12. Теңізге бірінші және екінші деңгейлердегі мұнайдың төгілуі салдарын жою үшін қажетті өзінің жеке материалдары мен жабдықтарынсыз не мамандандырылған ұйыммен жасасылған шартсыз теңізде мұнай операцияларын жүргізу -
жеке тұлғаларға - бір жүз елу, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне - екі жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - төрт жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
13. Осы баптың сегізiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекет -
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне - екі жүз елу, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - бес жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
14. Осы баптың төртінші, бесiншi, алтыншы және тоғызыншы бөлiктерiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекеттер -
қызметін немесе қызметтің жекелеген түрлерін тоқтата тұруға немесе оған тыйым салуға әкеп соғады.»;
19) 400-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«400-бап. Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасын бұзу
1. Карантинге жатқызылған, әкелінетін өнімдерге қойылатын фитосанитариялық талаптарды және фитосанитариялық іс-шаралар жүргізуді:
1) карантинге жатқызылған, әкелінетін өнімдерге қойылатын фитосанитариялық талаптарға сәйкес келмейтін, карантинге жатқызылған өнімді Қазақстан Республикасының аумағына әкелу;
2) экспорттаушы елдің ұлттық карантиндік қызметінің фитосанитариялық сертификатынсыз, карантинге жатқызылған, фитосанитариялық тәуекелі жоғары өнім партиясын Қазақстан Республикасының аумағына әкелу;
3) қайта экспорттаушы елдің ұлттық карантиндік қызметінің қайта экспорттау фитосанитариялық сертификатынсыз, карантинге жатқызылған фитосанитариялық тәуекелі жоғары өнім партиясын Қазақстан Республикасының аумағына әкелу;
4) Қазақстан Республикасының фитосанитариялық талаптарын бұза отырып, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы импорттық карантинге жатқызылған өнімді тасымалдауды жүзеге асыру;
5) карантинге жатқызылған өнімді жете тексеруге ұсынбау;
6) карантинге жатқызылған өнімді сақтау немесе қайта өңдеу жүзеге асырылатын қойма үй-жайларына жыл сайынғы профилактикалық залалсыздандыруды жүргізбеу;
7) отырғызылатын немесе тұқымдық материалды зертханалық сараптама нәтижелері алынғанға дейін пайдалану;
8) отырғызылатын немесе тұқымдық импорттық материалды зертханалық сараптама нәтижелері алынғанға дейін сақтау шарттарын сақтамау;
9) Қазақстан Республикасының аумағына азық-түлік, жемшөп және техникалық мақсаттарда пайдалану үшін әкелінген дәндi, дәндi-бұршақтық, майлы дақылдарды тұқымдық мақсатта пайдалану;
10) қалдықтарды міндетті түрде жоя отырып, карантинге жатқызылған импорттық өнімді, сондай-ақ карантиндік аймақтардан әкелінген карантинге жатқызылған өнімді тасымалдағаннан кейін көлік құралдарына тазартуды жүргізбеу;
11) карантинге жатқызылған өнiмдi алып келе жатқан жолында немесе межелі пунктiнде уәкілетті органның рұқсатынсыз басқа мекенжайға жіберу;
12) карантинге жатқызылған әкелінетін өнiмдi межелі пунктiнде қайталап карантиндік жете тексеру үшін ұсынбау;
13) карантиндік арамшөптермен қоқысталған тұқымдық немесе отырғызылатын материалды егу үшін пайдалану;
14) карантиндік объектілерден бос аймақта дайындалған карантинге жатқызылған өнiмнен карантиндік объектілер таралатын аймақта дайындалған карантинге жатқызылған өнiмдi сақтауды немесе тазартуды жүзеге асыру;
15) қызметі карантинге жатқызылған өнімді өндіруге, дайындауға, қайта өңдеуге, сақтауға, тасымалдауға және өткізуге байланысты егістіктерді, аумақтарды, қоймаларды жүйелі түрде зерттеуді қамтамасыз етпеу;
16) карантинге жатқызылған өнімді карантиндік сертификатсыз облысаралық тасымалдауды жүзеге асыру түрінде жасалған бұзушылық -
жеке тұлғаларға - жиырма, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасын карантинге жатқызылған өнімді әкелу, мемлекетішілік тасымалдау кезінде және өткізу кезінде:
1) Қазақстан Республикасының аумағына карантинге жатқызылған өнімді, сондай-ақ карантиндік объектілермен және бөтен текті түрлермен залалданған көлік құралдарын әкелу;
2) Қазақстан Республикасына карантинге жатқызылған өнімді әкелуге тыйым салуларды немесе оған шектеулерді бұзу;
3) карантиндік объектілермен залалданған карантинге жатқызылған өнімді өткізу;
