Қазақстан Республикасының
Заңы
Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы
Осы редакция 2013 жылғы 2 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң Қазақстан Республикасында сот-сараптама қызметін жүзеге асыру жөніндегі қоғамдық қатынастарды реттейді.
Сот сараптамасын тағайындау және жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу, Азаматтық іс жүргізу кодекстерімен және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексімен белгіленеді.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) арнаулы ғылыми білім - сот-сараптамалық зерттеулердің әдістемелерінде іске асырылған, мазмұны ғылыми білімді құрайтын арнаулы білім саласы;
2) сарапшының қорытындысы - сот-сараптамалық зерттеудің барысы мен нәтижелерін көрсететін, заң талаптарына сәйкес ресімделген құжат;
3) сот-сараптама қызметі - сот сараптамасы органдары мен сот сарапшыларының сот сараптамасын ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі қызметі;
4) сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензия - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы тұлғаға сот-сараптама қызметімен айналысуға беретін рұқсаты;
5) сот-сараптамалық зерттеу әдістемесі - сот сараптамасының белгілі бір тегінің, түрінің нысанасына жататын мән-жайларды анықтау үшін сот сараптамасы объектілерін зерделеу кезінде қолданылатын әдістер жүйесі;
6) сот-сараптамалық зерттеу әдісі - сот сараптамасының нысанасына жататын мән-жайларды анықтау үшін сот сараптамасы объектілерін зерделеу кезінде қолданылатын қисындық және (немесе) құрал-саймандық операциялар (тәсілдер, әдістер) жүйесі;
7) сот сараптамасы - шешілуі үшін маңызы бар мән-жайларды анықтау мақсатында арнаулы ғылыми білім негізінде жүргізілетін қылмыстық, азаматтық істердің немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің материалдарын зерттеу;
8) сот сараптамасының нысанасы - сот сараптамасын жүргізу жолымен анықталатын қылмыстық, азаматтық істерді не әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді шешу үшін маңызы бар мән-жайлар;
9) сот сараптамасы объектілері - заттай дәлелдемелер, құжаттар, адамның денесі мен психикалық жай-күйі, мәйіттер, жануарлар, үлгілер, сондай-ақ сот сараптамасы жүргізілетін іс материалдарында қамтылған сот сараптамасының нысанасына жататын мәліметтер;
10) сот сараптамасы органдары - заңда белгіленген тәртіппен сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар;
11) сот сараптамасы органының басшысы - сот сараптамасы органының сот-сараптама қызметіне басшылықты жүзеге асыратын адам (сот сараптамасы органының бірінші басшысы, сот сараптамасы органы аумақтық бөлімшесінің басшысы);
12) сот сарапшысы - осы Заңның талаптарына сәйкес келетін, қылмыстық процесті жүргізуші орган (адам), сот не әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілеттік берілген орган (лауазымды адам) заңда белгіленген тәртіппен сот сараптамасын жүргізуді тапсырған адам;
13) сот сарапшысы мамандығы - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген сот сараптамасының белгілі бір түрін жүргізу саласындағы сот сарапшысының ғылыми құзыреттілігі;
14) үлгілер - сот-сараптамалық зерттеу жүргізу және сарапшының қорытынды беруі үшін қажетті, тірі адамның, мәйіттің, жануардың, заттың, нәрсенің қасиеттерін бейнелейтін материалдық дүние объектілері.
2-бап. Қазақстан Республикасының сот-сараптама қызметi туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының сот-сараптама қызметі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстерінен, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Сот-сараптама қызметінің мазмұны
Сот-сараптама қызметінің мазмұны:
1) қылмыстық, азаматтық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сот сараптамасын жүргізуді;
2) сот сараптамасы саласындағы ғылыми зерттеулерді;
3) сот сараптамасын ғылыми-әдістемелік және ақпараттық қамтамасыз етуді;
4) сот сарапшыларын іріктеуді, кәсіптік даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды қамтиды.
4-бап. Сот-сараптама қызметінің міндеті
Сот-сараптама қызметінің міндеті арнаулы ғылыми білімнің құралдарымен қылмыстық, азаматтық істер бойынша, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету болып табылады.
5-бап. Сот-сараптама қызметінің принциптері
Сот-сараптама қызметі:
1) заңдылық;
2) адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау;
3) сот сарапшысының тәуелсіздігі;
4) сот-сараптамалық зерттеулерді жүргізу кезінде ғылыми-техникалық құралдар мен әдістерді пайдалануға жол беру;
5) сот-сараптамалық зерттеулердің жан-жақтылығы, толықтығы және объективтілігі;
6) сот сарапшысының кәсіптік әдебін сақтау принциптеріне негізделеді.
