Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы
1999 ж. 13 шілдедегі № 422-1 Қазақстан Республикасының Заңы
(2014.29.09. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2015 жылғы 7 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Түпнұсқада мазмұны жоқ
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заң реттейтін қатынастар
Осы Заң селекциялық жетістіктерді қорғау саласындағы қызметтің құқықтық, экономикалық және ұйымдық негіздерін белгілейді, селекциялық жетістіктерді жасауға, ашуға, шығаруға, құқықтық қорғауға және пайдалануға байланысты туындайтын мүліктік, сондай-ақ олармен байланысты мүліктік емес жеке қатынастарды реттейді.
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен 2-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2012.12.01. № 540-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2014.17.01. № 165-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 2-бап өзгертілді
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) айрықша құқық - патент иесінің селекциялық жетістікті өз қалауы бойынша кез келген әдіспен пайдалануға мүліктік құқығы;
2) апелляциялық кеңес - уәкілетті органның дауларды сотқа дейін қарау жөніндегі бөлімшесі;
3) асыл тұқымды мал - тұқымның өнімділік типіне, бағыты мен деңгейіне сай келетін, асыл тұқымды малдың карточкасы немесе асыл тұқымдық куәлігі бар таза тұқымды, жоғары сыныпты, өнімділігі жоғары мал;
4) асыл тұқымдық өнім (материал) - асыл тұқымды және селекциялық мал, сондай-ақ асыл тұқымды малдан алынған ұрық, эмбриондар, инкубациялық жұмыртқа, тәуліктік балапандар, уылдырық, құртшабақтар мен жас балықтар, асыл тұқымды аналық бал аралары, асыл тұқымды бал ара ұялары және бал ара пакеттері;
5) Ауыл шаруашылық дақылдарының сортын сынақтан өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия - өсімдік сорттарының патентке қабілеттілігі мен шаруашылыққа пайдалылығына сараптама жасауды жүзеге асыратын агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органның қарауындағы ұйым;
6) бюллетень - селекциялық жетістіктерді қорғау мәселелері жөніндегі ресми мерзімдік басылым;
7) лицензиялық шарт - патент иесі (лицензиар) басқа тарапқа (лицензиатқа) селекциялық жетістікті белгілі бір түрде уақытша пайдалану құқығын беретін шарт;
8) мемлекеттік комиссиялар - агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органның Ауылшаруашылық дақылдарының сортын сынақтан өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссиясы мен Тұқымдарды сынақтан өткізу және сапасын анықтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы;
9) отырғызылатын материал - репродукциялық және вегетациялық түрде көбейетін материалды қоса алғанда, кез келген түрдегі отырғызылатын материал (тұқым, көшет, өсімдіктер және өсімдіктердің оларды көбейтуге арналған бөліктері);
10) өтініш беруші - селекциялық жетістікке патент беруге өтінім берген жеке немесе заңды тұлға;
11) патент иеленуші - патенттің иесі;
12) патенттік сенім білдірілген өкілдер - жеке және заңды тұлғалардың уәкілетті орган мен сараптама жасау ұйымы алдындағы өкілдігіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық берілген Қазақстан Республикасының азаматтары;
13) селекциялық жетістік - адамның шығармашылық қызметінің нәтижесі болып табылатын өсімдіктің патент берілген жаңа сорты, жануарлардың жаңа тұқымы;
14) селекциялық жетістік авторы (селекционер) (бұдан әрі - автор) - сортты, тұқымды жасаған, тапқан немесе өсіріп шығарған жеке адам;
15) Селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізілімі - Қазақстан Республикасының қорғалатын өсімдік сорттарының мемлекеттік тізілімі мен Қазақстан Республикасының патенттер берілген сорттарды, тұқымдарды қамтитын қорғалатын жануарлар тұқымдарының мемлекеттік тізілімі;
16) Селекциялық жетістіктердің пайдалануға рұқсат етілген мемлекеттік тізілімі - пайдалануға рұқсат етілген, өндірісте шаруашылыққа пайдалану үшін рұқсат етілген сортты, тұқымды қамтитын, Қазақстан Республикасының селекциялық жетістіктерінің мемлекеттік тізілімі;
17) сорт - шаруашылық және биологиялық жағынан қасиеттері мен морфологиялық белгілері ұқсас, шығу тегі жағынан туыс, өз белгілерін тұқым қуалау арқылы келесі ұрпақтарға беретін және белгілі бір ботаникалық таксондағы өсімдіктердің басқа топтарынан ең болмағанда бір белгісі бойынша ерекшеленетін бір дақылдың өсімдіктер тобы. Сорттың қорғалатын санаттары: клон, желі, бірінші ұрпақ буданы, жеке түр болып табылады;
18) тауарлық жануар - тауарлық өнім өндіру үшін пайдаланылатын жануар;
19) тұқым - белгілі бір шаруашылық және табиғи жағдайларда адамның шығармашылық қызметінің әсерімен қалыптасқан, «өз ішінде» өсіп-өнуі үшін саны жеткілікті және шаруашылық және асыл тұқымдық құндылыққа ие, іріктеу, таңдау, олардың генотипіне сай келетін технологиялық жағдайлар жасау арқылы қалыпты күйі сақталатын, сондай-ақ оны бір түрдегі басқа тұқымдардан ерекшелейтін морфологиялық, физиологиялық және шаруашылық жағынан пайдалы қасиеттерінде белгілі бір ерекшелігі бар жалпы шығу тегі ортақ ауыл шаруашылық жануарларының бір түрінің тобы. Тұқымның қорғалатын санаттары: тип, кросс, желі болып табылады;
20) Тұқымдарды сынақтан өткізу және сапасын анықтау жөніндегі мемлекеттік комиссия - жануарлар тұқымдарының патентке қабілеттілігіне және шаруашылыққа пайдалылығына сараптама жасауды жүзеге асыратын агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органның консультативтік-кеңесші органы;
21) ұрық (тұқым) - тұқымдық материалдың барлық ботаникалық нысандары: тұқымның өзі, жемістер, дән шоғыры, күрделі жемістердің бөліктері, баданалар мен түйнектер;
22) селекциялық жануар - тұқым стандартына сай келетін жануар.
3-бап. Селекциялық жетiстiктi құқықтық қорғау
1. Селекциялық жетiстiкке құқық Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалады және патентпен расталады. Патент селекциялық жетiстiктi пайдалануға патент иесiнiң айрықша құқығын, оның басымдығын және селекционердiң авторлығын куәландырады.
2. 09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Патент қабiлеттілігi мен шаруашылыққа пайдалылығы жөнiнен селекциялық жетiстiктерге сараптама жасауды және оларды сынақтан өткізудi селекциялық жетістіктерді қорғау саласындағы қызмет түрі ретінде Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады, олар өндiрiсте пайдалануға жiберiлген тиiстi Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттік тiзiлiмдерiн жүргiзедi.
4. Патентпен селекциялық жетiстiкке берiлген құқықтық қорғау көлемi сорттың, тұқымның сипаттамасына енгiзiлген белгiлердiң жиынтығымен анықталады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Өсiмдiктер сортына патенттiң қолданылу мерзiмi сараптама жасау ұйымына өтiнiм берiлген күннен бастап - 25 жыл, мал тұқымдарына - 30 жыл, жүзiм, сәндiк ағаш, жемiс және орман дақылдары сорттарына, оның iшiнде олардың қалемшелерiне - 35 жыл болады.
