Қазақстан Республикасының
Заңы
Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы
(2014.29.09. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2015 жылғы 17 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен бүкіл мәтін бойынша «ауыл (село), ауылдық (селолық)», «ауылдың (селоның), ауылдық (селолық)» деген сөздер тиісінше «ауыл, ауылдық», «ауылдың, ауылдық» деген сөздермен ауыстырылды (бұр.ред.қара)
Осы Заң балалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақылар түрiнде әлеуметтік қолдау көрсетуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi.
2009.02.12. № 211-ІV ҚР Заңымен 1-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
ҚР 2007.19.12. № 9-ІV Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2008 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
1) балалы отбасыларға берiлетiн мемлекеттік жәрдемақылар (бұдан әрi - жәрдемақылар):
бала тууына байланысты тағайындалатын және төленетін бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрi - бала туғанда берілетiн жәрдемақы);
бала бiр жасқа толық толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты тағайындалатын және төленетiн ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрi - бала күтімi жөнiндегі жәрдемақы);
он сегіз жасқа дейiнгі балаларға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрi - балаларға арналған жәрдемақы);
мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі - мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы) түріндегі ақшалай төлемдер;
2) бала туғанда берiлетiн, бала күтімі жөніндегі және мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыларды тағайындау жөніндегі уәкiлетті орган - уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлiмшелерi;
3) балаларға арналған жәрдемақыны тағайындау мен төлеу жөніндегі уәкiлеттi орган - республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органы;
4) отбасы - некеден, туыстықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың өзге де нысандарынан туындайтын мүліктік және мүлiктiк емес жеке құқықтар мен мiндеттерге байланысты және отбасы қатынастарын нығайту мен дамытуға жәрдемдесуге тиiстi адамдар тобы;
5) отбасының жиынтық табысы - отбасының ақшалай да, заттай да нысанда алған табысының жалпы сомасы;
6) отбасының орта есеппен жан басына шаққандағы табысы - отбасы жиынтық табысының отбасының әрбiр мүшесiне ай сайын келетін үлесi;
7) өтiнiш берушi - жәрдемақылар тағайындату үшін отбасы атынан өтiнiш беретін адам;
8) учаскелiк комиссия - әлеуметтік көмек алуға өтiнiш жасаған отбасылардың материалдық жағдайына тексеру жүргiзу және қорытынды дайындау үшiн тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк әкiмдерiнiң шешiмiмен құрылатын арнаулы комиссия;
9) уәкілетті мемлекеттік орган - халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық атқарушы орган;
2013.08.01. № 64-V ҚР Заңымен 10) тармақша жаңа редакцияда (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10) уәкілетті ұйым (бұдан әрі - Орталық) - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын;
2013.08.01. № 64-V ҚР Заңымен 11) тармақшамен толықтырылды (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
11) уәкілетті ұйым бөлімшесі (бұдан әрі - Орталық бөлімшесі) - уәкілетті ұйымның қалалық, аудандық бөлімшелері.
2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заңның күші Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға қолданылады.
3-бап. Қазақстан Республикасының балалы отбасыларға
берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
2009.02.12. № 211-ІV ҚР Заңымен 4-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4-бап. Жәрдемақылар алу құқығы
1. Туған, асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алған балалары бар отбасылардың:
1) бала туғанда берілетін жәрдемақы;
ҚР 2007.19.12. № 9-ІV Заңымен 2-тармақша жаңа редакцияда (2008 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
2) мынадай жағдайларда:
бала күтімін жүзеге асыратын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылмайтын;
2008 жылғы 1 қаңтарға дейін туған баланың күтімін жүзеге асыратын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылатын жағдайларда бала күтімі жөніндегі жәрдемақы;
3) отбасының орта есеппен жан басына шаққандағы табысы азық-түлік себетінің құнынан төмен болған жағдайда, балаларға арналған жәрдемақы;
4) мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы алуға құқығы бар.
