84-бап. Жазбаша дәлелдемелерді сақталып тұрған жерінде қарау және зерттеу
Жазбаша дәлелдемелерді сотқа беру қиын болған ретте сот тиісінше куәландырылған көшірмелерді және үзінділерді беруді талап ете алады немесе жазбаша дәлелдемелерді олар сақталып қойылған жерде қарай алады және зерттей алады.
85-бап. Түпнұсқа жазбаша дәлелдемелерді қайтару
1. Түпнұсқа жазбаша дәлелдемелер, сондай-ақ істегі жеке хаттар оларды табыс еткен тұлғалардың өтініші бойынша сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оларға қайтарылуы мүмкін. Бұл орайда істе жазбаша дәлелдемелердің судья куәландырған көшірмесі қалады.
2. Жазбаша дәлелдемелер соттың шешімі заңды күшіне енгенге дейін, егер сот мүмкін деп тапса, оларды табыс еткен тұлғаларға қайтарылуы мүмкін.
86-бап. Заттай дәлелдемелер
Егер заттар өзінің сыртқы түрімен, қасиеттерімен немесе өзге де белгілерімен іс үшін маңызы бар мән-жайды анықтау құралы бола алады деп ұйғаруға негіз болса, олар заттай дәлелдемелер деп танылады.
87-бап. Заттай дәлелдемелерді сақтау және қарау
1. Заттай дәлелдемелер істе сақталады немесе айрықша тізілім бойынша соттың заттай дәлелдемелер сақтау камерасына өткізіледі. Сот заттай дәлелдемелерді өзгеріссіз қалпында сақтауға шара қабылдайды.
2. Сотқа әкелу мүмкін емес заттар тұрған жерінде сақталады. Оларды сот қарап, хаттамада егжей-тегжейлі сипаттауға, ал қажет болған жағдайда суретке түсіруге және мөрмен бекітілуге тиіс. Заттай дәлелдемелерді қарау хаттамасы іске қосып тігіледі.
3. Заттай дәлелдемелерді сақтау жөніндегі шығындар осы Кодекстің 110-бабына сәйкес тараптар арасында бөлінуі мүмкін.
88-бап. Тез бүлінетін заттай дәлелдемелерді қарау
1. Тез бүлінетін заттай дәлелдемелерді сот дереу қарап шығады және зерттейді, одан кейін оларды қарап шығуға әкелген адамға қайтарады.
2. Мұндай заттай дәлелдемелерді қарап, зерттеу орны мен уақыты туралы іске қатысушы адамдар, егер олар заттай дәлелдемелерді тұрған жерінде қарау кезінде келе алса, хабарланады. Хабарланған іске қатысушы адамдардың келмеуі заттай дәлелдемелерді қарап, зерттеуге кедергі келтірмейді. Қарап шығу және зерттеу деректері хаттамаға енгізіледі.
3. Тез бүлінетін заттай дәлелдемелерді қарап шығу, оның нәтижелерін жазу осы Кодекстің 87-бабының екінші және үшінші бөліктерінде көзделген тәртіппен жүргізіледі.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 89-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
89-бап. Заттай дәлелдемелерге билік ету
1. Осы Кодекстің 88-бабының бірінші бөлігінде көзделгендерден басқа, заттай дәлелдемелер соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін олар алынған адамдарға қайтарылады немесе сот бұл заттарға құқығын таныған адамдарға беріледі немесе сот белгілеген тәртіппен өткізіледі.
2. Заң бойынша азаматтардың иелігінде бола алмайтын заттар тиісті ұйымдарға беріледі.
3. Заттай дәлелдемелер оларды сот қарап шығып зерттегеннен кейін, егер олар алынған тұлғалар өтініш жасаса және мұндай өтінішті қанағаттандыру істі дұрыс шешу үшін кедергі келтірмесе, іс жүргізу аяқталғанға дейін оларға қайтарылуы мүмкін.
4. Заттай дәлелдемелерге билік ету мәселелері бойынша сот ұйғарым шығарады.
2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 90-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
90-бап. Дәлелдеу процесіндегі ғылыми-техникалық құралдар
1. Іс бойынша дәлелдеу процесінде ғылыми-техникалық құралдарды сот, тараптар, сондай-ақ сарапшы және маман өздері осы Кодексте көзделген іс жүргізу міндеттерін атқаруы кезінде пайдалана алады.
2. Ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану кезінде жәрдем көрсету үшін сот маман шақыруы мүмкін.
3. Ғылыми-техникалық құралдарды қолдануға, егер олар:
1) заңда тікелей көзделсе немесе оның нормалары мен принциптеріне қайшы келмесе;
2) ғылымилығы жарамды болса;
3) іс бойынша іс жүргізудің тиімділігін қамтамасыз ететін болса;
4) қауіпсіз болса, жол беруге болады деп танылады.
4. Ғылыми-техникалық құралдарды жасырын қолданудың нәтижесі, мұндай қолдануға заңмен жол берілетін жағдайларды қоспағанда, дәлелдеме ретінде пайдаланылмайды.
5. Ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану тарап ұсынған анықтамамен белгіленеді немесе ғылыми-техникалық құралдардың деректері, оларды пайдаланудың шарттары мен тәртібі, бұл құралдар қолданылған объектілер және оларды пайдаланудың нәтижелері көрсетіле отырып, сот жүргізген тиісті іс жүргізу әрекетінің хаттамасында не сот отырысының хаттамасында көрсетіледі.
6. Ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен алынған құжаттар мен басқа да материалдарды зерттеу, сақтау және оларға билік ету осы Кодекстің 87 және 89-баптарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
ҚР 06.11.01 ж. № 251-II Заңымен; 2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2013.02.07. № 113-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 91-бап өзгертілді
91-бап. Сараптама тағайындау
1. Сараптама сарапшы арнаулы ғылыми білім негізінде жүргізетін оның объектілерін зерттеу нәтижесінде іс үшін маңызы бар мән-жайлар анықталуы мүмкін жағдайда тағайындалады. Азаматтық сот ісін жүргізуге қатысушы өзге адамдардың мұндай білімінің болуы сотты тиісті жағдайларда сараптама тағайындау қажеттігінен босатпайды.
2. Істе ревизия, тексеру актілерінің, ведомстволық инспекциялар қорытындыларының, сондай-ақ мамандардың жазбаша консультацияларының, бағалаушылар есептерінің болуы сарапшының қорытындысын ауыстырмайды және сол мәселелер бойынша сот сараптамасын тағайындау мүмкіндігін жоққа шығармайды.
3. Сот сараптаманы тараптың өтініші бойынша және өз бастамасы бойынша тағайындайды.
4. Сарапшы ретінде арнайы ғылыми білімі бар іске мүдделі емес адам шақырылуы мүмкін. Сот сараптамасын жүргізу:
1) сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне;
2) лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын жеке тұлғаларға;
3) заң талаптарына сәйкес бір жолғы тәртіппен өзге де адамдарға тапсырылуы мүмкін.
5. Іске қатысушы тұлғалар соттан сараптама ісін жүргізуді арнайы қажетті ғылыми білімі бар нақты адамға тапсыру туралы сұрай алады.
6. Сараптама жүргізу іске қатысушылар ұсынған тұлғалардың біріне тапсырылуы мүмкін. Соттың сараптама жүргізу тапсырылған адамды шақырту талабы аталған адам жұмыс істейтін ұйымның басшысы үшін міндетті.
7. Іске қатысушы әрбір адам сарапшының алдына қойылуы тиіс мәселелерді сотқа қоюға құқылы. Сарапшы қорытынды беруге тиіс мәселелердің түпкілікті шеңберін сот айқындайды.Ұсынылған мәселелерді қабылдамауды сот дәлелдеуге міндетті. Соттың сараптама тағайындау туралы ұйғарымына шағым жасалуы және наразылық білдірілуі мүмкін.
8. Егер тарап сараптама жүргізуге қатысудан жалтарса немесе оны өткізуге кедергі келтірсе (сараптамаға келмесе, сарапшыларға зерттеу үшін қажетті материалдар бермесе, сотқа беруге мүмкіндік болмайтын немесе қиындық келтіретін өзіне тиісті объектілерді зерттеуге мүмкіндік бермесе), ал істің мән-жайлары бойынша мұндай тараптың қатысуынсыз сараптама жүргізу мүмкін болмаса, сот қай тараптың сараптамадан жалтарғанына, сондай-ақ ол үшін оның қаншалықты маңызы барлығына қарай анықтау үшін сараптама тағайындалған фактіні анықталған немесе жоққа шығарылған деп тануға құқылы.
