4) кредиттік комитет мүшелерiнiң жауапкершiлiгiн;
5) кредит берудiң лимиттерін;
6) кредиттік шарттарды бекіту рәсiмiн;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 6-1) тармақшамен толықтырылды
6-1) жеке тұлғаға банктік қарыз беру үшін кредиттік скорингтің болу қажеттілігін;
7) кредит беру туралы өтініштерді қараудың, кредит беру (беруден бас тарту) туралы шешім қабылдаудың, кредит беру шарттарын өзгертудің шекті мерзімдерін айқындайды.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 10-1-тармақпен толықтырылды
10-1. Банктік қарыз беру туралы мәселені қарау кезінде банк өз әдістемесі негізінде есептелген жеке тұлғаның кредиттік скорингін немесе кредиттік бюро берген кредиттік скорингті ескереді.
11-тармақтың қолданысы 2011 ж. 10.02. № № 406-IV ҚР Заңы қолданысқа енгізілген күннен бастап бұрын жасалған шарттардан туындайтын қатынастарға қолданылады
11. Егер қарыз беру туралы шарттарда сақтандыру және (немесе) қамтамасыз ету болып табылатын мүліктің нарықтық құнын айқындау мақсатында бағалау жүргізу шарттарын жасасу туралы талаптар көзделген болса, банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның қарыз алушыға, кепіл берушіге сақтандыру ұйымын және (немесе) бағалаушыны таңдауда шек қоюға құқығы жоқ.
Қарыз алушыға банктік қарыз шартымен өз өмірін немесе денсаулығын сақтандыру міндеті жүктелмейді.
2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен 12-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
12. Осы баптың 4, 5, 8 - 11-тармақтарында белгіленген нормалар банктердің кепілдіктер мен кепілдемелер беру жөніндегі операцияларына, сондай-ақ ислам банктерінің осы Заңның 52-5-бабы 1-тармағының 3), 4), 4-1) және 5) тармақшаларында көрсетілген операцияларына қолданылады.
13. Ислам банкінің банктiк қарыз және өзге де операцияларды жүргiзу ерекшелiктерi мен шектеулерi осы Заңның 4-1-тарауында белгiленедi.
2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 14-тармақпен толықтырылды; 2022.04.07. № 133-VII ҚР Заңымен 14-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
14. Банктік қарыз шарты бойынша құқықтар (талаптар) үшінші тұлғаға берілген кезде Қазақстан Республикасының заңнамасымен кредитордың қарыз алушымен банктік қарыз шарты шеңберіндегі өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулердің күші қарыз алушының өзіне банктік қарыз шарты бойынша құқықтар (талаптар) берілген үшінші тұлғамен құқықтық қатынастарына қолданылады, ал банктік қарыз шарты бойынша құқықтар (талаптар) сервистік компанияның сенімгерлік басқаруына берілген жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасымен кредитордың қарыз алушымен банктік қарыз шарты шеңберіндегі өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулердің күші қарыз алушының сервистік компаниямен құқықтық қатынастарына қолданылады.
Өзіне банктік қарыз шарты бойынша құқықтар (талаптар) берілген үшінші тұлғаның, сондай-ақ сервистік компанияның Қазақстан Республикасының заңнамасымен кредитордың қарыз алушымен банктік қарыз шарты шеңберіндегі өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулерді бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 34-1-баппен толықтырылды
34-1-бап. Жеке тұлғаға кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз беру ерекшеліктері
1. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым жеке тұлғамен кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шартын жасағанға дейін банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның ішкі қағидаларына сәйкес қарыз алушының кредит төлеу қабілеттілігін (төлем қабілеттілігін) жан-жақты, толық және сапалы бағалауды (бұдан әрі - қарыз алушының кредит төлеу қабілеттілігін тиісінше бағалау) жүзеге асыруға міндетті.
Банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның:
1) банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның қалауы бойынша мынадай құжаттардың бірімен:
жеке зейнетақы шотынан берілетін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының соңғы алты айдағы үзінді-көшірмесімен;
жұмыс орнынан берілген соңғы алты айдағы кірістері туралы анықтамамен;
қарыз алушының - жеке тұлғаның жеке табыс салығы бойынша соңғы салық кезеңіндегі салық декларациясымен;
банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның ішкі құжаттарына және рәсімдеріне сәйкес жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шарты бойынша қарыз алушының міндеттемелерін орындау мүмкіндігінің бар екенін көрсететін өзге де құжаттармен расталған, жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шарты бойынша қарыз алушының міндеттемелерді орындау мүмкіндігінің болуын;
2) қарыз алушының соңғы алты айдағы кредиттік тарихының бар екенін не жоқ екенін;
3) салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегінің бар екенін не жоқ екенін;
4) үшінші тұлғалар алдында кредиттік есепте көрсетілген берешектің бар екенін не жоқ екенін айқындау жөніндегі іс-шаралары осы баптың мақсаттары үшін қарыз алушының кредит төлеу қабілеттілігін тиісінше бағалау болып танылады.
Қарыз алушының кредит төлеу қабілеттілігін қарыз алушы жөніндегі мәліметтермен жиынтықта тиісінше бағалау жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шарты бойынша қарызды қайтару жөніндегі міндеттемелердің орындалуы үшін ынтамақты жауапты ретінде әрекет ететін жеке тұлға (қоса қарыз алушы) жөніндегі мәліметтерді ескереді.
Банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның осы тармақта көзделген қарыз алушының кредит төлеу қабілеттілігін тиісінше бағалауды жүзеге асыруы үшін қарыз алушының (қоса қарыз алушының) анық емес ақпарат ұсынғаны үшін банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым жауапты болмайды.
2. Жеке тұлға өтініш жасаған күннің алдындағы қатарынан алты ай ішінде шетел валютасында кірісі болмаған жеке тұлғаларға кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыздарды шетел валютасында беруге тыйым салынады.
3. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шарттары бойынша ипотекалық қарызды беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты банктік шотты жүргізгені үшін, сондай-ақ банктік шотқа қарызды есепке жатқызғаны үшін комиссия белгілеуге және алуға құқылы емес.
4. Жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық тұрғын үй қарызы шартының талаптарын өзгерту немесе ипотекалық тұрғын үй қарызы шартын өтеу мақсатында жаңа қарыз беру кезінде мерзімі өткен сыйақыны, тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) негізгі борыш сомасына капиталдандыруға (жинақтауға) жол берілмейді.
5. Жеке тұлға болып табылатын қарыз алушы ипотекалық тұрғын үй қарызының нысаналы пайдаланылуын қамтамасыз етуге міндетті.
Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым ипотекалық тұрғын үй қарызы шартында белгіленген тәртіппен жеке тұлғаның ипотекалық тұрғын үй қарызының нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады.
Жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық тұрғын үй қарызы нысаналы пайдаланылмаған кезде қарыз алушы банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға ипотекалық тұрғын үй қарызын мерзімінен бұрын қайтаруға және ипотекалық тұрғын үй қарызын пайдалану бөлігінде ипотекалық тұрғын үй қарызының нысанасы пайдаланылған бүкіл кезең үшін ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты бойынша есепке жазылған сыйақы төлеуге міндетті.
6. Қарыз алушының жеке басына байланысты өзгерістер болған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарыз алушы банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға осындай барлық өзгерістер туралы ақпарат береді.
Қарыз алушының жеке басына байланысты өзгерістерге оның тұрғылықты жерінің өзгеруі, тегінің, атының, әкесінің атының (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) ауысуы, жеке басты куәландыратын құжаттарды ауыстыруы, қарыз алушымен байланысу үшін пайдаланылатын байланыс ақпаратының және байланыс тәсілінің өзгеруі жатады.
Егер қарыз алушы ақпараттың тиісті түрде жіберілгенін дәлелдесе, банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның қарыз алушыдан оның жеке басына байланысты барлық өзгерістер туралы ақпарат алмағаны туралы мәлімдемесі қарыз алушының тарапынан осы баптың талаптарын бұзу болып табылмайды.
