2. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімін экспорт кедендік рәсіміне өзгертуге Кеден одағының кедендік аумағына тауарлар іс жүзінде әкелінбей-ақ жол беріледі.
Экспорттың кедендік рәсімі кедендік аумақтан тыс қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың барлық көлеміне де, тауарлардың әрбір жекелеген партиясына да қолданылуы мүмкін.
3. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеудің кедендік рәсімін экспорттың кедендік рәсіміне өзгерту үшін:
1) қайта өңдеу өнімдеріне не қайта өңдеуге ұшырамаған тауарларға меншік құқығының Кеден одағының кедендік аумағының шегінен тыс жерлерде тіркелген және әрекет ететін шетелдік тұлғаға өтуін көздейтін шарт (келісімшарт);
2) экспорттың кедендік рәсімін мәлімдеу күніне, қайта өңдеушінің қайта өңдеу өнімдерінің саны туралы, оның ішінде қайта өңдеуге ұшырамаған тауарлар саны туралы құжаты негіздеме болып табылады.
42-тарау. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімі
368-бап. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімінің мазмұны
Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу қайта өңдеу өнімдеріне қолданылатын ставкалар бойынша кедендік әкелу баждарын төлей отырып, қайта өңдеу өнімдерін ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен кейіннен орналастырылған жағдайда, шетелдік тауарлар кедендік әкелу баждары төленбей, тыйым салулар мен шектеулерді, сондай-ақ арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемдік шараларды қолдана отырып, белгіленген мерзімде Кеден одағының кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау үшін пайдаланылатын кездегі кедендік рәсім болып табылады.
369-бап. Тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
1. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеуге тізбесі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тауарларға қатысты жол беріледі.
2. Тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастыруға:
1) Кеден одағына мүше мемлекеттің уәкілетті органы берген және осы Кодекстің 373-бабында айқындалған мәліметтер қамтылған, тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу шарттары туралы құжат табыс етілген;
2) кеден органдарының шетелдік тауарларды олардың қайта өңдеу өнімдерінде сәйкестендіру мүмкіндігі болған;
3) егер қайта өңдеу өнімдеріне қатысты төленуге жататын кедендік әкелу баждарының сомасы, егер олар ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған болса, шетелдік тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған күні төленуге жататынынан аз болған;
4) қайта өңдеу өнімдері экономикалық тиімді тәсілмен бастапқы жай-күйіне келтіріле алмаған жағдайда жол беріледі.
3. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар шетелдік тауарлардың мәртебесін сақтайды, ал тауарларды қайта өңдеу нәтижесінде алынған тауарлар шетелдік тауарлардың мәртебесін алады.
4. Осы Кодексте көзделген талаптар мен шарттар сақталған кезде ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімімен бұрын кедендік рәсімдермен орналастырылған шетелдік тауарлар орналастырылуы мүмкін.
370-бап. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу жөніндегі операциялар
1. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімінде тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операциялар:
1) қайта өңделген немесе өңдеген кезде шетелдік тауарлар өздерінің дара сипаттамаларын жоғалтатын қайта өңдеуді және өңдеуді;
2) монтаждауды, жинақтауды, бөлшектеуді және шақтауды қоса алғанда, тауарларды дайындауды қамтиды.
2. Тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операцияларға:
1) оларды сатуға және тасымалдауға дайындау кезінде тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі операциялар;
2) төл алу, жануарларды, құстарды, балықтарды өсіру және бордақылау, сондай-ақ шаян тәріздестер мен моллюскілерді өсіру;
3) ағаштар мен өсімдіктерді өсіру;
4) ақпаратты, дыбыс- және бейне жазбаларды ақпарат жеткізгіштердің кез келген түрлеріне көшіру және көбейту жатпайды.
