2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Егер үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі осы Кодекстің 174-бабында көзделген бұзушылықтар үшін күнтізбелік бір жыл ішінде екі рет әкімшілік жауаптылыққа тартылған және бәсекелестікті шектейтін әрекеттер жасауды жалғастырған жағдайда, монополияға қарсы орган бәсекелестікті дамыту мақсатында осы нарық субъектісін мәжбүрлеп бөлу немесе оның құрамынан құрылымдық бөлімшелері базасында бір немесе бірнеше заңды тұлғаны бөліп шығару туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы.
2. Сот, егер жиынтығында:
1) құрылымдық бөлімшелердің технологиялық тұрғыдан негізделген өзара байланысы болмау;
2) тиісті тауар нарығында қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылған заңды тұлғалардың дербес қызметі мүмкіндігінің бар болу шарттары орындалса, бәсекелестікті дамыту мақсатында мәжбүрлеп бөлу немесе бөліп шығару туралы шешім қабылдайды.
3. Соттың мәжбүрлеп бөлу не бөліп шығару туралы шешімі меншік иесінің немесе оның уәкілетті органының көрсетілген шешімде көзделген талаптарды ескере отырып және көрсетілген шешімде айқындалған, бірақ алты айдан аспайтын мерзімде орындауына жатады.
5-БӨЛІМ. ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУДЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ МЕН ТҮРЛЕРІ
22-тарау. ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСІПКЕРЛІКТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ
2018.26.12. № 202-VІ ҚР Заңымен 232-бап өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
232-бап. Шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттiк қолдау түрлері
Шағын және орта кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау осы Кодекстің 93-бабында көзделген шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау түрлері бойынша мыналарды:
шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мемлекеттiк қаржылық, материалдық-техникалық және ақпараттық ресурстарды, сондай-ақ ғылыми-техникалық әзiрлемелер мен технологияларды пайдалануы үшiн жағдайлар жасауды;
мемлекеттiк тiркеудiң және таратудың оңайлатылған тәртiбiн белгiлеудi;
салық салудың оңтайлы режимiн белгiлеудi;
шағын және орта кәсiпкерлiкке кредит беру бағдарламаларын қабылдауды;
шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдау және дамыту үшiн инвестицияларды, оның iшiнде шетелдiк инвестицияларды тарту және пайдалану жүйесiн жасауды;
шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің сыртқы сауда қызметіне жәрдемдесуді;
шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуға қатысу мәселелері бойынша консультация беруді;
жұмыс iстеп тұрған шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың оқу және зерттеу орталықтарын, консалтингтiк ұйымдар мен ақпараттық жүйелерiн дамыту және жаңаларын құру жолымен кадрлар даярлауды, қайта даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастыруды, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту саласында тәжірибе алмасу бойынша халықаралық бағдарламалар мен жобаларды іске асыруды қоса алғанда, жүзеге асырылады.
233-бап. Бизнес-инкубаторлар
1. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қалыптасуы кезеңiнде өндiрiстiк үй-жайлар, жабдықтар беру, ұйымдастырушылық, құқықтық, қаржылық, консалтингтiк және ақпараттық қызметтер көрсету арқылы оларға қолдау көрсету үшiн құрылатын заңды тұлға бизнес-инкубатор болып табылады.
2. Бизнес-инкубаторлар шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қалыптасуына және дамуына жәрдем көрсету үшiн құрылады.
Бизнес-инкубатордың мiндеттерi:
1) бизнес-инкубаторға орналастыру үшiн шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн iрiктеу;
2) шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне бiлiм беру, маркетингтiк, консалтингтiк және басқа да ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметтер көрсету болып табылады.
234-бап. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектiлерiн мүліктік қолдау
1. Сауда-делдалдық қызметтi қоспағанда, өндiрiстiк қызметтi және қызметтер көрсету саласын ұйымдастыру үшiн шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне бiр жылдан астам пайдаланылмаған мемлекеттiк меншiк объектiлерi сенiмгерлiк басқаруға немесе жалға берiлуi мүмкiн.
Шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң жалдау немесе сенiмгерлiк басқару шартының талаптарын орындауын бақылауды республикалық және коммуналдық меншiкке иелік етуге уәкiлеттiк берілген тиiстi мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
2. Сауда-делдалдық қызметтi жүзеге асыратын субъектілерді қоспағанда, өндiрiстiк қызметтi ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету саласын дамыту үшiн жалға немесе сенiмгерлiк басқаруға берiлген мемлекеттiк меншiк объектiлерiн және олар алып жатқан жер учаскелерін шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң меншiгiне, олар көзделген шарттарды орындаған жағдайда, шарт жасасқан кезден бастап бiр жыл өткен соң мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртiппен өтеусiз берілуі мүмкін.
23-тарау. АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕНДІ ЖӘНЕ АУЫЛДЫҚ ЖЕРЛЕРДЕГІ КӘСІПКЕРЛІК ҚЫЗМЕТТІҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ЖАТПАЙТЫН ТҮРЛЕРІН МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ
235-бап. Агроөнеркәсiптiк кешендi дамытуды мемлекеттiк қолдау
1. Ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттiк қолдау:
1) агроөнеркәсiптiк кешен және ауылдық аумақтар саласында кредит берудi дамыту;
2) агроөнеркәсiптiк кешендi субсидиялау;
3) ауыл шаруашылығы өнiмiн кепiлдендiрiлген сатып алу бағасы бойынша сатып алу;
4) агроөнеркәсiптiк кешендi техникалық жарақтандыру;
5) агроөнеркәсiптiк кешендi ақпараттық-маркетингтiк қамтамасыз ету;
6) агроөнеркәсiптiк кешендi ғылыми, нормативтiк-әдiстемелiк қамтамасыз ету және ол үшiн кадрлар даярлау;
7) ауылдық аумақтардың әлеуметтiк және инженерлiк инфрақұрылымын дамытуға инвестицияларды жүзеге асыру;
8) негiзгi өндiрiстiк құралдарды - ауыл шаруашылығы техникасының паркiн, технологиялық жабдықтарды, ауыл шаруашылығының мал басын жаңартуға арналған жағдайларды ұстап тұратын қаржылық құралдарды қолдану;
9) ауыл шаруашылығына инвестициялар тарту үшiн қажеттi жағдайлар жасау;
10) өнiм экспортын қолдау;
11) салалық ғылымды дамыту және агротехнологиялық бiлiмдi тарату;
12) мемлекеттік қолдаудың өзге де нысандарын ұсыну арқылы жүргізіледі.
2. Ауыл шаруашылығы қызметiн және ауылдық жердегі кәсіпкерлік қызметтің ауыл шаруашылығына жатпайтын түрлерін жүзеге асыратын жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн мемлекеттiк қолдау республикалық және өңiрлiк деңгейлерде жүргiзiледi және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттеледi.
3. Ауыл шаруашылығы қызметiн жүзеге асыратын жеке кәсiпкерлiкке мемлекеттiк қолдау көрсетудiң мерзiмдерi, көлемi мен шаралары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi.
236-бап. Агроөнеркәсiптiк кешен және ауылдық аумақтар саласында кредит беру
1. Агроөнеркәсiптiк кешен және ауылдық аумақтар саласында кредит беру Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес бюджеттік кредит беру не мамандандырылған ұйымдардың жарғылық капиталын қалыптастыруға немесе ұлғайтуға қатысу арқылы жүзеге асырылады.
