111-бап. Жер қойнауын пайдалану объектілерін жою мен консервациялау
1. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге, барлау мен өндіруге, оның ішінде жерасты суларын, емдік балшықты барлау мен өндіруге, сарқынды суларды ағызу үшін жер қойнауын барлауға, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану объектісінің технологиялық бірліктерін (блоктарды, панельдерді, қазбаларды, әртүрлі мақсаттағы мұнай және газ ұңғымаларын) қоспағанда, барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға қатысты жұмыстар жүргізілетін немесе жүргізілген жер қойнауын пайдалану объектілері жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтатқан кезде, сондай-ақ жобалау құжаттары мен жұмыс бағдарламасына сәйкес пайдалы қазбалар қорлары толық өңделген жағдайда жоюға немесе консервациялауға жатады.
2. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтатқан кезде жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану объектісін жою немесе консервациялау жөніндегі жұмыстарды орындауға дереу кіріседі. Өндіруді тоқтату туралы шұғыл шешім қабылдау қажет болған жағдайда жер қойнауын пайдаланушы өндірістік объектілерді жою немесе консервациялау басталғанға дейін олардың сақталуын қамтамасыз ететін іс-шаралар кешенін жүргізеді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Жер қойнауын пайдалану объектілері қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және қызметтер көрсетуге тиісті лицензиясы бар жобалау ұйымы әзірлеген, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы, жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі, өнеркәсіптік қауіпсіздік, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласындағы, жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкілетті органдармен келісуден өткен және құзыретті орган бекітетін Жер қойнауын пайдалану объектілерін жою мен консервациялау қағидалары негізінде жобалау мен жобаны іске асыру жөніндегі жұмыстарды жүргізуді қаржыландыратын жер қойнауын пайдаланушы бекіткен жою немесе консервациялау жобасына сәйкес жойылады немесе консервацияланады.
4. Жер қойнауын пайдалану объектілерін жою мен консервациялау жөніндегі жұмыстар құзыретті орган қоршаған ортаны қорғау, өнеркәсіп қауіпсіздігі, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласындағы, жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі, жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкілетті органдардың және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының өкілдерінен құратын комиссия жер қойнауын пайдалану объектісін жою мен консервациялау жөніндегі жұмыстарды қабылдап алу актісіне қол қойғаннан кейін аяқталған болып есептеледі.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен жер қойнауын пайдалану объектісін жою мен консервациялау жөніндегі жұмыстарды қабылдап алу актісін алғаннан кейін геологиялық, маркшейдерлік және өзге де құжаттама жұмыстардың аяқталу кезінде толықтырылады және жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органға белгіленген тәртіппен сақтауға тапсырылады.
2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (2010 ж. 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Объектіні жоюға немесе консервациялауға байланысты жұмыстарды қаржыландыру тарату қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Тарату қорына аударымдарды жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген банктегі арнаулы депозиттік шотқа жүргізеді.
2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған және қолданылуы тоқтатылмаған, жер қойнауын пайдаланушы тарату қорына аударымдарды жүзеге асыра бастаған және оларды Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес 2009 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңінде шегерімге жатқызған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша көрсетілген аударымдар сомасы Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген банктегі арнаулы депозиттік шотқа орналастырылуы тиіс. Арнаулы депозиттік шотқа орналастырылуы тиіс аударымдардың бұл сомасы жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган бекіткен кен орындарын әзірлеу салдарын жою бағдарламасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы осындай кен орындарын әзірлеу салдарын жою қорының қаражаты есебінен пайдаланған сомаға азайтылады.
Бұл ретте тарату қорын пайдалануды жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органның жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен келісілген рұқсаты бойынша жүзеге асырады. Тарату қорын құрудың тәртібі, тарату қорына аударымдардың мөлшері, осындай төлемдердің кезеңділігі туралы шарттар келісімшартта белгіленеді.
112-бап. Экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелері
1. Экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелері ерекше күзетілетін құқықтық режимі болатын не дағдылы, бірегей және сирек кездесетін геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектілерді сақтауға арналған шаруашылық қызметі реттелетін режимі бар мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілеріне жатады.
2. Экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерін қорғау мен пайдаланудың ерекшеліктері Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасында айқындалады.
3. Экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерін өзге қажеттер үшін алып қоюға жол берілмейді.
4. Экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық жағынан ерекше құнды геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектілер табылған жағдайда жер қойнауын пайдаланушылар тиісті учаскеде жұмысты тоқтатуға және ол туралы жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органға және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға хабарлауға міндетті.
113-бап. Пайдалы қазбалар жатқан алаңдарда құрылыстар салу шарттары
2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Елді мекендерді, өндірістік кешендерді және басқа да шаруашылық объектілерді жобалауға және салуға тиісті аумақтың жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органы аумақтық бөлімшесінің болашақ құрылыс учаскесі астындағы жер қойнауында пайдалы қазбалардың жоқ немесе оның аз мөлшерде екендігі туралы қорытындысын алғаннан кейін ғана рұқсат беріледі.
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Пайдалы қазбалар қабаттары жатқан алаңдарда құрылыс салуға, сондай-ақ олар жатқан орындарда жерасты құрылыстарын орналастыруға, жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органның және жергілікті атқарушы органның рұқсатымен пайдалы қазбаларды алу мүмкіндігі қамтамасыз етілген немесе құрылыс салудың экономикалық тиімділігі дәлелденген жағдайда жол беріледі.
3. Пайдалы қазбалар жатқан алаңдарда өз бетінше салынып жатқан құрылыстар жұмсалған шығындардың және келісімшарттық аумақтың жерлерін рекультивациялауға және салынған объектілерді қайта бұзуға кеткен шығындардың өтемінсіз тоқтатылады.
114-бап. Теңізде, ішкі су айдындарында, төтенше экологиялық жағдайлар аймақтарында және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мұнай операцияларын жүргізу
1. Теңізде, ішкі су айдындарында, төтенше экологиялық жағдайлар аймақтарында және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мұнай операцияларын жүргізу мүмкіндігі туралы жалпы рұқсатты мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті береді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Теңізде, ішкі су айдындарында, төтенше экологиялық жағдайлар аймақтарында және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мұнай операцияларын жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының мұнай және газ саласындағы уәкілетті органы бекітеді.
3. Кен орындарын пайдаланған кезде теңіздің қорықтық бөлігінде мұнай тасымалдау Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгіленген талаптар сақталған жағдайда құбырлар арқылы жүзеге асырылады.
115-бап. Жер қойнауын пайдалануда халықтың және персоналдың қауіпсіздік жағдайларын қамтамасыз ету
1. Жер қойнауын пайдаланушы заңнамада көзделген жұмыс жүргізу қауіпсіздігі ережелері мен нормаларының орындалуын, сондай-ақ авариялардың, жазатайым оқиғалар мен кәсіптік аурулардың алдын алу және оны жою жөніндегі іс-шаралардың жүргізілуін қамтамасыз етуге тиіс.
2. Егер адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін болса, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге тыйым салынады.
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік және өнеркәсіптік санитария жөніндегі қағидалар мен нормалардың сақталуына мемлекеттік бақылауды өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган және санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
4. Мыналар:
1) жұмысқа - арнаулы дайындығы және біліктілігі бар адамдарды, ал тау-кен жұмыстарын басқаруға тиісті арнаулы білімі бар адамдарды жіберу;
2) тау-кен және бұрғылау жұмыстарындағы адамдарды арнаулы киімдермен, дербес және ұжымдық қорғау құралдарымен қамтамасыз ету;
3) қауіпсіздік талаптарына және санитарлық қағидалар мен гигиеналық нормативтерге сай келетін машиналарды, жабдықтар мен материалдарды қолдану;
4) қопарғыш заттар мен қопару құралдарын есепке алу, тиісінше сақтау және жұмсау, сондай-ақ оларды дұрыс және қауіпсіз пайдалану;
5) жұмыстардың технологиялық циклын қамтамасыз етуге қажет және қауіпті жағдайларды болжауға жеткілікті геологиялық, маркшейдерлік және өзге де байқау кешенін жүргізу, қауіпті аймақтарды уақтылы анықтау және оны тау-кен жұмыстары жоспарына түсіру;
6) кеніш атмосферасының жай-күйін, ондағы оттегі мөлшерін, зиянды және жарылғыш қауіпті газдар мен тозаңдарды ұдайы бақылау;
7) жұмысты жүргізудің қауіпсіз аймақтарының шектерін анықтайтын техникалық құжаттаманы және аварияларды жоюдың жоспарларын деректермен уақтылы толықтыру;
8) қатты пайдалы қазбалар кен орындарын игерудің жобалау жүйелерін, мұнай, газ және жерасты суы кен орындарын игеру мен жайластырудың жобаларын және технологиялық сызбаларын сақтау;
9) газдардың күтпеген жерден шығуын, судың, пайдалы қазбалардың және тау-кен жыныстарының сыртқа жарып шығып кетуін, сондай-ақ тау-кен соққыларын болжау және олардың алдын алу жөніндегі арнаулы іс-шараларды жүзеге асыру жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізудің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі талаптары болып табылады.
5. Жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнген жағдайда жер қойнауын пайдаланушылардың лауазымды адамдары жұмысты дереу тоқтатып, адамдарды қауіпсіз жерге тасымалдауды қамтамасыз етуге міндетті.
6. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар әсер ететін аймақтарда халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнген жағдайда тиісті ұйымдардың басшылары ол туралы жергілікті атқарушы органдарға дереу хабарлауға міндетті.
7. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар әсер ететін аймақта халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы жұмысты тоқтата тұруға міндетті және халықтың денсаулығы мен өмірі үшін қауіпсіз жағдай жасалмайынша және төнген қауіп жойылмайынша, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияны қайта бастауға құқылы емес. Қауіпті болдырмау үшін өзге шараларды қолдану мүмкін болмаған кезде жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың қауіпті әсер ету аймағынан халық көшірілгеннен кейін ғана жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды қайта бастауға құқылы.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Жер қойнауын пайдаланушыларға индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес шарттық негізде кәсіби авариялық-құтқару қызметтері қызмет көрсетеді.
12-тарау. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ҚОРҒАУ, ЗЕРТТЕУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ
116-бап. Жер қойнауын қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау
1. Жер қойнауын қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Жер қойнауын қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау міндеті жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауының ластануын болғызбау және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың қоршаған ортаға зиянды әсерін азайту бөлігінде Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының сақталуын бақылауды қамтамасыз ету болып табылады.
3. Жер қойнауын қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау:
1) жер қойнауын қорғаудың мемлекеттік мониторингін;
2) жер қойнауын қорғау саласына жататын лицензиялық-келісімшарт талаптарының сақталуын бақылауды;
3) жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивті қалдықтарды көмуді және сарқынды суларды ағызуды бақылауды;
4) кен орнының және қоршаған ортаның басқа да объектілерінің бүлінуіне әкеп соғатын ластанудан, су басудан, өрттен және техногендік процестерден жер қойнауын сақтауды бақылауды;
5) жер қойнауын пайдалану объектілерін консервациялау мен жоюды бақылауды;
6) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде авариялық және өзге де қауіпті жағдайларды болғызбау жөніндегі іс-шаралардың орындалуын бақылауды;
7) жер қойнауын пайдалану және минералдық шикізатты өңдеу кезінде экологиялық нормалар мен қағидалардың сақталуын бақылауды;
8) минералдық шикізаттарды өндіру мен өңдеу кезінде қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша жобалау шешімдерінің сақталуын бақылауды қамтиды.
117-бап. Жер қойнауын зерттеу мен пайдалануды мемлекеттік бақылау
1. Жер қойнауын зерттеу мен пайдалануды мемлекеттік бақылауды жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Жер қойнауын зерттеу мен пайдалануды мемлекеттік бақылау міндеті жер қойнауын пайдаланушылардың кен орындарын іздеу және бағалау, өндіру кезінде минералдық шикізатты ұтымды әрі кешенді пайдалану, өндіруге байланысты емес жерасты құрылыстарын салу және пайдалану үшін геологиялық зерттеу және жер қойнауы учаскелерін бағалау кезінде Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының сақталуын бақылауды қамтамасыз ету болып табылады.
3. Жер қойнауын зерттеу мен пайдалануды мемлекеттік бақылау:
1) қорларды ашуды, дайындауды және қазып алудың толымдылығын қамтамасыз ететін, жер қойнауының бай учаскелерін таңдап игеруді болғызбайтын жер қойнауын геологиялық зерттеу мен пайдалануды, кен орындарын игерудің техникалық жобалары шешімдерінің сақталуын бақылауды;
2) пайдалы қазбалардың сыртқа шығарылатын және жер қойнауында айналыстан шыққан қорлары мен оларды өндіру кезіндегі ысырапты есепке алудың дәйектілігін бақылауды қамтиды.