Патенттiң қолданылу мерзiмiн патент иесiнiң өтiнiшi бойынша уәкiлеттi орган ұзартады, бiрақ ол 10 жылдан аспауы керек.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 3-1-баппен толықтырылды; 2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-1-бап өзгертілді
3-1-бап. Селекциялық жетiстiктердi қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган
1. Селекциялық жетiстiктердi қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын және селекциялық жетiстiктердi қорғау саласындағы мемлекеттік реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
2. Уәкілеттi органның құзыретiне:
1) селекциялық жетiстiктердi құқықтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қатысу;
2) селекциялық жетiстiктерге патенттер беру;
2-1) селекциялық жетістікке патентті өзгеге беру шартын немесе патентті алуға құқықты тіркеу туралы өтініш нысанын бекіту;
2-2) селекциялық жетістікті пайдалануға лицензиялық шартты немесе қосалқы лицензиялық шартты тіркеу туралы өтініш нысанын бекіту;
3) селекциялық жетiстiктердi пайдаланушы жеке және заңды тұлғалардың қызметiне бақылау;
4) хаттамаларды жазу және әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарау, әкiмшiлiк жазалар қолдану;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 3-2-баппен толықтырылды; 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 3-2-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2012.10.07. № 34-V ҚР Заңымен 3-2-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-2-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
3-2-бап. Селекциялық жетiстiктердi қорғау саласындағы мемлекеттiк монополия
1. Өтінім материалдарына, қорғау құжатына және өсімдіктердің қорғалатын сорттары мен жануарлар тұқымдары бойынша мемлекеттік тізілімге өзгерістер енгізуді; Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiнен үзінді көшірме ұсынуды; өтініш берушінің белгiленген мерзiм аяқталған күннен бастап алты айға дейін өткізіп алған ақы төлеу мерзімін қалпына келтіруді; автордың куәлігін, қосымшаларды және олардың телнұсқаларын беруді; қорғау құжатының қолданылу мерзімін күшінде ұстап тұруды, ұзартуды және қорғау құжатын беру, күшінде ұстап тұру, ұзарту туралы мәліметтерді жариялауды; ашық лицензия беруге арналған өтінім қабылдауды; шарттардың қосымша келісімдеріне сараптама жүргізуді, шарттарды тіркеу туралы мәліметтер жариялауды; патенттік құжаттаманы (нөмірленген немесе атауы жазылған) іздестіруді; баспа және электрондық басылымдарды өткізуді және жариялауды; кепіл шартына сараптама жүргізуді қоса алғанда, селекциялық жетiстiктерге өтiнiмдер қабылдау және өтінімдерге алдын ала сараптама жүргiзу, патенттi немесе селекциялық жетiстiктерге патент алу құқығын басқаға беру шарттарына, лицензиялық (қосалқы лицензиялық) шарттарға сараптама жүргiзу, Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзу, селекциялық жетістіктер туралы мәліметтерді жариялау, қорғау құжаттарын беруге дайындау жөніндегі қызмет мемлекеттiк монополияға жатады және оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша шаруашылық жүргiзу құқығындағы республикалық мемлекеттiк кәсiпорынның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған сараптама ұйымы жүзеге асырады.
2. Сараптама ұйымының қызметімен технологиялық байланысты қызметке:
1) өтінім материалдарының көшірмелерін әзірлеу;
2) селекциялық жетістіктерге арналған қорғау құжаттары бойынша анықтамалар, статистикалық мәліметтер ұсыну;
3) төлемдерді қайта есепке алу және растау жатады.
3. Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын монополияға қарсы органмен келісу бойынша уәкілетті орган белгілейді.
2-тарау. Селекциялық жетістіктің патентке қабілеттілігі
4-бап. Селекциялық жетiстiктiң патентке қабiлеттілік шарттары
1. Патент жаңалығы, ерекшелiгi, бiртектілігi және тұрақтылығы бар селекциялық жетiстiкке берiледi.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Егер өтiнiм жасалған күнге дейiн белгiлi бiр селекциялық жетiстiктiң ұрығы немесе басқа да отырғызылатын материалы, асыл тұқымдық материалы мына аумақта:
1) Қазақстан Республикасында - өтiнiм берiлген күнге дейiн бiр жыл бұрын;
2) кез келген басқа мемлекетте - өтiнiм берiлген күнге дейiн бiр жылдық дақылдар бойынша төрт жыл бұрын және көп жылдық дақылдар, тұқымдар бойынша алты жыл бұрын сатылмаса және автор немесе оның құқықтық мирасқоры сортты, тұқымды пайдалану үшiн басқа адамдарға бермесе, сорт, тұқым жаңа деп есептеледi.
Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттік тiзiлiмiне тиiстi тек пен түр енгiзiлген күнге дейiн пайдалануға рұқсат етiлген Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттік тiзiлiмiнде тiркелген сорт, тұқым сортқа, тұқымға жаңа болуы жөнiнде талап қойылмай-ақ патентке қабiлеттi деп танылуы мүмкiн.
Мұндай селекциялық жетiстiктерге осы Заңның 3-бабында аталған патенттiң қолданылу мерзiмi пайдалануға рұқсат етiлген жылдан бастап патент берiлген жыл аралығындағы мерзiмге қысқартылады. Осы Заңның 9-бабында көзделген уақытша құқықтық қорғау мұндай селекциялық жетiстiктерге қатысты қолданылмайды.