9. Сараптаманың тағайындалуы туралы сот ұйғарым шығарады.
10. Сараптама тағайындау туралы ұйғарымда: соттың атауы, сараптаманы тағайындау уақыты, орны; қаралатын іс бойынша тараптардың атауы; сараптаманың түрі; сараптама тағайындау үшін негіздер; сараптамаға жіберілетін объектілер және олардың шығу тегі туралы ақпарат, сондай-ақ көрсетілген объектілерді зерттеу барысында толық немесе ішінара жою, олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгерту мүмкіндігіне рұқсат; сот сараптамасы органының атауы және (немесе) сот сараптамасын жүргізу тапсырылған адамның тегі көрсетіледі. Соттың сараптама тағайындау туралы ұйғарымы ол жіберілген және өз құзыретіне кіретін органдардың немесе адамдардың орындауы үшін міндетті.
2006.04.07. № 151-III ҚР Заңымен 91-1-баппен толықтырылды; 2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен 91-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
91-1-бап. Үлгілерді алу
1. Судья, егер үлгілерді зерттеудің іс үшін маңызы бар болса, оларды, оның ішінде тірі адамның, мәйіттің, жануардың, заттың, нәрсенің қасиеттерін бейнелейтін үлгілерді алуға құқылы.
2. Үлгілерге материалдардың, заттардың, шикізаттардың, дайын өнімнің сынамалары да жатады.
3. Үлгілерді алу туралы дәлелді ұйғарым шығарылады, онда: үлгілерді алатын адам; үлгілер алынуы тиіс адам (ұйым); нақты қандай үлгілер және қандай санда алынуы тиіс екені; адам үлгілерді алу үшін қашан және кімге келуі тиіс екені; үлгілер алынғаннан кейін олардың қашан және кімге табыс етілуі тиіс екені көрсетілуі қажет.
4. Үлгілерді судьяның жеке өзі алуы, ал қажет болса, егер бұл әрекет үлгілер алынатын жынысы басқа адамды жалаңаштап шешіндірумен байланысты болмаса және ерекше кәсіби дағдыны талап етпесе, маманның қатысуымен алуы мүмкін. Өзге жағдайларда үлгілерді судьяның тапсырмасы бойынша маман алуы мүмкін.
5. Үлгілерді алу құқығы судьяда, сарапшыда немесе маманда болады.
6. Yлгілерді алу сараптамалық зерттеудің бір бөлігі болып табылатын жағдайларда, оны сарапшы жүргізуі мүмкін.
7. Yлгілер тараптардан, сондай-ақ үшінші тұлғалардан алынуы мүмкін.
8. Судья адамды өзіне шақырады, оны, қолхат ала отырып, үлгілерді алғаны туралы ұйғарыммен таныстырады, оған және осы іс жүргізу әрекеттеріне қатысушы өзге де адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді.
9. Судьяның жеке өзі немесе маманның қатысуымен қажетті әрекеттерді жүргізеді, үлгілерді алады, оларды орайды және мөр басады.
10. Yлгілерді алу нәтижелері іс жүргізу әрекеттерінің (сот отырысының) хаттамасында тіркеледі, онда жүргізілу ретін сақтай отырып, үлгілерді алу үшін жасалған әрекеттер, бұл ретте қолданылған ғылыми-зерттеу және басқа да әдістер мен рәсімдер, сондай-ақ үлгілердің өздері жазылады.
2006.04.07. № 151-III ҚР Заңымен 91-2-баппен толықтырылды; 2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен 91-2-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
91-2-бап. Маманның немесе сарапшының тірі адамнан үлгiлердi алуы
1. Судья өзiнен үлгілер алынуға тиiс адамды, сондай-ақ тиiстi үлгілерді алу туралы ұйғарымды маманға жiбередi. Ұйғарымда осы процестік әрекетке барлық қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi көрсетiлуге тиiс.
2. Маман судьяның тапсыруы бойынша қажеттi әрекеттердi жүргізеді және сараптамалық зерттеу үшін талап етілетін үлгілердi алады. Yлгiлер қапталады және мөрленеді, содан кейiн маман жасаған ресми құжатпен бiрге судьяға жiберiледi.