4) Қазақстан Республикасының карантиндік аймағынан шығарылған карантинге жатқызылған өнімді алып бара жатқан жолда басқа мекенжайға жіберу;
5) ғылыми-зерттеу мақсатында әкелінетін кенелерді, нематодтарды және тірі жәндіктерді дәндi, дәндi-бұршақтық, жемшөп, майлы, техникалық дақылдармен және оларды қайта өңдеу өнімдерімен, мәуелермен, көкөністермен, жемістермен және картоппен, отырғызылатын немесе тұқымдық материалмен, тірі гүлдердің және құмырада өсетін өсімдіктердің кесінділерімен, сүрек, буып-түю және бекіту материалдарымен бір мезгілде тасымалдау;
6) карантиндік объектілермен залалданған, карантинге жатқызылған өнімді карантиндік фитосанитариялық аймақтан әкетуге тыйым салуларды немесе шектеулерді бұзу түрінде жасалған бұзушылық -
карантинге жатқызылған өнімді залалсыздандыру және қайта өңдеу мүмкін болмаған жағдайда, оны тәркілей отырып, жеке тұлғаларға - жиырма, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - қырық, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Карантиндік объектілердің таралуын есепке алуды уақтылы немесе тиісінше жүргізбеу не өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау объектілерінде өсімдіктер карантині бойынша шараларды уақтылы немесе тиісінше ұйымдастырмау -
лауазымды адамдарға отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет (әрекетсіздік) -
лауазымды адамдарға алпыс айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
20) 402-бап мынадай мазмұндағы бесінші бөлікпен толықтырылсын:
«5. Тұқым шаруашылығы субъектілерін аттестаттауды, қайта аттестаттауды уақтылы жүргізбеу -
лауазымды адамдарға жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
21) 403-бапта:
үшінші және төртінші бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Мынадай:
1) пестицидтерді (улы химикаттарды) және олардың ыдыстарын залалсыздандыру үшін арнаулы сақтау орындарының (көмінділердің) болмауы;
2) пестицидтерді (улы химикаттарды) берушілер (өндірушілер, импорттаушылар, сатушылар) әзірлеген және ұсынатын, жарамсыз болып қалған пестицидтерді (улы химикаттарды) және олардың ыдыстарын залалсыздандыру әдістері мен технологияларының болмауы;
3) қауіптілігі бірінші сыныпты, мақсаты бойынша одан әрі пайдалануға жарамсыз болып қалған пестицидтерді (улы химикаттарды) герметикалығын қамтамасыз етпейтін және қоршаған ортаның пестицидтермен (улы химикаттармен) ластану мүмкіндігін жоққа шығармайтын ыдыстарда сақтау;
4) қауіптілігі екінші сыныпты пестицидтерді (улы химикаттарды) қажет болған кезде полимер материалдардан жасалған арнайы қалташалары жоқ көп қабатты ыдысқа (пестицидтің (улы химикаттың) ерекшелігіне қарай) буып-түю;
5) бүтіндігі бұзылған қаптамадағы пестицидтерді (улы химикаттарды) қайта буып-түю;
6) пестицидтердің (улы химикаттардың) қағаз немесе ағаш ыдыстарын жағып жіберу жолымен экологиялық бақылау және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы жөніндегі мемлекеттік органдар заңнамаға сәйкес айқындаған орындарда жағылатын қоспаларды жою үшін уытты емес (қауіпті емес) заттарға айналғанға дейін ыдырауын қамтамасыз ететін жоғары температуралық қондырғылардың болмауы;
7) тыйым салынған, жарамсыз болып қалған пестицидтерді (улы химикаттарды) және олардың ыдыстарын тиеуге, тасымалдауға және түсіруге арналған механикаландыру құралдарының болмауы түрінде жасалған пестицидтердi (улы химикаттарды) залалсыздандыруды жүргізбеу және арнаулы сақтау орындарын (көмiндiлердi) тиiстi емес жай-күйде ұстау -
жеке тұлғаларға - бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - он бес, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Арнаулы сақтау қоймаларын (көмiндiлердi) салу бойынша шаралар қабылдамау -
лауазымды адамдарға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
мынадай мазмұндағы бесінші бөлікпен толықтырылсын:
«5. Осы баптың бірінші, екінші, үшінші және төртінші бөліктерінде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) -
жеке тұлғаларға - он, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - отыз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
22) 23-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«23-тарау. Білім беру, дене шынықтыру және спорт саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар»;
23) 409-бапта:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«409-бап. Қазақстан Республикасының білім беру, дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасын бұзу»;
