10. Лицензиарлар қайта ресімделген лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны осы бапта белгіленген мерзім ішінде беруге не оларды қайта ресімдеуден уәжді түрде бас тартуға міндетті.
35-бап. Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданысын тоқтату
1. Лицензия және (немесе) лицензияға қосымша мынадай жағдайларда:
1) берілген мерзімі өткенде;
2) жүзеге асырылуы үшін берілген әрекеттер (операциялар) толық көлемде жасалғанда;
3) лицензиядан және (немесе) лицензияға қосымшадан айырғанда (оларды қайтарып алғанда);
4) жеке тұлғаның қызметі тоқтатылғанда, заңды тұлға таратылғанда;
5) лицензиат лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданысын тоқтату туралы ерікті түрде лицензиарға өтініш жасағанда;
6) осы Заңға 1-қосымшадан лицензия немесе жекелеген қызмет түрі және (немесе) қызметтің кіші түрі немесе әрекет (операция) алып тасталғанда;
7) лицензиат лицензиялануға жататын тұлғалар қатарынан алып тасталғанда;
8) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда өзінің қолданысын тоқтатады.
2. Осы баптың 1-тармағының 6) және 7) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданысы тоқтатылған немесе лицензия электрондық нысанда ғана ресімделген жағдайларды қоспағанда, лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданысы тоқтатылған кезде лицензиат лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны он жұмыс күні ішінде лицензиарға қайтаруға міндетті.
3. Осы баптың 1-тармағының 6) және 7) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданысы тоқтатылған кезден бастап, лицензиаттар жүзеге асыруға қолданысы тоқтатылған лицензия және (немесе) лицензияға қосымша берілген қызмет түрлерін (кіші түрлерін) немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыруға құқылы емес.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Осы баптың 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданысы тоқтатылған кезден бастап, лицензиялық қызмет тоқтатылатын жыл үшін лицензиялық алым төлеуді қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жыл сайынғы лицензиялық алым төлеу жөніндегі барлық міндеттемелер тоқтатылады.
36-бап. Жекелеген қызмет түрлерін лицензиялаудың ерекше шарттары
1. Қаржы саласындағы қызметпен және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметпен айналысу құқығына лицензияларды және (немесе) лицензияларға қосымшаларды беру, қайта ресімдеу, беруден бас тарту, олардың қолданысын тоқтата тұру, тоқтату тәртібін, мерзімдері мен шарттарын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейді.
2. Ойын бизнесі саласындағы қызметпен айналысу құқығына лицензиялар беру шарттары мен тәртібі «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен айқындалады.
3. 2016.07.04. № 487-V ҚР Заңымен алып тасталды (ресми жарияланған күнiнен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізiлдi) (бұр.ред.қара)
4. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қызметпен айналысу құқығына лицензия берудің ерекше шарттары «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен айқындалады.
Лицензияға қосымшада лицензия берудің ерекше шарттары ретінде «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес лицензиат санаты көрсетіледі.
2016.12.01. № 443-V ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметпен айналысу құқығына лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны берудің ерекше шарттары «Атом энергиясын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалады.
Лицензияға қосымшада лицензияны берудің ерекше шарттары ретінде лицензиат жұмыс жүргізетін аспаптар, қондырғылар, материалдар, заттар, қалдықтар түрі көрсетіледі.
37-бап. Экспорт және импорт саласындағы лицензиялау туралы жалпы ережелер
2017.26.12. № 124-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Экспорты және (немесе) импорты лицензиялауға жататын тауарлардың тізбесін Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті органының шешімімен бекітілген, Үшінші елдермен саудада Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің әкелуіне немесе әкетуіне тыйым салулар немесе шектеулер қолданылатын тауарлардың бірыңғай тізбесі негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Тауарлардың экспортын және (немесе) импортын лицензиялаудың орындалу үшін осы шектеулер енгізілген мақсаттарға қарағанда тауарлардың экспортын немесе импортын көбірек шектеу немесе бұрмалау әсері болмауға тиіс.
Экспортқа және (немесе) импортқа лицензиялар және рұқсаттар беру тәртібі мен шарттары халықаралық шарттарға сәйкес белгіленеді.
2. Экспорттық бақылауға жататын, экспорты немесе импорты лицензиялануға жататын өнімнің тізбесін халықаралық экспорттық бақылау режимдеріне сәйкес және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында экспорттық бақылауға жататын өнімдер номенклатурасы (тізімі) негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Экспорттық бақылауға жататын өнімнің импорты мен экспорты саласындағы лицензиялар және (немесе) лицензияға қосымшалар лицензия осындай растауды алғаннан кейін берілетін импорттаушы елдің түпкі пайдаланушы сертификатының түпнұсқалығы тексерілгендігін растауды алу қажеттігі жағдайын қоспағанда, отыз жұмыс күнінен кешіктірілмей беріледі.
