4) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға беру үшін ұсынылатын функциялары бойынша нарықтың дайын болуына талдау жүргізуге қатысуға;
5) бәсекелес ортаға беру үшін орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын жыл сайынғы негізде іріктеу жүргізуге қатысуға;
6) мониторинг нәтижелерімен танысуға;
7) мониторинг нәтижелері алынған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей, мониторинг нәтижелерімен келіспейтіні туралы жазбаша түсініктер не Комиссияда қаралуға жататын ескертулерді жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынуға құқылы.
2. Орындаушылар:
1) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларын сапалы жүзеге асыру үшін жағдайлар жасауға;
2) мүмкіндігі шектеулі адамдар орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларын алған кезде, олар үшін қажетті жағдайлар жасауға;
3) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдарға, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына мониторинг жүргізу үшін қажетті ақпаратты және (немесе) құжаттарды осы Заңда көзделген жағдайда беруге;
4) пайдаланушыларға орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларын жүзеге асыру тәртібі туралы толық және анық ақпарат беруге;
5) пайдаланушылардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған шараларды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылдауға міндетті.
2019.19.04. № 250-VІ ҚР Заңымен 9-17-баппен толықтырылды
9-17-бап. Комиссияның қызметі мен функциялары
1. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды тұжырымдау мақсатында консультативтік-кеңесші орган - Комиссия құрылады.
Комиссия құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, кәсіпкерлік субъектілерінің және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіре алады.
2. Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды тұжырымдайды;
2) мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті органның, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсыныстары негізінде орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларын қайтару бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды тұжырымдайды.
3. Комиссияның қызметі туралы ақпарат мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады және кемінде жарты жылда бір рет жаңартылып отырады.
10-бап. Жеке-дара өкiмшiлiк қызмет
2016.06.04. № 481-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Жеке-дара өкiмдiк қызмет - лауазымды адамдар мемлекеттiк органдарда жүзеге асыратын, уәкiлеттi лауазымды адамдардың жеке-дара қолданылатын құқықтық актiлерге жеке-дара қол қоюын, қарамағындағы қызметкерлерге нұсқаулар мен тапсырмалар беруiн, мемлекеттiк функцияларды жүзеге асыру жөнiнде өзге де ұйымдық-өкiмдiк шараларды жеке-дара қабылдауын қамтитын қызметi.
2. Мемлекеттік органның басшысы (алқалы мемлекеттік органдарды қоспағанда) сенiп тапсырылған органға басшылықты жеке-дара өкiмшiлiк қызмет жолымен жүзеге асырады және қабылданатын шешiмдердiң заңдылығы үшiн жеке жауапты болады.
3. Жеке-дара өкiмшiлiк қызметтi жүзеге асыру кезiнде төменгi лауазымды адамдар өздерiнiң әрекеттерiн жоғары тұрған лауазымды адамның шешiмдерiмен қатаң сәйкестiкте жүзеге асырады. Егер мемлекеттік функциялар тек қана жеке-дара өкiмшiлiк қызмет жолымен жүзеге асырылса, бұл жағдайда төменгi лауазымды адамдардың мiндетi уәкiлеттi адамның осы қызметiн қамтамасыз ету болып табылады.
11-бап. Алқалы мемлекеттік органдардың қызметi
1. Шешiмдерi мемлекеттік органдар мүшелерiнiң көпшiлiк дауысымен қабылданатын органдар алқалы мемлекеттік органдар болып табылады. Алқалы орган қабылдайтын шешiмдердiң заңдылығы үшiн жауапкершiлiк, шешiмдi қабылдаған кезде қарсы дауыс бергендердi қоспағанда, алқалы органның дауыс беруге қатысқан барлық мүшелерiне жүктеледi.
2. Алқалы органдар қызметiнiң негiзгi нысаны олардың отырыстары болып табылады, оларда осы органдардың шешiмдерi қабылданады.