мынадай мазмұндағы сегізінші, тоғызыншы, оныншы және он бірінші бөліктермен толықтырылсын:
«8. Сабақтар мен жарыстар өткізілетін орындарды спорттық мүкәммалмен және жабдықпен қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды сақтамау -
заңды тұлғаларға бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
9. Мемлекет меншігіне жататын дене шынықтыру-сауықтыру, спорт ғимараттарын оларға тең дәрежедегі дене шынықтыру-сауықтыру, спорт ғимараттарын салмай тұрып жою, олардың нысаналы және функционалдық мақсатын өзгерту -
лауазымды адамдарға бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
10. Спорттық іс-шараларға қатысушыларды медициналық көмекпен қамтамасыз ету және нормативтік талаптарға сәйкес медициналық тексеруден өтпеген спортшыларға рұқсат беру жөніндегі талаптарды сақтамау -
заңды тұлғаларға бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
11. Осы баптың оныншы бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекет -
бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
24) 412-баптың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«Қылмыстық жаза қолданылатын іс-әрекет белгілері болмаған кезде су айдындарында қауiпсiздiк қағидаларының сақталуына жауапты тұлғаның оларды бұзуы немесе орындамауы -»;
25) 419-баптың екінші бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) -»;
26) 442-бапта:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«442-бап. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы»;
екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін болуы -
заңды өкілдеріне ескерту жасауға әкеп соғады.»;
мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер -
заңды өкілдеріне он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
27) 443-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«443-бап. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын адамның заңды талабына бағынбау
1. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын адамның заңды талабына бағынбау -
бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет (әрекетсіздік) -
он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.»;
28) 449-баптың екінші бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер -»;
29) 464-баптың бірінші бөлігінің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«белгілі бір қызмет түріне лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып немесе онсыз, жеке тұлғаларға - он бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - қырық бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - сексен, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
30) 471-баптың екінші бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Мемлекеттік кіріс органдарына ұсыну үшiн Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған мәлiметтердi жергiлiктi атқарушы органдардың және өзге де уәкiлеттi мемлекеттік органдардың ұсынбауы, уақтылы, анық немесе толық ұсынбауы -»;
31) 496-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде шетел азаматтығын алу фактісін хабарламау -
екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге әкімшілік жолмен шығарып жіберуге әкеп соғады.»;
32) 518-баптың үшінші бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер - »;
33) 519-бапта:
баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«519-бап. Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту»;
төртінші бөлік алып тасталсын;
34) 571-баптың екінші бөлігінің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«жеке тұлғаларға - бес, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - он бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жиырма бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
35) 613-баптың екінші бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Көліктік бақылау органдары қызметкерінің Қазақстан Республикасының аумағындағы көліктік бақылау бекеттерінде көлік құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамау - »;
36) 617-бапта:
бірінші бөліктің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне - он, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
екінші бөліктің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне - жиырма, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
37) 618-бапта:
бірінші бөліктің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«осы қызметпен айналысу құқығынан бір жыл мерзімге айыра отырып, екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