6-бап. Сот-сараптама қызметін жүзеге асыру кезіндегі заңдылық
Сот-сараптама қызметі Қазақстан Республикасы Конституциясының және осы қызметтің құқықтық негізін құрайтын өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптары дәл орындалған жағдайда жүзеге асырылады.
7-бап. Сот-сараптама қызметін жүзеге асыру кезінде адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау
1. Сот-сараптама қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына және халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған принциптері мен нормаларына сәйкес адамның және азаматтың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері, заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделері сақталған жағдайда жүзеге асырылады.
2. Адамның құқықтары мен бостандықтарын уақытша шектеуді талап ететін сот-сараптамалық зерттеулер тек қана заңда белгіленген негіздерде және тәртіппен жүргізіледі.
3. Сот сараптамасы органының немесе сот сарапшысының әрекеттері (әрекетсіздігі) адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін не заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерін шектеуге әкеп соқты деп санаған адам көрсетілген әрекеттерге (әрекетсіздікке) заңда белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы.
8-бап. Сот сарапшысының тәуелсіздігi
1. Сот сарапшысы сот сараптамасын жүргізу кезінде іс жүргізу тұрғысынан дербес, сот сараптамасын тағайындаған органнан (адамнан), сот сараптамасы органының басшысынан және басқа да адамдардан тәуелсіз болады.
2. Сот сарапшысы жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін негізге ала отырып қорытынды береді. Бұл ретте ол заңмен айқындалып, жол берілетін зерттеу құралдары мен әдістерін таңдауда дербес болады.
3. Сот сарапшысына құқыққа сыйымсыз ықпал етуге және оның заңды қызметіне кедергі келтіруге жол берілмейді және заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
9-бап. Сот-сараптамалық зерттеулерді жүргізу құралдары мен әдістерін пайдалануға жол беру
Сот-сараптамалық зерттеулерді жүргізу кезінде ғылыми-техникалық құралдар мен әдістерді қолдануға, егер олар:
1) заңда тікелей көзделсе немесе оның нормалары мен принциптеріне қайшы келмесе;
2) ғылыми жағынан дәлелді болса;
3) іс бойынша іс жүргізудің тиімділігін қамтамасыз ететін болса;
4) қауіпсіз болса жол беріледі.
10-бап. Сот-сараптамалық зерттеулердің жан-жақтылығы, толықтығы және объективтілігi
1. Сот сарапшысы сот-сараптамасын жүргізу кезінде өзінің арнаулы ғылыми біліміне негізделген, объектілерді жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін барлық шараларды қолдануға міндетті.
2. Сот сарапшысының қорытындысы жалпы жұрт қабылдаған ғылыми және практикалық деректер негізінде жасалған қорытындылардың негізділігі мен дәйектілігін тексеруге мүмкіндік беретін ережелерге негізделуге тиіс.
11-бап. Сот сарапшысының кәсіптік әдебін сақтау
Сот-сараптамалық зерттеулерді жүргізу кезінде сот сарапшысының кәсіптік әдебінің нормалары сақталуға тиіс.
2-тарау. Сот-сараптама қызметінің субъектілері
12-бап. Сот сарапшысына қойылатын кәсіптік және біліктілік талаптары
1. Сот сарапшысының жоғары білімі және сот сараптамасының белгілі бір түрі саласында арнаулы ғылыми білімі болуға тиіс.
2. Сот сараптамасын жүргізу:
1) сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне;
2) сот-сараптама қызметін лицензия негізінде жүзеге асыратын адамдарға;
3) осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларда біржолғы тәртіппен өзге де адамдарға тапсырылуы мүмкін.
3. Біржолғы тәртіппен сараптама жүргізу:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген сот сараптамалары түрлерінің тізбесінде көзделмеген сот сараптамасы тағайындалған;
2) осы Заңның 49-бабына сәйкес шет мемлекеттің маманы сарапшы ретінде тартылған;
3) сот сараптамасы органдарының қызметкерлері болып табылатын, сондай-ақ сот-сараптама қызметін лицензия негізінде жүзеге асыратын тиісті мамандықтағы барлық сот сарапшыларының бас тартулары қанағаттандырылған не сот сараптамасы органы тұтастай сот сараптамасын жүргізуден дәлелді түрде шеттетілген жағдайларда тапсырылуы мүмкін.