3. Алқалы мемлекеттік органдардың отырыстарын дайындау және өткізу кезiнде уәкiлеттi органдар (олардың құрылымдық бөлiмшелерi) мен лауазымды адамдар мынадай мәселелердi шешедi:
1) отырыстарды жоспарлау - осы отырыстарды өткізу жоспары әзiрленедi және бекітіледi. Осы жоспар тиiсiнше тоқсандық және жылдық мерзiмге әзiрленедi, ал тиiстi келiсуден кейiн оны алқалы органның басшысы не алқалы органның қызметін қамтамасыз ететiн органның басшысы бекiтедi. Бекiтiлген жоспар мүдделi органдар мен лауазымды адамдардың назарына жеткiзiледi;
2) алқалы мемлекеттік органның отырысына шығарылатын мәселелердi дайындауды, отырысты өткізу жөніндегi өзге де ұйымдық шараларды оның тиiстi құрылымдық бөлiмшелерi не алқалы органның қызметiн қамтамасыз ететiн орган жүзеге асырады.
4. Отырыстарды жүргiзу тәртібі алқалы мемлекеттік органдардың регламенттерiмен айқындалады.
5. Алқалы органның отырысы хаттамаға түсiрiледi.
6. Отырыста қабылданған шешiмдер алқалы мемлекеттік органның регламентiне сәйкес қаулылармен ресiмделiп, орындаушылардың назарына жеткiзiледi. Қажет болған жағдайда қабылданған шешiмдердi iске асыру жөнiнде шаралар жоспары жасалып, бекітіледi, олардың орындалуы бақылауға алынады.
12-бап. Мемлекеттік органдарда қызметтiк құжаттардың қаралуы мен өтуi
1. Мемлекеттік органға немесе тiкелей осы органның басшылығына жолданған қызметтік құжаттар келiп түсiп, iс қағаздарын жүргiзу қызметi оларды тiркегеннен кейiн басшылыққа берiледi, басшылық оларды қарап, олар бойынша тапсырмалар (қарарлар) дайындайды.
2. Мемлекеттік органның лауазымды адамы мәселенi өз қарауына алған кезде қойылған мәселенiң шешiмi осы органның немесе осы лауазымды адамның құзыретiне жататынына көз жеткізуге тиiс.
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Егер мәселе белгiленген құзырет шегiнен тыс болса, уәкiлеттi лауазымды адам өтiнiштi үш жұмыс күнінен аспайтын мерзiмде өтiнiш берушіні мiндетті түрде хабардар ете отырып, құзыреттi мемлекеттiк органға немесе лауазымды адамға жiберу туралы шешiм қабылдайды.
4. Құжаттарға мемлекеттік органның атынан оның басшысы, оны ауыстыратын адам (осы органда белгiленген қызметтiк мiндеттердi бөлуге сәйкес) не осы органның өзге уәкiлеттi лауазымды адамы қол қояды.
5. Мемлекеттік органға қайтаруды қажет ететiн құжаттарды жiберу кезiнде ол құжатқа осы мемлекеттік органға қайтару қажеттігi туралы белгi қойылады.
6. Мемлекеттік органдарда құжаттардың қаралу мерзiмi, егер заңдарда өзгеше белгiленбесе, бір айдан аспауға тиiс.
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 12-1-баппен толықтырылды
12-1-бап. Мерзімдерді есептеу
1. Заңнамада белгіленген мерзiм күнтiзбелiк күнмен немесе басталуы сөзсiз болатын оқиға көрсетiле отырып айқындалады. Мерзiм жылдармен, тоқсандармен, айлармен, апталармен, күндермен немесе сағаттармен есептелетiн уақыт кезеңi ретiнде де белгiленуi мүмкiн.
2. Жылдармен есептелетiн мерзiм оның басталуы айқындалған күнтiзбелiк күннен немесе оқиға басталған күннен басталады және мерзiмнiң соңғы жылының тиiстi айы мен күнiнде аяқталады. Егер мерзiмнiң аяқталуы тиiстi күн саны жоқ айға тура келсе, онда мерзiм сол айдың соңғы күнiнде аяқталады.