2. Агроөнеркәсiптiк кешен және ауылдық аумақтар саласында кредит беру «Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ережелер ескеріле отырып, мынадай бағыттар бойынша жүргiзiледi:
1) ауыл шаруашылығы өндірісінің инфрақұрылымын қалыптастыру және дамыту;
2) ауыл шаруашылығы техникасы мен технологиялық жабдықтардың, балық шаруашылығына арналған жабдықтардың және аулау құралдарының лизингі;
3) агроөнеркәсiптiк кешенде кредит беруді жүзеге асыратын кредиттік серіктестіктерді ұйымдастыру және оларға кредит беру;
4) ауылдық жердегi кәсiпкерлiк қызметтiң ауыл шаруашылығына жатпайтын түрлерiне кредит беру;
5) ауыл шаруашылығы өнiмiн сатып aлу, өндiру, қайта өңдеу және өткiзу;
6) жасанды түрде балық өсiру және балық өнiмiн қайта өңдеу;
7) ауыл халқына микрокредит берудi ұйымдастыру.
237-бап. Агроөнеркәсiптiк кешендi субсидиялау
1. Агроөнеркәсiптiк кешенді субсидиялау мынадай:
1) агроөнеркәсiптiк кешен салаларын дамытуға бағытталған субсидиялаудың экономикалық тиiмдiлігі;
2) өндiрiлетін өнiмнiң сапасын және бәсекеге қабілеттілігiн арттыру жағдайында агроөнеркәсiптiк кешен салаларының дамуын экономикалық ынталандыру ретiнде жүзеге асырылады.
2. Агроөнеркәсiптiк кешендi субсидиялау агроөнеркәсiптiк кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртiппен «Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген бағыттар бойынша жүзеге асырылады.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 238-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
238-бап. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру
1. Азық-түлік тауарларының нарығын тұрақтандыру мақсатында мемлекет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырады.
2. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларына сәйкес іске асырылады.
3. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымдардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
239-бап. Агроөнеркәсiптiк кешендi ақпараттық қамтамасыз ету
1. Агроөнеркәсiптiк кешендi ақпараттық-маркетингтік қамтамасыз ету:
1) агроөнеркәсіптiк кешеннiң ақпараттық-маркетингтiк жүйесiн ұйымдастыру;
2) ақпараттық материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау және мамандандырылған жинақтар, журналдар, тақырыптық басылымдар басып шығару;
3) қазiргi заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен ақпараттық жүйелерді құруға және дамытуға жәрдемдесу;
4) көрме-жәрмеңкелер ұйымдастыру және отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердің өнiмiне жарнамалық қолдау көрсету;
5) оқыту семинарларын ұйымдастыру;
6) агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми, нормативтік-әдістемелік қамтамасыз ету және ол үшін кадрлар даярлау;
7) аграрлық ғылымды дамыту және ғылыми әзірлемелерді өндіріске тарату арқылы жүзеге асырылады.
2. Мамандандырылған ұйымдардың агроөнеркәсiптiк кешен субъектiлерiне өтеусiз негiзде ұсынуына жататын ақпарат пен көрсетілетін қызметтердiң тiзбесiн агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы уәкiлетті орган айқындайды.
240-бап. Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыруды мемлекеттік қолдау
Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыруды мемлекеттік қолдау «Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
241-бап. Шаруа немесе фермер қожалықтарын мемлекеттiк қолдау
1. Мемлекет отандық шаруа нарығын немесе фермерлік нарықты дамытуға және қорғауға жәрдемдеседі.
2. Жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елу адамнан аспайтын және орта есеппен алғанда жыл iшiндегi активтерiнiң жалпы құны алпыс мың еселенген есептiк көрсеткiштен аспайтын шаруа немесе фермер қожалықтары:
241-баптың 2-тармағының 2) тармақшасының қолданылуы 2017 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұрған кезеңде бұл тармақша осы Кодекстің 324-бабының 14-тармағында қолданылады
1) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасын қолдана отырып, электр энергиясы, жылумен, сумен жабдықтау және кәріз бойынша қосылатын қуат үшiн ақы төлеуден Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен және шарттарда босатылады;
2) мемлекет қатысатын екiншi деңгейдегi банктерде ақы төлемей шоттар ашады;
3) оңайлатылған тәртiппен бухгалтерлiк есеп жүргізедi және қаржылық есептілікті жасайды;
4) шарттарын Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын мемлекеттiк мұқтаждар үшiн тапсырыстар орналастыру кезiнде артықшылық құқықты пайдаланады;
5) шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қаржылық қолдау шеңберiнде мемлекеттiк бюджеттегі тиiстi жылға арналған қаражат шегінде жеңiлдiктi шарттарда ақпараттық көрсетілетін қызметтер (құралдар), сондай-ақ ғылыми-техникалық әзірлемелер мен технологияларды алады;
6) шағын кәсiпкерлiктi қолдау үшiн көзделген қаражат есебiнен кадрлар даярлауды, қайта даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды жүргiзедi.
3. Шаруа немесе фермер қожалықтары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексi) сәйкес жекелеген салық түрлерiн есептеу мен төлеудiң оңайлатылған не жалпыға белгiленген тәртiбiн қолдануға құқылы.
4. Ауыл шаруашылығы өндiрiсiне инвестицияларды жүзеге асыратын және арнаулы салық режимiн пайдаланбайтын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына осы Кодексте көзделген тәртiппен және шарттарда инвестициялық преференциялар берiлуi мүмкiн.
24-тарау. ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ
1-параграф. Индустриялық-инновациялық қызмет
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 242-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
242-бап. Индустриялық-инновациялық қызмет ұғымы мен мазмұны
1. Еңбек өнімділігін арттыру және экономиканың басым секторларының дамуын ынталандыруды қамтамасыз ету мақсатында экологиялық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуін ескере отырып, индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруға не отандық өңделген тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді ішкі және (немесе) сыртқы нарықтарға жылжытуға байланысты қызмет индустриялық-инновациялық қызмет болып табылады.
Экономиканың басым секторлары деп мемлекеттің экономикалық даму серпіні мен сапасына ықпал ете алатын ұлттық экономика секторлары түсініледі.
2. Белгілі бір уақыт мерзімі ішінде іске асырылатын, технологиялар трансфертіне, жаңа өндірістерді құруға (жұмыс істеп тұрғандарын жетілдіруге) және (немесе) инновациялық қызметті жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралар кешені индустриялық-инновациялық жоба болып табылады.
Инновациялық қызмет деп инновацияларды жасауға бағытталған қызмет (ғылыми, ғылыми-техникалық, технологиялық, инфокоммуникациялық, ұйымдастырушылық, қаржылық және (немесе) коммерциялық қызметті қоса алғанда) түсініледі.
Инновациялық қызметтің тұтынуға енгізілген, қандай да бір жаңа немесе айтарлықтай жақсартылған өнім (тауар, жұмыс немесе көрсетілетін қызмет), технология немесе процесс, жаңа маркетинг әдісі немесе іскерлік практикадағы, жұмыс орындарын немесе сыртқы байланыстарды ұйымдастырудағы жаңа ұйымдастыру әдісі түрінде іске асырылған түпкілікті нәтижесі инновация болып табылады.
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 243-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
243-бап. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері
Индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыратын не отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі және (немесе) сыртқы нарықтарға жылжыту жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар (оның ішінде жай серіктестіктер нысанындағы) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері болып табылады.
244-бап. Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдаудың мақсаты, міндеттері және негіздері
2017.03.07. № 86-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдаудың мақсаты Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын экономиканың басым секторларын дамытуды ынталандыру негiзiнде ұлттық экономиканың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру болып табылады.
2. Индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдаудың мiндеттерi:
1) экономиканың басым секторларын дамыту үшiн қолайлы жағдайлар жасау;
2) бәсекеге қабiлеттi жаңа өндiрiстердi дамыту үшiн жағдайларды қамтамасыз ету;
3) еңбек өнiмдiлiгiн арттыру, өндiрiстiк тiзбектi ұзарту және нарықты кеңейту, сондай-ақ өндірістік қуаттар құру және жұмыс орындарын сақтай отырып, қалпына келтіру, оңалтылатын өндірістерді іске қосу мақсатында өндiрiстік объектілерді жаңғырту (техникалық қайта жарақтандыру), қаржы-экономикалық сауықтыру, олардың инвестициялық тартымдылығын жақсарту және (немесе) қалпына келтіру үшiн қолайлы жағдайлар жасау;
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) инновациялық қызметті, инновацияларды тиiмдi енгізуді және жоғары технологиялық өндiрiстердi дамытуды қолдау;
5) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң инвестициялық тартымдылығын және экспорттық әлеуетiн арттыру;
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне технологияларды, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруда жәрдем көрсету;
7) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлеріне экспорттық әлеуеттi дамытуда жәрдем көрсету;
8) экономиканың басым секторларында ғылыми-зерттеу базасын дамыту және оны өндiрiстiк процеспен интеграциялау;
9) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастықта, оның iшiнде индустриялық-инновациялық қызмет үшiн бiлiктiлігі жоғары кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастықта жәрдем көрсету;
10) еңбек өнімділігін арттыруда және аумақтық кластерлерді дамытуда индустриялық инновациялық қызмет субъектілеріне жәрдем көрсету болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық қызметiн мемлекеттiк қолдау:
1) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне осы Кодекске сәйкес мемлекеттiк қолдау алуға тең қолжетiмдiлiктi қамтамасыз етуге;
2) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне мемлекеттiк қолдаудың ұсынылатын шараларының жариялылығына, атаулылығы мен транспаренттiлiгiне;
3) мемлекет пен индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерi мүдделерiнiң теңгерiмдiлiгiн қамтамасыз етуге;
4) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерi индустриялық-инновациялық жобалардың жеке-дара ерекшелiктерiн ескере отырып, оларды табысты iске асыру мақсатында мемлекеттiк қолдау шараларын оңтайландыруға;
5) мемлекет пен индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң тұрақты өзара iс-қимылын қамтамасыз ететiн кешендiлiкке және жүйелiлiкке негiзделедi.
2-параграф. Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық жүйесі
245-бап. Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық жүйесін қалыптастыру мақсаттары
Қазақстан Республикасында экономиканың басым секторларын дамытуды және индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдауды ынталандыру мақсатында индустриялық-инновациялық жүйе қалыптастырылады, ол индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдауға қатысатын субъектiлерден, инфрақұрылымнан және құралдардан тұратын.
246-бап. Индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдауға қатысатын индустриялық-инновациялық жүйе субъектiлерi
2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауға қатысатын индустриялық-инновациялық жүйе субъектілеріне даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару жүйесін оңтайландыру жөніндегі шаралар және ұлттық экономиканы дамыту шеңберінде құрылған ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық компаниялар және олардың өңірлік өкілдері мен өкілдіктері, ұлттық даму институттары, сондай-ақ индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруға уәкілеттік берілген, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей не жанама түрде мемлекетке тиесілі өзге де заңды тұлғалар жатады.
2. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерін қолдау саласындағы ұлттық даму институты:
1) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің, сондай-ақ жаңа индустриялық-инновациялық жобалар, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға (техникалық қайта жарақтандыруға) және кеңейтуге бағытталған индустриялық-инновациялық жобалар құру үшін өзге заңды тұлғалар ашу (құру) арқылы жарғылық капиталдарына инвестициялар салуды жүзеге асырады;
2) ұлттық даму институттарынан, екінші деңгейдегі банктерден және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыратын және (немесе) оларға қатысатын ұлттық басқарушы холдингтерге тікелей не жанама түрде тиесілі өзге де заңды тұлғалардан кредиттер (қарыздар) жөніндегі құқықты (талапты) иемденеді;
3) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерін қаржы-экономикалық сауықтыру, сондай-ақ экономиканың басым секторларының экономикалық белсенділігін және инвестициялық тартымдылығын қолдау мен қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар кешенін тұжырымдайды және іске асырады:
берешекті қайта құрылымдау;
жарғылық капиталдарға инвестициялар салу;
стратегиялық және институционалдық инвесторларды іздестіру және тарту;
индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің қаржы-экономикалық сауығуына ықпал ететін, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де қолдау түрлері.