371-бап. Шетелдік тауарларды қайта өңдеу өнімдерінде сәйкестендіру
Шетелдік тауарларды оларды қайта өңдеу өнімдерінде сәйкестендіру мақсатында мынадай тәсілдер пайдаланылуы мүмкін:
1) декларанттың, қайта өңдеуді жүзеге асыратын тұлғаның немесе кеден органдары лауазымды адамдарының бастапқы шетелдік тауарларға мөрлерді, мөртабандарды, цифрлық және басқа да таңбаларды қоюы;
2) шетелдік тауарлар ауқымында егжей-тегжейлі сипаттау, суретке түсіру, бейнелеу;
3) шетелдік тауарлардың және оларды қайта өңдеу өнімдерінің алдын ала іріктеп алынған сынамаларын, үлгілерін салыстыру;
4) тауарлардағы таңбалауды, оның ішінде сериялық нөмірлер түрінде пайдалану;
5) тауарлар сипатын және тауарларды қайта өңдеу жөніндегі жүзеге асырылатын операцияларды негізге ала отырып, оның ішінде тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операцияны жасаудың технологиялық процесінде шетелдік тауарларды пайдалану туралы, сондай-ақ қайта өңдеу өнімдері өндірісінің технологиясы туралы табыс етілген егжей-тегжейлі мәліметтерді зерттеу жолымен немесе тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау уақытында кедендік бақылауды жүзеге асыру жолымен қолданылуы мүмкін өзге де тәсілдер.
372-бап. Тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу мерзімі
1. Тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу мерзімін бір жылдан асыруға болмайды.
Тауарларды қайта өңдеу мерзімінің өтуі оларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастыру күнінен, ал тауарларды жекелеген партиялармен (бірнеше партиямен) кедендік декларациялау кезінде - осы кедендік рәсімге тауарлардың бірінші партиясын орналастыру күнінен басталады.
Кеден одағы комиссиясының шешімімен тауарлардың жекелеген санаттары үшін тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің неғұрлым ұзақ мерзімі айқындалуы мүмкін.
2. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу мерзімі:
1) тауарларды қайта өңдеудің өндірістік процесінің ұзақтығын;
2) қайта өңдеу өнімдерін ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру үшін қажетті уақытты қамтиды.
3. Тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу мерзімі осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзім шегінде ұзартылуы мүмкін.
4. Тауарларды қайта өңдеу мерзімін бір жыл шегінде ұзарту туралы мәселені шешу үшін декларант бақылауды жүзеге асырушы кеден органына қайта өңдеу мерзімінің аяқталуынан кешіктірмей, қайта өңдеу мерзімін ұзартудың орындылығын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, осындай ұзартудың қажеттігі туралы жазбаша өтініш береді.
Декларанттың тауарларды қайта өңдеу мерзімін ұзарту туралы өтінішін кеден органы өтінішті тіркеген күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарауға тиіс. Көрсетілген кезеңге қайта өңдеу мерзімі тоқтатыла тұрады. Кеден органы қайта өңдеудің мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдаған жағдайда, көрсетілген мерзім осындай шешімді қабылдаған күнге қарамастан алдыңғы мерзім аяқталған күннен бастап ұзартылады.
Осы тарауда көзделген шарттар мен шектеулерді декларант сақтамаған жағдайда, тауарларды қайта өңдеу мерзімін ұзартудан бас тартылуы мүмкін.
Тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу мерзімін ұзарту туралы не мұндай ұзартудан бас тарту туралы кеден органының шешімі декларанттың назарына жазбаша түрде жеткізіледі.
Бұл ретте тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу мерзімін ұзарту кезінде кеден органындағы кедендік декларация данасының бірінші парағының келесі жағында мерзімді ұзарту туралы белгі және күні қойылады. Көрсетілген белгі кеден органының лауазымды адамының қолымен, жеке нөмірлік мөрімен расталады.
Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар қайта өңдеу мерзімін ұзартудан бас тартылған жағдайда өзге кедендік рәсімге орналастырылуға жатады, ал қайта өңдеу өнімдері - кеден органы осындай бас тарту туралы шешім қабылдаған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылуға жатады.
373-бап. Тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу шарттары туралы құжат
1. Тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу шарттары туралы Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы беретін құжатты кез келген тұлға ала алады.
2. Тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу шарттары туралы құжатта:
1) құжат берілген тұлға;
2) қайта өңдеу жөніндегі операцияларды тікелей жүзеге асыратын тұлға (тұлғалар);
3) шетелдік тауарлардың және оларды қайта өңдеу өнімдерінің Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес атауы, сыныптамасы, олардың саны мен құны;
4) сыртқы экономикалық мәміленің жасалғанын растайтын құжаттар не сыртқы экономикалық мәміле шеңберінен тыс тауарларды иемдену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқығын растайтын өзге де құжаттар;
5) қайта өңдеу өнімдерінің шығу нормалары;
6) тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операциялар, оларды жасау тәсілдері;
7) тауарларды сәйкестендіру тәсілдері;
8) ұсақ-түйек қалдықтар мен қалдықтардың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес атауы, сыныптамасы, олардың саны мен құны;
9) тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу мерзімі;
10) қалдықтарды одан әрі коммерциялық пайдалану мүмкіндіктері;
11) тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру және осы кедендік рәсімді аяқтау болжанатын кеден органы (кеден органдары) туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
3. Тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің шарттары туралы құжатты беру, оған өзгерістер немесе толықтыруларды енгізу, сондай-ақ оны қайтарып алу (жою) нысаны мен тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
4. Шетелдік тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсіміне сәйкес шығаруды Кеден одағына мүше мемлекеттің кеден органы, ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің шарттары туралы құжат берілген уәкілетті орган жүзеге асырады.
374-бап. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу өнімдерінің шығу нормалары
1. Қайта өңдеу өнімдерінің шығу нормасы деп шетелдік тауарлардың белгілі бір санын қайта өңдеу нәтижесінде пайда болған қайта өңдеу өнімдерінің саны немесе пайыздық құрамы түсініледі.
2. Егер ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу жөніндегі операциялар сипаттамалары негізінен тұрақты болып қалатын, әдетте анық белгіленген техникалық талаптарға сәйкес жүзеге асырылатын және қайта өңдеудің өзгермеген сападағы өнімдерін алуға әкелетін тауарларға қатысты жасалса, Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдары қайта өңдеу өнімдерінің стандартты шығу нормаларын белгілеуі мүмкін.
375-бап. Тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу нәтижесінде пайда болған қалдықтар және өндірістік ысыраптар
1. Шетелдік тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу нәтижесінде пайда болған қалдықтар, көрсетілген қалдықтар одан әрі коммерциялық пайдалану үшін жарамсыз күйге қайта өңделген жағдайды қоспағанда, өзге кедендік рәсімге орналастырылуға жатады. Бұл ретте шетелдік тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу операцияарын жасау нәтижесінде пайда болған тауарлар, қайта өңдеу өнімдерін қоспағанда, қалдықтар деп түсініледі.
2. Кеден мақсаты үшін көрсетілген қалдықтар Кеден одағының кедендік аумағына осы күйінде әкелінген тауарлар ретінде қарастырылады.
Қалдықтардың кедендік құнын айқындау ерекшеліктері Кеден одағы комиссиясының шешімімен белгіленеді.
3. Қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау нәтижесінде жиналып қалатын және (немесе) біржола жоғалатын өндірістік ысыраптар өзге кедендік рәсімге орналастырылуға жатпайды. Бұл ретте қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау нәтижесінде пайда болатын және (немесе) біржола жоғалатын тауарлар өндірістік ысыраптар деп түсініледі.
376-бап. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың қалдықтары
Шығу нормаларына сәйкес ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау нәтижесінде пайда болған тауарлардың қалдықтары қайта өңдеу мерзімі өткенге дейін өзге кедендік рәсімге орналастырылуға жатады. Бұл ретте тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау кезінде пайдаланылған тауарлар тауарлардың қалдықтары деп түсініледі.