3. Егер сорттың, тұқымның өтiнiм берiлген кезде бар екенi жалпыға мәлiм кез келген басқа сорттан, тұқымнан анық өзгешелiгi болса, олар ерекшелiк өлшемдерiне сай келедi. Патент алуға өтiнiм беру немесе сорттың, тұқымның жаңа сорттардың, тұқымдардың ресми тiзiлiмiне енгiзiлуi, осы өтiнiм беру нәтижесiнде патент берiлген немесе сорт, тұқым аталған тiзiлiмге енгiзiлген жағдайда, сортты, тұқымды өтiнiм берiлген күннен бастап кез келген елде жалпыға мәлiм етедi.
Сорттардың, тұқымдардың жалпыға мәлiмдiгi өсiру, пайдалану және жариялау фактілері бойынша да белгiленуi мүмкiн. Сорттың, тұқымның сипатталу және айырықша ерекшелiктерiн анықтауға мүмкiндiк беретiн белгiлер қалпына келтiрiлетiн және дәл сипаттауға ыңғайлы болуға тиiс.
4. Егер сорттың, тұқымның көбею ерекшелiктерiн есепке алғанда осы сорт өсiмдiктерi немесе тұқым селекцияланатын белгiлерi бойынша бiртектi болса, сол сорт пен тұқым бiртектi деп есептеледi.
5. Егер сорттың, тұқымның негiзгi белгiлерi - әрбiр көбеюден кейiн, ал көбеюдiң ерекше циклы жағдайында көбеюдiң әр циклының соңында өзгерiссiз қалса, олар тұрақтылық өлшемiне сай келедi.
5-бап. Селекциялық жетiстiкке патент алуға өтiнiм
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Патент алуға өтiнiм сараптама жасау ұйымына берiледi.
Өтiнiм электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат түрiнде берiлуi мүмкiн.
Автордың немесе оның құқықтық мирасқорының патент алуға өтiнiм беруге құқығы бар.
Селекциялық жетiстiк қызмет тапсырмасын немесе қызметтiк мiндеттердi орындау кезiнде жасалған, ашылған немесе шығарылған жағдайда, егер автор мен жұмыс берушiнiң арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, патент алуға өтiнiм беру құқығы жұмыс берушiге тиесiлi болады.
Егер селекциялық жетiстiктi бiрнеше адам жасаса, ашса немесе шығарса немесе олар авторлардың құқықтық мирасқорлары болса, өтiнiмдi сол өтiнiш жасаушылар беруi мүмкiн.
Өтiнiм сенімхатқа негiзделген өкiлеттiкке сүйенiп, патент алуға байланысты iстi жүргiзетiн өкiл арқылы берiлуi мүмкiн.
2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Мемлекеттік комиссияда еңбек функциялары жүзеге асырылғанға дейін жүргізілген селекциялық жетістіктерді жасау, анықтау және шығару жөніндегі селекциялық жұмыс жағдайларын қоспағанда, ауыл шаруашылығы дақылдарының сұрыптарын сынақтан өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссиялардың қызметкерлері комиссиядағы бүкіл жұмыс кезеңі ішінде селекциялық жетістікке Қазақстан Республикасының патентін беруге өтінім ұсынуға құқығы жоқ.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын жеке тұлғалар немесе шетелдiк заңды тұлғалар патент алу және олардың күшiнде болуы жөніндегі істердi жүргiзедi, шағым кеңесiне қарсылықтар бередi және уәкiлеттi органда тiркелген патенттiк сенім бiлдiрiлген өкiлдер арқылы оларды қарауға қатысады.
Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, бiрақ уақытша одан тысқары жерлерде жүрген жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының шегіндегі хат жазысу мекен-жайын көрсеткен жағдайда, патенттiк сенім бiлдiрiлген өкiлсiз патенттермен байланысты iстердi жүргiзе алады.
Патенттiк сенім бiлдiрiлген өкiлдiң өкiлеттiгi оған өтiнiм берушi немесе патент иесi берген сенімхатпен куәландырылады.
3. Селекциялық жетiстiкке патент алуға өтiнiм өсiмдiктiң әрбiр сортына, жануарлардың тұқымына ресiмделедi және онда:
1) патент беру туралы өтiнiш;
2) селекциялық жетiстiк сауалнамасы;
3) iс өкiл арқылы жүргiзiлген жағдайда, сенімхат болуға тиiс.
Селекциялық жетiстiкке патент беруге жасалған өтiнiмге белгiленген мөлшерде өтiнiм беруге ақы төленгенiн растайтын құжат және оның мөлшерiн азайту үшiн негiздеменi растайтын құжат қоса тiркеледi, олар өтiнiммен бiрге немесе өтiнiм түскен күннен бастап екi ай iшiнде табыс етiлуi мүмкiн. Тиiстi ақы төленген жағдайда бұл мерзiм ұзартылуы мүмкiн, бiрақ екi айдан аспауы керек.