118-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың жүргізілуін мемлекеттік бақылау
1. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың жүргізілуін мемлекеттік бақылауды мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреттері шегінде жүзеге асырады. Осы органдардың тексерулерді жүзеге асыратын лауазымды адамдары коммерциялық құпияның сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
2. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың жүргізілуін мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Тексерулер «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
13-тарау. ЖЕР ҚОЙНАУЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОРЫ
119-бап. Жер қойнауы мемлекеттік қорының жай-күйін есепке алу
1. Жер қойнауының мемлекеттік қоры Қазақстан Республикасының жер қойнауларынан құралады.
2. Жер қойнауының мемлекеттік қорын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету үшін:
1) жер қойнауының мемлекеттік мониторингі;
2) жер қойнауына мемлекеттік сараптама;
3) геологиялық ақпаратты мемлекеттік сақтау;
4) пайдалы қазбалар қорының мемлекеттік балансын жасау;
5) мыналарға:
пайдалы қазбалар кен орындары мен көрініс-белгілеріне;
жер қойнауына зиянды заттар, радиоактивті қалдықтар көмілетін және сарқынды суларды ағызатын жерлерге;
техногендік минералдық түзілімдерге мемлекеттік кадастрлар жасау жүргізіледі.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Жер қойнауын пайдаланушылар бастапқы есепке алу материалдарына негізделген жер қойнауының жай-күйі туралы геологиялық есептілікті жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган бекітетін арнаулы нысандар бойынша ұсынады.
120-бап. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингі
1. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингі жер қойнауының мемлекеттік қорын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету мен олардың өзгеруін уақтылы анықтау, келеңсіз процестер зардаптарын бағалау, олардың алдын алу және жою үшін жер қойнауының жай-күйін бақылау жүйесі болып табылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингін жүзеге асыру тәртібін құзыретті орган белгілейді.
121-бап. Жер қойнауының мемлекеттік сараптамасы
1. Жер қойнауын ұтымды әрі кешенді пайдалануға жағдайлар жасау, жер қойнауын пайдалануға төлемдерді, жер қойнауын пайдалануға берілетін жер қойнауы учаскелерінің шекараларын анықтау мақсатында пайдалы қазбалардың, барланған кен орындарының қоры мемлекеттік сараптауға жатады.
2. Өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығына ие жер қойнауын пайдаланушы өндіруді пайдалы қазбалардың қорына мемлекеттік сараптама жүргізілгеннен кейін ғана бастауға құқылы. Барланған пайдалы қазбалардың қорын игерудің рентабельділігі туралы мемлекеттік сараптаманың қорытындысы оларды мемлекеттік есепке қоюға негіз болып табылады.
3. Мемлекеттік сараптамаға ұсынылған геологиялық материалдар пайдалы қазбалар қорының мөлшері мен сапасын, олардың республика экономикасы үшін маңызын, өндірудің тау-кен техникалық, гидрогеологиялық, экологиялық және басқа да жағдайларын объективті бағалауға мүмкіндік берген жағдайда мемлекеттік сараптама кен орнын геологиялық зерттеудің кез келген сатысында жүргізілуі мүмкін.
4. Барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және пайдалануға жарамды жер қойнауы учаскелері туралы геологиялық ақпарат та мемлекеттік сараптауға жатады. Жер қойнауының мұндай учаскелерін жер қойнауын пайдалануға беруге геологиялық ақпаратқа мемлекеттік сараптама жүргізгеннен кейін ғана рұқсат етіледі.
5. Жер қойнауына мемлекеттік сараптаманы Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясы және пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі өңіраралық комиссиялар жүзеге асырады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Қазақстан Республикасының Пайдалы қазбалар қорлары бойынша мемлекеттік комиссиясының және пайдалы қазбалар қорлары бойынша өңіраралық комиссиялардың қызметін ұйымдастыру, олардың құрамы, жұмыс регламенті мен іс қағаздарын жүргізуі индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган бекітетін Қазақстан Республикасының Пайдалы қазбалар қорлары бойынша мемлекеттік комиссиясы және пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі өңіраралық комиссиялар туралы ережеде айқындалады.