екінші бөліктің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«осы қызметпен айналысу құқығынан екі жыл мерзімге айыра отырып, үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
үшінші бөліктің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«осы қызметпен айналысу құқығынан үш жыл мерзімге айыра отырып, бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
38) 629-бап алып тасталсын;
39) 630-бапта:
бірінші бөліктің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«жеке тұлғаларға - екі, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне - он, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
екінші бөліктің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«жеке тұлғаларға - бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне - отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
40) 631-бапта:
бірінші бөліктің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне - он, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - он бес, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
екінші бөліктің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне - он бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
41) 632-бапта:
бірінші бөліктің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - он, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
екінші бөліктің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - он бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - отыз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
42) 652-бапта:
баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«652-бап. Қазақстан Республикасының әскери қызмет саласындағы заңнамасын бұзу»;
мынадай мазмұндағы үшінші, төртінші, бесінші және алтыншы бөліктермен толықтырылсын:
«3. Бейбіт уақытта, әскерге шақыру немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметші жасаған, ұзақтығы екі тәуліктен асатын, бірақ он тәуліктен аспайтын уақытқа бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету, сол сияқты бөлімнен босатылу, тағайындалу, ауыстырылу кезінде, іссапардан, демалыстан немесе емдеу мекемесінен қызметке дәлелсіз себептермен мерзімінде келмеу -
жиырма бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
4. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, ұзақтығы он тәуліктен асатын, бірақ бір айдан аспайтын уақыттағы әрекеттер -
елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
5. Қоғамдық тәртіпті қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі әскери нарядтың құрамына кіретін адамның қызмет өткеру қағидаларын бұзуы, егер бұл әрекетте қылмыстық жаза қолданылатын іс-әрекет белгілері болмаса, -
он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
6. Бағынбау, яғни бастықтың бұйрығын орындаудан ашықтан-ашық бас тарту, сол сияқты қызмет мүдделеріне елеулі зиян келтірмеген, бастықтың белгіленген тәртіппен берген бұйрығын бағыныштының өзгедей қасақана орындамауы -
жиырма бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.»;
43) 652-1, 652-2, 653-3-баптар алып тасталсын;
44) 660-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«660-бап. Әкімшілік құқық бұзушылықты жасыру және әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша дәлелдемелердi бұрмалау
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауға уәкілетті лауазымды адам жасаған, құқық бұзушылық құрамы бар болған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуді қозғау жөніндегі шараларды мерзiмiнiң өтуі ішінде қасақана қолданбауы, егер бұл әрекетте қылмыстық жаза қолданылатын іс-әрекет белгілері болмаса, -
елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша дәлелдемелердi бұрмалау, егер бұл әрекет адамның денсаулығына зиян келтіруге немесе елеулі залал келтiруге әкеп соқпаса, -
елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
45) 684-баптың бірінші бөлігінде:
«320,» деген цифрлар «320 (бірінші, екінші, үшінші және төртінші бөліктерінде),» деген сөздермен ауыстырылсын;
«333 (екінші бөлігінде),» деген сөздерден кейін «356 (он төртінші бөлігінде),» деген сөздермен толықтырылсын;
«440 (төртінші және бесінші бөліктерінде),» деген сөздерден кейін «443 (екінші бөлігінде),» деген сөздермен толықтырылсын;
«495 (екiншi бөлiгiнде),» деген сөздерден кейін «496 (екiншi бөлiгiнде),» деген сөздермен толықтырылсын;
