқындаусыз сатып алу рәсімдері тоқтатылғанда;
6) сатып алу шарты күшіне енгенде және сатып алу шартын орындауды кепілдікті қамтамасыз етуді тендер жеңімпазы енгізгенде.
68. Кепілдікті қамтамасыз ету әлеуетті өнім берушіге, егер ол:
1) тендерлік өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткеннен кейін тендерлік өтінімді кері қайтарып алса немесе өзгертсе;
2) тендердің жеңімпазы деп танылғаннан кейін жеңімпаз сатып алу шартын немесе фармацевтикалық қызметтер көрсетуге шарт жасаудан жалтарса;
3) жеңімпаз болып танылса және сатып алу шартын немесе фармацевтикалық қызметтер көрсетуге шартты кепілдікті қамтамасыз етуді енгізбесе не уақтылы енгізбесе қайтарылмайды.
69. Әлеуетті өнім беруші қажет болған кезде өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткенге дейін оны жазбаша түрде қайтарады.
70. Тендерлік өтінімдерді ұсыну мерзімі өткеннен кейін тендерлік өтінімдерге өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
71. Тендерлік өтінім тігілген және нөмірленген түрде ұсынылады, соңғы беті қол қойылып куәландырылады. Тендерлік өтінімнің техникалық ерекшелігі және сатып алудың кепілдікті қамтамасыз ету түпнұсқасы тендерлік өтінімге жеке қоса беріледі және тендерлік өтініммен бір конвертке салынып жабылады. Техникалық ерекшелік тігілген және нөмірленген түрде ұсынылады, оның соңғы беті заңды тұлғаның уәкілетті адамының немесе кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаның қолымен куәландырылуға тиіс.
72. Тендерлік өтінім басылып шығарылады не өшірілмейтін сиямен жазылады және оған әлеуетті өнім беруші қолы қояды. Грамматикалық немесе арифметикалық қателерді түзету қажет болатын жағдайларды қоспағанда, тендерлік өтінімнің мәтініне жолдар арасында ешқандай өндірме, өшірілген сөздер немесе толықтырулар енгізуге жол берілмейді.
73. Әлеуетті өнім берушінің атауы мен заңды мекенжайы көрсетілетін тендерлік өтінім конвертке салынады. Конверт тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының тендерлік құжаттамасында көрсетілген мекенжайы бойынша жіберілуге тиіс және мынадай жазулар болуы тиіс: «________сатып алу жөніндегі тендер (тендердің атауы көрсетіледі)» және «________дейін ашпаңыз» (тендерлік құжаттамада көрсетілген конверттерді ашу күні мен уақыты көрсетіледі)».
3-параграф. Тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу
74. Тендерлік өтінімдерді қабылдауды аяқтау мен тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашудың басталуы арасындағы уақыттың ұзақтығы екі сағаттан аспайды.
75. Тендерлік өтінімдер салынған конверттерді тендерлік комиссия тендерлік құжаттамада көрсетілген уақытта және орында ашады.
76. Тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу рәсіміне әлеуетті өнім берушілер немесе олардың уәкілетті өкілдері қатыса алады.
77. Конверттерді аша отырып, тендерлік комиссияның хатшысы тендерлік өтінімдер түскен әлеуетті өнім берушілердің атауы мен мекенжайын, әрбір лот бойынша мәлімденген бағаларды, жеткізу шарттары мен ақы төлеуді, тендерлік өтінімдерді қайтару тәртібін, тендерлік өтінімді құрайтын құжаттар туралы ақпаратты хабарлайды және осы мәліметтерді конверттерді ашу хаттамасына енгізеді.
4-параграф. Тендерлік өтінімдерді бағалау және салыстыру
78. Тендерлік комиссия тендерлік өтінімдерге бағалау және салыстыруды жүзеге асырады. Тендерлік өтінімде қамтылған ұсынылған мәліметтердің дұрыстығына күмәнданған жағдайда жетіспейтін құжаттарды толықтырумен не тендерлік өтінімде ұсынылған құжаттарды ауыстырумен байланысты комиссия әрекетін қоспағанда, комиссияға қажетті шараларды қабылдауға жол беріледі.
Әлеуетті өнім берушілердің олардың банкроттық не таратылу рәсімдеріне жатқызылмауы бөлігінде біліктілік талаптарына сәйкестігін нақтылау мақсатында конкурстық комиссия банкроттық немесе таратылу рәсімдерінің жүргізілуіне бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған олардың жосықсыз әлеуетті өнім берушілерінің тізбесінде болуы бөлігінде ақпаратты қарайды, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсындағы ақпаратты қарайды.