3. Сарапшы зерттеу процесінде сынақ үлгілер дайындауы мүмкін, бұл туралы ол қорытындыда хабарлайды.
4. 2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5. Сарапшы зерттеу жүргізгеннен кейін үлгілерді оралған және мөр басылған түрде өзінің қорытындысына қоса тіркейді.
6. Егер үлгілерді судьяның тапсырмасы бойынша маман немесе сарапшы алған болса, онда ол ресми құжат жасап, оған іс жүргізу әрекетіне барлық қатысушылар қол қояды және іс материалдарына қоса тіркеу үшін судьяға беріледі.
7. Алынған үлгілер оралған және мөр басылған түрде хаттамаға қоса тіркеледі.
2006.04.07. № 151-III ҚР Заңымен 91-3-баппен толықтырылды
91-3-бап. Үлгілерді алу кезінде тұлғаның құқықтарын қорғау
Үлгілерді алу әдістері мен ғылыми-техникалық құралдары адамның өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіз болуы тиіс. Қатты ауыру сезінуін тудыратын күрделі медициналық рәсімдерді немесе әдістерді қолдануға үлгілер алынуға тиісті адам жазбаша келісім бергенде ғана, ал егер ол кәмелетке толмаған немесе психикалық аурумен ауыратын болса, бұған қоса оның заңды өкілдерінің де келісімімен жол беріледі.
2006.04.07. № 151-III ҚР Заңымен 92-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 92-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
92-бап. Сарапшының құқықтары мен міндеттері
1. Сарапшының: сараптама нысанасына қатысты іс материалдарымен танысуға; қорытынды беру үшін қажетті қосымша материалдарды өзіне беру туралы өтінішті мәлімдеуге; соттың рұқсатымен іс жүргізу әрекеттерін жүргізуге және сот отырысына қатысуға және оларға қатысушы адамдарға сараптама нысанасына қатысты сұрақтар қоюға; өзі қатысқан іс жүргізу әрекетінің хаттамасымен, сондай-ақ тиісті бөлігінде сот отырысының хаттамасымен танысуға және өзінің әрекеттері мен айғақтарының толық және дұрыс көрсетілуіне қатысты хаттамаларға енгізілуге тиісті ескертпелер жасауға; сот сараптамасын тағайындаған соттың келісімі бойынша сот-сараптамалық зерттеу барысында анықталған, азаматтық іс үшін маңызы бар, сараптама тағайындау туралы ұйғарымда қамтылған мәселелердің шегінен тыс мән-жайлар бойынша өз құзыреті шегінде қорытынды беруге; ана тілінде немесе өзі білетін тілде қорытынды ұсынуға және айғақтар беруге; аудармашының тегін көмегін пайдалануға; аудармашыдан бас тартуды мәлімдеуге; сараптама жүргізу кезінде соттың және іс жүргізуге қатысушы өзге де адамдардың өзінің құқықтарына нұқсан келтіретін шешімдері мен әрекеттеріне шағым жасауға; сараптама жүргізу кезінде шеккен шығыстарға өтем және егер сот сараптамасын жүргізу өзінің лауазымдық міндеттерінің шеңберіне кірмейтін болса, орындалған жұмысы үшін сыйақы алуға құқығы бар.
2. Сарапшы: соттан бөлек, іске қатысушы адамдармен сараптама жүргізуге байланысты мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуге; сараптамалық зерттеу үшін материалдарды дербес жинауға; егер сараптама тағайындаған соттың бұған арнайы рұқсаты болмаса, объектілерді толық немесе ішінара жоюға, олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгертуге әкеп соғуы мүмкін зерттеулер жүргізуге құқылы емес.
3. Сарапшы: соттың шақыртуы бойынша келуге; өзіне ұсынылған объектілерге жан-жақты, толық және объективті зерттеу жүргізуге; өзінің алдына қойылған мәселелер бойынша негізделген жазбаша қорытынды беруге; осы Кодекстің 97-бабында көзделген жағдайларда, қорытынды беруден бас тартуға және қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы дәлелді жазбаша хабарлама жасауға және оны сотқа жіберуге; жүргізілген зерттеуге және берілген қорытындыға байланысты мәселелер бойынша айғақтар беруге; зерттеліп жатқан объектілердің сақталуын қамтамасыз етуге; істің мән-жайы туралы мәліметтерді және сараптама жүргізуге байланысты өзіне белгілі болған өзге де мәліметтерді жария етпеуге міндетті.