2. Балаларға арналған жәрдемақы алу құқығы тоқсан сайын табысы туралы анықтаманы ұсыну арқылы расталып отырады.
ҚР 2007.19.12. № 9-ІV Заңымен (2008 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара); 2009.02.12. № 211-ІV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 5-бап өзгертілді; 2013.08.01. № 64-V ҚР Заңымен 5-бап жаңа редакцияда (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 5-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
5-бап. Жәрдемақыларды тағайындауға өтініш жасау
1. Жәрдемақыларды тағайындау үшін өтініш жасау жәрдемақы алу құқығы туындағаннан кейін жүзеге асырылады.
2. Тізбесін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын құжаттарды қоса бере отырып, жәрдемақы тағайындау туралы өтініш:
1) Орталықтың бөлімшесіне немесе халыққа қызмет көрсету орталығына - бала туғанда берілетін жәрдемақы, бала күтіміне байланысты жәрдемақы, мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы;
2) балаларға арналған жәрдемақыны тағайындау мен төлеу жөніндегі уәкiлеттi органға немесе халыққа қызмет көрсету орталығына - балаларға арналған жәрдемақы алуға құқығы бар отбасының тұрғылықты жерi бойынша беріледі.
Тұрғылықты жері бойынша балаларға арналған жәрдемақыны тағайындау мен төлеу жөніндегі уәкілетті орган болмаған кезде өтініш беруші балаларға арналған жәрдемақы тағайындау үшін кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне өтініш жасайды.
Адамдар бала туғанда берілетін жәрдемақы мен бала күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындау үшін «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы өтініш жасауға құқылы.
Ата-анасының бірінің, қорғаншыларының немесе қамқоршыларының жәрдемақы тағайындау туралы жеке өзі өтініш жасауға мүмкіндігі болмаған жағдайда, ата-анасы, қорғаншылары немесе қамқоршылары белгіленген тәртіппен берілген сенімхат негізінде жәрдемақы тағайындау туралы өтініш жасауға басқа адамдарға уәкілеттік беруге құқылы.
3. Халыққа қызмет көрсету орталығы өтініш қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өтініш беруші - түпнұсқада ұсынған өтініштің, құжаттардың және мәліметтердің электрондық көшірмелерін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен алынған электрондық құжаттар мен мәліметтерді Орталық бөлімшесіне немесе балаларға арналған жәрдемақыны тағайындау мен төлеу жөніндегі уәкiлеттi органға жібереді.
4. Мемлекеттік органдар және (немесе) ұйымдар ақпараттық жүйелерде өтініш беруші туралы сұратылып отырған мәліметтердің жоқ екенін растайтын электрондық құжаттарды ұсынған кезде, Орталықтың бөлімшесіне немесе балаларға арналған жәрдемақыны тағайындау мен төлеу жөніндегі уәкiлеттi органға не халыққа қызмет көрсету орталығына сұрау салуды жүзеге асырғандар өтініш берушіні ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде ақпараттық жүйелердегі өтініш беруші туралы мәліметтерді сәйкес келтіру үшін құжаттардың түпнұсқаларын ұсыну қажеттігі туралы хабардар етеді.
Ақпараттық жүйелер белгіленген тәртіппен өтініш беруші туралы бұрын болмаған мәліметтердің бар екендігін растаған кезде бала туғанда берілетін жәрдемақының, бала күтіміне байланысты жәрдемақының, мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақының, балаларға арналған жәрдемақының тағайындалған күні болып өтініш берушінің тағайындау үшін Орталық бөлімшесіне немесе балаларға арналған жәрдемақыны тағайындау мен төлеу жөніндегі уәкiлеттi органға не халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш жасаған күні есептеледі.
5. Бала туғанда берiлетiн жәрдемақы мен бала күтiмiне байланысты жәрдемақыны тағайындауға өтiнiш жасау мерзiмдерi бала туған күннен бастап он екi айдан аспауға тиiс.