«519 (төртінші бөлігінде),» деген сөздер алып тасталсын;
«629,» деген цифрлар алып тасталсын;
«638 (екінші бөлігінде),» деген сөздерден кейін «651,» деген цифрлармен толықтырылсын;
«652-1, 652-2, 652-3,» деген цифрлар алып тасталсын;
46) 685-бапта:
бірінші бөлікте:
«443,» деген цифрлар «443 (бірінші бөлігінде),» деген сөздермен ауыстырылсын;
«496» деген цифрлар «496 (бірінші және үшінші бөлiктерiнде)» деген сөздермен ауыстырылсын;
екінші бөліктің 4) тармақшасындағы «572 (екінші бөлігінде)» деген сөздер «572» деген цифрлармен ауыстырылсын;
47) 686-бапта:
бірінші бөліктің 2) тармақшасы алып тасталсын;
екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының атынан iстердi қарауға және азаматтық қорғау саласындағы уәкiлеттi органның атынан әкiмшiлiк жазалар қолдануға:
1) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның өрт қауiпсiздiгi саласындағы мемлекеттiк бақылау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторы - жеке тұлғаларға - айлық есептiк көрсеткiштiң он беске дейiнгi, лауазымды адамдарға отыз беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға;
2) Қазақстан Республикасының өрт қауiпсiздiгi саласындағы мемлекеттiк бақылау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторы, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың өрт қауiпсiздiгi саласындағы мемлекеттiк бақылау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторы мен оның орынбасары - жеке тұлғаларға - айлық есептiк көрсеткiштiң отыз беске дейiнгi, лауазымды адамдарға - бір жүзге дейiнгi, кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға үш жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға;
3) Қазақстан Республикасының өрт қауiпсiздiгi саласындағы мемлекеттiк бақылау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторы мен оның орынбасары - жеке тұлғаларға - айлық есептiк көрсеткiштiң екi жүзге дейiнгi, лауазымды адамдарға - бес жүзге дейiнгi, кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға екi мыңға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға құқылы.»;
үшінші бөлік алып тасталсын;
48) тармақша ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілді
48) 688-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«688-бап. Мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган
1. Мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің 170 (бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы және сегізінші бөліктерінде), 356 (үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы және он үшінші бөліктерінде), 464 (бірінші бөлігінде)-баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайды.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға және әкімшілік жазалар қолдануға мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган ведомствосының лауазымды адамдары мен аумақтық бөлімшелерінің басшылары құқылы.»;
49) 689-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«689-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын орган
1. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын орган осы Кодекстің 289, 290, 291, 292, 293, 294 (үшінші және төртінші бөліктерінде), 296 (бірінші бөлігінде)-баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға және әкімшілік жазалар қолдануға энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органның аумақтық бөлімшелерінің басшылары құқылы.»;
50) 690-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Мемлекеттiк энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі органдар осы Кодекстiң 144 (бірінші бөлігінде (барлық қуаттардағы қазандықтардың жылу-механикалық жабдықтарын және жылу желілерін (магистральдық, орамішілік) пайдалануды, тұтынушылардың жылу пайдалану қондырғыларын техникалық пайдалануды қоспағанда), 172 (барлық қуаттардағы қазандықтардың жылу-механикалық жабдықтарын және жылу желілерін (магистральдық, орамішілік) пайдалануды, тұтынушылардың жылу пайдалану қондырғыларын техникалық пайдалануды қоспағанда), 300 (барлық қуаттардағы қазандықтарды және жылу желілерін (магистральдық, орамішілік) қоспағанда), 301 (барлық қуаттардағы қазандықтарды және жылу желілерін (магистральдық, орамішілік) қоспағанда), 302, 303 (барлық қуаттардағы қазандықтарды қоспағанда), 305 (күзет аймақтарындағы жылу желілерін (магистральдық, орамішілік) қоспағанда)-баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды.»;