4. Сарапшы көрінеу жалған қорытынды бергені үшін заңда көзделген қылмыстық жауаптылықта болады.
5. Сот сараптамасы органының қызметкері болып табылатын сарапшы өз қызметінің сипатына қарай өзінің құқықтарымен және міндеттерімен танысқан және көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескертілген деп есептеледі.
2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 93-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
93-бап. Сараптама жүргізу тәртібі
1. Сараптама сотта немесе зерттеу сипатына не сот отырысында зерттеу үшін объектілерді жеткізудің мүмкін еместігіне немесе қиындығына қарай соттан тыс жүргізіледі. Сараптама жүргізілген кезде сараптама тағайындаған соттың рұқсатымен сараптама объектілері зерттеу жүргізу және қорытынды беру үшін қаншалықты қажет болса, сол шамада ғана бүлдірілуі немесе пайдаланылуы мүмкін. Аталған рұқсат сот сараптамасын тағайындау туралы ұйғарымда немесе сот сарапшысының өтінішін қанағаттандыру туралы не оны қанағаттандырудан ішінара бас тарту туралы дәлелді ұйғарымда қамтылуға тиіс.
2. Сараптамалық зерттеу объектілерінің дұрыстығына және жол берілгендігіне сот кепілдік береді.
3. Сараптамалық зерттеу объектілері, егер олардың көлемдері және қасиеттері мүмкіндік берсе, сарапшыға буып-түйілген және мөрмен бекітілген күйінде беріледі. Қалған жағдайларда сараптаманы тағайындаған сот сарапшыны зерттеу объектілері орналасқан жерге жеткізуді, оларға кедергісіз қол жеткізуді және зерттеу жүргізу үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге тиіс.
4. Іске қатысушы адамдар сараптама жүргізу кезінде, осындай қатысу соттан тыс сараптама жүргізу кезінде сарапшылардың қалыпты жұмысына кедергі келтіретін жағдайларды қоспағанда, қатысуға құқылы. Сот іске қатысушы адамдардың сараптама жүргізу кезінде қатысуы туралы өтінішті қанағаттандырған жағдайда, аталған адамдарға сараптама жүргізілетін орын мен уақыт туралы хабарланады. Хабарландырылған адамдардың келмеуі сараптама жүргізуге кедергі келтірілмейді.
5. Соттан тыс сараптама жүргізу кезінде іске қатысушы адамдар қатысқан жағдайда, сот приставының міндетті түрде қатысуын сот айқындайды.
6. Сараптама жүргізу сот сараптамасы органына тапсырылған кезде, сот сараптама тағайындау туралы ұйғарымды және қажетті материалдарды оның басшысына жібереді. Сараптаманы сот сараптамасы органының ұйғарымда көрсетілген қызметкері жүргізеді. Егер сараптама тағайындау туралы ұйғарымда нақты сарапшы көрсетілмесе, оны таңдауды сот сараптамасы органының басшысы жүзеге асырады, бұл туралы сараптама тағайындаған сотқа хабарлайды.
7. Сот сараптамасы органының басшысы: осы сот сараптамасы органында қажетті арнаулы ғылыми білімі бар сарапшы болмаса, осы сот сараптамасы органының материалдық-техникалық базасы мен жағдайы нақты сараптама міндеттерін шешуге мүмкіндік бермесе; сарапшының алдына қойылған мәселелер оның құзыретінің шегінен тыс болса; сараптама жүргізуге арналған материалдар осы Кодексте көзделген талаптар бұзыла отырып ұсынылса, дәлелдерді көрсете отырып, сотқа сараптама тағайындау туралы ұйғарымды орындамастан, оны жүргізу үшін ұсынылған объектілерді қайтаруға; сот алдында осы сот сараптамасы органында жұмыс істемейтін адамдарды, егер олардың арнаулы ғылыми білімі қорытынды беру үшін қажет болса, сот сарапшылары комиссиясының құрамына енгізу туралы өтініш жасауға құқылы.
Сот сараптамасы органы басшысының заңда көзделген өзге құқықтары да бар.