6. Өтiнiш берушi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес толық және анық мәлiметтер ұсынуға мiндеттi.
2009.02.12. № 211-ІV ҚР Заңымен 6-бап өзгертілді (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6-бап. Жәрдемақыларды тағайындау мен төлеудің тәртібі
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Жәрдемақы тағайындау мен төлеуді уәкілетті мемлекеттік орган белгілейтін тәртіппен тиісті уәкілетті орган жүргізеді.
2013.08.01. № 64-V ҚР Заңымен 1-2-тармақпен толықтырылды (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-2. Балаларға арналған жәрдемақыны тағайындау мен төлеу жөнiндегi уәкiлеттi орган немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімі балаларға арналған жәрдемақыны тағайындауға құжаттарды қабылдағаннан кейін екі жұмыс күні ішінде оларды қорытынды дайындау үшін учаскелік комиссияларға береді.
Учаскелік комиссиялар уәкiлеттi органнан немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттарды алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттар және (немесе) өтініш берушінің материалдық жағдайын тексеру нәтижелері негізінде қорытынды дайындайды және оны балаларға арналған жәрдемақыны тағайындау мен төлеу жөнiндегi уәкiлеттi органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне береді.
Кент, ауыл, ауылдық округ әкімі өтініш берушіден құжаттарды қабылдаған жағдайда, оларды алған күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірмей учаскелік комиссияның қорытындысымен қоса балаларға арналған жәрдемақыны тағайындау мен төлеу жөнiндегi уәкiлеттi органға береді.
2013.08.01. № 64-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Тиісті уәкілетті орган қажетті, оның ішінде электрондық құжаттармен бірге өтінішті олар Орталық бөлімшесінде немесе балаларға арналған жәрдемақыны тағайындау мен төлеу жөніндегі уәкілетті органда тіркелген күннен бастап қарайды, ал осы Заңның 5-бабы 4-тармағының бірінші бөлігінде көзделген жағдайда - мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелері өтініш беруші туралы мәліметтерді растаған күннен бастап:
1) бала туғанда берілетін жәрдемақы, бала күтіміне байланысты жәрдемақы, балаларға арналған жәрдемақы тағайындау үшін - жеті жұмыс күні ішінде;
2) мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы тағайындау үшін - он жұмыс күні ішінде қарайды.
Балаларға арналған жәрдемақыны тағайындау өтініш беруші ұсынған құжаттар мен мәліметтер, сондай-ақ балаларға арналған жәрдемақыны тағайындау мен төлеу жөніндегі уәкілетті орган немесе халыққа қызмет көрсету орталығы мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен алған электрондық құжаттар мен мәліметтер және учаскелік комиссияның қорытындысы негізінде жүзеге асырылады.
Тиісті уәкілетті орган өтініш берушіні бес жұмыс күнінен кешіктірмей тағайындау немесе бас тарту (себептерін көрсетіп) туралы қабылданған шешім жөнінде жазбаша не халыққа қызмет көрсету орталығы немесе Орталық бөлімшесі арқылы электрондық құжат жіберу жолымен, ал «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы өтініш жасаған кезде бір жұмыс күні ішінде электрондық нысанда хабардар етеді.
3. Уәкілеттi орган тиiстi органдардан өтiнiш берушiнiң балаларға арналған жәрдемақы тағайындалу құқығын растайтын мәлiметтер сұратуға құқылы.
4. Өтiнiш берушiнiң уәкiлеттi органның әрекетiне және шешімiне жоғары тұрған уәкілеттi органдарға, сондай-ақ сот тәртібімен шағым жасауға құқығы бар.
5. Толық мемлекет қарауындағы балаларға жәрдемақы тағайындалмайды.
6. Төлемдi тағайындайтын немесе төлеудi жүзеге асыратын органның кiнәсiнен уақтылы алынбаған жәрдемақылар сомалары өткен уақыт үшін мерзiмiне шек қойылмай төленедi.