7. 2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2021 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. 2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2021 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен (2021 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 9-тармақ өзгертілді
9. Жеке тұлға болып табылатын қарыз алушы берешегінің ұлғаюын болғызбау мақсатында банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шарты бойынша негізгі борыш және (немесе) сыйақы сомалары бойынша төлемдердің кез келгенін өтеу міндеттемесін орындау мерзімін өткізіп алудың қатарынан күнтізбелік бір жүз сексен күн өткен соң есепке жазылған сыйақыны, тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлды), сондай-ақ қарызды беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдерді төлеуді талап етуге тыйым салынады.
10. Егер қарыз алушы жүргізген төлем сомасы жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шарты бойынша қарыз алушының міндеттемесін орындау үшін жеткіліксіз болса, ол қарыз алушының берешегін мынадай кезектілікпен өтейді:
1) сыйақы бойынша берешек;
2) ипотекалық қарызды беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдер бойынша берешек;
3) осы Заңның 35-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалған мөлшерде тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл);
4) төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін есепке жазылған сыйақы;
5) ипотекалық қарызды беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдер;
6) банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның орындауды алу бойынша шығасылары;
7) негізгі борыш бойынша берешек;
8) төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін негізгі борыш сомасы.
ҚР 16.07.99 ж. № 436-1; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 35-бап өзгертiлдi; 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен 35-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 35-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
35-бап. Кредиттердің қайтарымдылығын қамтамасыз ету
1. Кредиттердің қайтарымдылығы тұрақсыздық айыбымен, кепiлмен, кепiлдiкпен, кепiлдемемен және Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта көзделген басқа да әдiстермен қамтамасыз етiлуi мүмкiн.
2-тармақтың қолданысы бұрын жасалған банктік қарыз шарттарынан туындайтын қатынастарға қолданылады. 2011 ж. 10.02. № 406-IV ҚР Заңы қолданысқа енгізілгенге дейін төленген жеке тұлғалармен жасалған банктік қарыз шарттары бойынша тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) не заңды күшіне енген сот актісіне сәйкес төленуге жататын тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) қайта есептеуге жатпайды
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді және олар қолданысқа енгізілген күннен бастап бұрын жасалған шарттардан туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылады. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін төленген, жеке тұлғалармен жасалған банктік қарыз шарттары бойынша тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) не заңды күшіне енген сот актісіне сәйкес төленуге жататын тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) қайта есептеуге жатпайды) (бұр.ред.қара)
2. Жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты бойынша қарыз сомасын қайтару және (немесе) сыйақы төлеу жөніндегі міндеттемені бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері мерзімін өткізіп алудың тоқсан күні ішінде мерзімі өткен әрбір күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,5 пайызынан аспауға тиіс, мерзімін өткізіп алудың тоқсан күні өткеннен кейін мерзімі өткен әрбір күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,03 пайызынан аспауға, бірақ банктік қарыз шарты қолданылатын әрбір жылға берілген қарыз сомасының он пайызынан артық болмауға тиіс.
3. Клиент кредитті өтеу қабiлеті жоғары және сенiмдi болған жағдайда, банк қамтылымсыз кредит (бланктік кредит) беру туралы шешiм қабылдауға құқылы. Қамтылымсыз кредит (бланкілік кредит) беру критерийлері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
4. Егер кредиттің қайтарымдылығын қамтамасыз ету үшін бірнеше кепіл нысанасы берілсе, онда қарыз алушы банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерін тиісінше орындаған жағдайда және қарыз алушы, кепіл беруші кепілдік қамтамасыз етуді азайту туралы талаппен өтініш жасаған кезде бағалаушы айқындаған кепіл нысаналарының нарықтық құны банктің (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның) кепілдік саясатының талаптарын ескергенде, қарыз алушы міндеттемелерінің орындалмаған бөлігінің сомасынан асып кеткен жағдайда, банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) қарыз алушы, кепіл беруші өтініш жасаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарыз алушы міндеттемелерінің мөлшерінен асып кеткен бөлігінде бір немесе бірнеше кепіл нысанасының кепілі туралы шартты (шарттарды) бұзу (өзгерту) жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
2021.31.12. № 100-VII ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды
4-1. Егер орындалмаған міндеттемелердің сомасы кепілмен қамтамасыз ету құнының он пайызынан аз болса, банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) қарыз алушы, кепіл беруші өтініш берген күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде банктің (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның) кепілдік саясатының талаптарын ескере отырып, кепіл нысанасын өтініш жасалған кезде бағалаушы айқындаған нарықтық құны орындалмаған міндеттеменің сомасын жабатын өзге мүлікке ауыстыруды қарауға міндетті.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Кепiл туралы шартта, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда, банк кепiлдегі мүлiктi сауда-саттық (аукцион) өткізу арқылы соттан тыс тәртіппен дербес өткізуге құқылы.