2017.26.12. № 124-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Лицензия экспорттық бақылауға жататын, Сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес сыныпталатын, өздеріне қатысты лицензиялау енгізілген әрбір тауарға немесе өнімге беріледі.
Лицензиар мынадай лицензия түрлерін береді:
1) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің шешімі негізінде сыртқы сауда қызметіне қатысушыға берілетін және лицензияда айқындалған мөлшерде жекелеген тауар түрін экспорттауға және (немесе) импорттауға құқық беретін бас лицензия;
2) сыртқы сауда қызметіне қатысушыға жекелеген тауар түрін экспорттауға және (немесе) импорттауға айрықша құқық беретін айрықша лицензия;
3) сыртқы сауда шарты (келісімшарты) негізінде сыртқы сауда қызметіне қатысушыға берілетін және белгілі бір мөлшерде лицензияланатын тауарды экспорттауға және (немесе) импорттауға құқық беретін біржолғы лицензия.
Лицензиар тауарларды экспорттауға және (немесе) импорттауға арналған бас және айрықша лицензиялар беруді Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті органының шешімінде көзделген жағдайларда жүзеге асырады.
Экспорттық бақылауға жататын өнімді экспорттауға және (немесе) импорттауға бас және айрықша лицензиялар берілмейді.
4. Бас және айрықша лицензиялар алған лицензиаттар тоқсан сайын есептік тоқсаннан кейінгі айдың он бесінші күніне дейін экспорт пен импорт саласындағы уәкілетті органдарға лицензияның орындалу барысы туралы есеп ұсынуға міндетті.
Біржолғы лицензиялар алған лицензиаттар лицензияның қолданылу мерзімі өткен соң күнтізбелік он бес күн ішінде экспорт және импорт саласындағы уәкілетті органдарға лицензияның орындалуы туралы ақпарат беруге міндетті.
2017.26.12. № 124-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Біржолғы лицензияның қолданылу кезеңі оның қолданылуы басталған күннен бастап бір жылдан аспайды. Біржолғы лицензияның қолданылу мерзімі сыртқы сауда шартының (келісімшартының) қолданылу мерзімімен немесе лицензияны беруге негіз болып табылатын құжаттың қолданылу мерзімімен шектелуі мүмкін.
Сан жағынан шектеулер енгізілген тауарлар үшін лицензияның қолданылу кезеңі квота белгіленген күнтізбелік жылда аяқталады.
Егер Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті органының шешімінде өзгеше ескерілмесе, тауарларды экспорттауға және (немесе) импорттауға арналған бас лицензияның қолданылу мерзімі оның қолданылуы басталған күннен бастап бір жылдан аспайды, ал сан жағынан шектеулер енгізілген тауарлар үшін - квота белгіленген күнтізбелік жылда аяқталады.
Айрықша лицензияның қолданылу мерзімі әрбір нақты жағдайда Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті органының шешімімен белгіленеді.
2017.26.12. № 124-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Экспортқа және импортқа арналған лицензияның қолданылуын тоқтата тұру немесе тоқтату тәртібін Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті органы белгілейді.
6-тарау. РҰҚСАТ БЕРУ РӘСІМДЕРІ
38-бап. Екінші санаттағы рұқсатты беру ерекшеліктері
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Екінші санаттағы рұқсаттарды беру үшін қажетті рұқсат беру талаптары мен құжаттар тізбесі нормативтік құқықтық актілерде айқындалады.
Бұл ретте тізбеде ақпараты мемлекеттік ақпараттық жүйелерден және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда өтініш беруші беретін мәліметтер нысанынан алынуы мүмкін құжаттар қамтылмауға тиіс.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Рұқсат беру рәсiмдерiн жүзеге асыру қағидалары және осы Заңда рұқсат беру тәртiбi көзделген қызметтi немесе әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру қағидалары нормативтік құқықтық актілерде бекiтіледi.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 39-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
39-бап. Екінші санаттағы рұқсатты беру туралы өтініштерді қарау мерзімдері
Екінші санаттағы рұқсат нормативтік құқықтық актілерде белгіленген мерзімде беріледі. Екінші санаттағы рұқсаттарды беруге уәкілетті орган белгіленген мерзім ішінде екінші санаттағы рұқсатты беруге не оны беруден уәжді түрде бас тартуға міндетті.
40-бап. Рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру кезінде алынатын алымдар немесе төлемдер
Рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру кезінде алынатын алымдардың немесе төлемдердің мөлшері, оларды есептеу мен төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.