3. Айлармен есептелетiн мерзiм оның басталуы айқындалған күнтiзбелiк күннен немесе оқиға басталған күннен басталады және мерзiмнiң соңғы айының тиiстi күнiнде (күн санында) аяқталады. Егер мерзiмнiң аяқталуы тиiстi күн саны жоқ айға тура келсе, онда мерзiм сол айдың соңғы күнiнде аяқталады.
4. Апталармен есептелетiн мерзiм оның басталуы айқындалған күнтiзбелiк күннен немесе оқиға басталған күннен басталады және мерзiмнiң соңғы аптасының тиiстi күнiнде аяқталады.
5. Күндермен есептелетiн мерзiм оның басталуы айқындалған күнтiзбелiк күннен немесе оқиға басталған күннен басталады және белгіленген кезеңнің соңғы күнiнде аяқталады.
Егер мерзімнің соңғы күні жұмыс емес күнге тура келсе, одан кейінгі таяу жұмыс күні мерзімнің аяқталу күні болып есептеледі.
6. Сағаттармен есептелетiн мерзiм оның басталуы айқындалған оқиға басталған минуттан басталады және белгіленген кезеңнің соңғы минутында аяқталады.
13-бап. Ақпарат алмасуға қойылатын талаптар
1. Ақпарат алмасу - мемлекеттік органдар лауазымды адамдарының өз қызмет өкiлеттiктерiн жүзеге асыруы кезiнде заңдарда белгiленген тәртiппен ақпаратты жөнелтуi және алуы.
2. Ақпарат алмасуды регламенттейтiн рәсiмдер:
1) Қазақстанның бірыңғай ақпарат кеңiстiгiнiң iркiлiссiз жұмыс iстеуiне, оның әлемдiк байланыс пен информатика жүйесiне енуiне;
2) ақпаратты, оның iшiнде мемлекеттік ақпарат ресурстарын қорғаудың ұлттық жүйесiн нығайтуға көмектесуi тиiс.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдары мен лауазымды адамдарының шешiмдер қабылдауы объективтi және алдын алушы ақпаратқа негiзделуге тиiс.
3. Мемлекеттік органдар мен олардың бөлiмшелерi арасындағы ақпарат алмасу өзара ақпараттық ағынның ең аз қажеттi көлемiне, берiлетiн басқарушылық ақпараттың қайталануына жол бермеуге негiзделедi.
2007.18.06 № 262-III ҚР Заңымен 4-тармақ толықтырылды (бұр. ред. қара); 2015.16.11. № 404-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Ақпараттық рәсімдер таратылуы шектелген қызметтік ақпараттың және мемлекет мүдделерімен байланысты өзге де ақпараттың жария болуына жол бермеуге тиіс.
Таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа «Қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгі қойылады.
Мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Мемлекеттік қызметшілерге қызметтік ақпарат өздеріне жүктелген қызметтік міндеттерді орындау үшін ғана беріледі. Бұл ақпарат қызметтен тыс мақсаттарда пайдаланылмайды.
2015.17.11. № 408-V ҚР Заңымен 5-тармақ толықтырылды (2016 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
5. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларға жататын мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйелерді қоспағанда, мемлекеттік органдар ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде ақпараттық жүйелерді интеграциялауды жүргізеді.
2015.17.11. № 408-V ҚР Заңымен 6-тармақ толықтырылды (2016 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
6. Мемлекеттік органдар мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру және мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде қағаз жеткізгіштегі құжаттарды пайдалануды және оларды ұсыну бойынша талаптарды қысқарту (болғызбау) жөніндегі шаралар қабылдайды.
Әкімшілік рәсімдерді орындау процесінде қағаз жеткізгіштегі құжаттар пайдаланылған жағдайда, мемлекеттік органдар қағаз жеткізгіштегі құжаттарды электрондық құжаттар нысанына аудару жөніндегі шаралар қабылдайды.
