1. Мұнайдың теңізге төгілуі үш деңгейге бөлінеді:
1) бірінші деңгей - жер қойнауын пайдаланушының теңіздегі құрылысында бар материалдар мен заттар көмегімен құрылыс персоналы жоятын, мұнайдың болмашы (он тонна мұнайдан аспайтын) төгілуі;
2) екінші деңгей - жою үшін жұмыс жүргізілген жердегі жер қойнауын пайдаланушының теңіздегі құрылысында бар ресурстар, сондай-ақ жергілікті жағажай қызметтерінің қосымша материалдары, заттары мен персоналы да қажет болатын, мұнайдың шамалы (орташа) (он тонна мұнайдан екі жүз елу тонна мұнайға дейін) төгілуі;
3) үшінші деңгей - жою үшін жер қойнауын пайдаланушының, жергілікті жағажай қызметтерінің, сондай-ақ мамандандырылған қор есебінен халықаралық ұйымдарды қоса алғанда, мұнайдың төгілуін жою жөніндегі басқа да ұйымдардың материалдары, заттары мен персоналы талап етілетін, мұнайдың көп (екі жүз елу тоннадан және одан көп мұнай) төгілуі.
2. Мұнай операцияларын жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы теңізде мұнайдың төгілуінің алдын алу және оны жою жөніндегі жоспарларды бекітуге міндетті, олар қоршаған ортаны қорғау, жер қойнауын зерттеу мен пайдалану саласындағы уәкілетті органдармен, сондай-ақ кәсіби авариялық-құтқару қызметтерімен және құралымдарымен келісу бойынша тиісті облыстардың жергілікті атқарушы органдары бекітетін теңізде мұнайдың төгілуінің алдын алу және оны жою жөніндегі өңірлік жоспарларға сәйкес келуге тиіс. Теңізде мұнайдың төгілуінің алдын алу және оны жою жөніндегі жоспарларды бекіту тәртібі, мерзімдері және олардың нысаны мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган бекітетін Теңізде және Қазақстан Республикасының ішкі су айдындарында мұнай төгілуінің алдын алу және оған ден қою жөніндегі ұлттық жоспарда айқындалады.
3. Жер қойнауын пайдаланушы теңізде мұнайдың төгілгенін байқаған жағдайда, Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау саласындағы заңнамасына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшелеріне дереу хабарлауға міндетті.
4. Теңізде мұнай операцияларын жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушының бірінші және екінші деңгейлерде мұнайдың төгілуін жою үшін қажетті өзінің материалдары мен жабдықтары болуға міндетті. Бірінші және екінші деңгейлерде мұнайдың төгілуін жою үшін қажетті өзінің материалдары мен жабдықтары болмаған кезде жер қойнауын пайдаланушы теңізде мұнайдың төгілуін жою саласындағы қызметті жүзеге асыратын, теңізде мұнай операцияларын жүргізу ауданында бірінші және екінші деңгейлерде теңізде мұнайдың төгілуін уақтылы жою үшін жабдықтары мен техникалық құралдары бар кәсіби авариялық-құтқару қызметімен шарт жасасуға міндетті.
5. Теңізде үшінші деңгейде мұнайдың төгілуін жою жағдайлары үшін теңізде мұнай операцияларын жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы ашық мұнай және газ фонтандарын жою және мұнай операцияларын жүргізу ауданында теңізде үшінші деңгейде мұнайдың төгілуін жою үшін жабдықтары мен құралдары бар мамандандырылған аттестатталған кәсіби авариялық-құтқару ұйымымен шарт жасасуға міндетті.
6. Теңізде үшінші деңгейде мұнайдың төгілуіне ден қою жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіру және оларға басшылық ету Теңізде және Қазақстан Республикасының ішкі су айдындарында мұнай төгілуінің алдын алу және оған ден қою жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияға жүктеледі.
7. Теңізде мұнайдың төгілуін және оның салдарларын жою кезінде адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаны барынша қорғауға бағдарланған әдістерге артықшылық беру қажет.