79. Тендерлік комиссия мынадай жағдайларда:
1) осы Қағидалардың талаптарына сәйкес тендерлік өтінімнің кепілдікті қамтамасыз етілуі ұсынылмағанда;
2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік көшірмелерін не заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама, жеке куәлік көшірмесі ұсынылмағанда;
3) жарғының көшірмесі немесе құрылтайшылардың, қатысушылардың құрамы туралы үзіндінің немесе акцияларды ұстаушылар тізілімінен үзінді немесе осы Қағидаларда көзделген жағдайларда құрылтай шарты ұсынылмағанда;
4) тиісті мемлекеттік орган берген заңды тұлғаны құрмай, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқық беретін құжаттың көшірмелері, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі ұсынылмағанда (кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлға үшін);
5) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде олар туралы мәліметтер расталатын Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес алынған (жіберілген) электрондық құжат түріндегі рұқсаттардың (хабарламалардың) көшірмелері не рұқсаттар (хабарламалар) ұсынылмаған не мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтер болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес алынған (жіберілген) тиісті рұқсаттың (хабарламаның) нотариат куәландырған көшірмелері ұсынылмағанда;
6) конверттерді ашу күнінің алдында бір айдан ерте емес «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы алынған салық төлеушінің салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешегінің жоғы (бары) туралы мәліметтер ұсынылмағанда;
7) тиісті мемлекеттік кірістер органының мәліметтерінде салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешегі туралы ақпарат болғанда (берешектің жалпы сомасында көрсетілмеген олар бойынша төлем мерзімдері өзгертілген сомаларды қоспағанда);
8) осы Қағидалардың талаптарына сәйкес уақыты өткен берешектің жоқ екені туралы қол қойылған банк анықтамасының түпнұсқасы ұсынылмағанда;
9) банктің немесе банк филиалының анықтамасында осы анықтаманы беру күнінің алдындағы үш ай бойы төленбеген әлеуетті өнім берушінің міндеттемелері бойынша мерзімі өткен берешегі болғанда;
10) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша біліктілік туралы мәліметтер ұсынылмағанда;
11) осы Қағидалардың талаптарына сәйкес техникалық ерекшелік ұсынылмағанда;
12) әлеуетті өнім беруші тендерлік құжаттаманың және осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмейтін техникалық ерекшелік ұсынғанда;
13) дәйексіз ақпарат ұсыну фактісі белгіленгенде;
14) банкроттық, таратылу рәсімі қолданылған және (немесе) жосықсыз әлеуетті өнім берушілердің тізбесінде болғанда;
15) осы Қағидалардың 4-тарауында көзделген талаптарға ұсынылған тауарлардың, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің сәйкестігін растайын құжаттар ұсынылмағанда;
16) әлеуетті өнім беруші GDP тиісті дистрибьюторлық практикасының сертификатын ұсынған жағдайды қоспағанда, дәрілік заттардың айналысы саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері берген дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сақтауға және тасымалдауға арналған жағдайлардың болуын тексеру актісінің, қажет болған кезде осы Қағидалардың 65-тармағының 14) тармақшасына сәйкес санитариялық-эпидемиологиялық тексерудің «салқындату тізбегінің» болуы туралы актісінің көшірмесі ұсынылмағанда;
17) мәлімделген медициналық техниканың техникалық ерекшелігі тіркеу куәлігінде және (немесе) тіркеу деректерінде айқындалған техникалық сипаттамаға және (немесе) құрауыштарына сәйкес келмеген;
18) осы Қағидалардың 19-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда осы Қағидалардың 18-тармағының талаптарына сәйкес келмеген;
19) осы Қағидалардың 26, 30-тармақтарында белгіленгендер;
20) егер тендерлік өтінімнің қолданылу мерзімі тендерлік құжаттаманың шарттарында көрсетілгенге қарағанда қысқа болса;
21) егер бағалар кестесі ұсынылмаса не қол қойылмай ұсынылған;
22) сатып алу бағасы тиісті лот бойынша сатып алу үшін бөлінген бағадан және (немесе) уәкілетті орган белгілеген шекті бағадан жоғары бағалар кестесі ұсынылған;
23) тендерлік өтінім тігілмеген түрде, беттері нөмірленбей, қолмен куәландырылмаған, конвертте әлеуетті өнім берушінің, тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының атауы немесе заңды мекенжайы көрсетілмей ұсынылған тендерлік өтінімді тұтастай немесе лот бойынша қабылдамайды.