7-бап. Бала туғанда берiлетiн жәрдемақыны тағайындау мен төлеу
1. Бала туғанда берiлетiн жәрдемақы өтiнiш берген күннен бастап тағайындалады.
2. Екi және одан да көп бала туған кезде бала туғанда берiлетiн жәрдемақы әр балаға тағайындалады және төленедi.
8-бап 2006 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
8-бап. Бала күтiмi жөніндегі жәрдемақыны тағайындау мен төлеу
ҚР 2007.19.12. № 9-ІV Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2008 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
1. Бала күтiмi жөніндегі жәрдемақы бала туған күннен бастап ол бiр жасқа толық толғанға дейiн тағайындалады.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар болып табылатын және 2008 жылғы 1 қаңтарға дейін туған баланың күтімін жүзеге асыратын адамдарға бала күтімі жөніндегі жәрдемақы баланың туған күнінен бастап 2007 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғандағы мерзімге тағайындалады.
2. Бiр жасқа толмаған екi және одан да көп балаға күтімдi жүзеге асырған жағдайда бала күтiмi жөніндегі жәрдемақы әр балаға тағайындалады және төленедi.
2009.02.12. № 211-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алған балалары бар отбасыларға бала күтімі жөніндегі жәрдемақы бала асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап немесе қорғаншылық (қамқоршылық) белгілеу туралы шешім қабылданған күннен бастап тағайындалады.
4. Бала күтiмi жөніндегі жәрдемақыны тағайындау кезiнде отбасы құрамындағы ата-анасы өздерiне қатысты ата-аналық құқығынан айрылған балалар есепке алынбайды.
9-бап. Балаларға арналған жәрдемақыны тағайындау мен төлеу
1. Балаларға арналған жәрдемақы отбасының асырауындағы он сегiз жасқа дейiнгi әр балаға тағайындалады.
2. Балаларға арналған жәрдемақы отбасының орта есеппен жан басына шаққандағы табысы ескерiле отырып ағымдағы тоқсанға тағайындалады және өтінiш берген айдан бастап ай сайын төленедi.
2009.02.12. № 211-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Азаматтар алғаш рет өтініш жасаған кезде, сондай-ақ отбасы табысының мөлшеріне әсер ететін жағдайлар өзгергенде, уәкілетті орган немесе кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі учаскелік комиссияның отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізуі туралы шешім қабылдайды.
Жүргiзiлген тексеру нәтижелерi бойынша учаскелiк комиссия отбасының материалдық жағдайы туралы акт жасайды және қорытындысын уәкілетті органға табыс етедi.
2013.08.01. № 64-V ҚР Заңымен (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-тармақ жаңа редакцияда
4. Балаларға арналған жәрдемақыны алуға үміткер отбасының жиынтық табысын есептеу ауыл шаруашылығы саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті мемлекеттік орган белгілейтін тәртіппен жүргізіледі.
2009.02.12. № 211-ІV ҚР Заңымен мазмұн 9-1-баппен толықтырылды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
9-1-бап. Мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны тағайындау және төлеу
1. Мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы өтініш жасалған күннен бастап баланың мүгедектігінің барлық кезеңіне тағайындалады.
2. Отбасында екі және одан да көп мүгедек бала тұрған жағдайда жәрдемақы әр мүгедек балаға тағайындалады және төленеді.
3. Асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа (қамқорлыққа) алған мүгедек балалары бар отбасыларға мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы бала асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енгізілген күннен бастап немесе қорғаншылық (қамқоршылық) белгілеу туралы шешім қабылданған күннен бастап тағайындалады.