377-бап. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімі қолданылуының аяқталуы
1. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімінің қолданылуы тауарларды қайта өңдеу мерзімі өткенге дейін қайта өңдеу өнімдерінің осы Кодексте көзделген тәртіппен және жағдайларда ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастыру арқылы аяқталады.
Бұл ретте қайта өңдеу өнімдеріне қатысты тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмайды.
2. Тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастырушы тұлға бақылауды жүзеге асырушы кеден органына қайта өңдеу мерзімі аяқталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімін қолдану туралы есеп беруге міндетті.
Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімін қолдану туралы есептің нысанын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
378-бап. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің туындауы мен тоқтатылуы және оларды төлеу мерзімі
1. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндет декларантта кеден органы декларацияны тіркеген кезден бастап туындайды.
2. Декларанттың ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларға қатысты салықтарды төлеу жөніндегі міндеті осы Кодекстің 129-бабының 2-тармағында көрсетілген жағдайларда тоқтатылады.
3. Декларанттың ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын төлеу жөніндегі міндеті:
1) ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу уақытында кедендік әкелу баждарын төлеу мерзімі туындаған жағдайды қоспағанда, осы Кодекстің 372-бабының 1-тармағына сәйкес белгіленген тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу мерзімі өткенге дейін ішкі рәсім аяқталған кезде;
2) осы Кодекстің 129-бабының 2-тармағында көрсетілген жағдайларда тоқтатылады.
4. Шетелдік тауарларға қатысты салықтар ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсіміне сәйкес тауарлар шығарылғанға дейін төлеуге жатады.
5. Мыналар:
1) шетелдік тауарлар кедендік аумақта тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы құжат берілген тұлға және (немесе) кеден органдарының рұқсатынсыз қайта өңдеу жөніндегі операцияларды тікелей жүзеге асыратын тұлға болып табылмайтын тұлғаға берілген кезде - тауарлардың берілген күні, ал егер бұл күн анықталмаса, - кеден органының тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастыруға берілген кедендік декларацияны тіркеген күні;
2) аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан жойылуды (біржола жоғалуды) не тасудың (тасымалдаудың) және сақтаудың қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи кемуді қоспағанда, тауарларды қайта өңдеу мерзімі өткенге дейін шетелдік тауарлар жоғалған кезде - тауарлар жоғалған күн, ал егер бұл күн анықталмаса, - ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастыруға берілген кеден органының кедендік декларацияны тіркеген күні;
3) Осы Кодекстің 372-бабының 1-тармағында белгіленген тауарларды қайта өңдеу мерзімі өткенге дейін ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімі аяқталмаған кезде - тауарларды қайта өңдеу мерзімі өткен күн кедендік әкелу баждарын төлеу мерзімі болып есептеледі.
6. Кедендік әкелу баждары осы баптың 5-тармағында көрсетілген жағдайларда, шетелдік тауарларды ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастыру кезінде төленуге жататын, тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кеден органының кедендік декларацияны тіркеу күніне есептелген кедендік әкелу баждарының сомасына сәйкес келетін мөлшерде төленуге жатады.
379-бап. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталған кезде қайта өңдеу өнімдерін ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру ерекшеліктері
1. Кеден одағына мүше мемлекеттер экономикасының салаларын дамыту және Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумақтарында инвестициялық тауарларды импорттық ауыстыруды ынталандыру мақсатында Кеден одағының комиссиясы, егер кедендік әкелу баждарын қолдану мақсаты үшін қайта өңдеу өнімдеріне қатысты мұндай тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны кеден органы тіркеген күні айқындалған кедендік құнның және (немесе) олардың табиғи көрінісіндегі физикалық сипаттамасының (саны, массасы, көлемі немесе өзге де сипаттамасы) қолданылуы мүмкін болса, тауарлардың және (немесе) оларды қайта өңдеу өнімдерінің жекелеген түрлерін айқындауға құқылы.