8. Сот сараптамасы органының басшысы: сот сараптамасын жүргізу үшін қажетті объектілерді оны тағайындау туралы ұйғарымсыз талап етіп алдыруға; оны жүргізуге осы мекемеде жұмыс істемейтін адамдарды соттың келісімінсіз дербес тартуға; сарапшыға нақты сараптама бойынша қорытындылардың мазмұнын алдын ала шешетін нұсқаулар беруге құқылы емес.
9. Сот сараптамасы органының басшысы: сот сараптамасын тағайындау туралы ұйғарымды және зерттеу объектілерін алысымен, заңның талаптарын ескере отырып, осы сот сараптамасы органының нақты сот сарапшысына немесе сот сарапшылары комиссиясына жүргізуді тапсыруға; сот сарапшысының тәуелсіздігі принципін бұзбастан, сот сараптамасын жүргізу мерзімінің сақталуына, жүргізіліп жатқан зерттеулердің жан-жақтылығына, толықтығы мен объективтілігіне, сот сараптамасы объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге бақылауды қамтамасыз етуге; сот сараптамасын жүргізуді ұйымдастыруға байланысты өзіне белгілі болған мәліметтерді жария етпеуге міндетті.
10. Егер сараптама жүргізуді сот сараптамасы органының қызметкері болып табылмайтын адамға тапсыру ұйғарылса, сот оны тағайындау туралы ұйғарым шығарылғанға дейін оның жеке басына және сарапшыдан бас тартуға осы Кодекстің 41-бабында көзделген негіздердің жоқ екендігіне көз жеткізуге тиіс.
11. Сот сараптама тағайындау туралы ұйғарым шығарады, оны сарапшыға тапсырады, оған осы Кодекстің 92-бабында көзделген құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді және көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескертеді. Сот осы іс-әрекеттердің орындалуы жөнінде сараптама тағайындау туралы ұйғарымға белгі қояды, ол сарапшының қолымен куәландырылады. Сарапшы жасаған мәлімдеме және оның өтініші дәл осылайша бекітіледі. Сот сарапшының өтінішін қабылдамау туралы дәлелді ұйғарым шығарады.
12. Сараптама жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу, сондай-ақ сарапшының еңбегіне ақы төлеу осы Кодекстің 108-бабының ережелері бойынша жүргізіледі.
2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 94-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
94-бап. Жеке және комиссиялық сараптама
1. Сараптама жүргізуді сарапшы жеке не сарапшылар комиссиясы жүзеге асырады.
2. Комиссиялық сараптама күрделі сараптамалық зерттеулер жүргізу қажет болған жағдайларда тағайындалады және оны бір мамандықтағы кемінде екі сарапшы жүргізеді.
3. Комиссиялық сот сараптамасы жүргізілген кезде сот сарапшыларының әрқайсысы сот-сараптамалық зерттеуді толық көлемінде тәуелсіз және дербес жүргізеді. Сараптамалық комиссияның мүшелері алынған нәтижелерді бірлесіп талдайды және ортақ пікірге келе отырып, қорытындыға қол қояды не қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарламаға қол қояды. Сарапшылар арасында келіспеушілік болған жағдайда олардың әрқайсысы немесе сарапшылардың бір бөлігі жеке қорытынды береді не пікірі комиссияның басқа мүшелерінің қорытындысымен сәйкес келмейтін сарапшы пікірін қорытындыда жеке тұжырымдайды.
4. Соттың комиссиялық сараптама жүргізу туралы ұйғарымы сот сараптамасы органының басшысы үшін міндетті болып табылады. Сот сараптамасы органының басшысы табыс етілген материалдар бойынша комиссиялық сараптама жүргізу туралы өз бетінше шешім қабылдауға және оны жүргізуді ұйымдастыруға құқылы.
95-бап. Кешенді сараптама
1. Кешенді сараптама іс үшін маңызы бар мән-жайларды анықтау үшін әртүрлі білім саласының негізінде зерттеулер жүргізу қажет болған жағдайларда тағайындалады және оны мамандығы әртүрлі сарапшылар өздерінің құзыреті шеңберінде жүргізеді.
2. Кешенді сараптаманың қорытындысында әрбір сарапшының қандай зерттеуді, оны қандай көлемде жүргізгені және оның қандай қорытындыға келгені көрсетілуге тиіс. Әрбір сарапшы қорытындының осы зерттеулер мазмұндалған бөлігіне қол қояды.