3. Индустрияны дамыту саласындағы ұлттық даму институты:
2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) экономиканың басым секторларын дамытуды және өңірлерді индустриялық-инновациялық дамытуды қоса алғанда, экономика секторларын дамыту саласында ақпараттық-талдамалық және консультациялық қызметтер көрсетеді;
2) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға басым тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң бiрыңғай картасын әзiрлеу мен жаңарту бойынша қызметтер көрсетедi;
3) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға индустрияландыру картасын қолдау бойынша қызметтер көрсетедi;
4) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну бойынша қызметтер көрсетеді;
5) аумақтық кластерлерді дамытуға мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну бойынша қызметтер көрсетеді;
6) аумақтық кластерлерді дамыту процестерін қолдау бойынша қызметтер көрсетеді;
7) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы өнеркәсіптік даму саласындағы консультативтік-кеңесші органның қызметін талдамалық және сараптамалық қамтамасыз ету бойынша қызметтер көрсетеді;
8) индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру бойынша мемлекеттік органдардан және заңды тұлғалардан алынған статистикалық ақпарат пен деректерге талдау жүргізуді, сондай-ақ ұсыныстар мен сараптамалық қорытындыларды тұжырымдауды көздейтін, индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды басқару бойынша қызметтер көрсетеді.
4. Технологиялық дамыту саласындағы ұлттық даму институты:
1) технологиялық болжау процесiне қатысады;
2) инновацияларды дамыту саласында ақпараттық-талдамалық және консультациялық қызметтер көрсетедi;
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң жарғылық капиталдарына қатысу, шетелдiң қатысуымен заңды тұлғалар құру, инвестициялық және венчурлік қорлар құру немесе оларға қатысу жолымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де тәсiлдермен индустриялық-инновациялық жобаларға инвестицияларды жүзеге асырады;
4) технологияларды коммерцияландыру орталықтарын, технопарктердi, конструкторлық бюроларды, технологиялар трансфертiнiң халықаралық орталықтарын құруға, басқаруға және үйлестiруге қатысады;
5) экономиканың басым секторларын технологиялық дамытуды ынталандыру үшiн ақпараттық ресурстарды, бiлiм беру және қаржы ресурстарын тарту мақсатында халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жасайды;
6) iске асырылатын индустриялық-инновациялық жобалар, ендірілген технологиялар, технологиялық болжау бойынша жүргiзiлген талдамалық зерттеу нәтижелерi туралы ақпаратқа қолжетiмдiлiктi қамтамасыз етедi;
7) технологиялық бизнес-инкубациялау, технологияларды коммерцияландыру және технологиялар трансфертi, индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң кадрлық, басқарушылық және өндiрiстiк әлеуетiн күшейту бойынша мемлекеттiк қолдау тетiктерiн iске асыруға қатысады;
8) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға сараптамалық қорытындыларды және (немесе) ұсынымдарды бередi;
9) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға инновациялық гранттар беру жөнiнде қызметтер көрсетедi;
10) технологиялық дамыту саласында ақпарат жинауды және индустриялық-инновациялық жүйенiң тиiмдiлiгiн талдауды жүзеге асырады;
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 11) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11) тәуекелмен инвестицияланатын инвестициялық қорларды, венчурлік қорларды және венчурлік қаржыландыруды дамытуға жәрдемдеседi.
5. Жергiлiктi қамтуды дамыту саласындағы ұлттық даму институты:
1) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң және оларды берушiлердiң дерекқорын қалыптастырады және жүргiзедi;