6. Осы баптың 1 - 5-тармақтарында белгiленген нормалар банктердiң кепiлдiктер мен кепiлдемелер беру жөніндегі операцияларын қамтамасыз етуге қолданылады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 29.06.98 ж. № 236-1 Заңдарымен 36-бап өзгертiлдi; 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен 36-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 36-бап өзгертiлдi (бұр. ред. қара); 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 36-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен 36-баптың тақырыбы жаңа редакцида (2021 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
36-бап. Берешекті реттеу шарттары мен тәртібі және төлемге қабілетсіз қарыз алушыға қатысты қолданылатын шаралар
2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцида (бұр.ред.қара); 2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертiлдi (2021 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені орындаудың өткізіп алынған мерзімі болған кезде, бірақ ол басталған күннен бастап күнтізбелік жиырма күннен кешіктірмей, банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) банктік қарыз шартында көзделген тәсілмен және мерзімдерде қарыз алушыны:
2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертiлдi (2021 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені орындау бойынша мерзімді өткізіп алудың туындағаны және хабарламада көрсетілген күнге мерзімі өткен берешектің мөлшерін көрсете отырып, банктік қарыз шарты бойынша төлемдерді енгізу қажеттігі;
2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1) банктік қарыз шарты бойынша қарыз алушы - жеке тұлғаның банкке (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға) өтініш жасау құқығы;
2) қарыз алушының банктік қарыз шарты бойынша өз міндеттемелерін орындамауының салдарлары туралы хабардар етуге міндетті.
Банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) қарыз алушыны хабардар ету үшін коллекторлық агенттікті тартуға құқылы.
2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды; 2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен 1-1-тармақ өзгертiлдi (2021 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1-1. Банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алу басталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарыз алушы - жеке тұлға банкке (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға) баруға және (немесе) өзінің банктік қарыз шартының талаптарына, оның ішінде:
1) банктік қарыз шарты бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгертуге;
2) шетел валютасымен берілген банктік қарыз бойынша негізгі борыштың қалдық сомасының валютасын ұлттық валютаға өзгертуге;
3) негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыруға;
4) берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеу кезектілігін, оның ішінде негізгі борышты басым тәртіппен өтей отырып өзгертуге;
2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертiлдi (2021 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) банктік қарыз мерзімін өзгертуге;
2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертiлдi (2021 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіруге, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың), банктік қарызға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің күшін жоюға;
2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)
7) «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 20-1-бабында көзделген тәртіппен кепіл берушінің ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті өзі дербес өткізуіне;
2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)
8) банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені орындаудың орнына банкке (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға) кепіл мүлкін беру арқылы бас тарту төлемін ұсынуға;
2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)
9) сатып алушыға банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені бере отырып, ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті өткізуге байланысты өзгерістер енгізу туралы өтінішін негіздейтін банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алудың туындау себептері, кірістер және басқа да расталған мән-жайлар (фактілер) туралы мәліметтерді қамтитын жазбаша нысанда өтініш не банктік қарыз шартында көзделген тәсілмен ұсынуға құқылы.
2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 1-2-тармақпен толықтырылды; 2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен 1-2-тармақ өзгертiлдi (2021 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1-2. Уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) қарыз алушы - жеке тұлғаның өтінішін алған күннен кейін күнтізбелік он бес күн ішінде банктік қарыз шартының талаптарына ұсынылған өзгерістерді қарайды және қарыз алушы - жеке тұлғаға:
1) банктік қарыз шартының талаптарына ұсынылған өзгерістермен келісетіні;
2) банктік қарыз шартының талаптарын өзгерту бойынша өзінің ұсыныстары;
2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертiлдi (2021 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) банктік қарыз шартының талаптарын өзгертуден бас тарту себептерінің уәжді негіздемесін көрсете отырып, осындай бас тарту туралы жазбаша нысанда не банктік қарыз шартында көзделген тәсілмен хабарлайды.