Белгiленген мерзiмде ақы төленгенi туралы құжаттар табыс етiлмеген жағдайда өтiнiм берiлмеген деп танылады.
4. Патент алуға арналған өтiнiм мемлекеттік тiлде немесе орыс тілінде берiледi.
09.07.04 ж. № 586-II (бұр. ред. қара); 2007.02.03. № 237-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен; 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 5-тармақ өзгертілді
5. Өтiнiм құжаттарына қойылатын талаптарды және оларды қарау тәртібін уәкiлеттi орган белгiлейдi. Мәлiмделген сортқа, тұқымға сараптама жасауға қажеттi басқа құжаттар мен материалдар мемлекеттік комиссияның сауал салуы бойынша берiледi.
Сараптама жүргiзуге арналған өтiнiмдi мәнi бойынша қарау тәртiбiн уәкілетті орган айқындайды.
6-бап. Селекциялық жетiстiктiң атауы
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Селекциялық жетiстiктiң атауы селекциялық жетiстiктi бiр ізге түсiруге мүмкіндік беруге, қысқа болуға, сол немесе соған жақын ботаникалық немесе зоологиялық түрдiң бар селекциялық жетiстiктерiнiң атауларынан өзгеше болуға тиiс. Ол тек цифрлардан ғана тұрмауға, қасиеттерiне, шығу тегiне, селекциялық жетiстiктiң маңызына, селекционердiң жеке басына қатысты жаңылыстырмауға тиiс, адамгершiлiк пен мораль принциптерiне қайшы келмеуге тиiс.
Селекциялық жетістіктің ұсынылған атауының дұрыстығын тексеруді мемлекеттік комиссиялар сараптама жасау ұйымынан өтiнiм материалдары келiп түскен күннен бастап екi ай мерзiмде жүзеге асырады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Егер бiрдей сорт, тұқым үшiн селекциялық жетiстiкке берiлген өтiнiм Қазақстан Республикасына немесе басқа елдерге берiлсе, сорттың, тұқымның атауы осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келмейтiн жағдайларды қоспағанда, бiрдей сорттың, тұқымның атауы да бiрдей болуға тиiс.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Егер сорттың, тұқымның атауы осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгiленген талаптарға сай келмесе, өтiнiш берушi сараптама жасау ұйымының сауал салуы бойынша екi ай мерзімде жаңа атау ұсынуға мiндеттi.
Егер аталған мерзім ішінде өтінім беруші аталған талаптарға сәйкес келетін жаңа атау ұсынбаса не шағым беру кеңесінде селекциялық жетістіктің мақұлдаудан бас тартуды дауламаса, уәкілетті орган селекциялық жетістікті тіркеуден бас тартады.
4. Селекциялық жетiстiктi пайдаланушы кез келген адам, тiптi патенттiң қолданылу мерзiмi өтiп кеткен соң да, сорттың, тұқымның Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттік тiзiлiмiнде тiркелген атауын көрсетуге мiндеттi.
7-бап. Селекциялық жетiстiктiң басымдығы
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Сорттың, тұқымның басымдығы сараптама жасау ұйымына өтiнiм берiлген күн бойынша белгiленеді.
Егер сарапшы ұйымға бір мезгілде бір сол селекциялық жетістікке патент беруге екі немесе одан да көп өтінім түссе, неғұрлым бұрын жіберілген өтінімге басымдық белгіленеді. Егер өтінім берушілер арасындағы келісіммен өзгеше көзделмесе, бұл өтінімдер бір күнде жіберілген жағдайда, патент сарапшы ұйым берген неғұрлым бұрынғы тіркеу нөмірі бар өтінім бойынша беріледі.
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Басымдық Селекциялық жетiстiктердi қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияға қатысушы елде бiрiншi өтiнiмнiң берiлген күнi бойынша белгiленуi мүмкiн (конвенциялық басымдық). Өтiнiш берушi бiрiншi өтiнiмнiң конвенциялық басымдық құқығын ол берiлген күннен бастап 12 ай iшiнде пайдаланады.