41-бап. Екінші санаттағы рұқсатты беруден бас тарту
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2016.06.04. № 484-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.рд.қара)
1. Екінші санаттағы рұқсатты беруден бас тарту Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негіздер бойынша жүзеге асырылады.
2. Өтініш берушіге екінші санаттағы рұқсатты беруден уәжді түрде бас тартуды екінші санаттағы рұқсатты беруге уәкілетті орган екінші санаттағы рұқсатты беру үшін белгіленген мерзімдерде береді.
3. Екінші санаттағы рұқсатты беруден уәжді түрде бас тарту жазбаша түрде, оның ішінде электрондық құжат түрінде немесе қағаз жеткізгіште беріледі.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 42-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
42-бап. Екінші санаттағы рұқсаттың қолданысын тоқтату
Екінші санаттағы рұқсат нормативтік құқықтық актілерде айқындалатын жағдайларда және тәртіппен өз қолданысын тоқтатады.
Бұл ретте екінші санаттағы рұқсаттардан айыру (оларды қайтарып алу) осы Заңның 45-бабының 5-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.
7-тарау. РҰҚСАТТЫҢ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) РҰҚСАТҚА ҚОСЫМШАНЫҢ ТЕЛНҰСҚАЛАРЫН БЕРУ, ҚАТЕЛЕРІН ТҮЗЕТУ ЖӘНЕ ҚОЛДАНЫСЫН ТОҚТАТА ТҰРУ, ҚАЙТА БАСТАУ ЖӘНЕ ОДАН АЙЫРУ (ОНЫ ҚАЙТАРЫП АЛУ)
43-бап. Рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның телнұсқаларын беру, сондай-ақ электрондық форматқа көшіру
1. Қағаз нысанында берілген рұқсат және (немесе) рұқсатқа қосымша жоғалған, бүлінген кезде лицензиаттың немесе екінші санаттағы рұқсатты иеленушінің рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның телнұсқаларын алуға құқығы бар.
2. Егер рұқсат және (немесе) рұқсатқа қосымша қағаз нысанында берілген болса, лицензиат немесе екінші санаттағы рұқсатты иеленуші өтініші бойынша оларды электрондық форматқа көшіруге және рұқсаттың электрондық нысанын алуға құқылы.
Осы тармақтың күші тек қағаз нысанында ғана берілетін рұқсаттарға қолданылмайды.
3. Рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның жоғалған, бүлінген бланкілері рұқсат беру органы оның жоғалғаны немесе бүлінгені туралы өтінішті алған күннен бастап жарамсыз болып есептеледі.
4. Рұқсат беру органы өтініш берілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның оң жақтағы жоғарғы бұрышында «телнұсқа» деген жазуымен және олардың алғаш берілген күні мен қайта ресімделген күнін көрсете отырып, рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның телнұсқаларын береді.
44-бап. Берілген рұқсаттардағы және (немесе) рұқсаттарға қосымшалардағы қателерді түзету
Берілген рұқсатта және (немесе) рұқсатқа қосымшада қателер анықталған жағдайда, лицензиат немесе екінші санаттағы рұқсатты иеленуші оларды түзету туралы еркін нысанда өтініш беруге құқылы.
Рұқсат беру органы өтініш беруші тиісті өтінішті берген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізіліміне қажетті өзгерістерді енгізеді және тиісті түзетулері бар рұқсатты және (немесе) рұқсатқа қосымшаны береді.
45-бап. Рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның қолданысын тоқтата тұру, қайта бастау, одан айыру (оны қайтарып алу)
1. Рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның қолданысын тоқтата тұру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен және негіздер бойынша жүзеге асырылады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Лицензиат немесе екінші санаттағы рұқсатты иеленуші болып табылатын жеке немесе заңды тұлғаның рұқсат беру органына ерікті түрде өтініш жасауы рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның қолданысын тоқтата тұруға негіз бола алады.
2. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жүзеге асыру үшін берілген, қолданысы тоқтатыла тұрған рұқсат және (немесе) рұқсатқа қосымша жекелеген қызмет түрлерін (кіші түрлерін) немесе әрекеттерді (операцияларды) лицензиаттардың немесе екінші санаттағы рұқсатты иеленушілердің жүзеге асыруына жол берілмейді.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, рұқсатты және (немесе) рұқсатқа қосымшаны тоқтата тұру үшін негіз болған бұзушылықтар жойылған кезде лицензиат немесе екінші санаттағы рұқсатты иеленуші рұқсаттың және (немесе) оған қосымшаның қолданысын тоқтата тұру мерзімі өткенге дейін рұқсат беру органына растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, бұзушылықтардың жойылғаны туралы өтініш беруге құқылы.