122-бап. Пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансы
1. Пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансын жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының минералдық-шикізат базасының жай-күйін есепке алу мақсатында жүргізеді.
2. Пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансында коммерциялық жолмен табылған пайдалы қазбалардың әр түрінің қорының мөлшері, сапасы мен зерттелу дәрежесі туралы, олардың орналасуы туралы, өндірістік игерілу дәрежесі, өндіру, ысырабы туралы және өнеркәсіптің пайдалы қазбалардың барланған қорларымен қамтамасыз етілуі туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
3. Пайдалы қазбалар қорларын мемлекеттік балансқа енгізу және оларды мемлекеттік баланстан шығару тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
4. Жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансы жөніндегі ақпаратты береді.
123-бап. Пайдалы қазбалар кен орындарының және көрініс-белгілерінің мемлекеттік кадастры
2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Кен орындарының және пайдалы қазбалар көрініс-белгілерінің мемлекеттік кадастрын жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган жер қойнауының геологиялық зерттелуін, кен орындарының кешенді пайдаланылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ басқа да міндеттерді шешу мақсатында жүргізеді.
2. Пайдалы қазбалар кен орындарының және көрініс-белгілерінің мемлекеттік кадастры әрбір кен орны бойынша негізгі және онымен бір жерде жатқан басқа пайдалы қазбалардың және олардағы компоненттердің саны мен сапасын, кен орнын игерудің тау-кен техникалық, гидрогеологиялық, экологиялық, тағы басқа жағдайларын және оны геологиялық-экономикалық бағалауды сипаттайтын мәліметтерді, сондай-ақ пайдалы қазбалардың анықталған көрініс-белгілері бойынша мәліметтерді қамтиды.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Пайдалы қазбалар кен орындарының және көрініс-белгілерінің мемлекеттік кадастрын жүргізу тәртібін жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.
124-бап. Жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивті қалдықтарды көмудің және сарқынды суларды ағызудың мемлекеттік кадастры
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қоршаған ортаны қорғау саласындағы ақпаратты жедел алу, шешімдерді қабылдау, жер қойнауына зиянды заттар, радиоактивті қалдықтар көмілетін және сарқынды суларды ағызатын жерлердің жай-күйін жоспарлы түрде бақылау мақсатында, жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивті қалдықтарды көмудің және сарқынды суларды ағызудың мемлекеттік кадастрын жүргізу тәртібін белгілейді және оларды ұйымдастырады.
2. Жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивті қалдықтарды көмудің және сарқынды суларды ағызудың мемлекеттік кадастры көмілген заттардың және ағызылған сулардың сандық және сапалық көрсеткіштері, көму мен ағызудың тау-кен техникалық, арнаулы инженерлік-геологиялық, гидрогеологиялық және экологиялық жағдайлары көрсетіле отырып, олардың типтері мен түрлерін сипаттайтын мәліметтерді қамтиды.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивті қалдықтарды көму мен сарқынды суларды ағызудың мемлекеттік кадастрын жүргізу тәртібін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
125-бап. Техногендік минералдық түзілімдердің мемлекеттік кадастры
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Техногендік минералдық түзілімдердің мемлекеттік кадастрын жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.
2. Техногендік минералдық түзілімдердің мемлекеттік кадастры сақтаудың сандық және сапалық көрсеткіштері, тау-кен техникалық және экологиялық жағдайлары көрсетіле отырып, техногендік минералдық түзілімдердің типтері мен түрлерін сипаттайтын үйме объект бойынша мәліметтерді қамтиды.
14-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖЕР ҚОЙНАУЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ТУРАЛЫ
ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАПТЫЛЫҚ
126-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
1. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары бұзыла отырып жасалған, жер қойнауын пайдаланумен байланысты мәмілелер жарамсыз болып табылады.
Аталған мәмілелерді жасасуға кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылықта болады.
127-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасын бұзумен келтірілген нұқсанды (зиянды) өтеу
1. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының талаптарын бұзу салдарынан зиян келтірген тұлғалар, егер тек зиян еңсерілмейтін күштің немесе зардап шегушінің пиғылы салдарынан туындағанын дәлелдей алмаса, келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерде және тәртіппен өтеуге міндетті.