8. Теңізде мұнайдың төгілуін жою және оны оқшаулау жөніндегі іс-шараларды, авариялардың, оқыс оқиғалардың себептеріне тергеп-тексеру жүргізілгеннен кейін жер қойнауын пайдаланушы қоршаған ортаны қорғау саласындағы және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдарға атқарылған жұмыс туралы есеп ұсынады.
9. Теңізде мұнай операцияларын жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы теңізде мұнайдың төгілуі салдарынан қоршаған ортаға, үшінші тұлғаларға келтірілген зиянды, сондай-ақ теңізде мұнайдың төгілуін жою бойынша мемлекеттің шығыстарын толық көлемде өтеуге міндетті.
10. Осы баптың 2, 3 және 4-тармақтарының талаптары теңізде мұнайдың төгілу тәуекелімен байланысты, теңізде қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қатысты да қолданылады.»;
66) 100-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Теңіздегі ғылыми зерттеулерді қазақстандық, сондай-ақ шетелдік жеке және заңды тұлғалар, халықаралық ұйымдар жүзеге асыра алады.»;
67) мынадай мазмұндағы 9-1-тараумен толықтырылсын:
«9-1-тарау. Техногендік минералдық түзілімдерді қайта өңдеу немесе өзге де пайдалану
101-1-бап. Техногендік минералдық түзілімдерді қайта өңдеуге немесе өзге де пайдалануға қойылатын жалпы талаптар
1. Жер қойнауын пайдаланушының немесе өзге де тұлғаның меншігі болып табылатын техногендік минералдық түзілімдерді қайта өңдеу жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға жатпайды.
2. Мемлекеттік меншік болып табылатын техногендік минералдық түзілімдерді, кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда, олардан пайдалы қазбалар алу мақсатында қайта өңдеу құзыретті органмен техногендік минералдық түзілімдерден пайдалы қазбалар өндіруге арналған келісімшарт жасасу арқылы жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік меншік болып табылатын техногендік минералдық түзілімдерді өзге де пайдалану облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органымен шарт негізінде жүзеге асырылады.
4. Техногендік минералдық түзілімдерден пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісімшарт және техногендік минералдық түзілімдерді пайдалануға арналған шарт осы тарауда белгіленген тәртіппен тиісті мемлекеттік органмен тікелей келіссөздер арқылы жасалады.
101-2-бап. Техногендік минералдық түзілімдерден пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісімшартты немесе техногендік минералдық түзілімдерді пайдалануға арналған шартты жасасу жөнінде тікелей келіссөздер жүргізу тәртібі мен шарттары
1. Техногендік минералдық түзілімдерден пайдалы қазбалар өндіруге арналған келісімшартты жасасу жөніндегі тікелей келіссөздерді құзыретті органның жұмыс тобы жүргізеді. Жұмыс тобы туралы ережені және оның құрамын құзыретті орган бекітеді.
Техногендік минералдық түзілімдерді пайдалануға арналған шартты жасасу жөніндегі тікелей келіссөздерді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жұмыс тобы жүргізеді. Жұмыс тобы туралы ережені және оның құрамын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы бекітеді.
2. Тікелей келіссөздерге қатысу үшін техногендік минералдық түзілімдерден пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісімшартты немесе техногендік минералдық түзілімдерді пайдалануға арналған шартты жасасуға үміткер тұлға тиісті мемлекеттік органға осы Заңның 101-3-бабында белгіленген талаптарға сәйкес өтінім жібереді.
3. Құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы өтінім берушіні тікелей келіссөздер жүргізу және олардың жүргізілетін күні туралы немесе тікелей келіссөздер жүргізуден бас тарту туралы шешім қабылданғаны туралы тікелей келіссөздерге қатысуға өтінім келіп түскен күннен бастап екі ай ішінде хабардар етуге міндетті.
4. Тікелей келіссөздер осы Заңның 101-3-бабының талаптарына сәйкес ресімделген өтінім келіп түскен күннен бастап екі ай ішінде жүргізіледі.