4. Осы баптың 2-тармағының 1), 2) тармақшаларында аталған адамдардың сот сараптамасының белгілі бір түрін жүргізу құқығына біліктілік куәлігімен расталған сот сарапшысының біліктілігі болуға, оларды Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органының комиссиялары аттестаттауға және олар Қазақстан Республикасы Сот сарапшыларының мемлекеттік тізіліміне енгізілуге тиіс.
5. Осы баптың 1 және 4-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкес келетін Қазақстан Республикасының азаматы сот-сараптамасы органдарында сот сарапшысы қызметіне орналаса алады.
6. Сот-сараптамасы органдарына алғаш жұмысқа кіретін адамдар біліктілік емтиханын тапсырумен аяқталатын арнайы кәсіптік даярлықтан өтеді. Арнайы кәсіптік даярлықтан өту тәртібін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы белгілейді.
7. Сот тәртібімен әрекетке қабілеті шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп танылған не соттылығы өтелмеген немесе алынбаған адам сот сарапшысы бола алмайды.
Тиісті заңдық факт болған күннен бастап үш жыл бойына:
1) соттылығы заңда белгіленген тәртіппен өтелген немесе алынған;
2) қасақана қылмыс жасағаны үшін ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған;
3) мемлекеттік қызметтен, прокуратура органдарынан, өзге де құқық қорғау органдарынан, соттардан, сот сараптамасы органдарынан теріс дәлелдермен босатылған;
4) сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензиядан айрылған;
5) осы Заңның 16-бабының 3-тармағында көзделген негіздер бойынша сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензиясының қолданылуы тоқтатылған адам сот сарапшысы бола алмайды.
13-бап. Сот сарапшысы біліктілігін беру
1. Сот сарапшысы біліктілігін беру оның біліктілік емтиханын тапсырып, сот сараптамасының белгілі бір түрін жүргізу құқығына сот сарапшысының біліктілік куәлігі берілуі арқылы жүзеге асырылады.
Сот-медициналық, сот-психиатриялық және сот-наркологиялық сараптаманың белгілі бір түрін өндіру құқығына біліктілік беру жөніндегі нұсқаулықты қара
2. Біліктілік емтихандарын қабылдауды және сот сараптамасының белгілі бір түрін жүргізу құқығына сот сарапшысының біліктілік куәлігін беруді Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органының біліктілік комиссиялары жүзеге асырады.
3. Біліктілік комиссиялары қызметінің тәртібін және олардың құрамын Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы айқындайды.
14-бап. Сот сарапшысын аттестаттау
1. Сот сараптамасы органдарының қызметкерлері болып табылатын сот сарапшылары, сондай-ақ сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын адамдар олардың кәсіптік даярлығының деңгейін анықтау мақсатында бес жылда бір рет Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органының аттестаттау комиссиялары жүргізетін аттестаттаудан өтеді.
Сот сарапшысының кәсіптік даярлығының тиісті деңгейіне негізді күмән туындаған кезде ол кезектен тыс аттестаттаудан өткізіледі.
2. Сот сарапшысын аттестаттау, оның ішінде кезектен тыс аттестаттау жүргізудің тәртібін, сондай-ақ аттестаттау комиссиялары қызметінің тәртібін және олардың құрамын Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы айқындайды.
15-бап. Сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияны берудің, беруден бас тартудың тәртібі мен шарттары
1. Заңды тұлғаларға сот-медициналық, сот-психиатриялық және сот-наркологиялық сараптама саласында сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензия беріледі.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілгендерді қоспағанда, жеке тұлғаларға сот-сараптамасының өзге түрлері саласында сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензия беріледі.
3. Сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензия басты лицензия болып табылады.
4. Сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияны берудің, беруден бас тартудың тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасымен белгіленеді.
16-бап. Сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, тоқтату және одан айыру
1. Сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияның қолданылуын тоқтата тұрудың, тоқтатудың және одан айырудың тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасымен белгіленеді.
2. Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасында көзделген жалпы негіздерден басқа, жеке тұлғаның сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензиясының қолданылуы:
1) ол мемлекеттік қызметте болған;
2) ол өз қызметін Қазақстан Республикасы Парламенті депутатының, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ақы төленетін тұрақты немесе босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутатының өкілеттіктерін атқарған;
3) сот сараптамасы органдарында сот сарапшысы лауазымында жұмыс істеген;
4) мерзімді әскери қызметті өткерген кезеңде тоқтатыла тұрады.
Көрсетілген жағдайларда лицензияның қолданылуы Қазақстан Республикасы Әділет министрінің бұйрығымен тоқтатыла тұрады. Лицензиясының қолданылуы тоқтатылған адам, Қазақстан Республикасының соттары, құқық қорғау органдары және адвокатура органдары қабылданған шешім туралы хабардар етіледі.
3. Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасында көзделген жалпы негіздерден басқа, жеке тұлғаның сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензиясының қолданылуын тоқтату:
1) мынадай:
адам сот-сараптама қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын өрескел не бірнеше қайтара бұзған;
адамды аттестаттау нәтижелерімен расталған кәсіптік даярлығының жеткіліксіз деңгейі салдарынан оның сот сарапшысы міндеттерін атқаруы мүмкін болмаған;
адам аттестаттаудан өтуден жалтарған жағдайларда, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің талап-арызы бойынша сот тәртібімен жүзеге асырылады;
2) мынадай:
адам соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі, қайтыс болған не хабарсыз кеткен деп танылған;
адам Қазақстан Республикасының азаматтығынан айрылған;
адам қасақана қылмыс жасағаны үшін ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған;
адамға қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген жағдайларда, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жүзеге асырады.
4. Осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайларда, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы сот-сараптама қызметін лицензиялау жөніндегі комиссия сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияның қолданылуын тоқтату туралы ұсынуымен талап-арызды дайындау туралы Қазақстан Республикасы Әділет министріне жүгінеді.
Қазақстан Республикасы Әділет министрі сот шешімі негізінде сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияның қолданылуын тоқтату туралы бұйрық шығарады, оның көшірмесі лицензиясының қолданылуы тоқтатылған адамға жіберіледі. Сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияның қолданылуын тоқтату туралы Қазақстан Республикасының соттары, құқық қорғау органдары және адвокатура органдары хабардар етіледі.
5. Осы баптың 3-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайларда, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы сот-сараптама қызметін лицензиялау жөніндегі комиссия сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияның қолданылуын тоқтату туралы ұсынуымен Қазақстан Республикасы Әділет министріне жүгінеді.
Қазақстан Республикасы Әділет министрі сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияның қолданылуын тоқтату туралы бұйрық шығарады, оның көшірмесі лицензиясының қолданылуы тоқтатылған адамға жіберіледі. Сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияның қолданылуын тоқтату туралы Қазақстан Республикасының соттары, құқық қорғау органдары және адвокатура органдары хабардар етіледі.
17-бап. Қазақстан Республикасы сот сарапшыларының мемлекеттік тізілімi
1. Сот сараптамасы органдарының қызметкерлері болып табылатын сот сарапшылары туралы, сондай-ақ сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензиялары бар адамдар туралы мәліметтер мақсаттарын және қалыптастырылу мен пайдаланылу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін Қазақстан Республикасы Сот сарапшыларының мемлекеттік тізіліміне енгізіледі.
2. Осы Заңның 12-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, қылмыстық процесті жүргізуші орган, сот, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуінде жатқан орган (лауазымды адам) оны жүргізуді Қазақстан Республикасы Сот сарапшыларының мемлекеттік тізіліміне ол туралы мәліметтер енгізілген сот сарапшысына тапсырады.
18-бап. Сот сарапшысының құқықтары
1. Сот сарапшысының:
1) сот сараптамасының нысанасына қатысты іс материалдарымен танысуға;
2) қорытынды беру үшін қажетті қосымша материалдарды өзіне беру туралы өтінішті мәлімдеуге;
3) қылмыстық процесті жүргізуші органның, соттың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуінде жатқан органның (лауазымды адамның) рұқсатымен іс жүргізу әрекеттерін жүргізуге және сот отырыстарына қатысуға және оларға қатысушы адамдарға сот сараптамасының нысанасына қатысты сұрақтар қоюға;
4) өзі қатысқан іс жүргізу әрекетінің хаттамасымен, сондай-ақ тиісті бөлігінде сот отырысының хаттамасымен танысуға және өзінің әрекеттері мен айғақтарының толық және дұрыс көрсетілуіне қатысты оларға енгізілуге жататын ескертулер жасауға;
5) сараптаманы тағайындаған органның келісімі бойынша сот-сараптамалық зерттеу барысында анықталған, іс үшін маңызы бар, сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда, ұйғарымда қамтылған мәселелердің шегінен тыс мән-жайлар бойынша өз құзыреті шегінде қорытынды беруге;
6) ана тілінде немесе өзі білетін тілде қорытынды ұсынуға және айғақтар беруге; аудармашының тегін көмегін пайдалануға, одан бас тартуды мәлімдеуге;
7) сот сараптамасын жүргізу кезінде қылмыстық процесті жүргізуші органның, соттың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуінде жатқан органның (лауазымды адамның) және істі жүргізуге қатысатын өзге де адамдардың өзінің құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттеріне шағым жасауға;
8) сот сараптасын жүргізу кезінде келтірілген шығындарға өтем және егер сот сараптамасын жүргізу өзінің лауазымдық міндеттерінің шеңберіне кірмейтін болса, орындалған жұмысы үшін сыйақы алуға құқығы бар.