Рұқсат беру органы өтініш берушінің бұзушылықтардың жойылғаны туралы өтініш берген күнінен бастап он жұмыс күні ішінде осы Заңның 51-бабы 2-тармағында көзделген тәртіппен бұзушылықтардың жойылғанын тексереді.
Өтініш берушінің бұзушылықтарды жойған фактісі расталған жағдайда, рұқсат беру органы осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мерзімде рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның қолданысын қайта бастау туралы шешім қабылдайды.
Бұл ретте рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның қолданысы осы тармақтың үшінші бөлігінде көрсетілген шешім қабылданған кезден бастап қайта басталады.
4. Лицензиат немесе екінші санаттағы рұқсатты иеленуші тоқтата тұру мерзімі өткенге дейін рұқсатты және (немесе) рұқсатқа қосымшаны тоқтата тұру үшін негіз болған бұзушылықтардың жойылғаны туралы өтінішті бермеген жағдайда, рұқсат беру органдары тоқтата тұру мерзімі өткен кезден бастап он жұмыс күні ішінде рұқсаттан және (немесе) рұқсатқа қосымшадан айыру (оны қайтарып алу) рәсіміне бастамашылық жасайды.
Рұқсаттан және (немесе) оған қосымшадан айыру (оны қайтарып алу) туралы мәселені қарау процесінде лицензиат немесе екінші санаттағы рұқсатты иеленуші бұзушылықтың жойылған фактісін дәлелдеуге құқылы. Бұл жағдайда рұқсат беру органы осы баптың 3-тармағының екінші және үшінші бөліктерін басшылыққа алуға тиіс.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Рұқсаттан айыру (оны қайтарып алу) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен және (немесе) негіздер бойынша жүзеге асырылады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Лицензиаттың, екінші санаттағы рұқсатты иеленушінің ерікті түрде өтініш жасауына байланысты рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның қолданысы тоқтатыла тұрған кезден бастап Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жыл сайынғы лицензиялық алымды немесе төлемді төлеу жөніндегі барлық міндеттемелер тоқтатылады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды
7. Осы баптың 1-1-тармағында көзделген негіз бойынша тоқтатыла тұрған рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның қолданысын қайта бастау лицензиаттың немесе екінші санаттағы рұқсатты иеленушінің рұқсат беру органына өтініш жасауы бойынша жүзеге асырылады.
Рұқсат беру органы осы өтініштің негізінде үш жұмыс күні ішінде рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның қолданысын қайта бастау туралы шешім қабылдайды.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды
8. Рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның қолданысын қайта бастау туралы шешім қабылданған кезден бастап лицензиат, екінші санаттағы рұқсатты иеленуші үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жыл сайынғы лицензиялық алымды немесе төлемді төлеу жөніндегі міндеттемелер қайта басталады.
8-тарау. ХАБАРЛАМА ЖАСАУ ТӘРТІБІ
46-бап. Хабарлама жасау тәртібі
1. Хабарламалардың толық тізбесі осы Заңға 3-қосымшада көзделеді.
2. Өтініш берушілер рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органға хабарламаларды жібереді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Нормативтік құқықтық актілерде көзделген жағдайларда мәліметтер нысанын ұсыну арқылы өтініш берушілер хабарлама жасау тәртібі енгізілген қызметті немесе әрекеттерді жүзеге асыруға нормативтік құқықтық актілерде қойылатын талаптарға өздерінің сәйкестігін мәлімдейді.
4. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, өтініш беруші тиісті хабарлама жіберілгеннен кейін қызметті немесе белгілі бір әрекеттерді жүзеге асыруға бірден кірісуге құқылы немесе оларды тоқтатуға міндетті.
Жекелеген қызмет түрлерінің немесе әрекеттердің ерекшеліктері ескеріле отырып, жекелеген жағдайларда Қазақстан Республикасының заңдарында хабарламаны жіберу мерзімдері белгіленуі мүмкін.
5. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда қажетті құжаттар хабарламаға қоса беріледі, бұл ретте Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардан алынуы мүмкін құжаттарды және өзге де ақпаратты өтініш берушілерден талап етуге тыйым салынады.
Хабарламада және (немесе) хабарламаға қоса берілетін құжаттарда қамтылған мәліметтердің анықтығы үшін өтініш беруші жауапты болады.