101-3-бап. Техногендік минералдық түзілімдерден пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісімшартты немесе техногендік минералдық түзілімдерді пайдалануға арналған шартты жасасу жөніндегі тікелей келіссөздерге қатысу өтінімі
1. Техногендік минералдық түзілімдерден пайдалы қазбалар өндіруге арналған келісімшартты немесе техногендік минералдық түзілімдерді пайдалануға арналған шартты жасасу жөніндегі тікелей келіссөздерге қатысу өтінімі:
1) заңды тұлғалар үшін - өтінім берушінің атауын, оның орналасқан жерін, мемлекеттік тиесілігін, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелуі және салық органдарында тіркелуі туралы мәліметтерді;
2) жеке тұлғалар үшін - өтінім берушінің тегін және атын, заңды мекенжайын, азаматтығын, өтінім берушінің жеке басын куәландыратын құжаттар туралы, өтінім берушінің салық органдарында тіркелуі туралы, өтінім берушінің кәсіпкерлік қызмет субъектісі ретінде тіркелуі туралы мәліметтерді;
3) өтінім берушінің мүддесін білдіретін басшылар немесе өкілдер туралы, осындай адамдардың өкілеттіктері туралы мәліметтерді қоса алғандағы деректерді;
4) өтінім берушінің техникалық, басқарушылық, ұйымдық және қаржылық мүмкіндіктері туралы деректерді қамтуға тиіс.
2. Техногендік минералдық түзілімдерден пайдалы қазбалар өндіруге арналған келісімшартты немесе техногендік минералдық түзілімдерді пайдалануға арналған шартты жасасу жөніндегі тікелей келіссөздерге қатысу өтініміне мынадай мәліметтерді қамтитын құжаттар қоса берілуге тиіс:
1) құрамындағы зиянды, улы заттар, қатты және сұйық қалдықтар, сарқынды және өнеркәсіптік суларды ағызу орындары, оның ішінде техногендік минералдық түзілімдердің орналасқан жері, қоймаға қою кезеңі, күтіп ұстау шығындары, жерасты сулары мен қоршаған орта мониторингінің байқау желісінің болуы мен орналасуы көрсетіле отырып, техногендік минералдық түзілімдердің жалпы сипаттамасы;
2) қолдануға ұсынылатын технологиялар және зиянды, улы заттардың, қатты және сұйық қалдықтардың, сарқынды және өнеркәсіптік сулардың пайда болуына әкеп соғатын қызмет туралы ақпаратты қоса алғандағы технологиялық бағдарлама;
3) өнімнің атауы, ол пайда болатын техникалық өндіріс немесе процесс, оның физикалық сипаттамасы, толық химиялық құрамы, уытты компоненттердің құрамы, өрт қауіптілігі, жарылу қауіптілігі, ерігіштігі, сақтау кезінде басқа заттармен сыйысымдығы, ластайтын негізгі радионуклидтер, олардың белсенділігі, сондай-ақ тасымалдау жүйесінің сипаттамасы көрсетіле отырып, зиянды, улы заттардың, қатты және сұйық қалдықтардың, сарқынды және өнеркәсіптік сулардың сипаттамасы;
4) жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органның қорытындысы;
5) мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы.
3. Техногендік минералдық түзілімдерден пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісімшартты жасасу жөніндегі тікелей келіссөздерге қатысу өтінімінде қол қойылатын бонустың мөлшері көзделуге тиіс.
4. Өтінімде көрсетілген мәліметтерді растайтын, тиісті түрде куәландырылған құжаттар (не олардың нотариат куәландырған көшірмелері) өтінімге қоса беріледі.
101-4-бап. Техногендік минералдық түзілімдерден пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісімшартты немесе техногендік минералдық түзілімдерді пайдалануға арналған шартты жасасу жөніндегі тікелей келіссөздер қорытындылары бойынша шешім қабылдау
1. Тікелей келіссөздер негізінде техногендік минералдық түзілімдерден пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісімшартты немесе техногендік минералдық түзілімдерді пайдалануға арналған шартты жасасу туралы не оларды жасасудан бас тарту туралы шешім өтінім берушінің келісімшарт немесе шарт бойынша міндеттемелерді орындау мүмкіндігін куәландыратын деректер негізінде қабылданады.
2. Тікелей келіссөздер қорытындылары бойынша құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының шешімі жұмыс тобының барлық қатысып отырған мүшелері қол қоятын тікелей келіссөздер хаттамасымен ресімделеді.