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 14-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
14-бап. Қызметтік құжаттардың орындалуына ішкі бақылау
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттiк орган басшысының немесе өзге де жоғары тұрған лауазымды адамның осы лауазымды адам шығарған актiлермен байланысты емес тапсырмаларының орындалуына ішкі бақылау осы мемлекеттiк органның тиiстi бөлiмшелерiне жүктеледi.
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Қызметтiк құжаттар бойынша тапсырмалардың орындалу мерзiмдерiне ішкі бақылауды мемлекеттiк органның iс қағаздарын жүргiзу қызметi жүзеге асырады.
3. Бірнеше орындаушыға берiлген тапсырмалардың орындалуын тапсырмада бірiншi болып көрсетiлген лауазымды адам үйлестiредi.
4. Iс қағаздарын жүргiзу қызметi бақылаудағы тапсырманың орындалу мерзiмiнiң аяқталуына дейiн тиiстi бөлiмшеге бұл туралы алдын ала ескертпе жiбередi.
5. Тапсырманы орындау үшiн қосымша уақыт қажет болған жағдайда орындаушы тапсырманы берген лауазымды адамға орындау мерзiмiн ұзарту туралы жазбаша өтiнiш бередi. Тапсырманы орындаудың қосымша мерзiмiн тапсырманы берген басшы белгiлейдi.
6. Тапсырманы берген лауазымды адам не өзге уәкiлеттi лауазымды адам орындалған құжаттарды бақылаудан алады.
4-тарау. Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау рәсімдері
15-бап. Азаматтардың құқықтарын iске асыру рәсiмдерiне қойылатын талаптар
1. Азаматтардың құқықтарын iске асыру рәсiмдерiнде:
1) азаматтар мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға заңдық маңызы бар фактiлердi растайтын құжаттардың ең аз санын беруге мiндеттi болатын құқықтарды iске асыру тәртібі;
2) азаматтардың құқықтарын iске асырудың және олардың заңды мүдделерiн қамтамасыз етудiң ең қысқа мерзiмi;
3) азаматтардың құқықтарын iске асыру жөнiндегі шешiмнiң жобасы келісілетiн орындардың ең аз саны;
4) тиiстi адамның немесе органның iстi қарайтын орны мен уақыты туралы азаматтарға алдын-ала хабарлануы;
5) азаматтың өтiнiшiн қарауға байланысты iстiң материалдарымен оның танысу мүмкiндiгi, азаматтың өз өтiнiшi бойынша талқылауға жеке қатысу мүмкiндiгi;
6) азаматтың өтiнiшiне байланысты iс материалдарының басқа лауазымды адамға негiзсiз берiлуiне жол бермей, азаматтың өтiнiшi жөніндегі iстi бір ғана лауазымды адамның жүргiзуi;
7) азаматтың өтiнiшiн қарауды мәселенiң объективтi шешiлуiне мүдделi емес деп ойлауға негiз бар адамға жүктеу жағдайларына жол берiлмеуi көзделуге тиiс.
2. Азаматтардың құқықтарын iске асыру рәсiмдерiнде:
1) шағымды берген немесе шағымда мүддесi көзделген адамға зияны тиетiндей етiп шағымның өңiн айналдыруға;
2) өтiнiште iс-әрекеттерiне шағым айтылған лауазымды адамдарға өтiнiштi жiберуге;
3) азаматтардың жеке өмiрi, жеке және отбасылық құпиялары туралы мәлiметтердi олардың келісімiнсiз жария ету мүмкiндiгiне;
4) азаматтың өтiнiшке қатысы жоқ жеке басы туралы деректердi анықтауға жол берiлмеуге тиiс.