6. Қызметтің нақты түріне немесе әрекетке қатысты рұқсат беру тәртібінің орнына хабарлама жасау тәртібі енгізілген кезде, хабарлама жасау тәртібін енгізу кезіне қызметтің осы түріне немесе әрекетке арналған жарамды рұқсаты болған жеке және заңды тұлғалар хабарламаны жіберген болып есептеледі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізіліміне автоматты түрде енгізіледі.
7. Жеке тұлғаның заңды мекенжайы, заңды тұлғаның орналасқан жері, хабарламада көрсетілген қызметті немесе әрекеттерді жүзеге асыру мекенжайы, сондай-ақ, олар туралы ақпарат хабарламада толтыру үшін міндетті болып табылатын тіркеу деректері өзгерген жағдайда, өтініш беруші өзгеріс болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде осы бапта белгіленген тәртіппен көрсетілген өзгерістер туралы хабарлама жіберуге міндетті.
47-бап. Хабарлама жіберілгенін растау
Өтініш берушілердің өтініштері бойынша хабарламаны қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар өтініш жасалған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өтініш берушілерге рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінен өтініш берушілердің жіберген хабарламалары туралы үзінді көшірмелер береді.
Мемлекеттік органдар мен үшінші тұлғалар өтініш берушінің хабарламаны жібергенін растауды хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардан немесе рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінен алады.
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 9-тараудың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
9-тарау. ЛИЦЕНЗИЯЛАУДЫ, РҰҚСАТ БЕРУ РӘСІМДЕРІН ЖӘНЕ ХАБАРЛАМАЛАР ЖАСАУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ КЕЗІНДЕГІ ақпараттық-коммуникациялық ТЕХНОЛОГИЯЛАР
48-бап. Лицензиялауды, рұқсат беру рәсімдерін және хабарламалар жасауды электрондық нысанда жүзеге асыру
1. Лицензиялау және хабарламаларды жіберу рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі пайдаланыла отырып, электрондық нысанда жүзеге асырылады.
Рұқсат беру рәсімдері рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі пайдаланыла отырып, осы Заңның 52-бабы 3-тармағының ережелері ескеріліп, электрондық нысанда жүзеге асырылады.
Электрондық құжат нысанында берілген рұқсаттардың қағаз жеткізгіштегі рұқсаттармен мәні бірдей.
Рұқсат беру органдары қағаз нысанында жүзеге асырылған рұқсат беру рәсімдері туралы ақпаратты рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізіліміне рұқсат беру рәсімін жүзеге асырумен бір мезгілде енгізуге міндетті.
Осы тармақтың төртінші бөлігінде белгіленген талаптардың орындалмағаны үшін рұқсат беру органы жауапты болады.
Осы тармақтың күші автоматтандыруға жатпайтын рұқсаттарға қолданылмайды.
2015.17.11. № 408-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Қаржы саласындағы және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметке берілетін рұқсаттарды қоспағанда, Мемлекеттік корпорация арқылы рұқсат алу үшін өтініш беруші орналасқан жеріне қарамастан Мемлекеттік корпорацияға өтініш жасауға құқылы.
2015.17.11. № 408-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Өтініш беруші Мемлекеттік корпорация арқылы рұқсат беру рәсімінен өту үшін өтініш жасаған жағдайда - Мемлекеттік корпорацияның қызметкері электрондық өтінішті немесе өзге де осыған ұқсас құжатты өзінің қызмет бабында пайдалану үшін берілген электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырады. Мұндай куәландыру өтініш берушінің жазбаша келісімі негізінде жүзеге асырылады.
4. Өтініш беруші рұқсатты және (немесе) рұқсатқа қосымшаны қағаз жеткізгіште алуға өтініш жасаған жағдайда, рұқсат және (немесе) рұқсатқа қосымша электрондық нысанда ресімделеді, басып шығарылады және рұқсат беру органының мөрімен және рұқсат беру органы басшысының қолымен куәландырылады.
5. Рұқсатты және (немесе) рұқсатқа қосымшаны электрондық нысанда беру мүмкіндігі болмаған жағдайда, рұқсат және (немесе) рұқсатқа қосымша қағаз жеткізгіште беріледі.
6. Өтініш рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нысанда берілген жағдайда, лицензиар және екінші санаттағы рұқсатты беруге уәкілетті орган өтінішті тіркеуді бір жұмыс күні ішінде жүргізеді.
49-бап. Рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі
1. Рұқсат беру органдары рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін тұрақты негізде жүргізеді.
Хабарламалар бойынша рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар жүргізеді.
2. Мемлекеттік органдар өз өкілеттіктерін жүзеге асыру үшін рұқсаттар мен хабарламалар туралы ақпаратты рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінен, көрсетілген ақпаратты растауды жеке және заңды тұлғалардан қосымша талап етпестен алуға міндетті.