2) осы Кодекстің 129-бабының 2-тармағында белгіленген жағдайларда тоқтатылады.
3. Тауарлар кеден органы белгілеген жеткізу орнына жеткізілмеген жағдайда кедендік әкету баждарын төлеу мерзімі кеден органының транзиттік декларацияны тіркеген күні болып есептеледі.
4. Кедендік әкету баждары тауарларды экспорттың кедендік рәсімімен орналастырған кезде төленуге жататын, кеден органы транзиттік декларацияны тіркеген күнге есептелген кедендік әкету баждарының сомаларына сәйкес келетін мөлшерде төленуге жатады.
5. Осы баптың 3 және 4-тармақтарына сәйкес төленген немесе өндіріп алынған кедендік әкету баждарын төлеу бойынша міндеттер осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес тоқтатылған кезде кедендік әкету баждары осы Кодекске сәйкес белгіленген тәртіппен қайтарылуға (есепке жатқызылуға) жатады.
39-тарау. Кеден қоймасы кедендік рәсімі
333-бап. Кеден қоймасы кедендік рәсімінің мазмұны
Белгіленген мерзім ішінде кедендік баждар, салықтар төленбей және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмай шетелдік тауарлар кеден қоймасында кедендік бақылаумен сақталатын кездегі кедендік рәсім кеден қоймасы болып табылады.
334-бап. Тауарларды кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
1. Кеден қоймасының кедендік рәсімімен:
жарамдылық және (немесе) өткізілу мерзімі оларды кеден қоймасының кедендік рәсіміне сәйкес кедендік декларациялау күніне күнтізбелік бір жүз сексен күннен аз мерзімді құрайтын тауарларды;
тізбесі Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалатын тауарларды қоспағанда, кез келген шетелдік тауарлар орналастырылуы мүмкін.
2. Кеден қоймасының кедендік рәсімімен бұрын өзге кедендік рәсімдермен орналастырылған тауарлар орналастырылуы мүмкін.
3. Кеден қоймасының кедендік рәсімімен осы Кодексте көзделген жағдайларда уақытша әкелудің немесе кедендік аумақта қайта өңдеудің кедендік рәсімдерінің қолданылуын тоқтата тұру мақсатында шетелдік тауарлар орналастырылуы мүмкін.
4. Көлемінің үлкендігіне орай, кеден қоймасына орналастыру мүмкін болмайтын, бұған кеден органының жазбаша нысандағы рұқсаты болған кезде, тауарларды кеден қоймасына іс жүзінде орналастырмай, кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастыруға жол беріледі.
Тауарларды кеден қоймасына іс жүзінде орналастырмай осы кедендік рәсіммен қойған кезде осы Кодекстің 16-тарауына сәйкес кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету ұсынылады.
335-бап. Тауарларды кеден қоймасында сақтау мерзімі
1. Тауарларды кеден қоймасында сақтау мерзімі тауарларды кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастырған күннен бастап үш жылдан аспайды.
2. Жарамдылық және (немесе) сату мерзімі шектеулі тауарлар көрсетілген мерзім аяқталғанға дейін күнтізбелік бір жүз сексен күннен кешіктірілмей өзге кедендік рәсіммен орналастырылуға тиіс.
3. Кеден қоймасында сақталу мерзімі өткен тауарларды кеден органдары осы Кодекстің 26-тарауына сәйкес ұстайды.
4. Тауарларды кеден қоймасының кедендік рәсімімен бірнеше мәрте орналастырған кезде, оның ішінде осы рәсімнің декларанттары әр түрлі тұлғалар болғанда тауарларды кеден қоймасында жалпы сақтау мерзімін осы баптың 1-тармағында көзделген мерзімнен асыруға болмайды.
336-бап. Кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлармен жасалатын операциялар
1. Тауарларға қатысты өкілеттіктері бар тұлғалар немесе олардың өкілдері бұл операциялар тауарлардың жай-күйінің өзгеруіне, олардың орамаларының және (немесе) сәйкестендіру құралдарының бұзылуына әкеп соқпайтын жағдайда, кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлармен олардың сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті кәдуілгі операцияларды жасауға, оның ішінде тауарларды қарауға және өлшеуге, оларды кеден қоймасы шегінде ауыстыруға құқылы.