2. Қайта өңдеу өнімдеріне қатысты кедендік әкелу баждарының ставкалары ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың шығу елі бойынша қолданылады. Қайта өңдеу процесінде әртүрлі елдерде шығарылған шетелдік тауарлар пайдаланылатын жағдайларда, кедендік әкелу баждарының ставкаларын қолдану мынадай ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады:
1) егер қайта өңдеу нәтижесінде Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша кез келген бірінші төрт таңба деңгейінде өзгеріс болса, қайта өңдеу өнімдеріне сауда-саяси қатынастарында неғұрлым қолайлылық танытатын ұлт режимі берілетін елдерден әкелінетін тауарларға қолданылған кедендік баждардың ставкалары қолданылады.
2) өзге жағдайларда, кедендік құны неғұрлым жоғары осы шетелдік тауарлардың шығарылған елі бойынша кедендік баждардың ставкалары қолданылады.
380-бап. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталған кезде қайта өңдеу жөніндегі операцияларға ұшырамаған шетелдік тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру ерекшеліктері
1. Қайта өңдеу жөніндегі операцияларға ұшырамаған шетелдік тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру кезінде тауарларды қайта өңдеу мерзімі өткенге дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленетін кедендік әкелу баждарының ставкалары және валютаның нарықтық бағамы кеден органының шетелдік тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны тіркеген күніне айқындалады.
2. Қайта өңдеу жөніндегі операцияларға ұшырамаған шетелдік тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру кезінде төленген кедендік әкелу баждары сомаларынан пайыздар осы Кодекстің 134-бабының 2‑тармағына сәйкес есептелмейді.
43-тарау. Уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімі
381-бап. Уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімінің мазмұны
Уақытша әкелу (жіберу) шетелдік тауарлар кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеуден шартты түрде толық немесе ішінара босатыла отырып және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмай, кейіннен кері экспорттың кедендік рәсімімен орналастырыла отырып, Кеден одағының кедендік аумағында белгіленген мерзім ішінде пайдаланылатын кездегі кедендік рәсім болып табылады.
382-бап. Тауарларды уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
1. Тауарларды уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімімен орналастыруға осы кедендік рәсімге орналастырылған тауарларды уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімін аяқтау мақсатында кейіннен оларды кедендік декларациялау кезінде сәйкестендіру мүмкіндігі болған жағдайда жол беріледі.
Тауарларды сәйкестендіру Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына сәйкес әкелінген тауарларды ауыстыруға жол берілген жағдайларда талап етілмейді.
2. Уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімімен:
1) алкогольді, темекі және темекі өнімдерін, шикізат пен жартылай фабрикаттарды, жұмсалатын материалдар мен үлгілерді қоса алғанда, оларды жекелеген данада жарнама және (немесе) демонстрациялау мақсатында немесе көрме экспонаттары не өнеркәсіптік үлгілер ретінде әкелген жағдайларды қоспағанда,тамақ өнімдерін, сусындарды;
2) қалдықтарды, оның ішінде өнеркәсіптік қалдықтарды;
3) Кеден одағының кедендік аумағына әкелуге тыйым салынған тауарларды орналастыруға жол берілмейді.
3. Уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімімен осы Кодексте көзделген талаптар мен шарттар сақталған кезде, бұрын өзге кедендік рәсімдермен орналастырылған шетелдік тауарлар орналастырылуы мүмкін.
383-бап. Уақытша әкелінген тауарларды пайдалану және оларға билік ету жөніндегі шектеулер
1. Уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар (бұдан әрі - уақытша әкелінген тауарлар) табиғи тозу немесе тасудың (тасымалдаудың) және (немесе) пайдаланудың (қолданудың) қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи кему салдарынан болған өзгерістерден басқа, өзгеріссіз күйінде қалуға тиіс.
Уақытша әкелінген тауарлардың кері экспорты кезінде кеден органының тауарларды сәйкестендіруін қамтамасыз ету шартымен жөндеу операцияларын (күрделі жөндеуді және жаңғыртуды қоспағанда), техникалық қызмет көрсетуді және тауарларды қалыпты күйінде ұстау үшін қажетті басқа да операцияларды қоса алғанда, олардың сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті операциялар жасауға жол беріледі.
