4. Сот сараптамасын жүргiзу үшiн медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастырылған адамның онда болу мерзiмiнiң, сондай-ақ осы мерзiмдi ұзарту тәртiбiнiң бұзылуына аталған адам, оның қорғаушысы, заңды өкiлi немесе iске қатысуға жiберiлген өзге де өкiлдер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен шағым жасауы мүмкiн.
38-бап. Сот сараптамасы жүргізілетін адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдігі
1. Тірі адамдарға сот сараптамасын жүргізу кезінде:
1) іс бойынша мәліметтер алу мақсатында олардың заңмен кепілдік берілген құқықтарынан айыруға немесе оларға қысым жасауға (оның ішінде алдау, күш қолдану, қорқыту және өзге де заңсыз шаралар арқылы);
2) аталған адамдарды медициналық технологияларды, фармакологиялық және дәрілік заттарды клиникалық зерттеулердің субъектілері ретінде пайдалануға;
3) хирургиялық араласуды көздейтін зерттеулердің әдістерін қолдануға тыйым салынады.
2. Сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) сот сараптамасы жүргізілетін адамды, баламалы әдістерді қоса алғанда, қолданылатын сот-сараптамалық зерттеулердің әдістері туралы, болуы мүмкін ауырсыну сезімдері мен жанама әсерлер туралы оған түсінікті түрде хабардар етуге тиіс. Аталған хабарлама сот сараптамасы жүргізілетін адамның тиісті өтінішті мәлімдеген заңды өкіліне де беріледі.
3. Сот сараптамасы жүргізілетін адамға медициналық көмек заңда көзделген негіздер бойынша және тәртіппен ғана көрсетілуі мүмкін.
4. Медициналық ұйымға орналастырылған адамға шағымдар және өтініштер жасауға мүмкіндік беріледі. Заңда көзделген тәртіппен берілген шағымдар және өтініштер жиырма төрт сағаттың ішінде жолданым иесіне жіберіледі және цензураға жатпайды.
5. Адамға қатысты ерікті түрде жүргізілетін сот сараптамасы оның кез келген сатысында аталған адамның бастамасы бойынша тоқтатылуы мүмкін.
39-бап. Күзетпен ұсталмаған адамдарға қатысты сот сараптамасын психиатриялық стационарларда жүргізудің шарттары
1. Күзетпен ұсталмаған адамдарға қатысты сот-психиатриялық сараптама психиатриялық стационарларда жүргізіледі.
2013.02.07. № 113-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Күзетпен ұсталмаған адамдарға психиатриялық стационарларда сот-психиатриялық сараптама жүргiзу кезеңiнде оларға Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу және Азаматтық iс жүргiзу кодекстері нормаларының күшi қолданылады.
3. Аталған адамдар Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңнамасында белгіленген психиатриялық стационарлар пациенттерінің құқықтарын пайдаланады.
40-бап. Күзетпен ұсталған адамдарға қатысты сот сараптамасын психиатриялық стационарларда жүргізудің шарттары
1. Күзетпен ұсталған адамдарға қатысты сот-психиатриялық сараптама аталған адамдарды орналастыру үшін арнайы бөлінген психиатриялық стационарларда жүргізіледі.
2. Күзетпен ұсталған адамдарға сот-психиатриялық сараптаманы психиатриялық стационарларда жүргізу кезеңінде оларға Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексі нормаларының күші қолданылады.
3. Аталған адамдар Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңнамасында олар үшін көзделген психиатриялық стационарлар пациенттерінің ерекшеліктерін пайдаланады.
41-бап. Тірі адамдарға сот сараптамасын жүргізу кезінде процеске қатысушылардың қатысуы
1. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, процеске қатысушылардың тірі адамдарға сот сараптамасын жүргізу кезінде қатысуы Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстерінде, сондай-ақ осы Заңның 26-бабында айқындалады.
2. Сот-психиатриялық және сот психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізу құпия жағдайда жүзеге асырылады.
3. Адамды жалаңаштау арқылы сот-сараптамалық зерттеулерді жүргізу кезінде тек қана сол жыныстағы адамдар қатыса алады. Осы шектеу аталған зерттеулерді жүргізуге қатысатын дәрігерлерге және басқа да медицина қызметкерлеріне қолданылмайды.