Конвенциялық басымдық құқығын пайдаланғысы келген өтiнiш берушi сараптама жасау ұйымына жiберiлетiн өтiнiмде бiрiншi өтiнiмнiң басымдық күнiн және келесi өтiнiм берiлген күннен бастап үш ай iшiнде бiрiншi өтiнiмнiң осы өтiнiм берiлген орган куәландырған көшiрмесiн табыс етуге тиiс.
Осы шарттар орындалған жағдайда өтiнiш берушi бiрiншi өтiнiм берiлген күннен бастап үш жыл iшiнде қосымша құжаттама мен сынақ өткізуге қажеттi материал бермеуге құқылы.
3-тарау. Селекциялық жетістікке патент беруге жасалған өтінімнің сараптамасы
8-бап. Алдын ала жүргізілетін сараптама
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Өтiнiм берiлген күннен бастап екi ай мерзiм өткен соң сараптама жасау ұйымы ол бойынша алдын ала сараптама жүргiзедi. Алдын ала сараптама жүргiзу барысында өтiнiмге басымдық берiлген күн белгiленедi, қажеттi құжаттардың бар-жоғы және оларға белгiленген талаптардың орындалуы тексерiледi. Патент беруге жасалған өтiнiмге алдын ала сараптама екi ай мерзiмде жүргiзiледi.
Қажет болған жағдайда өтiнiш берушi өтiнiм берiлген күннен бастап екi ай ішінде оған нақтылау, енгізе алады.
2. Сортқа, тұқымға жасалған өтiнiмге келiп түскен, өтiнiмнiң алғашқы материалдарында келтірілмеген белгілері бар және өтінім берiлген сорттың, тұқымның мәнiн өзгертетiн қосымша материалдар өтінiм қаралған кезде назарға алынбайды.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Уәкiлеттi органның алдын ала жүргiзген сараптамасынан оң нәтиже алынған жағдайда өтінімді одан әрі қарау туралы шешім қабылданады. Өтiнiмнiң және селекциялық жетiстiк сауал-сұрақтарының көшiрмелерi мемлекеттік комиссияға жiберiледi.
4. Егер алдын ала жүргiзiлген сараптамада өтiнiмнiң белгiленген талаптарға сай келмейтiндiгi анықталса, оны одан әрi қараудан бас тарту туралы шешім қабылданады, ол туралы өтiнiш берушiге бiр ай мерзiмде хабарланады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Өтiнiмдi одан әрi қараудан бас тарту туралы шешiмге өтiнiш берушi шешiмдi алған күннен бастап екi ай iшiнде уәкiлеттi органға қарсылық бере алады. Шағым кеңесi қарсылықты ол келiп түскен күннен бастап екi ай мерзiмде қарауға тиiс.
Шағым кеңесi шешiмiне өтiнiш берушi ол шешiмдi алған күннен бастап алты ай iшiнде сотқа шағымдануы мүмкiн.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
6. Алдын ала жүргiзiлген сараптама нәтижесiнде оң шешiм шығарылған өтiнiмдер туралы мәлiметтер өтiнiм түскен күннен бастап 18 ай өткеннен кейiн бюллетеньде жарияланады. Өтiнiш берушiнiң өтiнуi бойынша сараптама жасау ұйымы өтiнiм материалдарын аталған мерзiмнен бұрын да жариялай алады.
7. Сорттың, тұқымның авторы өтінім материалдарында өз есiмiнiң жариялануынан бас тартуға құқылы.
9-бап. Селекциялық жетiстiктiң уақытша құқықтық қорғалуы
1. Қорғауға өтiнiм жасалған селекциялық жетiстiкке өтiнiм туралы мәлiметтер жарияланған күннен бастап патент берiлген күнге дейін уақытша құқықтық қорғау белгiленеді.
2. Патент иесi патент алғаннан кейiн селекциялық жетiстiктi уақытша құқықтық қорғау кезеңiнде осы Заңның 14-бабының 1-тармағында аталған әрекеттерді өтініш берушінің рұқсатынсыз жасаған адамнан өтем алуға құқығы бар.
3. Селекциялық жетiстiктi уақытша құқықтық қорғау кезеңiнде өтiнiш берушiге тек ғылыми мақсаттарда және сату мен өзгедей беру селекциялық жетiстiкке құқықты өзгедей беруге немесе ұрықты, асыл тұқымдық материалды олардың қорын құру мақсатымен өтiнiш берушiнiң тапсырысы бойынша өндiруге байланысты болған жағдайларда ғана ұрықты, асыл тұқымдық материалды сатуға және өзгедей беруге рұқсат етiлген.