Уақытша әкелінген тауарлармен сынақтар, зерттеулер, тестілер, тексерулер, тәжірибелер немесе эксперименттер жүргізуге не оларды сынақтар, зерттеулер, тестілер, тексерулер, тәжірибелер мен эксперименттер жүргізу барысында пайдалануға жол беріледі.
2. Уақытша әкелінген тауарлар іс жүзінде декларанттың иелігінде және пайдалануында болуға тиіс.
3. Декларанттың уақытша әкелінген тауарларды өзге тұлғаның иелігіне және пайдалануына:
1) оларға техникалық қызмет көрсету, жөндеу (күрделі жөндеуді және (немесе) жаңғыртуды қоспағанда), сақтау, тасымалдау мақсатында, өткізуге және айналымға ұсынылатын, тауарларды буып-түю мен қорғауға арналған айналымға көп түсетін (қайтарылатын) ыдыстарды, егер сыртқы сауда келісімшартына сәйкес бұл ыдыс уақытша әкелінетін тауарларға қатысты сынақтар, тексерулер, эксперименттер және олардың қасиеттері мен сипаттамаларын көрсету мақсатында қайтарылуға жататын болса, егер сыртқы сауда келісімшартына сәйкес бұл тауарлар қайтарылуға жататын болса, сондай-ақ Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында және (немесе) халықаралық шарттарында айқындалған жағдайларда өзге де мақсатта - кеден органының рұқсатынсыз;
2) өзге де жағдайларда кеден органының рұқсатымен беруіне жол беріледі.
Уақытша әкелінген тауарларды өзге тұлғалардың иемденуге және пайдалануға беру уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімі декларантын осы тарауда белгіленген талаптар мен шарттарды сақтаудан босатпайды.
Декларант уақытша әкелінген тауарларды иемденуге және пайдалануына берген адамдарға кедендік төлемдер төлеуге жататын соманың толық мөлшерінде кедендік төлемдер төлеу бойынша декларантпен бірге ортақ міндетті болады.
Кеден органы осы Кодекстің 187-бабының 2-тармағына сәйкес уақытша әкелінген тауарлардың құжаттары мен іс жүзінде тұрған жері туралы мәліметтерді және мұндай тауарларды осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес өзге тұлғаға берген жағдайда, жазбаша және (немесе) электрондық нұсқада мұндай тұлға туралы мәліметтерді сұратуға, сондай-ақ сұратылатын құжаттар мен мәліметтерді табыс ету үшін жеткілікті болатын, оларды табыс ету мерзімдерін белгілеуге құқылы.
4. Уақытша әкелінген тауарларды өзге тұлғалардың иемденуіне және пайдалануына беруге кеден органының рұқсатын алу мақсатында осы тауарлардың декларанты оларды кедендік рәсіммен орналастыруды жүргізген кеден органына онда уақытша әкелінген тауарларды басқа тұлғаға беру себептерін және осы тұлға туралы мәліметтерді көрсете отырып, жазбаша өтініш береді.
Уақытша әкелінген тауарларды өзге тұлғалардың иемденуіне және пайдалануына беру уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімінің декларантын осы тарауда белгіленген талаптар мен шарттарды сақтаудан босатпайды, сондай‑ақ уақытша әкелуді тоқтата тұрмайды және оның мерзімін ұзартпайды.
5. Көлік құралдары болып табылатын уақытша әкелінген тауарларды осы Кодекстің 55-тарауында белгіленген тәртіппен халықаралық тасымалдаудың көлік құралдары ретінде Кеден одағының кедендік аумағы шегінен тысқары жерлерде пайдалануға жол беріледі.
384-бап. Тауарларды уақытша әкелу мерзімдері
1. Тауарларды уақытша әкелу мерзімін кеден органы мұндай әкелудің мақсаты мен мән-жайларын негізге ала отырып, декларанттың өтініші негізінде белгілейді және осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларды уақытша әкелу кедендік рәсімімен орналастырған күннен бастап екі жылдан аспауға тиіс.