Сот сарапшысының заңмен көзделген өзге құқықтары да болады.
2. Сот сарапшысы:
1) қылмыстық процесті жүргізуші органды, сотты, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуінде жатқан органды (лауазымды адамды) хабардар етпестен, сот сараптамасын жүргізуге байланысты мәселелер бойынша процеске қатысушылармен келіссөздер жүргізуге;
2) зерттеу үшін материалдарды дербес жинауға;
3) егер сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) оған арнайы рұқсаты болмаса, объектілерді толық немесе ішінара жоюға не олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгертуге әкеп соғуы мүмкін зерттеулер жүргізуге құқылы емес.
19-бап. Сот сарапшысының міндеттері
Сот сарапшысы:
1) қылмыстық процесті жүргізуші органның, соттың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуінде жатқан органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуге;
2) өзіне ұсынылған объектілерге жан-жақты, толық және объективті зерттеу жүргізуге, өзінің алдына қойылған мәселелер бойынша негізделген жазбаша қорытынды беруге;
3) заңмен көзделген жағдайларда, қорытынды беруден бас тартуға, қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы дәлелді жазбаша хабарлама жасауға және оны сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) жіберуге;
4) жүргізілген зерттеуге және берілген қорытындыға байланысты мәселелер бойынша айғақтар беруге;
5) зерттеуге ұсынылған объектілердің сақталуын қамтамасыз етуге;
6) істің мән-жайы туралы мәліметтерді және сот сараптамасын жүргізуге байланысты өзіне белгілі болған өзге де мәліметтерді жария етпеуге;
7) сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) сот сараптамасын жүргізу кезіндегі шығыстардың сметасын және келтірілген шығыстар туралы есепті табыс етуге міндетті.
20-бап. Сот сараптамасы органдары
Сот сараптамасын:
1) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамасы органдарын;
2) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органының сот сараптамасы органдарын, оның ішінде өздерінің функцияларына сот-психиатриялық, сот-наркологиялық сараптамаларды жүргізу жатқызылған денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының мамандандырылған психиатриялық және наркологиялық ұйымдарын қамтитын сот сараптамасының мемлекеттік ұйымдарының жүйесі жүзеге асырады.
21-бап. Сот сараптамасы органы басшысының құқықтары
1. Сот сараптамасы органының басшысы:
1) егер:
сот сараптамасын жүргізу үшін ұсынылған материалдар заң талаптарына сәйкес келмесе;
осы сот сараптамасы органында қажетті арнаулы ғылыми білімі бар сот сарапшысы болмаса;
сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда, ұйғарымда көрсетілген, сот сарапшысының алдына қойылған мәселелер оның құзыретінің шегінен тыс болса;
осы сот сараптамасы органының материалдық-техникалық базасы қажетті сот-сараптамалық зерттеу жүргізуге мүмкіндік бермесе, тиісті дәлелдерді көрсете отырып, сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыны, ұйғарымды орындамастан және зерттеуге ұсынылған объектілерді сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) қайтаруға;
2) сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) алдында осы сот сараптамасы органының қызметкерлері болып табылмайтын адамдарды, егер олардың арнаулы ғылыми білімі қорытынды беру үшін қажет болса, сот сарапшылары комиссиясының құрамына енгізу туралы өтініш жасауға;
3) сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) алдында шет мемлекеттің сот сарапшысын тарту туралы өтініш жасауға;
4) сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) алдында сот сараптамасы ісін жүргізу мерзімін ұзарту туралы дәлелді өтініш жасауға құқылы.
Сот сараптамасы органы басшысының заңмен көзделген өзге құқықтары да болады.
2. Сот сараптамасы органының басшысы:
1) сот сараптамасын жүргізу үшін қажетті зерттеу объектілерін дербес талап етуге;
2) осы сот сараптамасы органының қызметкерлері болып табылмайтын адамдарды сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) келісімінсіз оны жүргізуге тартуға;
3) сот сарапшысына нақты сот сараптамасы бойынша қорытындылардың мазмұнын алдын ала шешетін нұсқау беруге құқылы емес.
22-бап. Сот сараптамасы органы басшысының міндеттері