2. Кеден органының рұқсатымен кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлармен қарапайым жинақтау операциялары, сондай-ақ:
сынамалар мен үлгілерді іріктеп алу;
партияны бөлшектеуді, жөнелтімдерді қалыптастыруды, сұрыптауды, орауды, қайта орауды, таңбалауды, тауар түрін жақсарту жөніндегі операцияларды қоса алғанда, тауарларды сатуға және тасымалдауға дайындау жөніндегі операциялар жасалуы мүмкін.
3. Кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлармен жасалатын барлық операциялар Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша сыныптау кодының өзгеруіне байланысты осы тауарлардың сипаттамасын өзгертпеуге тиіс.
4. Кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың барлығына немесе бір бөлігіне қатысты осы тауарларды иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқықтарын беруді көздейтін мәмілелер жасалуы мүмкін.
337-бап. Кеден қоймалары және олардың түрлері
1. Кеден қоймасы кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды сақтауға арналған арнайы белгіленген және жайластырылған құрылыс, үй-жай және (немесе) ашық алаң кеден қоймасы болып танылады.
2. Кеден қоймалары ашық немесе жабық үлгіде болуы мүмкін.
Егер олар кез келген тауарларды сақтау және тауарларға қатысты өкілеттіктерді иеленген кез келген тұлғалардың пайдалануы үшін қолжетімді болса, кеден қоймалары ашық үлгідегі қоймалар болып табылады.
Егер олар кеден қоймасы иесінің тауарларын сақтауға арналған болса, кеден қоймалары жабық үлгідегі қоймалар болып табылады.
3. Кеден қоймаларын орналастыру, жайластыру және жабдықтау жөніндегі талаптар, сондай-ақ олардың құрылу және жұмыс істеу тәртібі осы Кодекстің 46 - 51-баптарында белгіленген.
4. Кеден органдары кеден қоймалары иелерінің тізілімін жүргізеді және оларды мерзімді жариялауды, оның ішінде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып қамтамасыз етеді.
338-бап. Тауарларды кеден қоймасында сақтау
1. Басқа тауарларға зиян келтіруі мүмкін немесе сақтаудың айрықша жағдайларын талап ететін тауарлар, мұндай тауарларды сақтау талаптарына сәйкес жабдықталған кеден қоймаларында орналастырылуға тиіс.
2. Кеден қоймасында экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған Кеден одағының тауарларын алты ай бойы сақтауға жол беріледі.
3. Кеден қоймасының жұмыс істеуі тоқтатылған жағдайда, кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар осы қойманың жұмыс істеуін тоқтату туралы шешім қабылданған күннен кейінгі күннен бастап күнтізбелік алпыс күн ішінде басқа кеден қоймасына тасымалдануға не осы Кодекске сәйкес өзге кедендік рәсімге орналастырылуға тиіс.
Күнтізбелік алпыс күн ішінде осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген іс-әрекеттер жасалмаған кезде, тауарларды кеден органдары осы Кодекстің 26-тарауына сәйкес ұстайды.
339-бап. Кеден қоймасында сақтаған кезеңде еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан жарамсыз болған, бүлінген немесе бұзылған тауарларды өзге кедендік рәсімге орналастыру
Кеден қоймасында сақталған кезеңде еңсерілмейтін күш әсері салдарынан жарамсыз болған, бүлінген немесе бұзылған тауарлар, егер олар жарамсыз, бүлінген немесе бұзылған күйінде әкелінген болса, декларант таңдап алған кедендік рәсімге орналастырылуға жатады.
340-бап. Кеден қоймасы кедендік рәсімі қолданылуының аяқталуы
1. Кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылуы тауарлардың кеден қоймасында сақталу мерзімі өткенге дейін тауарларды өзге кедендік рәсімге орналастырумен аяқталады.
Кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар өзге кедендік рәсімге толық немесе бөлшектеліп орналастырылуы мүмкін.
2. Тауарларды өзге кедендік рәсімге орналастырғаннан кейін бұл тауарлар оларды өзге кедендік рәсімге орналастырған күннен кейінгі күннен бастап үш жұмыс күні ішінде кеден қоймасынан әкетілуге жатады.
341-бап. Кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің туындауы мен тоқтатылуы және оларды төлеу мерзімі
1. Кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылатын шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндет:
1) декларантта - кеден органы кедендік декларацияны тіркеген кезден бастап;
2) кеден қоймасының иесінде - тауарларды кеден қоймасына орналастырған кезден бастап туындайды.
2. Кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндет:
1) декларантта - тауарларды кеден қоймасына орналастыру кезінде не, егер тауарларды сақтау кеден қоймасында жүзеге асырылмаса, тауарларды өзге кедендік рәсімге орналастыру кезінде;
2) кеден қоймасының иесінде - оларды өзге кедендік рәсімге орналастыруға байланысты тауарларды кеден қоймасынан беру кезінде;
3) осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген тұлғаларда - тауарлар осы Кодекстің 26-тарауына сәйкес ұсталғанда, сондай-ақ осы Кодекстің 129-бабының 2-тармағында белгіленген жағдайларда тоқтатылады.
3. Кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу мерзімі:
1) декларантта:
авария немесе еңсерілмейтін күш әсері салдарынан жойылуды (біржола жоғалуды) не тасымалдаудың (тасымалдың) және сақтаудың қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи кемуді қоспағанда, тауарларды кеден қоймасына орналастырғанға дейін жоғалтқан жағдайда, - осындай жоғалту күні, ал егер бұл күн анықталмаса, - кеден органының тауарларды кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастыру үшін ұсынылған кедендік декларацияны тіркеген күні;
авария немесе еңсерілмейтін күш әсері салдарынан жойылуды (біржола жоғалуды) не тасымалдаудың (тасымалдың) және сақтаудың қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи кемуді қоспағанда, егер тауарларды сақтау кеден қоймасында жүзеге асырылмаса, тауарларды өзге кедендік рәсіммен орналастырғанға дейін жоғалтқан немесе өзге тұлғаға берген жағдайда, - осындай жоғалту күні, ал егер бұл күн анықталмаса, - кеден органының тауарларды кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны тіркеген күні;
2) кеден қоймасының иесінде:
авария немесе еңсерілмейтін күш әсері салдарынан жойылуды (біржола жоғалуды) не сақтаудың қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи кемуді қоспағанда, тауарларды жоғалтқан жағдайда, - тауарлардың жоғалған күні, ал егер бұл күн анықталмаса, - тауарлардың кеден қоймасына орналастырылған күні;
мұндай тауарларға қатысты кедендік рәсіммен орналастырылуын растайтын құжаттарды табыс етпей тауарларды кеден қоймасынан берген жағдайда, - беру күні, ал егер бұл күн анықталмаса, - тауарлар кеден қоймасына орналастырылған күн болып есептеледі.
4. Кедендік әкелу баждары, салықтар тарифтік артықшылықтарды және кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі жеңілдіктерді ескермей, тауарларды ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастыру кезінде төленуге жататын, кеден органының тауарларды кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны тіркеу күніне есептелген кедендік әкелу баждарының, салықтардың сомасына сәйкес келетін мөлшерде төленуге жатады.
342-бап. Тауарлар кеден қоймасында сақталғаннан кейін олар ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған кезде кедендік баждарды, салықтарды есептеу ерекшеліктері
Тауарлар кеден қоймасында сақталғаннан кейін олар ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған кезде осы Кодекске сәйкес кедендік баждарды, салықтарды есептеу мақсатында тауарлардың кедендік құны және (немесе) олардың табиғи көрінісіндегі (саны, массасы, көлемі немесе өзге де сипаттамасы) физикалық сипаттамасы кеден органының тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны тіркеген күніне олар осы күні Кеден одағының кедендік аумағына әкелінгеніндей болып айқындалады.
40-тарау. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімі
343-бап. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің мазмұны
1. Кедендік аумақта қайта өңдеу - шетелдік тауарлар кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеуден толық шартты түрде босатыла отырып және кейіннен қайта өңдеу өнімдерінің Кеден одағының аумағынан тысқары әкетілуімен тарифтік емес реттеу шараларын қолданбай, белгіленген мерзімдерде Кеден одағының кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау үшін пайдаланылатын кедендік рәсім.
2. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар шетелдік тауарлар мәртебесін сақтайды, ал тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операция нәтижесінде алынған тауарлар шетелдік тауарлар мәртебесіне ие болады.
3. Шетелдік тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау кезінде Кеден одағының тауарларын пайдалануға жол беріледі.
344-бап. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырудың шарттары
1. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыруға:
1) Кеден одағына мүше мемлекеттің уәкілетті органы берген және осы Кодекстің 348-бабында айқындалған мәліметтері бар тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеудің шарттары туралы құжат табыс етілген жағдайда жол беріледі.