15-1-бап. 2013.15.04. № 89-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
15-2-бап. 2015.16.11. № 404-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
15-3-бап. 2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
16-бап. Азаматтардың өтiнiштерi
1. Азаматтардың өтінiштер беру, оларды тiркеу тәртібі, олардың мемлекеттік органдарда қаралу мерзiмдерi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленедi.
2. Iстi қарау барысында:
1) мемлекеттік орган мен лауазымды адам өтiнiшке байланысты нақты мән-жайларды анықтайды және зерттейдi, өтiнiш бойынша шешiм қабылдау кезiнде басшылыққа алынуы керек құқық нормаларын айқындайды және қажет болған жағдайда шешiм қабылдау үшiн қажеттi құжаттар мен материалдарды белгiленген тәртiппен сұратады және алады;
2) азамат өзiнiң өтiнiшiн қарайтын лауазымды адамға дәлелдерiн жеке баяндауға, сондай-ақ өз өтiнiшiнiң негiздiлiгiн растайтын қосымша материалдарды табыс етуге құқылы.
3. Азаматтардың мемлекеттік орган бөлiмшелерiне жiберiлген өтiнiштерiн қарау барысын бақылауды осы бөлiмшелердiң басшылары жүзеге асырады.
4. Уәкiлеттi мемлекеттік орган немесе лауазымды адам өтiнiштердi қарау нәтижелерi туралы арыз берушiлерге жазбаша түрде дәлелдi жауап қайтарады.
5. Азаматтардың өтiнiштерi оларда қойылған мәселелер қаралып, олар бойынша қажеттi шаралар қолданылған және арыз берушiлерге заңдарда белгiленген тәртiппен жауап қайтарылған жағдайда шешiлген болып есептеледi.
6. Егер мәселелердiң шешiлуi ұзақ мерзiмге қалдырылса, өтiнiш ол түпкiлiктi орындалғанға дейiн қосымша бақылауға қойылады.
7. Егер жаңа дәлелдер немесе жаңадан ашылған мән-жайлар болса, арыз берушi мемлекеттік орган (мемлекеттік органның лауазымды адамы) заңдарда белгiленген тәртiппен қарап қойған мәселе бойынша қайта арыз беруге құқылы. Егер өтiнiштер бойынша тексеру материалдары толық болса және арыз берушiлерге белгiленген тәртiппен жауап қайтарылса, жаңа дәлелдер немесе жаңадан ашылған мән-жайлар көрсетiлмей, қайта берiлген арыздар тексеруге жатпайды.
8. Мемлекеттік органның басшысы немесе оның орынбасары азаматтардың өтiнiштерi бойынша iс жүргiзудi тоқтату және осы iстердi бақылаудан алу туралы шешiм қабылдауға құқылы.
9. Келiп түскен өтiнiштi бақылаудан алуға тексеру материалдары қоса берiлген өтiнiштi қарау нәтижелерi туралы белгiленген нысандағы құжат (қызметтік жазбахат, анықтама) немесе мемлекеттік органның толық жауабы негiз болып табылады.
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 17-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
17-бап. Азаматтың өтiнiшiн қарау нәтижелерi туралы шешiмге шағым жасау
1. Өтiнiш бойынша қабылданған шешiмге өтініш берушi жоғары тұрған мемлекеттiк органға (жоғары тұрған лауазымды адамға) немесе сотқа шағым жасауы мүмкін.
2. Лауазымды адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ мемлекеттік органдардың актілеріне (шешімдеріне) шағым беру және оны қарау тәртібі осы Заңда белгіленеді.
18-бап. Шетелдiктердiң және азаматтығы жоқ адамдардың өтiнiштерi
Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда өтiнiштердi қараудың өзгеше ережелерi көзделмесе, шетелдiктердiң және азаматтығы жоқ адамдардың өтiнiштерi заңдарда белгiленген тәртiппен қаралады.
19-бап. Жеке қабылдау
1. Мемлекеттік органдардың бірiншi басшылары мен олардың орынбасарлары тиiстi мемлекеттік органның басшысы бекiтетiн қабылдау кестесiне сәйкес азаматтарды, соның iшiнде сол органдардың қызметкерлерiн айына кемiнде бір рет жеке қабылдауға мiндеттi.