Тікелей келіссөздер қорытындылары бойынша техногендік минералдық түзілімдерден пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісімшартты немесе техногендік минералдық түзілімдерді пайдалануға арналған шартты жасасу туралы шешім қабылданған жағдайда, тікелей келіссөздер хаттамасына өтінім беруші немесе оның уәкілетті өкілі қол қояды.
Тікелей келіссөздер хаттамасына қол қойылған күн тікелей келіссөздер қорытындылары бойынша шешім қабылданған күн деп есептеледі.
Құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы өтінім берушіні тікелей келіссөздер хаттамасына қол қойылған күннен бастап он күннен аспайтын мерзімде тікелей келіссөздер қорытындылары бойынша қабылданған шешім туралы хабардар етуге міндетті.
3. Тікелей келіссөздер негізінде техногендік минералдық түзілімдерден пайдалы қазбаларды өндіру немесе техногендік минералдық түзілімдерді өзге де пайдалану құқығын өтінім берушіге беру туралы шешім қабылданған жағдайда, техногендік минералдық түзілімдерден пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісімшарт немесе техногендік минералдық түзілімдерді пайдалануға арналған шарт өтінім беруші қабылданған шешім туралы хабардар болған күннен бастап он күн мерзімде жасалады.»;
68) 110-баптың 2-тармағы «көзделген» деген сөзден кейін «және жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган бекітетін қағидаларда, нұсқаулықтарда және әдістемелік ұсынымдарда регламенттелетін» деген сөздермен толықтырылсын;
69) 111-бапта:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар уақытша тоқтатылған кезде жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органмен объектіні уақытша консервациялау (жұмыстарды тоқтата тұру) мерзімдерін келіседі және жер қойнауын пайдалану объектісін консервациялау жөніндегі жұмыстарды орындауға дереу кіріседі, ал жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар тоқтатылған кезде жер қойнауын пайдалану объектісін жою жөніндегі жұмыстарды орындауға дереу кіріседі.
Өндіруді тоқтату туралы шұғыл шешім қабылдау қажет болған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы оларды жою немесе консервациялау басталғанға дейін өндірістік объектілердің сақталуын қамтамасыз ететін іс-шаралар кешенін жүргізеді.»;
3-тармақтағы «құзыретті орган» деген сөздер «мұнай және газ саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган» деген сөздермен ауыстырылсын;
6-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Бұл ретте тарату қорын пайдалануды жер қойнауын пайдаланушы құзыреттi органның жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсiлген рұқсатымен, ал кең таралған пайдалы қазбалар бойынша - облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының рұқсатымен жүзеге асырады. Тарату қорын қалыптастыру тәртiбi, тарату қорына аударымдардың мөлшерi, осындай төлемдердiң мерзімдiлiгi туралы талаптар келiсiмшартта белгiленедi.»;
мынадай мазмұндағы 7-тармақпен толықтырылсын:
«7. Егер жер қойнауын пайдалану объектілерін жоюға нақты шығындар тарату қорының мөлшерінен асып кетсе, онда жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану объектілерін жоюды қосымша қаржыландыруды жүзеге асыруға міндетті. Егер жоюға нақты шығындар тарату қорының мөлшерінен төмен болса, онда қалған ақша жер қойнауын пайдаланушыда қалады.»;
70) 113-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Елдi мекендердi, өнеркәсіптік кешендердi және (немесе) басқа да шаруашылық объектiлерін жобалауға және салуға жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiмен келісу бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының болашақ құрылыс учаскесi астындағы жер қойнауында пайдалы қазбалардың жоқ немесе оның аз мөлшерде екендiгi туралы оң қорытындысын алғаннан кейiн ғана рұқсат етіледі.»;
71) 116-бапта:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Жер қойнауын қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылаудың мiндеттерi жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезінде жер қойнауының ластануын болғызбау және жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялардың қоршаған ортаға зиянды әсерiн азайту бөлiгiнде Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының сақталуына бақылауды қамтамасыз ету, сондай-ақ жер қойнауын заңсыз пайдалануды анықтау және оның жолын кесу болып табылады.»;
3-тармақ мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:
«4-1) жер қойнауын заңсыз пайдалануды анықтау және оның жолын кесу жөніндегі бақылау іс-шараларын;»;
72) 117-баптың 3-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) қорларды ашуды, дайындауды және қазып алудың толымдылығын қамтамасыз ететін, жер қойнауының бай учаскелерін таңдап өндіруді болғызбайтын жер қойнауын геологиялық зерттеу мен пайдалануға, жобалау құжаттарында және жобалау шешімдерінде көзделген көрсеткіштердің орындалуына жер қойнауын зерттеу мен пайдалану саласындағы уәкілетті органның құзыреті шегінде бақылауды;»;
73) 120-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингін жүзеге асыру тәртібін индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.»;
74) 121-бапта:
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Жер қойнауына мемлекеттік сараптаманы геология және жер қойнауын пайдалану саласында арнаулы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясы және пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі өңіраралық комиссиялар жүзеге асырады.»;
мынадай мазмұндағы 7-тармақпен толықтырылсын:
«7. Жер қойнауына мемлекеттік сараптама жүргізу мерзімі тиісті өтініш келіп түскен күннен бастап алты айдан аспауға тиіс.»;
75) 122-бапта:
3-тармақ алып тасталсын;
4-тармақтағы «Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен» деген сөздер «өзі белгілеген тәртіппен» деген сөздермен ауыстырылсын;
76) 127-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану туралы талаптарын бұзу салдарынан зиян келтiрген тұлғалар келтiрiлген зиянды, егер зиян еңсерiлмейтiн күштiң немесе зардап шегушiнiң пиғылы салдарынан туындағанын дәлелдей алмаса ғана, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мөлшерлерде және тәртiппен өтеуге мiндеттi.»;
2-тармақтағы «жер қойнауын пайдаланушылармен бірлесе отырып» деген сөздер алып тасталсын;
3-тармақ алып тасталсын;
77) 129-бап мынадай мазмұндағы 7, 8 және 9-тармақтармен толықтырылсын:
«7. Егер белгіленген тәртіппен келісілген жобаларға сәйкес қалдықтарды орналастырудың жұмыс істеп тұрған полигондарына техногендік минералдық түзілімдерді қоймаға қою орындарындағы өзге де қалдықтарды орналастыру көзделсе, осы Заңның 10-бабының 6-тармағы екінші абзацының ережелері оларға қолданылмайды.
8. Осы Заңның 71-бабы 4-тармағының ережелері, өндіру жөніндегі жұмыстарды жүргізуге арналған жобалау құжаттары осы Заңда белгіленген тәртіппен бекітілген жағдайда, көрсетілген тармақ қолданысқа енгізілген күнге дейін құзыретті органға жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылу мерзімін ұзартуға өтініш жасаған және ұзартуға келісім алған жер қойнауын пайдаланушыларға қолданылмайды.
9. Осы Заңның 95-1-бабының ережелері барлау, өндіру немесе бірлескен барлау мен өндіру жүргізуге бұрын жасалған келісімшарттарға қолданылады.».
6. «Магистральдық құбыр туралы» 2012 жылғы 22 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2012 ж., № 11, 79-құжат; 2014 ж., № 7, 37-құжат; № 10, 52-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; 2014 жылғы 8 қарашада «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 7 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы):
25-бап мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:
«3-1. Мұнай тасымалдауға арналған магистралдық құбырлар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес есепке алудың бақылау аспаптарымен жарақтандырылуға тиіс.».
2-бап.
Осы Заң:
1) 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 3-тармағының 6) тармақшасын;
2) 2010 жылғы 15 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 5-тармағы 54) тармақшасының он екінші - он бесінші абзацтарын;
3) 2011 жылғы 29 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 2-тармағы 4) тармақшасының екінші - төртінші абзацтарын және 2011 жылғы 19 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 2-тармағы 4) тармақшасының бесінші абзацын;
4) 2014 жылғы 20 қарашадан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 5-тармағы 48) тармақшасының екінші - бесінші абзацтарын;
5) 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 4-тармағын;
6) алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілетін 1-баптың 5-тармағының 52) тармақшасын;
7) 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 5-тармағы 62) тармақшасының бесінші және алтыншы абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2014 жылғы желтоқсанның 29-ы.
№ 271-V