Егер тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру мақсаты оларды жөндеу болып табылса, декларант осы тармақшаның бірінші бөлігінде көрсетілген құжат ретінде кедендік декларацияны пайдалануға құқылы;
2) осы Кодекстің 352-бабына сәйкес балама тауарлармен ауыстыру жағдайын қоспағанда, кеден органдарының шетелдік тауарларды олардың қайта өңдеу өнімдеріне сәйкестендіру мүмкіндігі болған жағдайда жол беріледі.
2. Кеден одағының комиссиясы кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыруға тыйым салынған тауарлардың тізбесін анықтауға құқылы.
345-бап. Кедендік аумақта қайта өңдеу жөніндегі операциялар
1. Кедендік аумақта қайта өңдеудің кедендік рәсімінде тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операциялар:
1) қайта өңдеген немесе өңдеген кезде шетелдік тауарлар өздерінің дара сипаттамаларын жоғалтатын қайта өңдеуді немесе өңдеуді;
2) монтаждауды, жинауды, бөлшектеуді және шақтауды қоса алғанда, тауарларды дайындауды;
3) қалпына келтіруді, құрамдас бөлшектерді ауыстыруды қоса алғанда, тауарларды жөндеуді;
4) егер тауарлар қайта өңдеу процесінде толық немесе ішінара тұтынылатын болса, қайта өңдеу өнімдерінің өндірісіне жәрдемдесетін немесе оны жеңілдететін тауарлардың шикізаты ретінде пайдалануды қамтиды. Бұл операция осы тармақтың 1) - 3) тармақшаларында көрсетілген операциялардың бірімен бір мезгілде жасалуы тиіс.
2. Тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операцияларға:
1) тауарларды сатуға және тасымалдауға дайындау кезінде олардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі операциялар;
2) төл алу, жануарларды, құстарды, балықтарды өсіру және бордақылау, сондай-ақ шаян тәріздестер мен моллюскілер өсіру;
3) ағаштар мен өсімдіктерді өсіру;
4) ақпаратты, дыбыс және бейне жазбаларды ақпарат жеткізгіштердің кез келген түрлеріне көшіру және көбейту;
5) технологиялық процесте шетелдік тауарларды көмекші құралдар (жабдықтар, станоктар, керек-жарақтар және басқасы) ретінде пайдалану жатпайды.
346-бап. Шетелдік тауарларды қайта өңдеу өнімдерінде сәйкестендіру
Шетелдік тауарларды қайта өңдеу өнімдерінде сәйкестендіру мақсатында мынадай тәсілдер пайдаланылуы мүмкін:
1) декларанттың, қайта өңдеуді жүзеге асыратын тұлғаның немесе кеден органдары лауазымды адамдарының бастапқы шетелдік тауарларға мөрлерді, мөртабандарды, цифрлық және басқа да таңбалауды қоюы;
2) шетелдік тауарлар ауқымында егжей-тегжейлі сипаттау, фотосуретке түсіру, бейнелеу;
3) шетелдік тауарлардың және оларды қайта өңдеу өнімдерінің алдын ала іріктеп алынған сынамаларын, үлгілерін салыстыру;
4) тауарлардағы таңбалауды, оның ішінде сериялық нөмірлер түрінде пайдалану;
5) тауарлар сипатын және тауарларды қайта өңдеу жөнінде жасалатын операцияларды негізге ала отырып, оның ішінде тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операцияны жасаудың технологиялық процесінде шетелдік тауарларды пайдалану туралы, сондай-ақ қайта өңдеу өнімдері өндірісінің технологиясы туралы табыс етілген егжей-тегжейлі мәліметтерді зерттеу жолымен немесе тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау уақытында кедендік бақылауды жүзеге асыру жолымен қолданылуы мүмкін өзге де тәсілдер.
347-бап. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу мерзімі
1. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу мерзімін үш жылдан асыруға болмайды.
Тауарларды қайта өңдеу мерзімінің өтуі оларды кедендік аумақта қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастыру күнінен, ал тауарларды жекелеген партиялармен (бірнеше партиямен) кедендік декларациялау кезінде осы кедендік рәсімге тауарлардың бірінші партиясын орналастыру күнінен басталады.
Кеден одағы комиссиясының шешімімен тауарлардың жекелеген санаттары үшін тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеудің неғұрлым ұзақ мерзімі айқындалуы мүмкін.
2. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу мерзімі:
1) тауарларды қайта өңдеудің өндірістік процесінің ұзақтығын;
2) қайта өңдеу өнімдерін іс жүзінде әкету және шетелдік тауарлардың қалдықтарына және ұсақ-түйек қалдықтарына билік етуге байланысты кедендік операцияларды жасау үшін қажетті уақытты қамтиды.
3. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу мерзімі осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзім шегінде ұзартылуы мүмкін.
4. Тауарларды қайта өңдеу мерзімін үш жыл шегінде ұзарту туралы мәселені шешу үшін декларант бақылауды жүзеге асырушы кеден органына қайта өңдеу мерзімінің аяқталуынан кешіктірмей қайта өңдеу мерзімін ұзартудың орындылығын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, осындай ұзартудың қажеттілігі туралы жазбаша өтініш береді.
Декларанттың тауарларды қайта өңдеу мерзімін ұзарту туралы өтінішін кеден органы өтінішті тіркеген күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарауы тиіс. Көрсетілген кезеңге қайта өңдеу мерзімі тоқтатыла тұрады. Кеден органы қайта өңдеудің мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдаған жағдайда, көрсетілген мерзім осындай шешімді қабылдаған күнге қарамастан алдыңғы мерзім аяқталған күннен бастап ұзартылады.
Осы тарауда көзделген шарттар мен шектеулерді декларант сақтамаған жағдайда, тауарларды қайта өңдеу мерзімін ұзартудан бас тартылуы мүмкін.
Кеден одағының кедендік аумағында тауарларды қайта өңдеудің мерзімін ұзарту туралы не осындай ұзартудан бас тарту туралы кеден органының шешімі декларанттың назарына жазбаша түрде жеткізіледі.
Бұл ретте Кеден одағының кедендік аумағында тауарларды қайта өңдеудің мерзімін ұзарту кезінде кеден органындағы кедендік декларация данасының бірінші парағының келесі жағында мерзімді ұзарту туралы белгі және күні қойылады. Көрсетілген белгіні кеден органының лауазымды адамы қолымен, жеке нөмірлік мөрімен растайды.
Қайта өңдеудің мерзімін ұзартудан бас тартылған жағдайда, кедендік аумақта қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар кеден органы осындай бас тарту туралы шешім қабылдаған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде өзге кедендік рәсіммен орналастырылуға жатады.
348-бап. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу шарттары туралы құжат
1. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу шарттары туралы Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы беретін құжатты кез келген тұлға ала алады.
2. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу шарттары туралы құжатта:
1) құжат берілген тұлға;
2) қайта өңдеу жөніндегі операцияларды тікелей жасайтын тұлға (тұлғалар);
3) шетелдік тауарлардың және оларды қайта өңдеу өнімдерінің Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес атауы, сыныптамасы, олардың саны мен құны;
4) сыртқы экономикалық мәміленің жасалғанын растайтын құжаттар не сыртқы экономикалық мәміле шеңберінен тыс тауарларды иемдену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқығын растайтын өзге де құжаттар;
5) қайта өңдеу өнімдерінің шығу нормалары;
6) тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операциялар, оларды жасау тәсілдері;
7) тауарларды сәйкестендіру тәсілдері;
8) ұсақ-түйек қалдықтар мен қалдықтардың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес атауы, сыныптамасы, олардың саны мен құны;
9) тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу мерзімі;
10) егер балама тауарлармен ауыстыруға жол берілсе, осындай ауыстыру;
11) қалдықтарды одан әрі коммерциялық пайдалану мүмкіндіктері;
12) тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру және осы кедендік рәсімді аяқтау болжанатын кеден органы (кеден органдары) туралы мәліметтер болуға тиіс.
3. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеудің шарттары туралы құжат, осы баптың 2-тармағында көзделген мәліметтерден басқа, егер бұл Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленсе, өзге де мәліметтерді қамтуы мүмкін.
Әкету кезінде тарифтік емес реттеу шаралары қолданылатын және (немесе) кедендік баждар алынатын Кеден одағының тауарларын пайдаланылған жағдайда, Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органының кедендік аумағында тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы құжатта Кеден одағының Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес тауарлардың атауы, сыныптамасы, қайта өңдеу өнімдерінің шығу нормасы, тауарлардың саны мен құны көрсетілуге тиіс.
4. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеудің шарттары туралы құжатты беру, оған өзгерістер немесе толықтырулар енгізу, сондай-ақ оны кері қайтарып алу (жою) нысаны мен тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
5. Шетелдік тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсіміне сәйкес шығаруды уәкілетті органы тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеудің шарттары туралы құжат берген Кеден одағына мүше мемлекеттің кеден органы жүзеге асырады.