2. Азаматтарды қабылдау белгiленген және азаматтардың назарына жеткiзiлген күндер мен сағаттарда жүргiзiледi.
3. Егер арызды немесе шағымды лауазымды адам қабылдау кезiнде шеше алмайтын болса, олар жазбаша нысанда баяндалады және олармен жазбаша өтiнiштер ретiнде жұмыс жүргiзiледi.
20-бап. Азаматтардың өтiнiштерi бойынша iс қағаздарын жүргізу
1. Азаматтардың өтiнiштерi бойынша iс қағаздарын жүргiзу заңдарда белгіленген тәртiппен iс қағаздарын жүргізудiң басқа түрлерiнен бөлек жүргiзiледi.
2. Азаматтардың өтiнiштерiмен жұмысты ұйымдастыруға, iс қағаздарын жүргiзудiң жай-күйiне органдардың басшылары жеке жауапты болады.
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 4-1-тараумен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4-1-тарау. Лауазымды адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және мемлекеттік органдардың актілеріне (шешімдеріне) шағым жасау
20-1-бап. Лауазымды адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және мемлекеттік органдардың актілеріне (шешімдеріне) шағымдарды қарайтын органдар
1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, лауазымды адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ мемлекеттік органдардың актілеріне (шешімдеріне) шағымды қарауды жоғары тұрған мемлекеттік орган (жоғары тұрған лауазымды адам) жүргізеді.
2. Жоғары тұрған мемлекеттік органға (жоғары тұрған лауазымды адамға) шағым беру дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын және (немесе) заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінуге кедергі келтірмейді.
3. Лауазымды адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және мемлекеттік органдардың актілеріне (шешімдеріне) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен сотқа шағым жасалады.
20-2-бап. Лауазымды адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және мемлекеттік органдардың актілеріне (шешімдеріне) шағым беру тәртібі мен мерзімдері
1. Лауазымды адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ мемлекеттік органдардың актілеріне (шешімдеріне) шағым әрекеттердің (әрекетсіздіктің) жасалғаны немесе актінің (шешiмнің) қабылданғаны туралы тұлғаға белгiлi болған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей жоғары тұрған мемлекеттік органға (жоғары тұрған лауазымды адамға) берiледi.
Берілген шағым тіркелуге жатады.
Берілу тәсіліне қарай:
1) келу тәртібімен - жоғары тұрған мемлекеттік органның шағымды алған күні;
2) пошта арқылы - пошта байланысы немесе өзге де байланыс ұйымының қабылдағаны туралы белгі қойылған күн жоғары тұрған мемлекеттік органға (жоғары тұрған лауазымды адамға) шағым берілген күн болып табылады.
Егер шағым мерзім өткенге дейін поштаға немесе оны қабылдауға уәкілеттік берілген тұлғаға берілсе, мерзімі өтіп кеткен деп есептелмейді. Шағымның поштаға берілу уақыты - пошта штемпелі бойынша, ал оны қабылдауға уәкілеттік берілген тұлғаға берілу уақыты осы ұйымдар кеңсесінің немесе лауазымды адамдарының қойған белгісі бойынша айқындалады.
2. Осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзімді дәлелді себеппен өткізіп алған жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, шағым беруші тұлғаның өтінішхаты бойынша бұл мерзімді шағымды қарайтын жоғары тұрған мемлекеттiк орган (жоғары тұрған лауазымды адам) қалпына келтіруі мүмкін.
Шағым берудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтіру мақсатында жоғары тұрған мемлекеттік орган (жоғары тұрған лауазымды адам) ауруды, еңсерілмейтін күштің мән-жайларын және тұлғаны шағым беру мүмкіндігінен айыратын өзге де себептерді дәлелді себептер ретінде таниды.