5-тарау. Сот-сараптама қызметін ғылыми-әдістемелік, ақпараттық
қамтамасыз ету, сот сарапшыларын кәсіби даярлау және олардың біліктілігін арттыру
2013.02.07. № 113-V ҚР Заңымен 42-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
42-бап. Сот-сараптама қызметiн ғылыми-әдiстемелiк және оқумен қамтамасыз ету. Сот сарапшыларын кәсiптік даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Сот-сараптама қызметiн ғылыми-әдiстемелiк қамтамасыз ету, сондай-ақ сот сарапшыларын кәсiптік даярлау мен олардың бiлiктiлiгiн арттыру Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң сот сараптамасы органдарына жүктеледi.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Сот-сараптамалық зерттеулердің әдiстемелерін әзірлеу, сынамалау және енгізу Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 43-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
43-бап. Қазақстан Республикасының Сот-сараптамалық зерттеулер әдiстемелерінiң мемлекеттiк тiзiлiмi
Осы Заңның талаптарына сай келетiн сот-сараптамалық зерттеулердiң әдiстемелерi туралы мәлiметтер Қазақстан Республикасының Сот-сараптамалық зерттеулер әдiстемелерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiледi, оның мақсаттарын, қалыптастыру және пайдалану қағидаларын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгiлейдi.
44-бап. Сот сараптамасы органдарының қызметін ақпараттық қамтамасыз ету
Сот сараптамасы органының басшысы іс бойынша іс жүргізу аяқталған соң заттай дәлелдемелер болып табылатын нәрселерді практикалық, ғылыми және оқу-әдістемелік қызметте пайдалану үшін алу туралы қылмыстық процесті жүргізуші орган, сот, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуінде жатқан орган (лауазымды адам) алдында өтініш жасауға құқылы.
6-тарау. Сот сараптамасы органдарында сот-сараптама қызметін
қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету
45-бап. Сот-сараптама қызметін қаржыландыру
1. Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 242-бабының төртінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, сот сараптамасы органдарының сот-сараптама қызметін, оның ішінде қылмыстық, азаматтық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сот сараптамасын жүргізуді қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
2. Азаматтық істер бойынша сот сараптамасын жүргізуге ақы төлеу Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 46-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
46-бап. Сот сараптамасын жүргiзудi материалдық-техникалық қамтамасыз ету стандарттары мен талаптары
Сот сарапшысы өз қызметін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекіткен стандарттар мен талаптарға сәйкес келетін арнайы жарақталған үй-жайлар болған кезде жүзеге асыра алады.
7-тарау. Сот-сараптама қызметі саласындағы халықаралық
ынтымақтастық
47-бап. Сот-сараптама қызметі саласындағы халықаралық ынтымақтастық
Сот сараптамасының органдары бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, ғылыми және әдістемелік ақпарат алмасу, сот сарапшыларын кәсіптік даярлау және олардың біліктілігін арттыру мақсатында шет мемлекеттердің сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын органдарымен және қызметтерімен заңға сәйкес халықаралық байланыстар орнатуға құқылы.
48-бап. Шет мемлекеттің құзыретті органының тапсыруы бойынша сот сараптамасын жүргізу
Сот сараптамасы Қазақстан Республикасының халықаралық шарты бар шет мемлекеттің құзыретті органының тапсыруы бойынша жүргізілуі мүмкін. Мұндай жағдайларда, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасы қолданылады.
49-бап. Шет мемлекеттің сот сарапшыларын тарта отырып, сот сараптамасын жүргізу
1. Сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) заңда белгіленген тәртіппен, өз бастамасы бойынша не сот сараптамасы органы басшысының өтініші бойынша шет мемлекеттердің сот сараптамасы саласындағы мамандарын тарту туралы өтініш жасауға құқылы.
2. Шет мемлекеттердің сот сарапшыларының қатысуымен сот сараптамасын жүргізу Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу, Азаматтық іс жүргізу кодекстерінде және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде, сондай-ақ осы Заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
8-тарау. Қорытынды ережелер
50-бап. Қазақстан Республикасының сот-сараптама қызметi туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының сот-сараптама қызметі туралы заңнамасын бұзу заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
51-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібi
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Сот сараптамасы туралы» 1997 жылғы 12 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 21, 276-құжат; 2000 ж., № 6, 141-құжат; 2001 ж., № 21-22, 281-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; № 24, 153-құжат; 2005 ж., № 10, 32-құжат; 2006 ж., № 13, 86-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 9, 67-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының Президенті | Н. Назарбаев |
Астана, Ақорда, 2009 жылғы қаңтардың 20-ы.
№ 240-IV