2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен 1-3-тармақпен толықтырылды (2021 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)
1-3. Қарыз алушы - жеке тұлға банктің (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның) осы баптың 1-2-тармағының 3) тармақшасында көзделген шешімін алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде немесе банктік қарыз шартының талаптарын өзгерту туралы өзара қолайлы шешімге қол жеткізбеген кезде бір мезгілде банкті (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымды) хабардар ете отырып, уәкілетті органға өтініш жасауға құқылы.
Уәкілетті орган қарыз алушы - жеке тұлғаның өтінішін оның банкке (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға) өтініш жасауының дәлелдемелері ұсынылған және банкпен (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйыммен) банктік қарыз шартының талаптарын өзгерту туралы өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмеген кезде қарайды.
Уәкілетті органның «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушы - жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес ипотекалық тұрғын үй қарызы жөніндегі өтінішін қарауы кезеңінде кепілге қойылған мүлікке сотқа талап қоюды беру арқылы не соттан тыс тәртіппен өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді.
Осы тармақтың үшінші бөлігінде белгіленген талап уәкілетті орган өтінішті өтініш жасалған күннен бастап күнтізбелік алпыс күннен астам қараған, сондай-ақ қарыз алушы - жеке тұлғаның бұрын қаралған мәселе бойынша өтініші қайта берілген жағдайларда қолданылмайды.
Қарыз алушы - жеке тұлғаның өтінішін уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қарайды.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2022.30.12. № 179-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 3 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген талап қанағаттандырылмаған кезде банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым), Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіп пен қарыз алушының талабы бойынша ашылған банктік шоттардағы мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түрінде қарыз алушы алатын ақшаны (электрондық ақшаны), Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен қарыз алушының талабы бойынша ашылған банктік шоттардағы алименттерді (кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларды күтіп-бағуға арналған ақшаны), сондай-ақ «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тұрғын үй төлемдерін, жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үйге ақы төлеу мақсатында төлемдер мен субсидияларды есепке жатқызуға арналған тұрғын үй құрылысы жинақ банкіндегі банктік шоттардағы ақшаны, Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында көзделген тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін, тұрғын үй төлемдерін пайдалану есебінен жинақталған тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түрінде тұрғын үй құрылысы жинақ банктеріндегі банктік шоттардағы ақшаны, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу мақсатында жасалатын шарттар бойынша міндеттемелердің орындалмауы туралы істер бойынша сот шешімдері негізінде өндіріп алуларды қоспағанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған жинақтар түріндегі екінші деңгейдегі банктердегі банктік шоттардағы ақшаны, Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы және концессиялар туралы заңнамасына сәйкес инвестициялық шығындардың өтемақысын есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаны, нотариус депозиті шарттарында енгізілген ақшаны, инвестициялық портфельді басқарушының орындалмаған міндеттемелері бойынша, осы инвестициялық портфельді басқарушы клиенттерінің ақшасын есепке алуға арналған банктік шоттардағы ақшаны, номиналды ұстаушы функцияларын жүзеге асыратын тұлғаның орындалмаған міндеттемелері бойынша, осы номиналды ұстаушы функцияларын жүзеге асыратын тұлға клиенттерінің ақшасын есепке алуға арналған банктік шоттардағы ақшаны, қаржы құралдарымен жасалатын мәмілелер бойынша клирингтік қызметті жүзеге асыру үшін банктік шоттардағы ақшаны, «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша банктік шоттардағы ақшаны, жеке сот орындаушыларының өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шоттарындағы ақшаны, өзіне қатысты «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы іс қозғалған қарыз алушы - Қазақстан Республикасы азаматының банктік шоттарындағы ақшаны қоспағанда, қарыз алушының банктік шоттарындағы ақшаны даусыз тәртіппен, оның ішінде төлем талабын қою арқылы өндіріп алуды қолдануға (егер мұндай өндіріп алу банктік қарыз шартында ескертілген болса) құқылы.