Бұл ретте тұлға шағым берудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхатқа осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген дәлелді себептердің болғанын растайтын құжатты қоса беруге тиіс.
3. Шағым жасау үшін өтіп кеткен мерзім жоғары тұрған мемлекеттік орган (жоғары тұрған лауазымды адам) үшін шағымды қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылмайды. Мерзімді өткізіп алу себептері шағымды мәні бойынша қарау кезінде анықталады және шағымды қанағаттандырудан бас тарту негіздерінің бірі болып табылуы мүмкін.
4. Жоғары тұрған мемлекеттік органға (жоғары тұрған лауазымды адамға) шағым берген тұлға осы шағым бойынша шешім қабылданғанға дейін өзінің жазбаша өтініші негізінде оны кері қайтарып алуы мүмкін. Тұлғаның шағымды кері қайтарып алуы, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, мерзімдері сақталған жағдайда оны қайта шағым беру құқығынан айырмайды.
20-3-бап. Шағымның нысаны мен мазмұны
1. Шағым жазбаша нысанда беріледі.
2. Шағымда:
1) шағым берілетін жоғары тұрған мемлекеттік органның атауы (жоғары тұрған лауазымды адамның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе);
2) шағым беруші жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және тұрғылықты жері не заңды тұлғаның толық атауы және орналасқан жері;
3) жеке тұлға үшін жеке сәйкестендіру нөмірі немесе заңды тұлға (филиалы мен өкілдігі) үшін бизнес сәйкестендіру нөмірі;
4) актісіне (шешіміне) шағым жасалып отырған мемлекеттік органның атауы немесе әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған лауазымды адамның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе);
5) шағым беруші тұлға өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайлар және дәлелдемелер;
6) шағым берілген күн;
7) шағымға қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.
3. Шағымда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген және (немесе) шағымды мәні бойынша шешу үшін маңызы бар өзге мәліметтер де көрсетілуі мүмкін.
4. Шағымға тікелей оны беретін адам не оның өкілі болып табылатын адам қол қояды.
20-4-бап. Шағымдарды қараудың жалпы қағидалары
1. Тұлғаның шағымы бойынша жоғары тұрған мемлекеттік орган (жоғары тұрған лауазымды адам) шағым тіркелген күннен бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімде уәжді шешім шығарады.
2. Шағым қаралған кезде онда жазылған дәлелдер жан-жақты тексеріледі, қажет болған жағдайда тиісті лауазымды адамдардан, ұйымдардан және азаматтардан лауазымды адамдардың шағым жасалып отырған әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), мемлекеттік органдардың шағым жасалып отырған актілеріне (шешімдеріне) қатысты түсіндірмелермен бірге қосымша материалдар талап етіп алдырылады.
3. Шағым оның мазмұны шегінде қаралады.
4. Жоғары тұрған мемлекеттік орган (жоғары тұрған лауазымды адам) шағымды қарау бойынша өз өкілеттіктерін жүзеге асырған кезде оның қызметіне араласуға және шағымды қарауға қатысы бар лауазымды адамдарға қандай да бір ықпал жасауға тыйым салынады.
5. Лауазымды адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және мемлекеттік органдардың актілеріне (шешімдеріне) шағымдарды қараудың ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
20-5-бап. Шағымның берілуіне байланысты лауазымды адамның әрекетін, мемлекеттік орган актісінің (шешімінің) орындалуын тоқтата тұру
Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, шағым беру лауазымды адамның әрекетін, мемлекеттік органның шағым жасалып отырған актісінің (шешімінің) орындалуын тоқтата тұрады. Өзге де жағдайларда шағым келтіру, егер мұны шағымды қарайтын жоғары тұрған мемлекеттік орган (жоғары тұрған лауазымды адам) қажет деп тапса, лауазымды адамның әрекетін, мемлекеттік органның шағым жасалып отырған актісінің (шешімінің) орындалуын тоқтата тұруға әкеп соғуы мүмкін.