ҚР 2007.19.12. № 9-ІV Заңымен (2008 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара); 2009.02.12. № 211-ІV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2013.08.01. № 64-V ҚР Заңымен (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.31.03. № 180-V ҚР Заңымен (2014 ж. 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 10-бап өзгертілді
10-бап. Жәрдемақылар мөлшері
1. Осы Заңға сәйкес жәрдемақылар мынадай мөлшерде белгіленеді:
1) бала туғанда берілетін жәрдемақы:
бірінші, екінші, үшінші балаға - 31,41 айлық есептік көрсеткіш;
төртінші және одан кейінгі балаларға - 52,35 айлық есептік көрсеткіш;
2) бала күтімі жөніндегі жәрдемақы:
бірінші балаға - 5,76 айлық есептік көрсеткіш;
екінші балаға - 6,81 айлық есептік көрсеткіш;
үшінші балаға - 7,85 айлық есептік көрсеткіш;
төртінші және одан кейінгі балаларға - 8,90 айлық есептік көрсеткіш;
3) балаларға арналған жәрдемақы - әрбір балаға 1,05 айлық есептік көрсеткіш;
4) мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы - жалақының 1,05 ең төмен мөлшері.
Осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген жәрдемақылар - республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленетін айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің өзгеруі ескеріле отырып, ал осы тармақтың 4) тармақшасында көрсетілген жәрдемақы - ең төмен жалақы мөлшерінің өзгеруі ескеріле отырып төленеді.
2. Өтініш беруші жәрдемақының мөлшерін өзгерту немесе оны төлеуді тоқтату үшін негіз бола алатын мән-жайлар туралы тиісті уәкілетті органды он жұмыс күні ішінде хабардар етуге міндетті.
Өтініш беруші бала күтімі жөніндегі жәрдемақының, балаларға арналған жәрдемақының және мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақының мөлшеріне әсер ететін мән-жайлар туралы уақытылы хабарламаған жағдайда, көрсетілген мән-жайлар туындаған кезден бастап жәрдемақы мөлшері қайта қаралады, бірақ бұл мерзім оларды тағайындаған кезден ерте болмауға тиіс.
2009.02.12. № 211-ІV ҚР Заңымен 11-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
11-бап. Жәрдемақыларды төлеуді тоқтату
1. Осы Заңның 4-бабы 1-тармағының 2), 3), 4) тармақшаларында көзделген жәрдемақыларды төлеуді тоқтату үшін:
1) баланың қайтыс болуы;
ҚР 2007.19.12. № 9-ІV Заңымен 2-тармақша өзгертілді (2008 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
2) баланың толық мемлекет қарауына берілуі;
ҚР 2007.19.12. № 9-ІV Заңымен 3-тармақшамен толқтырылды (2008 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
3) өтініш берушінің жәрдемақының (жәрдемақылардың) заңсыз тағайындалуына әкеп соқтырған дәйексіз мәліметтер табыс етуі;
2009.02.12. № 211-ІV ҚР Заңымен 4-тармақшамен толқтырылды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4) Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасында белгіленген жағдайларда ата-аналарды ата-ана құқықтарынан айыру немесе құқықтарын шектеу, бала асырап алуды жарамсыз деп тану немесе оның күшін жою, қорғаншыларды (қамқоршыларды) өз міндеттерін атқарудан босату немесе шеттету негіз болып табылады.
ҚР 2007.19.12. № 9-ІV Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2008 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
2. Жәрдемақыны төлеу осы баптың 1-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.
Артық төленген сомалар - ерікті түрде, ал бас тартқан жағдайда сот шешімінің негізінде сот тәртібімен қайтарылуға жатады.
ҚР 2007.19.12. № 9-ІV Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2008 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара); 2009.02.12. № 211-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Бала (балалар) қайтыс болған жағдайда осы Заңның 4-бабы 1-тармағының 2), 3), 4) тармақшаларында көзделген жәрдемақыларды төлеу бала (балалар) қайтыс болған ай өткен соң тоқтатылады.
12-бап. Қазақстан Республикасының балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы заңнамасын бұзуға кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
13-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң, 2006 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 4-баптың 1-тармағының 2) тармақшасын, 8-бапты, 10-баптың 1-тармағының 2) тармақшасын қоспағанда, 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.Ә. Назарбаев
Астана, Ақорда, 2005 ж. маусымның 28-і.
№ 63-III