349-бап. Кедендік аумақта қайта өңдеу өнімдерінің шығу нормалары
1. Қайта өңдеу өнімдерінің шығу нормасы деп шетелдік тауарлардың белгілі бір санын қайта өңдеу нәтижесінде пайда болған қайта өңдеу өнімдерінің саны немесе пайыздық құрамы түсініледі.
2. Егер кедендік аумақта қайта өңдеу жөніндегі операциялар сипаттамалары негізінен тұрақты болып қалатын, әдетте анық белгіленген техникалық талаптарға сәйкес жүзеге асырылатын және қайта өңдеудің өзгермеген сападағы өнімдерін алуға әкелетін тауарларға қатысты жасалса, Қазақстан Республикасының құзыретті органдары қайта өңдеу өнімдерінің стандартты шығу нормаларын белгілеуі мүмкін.
350-бап. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу нәтижесінде пайда болған қалдықтар және өндірістік ысыраптар
1. Шетелдік тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу нәтижесінде пайда болған қалдықтар, оларды одан әрі коммерциялық пайдалану үшін жарамсыз күйге қайта өңделген жағдайды қоспағанда, өзге кедендік рәсімге орналастырылуға жатады. Бұл ретте қалдықтар деп қайта өңдеу өнімдерінен басқа, шетелдік тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау нәтижесінде пайда болған тауарлар түсіндіріледі.
2. Кеден мақсаты үшін көрсетілген қалдықтар Кеден одағының кедендік аумағына осы күйінде әкелінген тауарлар ретінде қарастырылады.
Қалдықтардың кедендік құнын анықтау ерекшеліктері Кеден одағы комиссиясының шешімімен белгіленеді.
3. Қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау нәтижесінде жиналып қалатын және (немесе) біржола жоғалатын өндірістік ысыраптар өзге кедендік рәсімге орналастырылуға жатпайды. Бұл ретте өндірістік ысыраптар деп қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау нәтижесінде жиналып қалатын және (немесе) біржола жоғалатын тауарлар түсіндіріледі.
351-бап. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың қалдықтары
Шығу нормаларына сәйкес қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау нәтижесінде пайда болған тауарлардың қалдықтары өзге кедендік рәсімге орналастырылуға жатады. Бұл ретте тауарлардың қалдықтары деп қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау кезінде пайдаланылмаған тауарлар түсіндіріледі.
352-бап. Балама тауарлармен ауыстыру
1. Кеден органының рұқсатымен кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарларды балама тауарлармен ауыстыруға жол беріледі.
2. Өзінің сипаты, сапасы және техникалық сипаттамалары бойынша шетелдік тауарларға сайма-сай келетін Кеден одағының тауарлары балама тауарлар деп түсіндіріледі.
Экспорт кедендік рәсіміне сәйкес бұрын әкетілген тауарлардың құрамына енетін бөліктердің, тораптардың, агрегаттардың ақаулы түрлері кепілдік беріліп жөндеу үшін әкелінген жағдайда, өзінің сипаттары, сапасы және техникалық сипаттамалары бойынша әкелінген тауарларға сайма-сай келетін Кеден одағының тауарлары, олардың ақаулы болу және (немесе) тозу жай-күйі ескерілмей балама тауарлар ретінде қарастырылады.
3. Балама тауарларды қайта өңдеу нәтижесінде алынған тауарлар осы тараудың ережелеріне сәйкес шетелдік тауарларды қайта өңдеу өнімдері ретінде қарастырылады.
4. Балама тауарлар шетелдік тауарлардың мәртебесін алады, ал оларға ауыстырған тауарлар Кеден одағы тауарларының мәртебесін алады.
5. Егер шетелдік тауарларды балама тауарлармен ауыстыруға рұқсат етілсе, балама тауарлардан алынған қайта өңдеу өнімдерін әкетуге шетелдік тауарлар Кеден одағының кедендік аумағына әкелінгенге дейін жол беріледі.
6. Егер кеден органы шетелдік тауарларды балама тауарларға ауыстыруға рұқсат берген жағдайда, Кеден одағының тауарлары Кеден одағының кедендік аумағына шетелдік тауарлар әкелінгенге дейін кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылады. Балама тауарлардан алынған қайта өңдеу өнімдері шетелдік тауарларды қайта өңдеу өнімдері ретінде қарастырылады.