3. Әрбір сарапшы жүргізген зерттеулер нәтижелерінің негізінде олар анықтау үшін сараптама тағайындалған мән-жайлар туралы ортақ қорытынды (қорытындылар) тұжырымдайды. Ортақ қорытындыны (қорытындыларды) алынған нәтижелерді бағалауға құзыреті бар сарапшылар ғана тұжырымдайды және оған қол қояды. Егер комиссияның түпкілікті қорытындысына немесе оның бір бөлігінде сарапшылардың бірі (жекелеген сарапшылар) анықтаған фактілер негіз болса, онда бұл туралы қорытындыда көрсетілуге тиіс.
4. Сарапшылар арасында келіспеушіліктер болған жағдайда зерттеулердің нәтижелері осы Кодекстің 94-бабының үшінші бөлігіне сәйкес ресімделеді.
5. Сот сараптамасы органына тапсырылған кешенді сараптама жүргізуді ұйымдастыру оның басшысына жүктеледі. Сот сараптамасы органының басшысы сондай-ақ табыс етілген материалдар бойынша кешенді сараптама жүргізу туралы өз бетінше шешім қабылдауға және оны жүргізуді ұйымдастыруға құқылы.
2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 96-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
96-бап. Сарапшының қорытындысы
1. Сарапшының қорытындысы - сот немесе тараптар сарапшының алдына қойған мәселелер бойынша сараптама объектілерін арнаулы ғылыми білімді пайдалана отырып жүргізілген зерттеуге негізделіп, осы Кодексте көзделген жазбаша нысанда ұсынылған қорытындылар.
2. Сарапшы (сарапшылар) қажетті зерттеулер жүргізгеннен кейін оның нәтижелерін ескере отырып, өз атынан қорытынды жасайды, оны өз (өздерінің) қол қоюымен және жеке мөрімен куәландырып, сараптама тағайындаған сотқа жібереді. Сараптаманы сот сараптамасы органы жүргізген жағдайда сарапшының (сарапшылардың) қолы аталған органның мөрімен расталады.
3. Сарапшының қорытындысында: оның ресімделген күні, сараптаманың жүргізілген мерзімдері және орны; сот сараптамасын жүргізудің негіздері; сот туралы мәліметтер, сараптама жүргізу тапсырылған сот сараптамасы органы және (немесе) сарапшы (сарапшылар) туралы мәліметтер (тегі, аты, әкесінің аты, білімі, мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс стажы, ғылыми дәрежесі және ғылыми атағы, атқаратын қызметі); көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылық туралы өзінің ескертілгені туралы сарапшының қолымен куәландырылған белгі; сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер; сараптама жүргізу кезінде процеске қатысқан қатысушылар және олар берген түсіндірмелер туралы мәліметтер; зерттеу объектілері; пайдаланылған әдістемелер көрсетіле отырып, зерттеулердің мазмұны мен нәтижелері; жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін бағалау, сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер бойынша қорытындылардың негіздемесі мен тұжырымы көрсетілуге тиіс.
4. Егер осы Кодекстің 97-бабында көрсетілген мән-жайлар зерттеу барысында анықталса, қорытындыда қойылған сұрақтардың бәріне немесе олардың кейбіреуіне жауап берудің мүмкін еместігінің негіздемесі қамтылуға тиіс.
5. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген тәртіппен куәландырылған, сарапшының қорытындысын көрнекілейтін материалдар (фотокестелер, схемалар, графиктер, кестелер және басқа да материалдар) қорытындыға қоса беріледі және оның құрамдас бөлігі болып табылады. Сондай-ақ қорытындыға зерттеуден кейін қалған объектілер, оның ішінде үлгілер қоса берілуге тиіс.
6. Осы Кодекстің 98-1-бабында көзделген тәртіппен жүргізілген жауап алу барысында сарапшының берген айғақтары ол бұрын берген қорытындыны түсіндіру, толықтыру не нақтылау бөлігінде ғана дәлелдемелер болып табылады.
7. Сарапшының қорытындысы сот үшін міндетті болып табылмайды, алайда оның қорытындымен келіспеуі дәлелді болуға тиіс.